Рэй Брэдбери. Жел
Осынау әңгімелердің қаншалықты өмірден алынғанына қайран қаламын. Мен есейгенше, осынау желдің ысқырығын күнде еститінмін. Кейде құйын жел Уокиган үстінен зымырап өте шығатын. Олар ескі кернейдің үніндей шерлі естілетін. Бір күні «Жарайды, бәрі түсінікті болды... енді желдің мені басынғанына жол бермеймін. Мен жел туралы әңгіме жазамын» дедім өзіме.
Рэй Брэдбери.
Алғаш рет 1943 жылғы наурызда Weird Tales журналында жарияланды.

(әңгіме)
Сол кеште телефон сағат алты жарымда шырылдады. Желтоқсан айы еді, Герб Томпсон телефон тұтқасын көтергенде қараңғы болатын.
- Тыңдап тұрмын.
- Алло. Герб пе екен?
- Аллин, сенбісің.
- Герб, сенің әйелің үйде ме?
- Әрине, үйде, не болды?
- Ештеңе емес, жай.
Герб Томпсон телефон тұтқасын қозғалмай ұстап тұрды.
- Сенің даусың біртүрлі, не болды?.
- Сен бүгін кеште маған келсең қайтеді.
- Кешке үйге қонақтар келеді.
- Сен келіп, түнеп кетсең. Сенің әйелің қашан кетеді?
- Келесі аптада, Огайода тоғыз күн болады, шешесі сырқаттанып жатыр. Мен сонда саған барамын - деді Томпсон.
- Бүгін келгенің жақсы болар еді.
- Бүгін мүмкін емес....Қонақтар келеді, басқа да шаруалар бар. Саған барсам мені әйелім өлтіреді.
- Өтінемін сенен.
- Не болды? Тағы да жел ме?
- Жоқ.... Жоқ, жоқ....
- Айтшы: Жел ме? - деп Герб Томпсон қайта сұрады, телефон түтқасының аржағындағы адам үндемеді.
- Иә. Иә, жел.
- Аспан ашық. Жел жоқ емес пе !
- Маған осының өзі жетеді. Міне, жел терезеден демін алып, пердені сәл тербетті.... Маған осының өзі жетеді.
- Тыңдашы, онда саған бізге неге келіп қонбасқа? - деп Герб Томпсон жарық залға қарады.
- Жоқ. Кеш. Ол мені жолда ұстап алуы мүмкін. Сосын тым алыс. Мен тәуекел еткім келмейді, шақырғаныңа рахмет. Қалай десең де отыз миль емес пе. Рахмет....
- Ұйықтататын дәрі ішсеңші.
- Герб, мен есік алдында оларға бір сағат қарап тұрдым. Олар батыстан, алыс көкжиекте жиналуда.... Неткен қара түнек..., біреуі менің көз алдымда жарылды. Дүлей дауыл көтеріледі, оған күмәнім жоқ.
- Сен ұйықтататын дәрі ішуді ұмытпашы. Содан соң кез келген уақытта қоңырау соғарсың.
- Кез келген уақытта ма?.
- Әрине.
- Жарайды,қоңырау соғамын, сенің келгенің дұрыс болатын еді. Саған жамандық тілегім келмейді. Сен менің ең жақын досымсың, сені қауіпке тіккім келмейді. Мүмкін, оны өзім қарсы алармын, соным дұрыс шығар. Мазалағаныма кешір.
- Біз дос емеспіз бе! Айтшы, сен бүгін не істейсің?. Саған аздап неге жұмыс істемеске? – деді Герб фойеде керілген бойы. - Сен ойыңды басқаға аударсаң қайтеді, мүмкін үрейің басылар, Гималайды, тау шатқалының ызғар желін, барлық құйын дауылдарды ұмытсаң қайтеді. Дәл қазір саяхат очерктерінің тағы бір тарауын аяқтарсың.
- Мен тырысып көрейін. Мүмкін, тынышталармын, көремін.... Саған үлкен рахмет, мені түсінгеніңе.
- Қойшы, ештеңе етпейді. Тоқта, әйелім мені асқа шақырып жатыр, - деп Герб Томпсон телефон тұтқасын қойды. Ол үстелге барып әйеліне қарама-қарсы отырды.
- Аллин қоңырау шалды ма? – деді әйелі. Герб басын изеді.
- Соғыс кезінде Гималайда Аллинге өте қиын болды, - деді Герб.
- Сен шынымен оның шатқал туралы сандырақтарына сенесің бе?
- Ол шынын айтады.
- Тауға өрмелеп, жер үстінде қаңғып несі бар еді. Неліктен еркектер осы тауға өрмелейді, өздерін қауіпке тігеді?
- Қар жауып тұр, - деді Герб.
- Шыныменде ме ?
- Сол күні де жаңбыр жауған.... Бұршақ жауып, дауыл соққан. Содан тау аңғарында жел көтерілген, жел туралы Аллин маған бірнеше рет айтқан. Ғажап әңгімелейді.... Ол ең биік тау шыңына көтерілген, сонда Аллинді қара бұлттар қоршап тұрған.... Бүкіл тау аңғары гуілдеген....
- Иә, солай де, солай де..., - деді әйелі.
- Жел гуілдеп, бүкіл жер шарының түкпір - түкпірінен жел жиналып, дыбыс шығарды дейді Аллин.
- Несі бар, сол шыңға өрмелеп,- деді әйелі. - Жер кезіп, танауын тықпайтын тесікке тығып несі бар еді, енді оған жел өшігіп, соңыма түсті деп қайдағыны шығарады...
- Күлме, ол менің ең жақын досым, - деді Герб ашуланып.
- Оның айтқандарының бәрі сандырақ!
- Сандырақ па, әлде сандырақ емес пе, білмеймін, ол кейін қанша рет қиын жағдайларға тап болды! Бомбейдегі құйын дауылға душар болды, екі айдан кейін Жаңа Гвинея жағалауындағы тайфунға қарсы тұрды. Корнуоллдағы жағдай ше?..
- Үнемі біресе дауылға, біресе құйынға тап болып жүретін адамға аяушылық таныта алмаймын, енді зәрем қашты дейді.
Дәл осы сәтте телефон шырылдады.
- Көтерме телефонды деймін, - деді әйелі.
- Мүмкін, шұғыл шаруа шығар!
- Бұл тағы да сенің Аллинің шығар.

Телефон тоғыз рет шырылдады, олар телефон тұтқасын көтермеді. Ақыры арғы жақтан телефон қоңырауының шылдыры тоқтады. Олар түскі асты ішіп болғанда, асүйде сәл ашық тұрған терезеден соққан желден перделер сәл тербелді.
Тағы да телефон қоңырауы шырылдады.
- Мен бұлай істей алмаймын, - деп Герб телефон тұтқасын көтерді:
- Тыңдап тұрмын, Аллин! – деді.
- Герб! Ол мында келді! Мені іздеп келді!
- Аллин, сен микрофонға айқайлап тұрсың, сәл әрмен тұршы.
- Мен есік алдында оны күттім. Оның тас жолда құйындатып келе жатқанын, ағаштарды бірінен соң бірін майыстырып, үйдің жанындағы ағаш жапырақтарын жапырып өткенін көрдім, содан кейін ол жоғарыдан төмен қарай есікке қарай маған шапты, мен оның көз алдында есікті тарс жауып үлгердім.
Герб Томпсон үнсіз тыңдап тұрды. Ол не айтарын білмеді, әйелі залдың есігі жанында көзін жұмып тұрды.
- Өте қызық екен... - деді ол ақыры.
- Герб, ол үйді қоршап алды. Мені үйден шығармайды, мен оған ештеңе істей алмаймын. Бірақ мен оны алдап соқтым, есікті тарс жауып үлгердім, есікті құлыптағанда, төмен менің артымнан жүгірді! Менің бір апта бұрын әзірленгенім дұрыс болған екен.
- Жарайды, достым, енді маған бәрін қалай болғанын айтшы, - деді Герб Томпсон, әйелінің тесіліп қарап тұрғанынан мойны терлеген.
- Бұл осыдан алты апта бұрын басталды....
- Содан соң.
- Мен оны қуып жіберген шығармын, ол енді маған қарсы әрекетінен бас тартқан шығар деп ойладым. Олай емес екен, ол мені асықпай күтіп жүрген екен. Алты апта бұрын оның үйдің сыртында күлгенін, сыбырлап тұрғанын естідім. Бір сағат бойы сыбырлады, бір сөзбен айтқанда, өте жай сыбырлады, кейін ұшып кетті.
Томпсон түтікке қуанып басын изеді.
- Міне, енді жақсы болды.
Әйелі күйеуінен көзін алмады.
- Ал келесі күні кеште қайта ұшып келді.... Терезені тарс жауып, мұржадан ұшқын шығардым. Бес күн қатарынан кеште ұшып келіп жүрді, келген сайын күштірек. Мен сыртқы есікті ашпақшы болған едім, үйге кіріп, мені сыртқа шығарып алмақшы болды. Иә, сол жолы әлсіз болатын, қазір күш жинаған....
- Мен сенің сау екеніңе қуаныштымын, - деді Томпсон.
- Маған одан жақсы емес? Тағы да әйелің тыңдап тұр ма?
- Иә.
- Түсінікті. Мен әйеліңе ақымақ болып көрінетінімді білемін.
- Ештеңе етпейді, жалғастыра бер. Томпсонның әйелі ас үйге кетті. Герб Томпсон демін алып, телефон жанындағы кішкентай орындыққа отырды.
- Кәне, Аллин, сөйлей бер, мүмкін тезірек ұйықтарсың.
- Ол бүкіл үйді қымтады, ішінен кіжініп гуілдейді, үлкен шаңсорғыш секілді. Ағаштарды құлатып гуілдейді.
- Аллин, мұнда жел мүлдем жоқ, қызық екен.
- Әрине, оған сенің не керегің бар, оған мен керекпін.
- Солай шығар...
- Герб, ол – жан алғыш жел. Құрбандығын іздеп шыққан ең дүлей – зұлым жел. Ізіне түскен алып аңшы ит секілді, иіскелеп, ырылдап, мені іздейді. Тұмсығын кезеп, ауаны ішіне жұтады.... Мені қонақ бөлмеде сезіп қалса болды, сол жерге тұмсығын тығады. Мен ас үйге барсам, иіскелеп артымнан жүреді, терезеден кіргісі келеді, терезеге қалың жапқыштарды іліп, есіктердегі ілмектер мен ысырмаларды ауыстырдым. Әйтеуір, бұрында берік салынған үлкен үй қамал. Үйдің ішінде барлық жерлерде шам жағып қойдым. Бөлмеден бөлмеге өтіп бара жатқанымды көрсе, қарап тұрады, ол терезеден, жарықты қосып жатқанымды көрді. Не дейсің !
- Не болды?
- Ол жаңа ғана сырттағы сым есікті жұлды!
- Аллин, сен бізге түнеуге келсең қайтеді.
- Мені үйден шығармайды! Мен бұл желді жақсы білемін, өте күшті, нағыз айлакер. Жаңа ғана темекі шегейін деп едім, сіріңкемді өшіріп тастады. Ол мені мазақтағанды, менімен ойнағанда жақсы көреді. Асықпайды, оның ойыны түнімен әлі алда. Міне, тағы келді! Сен кітапханадағы үстел үстіндегі кітапты көрген шығарсың..., ол қабырғадан кішкене саңылау тауып, сол кітаптың ішіне кіріп, енді кітапты парақтауда! Мұны сен көрсең ғой. Енді кітаптың кіріспесін парақтай бастады. Герб, менің Тибет туралы кітабымдағы кіріспе есіңде ме?
- Есімде.
- «Бұл кітап табиғаттың дүлей дауылдарымен жекпе-жекте жеңілгендерге арналған, оның дүлей күшіне бетпе-бет келіп, одан қашып құтылған адам жазған» деген сөздер есіңде ме?.
- Иә, есімде, есімде.
- Жарық сөніп қалды!
Телефонда бірдеңе жарылды.
- Ал қазір сымдарды үзді. Герб, сен естисің бе?
- Иә, иә. Мен сені естіп тұрмын.
- Ол үйде жарық тұрғанды ұнатпайды, электр сымдарын үзіп, енді телефонды айыратын шығар. Бұл нағыз әуе жекпе-жегі! Күте тұршы...
- Аллин!
Үнсіздік. Герб тұтқаны құлағына мықтап басқанда, ас үйден әйелі шығып, күйеуін күтіп тұрды.
- Аллин!
- Мен осындамын, - деп жауап берді Аллин. - Енді үйдің іші азынап тұр, есіктегі саңылауды бітеуге тура келеді. Білесің бе, Герб, сенің маған келмегенің қандай жақсы болды, мұндай жағдайға сен тап болғанда не болар еді. Ол жаңа ғана бөлменің біріндегі терезені жұлып түсірді, енді бөлмеде нағыз гуілдеген жел тұр, картиналар еденге құлап жатыр! Сен естисің бе?
Герб Томпсон сыбдырға құлақ салды. Телефоннан бірдеңе ысқырып, сыңсып, тарсылдап жатты. Аллин тыныштырмақ болып, айқайлады.
- Естисің бе?
Томпсон Герб тамағында тас тұрғандай булығып тұрды.
- Иә, мен тыңдап тұрмын.
- Герб, оған мен тірідей керекпін, естисің бе? Ол өте сақ, ол бір соққымен үйді қиратқысы келмейді, алдымен мені өлтірмекші. Мені өзінің саусақтарымен бөлшектеу үшін оған тірідей керекпін. Оған менің ішімдегі керек, менің жаным керек, менің ақылым керек, менің өмірлік қуатым, менің сезімдерім керек, мендегі «менім» керек.
- Аллин, әйелім ыдыс-аяқ жууға көмектес дейді.
- Үйдің үстінде бүкіл әлем түкпірінен жиналған қара түнек тұр! Осыдан бір жыл бұрын Целебесті ойран қылған сұрапыл дауыл, Аргентинада мыңдаған жандарды жұтқан суық памперо, Гавай аралдарын дүр сілкіндірген тайфун, жылдың басында Африка жағалауын қиратқан жойқын құйын, мен қашып үлгерген барлық дауыл желдердің қалдықтары. Олар Гималайдағы үңгірінен мені іздеп келді, менің жел шатқалы туралы білетінімді біледі, өздерінің жойқын, арам ниеттерін жүзеге асырмақшы. Мен олардың қайдан дүлей күштерін жинайтынын, қай жерден атылатынын білемін, қаһарларын қайда төгетінін білемін. Сондықтанда олар мені жек көреді, олармен қалай күресуге үйрететін кітаптарымды, мені біледі. Олар үнімді өшіргісі келеді. Мені өзінің ұйытқыған қойнына жұтып, білетіндерімді тартып алғысы келеді. Оның мақсаты мені өзіне жұту!
- Аллин, сөйлесе алмаймын. Әйелім... шақырып жатыр.
- Не? – аржақта үзіліс тұрды, телефон тұтқасынан желдің алыстағы гуілі естілді.
- Сен не дейсің?
- Аллин, тағы бір сағаттан кейін қоңырау соқшы, – деп Герб телефон түтігін қойды.
Герб табақтарды жуып, әйелі табақтарды сүртіп тұрды.
- Сыртта қалай? - деп сұрады әйелі.
- Тамаша. Жылы. Жұлдыздар, - деп жауап берді . – Не болды?
- Жай, ештеңе емес.
Келесі сағат ішінде телефон үш рет шырылдады. Сағат сегізде қонақтар келе бастады, Стоддард әйелімен келді. Олар сағат тоғыз жарымға дейін әңгімелесіп отырды, карта үстелін жайып «тұзақ» ойнай бастады. Герб Томпсон колоданы ұзақ, мұқият араластырып, карталарды шытырлатып таратты. Карталар бірінен соң бірі ойыншылардың алдында жатты. Әңгіме өз бағытымен өрбіді. Ол сигарасын тұтатып, сұр күл конусымен ұшын кесіп, карталарды қолына алды, оларды түсіне қарай бөлді. Кенет басын көтеріп, сыртқа құлақ салды. Сырттан ешқандай дыбыс естілмеді. Әйелі оның үстел басындағы қозғалысын көріп, бірден ойынға оралып, валеттен жүрді. Қонақтар ойын қызығына батып, сыбырлап күліп отырды, Герб сигарасын асықпай сорып, түтіндетті. Ақыры залдағы сағат тоғызды соқты.
- Біз, міне, мында отырмыз, - деді сигарасын аузынан алып, ойлап қарасаң - өмір, ал бұл өмір болса - біртүрлі нәрсе.
- Не дейсіз? - деді Стоддард мырза.
- Жоқ, ештеңе емес, біз осында карта ойнап отырмыз, біздің өміріміз өтіп жатыр деймін, ал жер бетіндегі миллиардтаған адамдар өздерінің өмірлерін сүруде.
- Жаңалық емес.
- Біз өмір сүреміз.... - Ол тағы да темекісін тістеріне қысып. – Жалғызсырап өмір сүреміз. Тіпті өз отбасыңда жүріп, жалғызсырап өмір сүреміз. Біреу сені күнде құшақтап жүрсе де, ол миллион миль сенен қашықтықта тұрғандай.
- Қызық байқау екен, - деді әйелі күйеуін көзімен шалып.
- Сен мені түсінбедің, - деді Герб сабырлы күйде, қызбалыққа салынбаған бойы, өйткені өзін кінәлі сезінбеді. - Менің айтқым келгені: әрқайсымыздың өз сеніміміз бар, өзіміздің кішкентай өміріміз бар. Әркім өзінше өмір сүреді. Менің айтқым келгені - біз мұнда бөлмеде отырмыз, дәл қазір мыңдаған адамдар өздерінің өмірі үшін арпалысуда. Кім қатерлі ісіктен, кім өкпе қабынуынан, кім туберкулезден өліп жатыр. Осы сәтте АҚШ-тың бір түкпірінде біреу апатқа ұшырап, көлік ішінде ажал құшағында жатқаны кәміл.
- Тым жақсы әңгіме емес, - деді орынан тұрған оның әйелі.
- Менің айтқым келгені: біз өмір сүреміз, ал басқа адамдардың өмір туралы не ойлайтыны, қалай өлетіні туралы білмейміз. Менің айтқым келгені: біз мында креслоға жабысып, осы жерде отырмыз, ал осыдан отыз миль қашықтықта ең жақсы адамның бірі, үлкен ескі үйде – қараңғы түнде жалғыз қалды.
- Герб!
Ол сигарасын сорып, тістене шайнап, сығырайған көздерімен картаға үңілді.
- Кешіріңіз. - Ол көзін жыпылықтатып, сигарасының ұшын тістелеп тұрды. - Не, менің жүрісім бе?
- Иә, сенің жүрісің.
Ойын қыза түсті, карта сылдыры, сыбырлаған дауыстар естіліп тұрды... Герб ауру адамдай орындықта салбырап отырды. Телефон шырылдады. Томпсон секіріп өтіп, аппаратқа қарай жүгірді, телефон тұтқасын жұлып алды.
- Герб! Мен бірнеше рет қоңырау соқтым. Сен қалайсың?
- Сен не туралы?
- Қонақтар кетті ме?
- Қайдағы, әлі мұнда отыр...
- Әңгімелесіп, карта ойнап, күліп отырсыңдар ма?
- Иә -иә, онда тұрған не бар...
- Ал сен болсаң, сол он центтік сигарыңды түтіндетіп отырсың ба?
- Иә, бұл не дегенің...
- Өте жақсы, - деді телефон артындағы дауыс. – Шынымен де өте жақсы. Менде сендермен бірге болғым келеді. Қап, менің білгенімнен білмегенім жақсы еді. Мен өмір сүргім келеді... Иә, мен, әлі де көп нәрсені көргім келеді...
- Өзіңде бәрі тыныш па?
- Мен оған берілмеймін, асүйде отырмын. Жел асүйдің алғы қабырғасының жарты бөлігін құлатты, шегінуге тура келеді. Асүйдің есігін жел құлатқанда жертөлеге түсемін. Мен таң атқанға дейін сонда отырамын. Қарғыс атқыр, маған жету үшін ол үйдің бәрін қиратуы керек, ал жертөле үстінде берік еден. Менің күрегім бар, мен одан тереңірек қаза аламын...
Телефон түтігінен ыңырсығын, аңыраған, айқайлаған дауыстар хоры естілді.
- Бұл не? - деп сұрады Герб суық дірілді сезініп.
- Бұл? – деп қайталады телефондағы дауыс. Бұл тайфун ажал құштырған он екі мың адамның жан түршігерлік ыңырсыған дауыстары, құйын қан жұтқызған жеті мың адамның аңыраған дауыстары, дауыл ұшырып әкеткен үш мың адамның айқайлаған дауыстары. Герб, тыңдаудан жалыққан жоқсың ба? Желдің құзғын болмысы - оның күшінде, түсінесіңбе, Герб, Жел - ұшып жүрген өліктердің моласы. Жел оларды сұлатып, ақыл-ой азығын жұтады. Олардың дауыстарын жинап, бір дауысқа салады. Соңғы он мың жылда муссондар мен құйындар жұтқан, азаптаған миллион жандардың дауыстары. Құдайым -ау, қандай поэма жазуға болады, десеңші!
Телефон түтігінен шыңғырған, ыңырсыған жел гуілдері естілді.
- Герб, сен қайда жүрсің? – деп әйелі оны қайтадан карта үстеліне шақырды.
- Ал жел, жылдан жылға ақылды болып келеді, бәрін өзіне – жұтады, өмірден кейінгі өлімді де, өлімнен кейінгі өмірді де өзіне иемденеді...
- Герб, біз сені күтіп отырмыз! - деп айқайлады әйелі.
- Құрып кетші! - Не, сәл минут күте алмайсың ба! – деп ақырып жіберген Герб, тағы да телефон түтігін алып: - Аллин, егер сен менің келгенімді қаласаң, мен саған қазір барамын. Мен саған баруым керек еді...
- Келуің қажет емес. Бұл бітіспейтін күрес, бұған сенің қатысқаныңды қаламаймын! Мен телефонды ілемін, ас үйдің есігі ашылды, жертөлеге түсетін уақыт келді.
- Сен әлі қоңырау cоғасың ба?
- Егер жолым болса соғамын, бірақ енді екіталай. Қанша рет одан қашып құтылдым, ал бұл жолы ол мені жарға тіреген секілді. Герб, мен сені мазаламадым деп үміттенемін.
- Сенің ешкімге зияның тиген жоқ, түсінесің бе? Тағы да қоңырау соғарсың.
- Тырысамын...
Герб үстелге картасына келіп отырды. Әйелі оған безеріп, қарап тұрды.
- Сенің әлгі Аллин құрбың қалай өзі? - деп сұрады. - Әлі мас емес пе?
- Ол өмірінде ешқашанда бір тамшы арақ ұрттаған емес, - деп Герб Томпсон түнерді. - Мен Аллинге баяғыда кетуім керек еді.
- Ол саған алты апта болды кешкісін кеште қоңырау соғады. Ал сен оның үйіне барып кемінде он рет қондың, оған ештеңе болған жоқ, – деді әйелі.
- Оған көмектесу керек. Ол өзіне зиян келтіруі мүмкін.
- Сен жақында, екі күн бұрын Аллинде болдың, оған ештеңе болған емес, сен оған күнде баруың керек пе?
- Ертең кейінге қалдырмай ауруханаға апарамын. Ол маған өте қымбат жан, ол ақылды адам....
Сағат он бір жарымда қонақтарға кофе берілді. Герб Томпсон телефонға қарап отырып: «Ол жертөлеге жетті ме, түсті ме?» деп ойлады. Герб Томпсон телефонға өтіп, қалааралық станцияға қоңырау соқты, нөмірге тапсырыс берді.
- Өкінішке қарай, бұл аймақта байланыс үзілген. Желіні жөндегеннен кейін сізді қосамыз, - деп жауап берді станциядан.
- Демек, байланыс үзілді! - деп айқайлап жіберді. Ол телефон тұтқасын қойып, қабырға шкафын ашып, пальтосын қолына алды.
- Герб! - деп айқайлады артынан әйелі.
- Мен Аллинге баруым керек! - деп жауап берді, пальтосын кие бергенде бір нәрсе есікте тарс етті. Барлығы шошып, естерін жиып, тік тұрды.
- Бұл кім? - деп сұрады әйелі. Тағы да сыртқы есік тырс етті. Томпсон шапшаң залдан өтіп, есік алдында тоқтады. Есік сыртынан сәл естілетін сыңғырлаған күлкі естілді.
- Мәссаған! - деп Герб, көтеріңкі көңілмен есіктің тұтқасына жабысты.
- Мен бұл күлкіні қайдан шықса да танимын. Бұл Аллин. Келдің бе, әйтеуір, өзің келдің бе. Таңды күте алмадың ба, аңыздарыңды айтуға шыдай алмадың ба, – деп Герб Томпсон сәл күлді. - Достарыңды да әкелген шығарсың. Олар көп сияқты...
Ол сыртқы есікті ашты. Кіре берісте жан жоқ еді. Бірақ Герб таңырқамады, оның келбетінде тайсалмайтын көрініс пайда болып, ол күліп жіберді.
- Аллин? Әзіліңді қойшы! Сен қайдасың? - Ол сыртқы шамдарды қосып, солға, оңға қарады. - Аллин! Шық бермен!
Оның бетіне жел соқты. Томпсон бір минут тұрды, бірмезгілде суық жел көтерілді. Ол сыртқы кіре беріске шықты. Мазасызданып, іштей сақтанып, сыртқа қарады. Желдің екпіні қайтадан көтеріліп, пальтосынан сүйреп, шашын желбіретті. Оған сыңғырлаған күлкі тағы естілгендей болды. Жел үйді қалықтап айналып, күрт суытып, бір сәтке созыла ұйытқып, ұша жөнелді. Жел биікте ұшты, Теңізге, Целебеске, Піл сүйегі жағалауына, Суматраға, Горн мүйісіне, Корнуолл мен Филиппин аралдарына ұшып кетті. Айнала тып - тыныш, жым жырт болды....
Томпсон орнында мелшиіп тұрды. Ол үйге кіріп, есікті тарс жапты, қабырғаға сүйеніп қозғалмай тұрды, оның көздері жұмулы еді.
Не болды? – деді әйелі.
Тәржімалаған Салауат Кәрім.
