Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Ретбек Мағаз. Көрші...

21.07.2020 5153

Ретбек Мағаз. Көрші 12+

Ретбек Мағаз. Көрші - adebiportal.kz

(әңгіме)

Айдардың жаңа қонысқа көшіп келгеніне жылға жуықтады. Осы қалада сабылып жүргеніне біраз жыл болса да, мардымды тиын жинамапты. Баланың үлкені болған соң ауылдағы әке-шешесінің көмегімен қол жеткізген баспанасы осы болды. Жаңадан салынған алты қабатты үйдің ең жоғарғы қабатында. Әзірше екі қапталындағы пәтерлерге көшіп келген ешкім жоқ. Жақын көршісі сол бесінші қабатта тұратын ерлі-зайыптылар.

Бұл үйдің әйелі тығыршықтай толық денелі, шашын сарғыш түске бояған, орта жасқа жақындаған, үй жұмысындағы қарапайым кісі. Оны Айдар жоғарыдан қарағанда үнемі көретін. Самалдықтың ашық жақтауына сүйеніп алып, әлде біреулермен телефонда даңғырлап сөйлесіп, шарқылдап күлісіп, кейде сақтық үнмен сыбырласып жататын еді. Күйеуі осы тұрғын үйдің күзетшілерінің бірі. Сонымен қоса тұрғын үй төңірегінің оны-мұны жұмыстарына да жауапты сыңайлы. Қашан көрсең қолына ұстаған әлдебір дүниелері бар, қарбалас кетіп бара жатады. Ержеткен жалғыз ұлдары басқа қалада жұмыс істейтін. Компания күйеуінің осы жұмысы үшін әлі сатыла қоймаған бір бөлмелі пәтердің бірін арзан бағамен бірер жыл тұра тұруға берген.

Бұл әйелге Айдардың көшіп келетіні әу бастан-ақ ұнамаған. Өздерінен жоғарғы қабатқа жалғыз жас жігіт келетінін, оның студент, әртіс екенін күйеуінен естіп еш себепсіз жақтырмай жүрген. Оның үстіне пәтерді де ешбір үкімет бағдарламасынсыз өз ақшасына сатып алғанын біліп тіптен тоңы теріс келе қалған. Сөйтіп жүргенде иығына ілген домбыра, баян, жетегінде сүйремелі сөмкесі бар жалбыр бас, арық жігіт лифттен қарама қарсы шыға келмесі бар ма. Әйел кірпідей жиырылып, басынан аяғына дейін суық қарап өте берген.

Ертесі түс ауа әйел баяғысынша телефонына жабысып, самалдық жақтауына салмағын сала сүйеніп тұрған. Төменге бір машина келіп тоқтап, ішінен төрт жас жігіт түспесі бар ма, бірі әлгі жалбыр бас. Түсе салып темекілерін тұтатып, саңғырлап сөйлеп, сандарын ұрып күліседі. Киіністеріне қарап, «бұлардың бәрі сол әртіс сымақтар ғой» деп ойлады әйел. Жүздері таныс тойдан ба, теледидардан ба көрген сыңайлы. Шылымдарын шегіп болып, топырлап есіктен кіріп бара жатқан жігіттерге тыжырына қараған әйел де, телефонына жабысқан қалпы үйіне кіріп кетті…

Кешкісін жұмыстан келген күйеуіне болған жайды айтып, жылы сөз естімек еді, күйеуі әбден шаршаған сыңайлы, «Жастарға бәрі жарасады», - деп әңгімені қысқа қайырды да, әйелінің пейілсіз жасаған тамағын, көңілсіз ішіп, киімін де ауыстырмастан төсекке қисая кетті. Әйел телефонына қайта жабысып, самалдыққа қарай беттеді.

Әңгіменің бәрі сағат түнгі ондар шамасында болды. Әйел денесі мұздап үйге кірсе, жоғарғы қабаттан еміс-еміс ән естіліп тұр екен. Басында көп мән бермей, күйеуінің қасына қисая кеткен. Аздан соң дауыс үдеп, топтық әнге ұласа бастады. «Сөзсіз той-тойлап жатыр әртістер» деп ойлады әйел. Екі шекесін ашу қысып, басын көрпемен бүркеді. Сонда да дамбыра мен баян үні қатар есіп, шамына тие берді. Ұйқыдағы күйеуін оятып еді, Ол, ән әуенін сәл тыңдып жатты да, «Жаңадан келіп жатқан көрші ғой, ренжітпейік. Аздан кейін өздері де тоқтар», - деді де әуенге тебіренгендей терең дем алып, тәтті ұйқының құшағына сүңгіп кетті.

Әйел жоғарыдан жетіп жатқан ескі ән әуендерін бұрын да бір жерден естіген сыңайлы. Енді соған ой жүгіртті. Сөйтіп ойланып жатып, өзінің де ән әуеніне қалай тербеліп, ұйқтап кеткенін аңғармай қалды. Ұйқының терең шүңетінде жатып түс көрді. Түсінде уыздай бойжеткен шағы екен дейді. Алматыға жаңадан оқуға келген жылдың көктемі сыңайлы, үстінде жап-жасыл көйлек. Есентай ма, алдебір жағалауды құлдап жүгіріп келеді. Соңынан қолында қызғалдағы бар, сұңғақ бойлы жігіт қолын болғап қуып келеді. Жасыл көйлек желмен желбіреген сайын құлағына бір әсем ән естіледі:

«Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,

Алматыда жаңа жауып басылған…»

Жігіт енді қуып жетіп, ақ білегінен шап беріп ұстай берген… әйел шырт ұйқыдан селт етіп оянып кетті. Тайдай тулаған жүрек соғысы құлағына естіліп тұр. Сол сәт өзінің тура түсіндегі әнді қайталап айтып жатқанын байқады. Жоқ, өзі қайталап жатпапты, үстіңгі қабаттан баяу ырғалып, сол әннің әуені есіп тұр екен. Домбыра мен баян үні. Әйелдің бойын қайтадан ашу кернегендей болды. Күйеуіне қараса бір уыс боп тамға жабысып, баянсыз ұйқының құшағында жатыр екен. Қолын созып өзіне қарай бір аунатып қойды. Неге екені белгісіз құшақтағысы келді. Жұп-жұмыр білегін мойынына арта беріп еді, ащы тер аралас еркек исі кеңсірігін жарып жіберердей мүңкіп кетті. Ұйқылы-ояу, аң-таң болып көзін ашқан күйеуіне ыстық от шарпыған денесімен жақындай берді…

Ол бүгін күндегіден ерте әрі сергек оянды. Жуынып-шайынып алғасын түндегі әуенді ыңылдап айтып, таңғы ас әзірлемекке ас үйге кірді. Ас үйге күн шуағын аямай төгіп тұр екен. Терезе алдына барды да, бірер аптадан бері су ішпей солыңқырап тұрған гүлдерге су құйды. Әндетіп артына бұрылып жоғарға қарағаны сол еді, аңырып тұрып қалды. Ошақтың орынындай жер дымданып кеткен, үй төбесінен сыздықтап су тамшылап тұр. Мұны көрген әйелдің төбе шашы тік тұрды. Сүйретпе кебісін аяғына іле салып, күйеуін айғайлап оятты да, жоғарға қарай жүгірді…

Есікті біреу қатты ұрғылағанда Айдар төсегінен әлі тұрмаған болатын. Тарсылдаған үнмен бірге әйелдің ашты дауысы қоса шыққасын, амалсыз орынан тұрып, шолақ шалбарын бұтына іле салып, жартылай жалаңаш денесімен есік ашты. Есік ашылар ашылмастын не бір сорақы сөздер үйге қарша борап кетті. Көзі алақандай болған Айдар: «Тәте, кешіріңіз, қазір бәрін ыңғайлаймын», - дегеннен басқа ештеңе айта алған жоқ. Әйел кетіп қалған. Басының ыңғы-дыңғысы шығып тұр. Достары жатын бөлмедегі кілемнің әр жерінде сыра бөтелкелерімен бірге шашылып қалыпты. Айдар жуынатын бөлмеге кірді де, төңкеріліп қалған ваннаны ептеп көтеріп орынына қойып, су болған еденді сүрте бастады.

Алқынып үйіне келген әйел төсектен енді тұрып жатқан күйеуіне қырық жылғы барды-жоқты түгендеп берді. Бір шыны шәйді сүле сапа ішкен еркек, күзетші формасын иығына іліп, үндемей есіктен шығып кетті. Айдарға «айқайлап» келген әйел, ұпайы орынына келген жандай өзін тым жеңіл сезінді. Халатының алдын қымтанып, телефнына жармасып самалдық жақтауына барып сүйенді.

Сонымен арада бірнеше күн тынышталып қалған жас көрші, аптаның соңғы жұмыс күні кешке жақын тағы «концерт» қоя бастады. Әйел күйеуі екеуі кешкі астарын ішіп отырған. Үстіңгі қабаттан домбыраның қоңыр үні есіп, артынан ырғақты әнге ұласқан.

- Бағана домбыра көтерген қыз бен жігіт осы подъездің есігінен кіріп бара жатқанын көргем, - деді еркек тамақ жеп отырған қалпы, басын да көтерместен.

- Бүгін түннің ортасына дейін сайрауларын тоқтатпаса полиция шақырамын, - деп әйел түлен түтті.

Еркек, басын сәл көтеріп, көзінің астымен әйеліне қарады да:

- Оған кезіктім, өзінің жөні түзу жігіт екен, төбені келер аптада жасатып беретін болды, - деді.

- Төбеден енді су ақсын, төбе шашын бір талдан жұлам бұл әртістің, - деп ашуланған әйел, үстелдегі босаған ыдыстарды асығыс жиыстыра бастады.

Ән әлі айтылып жатыр. Бірақ түн ортасы болмаған. Бүгін баянның үні қосылмады. Тек домбыра ғана. Машинада келе жатып, күйеуі кейде қазақ радиосын қосқанда еститін әндерге ұқсайды. Әйтеуір ел мен жер, өмір туралы ескі әуендер.

«Жастарына жетпей осындай зарды қайдан жаттап алады екен» деп ойлаған әйелдің үстіңгі қабатқа барып оларға айғайлап ұрысқысы келді. Сағатқа қараса тым кеш болмаған, домбыраның қоңыр үні де тым қатты естіліп тұрған жоқ. Күйеуі болса төсекте жайбарақат ұйқтап жатыр. Ашуланып, ас үйге кіріп төбеге қарады. Су тамшылап тұр ма екен деген күдік болған. Сосын ештеңе бүлінбегеніне өкінгендей көзін төбеден тез тайдырып, жатар орнына келіп жайғасты…

Бұл күні әйелдің түсіне әлдеқашан бақилық болып кеткен атасы мен бала кезінде көрген атасының сары түсті «Жигули» машинасы кірді. Жаңадан сырлап қойғандай сап-сары екен машина. Күндегісінше самалдықтан қарап тұрса, тура үйдің алдына келіп тоқтапты да, ішінен атасы шыға келіпті. Шығады да «қызым!» деп айғайлайды дауысы қарлығып. Сосын көлігінің артқы есігін ашады, ашса, іші толған қып-қызыл апорт алма екен. «Сендерге сәлемдеме ғой, кел, таудан теріп келдім, алып ал», - дейді әппақ сақылы желбіреп. Әйел тауға қарайды, құдай-ау бұрын қалай байқамаған, алыста көрініп тұрған тау да, етегіндегі қырқа-белдер де атасының көлігі сияқты сап-сары екен…

Түні бойы бытықы-шытықы түс көріп шаршап оянған әйел, көзін уқалап ашып, сол мылжаланған күйі тырпылдай басып барып ас үйдің төбесін қарады. Төбе бұрынғы су аққан орыны сарғайып қана тұр екен. Әйел бұрылып әжетханаға кіріп кетті.

Таңғы шай үстінде үнсіздікті өзі бұзды:

- Бүгін демалыс екен ғой, ауылға барып қайтайықшы.

Бірер минут үнсіз отырған еркек:

- Барсақ барайқ, - деді дауысы оқыс шығып.

Олар ескі «Mazdaмен» тұрғын үй ауласынан шығып бара жатқанда, дүкеннен нан алып, сүлкектеп келе жатқан бұйра бас Айдармен айқасып өтті. Әйел терезеден басын шығарып: «Әртіс бала, біз келгенше үйді су астына қалдырып жүрмеңдер», - деді түсін суытып. Не істерін білмей абдыраған Айдар үнсіз бас шұлғып, кетіп бара жатқан машинаның соңынан оң қолын бейберекет бұлғап қала берді.

Көрнекі сурет: К. Воронинаның иллюстрациясы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар