Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Рухтар мәңгі өлмейді...

20.12.2022 2708

Рухтар мәңгі өлмейді 14+

Рухтар мәңгі өлмейді - adebiportal.kz

Ақын Ғалым Жайлыбай шығармашылығы хақында

Мен Ғалым Жайлыбай поэзиясымен сонау 90 жылдардың басында Қытай Халық Республикасының Күйтің қаласынан жарық көрген қазақ ақындарының «Сүмбіле» атты  антологиясы арқылы таныстым. Қазақ поэзиясының жарқын жұлдыздары Тұманбай, Қадыр, Мұзафар, Жарасқандар керуеніне ілескен Ғалым жырлары содан бері іздеп оқитын санаулы ақындарыма айналғанын жасырмаймын. 

Оқыған шығармамнан өзімше ой қорту дағдылы әдетім. Ал, арнайы қалам тербеп, тебіренісімді жұртшылықпен бөлісуге келгенде жайбырақат қимылдап жататыным бар. Қарындылардың айқасы халықты «қарқ» қылып, қаламгерлердің «айқасы» оқырманын жалықтырып бара жатқан заманымызда, айтайын деген ойыңнан өзіңді еріксіз үркітетінің тағы бар. Себебі, басқаның бағын бақастықпен бақылаған басбұзар қоғамда, таланыттыларға айтылған тәтті сөзің әлде кімнің таңдайына у болып тамып жататыны да жоқ емес. Бүгінде біздің әдеби сынның өркен жаймай кенжелеп жатқаны да осының бір айғағы болса керек. Әңгіме ауанына қарай айтқанымыз болмаса бұл туралы алдағы күндерде арнайы қалам тербейтін боламыз.

Өзінің сырлы да ойшыл өлеңдерімен оқырманын еліткен Ғалым Жайылбайдың «Жүрегімнің жұлдызы», «Құс қанаты», «Қарашығымдағы қара өлең», «Ардакүрең» қатарлы жыр жинақтары әдебиет сүйер қауымның жастанып оқитын кітаптарына айналғанына ешкімнің күмәні болмаса керек. Бұл тұрғыда әр тараптан айтылып, жазылып жатқан пікірлермен көзқарақты оқырман жақсы таныс деуге болады. Сол себепті Ғалым поэзиясын тұтас алып қарастыруды мансұқ қылмадық, тек бір өлеңі турасындағы өзімнің ой-пікірімді айтқым келеді.

Алаш арыстарының аңсаған азаттығы артындағы бізге бұйырған бүгінгі таңда бақи болған боздақтарымыздың тағдыры мен тарихы ақталып қаймана қазаққа жария болды, шығармалары жұртшылықпен қайта қауышты... Шемен көңілдің шері таусыла ма, бұл айта берсең біраз жерге баратын әңгіме. Қалам тізгінін тақырыпқа бұрып, айтар ойды қаузасақ, біздің мақсатымыз аяулы арыс ұлдарымыздың бірі, Алаш қайраткері, сұңқар ақын Сәкен Сейфулиннің Ғалым Жайлыбай поэзиясындағы бейнесі туралы болмақ.

Бүгінде аңызға айналған Сегіз Сері, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұсалар әуенін аспандатып, сәнін жалғаған серілер дәуренінің соңғы өкілдерінің бірі Сәкен Сейфулин қазасы қай жүрекке болмасын ауыр тиері ақиқат. Әрине, ол ойдың салмағы ұлтым деген ұлдар үшін ғана.

Тәуелсіз қазақ елінде Алаш арысы Сәкеннің туғанына 115 жыл толуына байланысты әр деңгейде іс-шаралар жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы орайда, қазақтың қасиетті қара өлеңін қарашығында әлдилеген белгілі ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбайдың «Рух» атты өлеңінен біз Сәкен бейнесін сәлде болса көз алдымызға әкелгендейміз. Әрине, бұл шығарма Сәкен бейнесін ашуға арналмағанымен ұлтым деп өлген ұлға айтылған ұрпақтың үні іспетті. Ұлттық рух, қазақы бояу Ғалым жырының негізгі өзегі десек қателеспейміз. Ақын жырын оқыған әр оқырманның ең алдымен түйер ойы осы болса керек.

Құлагерін көңлімнің қамшылама,

Сәкен десе,

Ет-жүрек жаншыла ма?

Қара орманның қайғысын қара киіп –

Арсыздықтан келеміз аршып, аға! – деп басталатын өлеңнің алғашқы шумағынан аңғарғанымыз тірісінде табаға, өлісінде жалаға салынған арыстың арын ақтап ара түскені. Өйтпегенде: Қара орманның қазасын қара киіп–Арсыздықтан келеміз аршып, аға! – деп Сәкенге сырын айтпас еді ғой. Мұндағы «қара орманның қазасы» қазақтың қайғысы екенін аңғарыпта отырғандаймыз. Өмірге екі келмес оғлан ұлдарынан айырылған ұлтымыздың өксігі әлі де басыла қойған жоқ. Алаш арыстарын сатқандар мен атқандардың тамтығы арамызда жүргенде көп сырдың көлеңкеде қалатыны да жасырын емес...

 

– Арысым, – деп,

– Арым, – деп ел айтады,

Сарыарқаның сырнайлы желі айтады.

Есіл, 

Есен,

Нұраның көлі айтады,

Көп айтады...

Білмесе неге айтады? – деп Мағжанша төгілткен Ғалым ағаның жырынан жоғарыда айтқанымыздай арысынан айырылып аңыраған ел  ана мен жер  ананың зары естілгендей. «Сырнайлы желмен» «толқынды көлден» сезінгеніміз осы. 

 

Ғұмырыңды ғасырлар ұзартады,

Атанына азған жұрт мұз артады.

Сені қапқан қанденнің күшіктері,

Бүгін бізге көздерін қызартады.

Бұл бүгінгі қоғам мойындаған ақиқат. Кеше күні отан бөлшектеуші, ұлтшыл деп айдауға түсіп атылған Сәкендерге мылтық кезеп, оқ атқан сатқындардың тарих ана бетінде ары тапталып, ұрпақ алдында ұнжырғасы түскеніне тәуелсіз қазақ елінің халқы куә. Біз үшін бақи болған боздақтардың арын ақтап, рухын жоқтар ұрпақ барда Сәкендер ғұмырын ғасырлар ұзартып әкете бермек, олар мәңгілік өлмес өмірге қадам баспақ. 

«Атанына азған жұрт мұз артады» деп ақын Ғалым Жайылбай дәл тауып айтқан. Қай қоғамда да жаланы жақынынан көрген қазақтың қоғамы қайшылықсыз болмаған. Сондықтан да Сәкенді қапқан «қанденнің күшіктерінің» Ғалымдарға «көзідерін қызартуы» әбден орынды. Осындайда дана халқымыздың «ит үреді, керуен көшеді» дейтін қағидасын Ғалым ақынның есіне сала кетуі де орынды сыңайлы.

Күндей көркің, көңілге медеу бекем,

Сырсандығын сезімнің бебеулетем.

– Сұңқар, – дейді Сәкенді самғайтұғын,

Сұңқар деген Сәкенге теңеу ме екен?..

 

Ақбоз атты құлатқан жала – керме,

Магаданға мола іздеп бара көрме!

Сәкен деген халықтың рухы ғой,

Рухтарды көмбейді қара жерге – дейтін шумақтар ақын жүрегінен арысқа берілген баға. Көркімен де, сырымен де, жырымен де тірісінде аңызға айналған Сәкенін «қызыл сұңқар» деп әспеттеген қазақтың теңеуін одан әрмен әрлей түскен Ғалым ақын Сәкенді халқының рухына балайды. Шындығында өзінің кең даласын қызыл сұңқар болып шарлаған Сәкен енді мәңгілік өлмейтін алаш рухы болып жүректерге орнап қала бермек, ол ешқашан қара жер құшағына сыймайды да.

«Ақбозатты құлатқан жала – керме» жеген жолдарды оқып отырғаныңда санаңа Сәкеннің атақты «Тау ішінде» әні сап ете қалады. Сол әннің бір шумағын бірге еске түсірейік:

Келемін тау ішінде түнделетін,

Аймақты күңірентіп, өлеңдетіп,

Астымда ақбоз атым сылаңдайды,

Қайшылап қос құлағын елеңдетіп, – деп даласын әнге бөлеген қайран серінің бейнесі еріксіз көз алдыңа оралып, өзегіңе күрсініс ұялатады.

Аққулардың арман бар ұясында,

Ор, Абанның зарлы ән бар қиясында.

Маңдайына сыймап ең алты алаштың – 

Алты шумақ өлеңге сыясың ба?!

Бұл ақынның «Рух» жырының қортындысы. Түсіндіріп жатпасақта санаға қонымды шумақ. Сәкенді Алаштың рухы сезінген Ғалым жырының тілі жатық, ойы ұғымды поэмаға сұранып тұрған оқиға желісі болғанымен көп сөзділік ақын поэзиясына жат қылық. Ол қанша жазса да Сәкен сырын аша алмасын сезінгендей: «Маңдайына сыймаған алты алаштың – Алты шумақ өлеңге сыясың ба?!»деп тамаша тіркестермен ойын жинақтап, сөз соңын қысқа қайырады. 

Шындығында солай еді. Дей тұрғанмен ақын Сәкен бейнесін қазақ поэзиясында қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа ұлылардың өлмес өнегесін көрсетті деуге болады.

Талапбек Тынысбекұлы

ақын


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар