Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Шабыттың» ең үздік ақындары анықталды...

06.11.2014 6722

«Шабыттың» ең үздік ақындары анықталды

«Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша өз мәресіне жетті. Осы жылдың 3 қарашасы күні XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша байқау басталған болатын. Астана қаласы әкімдігі Астана қаласы мәдениет басқармасының, «Әдебиет порталы» Интернет-жобасының ұйымдастыруымен өктізілетін байқауға 150 ақын талап білдіргенімен қазылар алқасының талқылауынан тек 100 ақын ғана суырылып шықты. Жүзден жүйрік шыққан 50 ақын екінші кезеңге өткізіліп, үздік елу ақынның ішінен суырылып алға шыққан жеңімпаз ақындардың есімдері анықталды. 

Сонымен, XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» («Поэзия») аталымы бойынша Гран-при жүлдесін Түркістаннан келген талантты жас ақын Батырхан Сәрсенхан иеленді. Жүлделі І орынды  ақын Олжас Қасым, жүлделі ІІ орын тараздық талантты ақын Хамит Есаман, жүлделі ІІІ орынды қарағандылық ақын Жадыра Байбұланова иеленді.  

Халықаралық конкурстың арнаулы сыйлықтарының иегерлері:

Астана қаласы әкімдігінің ҚР Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы сыйлығының иегері – Әлия Іңкәрбек
Астана қаласы әкімдігінің Нағима Өтепова атындағы арнайы сыйлығының иегері  – Калича Жакыпова 
«Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» Интернет-жобасының Әмірхан Балқыбек атындағы арнайы сыйлығының иегері – Бекзат Смадияр
«Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» Интернет-жобасының Әбділда Аймақ атындағы арнайы сыйлығының иегері – Шерхан Талап
«Фолиант» баспасының Кәкімбек Салықов атындағы арнайы сыйлығының иегері – Динара Мәлік
«Ұлт» порталының Төлеужан Исмайылов атындағы арнайы сыйлығының иегері – Нұржан Қадырәлі
«Жұлдыз» журналының Ғафу Қайырбеков атындағы арнайы сыйлығының иегері – Саян Есжан


XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» («Поэзия») аталымы бойынша Гран-при жүлдесін иеленген талантты ақын Батырхан Сәрсенханның өлеңін жариялаймыз. 

5c2e0cb8e0becb738b57b2e33c46c9b3.jpg
















Поэзияға арыз

Бояуына сәнін берген сырлы әнмен,
Жыр кітабын ақтарам деп кей шалдың.
Өлеңдері өлімсіреп тұрғанмен,
Тамаша екен, дей салдым.

Менің жаным жырға жерік досқа асық,
Келші інім,тербелмеген бесік пе ең.
Мықтысың деп сүйіп тұрып қоштасып,
Шыға сала еңіредім есіктен.

Муза шешей!
несіне оны мәз қылдың,
Мазағың ба, әлде алжыған сертің бе.
Жетпіс бесте зорлап өлең жаздырдың,
Іші пысқан кемпірге...

Жағымпазға қол соққаннан шошып ем,
Ақиқаттан жантақ жұтты қанша адам.
Қайран өлең, шыныменен осы ме ең,
Осы болсаң түкіргенім бар саған.

Қыран құстың қырқып алған қанатын,
Бір бейбақты ескерді ме қара түн.
Мен айтқанмен баяғы әкім сол әкім,
Мен айтқанмен бақытсыздың бәрі ақын.

Азғындықтан арып бітсе бар әлем,
Құнарыңның күлге айналып кеткені.
Азабыңа көнейін, ей, Қара өлең,
Мазағыңа айналдырма тек мені!


Көктас шеберханасы

Мәрмәрді қашап, сәбиге,
Жылайды зергер,
қай жерден қалай от басты.
Мұңын да шағып айта алмай кетті-ау фәниге,
Жасамашы аға, көк тасты.

Ажалын күткен сақалын әрлеп бояумен,
Адамдар қандай жетесіз!
Туыла сала құлпытас жасап қояр ме ең,
Өлмейтіндер ше,
өлмейтіндерді не етесіз?

Тілегін жолдап тамұқтағы елден,
Жүрегін жұлып халыққа берген.
Сыймайтын рухы табытқа мүлдем,
Қырандай көкте қалықтап өлген,
Қабыландарды қайтесіз?!

Күшіген ойлар, ісіген кеуде,
Ілесіп ардың түсіне ергенге.
Шешесін тілдер шоқ басса,
Айналсын солар көк тасқа!

Сұқтана қарап ала көздері,
Мына шал еске салады өзгені.
Ақынға мұның керегі қанша,
Қаламмен қашап алады өздері...

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар