Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сәдібек Түгел: «Жамбас» айғырдың ерліктері туралы ...

13.05.2016 4216

Сәдібек Түгел: «Жамбас» айғырдың ерліктері туралы хикая (Әңгіме)

Сәдібек Түгел: «Жамбас» айғырдың ерліктері туралы хикая (Әңгіме) - adebiportal.kz


/Болған оқиғаның ізімен/




Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданынан шыққан «Жамбас» атты айғырға қатысты әңгімілерді елге барған сайын құлағым әр жерден шалып-қалып жүрді. Сабақты ине сәтімен деген, бүгін, 2015 жылдың қазан айының 19 күні айтулы аттың иесі Әлібек Оспанбаевпен «Қасым Қайсенов» кентіндегі қарындасым Салтанат пен күйеу балам Мақсұттың еңселі үйінде осы тақырыпты тілге тиек етіп отырмыз.


Әлібек саған қояр алғашқы сұрағым: «Неге, бұл айғырға «Жамбас» деген ат қойдыңдар?».


- «Жамбас» биыл 16 ға толды. Тұқымы-кәдімгі қазақтың қазанаты. Азынаған айғыр, нағыз жауынгер жылқысы. Оның тұрпаты: құлан бас, жұмыр мойын, қалың жал, аршын төс- кең омырау, жарау қарын , дөңгелек сауыр, жазық жауырынды, шоқпар сан, тік бақайлы, болат тұяқты. Көзі қыран-бүркіттің көзіндей әрқашан оттай жанып тұрады. Қорқу, үрку дегенді білмейді. Алтайдың қалың жауған қарын торы айғыр, ледоколдай жарып шауады. Өрге қарай өрлегенде, оған ешкім жете алмайды.Шаршау дегенді білмейді. Бір түн, бір күн онымен табынды айдағанда қыңқ деген сыр білдірмейді. Торыны дөнен кезінде өзім үйретіп алдым. Содан бері менің өмірімді де және жылқышылық абыройымды да қорғап келе жатқан осы жануар болады. Оның «Жамбас» деп аталуына мына оқиға себеп болды. 2004 жылдың ақпан айының ортасында отыз шақты жылқылар бар оның үйіріне бір топ аш қасқырлар шабады. «Мықты айғыр үйірін сақтай алады, ит-құстан қорғайды» деген қазағымның сөзі рас. Сонда, алпауыт айғырым ең алдымен тай, құлын, жабағыларды қорғап, дала бөрілеріне алдырмады.Үйірді бір жерге төмпенің басына иіріп, жыртқыштардан қорғап қалды. Бірақ, өзі, ашуланған қасқырларға қатты таланды. Қаскөйлер ұстараның жүзіндей азу тістерін оң жамбасқа аямай салып, сан еттерінің паршасын шығарған. Бізді, ет қызуымен ештеңе білмеген жануарым, жалы күдірейіп, арқырап кісінеп қарсы алды. Бұлшық атқан санынан қан тоқтамай ағуда. Айдалада аянбай жараланған жануарға не істей аласың? Ем-домды ауылда ғана жасай аласың емеспе? Сосын, үйірге тағыда қасқырлар қайтадан шабуы мүмкін деп, жылқыларды қыстаққа қарай айдадық. Жаңағы айтқанымдай ет қызуымен ештеңені елемегем тұлпарым ат қораға кірген бойда сұлап түсті.


- «Әлібек, мына айғырың мал болмайды. Жанын қинамай басын кесу керек» - деді бригадиріміз Жақып аға. Мен, оның үкіміне үзілді-кесілді қарсы шықтым.


- «Жәке, торыдан айырылсам, менің өмірімнің сәні мен мәні кетеді. Оданда, қолдан не келеді соны айтыңыз?...»-дедім.




Мені жақсы білетін, Жақып аға:-«Айтқаныңнан қайытпайтын, мінезің бар, бауырым. Дауласуға уақыт аз. Атқа мін де,орталыққа бар. Онда аудандық ветериналық станцияда Қасымқан деген ветеринар ағаң жұмыс істейді. Аудандағы жылқының білгір емшісі сол ғана». Жамбыл ағаның ауызымен құс тістейтін, желмен жарыса алатын жүйрігімен жүйіткіп келемін. Ойым біреу, «қайтсемде айғырымды ажалдан құтқару, қатарға қосу». Сол үшін жан пида. Маған сол сәтте торы айғырымнан жақын жан жоқ еді. Жиырма шақырымды артқа тастап, әп-сәтте межелі жерге келіп жеттім. Жолым болғанда, Қасымқан аға, орнында екен.


Айтып-айтпай не керек, білікті маман, Қасымқан аға, атты ұйықтатып, кәдімгідей операция жасады. Іріңдерді тазалады, қасқыр тілген жамбастың еттерін жібек жіппен теп-тегіс етіп тігіп шықты. Бір сөзбен айтқанда, қазанатымды ажалдан арашалап алып қалды. Содан бері, торы айғыр «Жамбас» деген атқа ие болды.




«Жамбастың» екінші ерлігі туралы айтып өтейін деп, Әлібек әңгімесін одан әрі жалғастырды. Ол былай болған еді. 2006 жылдың қысы ұзақ болып, көктемі кеш келді. Өзіңіз жақсы білесіз, «Қызыл су», «Ұзын Бұлақ», «Дүбір», «Тасөткел» өзендері «Қанай» өзеніне құяды. Өз кезегінде«Қанай» өзені «Отрадное», «Новоникольск», «Саратовка» елді мекендерін басып өтіп, үлкен «Ертіске» құяды. Жылда «Сандықтау» жайлауына барарда 500 дей бас жылқыларды құрайтын табынды «Қанай» өзенінің «Саратовка» селосынан кейінгі жазықтау жердегі өткелінен өткізіп жүреміз. Ол жерде судың тереңдігі аттың омырауынан келеді.Биылда жылдағыдай сол жерден жылқыларды айдап өткізіп жатырмыз. Көштің басында «Жамбас» айғыр. Ол бастады. Табын соның соңынан ілесті. Себелеп жаңбыр жауып тұр. Бұл кезде табынның 80 пайызы келесі бетке өтіп қойған болатын. Кенеттен, «Қанай» өзенінінің суы көтеріліп, қатты ағынға ұласты. Ағынға қарамай, ішінде құлын-тайлары бар бір топ тырмысып, қарсы беттегі жағалауға қарай жүзіп келеді. Таулардан аққан қар суларының көбеюінен, не болмаса жаңбырдың әсерінен бе ,ағын одан сайын күшейіп, «Қанай» өзені ернеуінен асып-тасыды. Сол сәтте, қатты ағын қойсынба, бір жас құлынды жағаға жеткізбей алып кетті. Бәрі көз алдымызда өтуде. Не істеу керек? Суға ағып бара жатқан құлынына жаны қиналған байтал биенің шұрқыраған дауысы жер жарады. Бәрі астаң-кестең болып кетті. Ойланып тұруға мұрша жоқ. Құлынды құтқару керек.Тек, Сіздің «Құлыным» журналынан оқыған Михаил Шолоховтың «Жеребенок» деген әңгімесі есіме сап ете түсті. Онда азаматтық соғыс кезінде «Дон» өзенінде суға кетіп бара жатқан құлынды Федор атты жауынгер-азамат құтқарып қалады ғой. Мен, одан кеммім бе? Жақып ағаның ұрысқанына қарамай, аттан түсіп, үстімдегі киімдерімді шеше бастаған болатынмын.


Азынаған «Жамбастың» дауысы қатты шықты. Жалт қарасам, о тоба, менің «Жамбасым», қазақтың өзіне тартқан жүрекжұтқан ер қазанаты құлынға қарай жүзіп барады. Жәй жүзіп бара жатқан жоқ, суға тұншығып, өмір мен өлімнің арасындағы сәбиді, бала құлынды құтқаруға бара жатыр. Оқыранған дауысы қандай керемет! Бұл әлемде қандай қиын-қыстау жағдай болсада жақсылық жасауға орын бар, әділеттікке орын бар, жігіттік мәрттікке орын бар, жанкештілікке орын бар, қиналған жандарға көмек көрсетуге орын бар деп үлгі көрсетіп барады менің «Жамбасым»! Жүзуі қандай, шіркіннің! Ондай жүзу әлемде жоқ! Құлынға жеткен бойда , құлынына қалқан болған «Жамбас» айғыр, қалқалап аман-есен алып шықты ағын судан құлынын. Қашанда, баласына деген ананың жүрегі ерекше болады. Баласының тірі қалғанына жүрегі жарылардай қуанып, төбесі көкке жеткендей болып тұрған байтал биенің бота көздерінен жас парлап тұрғанды көру адам баласына бір ғанибет. Ал, құлынды құтқарып қалған ержүректі азынаған «Жамбас» айғыр мен баласының аман-есен тірі қалғанына шексіз қуанып тұрған байталдың бас түйістіріп,бірінің-біріне ризашылдықтарын білдірулерін тілмен айтып жеткізіп беру мүмкін емес. Оны көру керек, оны түсіну керек! Елу сегіз жасқа келген Жақып ағам, егіліп жылады.


-Біреуден естісем, сенбер едім. Өзім көріп, таң-тамаша болып тұрмын.


«Жамбас» айғыр нағыз қазанат екен. Оған бүгін көзім анық жетті.Заманында қазанаттар мына «Алтайдан-Атырауға, Ұлытаудан-Алатауға» дейін созылып жатқан «Ұлы Даланы» ерлікпен қорғаған батырларымыздың сенімді серіктері, қолқанаттары болған. Осындай қазыналары болғанда халқымыз қор болмаған. Сол жерде ағынан жарылған айтулы атбегі Жақып аға: «Өзіңде және өзің жаныңдай жақсы көретін қазанатың «Жамбасыңда» аман-сау жүріңдер» деп ақ батасын берді.




Кешкі ет желініп, соңынан шай ішіліп болған соң, Әлібек бауыр әңгімесін одан әрі жалғастырды. «Жамбасымның» елден ерен осы ерлігі туралы сыр шертуді жөн көріп тұрмын. Бұл оқиға 2008 жылдың қоңыр күзінде, қараша айының ортасында Қалба тауларының бойында, Сібе көлдерінің жанында болды. Ол кезде қожайынымыз, осы өлкенің байы Ерік Шерубаевтың үйірінде мыңға жуық жылқылар, нақтырақ айтсам, 33 үйірге бөлінген 950 бас құйма тұяқтылар бар еді. Таңертеңгі тоғыздар шамасында «Қарақоста» шай ішіп отырғанбыз. Алыстан келе жатқан қалың жылқының дүбірі анық естілді. Не болып қалды –деп далаға атып шықтық. Қарасақ, Көктаудан асып, бүкіл табын біз отырған ойпатқа қарай дүркіреп келеді. Арттарынан арнайы біреулер қуып, айдап келе жатқандай. Ерттеулі тұрған аттарымызға міне салып, табынға қарай шаптық. Бірден көзіме шалынғаны: менің қазанат тұқымды қазанатым «Жамбасым» бір өзі мың бас жылқыны тай-тұяғына дейін қалдырмай қайырып, шашау шығармай айдап келеді. Екі көзі қанталап, жалы күдірейіп кеткен. Азынаған айғыр дауысы жер жарады. Оған әбден бағынған табын айдаған жағына қарай ағылуда.


- «Жігіттер, түсініп тұрған боларсыздар, «Жамбас» жәйден-жәй бүкіл табынды осында айдап келмейді. Мұнда бір құпия жатыр.Үлкен қауіп болған. Төрт аяқты, не болмаса екі аяқты жыртқыштардан шабуыл болған сияқты. Сендер, табынды қайырып, осында қарай тұрыңдар. Ал, біз Қанат екеуіміз басына барып, не болғанын көріп қайтайық» - дедім.


Тың аттарға жол алыс емес. Жарты сағат болар болмаста, біздің табын жайылатын жайылым алаңы алақандай көрінетін жотаға желіп жеттік.


Алыстан бірін-бірі сүйемелдеп келе жатқан екі адам көрінді. Оқиға былай өрбіген. «Жартас» ауылының Расул және Төкен атты екі қара пиғылды адамдары біреулердің жылқысын ұрлап, оңай табыс табуға бел буып, арнайы жоспар құрады. Әр табында оқшауланып, шеткерірек жүретін бір үйір болады. Біздегі сондай топ Марқакөлден келген қаба тұқымынан тараған биелер мен байталдар болатын. Олардың бәрі де «Жамбастың» қарауында болатын.


Межеленген күні таң атар-атпастан екі ұры осы үйірді «Көктаудың» етегімен, «Байшы» шатқалының бойымен қуып отырып, ит мұрыны көрінбейтін ну-орман тоғайлы «Заемка» аталатын терең сайға тығып тастау болатын. Сосын сол жерден мал алумен шұғылданатындарға сатып отыру.


Мүгедек болып қалған Расул ұрының айтқаны: -«Бәрі аяқ астынан болды. Өзім не болып қалғанын түсінбей қалдым. Бір қапталынан жылқыларды айдауға кіріскенім сол еді, құлан мойынын кере созған, жалы күдірейген, алып торы айғыр бірден менің астымдағы аттың мойынан қыршып түсті, сосын екі аяғын тік көтеріп аттың үстіндегі маған шабуылдады. Сол көтерілген бойда сол аяғымен оң жақ қабырғамнан ұрды. Содан арғысын білмеймін. Есімнен танып қалыппын. Тек есімде қалғаны, екі аяғын тік көтеріп шабуылдағандағы көзқарасы әлі көз алдымда. Сен не істеп жүрсің деген, адамның көзі.Оттай жанып тұрды».


Екінші ұры Төкеннің айтқаны: - «Расулдың дауысы өте қатты шықты. Аяқ астынан оған не болып қалды екен? Астымдағы атымның жүрісін жылдамдатып, дауыс шыққан жерге жетіп келдім. Бұрын соңды мұндайды көргенім жоқ. Дене бітімі ірі, есік пен төрдей, таудай десем де болады, жалы күдірейген алпауыт торы айғыр екі алдыңғы аяғын боксшыларша қайшылап, Расулды бір ұрып аттың үстінен ұшырып түсірді. Сосын маған қарай тұра ұмтылды. Сол екпінімен бойындағы бар күшімен келіп бізді қағып, жайпап өтті. Атымыз екеуіміз омақаса құладық. Жануар жаяу адамға тиіспейді екен, дір-дір етіп тұрған маған жоламай, мен мінген атты қуа жөнелді. Ол бишарада жан жоқ, сайға қашып тығылды. Содан бері, ұрлық жасасам желкемнің шұңқырын көрейін деп, «Жартас» пен «Өскемен» қаласының арасына таксист болып жүрмін».


Қол астындағы табынын екі аяқты жыртқыштардан қорғау кезіндегі «Жамбастың» болат тұяғы ұры Расулдың төрт қабырғасын сындырып, іш-құрылысына зақым келтіреді. Ол Өскемен қаласындағы облыстық ауруханада алты ай емделіп, үш операция жасатады. Екінші топтағы мүгедек болып қалады. «Ұрлық түбі қорлық» деген осы емес пе?


Аға, осы оқиғадан кейін, жылқышы жігіттер «Жамбас» айғырымды «Мыңбасы» деп атап кетті.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар