Егіздей жаралған,
Екеуміз бір әлем.
Жалт еткен жанардан,
Жалын боп тұрар ем.
Бұлақ боп сыңғырлап,
Өзен боп тасыр ем.
Жанына мың жұмбақ,
Жасырған асыл ең.
Көл-көсір сырыңның,
Көзіңе сыйғанын.
Сол сәтте-ақ ұғындым,
Нұрлы еді дидарың.
Алдымда баладай,
Тұрғанда жасқанып.
Бір сезім толағай,
Кетіпті басталып.
Біз жүрген саябақ,
Гүл құшып жатқанда.
Көзіңмен аялап,
Көк өрім шақтарда.
Көңілің құлаған,
Қадірлі шақ қандай.
Тұп-тұнық тұмадан,
Шөл басып жатқандай.
Бір болған күндердің,
Бәрі шат, бәрі мұң.
Сағынып үлгердім,
Сенгейсің, жарығым.
***
Бар едім ғой, бар болдым да жоғалдым,
Мүмкін, көкке көшіп кеткен болармын.
Сағыныш та сарқылды ма, білмеймін,
Қазір тіпті сағынбайтын боп алдым.
Томсырайып тұрып алды томар-күн,
Мен де ол жаққа елеңдеуді доғардым.
Жүзіңізді көру үшін соңғы рет
Құс боп Сізге қайта айналып соғармын.
Кеше ғана шаттық кештім, шер кештім,
Енді мені сағынбайды Жерде ешкім.
Мені аңсаған дидарыңды бір көрсем,
Содан кейін Жерге қайтып келмеспін.
***
Еһ, безіп кете алсам елсізге,
Хабарымды айтар ма жел Сізге?!
Бағыттас шығармыз деп едім...
Бақытты шығарсыз менсіз де?!
Сары уайым салды енді егеске.
Сондағы кешкенім елес пе?!
Шаттыққа бөленіп отырып,
Алмайтын шығарсыз мені еске.
Ақыры...
Сағыныштың созылған көшімен
Кететін шығармын осы мен.
Ол менмін - көк өскін жыл сайын
Бүр жарса даланың төсінен.
Біз жайлы айтылып жүрсе аңыз,
Біз жайлы сайраса мың сан із,
Тым құрыса, сол бір көк өскіннің,
Кекілінен бір рет сипаңыз.
Асу бермес тіршіліктің қарқынын
тоқтата алар емеспіз ғой, жарқыным?!
Арманымыз бас бермейтін асаудай,
Жалғанымыз жарты бақыт, жарты мұң.
Жаз болса да, көңіл суық, қала сыз,
Білем, иә, дерт болмайды дауасыз.
Мен талпынып, сіз тартынып жүргендей...
Мен жақындап, сіз қашықтап барасыз.
Қайда апарар жанардағы толы күз,
Дей алмаймын, ғашықтардың соңы біз.
Бір арнаға тоғысар ма сезімдер
бір қалада түйіспесе жолымыз!
Ештеңем жоқ айтарлықтай бітірген.
Өтіп жатыр күндер солай "шүкірмен".
Бақыт кешіп үлгерем бе, білмеймін,
біткенінше Алла берген бүкіл дем...
***
Ізіміз қалған іңірде, өшірме дедім,
Өртенген кезім – дерт емген есімде менің.
Көрместей болып көңілім қалғаныменен,
кешірген едім.
Талпынып тұрса дәл мендей, түсінер едім,
Жиі ене береді несіне түсіме менің?!
Тәкаппарлықтың бойымда тамтығы қалмай,
кішірейемін.
Шиыр да шиыр шаршаттым шақырымдарды,
(Ақымақ күйге түстім-ау, ақылым бар-ды).
Міз бақпай бүгін жатқан жол,
жадырап мені
шақырыңдаршы.
Енді ашпас маған, не етермін,
есігін қайтып,
Уақыт тұрды өзінің кесімін айтып.
Кететін болсам,
жар салып жаһанға мынау
кетермін есіміңді айтып.
***
«Қарғам» деші,
Толқын-толқын ағылсын арман көші.
Жанкешті боп өтейін жалғанда осы.
Демейсің бе?
Ал онда:
«Қарашаның қол бұлғап қалған кеші
Жалған» деші.
«Тәттім» деуші ең,
Аялауға жаралған ақ гүлдерше,
Маңдайыма гүлдесте таққым келсе,
Тосырқама тосыннан келген кім деп,
жат біреуше.
Үмітті еткен,
Күліп келіп, тағы да күліп кеткен,
Қызық көктем.
...Ойламауым өзіңді мүмкін емес,
Себебі,
Сен жайлы ойлар қаныма сіңіп кеткен.
***
Алақандағы жазулар
Ала таңдағы аян боп,
Жабырқау тартқан шағымды әр
Жалқы бір түнге жаям кеп.
Дәтімді берік деп едім,
Дәрменім жетпей жоруға.
Діліне бекем өзегім,
Дірілдейді ерні оның да.
Жайлысын, мейлі жайсызын
Жақсыға жору – жоралғы.
Селт еткіш жүрек-айшығым
Секемшіл неге боп алды?
Өң менен түстің арасы
Өңменнен өтер айтты не?
Қайғы алып қалған санасы
Қайралып барып қайтты де.
Түс жорудың сан тәсілін
Түсінбес шақта қарық қып,
«Құбылған күн ғой, әсілі» -
Деуші еді әжем жарықтық.
***
Жасандыны бүркемелеп жарнама,
Жалған тұғыр соғып жатыр қарғаға.
Сайтандардың сыбыр көп тірлікте
Айқайлауды ар көретін Ар ғана.
Төрге де озбай тосылғанда кішілік,
Кісімсиді кеуек кеуде ісініп.
Қай жерде жүр ертегінің Жаманы,
Сынағанға –
сырты ұсқынсыз, іші құт?
Ертегі-өмір «Ертеде бір…», — деп тағы,
Бастады да кібіртіктеп тоқтады.
Ертегі емес,
ертеңіне алаңның
Өзегінде өмір емес, өт дәмі.
Қайырымды?
Қайырымды кәделі,
Әсіресіз әрлі еді оның әлемі.
Кереғарға күліп аштық есікті,
Келе нарға жүк болар-ау әлегі.
Не үшін айтам, несін айтам, әй, бірақ,
Жалғандыққа дәл осысы жайлырақ.
Соғыстырған қилы адамды қай түлен?
Тоғыстырған қандай мүдде, қай мұрат?
Бәрі-бәрі араласты мидай боп,
Шындық аз да, шатпақ пенен шимай көп.
Қурай кепкен сына қоймас сірә да,
Сыймай кетсем сүйем Жерге тулай кеп.
Қызыл көйлек
Қыз келеді, кигені қызыл көйлек,
Қызу тірлік жалғанды үзілмей кеп.
Қызыл көйлек қыздырып көңіл отын,
Кей жандардың көкейін кеміретін.
Қызыл деген от екен ойран етер,
Ойран етер, салдың-ау ойға бекер.
Сескенбегін, қызылдың басқы мәні,
Алауға жалау болған жастық әні.
Қызыл деген құлшыныс лапылдаған,
Қаймықпайтын қайсарлық, батыл қадам.
Қызыл деген өмірге құштар адам,
Осы түстен қуат пен күш тараған.
Қызыл кидім, несіне сөз қыласың?
Басқа киіп қайсынан озды басың?
Қызыл көйлек тағы да киіп келем,
Өрттей болған өмірді сүйіп келем.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.