Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Сағынышқа ұқсаған сары кітап...

24.11.2023 1952

Сағынышқа ұқсаған сары кітап 14+

Сағынышқа ұқсаған сары кітап - adebiportal.kz

Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы он жылдығынан кейін университет  қабырғасы­нда сту­денттік дәуреніміз өтіп, өзімізше әдебиет әлеміне енген сәттерді бастан кешкен болатынбыз. Кешкі серуендер, әдеби кештер мен отырыстарда қазақтың аяулы ақындарының лирикалық кейде азаматтық өлеңдерін өз өлеңдеріміздей көріп, желпіне оқып жүретінбіз. Солардың арасына ара-тұра «Кірісу» өлеңімен «кірісіп» кететін, өлеңінде өзіндік үні бар, еркіндік пен өр екпін ұштасқан Жарасқан Әб­дірашев бар еді.  Бүгінгі сөз Жарасқанның 1980 жылы Алматы қаласындағы «Жалын» баспасынан 7 000 тиражбен жарыққа шыққан 112 беттік «Перзент парызы» кітабы жайлы қозғалмақ.

Ақынның бұл сарғайған кітабы «Азамат тұғыры», «Ақын ғұмыры», «Жігіт жырлары», «Әке сырлары» деген төрт бөлімнен тұрады. Атауының өзі ұйқасып, адамның өсу ғұмырымен бейнеленгендей.

Ақын кітаптың алғашқы бетіне бөлімдерден бұрын әдеби ортада кеңінен танымал болған «Кірісу» өлеңін салған екен. 

«Кіріспе» демей,

«Кірісу» қойдым жыр атын.

Кірісу менің – 

міндетім,

хақым,

мұратым!

Өмірде мынау бәріне,

бәрі,

бәріне

кірісу керек,

кірісу керек шын ақын!..» деген шумақпен бастап, әрі қарай түрліше құбылтады. Әр шумағы кеудесінде өлең оты лаулаған әр ақынға бағыт-бағдар беретін, ақындықпен қоса азаматтық болмысы қалыптасуына ықпал жасайды. Жарасқанның өзі де ақындығымен қоса, қоғам қайраткері болғандығы сол уақыттағы ауыл тұрғындарының әлеуметтік, азаматтық, мәдени құқықтарының қорғалуына жан-жақты атсалысқаны белгілі. Көзі тірісінде аграрлық партияның белді мүшесі болған ақынның өлеңнің соңғы шумағына алғашқы шумағын қайталап, бас әріптермен жазуы кейінгі буынға шегелеп берген тапсырма іспеттес. «Дала, сенің ұлыңмын» деректі фильмінде халық жазушысы Зейнолла Қабдолов ақын жөнінде «Дүниеге енжарлығы жоқ, ашық, албырт хәлде отырып, дүниеге таңдана қарайтын. Барлығына кірісіп жүретін, білгісі келіп жүретін, мүлгіп-қалғып емес, төңірегінің сырын аңдып жүретін ақын еді. Өзінің буынында саусақпен санарлық шын ақындардың алдында жүретін ірі ақын» деп Жарасқанды жастайынан танитындығын айтады.

Кітаптың он жетінші бетінде орналасқан «Біздің буын» өлеңі көз алдымызға соғыстан кейін туса да қиындығы соғыстан қалыспас балалықты елестеткендей. Ақын өз буынын соғыстан соң туғандар деп бағалайды.  

«Сен не көрдің?

Мен не көрдім?

Не көрдік?

Біз жасаған жоқ батырлық,

Жоқ ерлік!
Ауыл.

Мектеп.

Қала.

Қиял.

Содан соң 

мақсат қуып,

жақсы ат қуып жөнелдік!..» деп басталған өлеңнің алғашқы алты 

шумағына соңғы алты шумағы жауап бергендей көрінді. Он бірінші шумақтағы:

«...Біз білеміз сағыныштың салмағын,

Біз білеміз жалыныштың «зарлы әнін»!

Біз білеміз 

бір анадан туса да,

Өгей өскен ағалардың арманын...»  деген жолдар сол уақыттағы 

тағдарларды дөп басқандай. Өлеңнің соңғы шумағы:

«...Өйткені біз өрт ішінде өнгенбіз,

Өмір үшін – өлімге де көнгенбіз!

Соғыс көрген әкелерден – Жаралып,

Соғыс көрген аналарды – Емгенбіз!..» деп аяқталады. Бұл шумақта соңғы қауын піскен уақытта дүниеге келген ақынның балалық бейнесі бар. 

«Ақынбыз деп қақпай-ақ кеудемізді, 

айналамыз таниды кейде бізді...» деп басталатын «Ақындар»

атты өлеңінен ақын бойында кездесетін әдеби сәттер, сезімдер, мінез бен болмысты көресің. Өлеңнің соңғы шумағындағы:

 «...Бара алмайды ондайға әркім біткен, 

әркім біткен, 

әліптің артын күткен.

Жүректерді біз егер тұтқындасақ – 

Тұтқындайтын шығармыз еркіндікпен!» деген жолдар ақын

тағдырының жеңіл болмайтындығын жеткізгендей. Ақынның өзі де «Әр ақын – өз алдына бір әлем. Оны әркім өзіне әр қилы жағдайда ашуы мүмкін. Кейбірімен көзіңді тырнап ашқандай сырлас болсаң, кейбірін оң мен солыңды танып, осы қалай екен деген ой жетелеген уақытта барып қана қолға аласың» деген еді.

Кітапта ерекше тақырып қойып, ҮМІТ пен КҮДІКТІ байланыстырып, кей тұста шиеленістірген «11 000 күн» деген өлеңі оқырманға «Қай уақытта?», «Қашан жазылған?» деген сұрақты еріксіз қойғызады. Ақынның өзі де жер бетінде қанша күн өмір сүргенін есептеуі еріккендік еместігін эпиграфта айтып кетеді.

«Туғаныма он бір мың күн болыпты,

он бір мың күн Үміт маған жолықты,

он бір мың күн Күдік маған жолықты,

туғаныма он бір мың күн болыпты...» дейді алғашқы жолында.  Шамасы бұл өлеңді Жарасқан жиырма тоғыз-отыз жасында жазған болуы керек деп топшыладым.

Кітаптағы «Жазушы мен ақын» өлеңі екі шумақтан тұрса да, сол екі шумақтағы айтылған ой «Проза» мен «Поэзияға» берген нақты анықтама секілді. Жарасқанның жүрегінен ғана шығатын екі кейіпкер арасында өрбіген диалогтың салмағы ауыр. Сөзімізге дәлел болсын:

«Жазушы айтты:

 - Көтермесін егес бой!
Талап өсті, 

талғам өсті,

көп өсті ой!..

Ұйқас дейсің,

Ұйқасқанынның барлығы – 

ПОЭЗИЯ емес қой!..

 

Ақын айтты:

 - салмағыңыз біраз, ә?

Бағаланар айлар оза,

Жыл оза..

Олай болса,

Ұйқаспаған – 

ның бәрі,

емес, досым, ПРОЗА!..» дейді ақын. Осындай екі шумақтан аспайтын «Бір үйдегі екі арман» атты өлеңі әке арманын бейнелейді. Қазақта өзінің ұрпағының ақын болуын қалайтын ақындар сирек. Тіпті, жоқтың қасы десе де болады. Себебі, ақын тағдыры, сезім күйі бір тағдырға жетерлік бейнет екендігін біледі. Десе де ақынның өзі жаза алмай кеткен жырларын ұлым жазса екен деген асқақ арманын өлеңмен бейнелейді. Ақынның Жәнібек, Рүстем есімді ұлдары бар. Бірі – еліміздің Мажарстандағы өкілетті елшісі, бірі – бүгінде бүкіл алашқа танымал кинорежиссер. 

Рүстемнің елімізге кеңінен танымал болған «Қаладан келген қыз» фильмін түсіріп, фильмге әкесінің балалығын, жастық шағын арқау етуі әке рухын асқақтатқандай көрінеді. Мүмкін ақын арманы орындалған шығар...

 «Қолданғаннан ем неше,

қорғанғанды – 

қалайды ол.

Ақынсың ба?

Ендеше,

жүрегіңе абай бол!..» деп басталатын «Жүрегіңе абай бол» ирониялық кеңес өлеңі тұтастай «Қадыр стилінде» жазылып, 

«Өмір жүзі алмастың,

өмір деген – тола сын.

Бәлкім, ақын болмассың,

бірақ АМАН боласың!..» деп түйіндейді ақын.

Кітаптың алпыс тоғызыншы бетіндегі «Биле, Жастық» деген өлеңі тұтастай дирижёр саусақтарының кілт төмен түсіп, қайта тез жоғары көтерілгендегі ансамбль ырғағындай төгіп-төгіп жібереді.

«Биле, жастық!

Биле!

Биле!

Биле, сен!

Тосылмастан кешір бастан күйді әсем.

Бұла сезім буған кезде кеудеңді,

Сен бәрібір кең дүниеге сыймас ең.

Биле, жастық!

Биле!

Биле!

Биле, сен!» десе, 

«Еркіндікті ән қылған да,

сән құрған

бұл күн үшін болды қанша жан құрбан

Әкелер мен аналардың есесін

қайтарайық билетпеген тағдырдан...

Қызын!

Кіжін!

Биле, жастық!

Биле, сен!

 

Несі жастық – туламаса 

таспаса,

бір думанды бір думанға қоспаса.

Биле!

Биле!

Биле, әзірге!

Билеп қал!

Өмір кейде билетеді басқаша...» деп тосыннан тоқтата салып,

терең философиялық байламды өлеңнің соңғы шумағындағы соңғы жолға қойып түйіндейді.  

Ақынның сарғыш тартқан кітабының жетпіс бірінші бетіндегі тақырыбы қойылмаған, мазмұнында «Жазылмайды өлеңдер» деп берілген өлеңі үш-ақ шумақтан тұрса да айтар ойы анық. Ақын бұл өлеңіне орыс ақыны Андрей Вознесенскийдің «Стихи не пишутся – случаются» деген сөзін эфиграф етіп алған.  

«Жазылмайды өлеңдер – 

жар алдында мақтану үшін,

Жазылады өлеңдер – 

Ар алдында ақталу үшін...

 

Жазылмайды өлеңдер – 

жабың оза желмегендіктен,

Жазылады өлеңдер – 

жаның маза бермегендіктен.

 

Жазылмайды өлеңдер – 

тірегі барды құлату үшін.

Жазылады өлеңдер – 

Жүрегі барды жылату үшін.

Р.S.

Жылағандарды жұбату үшін.»

Белгілі әдебиетші Бағашар Тұрсынбайұлының Жарасқан жайлы мақаласында «Ол Қадырдан ғана емес, Мұқағалидан, Тө­легеннен, Тұманбайдан, керек десеңіз, Фа­ризадан да көп нәрсе үйренген» деген сөз бар. Өлеңдерді оқып отырғанда кей тұста алаштың аяулы ақындарының шығармаларындағы ойлар мен Жарасқан ойының ұқсастығы байқалады.  Ақынның «Қысқаша өмірбаян» деген өлеңін оқыған сәтте ойыңызға еріксіз оқушы кезде жаттаған Мұқағалидың «Менің анкетам» өлеңі оралады. 

«Ақырғы, 

ең ақырғы,

ақырғы өлең,

сұсты еді,

суық еді атың неден!..

Сонда да қорықпастан,

торықпастан

жыл санап мен өзіңе жақын келем!..» деп басталатын кітаптың соңғы бетіндегі «Ақырғы өлең» – ақын қорқынышы. Өзінің жаза алмай қалатынын, әлі де жазар шығармаларының бар екенін сездіргендей. «Дала, сенің ұлыңмын» деректі фильміндегі ақынның жары Нәзігүл ханымның сөзінше ақынның соңғы сұраған заты қағаз бен қалам болуы әлі кітапқа енбеген «Ақырғы өлеңді» жазғысы келген болар мүмкін. Алқымнан кеп қысатын ажал сәті таяғанда мұңлы жанардағы жазылмай кеткен жырларды көру һәм сезіну ақынға ауыр болар…

Қазақтың ғаламат ақыны Қадыр Мырзалиев Жарасқан ақын жөнінде «Жарасқан болмысынан ақылды қазақ. Мен ол туралы кітаптарын қайта оқымай-ақ сөйлей аламын. Оның бір себебі, Жарасқан жауапкершілікті сезінетін ақын. Шығармаларынан халтура іздеп табу мүмкін емес. Ол жазса қолынан келгенше мәңгілікке, қайта айналып соқпайтындай етіп жазуға әрекет етеді» деген болатын.

Бүгінгі шақта сағынышқа ұқсаған кішкентай, жып-жинақы сары кітап сол уақытта қалың оқырманның қолынан түспеген кітап болғаны анық. Мағжанға ұқсас өлеңдерімен жиырма бір жасында КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, Қазақстан Жазушылар одағының Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлығына ие болу көзі тірісінде «Мағжанды жоқтаушы» деп қараланған Жарасқанның бақыты ма дерсіз?.. Мен алты жаста болғанымда аспаннан бір жұлдыздың ағып түскенін көрдім бе екен, аппақ қардың құшағында бір ақынның соңғы демі үзілгенін сездім бе екем?.. Көрсе, сезсе «Кенже бала» қандай сезімде болды екен?..

 

Меңдібек ЛҰҚПАНОВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар