«Шаһнаманың» тағдыры мен Тұрмағамбет тудырған түркілік рух
«Шаһнама» – парсы әдебиетінің ғана емес, адамзат өркениетінің ұлы мұраларының бірі. «Патшалар кітабы» аталған алып дастанда көне дәуірлердің тарихы, аңызы, ел мен жер, билік пен тағдыр, ерлік пен опасыздық, адамдық пен зұлымдық туралы кең тынысты хикаялар тоғысады.
Әдебиетте тағдырлы шығармалар болады. Олардың дүниеге келуі де, жазылуы да, кейінгі ғұмыры да өзгеше өріледі. Фирдоусидің «Шаһнамасы» сондай тағдырлы туындылардың бірі болса, оның қазақ топырағындағы жаңғырығы – Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Шаһнамасы».
«Шаһнама» – парсы әдебиетінің ғана емес, адамзат өркениетінің ұлы мұраларының бірі. «Патшалар кітабы» аталған алып дастанда көне дәуірлердің тарихы, аңызы, ел мен жер, билік пен тағдыр, ерлік пен опасыздық, адамдық пен зұлымдық туралы кең тынысты хикаялар тоғысады. Фирдоуси бұл ұлы туындысын ондаған жыл бойы жазып, ғұмырын сарқа еңбек етті. Дастанның негізгі нұсқасы шамамен 1010 жылдары тәмамдалғаны ғылыми еңбектерде айтылады. Алайда ұлы шығарма авторының өз тағдыры да дастанның тағдырынан кем болған жоқ. Фирдоуси «Шаһнаманы» Ғазнауи билеушісі Махмұд сұлтанға арнады деген тарихи аңыз бар. Бірақ ақын күткен құрмет пен сый-құрмет толық көрсетілмейді. Дастанның парсылық рухы мен ақынның ұстанымы билеушінің көңілінен шықпағаны жөніндегі әңгімелер ғасырлар бойы айтылып келеді. Аңыздың ең әсерлі тұсы – шығарманың дүниеге келгеннен кейінгі өкініші.
Махмұд сұлтан уақыт өте келе ақынның еңбегін бағалап, уәзірлеріне сый-сияпат, алтын-күміс жеткізуді тапсырады. Уәзірлер арбаларына қазына тиеп, Фирдоуси қоныстанған шаһарға қарай жол тартады. Бірақ қала қақпасынан кіре бергенде, алдынан мүрде алып шыққан адамдар кездеседі. Сонда ғана олар алтын-күмісті алуға емес, ақынның жаназасына кешігіп келгендерін түсінеді. Осылайша арбадағы қазына Фирдоусиге бұйырмады. Ұлы шайырдың ғұмыры жоқшылықпен, өкінішпен аяқталды деген осы аңыз «Шаһнаманың» өзіне де ерекше тағдырлы сипат береді.
Арада ғасырлар өтті. Мың жылға жуық уақыттан кейін «Шаһнама» Сыр бойына жетіп, Тұрмағамбет Ізтілеуұлының қолына түсті. Бұл жерде бір маңызды мәселені айту керек: Тұрмағамбет жасаған дүние – жай ғана сөзбе-сөз аударма емес. Ол Фирдоуси сюжетін қазақтың шайырлық, жыршылық дәстүрі мен төл поэзиясының заңдылықтарына салып, қайта жырлады. Сондықтан Мұхтар Әуезов те Тұрмағамбет нұсқасын Фирдоуси үлгісімен халық ақынының өзі өлең етіп жазған қазақша нұсқа ретінде жоғары бағалаған. Міне, осы жерде екі алып ақынның арасында ғасырларды жалғаған рухани көпір пайда болады. Фирдоуси көне аңыздарды парсы тілінің қуатымен сөйлетсе, Тұрмағамбет сол әлемді қазақтың жыр тіліне көшірді. Фирдоуси дастанындағы оқиғалар Тұрмағамбет қолында Сыр бойының жыраулық дәстүрімен қайта түлеп, қазақ оқырманына жақын сипат алды. Әсіресе түркілік дүниетанымның, ерлік пен елдік идеясының айқындала түсуі – Тұрмағамбет нұсқасының басты ерекшеліктерінің бірі. Сондықтан Тұрмағамбеттің «Шаһнамасын» Фирдоусидің көлеңкесі емес, оның ұлы туындысымен шығармашылық сұхбатқа түскен дербес көркем дүние ретінде бағалау қажет. Түпнұсқадағы оқиға желісі сақталғанымен, Тұрмағамбет оны қазақтың сөз өнері өлшеміне түсірді. Кейіпкерлердің мінезі, оқиғаның баяндалуы, батырлық сарын, табиғат суреттері – бәрі де қазақы поэтикалық өрнекпен өрілді. Зерттеушілер де Тұрмағамбет нұсқасының Фирдоуси мәтінінен көркемдік тұрғыда ерекшеленіп, өзіндік сипат алғанын атап көрсетеді. 1936 жылы Тұрмағамбет Ізтілеуұлы Фирдоусидің «Шаһнамасын» қазақ тіліне еркін түрде тәржімалап, шамамен 40 мың жолдық көлемді еңбек тудырды. Бұл жұмыстың орындалуына сол кезеңдегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі тұлғаларының ықпалы болды. Әсіресе, өзінің шәкірті, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанда министрлік қызмет атқарған Темірбек Қараұлы Жүргеновтың қолдауы ерекше болды. Тұрмағамбет нұсқасы кейінгі жылдары «Рүстем – Дастан» атауымен жарық көріп, қазақ оқырманына кең тарады. Екі ақынның тағдырындағы ұқсастық та ойландырмай қоймайды. Фирдоуси де, Тұрмағамбет те өз заманындағы ұлы мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізді. Екеуі де сөздің қадірін білді. Екеуі де өлеңді жай өнер емес, халықтың рухани жадын сақтайтын құдірет деп таныды. Бірақ олардың айырмашылығы да айқын көрінеді.
Фирдоуси көне Иран тарихы мен аңыздарын бір арнаға тоғыстырып, парсы тілінің ұлы эпопеясын дүниеге әкелсе, Тұрмағамбет сол мұраны түркілік таныммен қайта сөйлетті. Оның «Шаһнамасы» қазақтың шайырлық, жыраулық дәстүрімен біте қайнасып, Сыр бойының сөз өнеріне тән мақам мен қуатты тілдік өрнекті бойына сіңірді. Сондықтан Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» – бір тілден екінші тілге жасалған аударма емес. Ол – бір өркениеттен екінші өркениетке өткен ұлы шығарманың жаңа ұлттық сипатқа ие болуы.
Мұны Мұхтар Әуезовтің бағасы да дәлелдейді. Ғалым Тұрмағамбет нұсқасын Фирдоуси үлгісімен қазақ ақынының өзі өлең етіп жазған нұсқа ретінде таныған. Бұл – Тұрмағамбеттің аудармашылық шеберлігіне ғана емес, оның ақындық қуатына берілген биік баға. Бүгінде Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Шаһнамасына» 90 жыл толып отыр. Тоғыз онжылдық – бір адамның ғұмыры сиятын уақыт емес, тұтас бір рухани дәуірдің өлшемі. Осы уақыт ішінде Фирдоусидің «Шаһнамасы» Тұрмағамбет арқылы қазақша сөйлеп, қазақ оқырманының жүрегіне жол тартты. Ал Тұрмағамбеттің өзі Фирдоусидің көлеңкесінде қалған жоқ. Керісінше, әлемдік әдебиеттің алып мұрасын қазақтың төл жыр дәстүрімен қайта түлетіп, өзінің ақындық биігін танытты. Фирдоуси «Шаһнамамен» парсы сөзінің мәңгілігін дәлелдесе, Тұрмағамбет сол ұлы мұраның қазақ тілінде де өмір сүре алатынын көрсетті. Бәлкім, ұлы шығармалардың тағдыры осындай болар. Бір ақын ғасырлар бұрын жазған жырын қалдырады. Екінші ақын сол жырды өз халқының жүрегіне жеткізеді. Ал шығарма болса, екеуінің арасындағы ғасырларды жалғап, қайтадан өмірге келеді. Сондықтан Тұрмағамбеттің «Шаһнамасы» – өткеннің ескерткіші емес, бүгінгі ұрпаққа аманатталған тірі рухани мұра. Оны қайта оқу – Фирдоусиді тану ғана емес. Оны қайта оқу – Тұрмағамбетті тану. Ал Тұрмағамбетті тану – қазақтың шайырлық, жыраулық дәстүрінің қаншалықты терең әрі әлемдік әдебиетпен терезесі тең тұрғанын тану.
Берік Саймағанбетов,
Жыршы, ҚР мәдениет қайраткері,
Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі,
Қызылорда «Болашақ» университетінің аға оқытушысы.
