Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Салтанат Қожаның қар туралы өлеңдері...

12.02.2016 6315

Салтанат Қожаның қар туралы өлеңдері

Салтанат Қожаның қар туралы өлеңдері - adebiportal.kz

 



12695896_1701995793379693_1539324683_n.jpgАқпан, маған бағыңды бер азырақ...


Жар дегенде жалғызымын әкемнің,

Әкем сынды сабырыма бекеммін.

Жылап жатқан ақ анамды жұбатып,

Мен өмірге күліп келген екенмін.

                                                                                          

Бесігімде күліп қана жатыппын,

Жетіліппін жөргегінде уақыттың.

Төрт батырын түгендеген әкеме,

Төрт мезгілден кейін келген бақытпын.

 

Сол жандардың тілеуімен келгем мен,

Төрт құбылам­ ­­­­ төрт жағымнан дем берген.

Миығына жасырсын деп бар мұңын,

Тәңір маған тарыдай ғып мең берген.

 

Балалықпен бұрын білмей жүріппін,

Ақ анамның жанарынан сыр ұқтым.

Мына өмірдің суығына төзсін деп,

Аппақ қарға шомылдырған қырық күн.

 

Содан болар маған әлі жақын қар,

Кейбіреудің халі де жоқ жақындар.

Ақпанға ұқсас болмысыммен біртүрлі,

Кей адамды суытатын хақым бар!

 

Мендік көңіл суытқанмен азынап,

Мейірленсем көктем болар қазір-ақ.

Жүректегі жібітейін көк мұзды,                                  

Ақпан, маған бағыңды бер азырақ.

 

Бағыңды бер, барыңды бер тақсыр күн,

Жан жарама жігерімді жапсырдым.

Үнсіз іштей қайталап ап дұғамды,

Тағдырымды Тәңіріме тапсырдым...

 

 

Қар қызы

 

Ақпанда туылғам...

Ақ анам ақ қарға аунатып алған-ау...

шамасы...

Содан ба, жүрегім суынған...

Көңілде көк мұз бар,

Қарашы...

Көзіме жас болып келеді,

Тайғанақ тағдырдың наласы.

 

Көңілім ақ қардай...

Қара жер бетіне асығып,

ақыры түспеген!

Бағдарсыз бір бақыт тапқандай,

Ұша алмай жылайды құс-денем...

Толағай - тағдырдың салмағын,

Көтерем нәп-нәзік күшпенен.

 

Аспанға қарадым...

арманмен...

Ақпанның ақ қарын көруге асығып...

Әйтпесе, қара жер – қара мұң,

Қап-қара моншақтай шашылып.

Аппақ қар құшақтап жатқаны-ай,

Қара жер күнәсін жасырып...

 

Аққала сезімдер...

Әдемі!

Ертең-ақ еритін жанардың жасымен.

Өткен күн өшпейді көзімде...

Не үшін жылаймын осы мен?!

Өмірге өкпелі, Оралхан жоғалтқан,

«Қар қызы» шығармын расымен...

Мүмкін...

 

****

 

Жасағанмен бақытқа қадамды мың,

Ақынды кім түсінер? Адамды кім?!

Уысымда жылайды ұлпа қар боп,

Адамдардан көп күткен адалдығым...

 

Шарласам да арманның қаласын мың.

Бүгін мені аппақ қар баласынды...

Иіскегендей боламын ақ қар көрсем,

Ақ шәлісін аяулы анашымның.

 

Өткен күннің суретін сап жүремін,

Ақ қаламмен... Аппақ қар – бақ, жігерім.

Ақ қар көрсем сақалын сипалаған,

Сағынамын әкемнің ақ жүрегін.

 

Тек ақтықтан алады сыйын әркім.

Сол ақтықты құшаққа жиып алдым.

Ата-анамнан аумайтын аппақ қарды,

Көз жасыммен жып-жылы сүйіп алдым..

 

 

***

 

Ақпанның ақ таңы...
Мен күткен, күтетiн асығып.
Жүрекке байладым ақ ұлпа мақтаны,
Шаң басқан ренiш, өкпені жасырып.
Көңілдi қуаныш билейдi бiр-ақ сәт,
Аспаннан аппақ қар - адалдық шашылып.

 

Балаша шаттанар...
Маңдайға жазылған тек қана бiр-ақ күн!
Алдымда иiлiп мұңайды аппақ Ар.
Мен оны жыламай, жырыммен жұбаттым.
Жанарға бiр бақыт жайғасты жасқанып,
Байқатпай кiрпiктен қайғымды құлаттым.
Бақытты болу үшiн...

 

***

  

Аппақ қармен саулап жатыр көктен нұр.

Қыс болса да көптен күткен Көктем бұл.

Қызыл көйлек киген қызға айналды,

Аппақ анам сол ақпанда еккен Гүл.

 

Естелік боп қол бұлғады ерке күн.

Шерлі анамның шер-шеменін шертемін.

Бақытыммен қол ұстасып, соңымнан,

Бала күннің көлеңкесін ертемін.

 

Талай сыннан түрегеліп, жығылдым.

Өлең барда өмір барын ұғындым.

Алла берген сабырыммен айналдым,

Иесіне Салтанатты ғұмырдың.

 

Бұл ақпанға арман айтып келгенмін.

Тілмен жиған несібемді терген күн!

Қар қызының биін билеп аспанда,

Жел-сыбызғы әуенімен тербелдім.

 

Жүрек сезер бір жақсылық боларын.

Білсем дағы құшақ гүлге толарын.

Тек аядым анаау жігіт қолында,

Жиырма жеті раушан гүлдің соларын.

Ертең...


 

***


 

Саған ұқсас асқақ едi арманым,

Ал, жүрегім ерiмейтiн ақ қала.

Жерге түскен ақ ұлпаның қалғаны –

Кей адамның ниетiндей қап-қара.

 

Адам әлсіз, Алла мінсіз, Сол - шебер,

Бiрiн-бiрi келе жатыр түсінбей.

Кеудемде бiр құдірет күш болса егер,

Жүрер едiм сенi жерге түсірмей.

 

Менi саған жетелейтiн жолым қай,

Менде ондай қайдан болсын күш бірақ?

Адамдар жүр жүректерiн қоңырқай,

Сенің аппақ актығыңмен ысқылап.

 

Бар екенін байқа осыдан бағаңның,

Құласаң да қадіріңдi түсірме.

Ақтарылып ақыл айтқан ағамның,

Саған ұқсас ақиқат бар ішінде.

 

Өткен күннің есiме алсам елесін,

Ауыл жақтан аппақ анам айтады ән.

Биыл тағы әкемдей боп келесің,

Бiз ақпанда қауышамыз қайтадан.

 

Өткен ақпан өкінішпен өпкен шын,

Содан кейін жаным жырақ жаттан да.

Асқақ қызды жұбатамын деп келшi,

Аспан жақтан құлап келе жатқанда...

 

Салтанат Қожа


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар