Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Сандуғаш Сағидуллиева. Жас қаламгер, жаңалыққа тал...

06.09.2019 5258

Сандуғаш Сағидуллиева. Жас қаламгер, жаңалыққа талпыныс, жаңашылдық іздер 12+

Сандуғаш Сағидуллиева. Жас қаламгер, жаңалыққа талпыныс, жаңашылдық іздер - adebiportal.kz

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиеваның ғылыми жетекшілігімен «Тәуелсіздік кезеңіндегі жас қаламгерлер прозасы және әлемдік әдеби дәстүр ықпалдастығы: готикалық, мистикалық, магиялық мотивтер (әдеби көркемдік поэтикалық және психологиялық аспектілер)» тақырыбындағы ғылыми жобада зерттеу тобының мүшесі ретінде және магистрлік жұмысымның зерттеу нысанына алынған жас қаламгер Мақсат Мәліктің туындыларын талдай отырып түйген ой...

(Мақсат Мәлік шығармаларындағы мистикалық мотивтер)

Қазіргі ғылыми түсінікте «мистика» термині кең және тар мағынада қолданылып жүргенін білеміз. Кең мағынасында табиғат пен қоғам құбылыстарын құпиялылық, ақылға қонбайтын, табиғаттан тыс бастауына сенім негізінде түсіндіру жатыр. Мистика тар мағынада адамның табиғаттан тыс құбылыстармен (құдай, шайтан, рух, сиқырлы күш, тағдыр т.б.) тікелей байланыс жасау мүмкіндігіне сену, табиғаттан тыс, трансцендентті әлеммен қарым-қатынастың ерекше тәсілдерімен беріледі, яғни тек теориялық тұрғыдан ғана емес, өзіндік тәжірибе арқылы білдіреді.

Жоғарыда атап өтілген мистикалық сарындарды өз шығармаларына арқау еткен, жаңашылдыққа жаны құмар Мақсат Мәліктің туындыларынан да көруге болады.

«Жұмбақ кітап» атты әңгімелер топтамасына енген «Бассыз бөрі», «Ажалмен бетпе-бет», «Ажалды қуған жігіт», «Ертекші қыз», «Талақ таң», «Үшінші әлемнің тұрғындары», «Қарғыс атқыр патшалық», «Жұмбақ кітап», «Кәрілік», «Әкені аңсау», «Қабір түні» сынды әңгімелері әлемдік әдебиеттің мистикалық, утопиялық, қорқыныш, үрей тудыратын формасына еркін бойлаған.

«Бассыз бөрі» әңгімесінде сиқырлы күш арқылы бассыз бөрі өзінің басын іздеп жолға шыққан. Бөрі бассыз кейіпте болса да, ол айналасын көріп, сөйлей де алады. «Көк бөрінің маң даланы үрейге бөлеп ұлығысы келеді. «Ауууу... аууууу... ауууууу...» Ұли алмады. Басы жоқ екен. Қайда қалды, біреулер шауып алды ма, әлде өзі бір жерге ұмытып кетті ме, о жағын біле алмады. Қатты өкінді. Ұли алмағанына. Жортып келеді. Жоғалған басын іздеп. Ұзақ жүрді. Басы еш жерден кезікпеді» [1, 48 б.].

Бөріге «Ей, Тәңірім» деп тіл бітіруінің өзінде автор бөрі тотемдіндегі биік рухты аңсайтыны аңғарылады. Адамша тіл қатқан бөріні Тәңірі жауап береді. Тәңірі бөріге адамның басын таңдауына ерік береді. Алайда адамның басынан гөрі өзінің басын аңсайды. Өз үйіріне қосылып, ұлығысы келеді.

Мистиканың ең қарапайым нысаны магия болып табылады. Магиялық шығармалар адамның аса қасиетті қабілеттері мен мүмкіндіктеріне деген сенімге байланысты, сиқырлы күшпен басқару құпияларын иеленетін аса қуатты, жан-жақты әлемге: өлгендердің жаны, рухтар, шайтандар, құдайлармен қарым-қатынас жасау арқылы беріледі.

«Ажалмен бетпе-бет» атты туындысында мистикалық элемент ретінде адам мен Ажал берілген. Шығарма кейіпкерлерінің есімі аталмайтын әңгімесінде жас журналист елді елең еткізер жаңалық іздеп, ажалдан сұхбат алуға шешім қабылдайды. «Ақыры бір байламға тоқтадым. Нысананы тапқандаймын. Ажалдан сұхбат алатын болып шештім. Осының алдында ғана әлдебір газеттен бір адамның «Ажалды қуған жігіт» деген әңгімесін оқығаным есіме түсті. Сол сәтте әңгімедегі кейпікердің Ажалды таппай сенделіп, сарсылып жүргеніне ызаланғанмын. Ал журналистердің бір көрінген адамның соңынан бәрі жүгіріп, жапатармағай газет беттеріне соны жариялайтыны болмаса, Ажалдан сұхбат алғандарын көрмеппін» [1, 11 б.].

Осылайша Ажалға деген сұрақтарын реттестіріп, Ажалды іздестіруге шығады. Бір қызығы Ажалға қоңырау да шалады. Ақыры іздеген Ажалды Алланың үйінен кезіктіреді. «Қасына бардым. Сенесіздер ме, бірінші рет Ажалдың бет-әлпетін, түр-түсін көрдім. Адамға да, аңыздағы шайтандарға да мүлдем ұқсамайды. Бірақ, кешіресіздер оны суреттеп бере алмаймын. Бөлек бітім» [1, 12 б.].

Өзінің мистикалық кейіпкерімен бас қаһарманды тілдестіріп те, жүздестіріп оқырманның санасына түрлі ой сала білген Мақсат Мәлік аталмыш шығармасында қазақ ұлтының бүгінгі күйі жайында ой тастайды: «- Алты миллард адамның қайсысың, - деді. Молда жайында қалды. Молданы құдай сақтады. Ажал бар назарын маған аударды.

  • Қазақпын. Журналист едім...
  • А, не дейді, сендер әлі жер бетінде бар екенсіндер ғой (таңданып тұр). Жандарың сірі екен... Білемін... қазақтарды білемін» [1, 12 б.].

Аталмыш әңгімедегі уақыт және кеңістік мәселесіне тоқталар болсақ, кеңістігі жер бетінен басталғанымен, екінші әлемге сапар шегу арқылы жалғасады. Уақыт жағынан екінші әлемге сапар шеккен журналист бір күннің өтіп кеткенін жер бетіне келген шақта біледі. «Есікті ашқан пәтер иесі: - Қайда жүрсің? Екі күн болды, жұмысыңнан іздеп маза бермеді. Перінің қызына еріп кеткеннен саумысың, түріңе не болған, өңің боп-боз...» [1, 20 б.].

«Ажалды қуған жігіт» аты айтып тұрғандай шығармада Ажалды түнде түсінде көріп, күндіз әр бұрыштан іздеп жүрген жас жігіт жайында. Ажалмен тек түсінде ғана кездесіп жүрген жігіт іздеп табуға бекінеді. «Жоқ... бәрібір мен сені он сегіз мың ғаламнан болса да тауып аламын. Бекерге қашасың, бекерге...» - деп айқайлады» [1, 33 б.].

Қала көшелерінен Ажалды іздеп шарық ұрған жігітті қара көлік келіп қағып кетіп, жігіт мәңгілікке өзі қуған Ажалмен енді бетпе-бет кездесті. «Көзін ашты. Құлағына лентасы шайналған магнитафондай күңгір дауыстар естіледі. Ажалды көрді. Бірден таныды. Мазақ етіп тұр. Қашпайды» [1, 36 б.].

Бұл әңгімелерді оқи отырып жапондық жазушы Юкио Мисима жазу стилін еске түсіреді. Ю. Мисима туындыларындағы кейіпкерлері де өлімге құштар жандар. Мақсат Мәліктің екі әңгімесі «Ажалмен бетпе-бет», «Ажалды құған жігіт» кейіпкерлері адам санасына ұялаған Ажалдың үрей елесінен қорықпайды. Ажалмен тілдесіп те, ізіне түсіп жүріп алатын кейіпкері барлық адамға да өлімнің, Ажалдың келетін уақыты бар екенін көрсетеді.

М. Мәліковтің «Кейіпкердің қазасы» туындысы қорқыныш пен үрейге құрылған. Оқып отырған жан көз алдына жазушы мен тілдескен кейіпкер үш досқа таңырқай да, сескене де таңданады. Жазушылық жолында әлі де романға бет байлап көрмеген жазушы өзін көптен күттірген романын жазуға бекінеді. Тақырыбын қарабайырлау «Үш дос» деп алған. Күндіз-түні жазу үстелінен бас алмаған жазушы романдағы әрбір оқиғаны үш доспен ақылдаса отырып шешетін.

«Бүгін түнде Бірінші Дос келді. Қолында ораулы заты бар. Жазушымен өте жылы амандасты. Өзі күлімсіреп тұр.

- Амаңсың ба?! Кел, орңына отыра ғой. Қолыңа не ұстап алғансың?

- Ә, отырамын ғой. Қолымдағы дейсің бе, шоколад қой. Өзің романда жазып келе жатқандай ішпейтіндігімді білесіз, жәй, жаңа дүкенге соғып ала салған едім. Мынау сізге...» [1, 62 б.]. Бұл жолдарды оқыған оқырман ойына елестің дүкенге соғып, шоколад алғаны күдік пен сұрақ тудырады. Алайда Мақсат Мәлік бұл сауалдың жауабын: «- Мұны қалай алып жүрсің, сен елес кейіпкер емессің бе? Тіптен меннен басқа адамдарға көрінбейсің де.

Сәл күлімжіген Бірінші Дос:

- Ретін табамыз ғой, - деп сендіре тіл қатты» [1, 62 б.] деп береді.

Әңгіме мәтінінен кейіпкерілерінің жазушыға бағынбауын көресіз. Жазушының романының шарықтау шегіне жеткен тұсында басқалардан ерекше болуы үшін «Жоқ, бұл романда біреуі өлуі тиіс. Және қалған екеуінің қолынан өлуі тиіс. Сол арқылы адамдардың жұмбаққа толы психологиялық қырларын ашып көрсетуім тиіс» [1, 61 б.] деп шешеді. Қанша қиналғанымен жазушы романын тәмамдап, бір досты өлімге қиды. «Соңғы нүкте қойылды. Үш достың біреуі қаза тапты. Оны аңық сезіп тұр. Бірақ қайсысы болуы мүмкін? Соңғы нүкте қойылған парақты оқып шығуға батыы жетпей, тек соңғы сөйлемді оқыды. «Екі дос қабірдің басында жылап тұрды» деп аяқталыпты» [1, 66 б.].

Әңгіме сюжеті ерекше құрылған. Эдмунд Берк: «Ешбір сезім дәл қорқыныш секілді бізді ақыл-парасатымызбен қоса билей алмайды. Мұндайға тек қорқыныш сезімі ғана қабілетті» [2] дейді. Мақсат Мәлік «Кейіпкердің қазасы» шығармасында оқырман санасына қорқынышты елес арқылы білдірді.

Елес, о дүние жайында оқырманға қорқыныш, үрей сезімін тудыратын Мақсат Мәліктің «Ертекші қыз» әңгімесі де елес қыз жайында. «Өзі де бір қызық жан, өн бойынан адамдарға тән қандай да бір іс-қимылды, мінез-құлықты байқаған емеспін. Ешқашан күлмейтін, адамдарға тән болмыспен қайғырмайтын, жүріс-тұрысы да мүлде бөлек. Үстіндегі аппақ көйлегінің кең етегі желмен баяу тербеліп, бір қарағанда аяқсыз қозғалып келе жатқандай немесе ұшып жүргендей әсер қалдыратын» [1, 67 б.]. Байқағанымыздай кейіпкер ертекші қызда адамға тән белгілерден гөрі шайтан, елеске тән сипат басым. Сонымен қатар, шығармада мифтік культ ретінде от берілген. «Күнде кешкісін ауыл шетіндегі жалғыз кәрі еменнің түбінде отырып алып, ертегісін бастайтын. Тезек теріп от жағатын. Кейіннен бұл жұмыс менің құзыретіме ауысты. Кеш батысымен жалғыз еменнің басына барып, от жағамын. Күн батыс жақтан Ертекші қыз келеді. Аппақ көйлегі кешкі қызыл жалынға оранған мезетте, өзі от болып жанып келе жатқандай елестейді» [1, 68 б.]. Қазіргі қазақ прозасындағы мифопоэтикалық сарында жазылған шығармалардағы мифтік элементтердің қыр-сырын зерттеген Айнұр Төлеу: «Кез келген ұлтта отқа қатысты мистикалық һәм мифтік таным болуы заңдылық. Отты игеру арқылы адамзат өмірінде үлкен серпіліс болғанын байқау түк те қиын емес. Отқа қатысты үрей мен оны кие тұтатын танымды көне мифтік кейіпкерлерден көптеп кездестіруге болады. Аузынан от шашатын айдаһарлар мен бергі танымдағы исламдық нанымға сәйкестенген тозақ оты да – осы отқа қатысты адамзат түсінігінің жемісі» [3, 95 б.]. Мақсат Мәліктің кейіпкері от жағып, ертекші қызды «Аппақ көйлегі кешкі қызыл жалынға оранған мезетте, өзі от болып жанып келе жатқандай елестейді» [1, 68 б.] деп береді.

Жалпы мистикалық шығармалардың көпшілік өтетін уақыты – түн. Мақсаттың бұл әңгімесінде де кейіпкер ертекші қызбен тек түнде ғана жолығады. Ертекші қыз шын мәнінде өмірде бар ма, әлде кейіпкер күнде күн батқан шақта елес қызбен кездесіп жүр ме белгісіз. Өзінің ертегісімен еліктірген Ертекші қыз кейіпкерді өз әлеміне алып кетеді. «Үйге асығыс кірдім де, кішкене ғана дорбаға қолыма іліккен киім-кешектерім мен дүниелерімді жинап салдым да, ешкімге көрінбестен үйден шыға жөнелдім. Жүре бердім... Есімді жисам қою қара түн тұмшалапты. Тізерлеген қалпы, ертегі айтып отыр екенмін» [1, 71 б.]. Осылайша, Мақсаттың «Ертекші қыз» әңгімесіндегі кейіпкер мәңгілікке елес кейіпкердің соңынан басқа әлемге аттанады.

«Үшінші әлемнің тұрғыны» әңгімесінде автор әлемді үш деңгейде қарастырады. Жер бетін, яғни бірінші әлемнің тұрғыны болған жігіт бір түннің ішінде үшінші белгісіз әлемге тап болады. Барлық адамдардың қиялымен ұштасқан бұл әлемді ерекше әдемі, тыныш, бейбіт қалпында бергенімен, тұрғындары адамға ұқсату қиын еді. «Адамдар маған жақындады. Бетпе-бет тұрмыз. Олардың қарасы қанша екенін көре алмадым. Бірақ, қуанышым сап басылып, не олардан қаша жөнелерімді немесе сол қалпымда тұра беретінімді білмей қатты састым. Себебі, мені қуана қарсы алған жандарды не адамға, не құбыжыққа ұсату қиын. Барлығының бойлары екі жарым метрдей, биік-биік. Бірдей көк түсті киімдер киген. Шаштары ұзын. Көздері қып-қызыл әрі дөңгелек. Мұрындары өте үлкен және ерсілеу. Құлақтары жоқ. Дегенмен айтқан сөздерімнің барлығын естиді, әрі мен де олардың сөздерін түсінемін» [1, 83 б.]. Жер бетін тіршілік еткен жан үшінші әлемнің патшасымен жолығып, не үшін келгенін түсінеді. Себебі, шар айна арқылы патша қызы жер бетін тамашалап отырып, кейіпкер жігітке ғашық болып қалған. Патша жігітті қызының өтініші бойынша алдырып, осы әлемнің тұрғыны болуды, өзінің мұрагері болуға ұсыныс жасайды.

Патшалықта жігітке ешкім көрмеген әсте тек төрт жанның қолында болған шарды береді. Өз мекенін жерді сағынып жүрген жігіт сол шар арқылы жер бетіндегі тіршілікке көз тастайды. «Жер бетінде орын алып жатқан оқиғалармен таныстым. Достарымның барлығы қуғыңда жүр екен. Бір-екеуі түрмегеде қамалыпты. Не үшін отырғандарын өздері де білмейді. Қулық-сұмдық, алдау-арбау дегенің жетіп артылады. Бәрінің де күнделікті кәсібі дерсің. Ешкім ешкімді аяйтын емес. Осылардың барлығын жер бетінде жүргенімде қалай байқамағаныма таңмын» [1, 92 б.]. Жер бетінен турасында адамдардан, олардың тіршіліктегі қым-қуыт кереғар болмысынан кейіпкер жалығып, үшінші әлемнің тұрғыны болуды ұйғарады.

Мақсат Мәлік жер бетінен де бөлек әлемнің бар деп көрсетіп, жер бетіндегі адамдардың тұрмысынан жалыққан оқырман ойына ой салады. Автордың «Үшінші әлемнің тұрғыны», «Қарғыс атқыр патшалық» сынды әңгімелерін оқи отырып әр оқырман сол мекенге көз тастағысы келетіндей.

«Қарғыс атқыр патшалық» атты әңгімесінде елдің сөзіне сенсе жер бетінде кереметтей, жұмақ деп есептейтін, адам аяғы баспаған мекен бар екен. «Ол жақта бәрі керемет деп еститінбіз. Ұзын құлақ бойынша жұмақ төріндей елестейтін. Бірақ ешкім ол жерге барып келген емес. Бар сырға тек қана сырттай қанықпыз» [1, 94 б.]. Осылайша кейіпкер жұмақ мекенді іздеуге жолға шығады. Ұзақ сапарға шыққан кейіпкер өзі іздеп келе жатқан мекеннің тұрғының жолықтырады. Ол тұрғының сөзіне сенсе, жұмақ мекен дегені өтірік. Сол елдің байырғы тұрғындары алдау мен арбауда отырғанын, тіптен келгенде сол тілде сөйлеуге де тиым салынғанына шағымданып, елден қашып баратынын айтады. «- Қашпағанда қайтемін, басқа амалым да қалмады, ол жақта байырғы тұрғындардың халі мүшкіл. Бәлкім сіз басқасыз ғой, сіз үшін бәрі бір ізге түсіп, өз қалпымен кете берер. Бірақ мен үшін мүмкін емес. Сенесіз бе, мәселен сіз менің айтқандарымның барлығын түсініп тұрсыз, ал ол жақта маған дәл осы тілде сөйлеуге тыйым салынған. Бар жазығым сол жердің байырғы тұрғыны болғандығым ғана...» [1, 96 б.]. Автордың осы әңгімесі арқылы қазақ елінің жер, тіл мәселелін көтереді. Жат жұрт үшін мекеніміз жұмақ ретінде көрінгенімен, байырғы халықтың әлі де болса тұрмысы мен тілі мүшкіл.

«Жұмбақ кітап». Кеңістігі – табыттың іші. Кейіпкердің аты аталмағанымен, өмірден өткен жан. Кеуде тұсынан кітап қойылған. Қараңғы көрдің ішінде кітапты оқи алмады. Табыттың ішінде жатып айналасындағы адамдарға құлақ түрген кейіпкер өзің мақтай бастаған жандарға басында риза болғанымен, көлгірсіген мақтаулардан кейін ызалана бастайды. Ызадан қолындағы кітапты ұсақтап жыртып тастайды. Автор шығарманың өң басынан бұл кітаптың сырын білдірмей, шарықтау шегінде ғана бұл кітаптың Амал кітабы екенін оқырманға аян етеді. «Қанша уақыт өткені Аллаға аян, әйтеуір өлі тыныштық. Адамдар да мені жер қойнына тапсырып кетіп қалғаны-ау шамасы... Жо-жоқ, тағы біреу қабірімнің басында ма, әлде жанымда ма, дауысы құлағымның түбінен естіле күбірлеп тұр екен. Дауысында сиқыр бар, өте ерекше. Тылсым күш еріксіз тыңдауға мәжбүрледі. Ол ұзақ та сөйлемеді, тек: «Мен саған не айтайын, пендем, бәрі ана кітаптың ішінде жазулы ғой» деді де, сап тиылды. Мен жалма-жан ұсақ қиындыларды құрастырмақ ниетпен қолымды көтере беріп едім, саусақтарым шашылып кетті. Мені еті ағып кеткен, қаудыраған қу сүйекке айналып үлгеріппін» [1, 100 б.].

Мақсат Мәлік шығармаларының көпшілігінде «Жұмбақ кітап», «Оралу», «Қанды қол» т.б. кейіпкерлерді өлген адамның ойымен сөйлете біледі. Тылсым тақырыптар ішінде өлім туралы көп сөз қозғайтын автордың «Қабір түні» шығармасыда өлген кейіпкердің көрде жатып сыр шертуінен басталады. Өлген мезетте не тозаққа не жұмаққа баратын сенім бойынша кейіпкерде өз мекеніне барар сәтті күтуде. Алдына екі бейне келеді, бірі ақ шапан кисе, екіншісі қара шапан жамылған. Ақ шапан жамылғанын қолында ұзын қағаз, ал қара шапандысы бір бет қана қағаз ұстап алған. Кейіпкерге өмірдегідей таңдау берген тұста, жақсылығының көп екенін көре тұрып, нендей қиянат істегенін білгісі келіп қара шапандыны тандайды. «Сізге соңғы мүмкіндік беріледі. Қайсысынан бастайық: тірліктегі жақсы істеріңізден бе, әлде жамандықтан ба?» деп сұрады.

- жамандықты естігенмен, артынан үлкен жақсылықтар жұбатар болар. Сондықтан да әуелі жамандықтан бастаңыздар» [1, 123 б.].

Кейіпкеріміз өмірде білместікпен үш қана күнә істеген. Өзінің үш-ақ күнәсін білген кейіпкер алғашында қуанғанымен, қол аяғынан айырылып қан жұтып қалады. Адамның адамшылық қасиеттері де қай жақта болса да қалмайтыны іспетті ол қара шапандымен санаса бастап, өзін ақтап алғысы келеді.

«Сіз бар өміріңізде үш қиянат жасапсыз». Ол қуанып кетті. «Сонда алпыс үш жылдық ғұмырымда үш-ақ рет қате басқаным ба, онша-мұнша ауыр нәрсе емес қой», - деп ойлап үлгергенше, Қара киімдегі:

- Бірақ осы күнәларыңызды сізге үш жүз жылдық ғұмыр беріп жер бетіне қайтарса да, ақтай алмайсыз.

- Үш жүз жыл дейді... Айып болмаса, сол күнәларымды айтып бересіз бе?

- Қазір бастаймыз!

- Міне, сіз он алты жасыңызда табаныңызбен таптап бір құмырсқаны өлтіргенсіз. Сіздің қолыңыздан жаһаннамаға аттанған сол құмырсқа қазір жұмақта, «бірақ менің мекенім тозақ еді» деп әлі күнге дейін қапаланып жүр.

- Мұныңыз қалай? Құмырсқа жұмақта жүрсе, керісінше маған рахмет айтпай ма? Кім құрт-құмырсқаға қарап жүр дейсің.

- Сіз, өзіңізге ғана жауап беріңіз.

- Жарайды, сол сәт менің есіме түспей отырғаны. Байқамай басып кетуім м де мүмкін ғой.

- Егер сіз табаныңыздың астында не жатқанына мән бермейтін болсаңыз, өзге істерді қалай атқардым деп ойлайсыз?

- Қойыңыз енді. Мұныңыз көпе көрнеу жала жабу ғой.

- Енді бізге де ауыз салауын дедіңіз бе, бұл тіптен кешірілмейді» [13, 124 б.].

Осы диалог арқылы адам өз күнәларына кешіріммен қарау болмысына ие екені, адамның тағдырды өзі тандайтындығы да ой астарында беріліп өткен. Қабір астындағы адам арқылы жалпы адамзатқа тән «ұсқынсыз» әрекеттер мен мінездерді жас жазушы ұтымды бере білген.

Қабір азабы туралы мифтің желісімен құрылған әңгіменің негізгі өзегі адамның түсініксіз болмыс иесі екендігін жеткізуде болса керек.

«Әкені аңсау» әңгімесі тылсым күш, жұмбақ оқиғаға негізделген. Сюжет бойынша жас қыз түнде түс көріп шығады. «Оянып кетті. Терезеден сығалаған ай сәулесі ақ жүзін нұрландырып тұр екен. Ұзын шашы мамық жастықтың үстінде төгіліп жатыр. Көрпесі ашылып қалыпты. Түс көргендей сезініп, «осы жаңа ғана қандай түс көрдім» деп ойлады. Есіне түсіре алмады» [1, 120 б.].

Айлар мен апталар өте қыз өз бойынан жүктілік белгілерін байқайды. Өзінің еш қылмыссыз күнәсін жасырып жүрген қыз тоғыз ай, тоғыз күн дегенде перзентханадан бір-ақ шығады. Нәресте туыла сала сөйлеп кетеді. «Дәрігер сәбиді қолына ұстап, кіндігін кесіп болған кезде, қолындағы шарана:

- Менің шешемді көрсетіңізші? – деді.

Тілге келмеген дәрігердің жүрегі тоқтап қалды. Қолынан сусып түскен сәби, жерге аунап кетті. Өн-бойын үрей бойлаған ол, жерде жатқан сәбиіне қарады. Басын өзіне бұрған сәбиі:

- Менің әкем қайда? – деп сұрады» [1, 121 б.].

Бір қызығы қыз баланың әкесін өзі де білмейтін. Бұл жерде мистикалық деталь ретінде ай мотиві алынған: «Терезеден сығалаған ай сәулесі ақ жүзін нұрландырып тұр екен» [1, 120 б.]. Айды қазақ ерекше қасиеттеп, қастерлеуге көңіл бөлген. Мәселен, ай толған уақытта сыртқа ұйықтауға, жалаңбас сыртқа шығуға, айға тесіліп ұзақ қарауға, жас баланың бетіне ай сәулесін түсіруге, айлы түнде сүт алып шығуға болмайтын болған. Мақсат Мәлік те ай мотиві арқылы мистикалық дүние тудырып, толған айдың нұры арқылы автор оқырмандарға ескі мифтік шығармалардағы айдың киесі туралы ой тастағысы келген.

Әмірхан Балқыбек: «Қазіргі жастардан Мақсат Мәліктің шығармашылығында ерекшелік бар. Ол ерекшелік – автордың орта ғасырдағы жапон ертегілері мен шығыстың пәлсапалық прозасы арқылы жаңа дүние жасауға талпынысы» [4] дейді. Мақсат Мәліктің жоғарыда талданған шығармаларынан байқағанымыз ғаламдану үрдісінде қазақ тағы бір мәрте түп-тамырына үңіліп алуы тиіс деген ой жатыр. Шығармаларындағы өлімге құштар, тылсым әлемге сапар шегуші, жұмақ мекенді іздеуші кейіпкерлерімен қоғамда боп жатқан ұлттық болмысқа жат құбылыстарға наразылығын да білдірткені айқын сезіледі.

Автор туралы:

Махамбет Өтемісов атындағы

Батыс Қазақстан мемлекеттік

университетінің магистранты

Сандуғаш Сағидуллиева

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Мәліков М. Жұмбақ кітап. – Алматы: «Жалын баспасы» ЖШС, 2011. – 224 б.
  2. Жакулаев Ә. Қазіргі қазақ прозасындағы готикалық өрнектер. // Әдебиет порталы.15.10.2018ж.
  3. Төлеу А. Отқарақ. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2018. – 320 б.
  4. Тілегенов А. Мақсат Мәлік, жазушы: Он жыл бұрын бастаған повесімді аяқтай алмай жүрмін. // «Ұлан», №34. 25.08.2015.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар