Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сәуле Досжанова. Мылқаудың мұңы...

16.04.2015 4494

Сәуле Досжанова. Мылқаудың мұңы

Сәуле Досжанова. Мылқаудың мұңы - adebiportal.kz

Майтабанның жайлауындағы жалғыз үйдің мама ағашына еңгезердей еркек ат байлап жатты. Киіз үйдің жабығынан қарап тұрған Айдидардың денесі дір ете түсті. Бұл өзінің жалғыздығынан қорыққаны ма, жоқ еркектің суыт жүрісінен сескенгені ме, не болмаса келе жатқан сұмдықтың хабаршысы ма?! Кім білген. Бойжеткен не істерін білмей, төрге бір, есікке бір жүгіре берді.Сөйтіп тұрғанда жаңағы еркек есіктен басын сұқты да:
- Кім бар-ау?.- деді зор даусымен.
Айдидар есіктің оң жағында тұрған. Үй ішінің алакөлеңкесінен сырттан кірген адам оны байқамайтындай еді. Еркек еңкейіп табалдырықтан аттады. 
- Үйде біреу бар ма?-деп жан-жағына қарады. Состиып тұрған әйел ейнесін байқап:
- Есенсіздер ме?- деп амандасып, басын изеді де, рұқсат сұрамастан аяқ киімін шешіп, бұрышқа торсылдатып лақтыра бастады. Содан белін жазып тұрды да басындағы күнқағары мен күртешесін керегенің басына ілді. Бұрылып әлі сол орнынан қозғалмаған бейнеге бұрылды.
- Үйге кісі келгенде төрге шығыңыз демей ме екен?,- деп тепсініп,
жауап күтпестен-ақ көрпешенің ортасына барып малдасын құрып жайғасты. Енді үй іші алакөлеңкеге көзі үйрене бастады ғой дегенде манағы бейненің қыз бала екенін байқап:
- Шырағым, неғып әлі тұрсың қаққан қазықтай болып, сусының бар ма?- деді жуан дауыспен. 
Өзі жан-жағын шолып шықты. Жұпынылау шопан үйіне бас сұққанын түсінді. «Дұрыс екен, бай қойшының үйінен адам үзілмейді. Менің көп көзіне түспегенім дұрыс. Мына жер бірер жеті тұруыма жарар»,- деп іштей ойлап, есік түбінде әлі қазықша қақайған қызға таңырқап қарап:
- Әй, сен қыздың құлағың, тілің бар ма? Немесе мені неғып жүрген көк атты деп менсінбей тұрсың ба?- деді тағы. 
Шақырусыз келген еркектің аузы мен қас-қабағының кимылынан бірдеңе сұрап тұрғанын сезген Айдидар екі қолын жайып, көзі күлімдеп: не сұрайсыз?,-дегенді ишарамен білдірді. Еркек сонда барып қыздың мылқау екенін түсінді. Түңліктен түскен бесіндегі күннің сәулесімен қыздың жүзі албырап, көзінен үрей ұшқыны байқалды. Тоқпақтай бұрымы иығынан асып, жамбасын соғады. Абай айтқандай «қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы». Қасы қарлығаштың қанатындай. Шарасы кең жанардың тұңғиығында үрей, қалың кірпік астынан еркекке күдікпен қарап тұрғандай. Ұшы ұзыншалау келген қыр мұрынының астында шиедей қызыл ерін үлбірейді. 
- Ойбай-ау, осынша сұлулық берген шебер құдайдың саған тіл
бермегенін айтам-ау!- деп таң қалды еркек. 
Сөйтіп күбірледі де қолымен мегзеп маған сусын әкеліп бер деп белгі жасады. Қыз басын изеп, бұрыштағы асадалдан кесеқапты ашып ішінен тостаған алды. Оны орамалмен жылдам сүртіп жіберіп, босағадағы күбіден айран құйып, еркекке ұсынды. 


Көзінде сол үрей әлі жуылмаған, осы көлденең көк аттыны жаны қалап
тұрмағандай. Көңіл түпкірінде бейтаныстан жаманшылық күтетіндей. Тостақты қонаққа ұсына салып, лып етіп есікке бұрылды. Сәмбі талдай солқылдаған дененің әсем қимылы еркектің әлдебір сезімінің тиегін ағытып жібергендей сезілді. Айранды басына көтеріп іштегі жынын басқан еркек тездетіп орнынан тұрды да есік түбінде состиып тұрған қыздың жанына жетіп барып, білегінен шап беріп ұстай алды. Қыз шошып кетіп, өз тілінде бақ ете қалды. Қызды қатты шошытпайын деді ме, әлде маңайында басқа жанның бар-жоғын анықтап алғысы келді ме, басатқан тостақты қыздың қолына ұстата салып сыртқа беттеді.
Зәресі ұшқан Айдидар тостақты құшақтаған күйі төрден бір-ақ шықты. Қонақтың сыртқа шығып кеткенін ол сусын ішіп алып аттанғалы шықты деп түсініп, тостағын орнына қойып, есіктен сыртқа көз салды.


Еркек үйді айнала қарап жүр екен. Жапандағы жалғыз үйдің маңында мылқау қыздан басқа тірі жан жоғын білген еркектің басына сумаңдаған суық ой келді. Ұстарамен қырғызған басын төбесіне тура түскен күн күйдіріп барады. Көкке жақтырмай қарады- дағы қолымен басын бір сыйпады.

 
Белдеуде тұрған ат осқырынды. Біреу-міреу келіп қалды ма деп еркек жан-жағына шошына қарады. Ешкім көрінбейді. Маңай мүлгіген тыныштық. Тіпті үй маңында жүрген ит екеш ит текөрінбейді. Бойжеткен есік алдына шығып өзіне қарап тұр екен. Жылқы соны көріп осқырынса керек. Еркек аяғын еріне басып алшаңдап үйге беттеді. Оның мына марғау жүрісі жас қызға тыныштық әкелгендей.

Қыздың жанына келіп: «Әкең қайда?»- деп сақалын сығымдап көрсетті. Мылқаудың тілін түсінгеніне қайран қалған қыз, әкесін «мал жайып кетті»,- деп ұқтырды. «Шешең қайда?»- деп қолымен басына орамал салғандай сұрады. Қыз «тамақ алуға ауылға кетті»,- деп қолын алысқа сермеп көрсетті.
Өздері елден соншама жырақта, көшіп-қонып жүріп кісікиік болып кеткендей. Алда-жалда біреу ат басын бұра қалса шаруасы әкесінде болып, ары кетсе шешесінің бір кесе шәйін ішіп жөніне жоғалатын. Келімді-кетімдінің көбі мал маманы мен басшылар. Көктемде мал төлдетуге көмекке сақпаншылар келеді. Мынау бір өмірі көрмеген адамы! Тұлғасы таудай, басы келідей. Аяғын алшаң-алшаң басады. Бағана білегінен ұстай алғанда шошып қап еді, артынан «жөн сұрағаны екен ғой»,- деп тынышталды. Кететін шығар деп ойлады. Есік алдына шығып қарап тұрғаны содан.
Қызға жақындаған дәу еркек: «Ойпырмайдың әдемісін-ай, құлақ жоқ, тіл жоқ. Осынша көркемдікті бере салғанын-ай! Мына сұлулықпен дені сау болса баяғыда-ақ біреу қағып кет ер еді ғой»- деп ойлады. «Ең болмаса біреу тоқалдыққа қалай алмай жүр. Қайта тілі жоқ қатын жақсы, не болса соны айтып миыңды ашытпайды. Баласын тауып, тірлігін істеп жүре береді»,- деген оймен шуақтана жымиып қызға қарады.


Айдидардың көзі – құлағы мен тілі. Сол жайнап тұрған жанарымен бәрін көреді, не айтқысы келгенін ұқтырады. Кісінің не ойлағанын сезеді. Көзі аман болсын! Еркектің өзіне қарап жылы жымыйғанын көрді де, бұл да жымиды. Екі бетінің сүт шұқыры ойылып, үсті сәл тершіп тұрған әсем мұрынының желбезегі жыбырлап қосыла күліп тұрғандай. Қара қастың астынан қою қара кірпікпен көмкерілген, мөлдіреген жанардың тұңғиығына еркек қалай сүңгіп кеткенін байқамай қалды. Сұқтанып бойжеткенге қарады. Қыз еркектің өткір жанарынан бойын шаян шағып алғандай үрке, сәл қабағын түйді де, бұрымын артына сілкіп қалды. «Қабағын түйгені қандай керемет! Мына мақау тілсіз-ақ телебезердегі боянып- сыланған сайқалдарды жүз орап алады»- деп ойлап тұрып тағы: «тағы айран ішем»,- деп белгі берді. Қыз түсініп үйге бастады, еркек соңынан ілесті. Күбінің түбінде айран құйып тұрған бойжеткенді сыртанан қапсыра құшақтады. Қыз шошып кетіп айран құйылған ыдысын түсіріп алды. Ағаш тостақ есік алдына ұшып түсті, ішіндегі айраны төгіліп қалды. Қыз төрге қарай секіріп кетті. Оның сәмбі талдай солқылдаған денесі мен жыландай иретілген құндыз бұрымының қимылынан тұла бойы қозған еркек қызға қалай жетіп барғанын өзі де сезбей қалды. Құштарлық құйыны үйіріп әкетті...


Алып дене талшыбықтай қызды басып қалды... Мылқау байқұс өзіне ғана тән жабайы даусымен өкіріп, аяқ-қолымен алыпты сабалап жатты...


Айдидардың абыройы табалдырыққа төгілген анасының айранындай айра-жайра болды...
Сүт пісірім уақытта есін жиған еркек алшаңдай басып есік алдына шықты. Күн әлі төбеде шақырайып тұр. Есіне бас киімі мен күртешесі түсті де үйге қайта кіріп еді, қыз әлі сол орнында бүрісіп жатыр екен. Күнқағары мен сырт киімін кереге басынан алған қалпы суыт шыға жөнелді. 


Айдидар дәу еркектің өзінің тып-тыныш өмірінің күл-талқанын шығарып кеткенін іштей сезді. Орнынан атып тұрып оның бетін тырнап алмағанына, немесе маң далаға тұра қашпағанына еркек айран-асыр. «Заты жуас әйел екен, әттең тілі болса келіскен қатын болайын деп тұр»- деген оймен атын шешіп жатты. Көрмеген пәлесі, істемеген сұмдығы аз, түрмеден рақымшылықпен босап шыққан жауыз мұңлық қыздың осынша әлсіздігі өмірінде тұңғыш рет жүрегін езіп жібергендей сезініп аяғын үзеңгіге салды. 


«Енді бұл маңда қала алмаймын. Мына сұмдықты әкесі білсе мені атып өлтіреді. Жоқ дегенде қызыл жағалыларға ұстатып, тағы темір тордың ар жағынан шығамын». Осы оқиғадан біраз уақыт бұрын Ұлы Жеңістің қырық жылдығы құрметіне Кеңестер Одағы бойынша қырық мың тұтқынға рақымшылық жасалған болатын. Соның жақсылығының арқасында мінекей босағанына қырық күн толмай жатып тағы ауыр қылмыс жасады.

 
Көз алдында жазықсыз қыздың жанары, құлағында мүгедектің сыңсыған үні тұнып қалыпты. 
Өмірінде бірінші рет істеген ісіне өкініп, қорғансызға жасаған қиянаттан іштей шошынып құла дүзде құйғытып бара жатты...


* * *

Бойжеткен көлденең көк аттыдан келген сұмдықтан есін күн ауғанда барып бір-ақ жинады. Құдайы қонақпын дегенге сусын ұсынған азаматы мәңгілік шөлін қыздың арын таптап жөнімен кете барды. Төр алдында белінен соққы тиген жыландай иретіліп ұзақ жатқан қыздың есіне әкесіне мал қайыратын уақыты келіп қалғаны түсті. Басын көтеріп жан-жағына қарады. Үйдің іші қаракөлеңке тартыпты. Сыйпалап жүріп манағы сұмдықтан шашылып қалған іш киімдерін жинап киді. Сүйретіліп тұрып, сыртқа беттеді. Денесі әлсіздіктен дірілдеп, басы айналды. Жармалы есікті шалқайта ашып жіберді. Үйге кешкі самал лап қойды.

 
Айдидар әкесі келетін беткейге көз салды. Құлап келе жатқан отар көрінбеген соң үй жанындағы самаурынға беттеді. Қорғансыздықтан көрген қорлығы жанын қинап, көзінің жасы кеудесіне төгіліп жүріп самаурынға су құйып, от тұтатты. Екі иығы селкілдеп жүріп кернейін кигізді. Көзі жаспен бұлдырап беткейден құлап келе жатқан малды байқамады. Отарға ілесіп өріске кетіп, күн бата оралатын Аққұлақ пен Саққұлақ үйге ентелеп келіп, аяғына оралғанда әзер байқады. Өрістен оралған қой маңырап, қозы жамырап, оған әкесінің айтағы қосылып, иттер жарыса қой қайырып, үй маңайы у да шу болып кетті. Осы көріністі Айдидар көзбен көріп, көңілімен қабылдап үйренген.. Анасымен бірге отардың алдынан шығып жарыса жүгіретін.
Иттердің келгенін көріп көзінің жасын жеңімен сүрткен қыз беткейге қарады. Әкесі атын жетекке алып жақындап қалыпты. Айдидар енді бәрін тастап, қораның аузын ашуға жүгірді. Аяғын екі-үш қадам жедел тастап еді, жамбас тұсы сынардай болып ауырғаны. Екі қолымен белін басып орта жолда отыра қалып ағыл-тегіл жылады. Көкеме не деймін? деген ой басына сап ете түсті. Апам жоқта көкеме не деп айтам?» деп ойлап орнынан атып тұрып қайта қораға беттеді.


Әкесіне ілесіп мал жайғасқан болып үйге кірді. Дастархан жайып шәй демдеді. Самаурынды белі кирелеңдеп әрең көтеріп кірді.
Сейтқан шопан үйге беттегеннен сырт киімі мен күнқағарын шешіп қамшымен тарсылдатып келіп ұрып қақты. Барынша тазалықты, кірпияз киімі тозғаннан емес, осылай қағып сілкігеннен бой-бой болып сөгіліп шығатын. Қамшысы мен киімін кереге басына іліп, қызының құманнан құйған жылы суына жуынып дастарқан басына отырды.

 
Шетін атласпен көмкерген дастарқан бүгін наннан өзге ештеңе жоқ еді. Қызының ұсынған кесесін алып жатып:
- Айдидар, бүгін ыстық тамақ істемегенсің ба?- деп жұқалап қана
сұрады. Күні бойы өрісте мал жайып қарны шұрылдап келген. Түсте талғажау етуге алып кеткен тағамы тандыр наны ғана. Қызының ісінген қабағын байқамады. «Анасы болса бір сұмдықтың болғанын сезе қояр ма еді. Әкесі ыстық тамақ сұрағаннан асып ештеңе демеді. Перзентінің бүгінгі көрген қорлығының жанында қарынның ашқаны деген не?»,-деп ойлады мұңлық. Содан қолымен «Ауырып қалдым»,- деп түсіндірді. Әкесі нанды шетінен сындырып отырып «Жәрәйды, өзіңді күт. Шешең де келіп қалар»,- деп жауап берді. Пілте шамның алакөлеңкесінде баласының бет-ауызы анық көрінбеді ме, әкесі қызға зер сала қарамады да. 


- Айдидар түнімен көлденең көк аттыны, одан келген пәлені
қайталап көріп, дөңбекшіп шықты. Өзінше «өкіріп жылады» да. Күні бойы қой соңында шаршап, сілесі қатып келген көкесі қызының халінен хабарсыз күйі ұйықтай берді...
Үш күннен соң оралған анасы да ештеңе сезбеді. Шіркін тілі болса, сол көк атты жайлы айтып берер еді, көкесіне іздеттіріп таптырып, мілисаға тапсырар еді ғой. Болған жайды қалай жеткізерін білмеген, ұқтырса да ата-анасының қайғырып кетерін ойлаған Айдидар апасына сыр бермеді. Әйтпесе «мылқаудың тілін анасы білер» деген бар емес пе, апасы түсінер еді....
Айдидар сол сұмдықты ұмытқысы келгенімен өкінішке орай, табиғат заңы көлденең көк аттыны ұмыттырмады. Күздеуге көшкенде не ішсе де жақпай, апта бойы қайтарып тастап жүрді.


- Айдай, жаным-ау неден ұшындың?,- деп ойында ештеңе жоқ анасы асты-үстіне түсті. Біраз күн қазан-ошақ маңына жолай алмай жүрегі айнып жүрді де ол қайтты. Содан кейін тіпті тәбеті ашылып ананы-мынаны жегісі келетін болып алды. Құдай-ау, қайдағы жоқты аңсайды. Етті отқа қақтап жегенге дейін барды. Онымен кім сырлассын. Анасына болса да әлі бала көрінеді. Өзі тіпті «сол көк аттыдан екіқабат болып қалған жоқпын ба?»,- деп ойлаған да емес. Ондай жағдайдың қалай болатынын да білмейді. Етеккірінің келер, кетер уақыты болады дегенді ұқпайды да. Бір жерден оқып алатындай сауат та жоқ. Анасы да «сондай жағдай болып қалар»,- деп түсіндірген де емес. Әкесі екеуінің қолдан келері – үш ұлы шешектен өліп, орнына туған жалғыз мақау қыздарын елден жырақта ұстау болды. Мектепке барады дейтін емес, сондықтан өздері мал бағып қайда көшсе сонда алып жүрді. 


Анасы Айсырға жасында бет біткеннің келбеттісі еді. Әкесі Сейтқан көкпар тартып, күреске түсіп жүрген батыр болды. Қызының көркі анасына тартып, сор болды. Ол бойжеткен сайын келген-кеткен еркектің көз құрты. Тек әкесінен аяқтарын тартады, әйтпесе, бір құдай біледі олардың не ойлары барын. Ана месқарын зоотехник те, мал доғдыр да, тіпті перме бастықтың өзі де Айдайына көздерін сүзіп қарағанын анасы талай байқаған. Байқаған да шошыған. Жалғызын «тал басына қойса қарға аңдиды, тал түбіне тықса түлкі аңдыйды» дегендей болып барады. Қызы бойжеткен сайын Айсырғаның да жүрегінде бір қорқыныш өсіп келе жатқандай. Құтты орнына қондырып жібере де алмайды. «Құлағы жоқ, тілі жоқ байғұсты қанша мөлдіреп тұрса да қай қатары қатындыққа ала қойсын. Тек баласыз жүрген, қатыны өлген шал-шауқан болмаса»,- деп ойлағанда іші жидігендей болады сорлы анасының.


Сейтқанның қызына деген махаббатын, оның келешегін ойлағандағы қайғысын Шәлкөденің жайлауы мен Қарадаланың ой-қыры ғана білетін. Ауылға жыйын-тойға барып қалып, құрдастарымен кездесіп ақаңнан тартып-тартып алатын. Соның буымен жиренге міне сала малды ауылға күн бе, түн бе қарамай тартып кететін. Жолүсті кең даланы басына көтеріп ән салады. Содан бір кезде өзінің ит тағдыры, сорлы әйелі, ғаріп қызы есіне түсіп, қапалықтан атының жалын құшып аңырап кеп жылайтын. Оның күллі өмірінің запыранын қара жер көтеріп, арман-мұңының үнін кең дала тыңдайтын. Астындағы жирен ат иесінің халін түсінгендей, үстінен ауып тсүпесін дегендей бірқалыпты бүлкілмен жүріп жайлауына да, қыстауына да жазбай алып баратын. Есік алдына келгенде осықырынып қалғанда үйден Айсырға атып шығатын. Күйеуін атынан аударып алып арқалап үйге кіргізетін., Айдидар атты шылбырынан жетектеп қораға тартатын. Әкесінің ауылға барса осылай ішіп келетіні жанына жақпайтын. Онысын көкесіне бұртаңдағаннан артық түсіндіре де алмайтын. Бар болғаны солай атының ертоқымын сыпырып алып ақырға байлап жатып ағыл-тегіл жылайтын. Ешкім айтпаса да, ата-анасының мұңдасып айтқан сырларын естімесе де, жүрегі бірнәрсені сезетін. Әкесі – шешесі - өзі. Осы үштағанның өмірінде бірдеңе дұрыс емесін ата-анасының жанарынан оқыйтын. Ол бақытты өмірдің, төрт құбыласы түгел болудың қандай болатынын әрине білмейді. Бар білетіні өздерімен араласатын қойшы-малшының күнделікті тірлігі. Көзін ашып көргені - әке-шешесі, отар қой, оншақты ірі қара, төрт-бес жылқы. Солардың төлдері – оның достары. Жылына екі-үш рет қана ата-анасы атқа мінгестіріп ауылға апаратын. Онда өзі сияқты қыз-ұлдарды көреді. Олармен ойнайын десе, олар мұны түсінбейді. Өздері сөйлесіп, бірін-бірі қуалап ойнайды. Бұл да араласып ойнайын десе тілдерін шығарып, итеріп шеттетеді. «Мақау-мақау»,-деп мазақтайды. Оның бәрін Айдидар олардың көздерінен оқыйды. Өсе келе қыздар оның көп өрімді ұзын шашы, әппақ бетін, пешпентіне таққан таналарын тамашалайтын болды. Оның «Айдидар»,- деген келбетіне сай ғажап есімі барын да білмейді. Бір жолы ауылдағыларды суретке басып жүрген орыс аға мұны қызықтап, қайта-қайта түсірген болатын. Сол суретті көкесіне ауылдағылар беріп жіберіпті. Оны апасы түскиіздің басына қыстырып қойған. 


Айдидар өскен сайын өзінің басқа балалардан бөлек екенін сезді. Өйткені олар мұнымен саусақтарын қыймылдатып, қастарын көтеріп, қолдарын ербеңдетіп сөйлеуге, түсіндіруге тырысады. Өздері бір-бірімен ауыздарын жыбырлатып-ақ ұғысады. 
Айдидар өскен сайын өзінің басқа қыздардан көркем екенін де сезе бастады. Ол апасының да басқа әйелдерден әдемі, киген киімі де жарасымдылығын байқайды. Қолы біттейінен іске икемді. Анасынан ине қадап, киім пішкенді қағып алды. Алдымен бәрін танадай жарқыраған көзімен көретін болған соң ба, әлемнің бар бояуын, дүниенің бар әсемдігін, адамдардың бар мінез-құлқын көзімен қабылдайды. Дауылдың күшін, жаңбырдың үнін, жан-жануардың дыбысының өзін жанарымен сезінеді.
Көргенін сол қалпында санасына құйып алатын зердесі апасына тартқан. Екеуі бір жерге жолаушылап шыққанда сондағы кілем-төсеніш, көрпе-жастық, киім-кешектен көрген ою-өрнек, кесте, шашақ бәрін айнытпай көңілдеріне көшіріп алады. Үйге келгенде апасымен ойласа отырып, дәл сондай етіп шығарады. Көкесі мен апасына тігіп берген, тоқып берген киімдері қандай! Тура дүкенде сатылатындардан бір де кем емес. Үйлеріне зәуде бір келіп қалғандар Айдидардың алтын қолын мақтап, ісмерлігіне риза болысады. Тіпті кейбіреулер тапсырыс та беретіні бар. Есіміне сай айдай дидарына сұқтана қарап, осынша өнерлі баланы тілден тартып қойған Құдайдың шеберлігіне қайран қалысады.


***


Сейтқанның отары күздеуге түскенде Айдидар толған айдай болып бір толысты дейсіз. Бірде тіпті әкесінің өзінің де назары түсіп кетіп анасына;
-Сырғаш, біздің Айдайдың әттең тілі болғанда ғой, нағыз ұзатылатын кезі келді,- деп те қалды.
Қызының толысып бара жатқанын Айсырға да байқап жүр еді. Жалғыз перзентін, маңдайынан жел естірмей өсіріп отырғанда кім жамандық ойласын. «Қызым оң жақта отырып қарабет болып қалды-ау»,- деген ой қайдан келсін басына. Әкесі құсап «Ұзатылатын кезі келді»,- деп ішінен күйіп жүрді.


Айдидар баяғы көлденең көк аттыдан кейін үйде жалғыз қалмауға тырысатын. Еркек көрсе қашып қора жақта, олар қораға барса үйге тығылатын. Анасы оның бұл мінезіне онша мән бермей жүрді. «Еркекке көрінбегені де жөн. Бәлекеттердің көзі жаман. Пиғылдары бұзылып жүрсе тағы, толысып қалғанын байқап».-деп қорқатын.

 
Анасының қорқынышы айдай келіп, қыстауда отырғанда сол сұмдықтың басы көрінді. Айдидар әкесі жоқта суға түсіп алмақшы болып, есіктің ілгегін салып әуреленіп жатқан. Апасы суын жылытып, шылапшынын әзірлеп берді де түпкір тамға кіріп бірдеңемен айналысып жатты. Бір кезде мылқаудың өкірген даусы шықты. Айсырға зәресі ұшып, қолындағысын қоя салып, қызына жетіп барды. Айдидар шылапшында жалаңаш отыр. Қарын тұсын қапсыра құшақтап алыпты. Бірдеңе шағып алды ма деп жетіп келген анасы жалаңаш қызына «Тұр, не болды?»,- деп қасын көтеріп, қолымен ишарат жасады. Шешесінің сөзін ұққан ол орнынан тұрып еді, о тоба, қарны екіқабат әйелдікіндей шермиіп тұр. Мына көріністен шошыған шешесінің;
- Ойбай!,- деген үрейлі дауысын мылқаудың өзі естігендей болып, селк ете түсті. Анасының бұзылып кеткен түрінен бір жамандықты сезді. Айсырға қызын шылапшыннан жұлып алып, сол жалаңаш қалпында, дедектеткен күйі түпкі бөлмедегі көрпешеге лақтырып жіберді. Қыз жалп ете түсті. Анасы жетіп келіп, үрейленіп тұрған қызды жатқызып, аяғын созып, жиып, қарнын сыйпалап, сығымдап көрді. «Іштегі сұмдық» шоршып түскендей белгі бергені. Бағана Айдидар да ішінің осылай шоршығанынан шошып кетіп, бақырса керек. 
- Ойбай, сорлы қызым, қай кезде құрып қалып еді, сорлы-ау! Әркімнен
бір қорып әкеңнің жүрісі анау,- деп зарлап қоя берді. 
Анасының жылап, әлденелерді айтып жатқан аузының қимылынан шошыған қыз тізесін құшақтап, әлі жалаңаш отыр. Бір кезде шешесіне қосылып жылай бастады. Айсырға есін жиып, келесі мезетте қызынан жөн сұрай бастады. «Кім саған тиісті?»,
«Құшақтады ма, ішкиіміңді шешті ме?»,- деген ишара жасады. Айдидар жайлауда отырғанда, апасы жоқта, көкесі жоқта бір еркек келгенін ыммен түсіндірді. Сол бәленің өзін тарпа бассалғанын, іш киімін шешкенін қолымен көрсетті. Шеше байғұс өздері жоқта көлденең көк аттының қызын зорлап кеткенін іштей ұқты. Түсінді де мұңлығын бауырына басып алып аңырап келіп жылады. Бейшара бала түсінбесе де анасына өмірде көрген бар қорлығын, жуаннан көрген зорлығын, бар зарын, тартқан азабын ишарамен айтып шықты. Соның бәрінен мына сұмдықтың өтіп кеткенінсездіріп, басын шайқап-шайқап жылады. Ендігі бір кезекте қос мұңлықтың осы халінің басты себепшісі белгі беріп, анасының құрсағында жатып бүлк ете түсті. Айдидар шошына ішіне қарады. Шарананың бұлқынғанын қызын құшақтап отырған анасы да сезді. «Өзің қылмыңдап жүріп таптың»,- деп ұрсайын десе, сорлы бала үйден аттап шығып, еркек атаулыға көз салған емес. Енді қалай жазаласын. Онсыз да «жазаланып» отырған жоқ па. Баланы түсіртіп тастауға қам жасайын десе – жан бітіп қалған шарана «өзінен хабар беріп жатыр».
Бір кезде есіне күйеуі түскен Айсырға отырған орнынан атып тұрды. 
- Ойбай-ай, әкеңе не дейміз?,- деді аңырап. Қызы әкесі туралы айтып отырғанын сезіп, қабырғаға жармасып, қорқып жылады. 
Айсырға қызын киіндіріп, басын бөлек жуды.Тобыққа түсетін қалың құндыз шашты анасы жуып, тарап бермесе – игеру мүмкін емес еді. Шаштарын он күн тарап, бес күн өретін арудың нағыз өзі. Сол ұзын шашты тарап отырған анасының жаны егіліп, қызының жүрегі езілді. Іштегі шарана да анасының көңіл күйі бұзылып, жүрегі қысылып, ағыл-тегіл жылап отырғанын сезіп жатқандай анда-санда бүлк-бүлк етіп қояды...


Айсырға сол түні таңды кірпік қақпай атырды. Айдалада жалғыз үй қыстақтың төбесінен туған ай терезеден қиылып қарайды. Көзінің жасы көл болып, дыбысын шығармай жылап жатқан әйелге көкте алтын жүзіп жүргендей бұлдырап көрінеді. Құлағына түнімен қой күзетіп, қораның маңайын шарлап жүрген Аққұлақ пен Саққұлақтығ үрген дауыстары келеді. Күні бойғы қойшының мазасыз тірлігінен шаршап құлаған қосағы қорылдайды. Жалғыз перзенті «құрсағына түскен сұмдықтан» қорқып дөңбекшиді. Осының бәрін көзі бақырайып жатқан ана жүрегі сезеді. 
«Ілеге түсіп өлсем ба екен?» «Қораға кіріп, асылып қалсам ба екен?» «Өмірі сорлап келе жатқан сорлыға қайтіп айтам, қызың оң жақта қарабет болды деп». «Естіген жұртқа әңгіме табылды-ау, табалайтын болды-ау». Әсіресе, Сейтқанның інісінің әйелі Қанбибі келін болып түсе жыл аралатып алты ұл, үш қыз тауып шіреп отыр. Өзінің салақтығымен жұмысы жоқ. «Біздің абысын айдай етіп бір қыз тапты да қайнағамен елден безіп малмен мал боп кетті»,- дейтін көрінеді. Айсырғаның ісмерлігі, отбасының тазалығы жайлы біреу мақтап сөз ете қалса: «Үйін жылан жалағандай тазартып, кілем мен көрпеге орап қойғанын қайтем. Сол көрпеге бала симесе, сол кілемді жұрт көрмесе. Сыпырына беріп қайнағаны құйрық-жалсыз қалдырды»,- деп аузы көпіріпсөйлейтін. Енді сол Қанбибінің айызы қанып айтатын әңгіме табылды. 


«Мына сұмдықты естісе Сейтқан мені атқа сүйреп өлтірер қызыма қосып тіркеп» дегенді ойлағанда төбе шашы тік тұрды. «Ол өлтіргенше өзім-ақ ойыққа түсіп жоғалайын»,- деп алатаңнан Ілені жағалап көрді. Қолына алып алған сүйменімен көк мұзды ойып такөрді. Соған түсіп кетейін деп ойлап, жан-жағына қарап тұрды.


Ілені жағалай қонған малшы қыстауының арасы бір-бірінен алыс болатын. Бұлардың қыстауы «Қосағаш» деп аталады. Қарқылдаған қарға мен түнімен шақылдаған мәлін дыбысынан басқа үн естілмейді. Өзеннің жағасындағы жыңғыл мен тораңғы жапырақсыз сыйдиып тұр. Жазда екі мемлекеттің арасын бөліп, толқып аққан өзеннің беті таң шапағымен мұздан көкшіл тартып көрінеді. Маңай мүлгіген тыныштық. Айсырға жақындап барып өзі түсуге әзірлеп қойған ойыққа қарады. Қорқынышты көрінді. Артына бұрылып үйінің тұсына көз салды. Бағана жағып кеткен ошағының түтіні созылып көке сұйылып ұшады. «Сол түтінді өзім өшірем бе?! Менің жоғалып кеткенімді естіген Айдидардың күні не болады. Тіл жоқ, құлақ жоқ. Сорлап қалғаны анау! Сейтқан ғой, еркек – бір отын жағар табылар, қызымның жайы не болар? Құдай сорлатқан баланы бір оңбаған қоса сорлатты, енді мен қосылып тағы сорлатам ба?»,- деп өз ойынан өзі шошып ойықтан шегініп кетті. Өмір шіркін тәтті ғой, Айсырға жанын қия алмай, мүгедек жалғызын қия алмай сүйретіліп үйіне қайтты.
Қора маңында жүрген жары алдынан шықты. Таң алакеуімінде өзен жақтан келе жатқан әйелін көріп тіксініп қалды.
- Әй, сен неғып жүрсің айдалада?
- Сейіт, менің ойыққа түсіп өлгім келіп еді, сендерді қимадым,- деп жылап жіберді.
- Өлгені несі, ненің азабы жаныңа батып барады өмірден безетіндей?,- деп күйеуі жақындап келіп бетіне үңілді. Таңның арайы Сырғаның жүзіндегі мұңды көрсете алмады. 
- Әлде, сонша жылдан бері жалғыз үй көшіп-қонып жалықтың ба?- деді сондай бір жұмсақ үнмен қосағы. Осыншалық жанына жақын үнінен бүкіл жан-дүниесі еріп жүре берді. Сол-ақ екен:
- Сейтқан біз сорладық қой, сорладық - деп күйеуін құшақтап алып Сырға дауыстап жылап жіберді. Еркек әйелінің мына қылығынан дал болды.
- Сорлағаны несі, айтшы, жұмбақтамай!
- Мені өлтір, атқа сүйре, бірақ Айадайға тиіспеші, оның жазығы жоқ,- деген Сырға отыра қалып ерінің аяғын құшақтап еңіреді.
- Сырға, өлтірсең де айтшы! 
- Жайлауда сен өріске, өзім ауылға азыққа кеткенде үйге бір аттылы дәу еркек келіпті. Айдайға тиісіп кетіпті. Қарабет болдық! 
- Немене? - деп дауысы шығып кеткен Сейтқан ары қарай сөйлей алмай тілін тістеп алды. 
«Ы-ы-ы»,- деп ауырсынып бұрылып атына қарай жүрді. 
Бара сала жайдақ жиренге қарғып мініп, оқтай ағып түн қойнын сіңіп жоғалды. 
Осының бәрін қараңғы үйдің терезесінен көріп тұрған Айдидардың көз жасы жүзін жуып кетті.


***


Сейтқан жарық түсе үйіне оралды. ..
Үшеуі әдеттегідей таңмен ілесе тірліктерін жалғастыра берді. Түндегі тіршілік сол түнмен кетсе ғой деген Сырғаның ойы болмады. Сәресі кезінде қосағы күңірене тіл қатты.
- Сырға, мұның бәрі менің жасымда жасаған қиянаттарыма жаратқанның көрсетіп жатқаны. «Жамандық тау айналып келеді, не от айналып келеді», деп отыратын апам. Сол от айналып келгені осы!,- деп бір тоқтады.
Айдай әкесі өзі туралы бірдеңе айтып отыр деп ұяттан өртеніп, дастарханның шетін ширата түсті. Сырға күйеуінің осынша сабырлы мінезіне қайран қалып, үнсіз тыңдады.


- Сен бала таппадың емес, қатарынан үш ұл таптың. Біреуі
көкжөтелден,екіншісі – қызылшадан кетті. Кішісін көз алдымда тай сүйреп өлтірді. Солардан зар илеп жүргенде көргеніміз мынау, мылқау қыз болды. Қанаттыға қақтырмай жүргенде көлденең көк атты арамдап кетті. Оны кімге дәлелдейміз. Ерекек бала болса біреуді зорлап алып берсек те үй етер едік. Қыз байғұсты кімге апарып қосақтаймыз. Күлген күлер, басына келсін. Сен ойыққа түсіп, мен асылып өлгенде – Айдайға тіл шыға ма? Шаңырақ ортасына түседі. Маңдайымызға жазылғаны осы шығар. Не көрмеген басымыз, төзейік,- деді.


Сырға күйеуінің мына сөздеріне сенер-сенбесін білмей, аузы ашылып, көзі бақырайып қалды.
- Сырға, осының бәріне мен кінәлімін. Жасымда талай жазықсыздың
обалына қалып, ұрлық-қарлықты көп жасадым. Он үшке толғанымда бірге ойнап жүрген баланы атып алғаным бар еді. Ол біреудің жалғызы еді. Соның анасы: «Көгерме, көктеме. Қорлығын тірідей көр»,- деп қарғап еді. Қайсін енді, мені атып өлтіре алмады. Күйеуі соғыста өлген, содан қалған жалғыз қарасы еді. Әкем сол жағдайдан кейін басқа жаққа көшіріп әкеткенімен сол кемпір өлер-өлгенше мені қарғап өтті ме деймін. Сол үшін ерте ме, кеш пе – жазаланып жүргендеймін. Егер өмірімде жамандық болып жатса оған ешкімді де кінәламаймын,- деп егіліп жылап жіберді. Көкесінің жылағанын көріп шошыған Айдидар атып тұрып далаға қашты. Екпінімен жүгергеннен жүгіріп қораның сыртындағы маяның арасына қойып кетті. Іленің бойынан жиналған шөпте әлі көктемнің исі аңқиды. Сол иіске елтіп отырып ұзақ жылады. Көзі бұлдырап шығыстан құланиектеніп келе жатқан күнге қарады.  Оның осында келгенін көріп қалған Аққұлақ маяны айнала үріп шауып жүр. Есік алдына әкесі шықты, жан-жағына мойынын соза біраз қарап тұрды да тірлігіне беттеді. Анасы да шыққан еді, аяғы-аяғына тимей үйді айнала қызын іздеп жүгірді. Әкесі мен шешесінің мұның атын атап шақырмайтыны белгілі. Ерлі-зайыпты екеуі сабылып іздеді. Көздері жеткен жерге мойын тамырлары үзіліп үңіліп кеп қарайды. Айсырға үйге қайта кіріп, бағана өздері басынан тұра-тұра қашқан дастарқанды жинастыруға кірісті. Әр ыдысты бір ұстап берекесі кетіп жылады. «Енді не істеймін, өзіне қол салып жүрсе қайтем?» деп күбірлеп қояды.  Сейтқан көз алдында болып жатқан кесір-кесапаттың бәріне өзін кіналап, ақтарылып алған соң белдеудегі атын шешті. Бірін-бірі пана тұтып жүрген үшеуінің жүрегі дала-дала болып – үш жаққа кетті. Әркім өзін кіналап, өзінше азапты. Ашу көтеріп сенделіп кетті. Бірі түнгі даланы кезіп сабырға тоқтады. Екіншісі жарқабақтан үйінің түтінін көріп тірлікке қимастығы оянды. Айдидар болса «өле салу» дегенді түсінбейді. Көзін ашқалы көргені – әке-шешесі, бірлі-жарым келіп-кеткен. Қоршаған жан-жануармен іштей мұңдасуды біледі. Бар білгені – дәл қазір әке-шешесіне көрінбеу. Шөп арасында бүрісіп ұзақ отырғаннан ішіндегі шарана ары-бері тыпырлағандай болды. Өзін де, ата-анасын да осындай халге түсірген «пәлені» іштей ұнатпайды-ақ. Өзі жалғыз өскен соң ба – өте балажан. Кешеге дейін қуыршаққа киім тігіп ойнайтын. Қолдан апасы тіккен қуыршақтарын қолынан түсірмей өсті. Шөп ішіндегі мұны көріп Аққұлақ жүгіріп келді де үріп-үріп жіберді. Аққұлақтың үргенін естіп апасы үйден шығып мая жаққа беттеді. Жақындай түсіп состиып тұрған қызын көрді. Жанына келіп басынан сыйпап, маңдайынан сүйді. Үйге қарай жетеледі.


- Сенің жазығың не бейшара балапаным!,- деп күбірлеп қолынан үйге қарай жетеледі.



***



Айдидарды арғы беттегі сіңлісінің қолына бере тұруға бел байлады. Қыстың көзі қырауда сіңлісінің үйіне аттандырып жіберді. Бір күн бір айдай сезіліп сылбыр өтіп жатты. Қой төл төге бастаған ерте көктемде Айдидар босанып, шекесі торсықтай ұл тапты деген хабар жетті. Сейтқан бейшара еркек бала болғанына іштей қуанып қалды. Қазан көтертіп, шілдехана жасауға көршінің күңкілінен сескеніп, қуанышын ішіне бүгіп жүрді. Басқа түссе баспақшыл хал. 
Айсырға сіңлісіне барып: «Баланы қырқынан шығарып, қолға ұстауға жарап қалғанша бағып бер. Сұрағанға сіңлімнің баласын бағып алдым дермін»,- деп пысықтап қайтқан. 
Сейтқан ішкі сырын жұртқа білдірмей, жолына қарап жүрген зайыбына немересіне деген ақжарма сезімін ақтарылып жеткізе алмай қор болды. «Бәрі дұрыс екен»,- деп қоя салған еді. Кешкі тамақ үстінде оңаша қалғанда Сейтқан өзі сөз бастады:
- Кішкентай қалай екен? - деді.
Сол-ақ екен Айсырға көрген-білгенін ақтарып салды. Бір кезде тасып сөйлеп кеткеніне өзі іштей ұялып қалды. Қосағының бұл мінезін байқаған ері:
- Қайтеміз тағдырдың жазуы шығар. Айдайдан кейін жиырма жылдан кейін көрген қызығымыз ғой, атын қоялық,- деді сабырмен.
- Сіз қойыңыз, дәкументін селсәбетке барып жаздырып алармыз.
- Жалғыз үй отырып, жалғыздық көргенде жанымызға серік, ерте ме, кеш пе біз үлкендердің соңынан кеткенде Айдайға серік болсын жаманның атын СЕРІК қоялық,- деп аузын жыбырлатын дұға қайтарып, бата жасады.
Қосағының қиын жағдайда сабырлылық танытып, басқа түскенді басалқылықпен көтеріп отырғанына риза болған зайыбы:
- Көкесі-ау, сіздің осынша сабырыңызға құлдық. Енді осы маңдайымызға бұйырғанның амандығын тілейік,- деп тағы сықсыңдап жылап қалды. 
Ақпанның үңірейген кеші. Екі мұңлық бастарына түскен іске үнсіз мойынсұнып тағдырға тәубе айтып отырған сыңайлы. Бір дастарқан басында жарты нанды бөліп жесіп, шүңкілдесіп, сөйлесіп отырды. Жылы үй, жылы дастарқан арадағы болған қиын-қыстау оқиға мен қасаң көңілдің тоңын жібітіп жібергендей. 


Кісі үмітпен өмір сүреді. Ілгері тілеу жетелейді. Тағдыр кесекөлденең тартқан мылқау қыздың мұңы, сірә, қос мұңлықтың жүрек жарасы болып бақи жалғанға көшері кәміл еді. Мұң мен адам егіз жаратылған. Жарық жалғанда мұңсыз пенде жоқ шығар. Сірә!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар