Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Сәуле Досжанова: «Саған деген махаббат сүйегіммен ...

09.09.2015 5542

Сәуле Досжанова: «Саған деген махаббат сүйегіммен кетеді»

Сәуле Досжанова: «Саған деген махаббат сүйегіммен кетеді» - adebiportal.kz




1410585422_duken-ekeumiz.jpg



Жарым Дүкенбай Досжанның рухына




 

Бірінші  өлең

 


Бүгін саған өмір таңы атпады,

Жол үстінде тиді ажал оқтары

Ұлтты сүйген ұлы жүрек тоқтады!

Алты алашың аңырап кеп жоқтады,

 

Тірлігіңде отта тұрған қазандай,

Қайран басың қайнайтұғын маза алмай.

Сансыз ойды отырушы-ең сапырып,

Шабытыңды шақырушы ең азандай.

 

Қазағыңның тарихына көздеген,

Тұңғыш рет түрен салдың сөзбенен.

Ұлтты әлемге таныстырған тұлға едің,

Енді міне орамақпыз бөзбенен.

 

Біреу тілдеп, біреу күндеп тірлікте

Өтті өмірің, қысқа екенін білдік пе.

Аза тұтып жатыр қазақ даласы,

Дүниеге келсең-дағы «Бірлікте».

 

Даңқ пен дақпырт жатып алып жолыңа,

Жүруші едің жұлдыз қонып жалыңа.

Дүниеден өте шықтың  Арысым

«Өлмейтұғын сөз қалдырып соңыңа».

 


Екінші өлең

 


Ұйықтамай шықтым түнімен,

Күзетіп сенің  мүрдеңді.

Айырылғаным ба, шынымен,

Ажалға беріп іргеңді.

 

Естіген сәттен қазаңды,

Нәр татпай қойдым, қайғыдан.

Жаратқан беріп жазамды,

Ойладым ба екен айрылам.

 

Жар едің Құдай бұйырған,

Жарасып өмір сүргеміз.

Қоштаса алмай қиырдан,

Бөлініп қалды-ау іргеміз.

 


Үшінші өлең

 


Ең соңғы рет!

Ең соңғы рет өзіңді,

Көріп тұрдым, қайғыға орап сезімді.

Жан дүнием жатты өртеніп, күл болып,

Өмірдегі ең бақытсыз кезім бұл.

 

Ең соңғы рет,

Маңдайыңнан өптім де,

Жанарымнан ыстық жастар төктім де,

Жүрегімнен үзілгендей бір перне,

Төсегіңнің бас жағына шөктім кеп.

 

Ең соңғы рет,

Қолдарыңды сүйдім де,

Мені сүйген жүрекке бас идім де,

«Бақыл бол!» деп сыбырладым амал жоқ,

Айта алмадым бірақ «мәңгі қидым» деп.

 

Ең соңғы рет!

Ең соңғы рет қарадым,

Ұйықтағандай, жұмулы тек жанарың.

Маған қазір тіл қататын сияқты,

Қимастықтан ішім жанып барамын.

 

Ең соңғы рет!

Жүрегімді жандырып,

Иесіз боп қалғандаймын, қаңғырып.

Ал сен болсаң басқа әлемге аттандың,

«Өлмейтұғын артыңа сөз қалдырып».

 


Төртінші өлең

 


Жасағанның шеберлігін қарашы!

Босағаңнан шалқалап шығып барасың.

Артыңда қалдым балаларменен аңырап,

Ағайын-туыс көңіл айтуда жаны ашып.

 

Кетіп барасың, оранып жасыл кілемге,

Өтіп барасың, мақтаныш едің бір елге.

Артыңнан достар айқайлап жазды газетке,

Тіршілігінде қимайтын сөзді біреуге.

 

Өмір осы екен, ешкімге көңлің толмайды,

Өмір осы екен, сенің де бағаң болмайды.

Уақыт осылай зымырап өте шығады,

Адамды адам түсінбейді екен – сол қайғы.

 

Сол қайғы, сенің түсті де кетті ішіңе

Көңілің қалды, көңілің қалды кісіден.

Адамға сенгіш аңқалаңдаған жүрегің,

Жарылып кетті қараниеттінің ісінен....

 


Бесінші өлең

 


Сынағы шығар Құдайдың,

Жалғыздық шегем, түрлі ой кеп,

Жұлдызға қарап жылаймын,

Көк жақта сені жүр ғой деп.

 

Ұйқы жоқ менде мұңдасып,

Сырымды Айға төгемін.

Іздеген жанмын бір ғашық,

Жетектеп алып өлеңін.

 

Зар болып басқан ізіңе,

Зарилеп айтам мұңымды.

Елес боп қалған жүзіңе

Бағыштаймын да жырымды.

 


Алтыншы өлең

 


Уһ, дүние-ай,

Мына өмірден шынымен кеткенің бе?

Бәрін тастап, шарықтап көкке мүлде.

Тіршілікте тартысты көп көріп ең,

Тыныштықты жансерік еткенің бе?

 

Кеткенің бе, шынымен тастап бәрін,

Өлгені ме, алаштық асқақ дарын.

«Қазақ» десе кешегі, бүгінгісін

Жазушы едің жол салып, бастап бәрін.

 

Кеткенің бе, мәңгілік оралмасқа,

«Бақыл болғын!» не дейін, одан басқа

Мен түгілі қазақтың маңдайына

Сендей жан енді қайта жаралмас та.

Дүние-ай, мен не дейін одан басқа.

 


Жетінші  өлең

 


Басыңды тіккен бәйгелер бермей жүлдеңді,

Арманды қуып, арқардай ауып жүргенде

Танысып едік, жазмыштың бар ма жазуы,

Таныстық-тағы табыса кеттік бірдемде.

 

Ал содан кейін, көшіміз өрге бастады,

Ашылды сенің қара бұлт басқан аспаның.

Оңтүстікті аңсап, қиырдан жеткен құстардай

Оралды қайта бытырап кеткен достарың.

 

Тарихты қазып, толқыта жазып жүр едің,

Тұңғыш баламдай, үстіңде еді тілегім.

Жарты ғасырды тартыспен жүріп өткізіп,

Тоқтады бірден ұлтыңды сүйген жүрегің.

 


Сегізінші өлең


 

Мәртебем едің, мерейім едің жан жарым,

Жаныңда сенің бақыт құсыңдай самғадым.

Жаныңда сенің баладай едім алаңсыз,

Махаббат пенен мейір ораған жан-жағын.

 

Шаттығым едің, мерекем едің үйдегі,

Арманым менің атыңды өрге сүйреді.

Екеулеп жүріп өмір айдынға жіберген

Күтпеген жерден кемеміз неге күйреді?

 

Таусылып тұзың, тоқтады өмір сағатың,

Оқ тиді келіп қиылды менің қанатым.

Көзі тиді ме, сөзі тиді ме дұшпанның

Жалп ете түстің шырағым көкте жанатын.

 


Тоғызыншы өлең

 


Көріп көңіл айтады кез келгендер,

Келіп көңіл айтады көз көргендер.

Бәрі сені еске алып есіркейді,

Таңырқап сәт сағатың тез келгенге.

 

Кітабыңның қисапсыз оқырманы

Хабарласып, хат жазып жатыр әлі.

Адам түгіл өсірген күшігің де

Сені күтіп қақпада отырады.

 

Немере де, бала да сағынады,

Қайтеді енді тағдырға бағынады.

Сүйген жарың сен үшін Жаратқанға

«Қателігін кешір!» деп жалынады.

 

Сен кеткелі таң атса, күн батпайды,

Бір сағыныш жанымды құндақтайды.

Сенің бейнең жымиып жылы ғана

Көз алдыма тұрып ап, тіл қатпайды.

 


Оныншы өлең


 

Биыл күздің ғажабын-ай, ғажабын!

Құстар көкте салып жатыр наз әнін.

Алтын сары көйлек киіп ағаштар,

Жапырақтар сыбырлайды ғазалын.

 

Жер аударып көктен Күннің назарын,

Аймағымның нұрға бөлеп ажарын.

Егіні де, жемісі де мол болып,

Сапырады берекенің қазанын.

 

Биыл күздің ғажабын-ай, ғажабын,

Осы күзде тарқап менің базарым,

Осы күзде сыңарымнан айрылып,

Кім ойлаған аққу жырын жазамын.

 

Көп адасып бірін-бірі іздеген,

Сары күзде танысып-ек біз деген,

Қоштасуға үлгере алмай дүние-ай,

Кетті жарым ғажайып сол күзбенен.

 

Ғажап күзді көре алмады ғашығым,

Жүрегіне түсті ме оның жасыны,

Кетті жанып, ұлттың жоғын түгендеп,

Алты Алашы ардақтаған асылым.

 


Он бірінші өлең

 


Біреуге кетіп жатса есең,

Біреуге кетті үлесің.

Біреулер сырттай ор қазып жүргенін тағы білесің.

Бірақ та соған таласып, жағадан алып жармаспай,

«Джакондаға»  ұқсап құпия жымиып қана жүресің.

 

Біреулер сөзбен қыршиды,

Біреулер көзбен атады,

Біреулер тіпті жолыңа шеңгел де қадап жатады.

Бірақ та соның біріне шыбын шаққандай қарамай,

Өзіңмен өзің жүруші-ең, ешкіммен болмай шатағың.

 

Біреулер арнап анекдот,

Біреулер өсек боратып.

Біреулер өзі бата алмай, күшіктеріне талатып

Жатса да маңғаз қалпыңда жылына кітап шығардың,

Қызғаныштарын туғызып, шабыт тұлпарыңды жаратып.

 

Біреулер сатып сыртыңнан,

Біреулер алдап жүретін.

Біреулер тіпті өзінше әпенді санап, күлетін

Бірақ та соның бірін де мін тұтпай асыл тұлғаңа,

Өзіңмен өзің болушы-ең, әр істің тауып ретін.

 

Сен шыққан асқар биікке

Біреулер жетпей күйіп тек,

Зауал да жолдап байқады, жаратушыға киіп кеп.

Бірақ та соның барлығы сағыңды сенің сындырмай,

Тоқтады ұлы жүрегің ұлтыңды ғана сүйіп тек.

 


Он екінші өлең

 


Көгімдегі күнім, көңілімдегі жырым сен едің,

Аңғалдау жүріп, ақыл-білімге кененім.

Тарихты қазып, сыртартып сан-сан ғасырдан,

Қара сөзбенен кесте салуға шеберім.

 

Ағытып тастап махаббатыңның көгенін,

Орта жасыңда жүрегіңді алып кеп едің.

Тұтас әулеттің тағдырын сеніп тапсырған,

Шаңырағыңа жұмақ орнатсам деп едім.

 

Көңіліме –шуақ, шөліме – бұлақ сен едің,

Жаныңда шіркін, жайдары жазға тең едім.

Бағыма менің шалқар-шатыққа бөледің,

Барыңда сенің қай ханышадан кем едім!

 


Он үшінші өлең

 


Сырға толы жүрегім,

Мұңға толы жанарым.

Сағыныштың бір емін

Таппай күйіп-жанамын.

Алатауды айналып рухың ұшып жүрме деп,

Алматыға сен қалған қайта-қайта барамын.

 

Сенің ізің бар ма деп,

Көшелерді шарладым.

Тәтті қызыл алма жеп,

Тәтті жырлар арнадым.

Мені сүйген жүрегің тілге келмей тоқтады,

Қоштаса алмай армандап, қайғы шегіп зарладым.

 

Сенсіз апта зулайды,

Сенсіз айлар өтеді.

Түн ұйқымды ұрлайды,

Сағыныштың жетегі...

Жылдарменен жарысып, сен деп соғар жүрегім,

Саған деген махаббат сүйегіммен кетеді.

 


Он төртінші өлең

 


Қаңырап қалды мына әлем,

Қаңғырып қалдым өзіңсіз.

Қырық күн бойы жылап ем,

Қырқылды жаным сезімсіз.

 

Сенімен әр күн көктемдей,

Қуаныш еді жайнаған.

Тірліктің мәні кеткендей,

Құлазып қалды айналам.

 

Күлгенің, жүріп-тұрғаның

Мереке еді-ау мен үшін.

Жанымды өртеп мұң-жалын,

Тарылып қалды өрісім.

 


Он бесінші өлең

 


Алтын күз еді...

Жапырақ жауып ағаштан,

Сарыала кілем жолдарда жатты жарасқан.

Тағдырымызға  жазғаны болып жазмыштың,

Сол күзде бізді табыстырғанды Жаратқан.

 

Дәл соған дейін не көрмей  жүрдік біз деген,

Адастық біраз шиырлап ескі ізбенен.

Көңілді бірақ сөнбейтін шырақ бар еді,

Өмірде ұзақ табар деп бақыт іздеген.

 

Таныстық-тағы жүрекпен сүйіп, табыстық

Кішкентай бөлме біздерге болды қоныс-құт.

Мен өлең өріп, сен қара сөзді төгілтіп

Күш-қуат алдық сезімдерімізден ғарыштық.

 


Он алтыншы өлең

 


Сағындым ғой!

Түсіме неге кірмейсің?!

Елжіреп қарап, қолымнан ұстап жүрмейсің.

Мөлдіреп қарап, шәй құйып берер жарыңның

Сағыныш жасы кесеге тамды білгейсің.

 

Сағындым ғой!

Түсіме неге енбейсің?!

Шолпаныма ұқсап тұсымнан жанып, сөнбейсің.

Тірлікте сені Жаратқан берген қалпыңда

Сүйетін адам болды ма екен мендей шын.

 

Сағындым ғой!

Осыдан басқа не дейін,

Шықпайды үнім, кептеліп жасқа көмейім.

Ширек ғасырды өзіңмен бірге өткізген

Махаббатымның мыңжылдығына теңейін.

 


Он жетінші өлең

 


УҺ, дүние-ай!

Өте шықты қарашы,

Екеуміз де сағынысып қарасып,

Күні бойғы көргенімді мен айтып,

Күні бойғы көргеніңді сен айтып,

Отырушы-ек, дидарласып жарасып.

 

Пенде өмірдің қысқа екенін білген бе,

Сен екеуміз үй ішінде жүргенде

Қауыз жарып бізге қарап гүлдер де,

Мен бақыттан ақтарыла күлгенде,

...Соның бәрі өте шықты-ау бірдемде.

 

Енді қалай сол күндерді қайтарам,

Қызығымның қызыл гүлін жайпаған.

Жек көремін қанша шуақ төксе де,

Осы күзді шаңырағымды шайқаған.

 


Он сегізінші өлең

 


«Жарың ғой!»,- деп жанұшыра шырылдап,

Телефоным көрсетпейді атыңды.

Отыз бес күн өте шықты зырылдап,

Сен сапарға аттанғалы ақырғы.

 

Сен сияқты тәтті сөзге толтырып,

Хабарлама жолдамайды енді ешкім.

Дүниені іздесем де шарқ ұрып,

Сен сияқты аймаңдай ұл көрмеспін.

 

Күніне он телефонмен тілдесіп,

Отырушы-ек сағынысып баладай.

Енді міне жалғыздықтан күн кешіп,

Қалғандаймын панасыз боп далада.

 


Он тоғызыншы өлең

 


«Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді»,

Жалалы сөз тұқымыңа жетеді.

Шибөріше талағанда жабылып,

Жүруші едің қара нардай көтеріп.

 

Біреуімен жағаласып жатпадың,

Біреуімен табаласып жатпадың.

Қазағыңның әдебиет тауына

Өзің салған бар болатын соқпағың.

 

Тұңғыш рет тарихына жол салып,

Жаныңды жеп жазып шықтың қаншалық.

«Отырар» мен «Жібек жолы», «Алаңды»

Қисапсыз жан оқып шықты тамсанып.

 

Абай менен Мұхтардың да азабын,

Жазып шықтың отыз жеті тозағын.

Жаңа шабыт, жаңа күшпен кірістің

Тәуелсіздік алғанында қазағың.

 

Жазуыңнан басқа қызық қаламай,

Отырушы-ең сағат, күнді санамай

Қаның ұйып, жаның ұйып кетті ме?

Жүрегіңді соқтыруға жарамай.

 


Жиырмасыншы өлең

 


Осы шығар жесірліктің кезеңі,

Шаттығымның тартылды да өзені

Бағы ұшқан басқа қара жамылып,

Сағыныштан өртенеді өзегім.

 

Осы шығар қирап қамал-қорғаным,

Осы шығар асқар таусыз қалғаным.

Әйел, Ана бағын маған сыйлаған,

Саған ешкім тең келмеген жан жарым.

 

Осы шығар болды деген сор маңдай,

Аһ ұрамын, ішім шерге толғандай.

Өмірімнің мәні менен сәні едің,

Мына  дүние сенсіз қараң қалғандай.

 


Жиырма бірінші өлең

 


Басыңа келдім,

Топырақ көрдім үюлі.

(Ешқандай сөзбен жеткізе алмаспын күйімді)

Махаббат ұшып, жалғыздық құшып,  көзімнен

Нөсерлі жасым кеудеме менің құйылды.

 

Басыңа келдім,

Қада тұр жалғыз қағылған.

Аты-жөнің мен өмір сүргенің жазылған...

Арысым менің, айрылып тұрып сенбеймін,

Сен жатыр десе мына бір жерде қазылған.

 

Басыңа келдім,

Тып-тыныш екен айнала.

Топырағыңды алып, күбірлеп тұрмын жәй ғана

«Тіршілігіңде тыным алмай бір кетіп ең,

Жәннетте болғын, артыңдағыны ойлама...»

 


Жиырма екінші өлең


 

№1 палатада

 


Сен жатқан бөлме,

Сен жатқан төсек бұйырды.

Өткенді еске ап, жүйкені біраз шиырдым

Сен жүріп-тұрған бөлмеде жатып, дүние-ай,

Сен жоқ деп ойлау қиыны екен, қиынның.

 

Қабырғаларға иісің сіңіп кеткендей,

Еденде ізің, дәл жаңа басып өткендей.

Терезелердің әйнектері де, дүние-ай,

Тек сені айтып, махаббат сырын шерткендей.

 

Сағыныш буып, жас парлап тұрып көзімнен,

Әр затты ұстап, қолыңның табын сезінем.

Өзіңнен басқа не керегін де білмеймін,

Армансыз едім, армансыз едім өзіңмен.


 

Жиырма үшінші өлең

 


Сағыныштан сарғайып, қаным қайнап,

Өртенеді өзегім өзіңді ойлап.

Жиырма алты жыл бұрын некелесіп,

Тағдырыңды беріп ең маған байлап.

 

Содан бері ұғысып көзімізбен,

Тілдескенде бал татып сөзімізден.

Жаңа ғана табысқан ғашықтардай,

Айырылдым-ау ғажайып кезімізден.

 

Күн көрмесек табысып сағынысып,

Қыз-жігіттей болушы-ек алып-ұшып.

Енді соның барлығын еске аламын,

Кеткендей боп басымнан бағым ұшып.

 

Анаң жүз жыл жасаған асыл еді,

Әкеңіз де сексеннен асып еді,

Орта жолда біздерден айырардай,

Неден шошып қаныңыз тасып еді...

 

 

Жиырма төртінші өлең

 


Сенсіз қайтер екенмін

 


Өтті бәрі ...

Өтті.. десем ішім күйіп кетеді,

Бір өкініш солқылдатып шекені.

Екеуміздің өміріміз ойымнан

Қайталанып, кинодай боп өтеді.

 

Кеше еді ғой, мені жаным көргенің,

Сезіміңді хатпен орап бергенің.

Екеумізге өмір сондай тәтті еді,

Тіршіліктің татсақ та ащы кермегін.

 

Даңқ тербетіп, дақпырт еріп соңыңнан,

Кейде гүлдер, кейде тікен жолыңнан

Кездессе де алған беттен қайтпаушы-ең,

Не көрсең де көріп өздік сорыңнан.

 

Керуеніне ай-жылдардың ілесіп,

Бір жеңіліп, бірде жеңіп, тіресіп.

Қаламыңды қанат етіп арманға

Жүруші едің тағдырыңмен күресіп.

 

Күндер түнге, түндер күнге жалғасып,

Жақсылық пен жамандықтар арбасып

Келгенінде жеңіп шыға беруші ек,

Біз екеулеп кіріскенде қолдасып.

 

Өтті солай, уақыт қалай тез еді,

Толтырумен тіршіліктің өзегін

Жүрген кезде мәңгі-бақи өмірге

Сенің жаным келіп қапты кезегің.

 

Менің барлық арманымды жай ұрып,

Бір ақ күнде қойды сенен айырып.

Енді сенсіз жанар ма екен еңбегім,

Енді сенсіз ақталады қай үміт.

 

Өтті бәрі...

Сенсіз қайтер екенмін.

Қызбасын да сезем сенсіз шекемнің.

Шуағыңа шомылдырған Ұлы Алла

Мейіріне қат етпесін бөтеннің...

 


Жиырма бесінші өлең

 


Біз екеуміз некелескен күн еді


(2014 жылғы 30 қаңтар)

 

Бүгін біздің некелескен күніміз,

Қабыл алып бірімізді-біріміз,

Арманымыз бір арнаға тоғысып,

Бір жүректен естілді де үніміз.

 

Осы күннен тағдырымыз қосылды,

Тіршіліктің даңғылымен жосылды...

Шаттық пенен қуанышты асырды,

Өкініш пен күйінішті жасырды.

 

Жақсы-жайсаң адамдармен дос етті,

Ал, біреулер боратқанмен өсекті

Екі жаққа бөліп тастай алмады,

Сен екеуміз бас қосатын төсекті...

 

Көп қиындық көргенде де жасымай,

Алла бақыт бергенде де тасымай,

Бір адамға айналғанда бір сәтте

Айырылысамыз деген бе едік осылай?!

 

Шаңыраққа түсті ажал шақпағы,

Қыркүйектің таңы саған атпады...

Ширек ғасыр алақанда аялап,

Мені сүйген ғазиз жүрек тоқтады.

 

Отбасыма орнатып кеп түнекті,

Содан бері төрт ай, он бес күн өтті

Жырыммен де жұбата алар емеспін,

Сені сүйген гүлден нәзік жүректі.

 

Бүгінгі күн некелескен күн еді,

Қан жылайды сыңар аққу жүрегі...

Асыл бейнең гүл әкеліп тұрмайды,

Маң-маң басып тек түсіме кіреді...

 


Жиырма алтыншы өлең

 


Қарап тұрсың...

Махаббатпен елжіреп,

Мынау жарық дүниеге мөлдіреп.

Ең соңғы рет түскен бейнесі еді,- деп,

Әкеп берді әріптесің Бердібек.

 

Қарап тұрсың...

Ешнәрседен бейхабар.

Емес тіпті ауру да байқалар.

Күш-қайраты көздерінен көрінген,

Кім ойлаған деп өзіңді жай табар.

 

Қарап тұрсың...

Ешбір қауіп жоқ тіпті.

Көңілің тұр жақсылықтан боп күпті.

Кім ойлаған апта өтпей арада,

Ажал ұрлар деп біздегі шаттықты.

 

Қарап тұрсың...

Дүниеге тамсанып,

Құшағына орап алып сал шабыт,

Жүруші едің қаламыңды суытпай,

Жазылмаған жазу қалды қаншалық...

Қарап тұрсың дүниеге тамсанып...

 


Жиырма жетінші өлең

 


Сенсіз өмір күресім

Мәнсіз өзің білесің.

Жер бетінен кеткенмен,

Жүрегімде жүресің.

 

Сенсіз жаным қаралы,

Сенсіз сезім жаралы.

Жазғандарыңды оқимын,

Жасқа толып жанарым.

 

Сенсіз жайнап Күн шықпай,

Сенсіз бұлтқа тұншықты Ай.

Түнде ұйықтамай жыр жазам,

Сағынышым тыншытпай.

 

Сенсіз көңіл оттары,

Сөніп, уақыт тоқтады.

Көніп Алла салғанға,

Сені жарың жоқтады...

 


Жиырма сегізінші өлең

 

Қоштаса алмадық, тілдесе алмадық соңғы рет,

Қимай қарасып бір-бірімізге елжіреп.

Екеуміз бөлек жүргенде бітті сен үшін,

Жаратқан Алланың уақыты берген белгілеп.

 

Бақұлдаспадық, жүрекке болды сол арман,

Жыр болып жылап, төгіліп жатыр қаламнан.

Күн де тұтылмай, жер де сілкінбей, дүние-ай,

Адасып қалдым, көз жазып қалдым қараңнан.

 

Жаманат хабар найзағай болды күздегі,

Атынан құлап, достарың жылап іздеді.

Атыңды сенің аспанға жазып кеткендей,

Туған жерінен қайтқан құстардың тізбегі.

 

Қара жамылып, қайғыдан жаттым езіліп,

Дара зарығып, күллі қызықтан безініп.

Жырымды оқып, сырымды айтып отырмын,

«Жесірлік» деген жалғызбастыға кезігіп...

 


Жиырма тоғызыншы  өлең

 


Маңқиған дала мінездім,

Аңқиған бала мінездім.

Қаламына қасиет дарыған,

Еңбекқор, дара мінездім.

 

Тарихты қопарып, қаздың,

Асылын қотарып жаздың.

Қайнаған қу тірліктің де,

Ішінен от алып жаздың.

 

Тірлігіңді тілдеген болды,

Бағыңды күндеген болды,

Алашың ардақтағанда,

Бағаңды білмеген болды.

 

Жолыңа тікен қадады,

Сыртыңнан сөзбен сабады.

Әйтеуір заман басқа боп,

Қолыңа кісен самады.

 

Досыңа жамандап қатты,

Атыңа кір жағып бақты.

Бәйгеге қосылсаң  болды,

Жолыңа табандап жатты.

 

Сен десе есіретіндей,

Тізімнен өшіретіндей,

Не жазып қойып едің,

Осынша өшігетіндей.

 

Бір жанға тілің тимейтін,

Жалқауды жаның сүймейтін,

Жыл сайын шыққан кітабың

Сондайды тілсіз түйрейтін.

 


Отызыншы өлең

 


Менің жалғыз серігім

 

Жер сияқты менің жалғыз серігім,

Маған бастап алып келді сені кім?

Қу тірлікте жансебілдеп жүргенде,

Тағдырыңды тағдырыма телідің.

 

Ай сияқты суық, көркем жан едім,

Ашқызбайтын жұмбағы мол әлемін.

Қой аузынан шөп алмайтын мінезбен

Жүрегімнің өзің таптың дәл емін.

 

Мені көрген көздеріңнен айналдым,

Жүрек жарған сөздеріңнен айналдым.

Жер ортасы Көктөбеде кездесіп,

Жұлдызың боп тағдырыңа байландым.

 

Таныстырған сол кезіме мың алғыс!

Табыстырған сол сезімге мың алғыс!

Қолыңды ұстап жас баладай шаттандым,

Әйел жаны әрнәрсеге қуанғыш.

 

Әрбір күнді соңғы күндей өткізіп,

Құрметіңді сезіміңмен жеткізіп,

Жұретұғын дәурен өте шыққаны-ай,

Сарыарқада сары қайғы шеккізіп...

 


 

Сәуле ДОСЖАНОВА


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар