Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Семейде Есенгелді Сүйіновтің шығармашылық кеші өтт...

Семейде Есенгелді Сүйіновтің шығармашылық кеші өтті

18.12.2025

3414

Семейде Есенгелді Сүйіновтің шығармашылық кеші өтті - adebiportal.kz

Семей қаласындағы Шәкәрім университетінде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» Алтын медалінің иегері, ақын, жазушы, журналист, публицист, Ақпарат саласының үздігі  Есенгелді Сүйіновтың «Бақытым сенсің…»  атты шығармашылық кеші өтті.  

Сахнада Есенгелдінің өмірі жайлы, қазақтың аяулы қызы, сүйген жары Марфуғамен қалай танысқаны, бірге жүрген бақытты кезеңі, одан қапияда айырылып қалған сәті төңірегінде театрландырылған көріністер музыкалық-поэтикалық сүйемелдеумен әдемі көрсетілді. Бас кезінде Алаш арыстарының ел мүддесі жолындағы іс-әрекетімен ұштастырылған бейнелер суреттелді. Сахналық көріністерді көрсетуге 100-ден артық студент қатысты. Уылжыған  жастардың өнеріне көреремендер керемет риза болды. 

Студенттер Есенгелді Сүйіновтың сыршыл өлеңдерін жатқа оқыды. Ел арасында кеңінен таралған Марфуға Бектемірованың сөзіне жазылған «Аққуым менің қайдасың?» әнін жиналғандар ұйып тыңдады.

Кеште Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың директоры, Қазақстан Жазушылар одағының Абай облысындағы өкілі Мерей Қарт «Әр ақын поэзияға өзіндік ерекшелігімен, тың серпінмен, біреуді қайталамайтын бунақтарымен, қадам басады. Есенгелді ағамыз да сондай дара тұлғалардың бірі»,-деп, ақынның шығармашылығы жөнінде жылы лебізін білдірді. 

Шәкәрім университетінің басқарма төрағасы-ректоры Думан Орынбековтың Алғыс хаты мен сыяпатын Басқарма мүшесі-аппарат басшысы Мақсат Кәрібаев  Есенгелді Сүйіновке салтанатты жағдайда тапсырды. 

Кеш соңында Есенгелді Сүйінов ежелгі Семей, қазіргі Абай облысының  Қазақстандағы орны айырықша екенін, орыстар Лев Толстой туған Ясная Поляна қонысын қалай қадірлесе, қазақ Абай дүниеге келген өңірді көздің қарашығындай сақтап, қорғауы керектігін айтты.

– Қазақтың бас ақыны, данышпаны, ойшылы Абай туған киелі жерде, білімнің қара шаңырағы- Шәкәрім университетінде шығармашылық кешімнің өтуі мен үшін үлкен мерей, зор мақтаныш. Кілең ұлылар мен кемеңгерлер, жампоз-жайсаңдар шыр етіп дүние есігін ашқан мекен жанымызға жақын көрінеді. Университетте студенттердің жан-жақты білім алуына қолайлы жағдайлар жасалған. Өрімдей өрендердің оқуға деген талпынысы, өмірге құштарлығы, ұстаздардың шәкіртіне деген жанашырлығы, басшыларының тынымсыз ізденісі мен әлемдік стандартқа ұмтылуы байқалады. Шәкәрім университеті шын мәнісінде республикадағы таңдаулы жоғары оқу орындарының қатарына қосылған. Мұндай қарқынмен, мұндай еңбексүйгіштікпен ол әлемдік деңгейге көтеріледі деп сенемін. Үлкендердің, зиялы қауымның басын қосып, осындай ауқымды, тәрбиелік мәні зор кешті жоғары деңгейде ұйымдастырған Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы-ректоры Думан Орынбековке алғыс айтамын. Бұл қайталанбас қуанышымның бір сәті секілді,-дей келіп, ақын Есенгелді Сүйінов ұлтымыздың мақтанышы-Абай, ежелгі Семей, Отан жайлы, әдемі табиғат, қыстың әсем көрінісі туралы жаңа өлеңдерін оқыды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan