Семейлік ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Семей өңірі бойынша филиалының төрағасы Мерей Қарт Мемлекет басшысынан жас қаламгерлерге арналған Әдебиет академиясын құруға қолдау білдіруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақтың жас ақын-жазушылары мемлекет қолдауынан кенде емеспіз. Қазақстанның жас ақын-жазушылары ұлтымыздың руханиятына, әдебиетіміздің дамуына үлес қосып жүр. Мысалы, мен өткен жылы өзіңіздің қолдауыңызбен Қазақстан жазушылары қолға алған жалпы республикалық Әдеби өлкетану жобасына қатыстым. Арнайы Кереку жеріне барып, сол жердің әдебиетімен, мәдениетімен танысып, бір топ шығарма жаздым. Тек қана мен емес, республикамыздың әр аймағындағы аға буын ақын-жазушылар, жас қаламгерлер осы жобаға қатысты. Еліміз туралы, жеріміз туралы шығармалар дүниеге келді. Осындай мүмкіндік берген сізге барлық қаламгерлердің атынан алғысымды білдірем», - деді Мерей Қарт Президенттің қатысуымен өтіп жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанатында.
Ақын өз сөзінде Қазақстан Жазушылар одағы ұсынған бірегей жоба жайлы айтып өтті. «Өзіңіз үнемі айтып жүргендей, бәсекеге қабілетті жастар - елдің болашағы. Ендеше, әдебиет әлемінде де біз бәсекеге қабілетті болуымыз үшін жас қаламгерлерге арналған Әдебиет академиясын құру туралы ұсынысымды қарастырсаңыз деп өтініш айтқым келеді. Әдебиет академиясы ашылатын болса, жастар білімге ұмтылып, алпауыт мемлекеттердің тілдерін меңгеріп, философтардың, мәдениеттанушылардың білімін бойына сіңірсе, әдебиетіміздің әлеуеті артып, тынысы, кеңістігі ашылар еді. Сонда жас қаламгерлер жаһандық бәсекеге қабілетті шығармаларды дүниеге әкелер еді», - деді ол.
Мерей Қарт өз сөзінде Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары әр қазақтың жүрегінен орын алғанын айта келе, алған әсерін өлең жолдарымен жеткізді.
Айта кетсек, Жастар жылының ашылуына Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысуда. Сонымен қатар бұл жиынға шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдері, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, жас әскери қызметшілер келген.
Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керектігін айтты. Ал, арада бір айдан астам уақыт өткенде Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланды.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.