Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Серік Ақсұңқарұлы. Ақымақтар еліне айналып барамыз...

21.08.2015 2685

Серік Ақсұңқарұлы. Ақымақтар еліне айналып барамыз ба?

Серік Ақсұңқарұлы. Ақымақтар еліне айналып барамыз ба? - adebiportal.kz


серик аксункар.jpg


Осыдан біраз уақыт бұрын «Аргументы и факты» апталығы академик Сергей Капицаның «Рассию превращают в страну дураков» атты дабылды мақаласын жариялады. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының (ВЦИОМ) мәліметтеріне қарағанда, ресейліктердің 35 пайызы кітап бетін ашпайтын көрінеді. «Егер осы бетімен кете берсе,-деп дабыл қағады орыс оқымыстысы — бұл елдің болашағы күнгірт».


Бұл жалғыз Ресейдің басындағы жағдай емес, бұрынғы одақтас елдердің бәріне ортақ қасірет. «Жұмыс көп. Кітап оқуға уақыт та жоқ» деген сылтау елдің көсегесін көгертпейді. Қайта оны тығырыққа тірейді. Кешегі аға ұрпақтың жұмысы бүгінгі біздікінен аз болып па еді? Еңбек өнімділігі бұдан бұрынғы уақытта бүгінгіден әлдеқайда мол болған. 


Қазір қайратты тау қопырардай небір енгезердей ер жігіттер күзетші болып күн көріп жүр — еңбек еткісі келмейтін кержалқау! Кердең сері...


Адам мен маймылдың организмі бір-біріне өте ұқсас. Маймыл түк оқымайды. 
Адам кітап оқудың арқасында цивилизацияның биігіне көтерілді! Міне, мәселе — қайда?!
ХХІ ғасыр — жөңкілген информациялар ғасыры. Атамзаманнан бүгінге дейінгі мол қазына кітапханаларда жатыр. Ертеде кітап болмаса да, халықтың ауыз әдебиеті кемеліне келіп еді. Мәселен, қазақтың халықтық эпосын алыныз. Жас ұрпақ аталарының тізесінде отырып, миф пен аңыздардың көркемдікке суғарылған небір сұлу да, ұлы нұсқаларын тындап, Гома Сапиенске (саналы адамға) айналған. 


Соңсоң, дүниеге Жазу келді де,ол ойлы Оқырманды туғызды. 


Академик С. Капица жоғарғы оқу орындарына абитуриент қабылдаудың соны нұсқасын ұсынады. «Ешқандай емтиханның керегі жоқ!-дейді ашулы академик — әрбір абитуриент өзінің қандай мамандықты не үшін тандайтынын айтып, төрт-бес парақ сауатты шығарма жазып шықса, сол — жетеді». Өзінің ойын сауатты жазып шыққан адамның интеллектуалдық байлығы мен мәдениеті, ақыл-ой деңгейі сол шығармадан-ақ айнаға түскендей ап-анық көрініп тұрады.


Бүгінгі таңда бүкіл әлем тығырыққа тіреліп тұр!
Неге дейсіз ғой? 
Кітап оқымайды! 
Көзі — теледидарда...
Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» дәуірнамасын түпнұсқадан оқу мен теледидардан көре салудың арасы — жер мен көктей!


Мәдениет министрлерінің еңсесі үкіметтегі барлық министрден биік болуға тиіс!


Мәдениетті комерцияға басыбайлы құл қылудың соңы сорға айналып барады!


Мемлекеттік, ұлттық идеяға көз жұмып сенетін, өз Отаны, өз елі мен жұртын елжіреп сүйетін армия мен ақша үшін өз елін де, өзгені де өлтіре беретін жалдамалы әскердің арасы да —жері менен көктей! Бұл екеуі бір-біріне мүлде керағар, екі бөлек армия...


Өнердің өзгеше шедеврлері ақшамен жасалмайды — жүректен туады! "
"Мемлекет — деп жазады академик — өзінің күш-қуатын ақшамен немесе әскери күшпен еселей алмайды". 
Мемлекеттің мерейін Мәдениет ғана тасытады! 
Мәдениет және оның даму деңгейі — ұлттық қауіпсіздіктің басты өлшемі—осы дейді орыс оқымыстысы.


...Орыстар — ой үстінде.


Ал, біз ше?!.
Ал, біз қашан ойланамыз осы?!



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар