Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Серік Ақсұңқарұлы. Кірпік қаққанша өзгере берді дү...

29.03.2023 15221

Серік Ақсұңқарұлы. Кірпік қаққанша өзгере берді дүние...

Серік Ақсұңқарұлы. Кірпік қаққанша өзгере берді дүние... - adebiportal.kz

«Көкейімде – Күлтегіннің Жазуы» кітабын

***

Ұшайыншы аспаныңды шарлап бір,

Құшайыншы теңізіңді жалдап бір;

... Еуропаға қойып қойған Інжуім,

Адамзаттың көзін, әне, арбап тұр!

 

Құранменен Құдайды іздеп жүр жырым,

Мен қайтейін біреулердің "Інжілін"?!

О, Түркия!

Азиядан арулап,

Еуропаға іліп қойған Інжуім!

 

Сеніменен жаным - бірге, бір - кіндік,

Қаншама рет қынадайын қырқылдық?

Төрткүл дүние арасында - Айбозым,

Төрт теңіздің* жағасында -

Бір құрлық.

 

Өзіңді іздеп,

Желбіреп бір тұлымым,

Көкбөрімен қоса көкке ұлыдым.

Қайтып келген адасқан ұл** секілді,

Құшағыма, келші, қайран, құлыным!

 

Мәңгі жыр!

Күнің де - ашық, гүлің-дағы алқызыл;

Төрт теңіздің жағасында Түркиям, -

Төрт Арудың арасында-

Жалғыз Ұл!

 

*Қара теңіз, Жерорта, Эгей мен Мәрмәр теңіздері

**«Возвращение блудного сына» — Рембрандтың (1606—1669) картинасы.

 

КОЛУМБ. ХАН КЕНЕ. ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫ

 

Түні — қысқа.

Ұзақтау неге күні?

Тарта-тарта қажыдым темекіні.

Темекіні тәрк етсем, Тәңірінің

Көп болар ма бұдан да беретіні.

 

Ғұмырыңды қып-қысқа, өлерменім,

Қамшының сабындай көрем дедің.

Көк түтіннің ішінен шыр-шыр етіп,

Қалай туған онда осы өлеңдерің?

 

Қарақшы мен жәләптың досы болған, -

Қалай осы көңілдің хошы болған?

... Жер түбіне жеткенде Колумбының

Алып келген олжасы осы болған.

 

Сол кемеде жол сілтеп соқырларға,

Құранның бір сүресі оқылғанда, -

Колумбының орнында, білігі мол

Біздің Қажы Құнанбай отырғанда...

 

Ар,

Ұят та ақшаға саудаланып,

Алтын басы адамның дауда қалып, -

Бүлінді ғой дүние, -

Хан Кене емес, -

Қайдағы бір Колумб жаулап алып…

 

***

"Қаратаудың басында көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,
Елім-ай,
Елім-ай!"

(Халық әнінен)

 

Қарамай алағай мен бұлағайға,

Жеткізізген - жер иесі ұлы Абайға; -

Түріктің түп тамыры Түркістан ғой,

(Хас Сақтың қанын құйып тұла бойға).

 

Алланың құйылады нұры кеп құр;

Аймалап Жерортадан* жылы леп бір,

Түркия!

Арқасына Аруақ қонған

Өзіңе Түркістанның ұлы кеп тұр!

 

Көшінің қонған жері жыр-аңыз деп,

Ат басын соған қашан бұрамыз деп, -

Егіліп Мағжан өтті "Елім-ай"-лап,

Тарихтың көмбесінен Тұранды іздеп.

 

Ата жұрт - жерін ойлап, елін ойлап,

Бекем бір ел болуға белін байлап, -

Алаштың жыры атам заманынан

Келеді керуен тартып "Елім-ай"-лап!

 

Қырындап қызға, мейлі, сері болып,

Теңізге жырыңды төк тебіреніп;

Өлеңге "Елім-ай"-дың сарыны жоқ,

Өмірі егілмейді ел еміреніп.

 

Соны айтып аңыратқан, Дала, сені,

Құдай-ай, қай қазақтың баласы еді?

Ақын - сол!

Ал, біздікі жай әшейін

Соның бір шалығы ғой, Алаш елі.

 

Аларған ата жауға шегіп айбат, -

Азалы жерін ойлап, елін ойлап,

Түркия!

Түркістаннан мен де келдім:

"Түңлігі желбіреген елім-ай!"-лап...

 

БОСФОР БҰҒАЗЫНДАҒЫ КӨПІР*

 

Біздер - көшпеліміз!

Әлемге аян Алтайда өскеніміз;

Көшкен сайын тіріліп өлгеніміз,

Шоқтан өрт боп лаулаған өшкеніміз!

 

Үзеңгіге тисе аяқ есім кіріп,

Бұлтқа оранған түнекті есіп жүріп, -

Жалаң бұтқа кигізіп тері шалбар,

Жаяуды атқа мінгіздік көшіп жүріп!

 

Ат үстінде ел-жұртты еліктірдік,

Желдің өзін арқаға желік қылдық;

Еуразияда ерсілі-қарсы жүріп,

Босфор деген бұғазға келіп кірдік!

 

Көшіп өттік мұз қатып мұртымызға,

Қанжығада - хас жау, құрт - ұртымызда;

Қаншама жұрт ел болып есіп отыр,

Көшіп кеткен біздің сол жұртымызда.

 

Әлімсақтан көз жетпес көші - нөпір,

Көшкен сайын көңіл де өсіп отыр;

... Азияны апарған Еуропаға -

Еділ* менен Абай!

Һәм - осы көпір.**

 

*Еділ( Аттила) , Ғұндардың көсемі, герман және т.б. тайпаларға билік құрып, Рейннен — Волгаға дейінгі аймақта ұлы түрік державасын құрған билеуші.

 

**Босфор бұғазы үстінде салынған көпір Азия мен Еуропа құрлықтарын жалғастырып тұр. Көпір 1973 жылы қазан айының 30-да Түрік Республикасының 50 жылдық құрметіне салынған.

***

Барыс жылы туған асау Балықпын.

Жердің тілін,

Шөлдің мұңын шала ұқтым.

Мұң-шерімен қасіретінде жүзгенмін,

Мұхиты жоқ қазақ деген халықтың.

 

Судың жырын,

Шөлдің мұңын айтқан күн,

Жағалауға шығуға да шақ қалдым.

Тоқырауынмен құмға сіңіп, құрдымға,

Көк теңіздің түбін көріп қайтқанмын.

 

Арпалысып асау толқын жалымен,

Батысты да,

Шығысты да шалып ең.

Шарап дейтін шалқар мұхит бетінде,

Шалқасынан жатып жүзген балық ем...

 

Тынық Мұхитында-дағы жүзер ем,

Үнді мұхитында-дағы жүзер ем.

Барыс жылы туған балық болған соң,

Сырдың суы келген емес тізеден.

 

Алаш дейтін айдын-көлім,

Шер — жүрек,

Желден де озып,

Серпіп сеңді, селді кеп, -

Жер түбінен Саған жүзіп келемін,

Желбезегім желбіреп...

 

ТОҢ ЕЛІ*. БІР ТІРІ БҰҒЫ. БІРНЕШЕ АЛТЫН БҰҒЫ

 

«Бірге туған, бауырлас халқымыз деп —

Байлық — мұхит! Бетінде - қалқыңыз!» - деп, -

Жер бетінің қағылған-соғылғаны

Аляскаға келген-ді алтын іздеп.

 

Жердің сонда арқасы құрысыпты,

Алтын шықты...

Артынан ұры шықты!

Орыс келді Сібірге іздеп соны,

Абыржыған алдынан...

Бұғы шықты...

 

Не бір ақ қар, көк мұздан жұртын аман

Алып шығып, булары бұрқыраған;

Дәл со күні... ғұмыры сыр бермеген,

Мүйіздері оңбай бір сырқыраған...

 

Соғындылар салғанда сонарға үйін,

Ең алғашқы тұрғынға болар қиын:

Бұғыларды қырды олар ең әуелі!

Алтынға ауыз салғаны - сонан кейін...

 

Басқа — еркіндік қонған Һәм бағына — құт

Таң қалды оған осынау «тағы халық»;

Ерін құртып,

Бұғының етін жейді,

Мүйіздерін қан қылып...

Қағып алып!

 

... Білетұғын ең қымбат тартымдысын,

Тоңның Елі* - (қазып ап сарқындысын, -

Сібірде алтын жетеді),

Сол Бұғыға

Қойғылары келеді алтын мүсін!

 

Сұм заманның боздатып зілі мұны

Тоқтады өксіп...

О дағы ірілігі.

Жүз Бұғыны сол алтын...сатса құндап,

Болмайды ғой бір Жалғыз Тірі Бұғы...

 

... Жылдар да өтті жылп етіп, - ағын күндей,

Соның бүгін отырмын санын білмей;

Мерей тасып, жүргенмен мына жерде,

Менің-дағы сонымен халім бірдей...

 

*Тоң Елі-- Тундра

 

АРУ ЛАТЫН

 

Ару Латын, —

Әлі он сегіз жасында.

Жақсы менен Жайсаң сонын қасында.

Ғаламзатты қартайтты да ғашық қып,

Кербес Сұлу келді біздің ғасырға,

 

Адамзаттың бүгіні — сол, - өткені,

Қысы, жазы, күзі де — сол, - көктемі.

Ғомар* дейтін ақын — ақын болғалы,

Латын дейтін —

Латын болған, өйткені.

 

Асқақ жыры — алтын Алаш қахында, —

Ару Латын тәнті мендей ақынға.

... Біреу жетсе айдарынан жел есіп,

Мен жетермін Қасиетті Латынға.

 

*Гоме́р (др.-греч. Ὅμηρος, б.ж.с.д. VIII ғ..) — грек ақыны.

 

АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕКТІҢ ҚАЗАСЫНА

 

Ахаң кетті-ау, көрсетпей қарасын да,

Қалған қара қазақтың бәрі —

Осында.

Алла ғана тұр қазір, біздер жоқпыз —

Ақселеу мен Алаштың арасында.

 

Көзге Алаштан басқаны қара көрмей,

Қаракөгім –

Қайтсе де қалар өлмей;

Құлағына ғаламның бір жетерсің,

Қазақтағы ғажайып қара өлеңдей!

 

Қайран, Ахаң,

Хош, арда Алашұлы,

Әлиханның ақтық бір жан ашуы!

Жидебай мен Қараойдың шырақшысы ең,

Алла менен Абайдың жарасымы!

 

Қазақ болу қашан да ғажап қой деп,

Ауа жұту Алашсыз азаптай боп, -

Паң кейіпте жүруші ең,

Дүниеде
Пайда болған Алғашқы Қазақтай боп!

 

Сарыарқаға аспаннан дүбір еніп,

Саф алтындай орның үңірейіп, -

Енді, міне, Ең Соңғы Қазақтайын,

Қайда көшіп барасың күңіреніп?!

 

Кімдер сенің төбеннен өкім етті,

Кімдер сенің сыртыннан көкіп өтті?

Адамзатқа жіберген Алашымның,

Елшісі боп Сен қалдың –

Өкілетті!

 

Қазағыңның тартып бар күйігін де,

Көңіліңнің болмады-ау, күйі, мүлде.

...Фәниде де биікте жүріп едің,

Бақида да қалдың сол биігінде!

 

БАУЫРЫНА АЛТЫН БАСҚАН АЙДАҺАР

 

(Ертегі)

 

Атырау-Арқа-Алатау, қайран, Алтай,

Жаһанды жалғыз өзі жайнатардай;

Тауы мен көлі, сайы, көк құрағы,
Тасты да, ( ақын түгіл!), - сайратардай;
... Біреу кеп осы жерге жатып алды.
Бауырына алтын басқан айдаһардай!

 

Бір жақтан бұ құбыжық қаңғып кепті,
Бір күні осындағы таң ғып көпті, -
Бауырына Алтын Басқан Сол Айдаһар,
Манаурап жатты-дағы, -

Қалғып кетті...

 

Кезі жоқ Аляскаға, Айға барған,
Бай да жоқ оған құшақ жайған алдан;
Құдай-ау, ел де, бел де менікі еді,
Алтынды мынау сонда қайдан алған?!

 

Алтынды ол Күннен алған, Айдан алған,
Ауадан,

Не демінен пайда болған:
Ауадан, не демінен пайда болса,
Топырақ сонда біздің қайда қалған?!

 

Шаршады-ау?!
Шалқасынан дем алады.
Оятып алма, балам, кел, ананы:
Бауырына Алтын Басқан Айдаһарың
Шошынып тұрып кетсе, не болады…

 

***

 

Күллі Мешіт қосыла азан шақырып,

Күллі Түрік Алласына аһ ұрып;

Анкарада мен де тұрмын осы сәт

Асау жүрек лүп-лүп етіп, ат ұрып.

 

Біздей мұнда жүрген жан жоқ талтаңдап,

Бар түрікті азан үні арқандап:

Айдан келген астроновтар сықылды

Алла үніне жүргіншісі аң-таң ғап.

 

Күллі Түрік шерін соған шертіп бір,

Күллі Сайтан жын-жыбырын ертіп кіл -

Тұра қашып!

Мына жұртта, о, Алла,

Фәни-Жалған "Фатиха"-ға елтіп тұр!

 

Неткен керім ару қыздар, иықты ұл,

Құдайына,

Құдай да оған иіп құр;

Тірі жанға иілмеген түріктің,

Алтын басы сәждеге кеп тиіп тұр!

 

Кінәрат жоқ оның көңіл күйінде еш,

Тәңіріне жүрек қалай сүйінбес?

... Сәждеге кеп тиген басы түріктің,

Енді тәйтік пенделерге иілмес!

 

МАҒЖАН КӨКЕ

 

Қараорманға қайырылып қара бүгін,

Күннен күнге тұншығып барады үнім.

Думандатқан Тұранның ұлы мен бе,

Дунай менен Алтайдың аралығын?

 

Оны ойласам сан сауал келер басқа,

Алпысыңнан асқан бір кемел жаста.

Бекзат ақын - сен, ал, мен - люмпен ақын,

Менде түк те қалған жоқ сенен басқа!

 

Алдым тұман болғанда, артым - арман,

Қандай үміт күтеді халқым алдан;

Сенен қалған, қайтейін, қазынаны

Біреулер кеп тал-түсте тартып алған!

 

Айдан сәуле түспейді күлімсіреп,

Байдан шығып тұрады жылымшы леп...

Бекзат ақын көп бізде,

Люмпендерден

Шыққан ақын менмін ғой бірінші рет!

 

Жер ме, ел ме бақ құсы болар басқа,

Кеткені ме олар да оралмасқа?!.

Көкте - Тәңірі,

Өксік бар өзегімде,

Менде түк те қалған жоқ одан басқа.

 

06. 04. 2016 ж.

 

ҚАРА ТЕҢІЗДЕ

 

Асау толқын ойнайды өкпемізде

Күн нұрымен құбылып, не түрге еніп.

Тек екеуміз қалыппыз көк теңізде

Адам – Ата, Һауа Ана секілденіп...

 

Сен де бүгін ерекше назданасың

Жағалаудан жаһанның шетін көріп.

Шолпылдатып су шашып мәз боласың,

Һауа Ананың дәл өзі секілденіп.

 

Ұмыт болып күйкі ойлар, өкпеміз де,

Жағалаудан жаһанның шетін көріп, -

Жүрсек екен мәңгі осы көк теңізде

Адам Ата, Һауа Ана секілденіп!

 

Көңіл көгі күдіктен айыққанда

Көз алдыңа сан түрлі келеді елес:

Керек емес сүңгуір қайықтар да,

Ракеталар қанатты - керек емес!

 

Салтанаты ежелгі фараондардың

Бізге, тіпті, лебін де тигізбесін,

Бізге тағдыр тәжі мен корольдардың

Королева киімін кигізбесін!

 

Ұмыт болып күйкі ойлар, өкпеміз де,

Жағалаудан жаһанның шетін көріп, -

Жүрсек екен алаңсыз көк теңізде –

Адам Ата, Һауа Ана секілденіп!

 

... Қара теңіз!

Мына екеуміз - Адам мен Һауа екеміз!

 

***

 

Ғаламтордың алдында қазақ отыр.

Қазақ отыр...

Бір-бірін қажап отыр!

«Алты бақан-алауыз» - Абай айтқан,

Көрсеқызар,

Жалмауыз,

Мазақ — отыр!

 

Есер-ғасыр мұның да есін алды.

Бір-бірінен алмаған өші бар-ды:

Патриархалдық-феодалдық ғұрпыменен,

Ғаламторға қалай тез көшіп алды?!

 

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Боқта өлген түйесі еске түссе,

Боздап жүрген ботаға өш келеді!

 

Ғаламтордың алдында ғалам отыр.

Бетте — ұят жоқ.

Денесі — қара қотыр!

Алла — аспанда, ал, Абай — жер астында.

...Сайтан бізге «Шоқ! Шоқ!» деп,

Қарап отыр...

 

ҮШ ТІРЕК

 

Мемлекетті құруға Үшеу құқылы:

Құдай мен Ұлт,

Қаракөктің Тұқымы!*

Дінің — Алла!

Тәңіріне бас игенге,

Жүрген емес көрінгеннің үкімі.

 

Ұлт —

Қашан да қасиетті,

Үкілі,

Құртуға Оны Құдай ғана құқылы!

Туа сала Уызына жарыған,

Жүреді Оған Қаракөктің үкімі.

 

Мемлекетті құруға Үшеу құқылы, -

Құдай мен Ұлт,

Қаракөктің Тұқымы!

Басқа біреу құрам десе құтырып,

Тапталады адамзаттың құқығы,

Тамамзаттың құқығы.

 

*Қаракөктің Тұқымы — Ұлттық Аристократия.

 

БОЗДАҒЫМ...

 

Қазақта қағып кеткен қазығы бар,

Қытайда шәйіт болды Қажығұмар.

Құл болып жүре алмады демесеңіз,

Құдайға оның қандай жазығы бар?!

 

Қазақтың он миллион — аз ұлы бар,

Қайтейін, бір боздағым — Қажығұмар;

Сол аз жұрт бірін бірі іздемесе,

Аз ұлдың қандай халық назын ұғар?

 

Абайы...

Жазға жетер азығы бар,-

Ол енді кімді өзіне қазы қылар?

... Қасқыр да бөлтірігін іздеуші еді, -

Қазаға қазақтың да жазығы бар!

 

Әрине, қазақтың да жазығы бар,

Жебірей болса, -

Жаһан назын ұғар;

Алаңсыз ішсе жұрты қара суын,

Ұлтының уын ішті Қажығұмар!

 

Қазақта қағып кеткен қазығы бар,

Қытайда шәйіт болды Қажығұмар.

Құл болып жүре алмады демесеңіз,

Құдайға оның қандай жазығы бар?!

Боздаған...

Хош,

Боздағым,

Қажығұмар!

 

26.02.2011 ж.

 

***

 

…Алтайдың алтын Күні еркелетіп,

Келгенде жолбарыс боп, жаңа ержетіп,

Ақ теңіз, Қара теңіз ар жағына,

Бауырым, мені тастап қалдың кетіп…

 

(Мағжан)

 

 

Сен кеттің.

Жат бауыр бір елге бардың,

Жападан жалғыз өзім шерде қалдым.

Мен қалдым,

Екі көзім төрт боп мұнда,

Кір жуып, кіндік кескен жерде қалдым.

 

Қашан жан тығырыққа тірелмеді,

Тартқан жоқ бауырына бір ел мені.

Тұнығы лайланып тұрса-дағы,

"Туған жер, өлген мола жібермеді".*

 

Қаншама баудай түсіп қырылмадым,

Қан қақсап, жан ұшырып, шырылдадым.

Он ғасыр өзіңді іздеп Сахарада,

Шырқырап жүрді менің шыбын жаным.

 

Кеудеме шемен болып толды мұңым,

Бүр жармай қырда қанша солды гүлім?

... Шырқырап, шырылдаған шыбын жаным,

Қияңа қиқулап кеп қонды бүгін...

 

*Абай

 

ҚУ БАС

 

... Қу бас көрдім.

Не тоқ, не бір аш болар,

Кім біледі?

Бұлар қандай қасқалар?!

Үйсін де емес, Скиф те емес, Ғұн да емес,

Біздің Совет кезіндегі бас болар?

 

Нанбасаңыз - ашыңыз,

Өмірі өрге домаламас тасымыз, —

Ми шары тар, жұлыны жұқа, оқ тиген,

Мынау - біздің басымыз!

 

Қолмен ұстап тұрғандай боп аспанды,

Бұл қу бас та жерді алшаң басқан-ды.

... Мерседестен,

Автобустан,

Қыстақтан

Көрем осы бастарды...

 

***

 

Арыстан — заманында Айға атылған,

Сескенген аспанда Ай да айбатынан;

Қайырылып Қараорманға бір қарайды,

Қайтарда айырылып қайратынан.

 

Сенде бір Арыстан ең Айға атылған,

Айырылып күннен-күнге қайратыңнан, -

Қайырылып Қараорманға бір қарашы,

Қара тас боп кетерсің айбатынан.

 

О, АНДРЕЙ...

 

«Я последний поэт России».

(Андрей Вознесенский)

 

 

О, Андрей, ойы – асау, орман ұлы,

Сенің менен ту тіккен ордаң ірі.

Мен де Тұран жұртының ұланы едім,

Заманында о дағы болған ұлы!

 

Сен жаһанда жүргенде сайран құрып,

Ақтоғайда қалғам мен айлам құрып.

Арагонның көзіне түскен едің,

Аруларын Париждің айналдырып!

 

Алма мойын,

Апай төс,

Қасы – қиық,

Анарлары тырсылдап,

(Ашық – иық), –

Кеннедидің әйелі келген саған,

Тірі жанға көрмеген басын иіп...

 

Екі көзің өрде боп, өрісте боп,

Кенелдің бір керемет кенішке кеп:

Он үшіңде Пастернак бауырына ап,

Тілден, көзден сақтаған Періште боп!

 

Көзге қара көкем – жоқ,

Мазам кетіп,

Қызыларайда қырық жыл гөзелдетіп, –

Әлі есімде, бір күні мәз болғаным,

Әлжекеңнің қолына әзер жетіп.

 

Патша болдың Пегаспен таққа жетіп,

Қырда – қалмақ, ойда – орыс мақтан етіп;

Рейганның төрінде отырғансың,

Генсектерді үстінен аттап өтіп!

 

Қала кезсең сен, ал, мен дала кезгем,

Қарқаралы көзді арбап бала кезден.

Аутпаркомның хатшысы түгіл, маған,

Нұсқаушысы қараған ала көзбен.

 

Жыр оқысам дүние дүркіреді,

Дүркіреді,

Күнің де күркіреді.

Лебім шықса аузымнан жасындай боп,

Сарыарқаның етегін бір түреді;

Ақын болу азап бұл бодан елде,

Бомж болып кетуім мүмкін еді...

 

О, Андрей, ойы – асау, орман ұлы,

Сенің менен ту тіккен ордаң ірі.

Мен де Тұран жұртының ұланы едім,

Заманында о дағы болған ұлы!

 

Ұлы Тұран, ұлысы-ай, – шалқар, асқақ,

Абдырады – артында Алты Алаш қап;

Қағанымның табанын сүйемін деп,

Таласқан жұрт қайда әлгі тарпа бас сап?!.

 

Бірге кетіп сондай ер, өр елменен,

Өлмей қ

Менің жырым сенен де қасіретті!

 

алған мен неткен өлермен ем?!

Тұранымда туғанда, адамзатты,

Апиынша арбар ма ем өлеңменен?!

 

О, Андрей, бастан сұм ғасыр өтті,

Өр кеудемді жаныштап, басып өтті!

...Менің жыным – екі есе Есениннен,

Менің жырым мың есе қасіретті...

 

***

 

Аруы Адамзаттың - Өлең деген!

Туасы лебізіне елеңдеп ем.

Көрінсе ол өзегімді өрт көмеді,

Өлең деп туған неткен өлермен ем?!

 

Өңім — ол,

Кейде, мүмкін, түсім еді.

Ұшырып көкке,

Жерге түсіреді.

Бір әйел түсінбеген жүрегімді,

Осы Ару ғана үнсіз түсінеді.

 

Көргенде көресінді пасықтардан,

Жүректің пернесін басып қалған.

Меніңше,

Мұнда жүрген мен түгілі,

Пушкин де осы әйелге ғашық болған.

 

«Алла-Алаш-Адамзатың Үш Таған» - деп,

Аспанда Сол Ару Қыз ұшты алаң боп.

Соңынан қалмағаным рас шығар,

Қолынан, бірақ, оның ұстағам жоқ!

 

Сөйлейді не айтса да иландырып,

Жүректен ес кетеді, мидан — күдік.

«А» десе —

Аузынан кіл гүл төгіліп,

... Қартайып барам соны жинап жүріп...

 

***

Қарқаралыда, Жиренсақал тауының

Етегінде, егіліп бір, бауырым,

Топырағына –

(Құдайдың мол құнары), —

Төрт шырша еккім келеді де тұрады.

 

Біріншісін Һалифадай анама егем ырымдып,

«Серігім!»- деп өксіп өткен шырылдап.

Екіншісін Гүлғайындай көкеме егіп көрмек ем,

Ғұмыр-бақи махаббатқа шөлдеген.

 

Бір шыршаға «Берікбол» - деп – саялап,

Бір шыршаны «Серікбол» - деп – аялап;

Жасын соғып,

Жаңбыр жауса селдеп бір,

Сол бір селге мен кеп бір;

Суарайын көз жасымды қосып құйған жаңбырға,

Сарғайған бір сағынышқа,

Кеудемдегі зар-мұңға!

 

Жерді қозғап найзағайдың солқылы,

Төрт орманға айналады ол түбі.

... Сол төрт шырша төрт орманға айналса,

Менің жаным жай табады сол күні...

 

ПЕРІЛЕР ПАТШАЛЫҒЫНДА

 

Пензада әскери міндетімізді атқарып жүрміз. Ну орман. Бір жабық қаланы күзетеміз. СССР-дің аса маңызды бір стратегиялық обьектісі деседі ел. Кәдімгі шекарадағы сынды темір шарбақпен қоршалған қала. Аржағы —орыс деревьниясы. Айдынкөл көрініп тұрады.

 

Орман-дағы, о да, біз де – шала мас.

Сұлу қызға қандай еркек қарамас?

Күн күйіп тұр.

Айдында асыр салады,

Өңкей пері!

Бәрі тырдай жалаңаш!

 

Олар – пері.

Біз – советтің сардары.

Кенет бәрі бір әнге сап, сарнады;

Әлемдегі бір орманның ішінде,

Әйелзаты еркекзатын арбады!

 

Орман-дағы, о да, біз де – шала мас,

Сұлу қызға қандай еркек қарамас?

«Кел!» - деп бізге құшақтарын жаяды,

Пері біткен —

Бәрі тырдай жалаңаш!

 

Қолдан келер қарекет жоқ, ой, Алла-ай,

Шоқ боп тұрдым сонда, –

От боп жана алмай;

Естіп тұрып сұлулардың қолқасын,

Естен тандым, –

Естімеген адамдай!

 

Өмірімде, міне, осындай болды кеп,

Ойлады ғой олар мені сорлы деп?

Бірінші рет әйелдердің тілегін,

Жерге тастап кеткем сонда.

Соңғы рет!

 

Көгілдір бір отқа толы жанары,

Перілерге – кең дүние тар әлі!

... Әйелзаты билеп-төстеп орманды,

Еркекзаты сонда төмен қарады...

 

***

Хош, Есенқұл,

Алатау аңырап тұр!

Аңырап тұр,

Ел – боздап,

Шаңырақ – тұл;

Жетісуда жеті өзен — жетім қозы,

Кімді емерін біле алмай, жамырап құр —

Аңырап тұр!

 

Жамбылға еріп,

Боларда бабаңа ұшпақ,

Абай атаң аяқтан қалады ұстап.

Домбыраңды іле сап керегеге,

Ақ қағазға телмірдің қалам ұстап...

 

Домбыраңды беліңе байлап жүріп,

Сахнаға шыққансың сайран құрып.

...Сен эпостан шықтың да, қазағыңды

Жібердің ғой эпосқа айналдырып!

 

Сені жұртың телегей – теңіз деп жүр,

Теңіз деп жүр,

Емшектен еміз – деп – жыр;

Жетісуда жеті өзен — жетім қозы.

Жеті жаққа жүгіріп...

Сені іздеп жүр!

 

ТӘТТІМБЕТ АКАДЕМИЯЛДЫҚ ОРКЕСТРІНІҢ ТҮРКИЯДАҒЫ КОНЦЕРТІ

 

(2015 ж. 9-15амыр)

 

Шыбын жан барда далаға жетейін,

Кеудемді ашып: «Пәкпін!» - деп.

Құдіретіңнен садаға кетейін,

Құрманғазылар мен Тәттімбет!

 

Елестеп өтсін Құлагерің де

Алтынға тағалатқандай;

Қырық мың тұлпар кұба беліңде

Қиқулап бара жатқандай!

 

Парағын эпос - дастан ашсын да,

Паш етсін қазақтығыңды.

«Адай» күй ойнап аспан астында,

Іздесін азаттығыңды!

 

Темірлер кімді тебірентеді

Мінсе де қанша қаһарға?

Күй Елі!

Күйдің Мемлекеті!

Жалғызсың - күллі жаһанда!

 

Шыбын жан барда далаға жетейін

Кеудемді ашып: «Пәкпін!» - деп

Құдіретіңнен садаға кетейін,

Құрманғазы мен Тәттімбет!

 

* * *

 

Заман-ай суық сұр - өңің,

Отқа да, суға саласың.

Кенесарының басын ап, түкті жүрегін -

Жүрегіме жерлеп,

Қай жаққа қаңғып барасың?!

 

Неңді іздеп жүрсің төрткүл дүниені түтіп жеп,

Осынау қырғын-сүргіннен?

...Кеудемде әлі түкті жүрегім лүпілдеп,

Басымды іздеп жүрмін мен.

 

БАЯЗИТ КІТАПХАНАСЫНДА

 

Он адамның жазушы ғой – сегізі,

Кернеген кеудесін ой теңізі.

Құдай жазған Құран деген Кітап бар.

... Кітап сондай болу керек негізі.

 

Қараормандай, – қарасы, –

Қаптап тұрған кітаптарға қарашы:

Аспанменен жердей болды,

Алла мен

Адам жазған кітаптардың арасы.

 

Кітап та бар ашып қалсаң, не түрлі,

Көктің нұры аймалайтын бетіңді:

Міне, Абайдың екі томы, ішіне –

Екі дүние сыйып кеткен секілді...

 

Қарсы алдыңнан Қасым шығып,

Егілсе, –

(Қара томы қалай оның, сеніңше?);

Құлағына, –

(Телміргенде қағазға),

Оған Құдай сыбырлаған, меніңше.

 

"Алла-ай!"- деймін Ақтамберді толғаса,

(Ақылыма сыймайтын жан ол да аса);

Айта алмайды мұндай сөзді Алашқа,

Жұмыр басты пенде,

Құдай болмаса!

 

Он адамның жазушы ғой – сегізі,

Керінеген кеудесін ой теңізі.

Құдай жазған Құран деген Кітап бар.

... Кітап сондай болу керек негізі.

 

***

 

Тілінен айырылған латындарша,
Қарғам-ау, қара өлеңде хақың қанша?
Сұлуда – екі көзі сұмырайдың,
Қозады албастысы ақын болса?

 

Қызымен біздің қазақ сүйіспеген,
Маужырап маңдайынан иіскеген.
Ақын Қыз – Аққу Құс қой Айдындағы,
Аққуға текті тұқым тиіспеген.

 

Ғұмыры басылмаған құмары көп,
Көргенде ел неге ішінен тынады кеп?
Ақын Қыз – Айдындағы Жалғыз Аққу,
"Жалғыздың жары – Құдай"!
Сыңары – жоқ...

 

"Сөйлесе желбірейтін жер түңлігі,
Ерке ұлдың елден дейді еркін үні?
Ер болып, еркек болып тусам-дағы,
Мен мұнда әзер жүрмін, сен түгілі...

 

Жыр деген немене осы, – жыл құсы ма,
Ілесіп бір құсыңнан – бір құсыңа,
Осында мен де жүрмін қойшыға – сөз,
Жыр болып қайдағы бір жылқышыңа.

 

Құдай-ау, қара өлеңде хақым қанша,
Көретін көресінім жақын болса?
... Ділімнен неге менің мұң еседі,
Тілінен айрылған латындарша?

 

ТОҒЫМ ХАН МЕН ТОҒЫЗ САРЫ ҰЛ, ОТЫЗ ЖЕТІ СҰЛТАН

 

(1537 ж.27 шілде)

 

Ай, ақ отауға келін болып түскенше,

Аузынан еркек сүймеген,

Бетіне жел тимеген,

Аруын айт, үкілі!

Ерлерін айт, елден ерек бітімі;

Ат үстінде арыған,

Атадан қасиет дарыған,

Жеті атадан жілік майы үзілмей,

Уызына жарыған,

Қара үзген бір Қаракөктің тұқымы –

Әз Жәнібектің тұяғы хан Тоғым-ды,

Оның-дағы маңдайы тасқа соғылды;

«Өзбекті – өз ағам» - деп жүрсің ғой,

О да бізге ойран салған соғынды!

 

Құрбақа ойнап құдықта,

Құлағанда құлан кеп,

Қырам деп, билік құрам деп,

Өз ағасы – өзбек-сарттан ылаң кеп;

Сол соғыста Тоғыз сары ұлыменен Тоғым хан,

(Отыз жеті сұлтанымен қоса өлді!).

... Шаһит кешкен бұл әулет!

 

Күллі жесір көзден жасын бұлаған,

Аза жырын айтар едім,

Жетпейді ғой тіл оған;

«Тігерге тұяқ қалмады-ау деп — тұқымнан?!»-,

Көкке жайып шашын, зарлап жылаған!

 

О, сұм заман – сұр тұман,

Ұлысына қан бүріккен ұртынан!

Мың құланды ертіп кеткен бір құлан,

Мың қыранмен ұшып кеткен бір қыран;

.... Қу басынан аспайтұғын қайыры,

Қу тобырға несін оның жыр қылам...

 

***

 

Өмір сүріп келеміз, өмір сүріп,
Бас та быт-шыт, жүректе, көңіл сынық.
Өзімізді-өзіміз өлімші қып,
Өмір сүріп келеміз өмір сүріп.
Алдымыздан жарқ етіп көрінші, үміт....

Бекежандар жол тосқан Қосабада,
Қоныс тойын жасады осы арада.
Секс келіп төсектен айдап шыққан
Махаббат тұр... Боздап тұр босағада!

Базар болар бар ма құт мекен бізге?
Поэзия! Дүние тар екен бізге.
Жүр ұшайық аспанға қол ұстасып,
Мына жақта орын жоқ екеумізге

Күн түспей тұр гүлге де, ағашқа – нұр
Кел де пәле-жаладан аласта бір:
Кел ұшайық аспанға Алладан бір
Қуат алып қайтайық Алашқа бұл.

 

Кел, ағызып құрғаған өзендерді,
Көрсетейік кезіне гөзелдерді
Ана сүтін емгендей, Алашқа бұл
Абай рухын емізер кезең келді...

 

РОЗА ӘЛҚОЖА

 

Гүлстанда Роза-Ару һас тұлға;

Шөл менен жел жер қуырған тасқында,--

Жалғыз өзі жайқалып тұр, жанды арбап,

Арамшөп пен жаман шөптің астында!

 

***

 

Қара мына зауалды,

Сарайшықты Жармақ деген жау алды!

Самогонды сасай қаптап тексіз бір,

Темекінің иісі алып ауамды;

 

Жусан иісі бұрқыраған өлке еді,

Жұпар иіс, көк дауасы көркі еді;

Шұлғау қылып хан жамылған көрпені,--

Көрден қазып бас сүйекті, тау-тау ғып—

Өртеді!

 

Құлынымды пышақтап,

Сұлуымды құшақтап,--

Кергіді!

Естен танып мас болды да,-- сергіді...

... Сонда қалып, қарайған бұ көңілім көңілім,

Енді қайта ағармасы белгілі...

 

***

 

Түркияда – бір-ақ тіл –

Түрік тілі, құдіретіне құлақ түр;

Тек мешітке кірген кезде, арапша

Алласынан елге сауға сұрап тұр!

 

Осы жерде аңыз болған Оғыз жүр,

Үйірімен үш тоғыз-дүр.

Сырда туған Қорқыт Атаң осында,

Қорқыт деген лақап аты –

Қобыз – бұл!

 

Өмір деген –

Өркениет тартысы.

Жырға толы, сырға толы әр тұсы.

Сөйлеп еді-ау, осы тілдде бір кезде,

Мына тұрған жаһаныңның жартысы.

 

Жалт қаратып өр үніне ол бәрін,

Ұрымның* да жарып өткен қорғанын;

Қанша ғасыр тілінен бал тамызып,

Әлдиледі орыстың да орманын?

 

Патшалардың тәждерін де алтындап,

Рыцарлардың кездігінде- жарқылдап;

Дальдің-дағы* сөздігінде – саңқылддап!

... Анкарада, міне, менің алдымнан,

Анамдайын шыға келді аңқылдап...

 

Түрік тілін төрден көру – ғажап бір,

Азат жұртта рух та – азат, азат – тіл;

Түрік деген – төркін жұрты, алдына

Қара салмай келе жатқан қазақ –

Бұл.

 

*Ұрым Рим.

**Владимiр Даль. "Толковый словарь живаго великорускаго языка".

 

УА, ШЫҢҒЫС БАБАМ БАҺАДҰР

 

Шына қыздан туған ол

Сенің бабаң Шыңғыс хан—

Мұны көрген бабаңмын.

(Сыпыра жырау)

 

Уа, Шыңғыс Бабам Баһадұр!

Арғы тегің—Түрік дейтін ата-дүр;

Руың — Қият.

Ұраның — Иман мен Ұят.

Ойыңда — Обал мен Сауап

Жаһан -Дүниеден іздегенің – Жанат-ты.

Сұңқардан ғана көрген жұрт Саған біткен қанатты!

 

Жарты әлемді жанарында ұстаған,

Асқақ атаң Мөдеден де асып ең;

Евразия дейтін екі бірдей құрлықты,

Алтынменен апталып,

Күміспенен күптелген,

Мауыт жібек шапаныңның етегімен басып ең!

Күреңді күлдір-күлдір кісінетіп,

Көкжиектен астың да,

Тіліне тимей, дініне тимей басқаның,

Қорған елін қонышыңнан бастың да,

Орман елін табаныма тастадың!

 

Алапатың адамзатты сілкіді!

Асқар да-асқар таулардан

Арқырап аққан судың да

Ақ май боп – беті шылқыды;

Бас-басына би болып,

Адамнан айылын жыймаған,

Манар тауға сыймаған,

Ел қылып кеттің түркіні!

 

... Тәңірін де тәрк еткен, сол түркіні,

Құтырғанда қу нәпсісі, құлқыны, –

Жеті Басты Айдаһардай зіркілі!

Бір кездегі Мен ем мәшһүр жұрт —ұлы! –

Шыңғысханның өр үмбеті,

Бір — түбі! -

Десем, соған кім сенеді бұл күні..

 

***

 

Димаш патша көтерген шаңырақ бұл –

«Қазақфильм» қалайша қаңырап тұр,

Күн сәулесі сүйетін күндіз,

Түнде –

Ай сәулесі аймалап жамырап бір.

 

Нөсерлейтін кезі көп, суланатын,

Ну болатын көшесі, буланатын,

Тоқсан тоғыз пайызы махаббат та,

Бір пайызы ғана тек – су болатын!

 

Ақ сәлделі Алатау ар жағында,

Гүл де – мұнда, ақ үлпек қар да – мұнда.

Алматының арқалы ақындары,

Өлең оқып жататын барларында.

 

Дозақтан кеп,

Жұмақта кісі болып,

Сонда біз де жылқыдай кісінедік.

Өтер тұста Балқаштан оянасың,

Тобылғы түс сырасы түсіңе еніп.

 

Күй күндерді айт сондағы, би күндерді,

Жүректегі жүйткіген иірімдерді.

Көрмейді-ау жұрт сол «Қазақфильмдегі»

Біздер қойған не қилы фильмдерді.

 

Жұмақ еді ол заман,

Өлең еді.

Бөлек еді Қыз Жібек, Төлегені.

«Қазақфильм» қыздары Муза болып,

Жебеп еді көкке ала жөнегелі.

 

«Мың бір түнде» жүргендей мәртебе асып,

Ауыз да – ашық,

Көйлек те,

Қалта да – ашық.

Кіріп кетіп ұжымақтың бақшасына,

Шыға алмай қап жүруші ек жанталасып.

 

Үй түбінде шашылған алмалары.

Жұмақ бағы – Алматы.

Алла бағы.

Сақал-мұртқа ақ түсті қалай дейсің,

Өткенді көп ойлаған шал болады...

 

Оймыз да быт-шыт қой, сөзіміз де,

Батты ма, әлде, заманның тезі бізге.

«Қазақфильм» -

Бұл да бір ғажап фильм.

Өте шыққан көрініп көзімізге.

 

ТОПЫРАҚТЫҢ МЫСЫ

 

Ауытқа

 

Қытайды асқан асау Пегас — сандал көк,

Аласұрса ауыздығын шайнар кеп.

Құлагерден қалған сенде қан бер деп,

Қоя бердің.

Самғап берді сандал көк:

"Қайда тартсаң - сонда барам, сардар!"- деп.

 

Тәңірі – Көкте.

Тарихы – шаңда.

Ұлты – жыр –

Күлтегін мен Мағжандардың жұрты бұл.

Жылқы жүрген жерде ауып түркі жүр,

Түркі жүрген жерде шауып жылқы жүр!

 

Апай түсті жылқы мінез жұрт еді,

Асау көрсе алаулаған күрт өңі.

Арғымақтың сыпырып ал жүгенін,

Қайда тартса —

Сонда барсын түркі елі!

 

Дүбірі оның –

Дөңбекшіген шет қалып,

Шығыстағы Түркістанға жетті анық.

Кісінейді күллі тұлпар сондағы,

Шабатындай Сарыарқаны бетке алып.

 

Оның сыры мәлім біздей періге,

Мың сан табын жылқы біткен жеріне.

“Пегас”дейді ертедегі гректер,

Құлагер-ді ол – қазақ Ақан-серіге!

 

Басады оны топырақтың мысы кеп,

Алтын бесік туған елдің іші деп.

Қытай, Иран, Ауған асып кетсе де,

Киесіне бір келеді –

Кісінеп!

 

ЖЫЛАНДЫ. 1956 ж. ШІЛДЕ

 

Армысың, алты жасар бала-батыр,

Қатып қап қара тастай,

Қара да тұр:

Ойында Жыландының ойнақ салып,

Ордалы жылан көшіп бара жатыр!

 

Періште ем, айла-ақылсыз, ысылмаған,

Құдайдың құдіретінен қысылмаған:

Басынан Жыландының түсті-дағы,

Қасымнан жылан көшті ысылдаған...

 

Алпысқа келіп бүгін сол балаң да,

Аман жүр Аллаң өзі қолдағанда.

...Сол заһар шақпай кеткен шыбын жанды,

Тастадым шырылдатып оңбағанға…

 

ПАЙҒАМБАР НҰХТЫҢ КЕМЕСІ

 

(Балаларға арналған ертегі)

 

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған?

(Қазақтың қара өлеңінен)

 

Ғалымжанға

 

Құрлықтардан, мұхиттан, балықтардан

Келген аңыз –

Құлағым шалып қалған;

Содом менен Гоморра дейтін жерде

Қазақстан сияқты халық болған.

 

О да бізше бүлініп, былығады,

Байлық пенен мансапқа құнығады.

Биттей өріп,

Иттейін ылығады;

Құтырады,

Құлайды құрып әлі;

Арам шөптей арамы қаулай түсіп,

Баудай түсіп... адалы қырылады;

Қаралы ұлттай қараша аштан қатып,

Қара құрттай қаптайды ұрылары...

Адамизат азған соң күннің күні

Ашуына Алланың ұрынады:

 

«– Нұх Пайғампар!

Кел, маған бұр бетіңді!

Көрсетейін өзіңе құрметімді:

Күнәдан пәк — Сен ғана!

Топан судан

Аман алып қал – деді Ол — үмбетіңді!».

 

... Сол кемеге сыйған жұрт аз-ақ болған,

Қалғандары Тәңіріне мазақ болған!

Сол кемеде, меніңше, үш жүз емес,

Бары-жоғы екі-үш-ақ қазақ болған...

Орман болмай, қайдағы біреу болмай,

Қазақ болған, о, қандай ғажап болған!

 

Алла бізді жебеп-ақ келеді алдан,

Фәни — мәңгі!

Уақытша неге – жалған?!

Атырау-Арқа-Алатау-Алтайыңа

Дейін бел мен белесі белең алған, –

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса, – неге қалған?!

 

***

Елена!
Еленажан!
Елена қыз!
Қалмайды менен --қаңқу,
Сенен--аңыз;
Іргеде--болсақ-тағы көзге түрткі,
Бірдеңе... елге біз де бере аламыз!
Сабыр қыл, Елена-жан,
Елена қыз!

 

Кеудеңде жанып тұрған от болса...
От--
Қайтесің маздап-маздап шоқ болса кеп?
Елімде ерім дейтін Елена бар,
Ол барда—мен де бармын;
Жоқ болса,--жоқ!!!

Кеудеңде лапылдаған От болса,--
Өрт!
Жоқ болса,--
Жоқ!

 

ШАҺАРДАҒЫ ЖЫЛҚЫЛАР

 

Тұяғы жер тілгілеп,

Балшық - жоны, бүйірі, -

Қарағандыға кірді кеп

Қарагердің үйірі.

 

Алас-күлес топтары.

Асфальт жолға боп Тәңірі –

Автобустар тоқтады,

Авто біткен тоқтады!

 

Қайдан келген сандалып,

Шаба-шаба жарап бір.

«Орбитаға» таң қалып,

Оқырана қарап тұр.

 

Жасқа толы жанары,

Бәрі де үркек ашулы.

Қымызхана жарнамалары,

Көзіне оттай басылды!

 

Желідегі құлын мен

Бие еді ол шідерлі.

Соны көріп... Бір үнмен

Кісінеп-кісінеп жіберді!

 

Үлгермеді автолар

Не - кідіріп, не - тұрып;

Көкжиекке ақты олар,

Көктей өтіп - секіріп...

 

Тұра шапты күйіне!

Қарагер жалт қарады:

Көзінен бұл дүние

Жылап көшіп барады.

 

ӘШІРБЕК СЫҒАЙ

 

Ұлттың бар уайымы басында еді,

Мұздатты-ау, жан- жүрегін ғасыр лебі?

Қазақтың ығайы мен сығайы көп.

...Сығайдың бөлек-ті осы Әшірбегі!

 

Қуды да,сұмды басып мысыменен,

Ұшқанда көкке Муза құсыменен, –

Осы елдің даңғойы мен дарынсызы

Жүретін аяғының ұшыменен...

 

Абдырап Алаш-Ана тұр ойланып,

Қызғыш құс –

Соға ма енді бір айналып?

Әуеге ұшып кетті, – құшып көкті,

Әуезов театрын шыр айналып!

 

Ұлттың бар уайымы басында еді,

Мұздатты-ау, жан- жүрегін ғасыр лебі?

...Ығай мен сығайларың көп қой, жұртым,

Сығайдың жоқ қой , бірақ, Әшірбегі?!.

 

ҚАРАБЕТ

 

(13 ғ.)

 

«Нар мойыны кесіліп, Бердібектің өлген жер» (Алаш баласының аузындағы сөз)

 

Атасына тартпаған қорқау, залым Бердібек,

Хан билігін қанжығада ұстайтын кез келді деп, –

Немересін өлтірді,

Шөбересін өлтірді!

Қара басым – қалың елден дара деп! –

Қарабет!!!

 

Шатысты да Шыңғыс-Ата жолынан,

Өзі де өлді, сонсоң, кісі қолынан!!!

Түбіне жетті түріктің бұл кесірлі, –

Нар мойыны кесілді!

Көк Бөрі өліп,

Ит-құс қаптап ұялы, –

Өлді, өшті Батый ханның тұяғы!

Қара басым – қалың елден дара деп! –

Қарабет!!!

 

Кімнен алам сонда кеткен есемді?!

Сонан соң да сан көрдім ғой Бердібектей есерді;

Есі ауысып, –

Елтай болды осы енді...

Айхой, Менің Алтын Ордам,

Хош, енді!

Көз алдымнан –

Немеремнің көз алдына көш енді;

Алаш Ордам шығып Менің алдымнан,

Керуен тартып келгенінше,

Кернейлетіп көшемді!

Хош, енді...

 

* * *

 

Шатырша-Жыландыны қарық қылып,

Балқашқа құмға сіңіп барып – құйып –

Бір өзен жер бетінде сайран сап жүр,

Көргенше күнде мені зарықтырып.

 

Алдымды асау толқын орап, ағын,

Мен қашан сол суыма ораламын?

Сол өзен он жасымда алып кеткен,

Бір қыздың маған тартқан орамалын.

 

Сол қыздың көз жасындай дара тұнған,

Су бетін аққу, қаздың қанаты ұрған.

Айырылып орамалдан он жасымда,

Қайырылып мен де қалғам қанатымнан.

 

Сонан соң, шартарапқа – шалғайға өттім,

Жүзіне назарымды салмай көптің.

Сыйлады қаншама ару орамалын,

Асылық болар-ау, деп алмай кеттім.

 

Шатырша-Жыландыны қарық қылып,

Балқашқа құмға сіңіп барып – құйып –

Бір өзен жер бетінде сайран сап жүр,

Көргенше күнде мені зарықтырып.

 

Кір жуып, кіндік кескен топырағым,

Суында сайран салған Тоқырауын,

Көзім – төрт, көңілім – алаң күні бойы.

...Кранның суын күтіп отырамын...

 

* * *

 

Уа!

Тұран тұрғандай іргеңде,

Керім сал болған Кенежиренге тисе тақымы –

Жұматай сері туған бұл жерде, –

Алаштың адуын ақыны.

 

Айхой, жалған!

Ат ауыздығымен су ішкен күнде де,

Ата Жамбылдың Үйсін болмысын аңсаған, –

Түркі боп келіп дүниеге,

Түркі боп кеткен һәм - содан...

 

Па,

Шіркін!

Кей кезде батып шерге бір,

Кей кезде қызып шекеміз,

Жұматай сал жүрген жерде бұл

Біз-дағы жүрген екеміз!

 

АБЫЛАЙДЫҢ БІР ӘНІ

 

(18 ғ. Қызыларай-Ақсораң)

 

Абылай қалың қалмақты жер жастандырып, қанды жорықтан мерейі тасып келе жатқан бір сапарында Арқадағы Қызыларай-Ақсораң тауының етегіне келіп, хан шатырын тігіп, тыныс алады. Шаршап-шалдыққан хан ием ұйқысынан оянып, бір топ нөкерімен тау етегіндегі ауыл-аймаққа амандаса келіп, ат басын тіресе, бір топ бала Ақсораңды айнала ұшқан Ақсұңқарға аң-таң қалып, қарап тұр екен дейді. Аспанда — қыран, жерде —ұлан...

Мына өлең сонда Абылайдың қасындағы нөкеріне суырып салып, айтқаны екен.

 

 

«Бала боп ойнамаппын балақ түріп,

Шілдеде ерінімді жалақ қылып.

Балаңды көріп мына ойға батам,

Басына Ақсораңның қарап тұрып.

 

Дүниеде қазақ та – бір, тұлпар да – бір,

Немесе – көктегі анау сұңқар да – бір

Сұңқардың балапаны анау бала –

Шыңына қарап қалған шырқарда бір.

 

Қазақтан әлі талай бала туар,

Қауырсын балапандай қанаты бар.

Қазақтан бала туса, шүршітің де,

Қалмағың қалтарыста қала тұрар!

 

Қазақтан не бір сұңқар бала туар,

Алашқа Айдаһардан ара тұрар.

Қатерлі күн туғанда ел басына,

Қалжырап, ат үстінде таң атырар.

 

Қазақтан туса –

Елден дара тұрар,

Алдында біздей бірер қара тұрар.

Құдайдан басқа қандай күн туса да,

Қазаққа тиіскізбеші, – қанаты бар!...»

 

* * *

 

Алладан жоқ басқа түк мұнда.

Алашым, сабағы ем көгіңнің, –

Арыңнан өксіп боп шықтым да

Аузыңнан өлең боп төгілдім.

 

ЖЕТІ ҚАРАҚШЫ

 

Аспанда –

Жеті жұлдыз –

Жеті Қарақшы, –

Даңқына бұл шіркіннің қанық құлақ,

Ел оны туған бетте танып тұрад;

Есімі ерсілеу боп көрінгенмен,

Өздері көп жұлдыздан жарық, бірақ.

 

Жұлдыз көп болса да-дағы мекенінде,

Жердегі ел – түгел соның жетегінде,

Адассақ, жол көрсетер жетеу – осы,

Орманда, асқар таудың етегінде;

(Өзінің мәртебесін біліп алған,

Өзгеше бір кейіп бар жетеуінде).

 

Аспанда,

Тәңіріңнің төрінде тұр,

Біз құсап бүйректейін бөлінбей құр.

Басында сегіз еді, о, сұмдық-ай,

Біреуі қалай көзге көрінбей тұр?

 

Аллаға шүкір дейсің аман жүріп,

Қаптаса қара түнек, — қараңғылық;

Адасып кетпедік пе, кім айтады,

Сол Жеті Қарақшыға қарап жүріп?

 

***

 

Ата Жұрттан айырылған Пайн Радж* –

АҚШ-та.

Қанатынан қайырылған Пайн Радж –

АҚШ-та.

Сары Арқада – Ақтоғай**,

Жымиты тұр – Батыста***.

 

Келмеді оған цивлизация,

Сілкіп тастап кекілді, –

Төбесінен аттап өтіп,

Секірді:

Алашымның азулы бір ұлы туған не түрлі, –

Бұл өлкеде тұратұғын адамдар –

Совет Одағының үндістері секілді!

 

Уа, дариға-ай!

Алашынан асып туған – Ақтоғай,

Әлихан мен Әлімхан һәм Жақып туған – Ақтоғай!

 

Алласына Алашының ақтығын

Дәлел қылған – Жымпиты,

Топырағынан Жаһанша мен Халел туған –Жымпиты!

 

Екі Алаш – Екі Оғланым!

Кәуірлердің көзіне екі бекет құрлы болмадың;

Көніп...

Көріп сұм заманның зауалын,

Қайтты-ау, қайрат-тауаның;

Қайран да, қайран, Қарқаралы-Оралым,

Кімге сенің обалың?!

... Күннің күні сот болса сол сұмдарға.

Алла – куә!

Мен де куә боламын!

 

*Пайн Радж — үндістердің резарвациясы.

**Алашорданың айтулы қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Ақпайдың Жақыбының кіндік қаны тамған жер (қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы).

***Жаһанша (Жанша) һәм Халел Досмұханбетовтер туғн жер. Совет өкіметі бұл екі елді мекенді де артта қалған аграрлы аудан ретінде, қасақана цивлизациядан аулақ ұстаған.

 

ЭКСПРОМТ

 

Қарқаралы – бір жағым – Баянауыл,

Жұрттан қашса, жұпарын саялады ұл.

Менің Алаш Анамның,

Мәдилермен

Ылғи Жаяу Мұсаға аяғы ауыр.

 


АЙ, АЙМАДЕТ ЕР ДОСПАМБЕТ КӨКЕМ–АЙ!..

 

(15 ғ.)

 

Рахымжан Отарбаевқа

 

Мұсылманның баласы түгілі, ,

Көрген кезде кәуір танар есінен,

Азаулының Стамбұлдан несі кем?

Аймадет Ер Доспамбет жыраудың

Би ұлынан несі кем,

Хан ұлынан несі кем?!

Азаулыда ақшалмалы пірлердің,

Мешітте жаққан шамдары самдай жарқырап,

Бекзада дәурен кешіп ең;

Түбі түрік түгілі,

Адамзатта асқақ еді-ау, – несібең!

 

Қоғалы көлдер, қом сулар,

Сайраған бұлбұл, көкегі-ау!

Аталар сонда арыстандай бұтын алшайтып,

Арғымақ мінген екен-ау!

Саңқылдап жүрген екен-ау,

Қарқылдап күлген екен-ау!

Атырау-Арқа-Алатау-Алтай төсінде

Найзасының жебесіндей ұшқан екен-ау,

Жұпарын қардай боратып,

Ару да құшқан екен-ау!

 

Қыран едің қырдан көкке самғаған,

Қанатыңнан қайырылдың,

Маң-маң басқан, маң басқан,

Төрт аяғын тең басқан,

Шудаларын шаң басқан,

Өркештерін май басқан қара нарың бар еді,

Одан-дағы айырылдың!

 

Аузы түкті бұ кәуір жекпе-жекте сынасар

Тектінің ұлы емес-ті,

Құтылмақ боп со сұмнан,

Қырында киік жайлаған,

Суында балық ойнаған Жемде қылдың кеңесті,

Одан да елді көшірді!

 

Ойыл деген – ойың-ды,

Отын тапсаң – тойынды, –

Ойылда құрдың кеңесті,

Одан да елді көшірді!

 

Қайтейін сені, нар тұлға,

Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз қалып артыңда,

Ақ Жайыққа қарайлаған қалпыңда;

 

Сынаптай уақыт бір орында тұрмай зырылдап,

Жаным бір олжа демедің,

Боз далада боз торғайдай шырылдап,

Шаһит кешкен сен едің!,

 

Содан да кейін ел көшті, талай жел де есті,

Аузы түкті кәуір ап бел-белесті;

Ата жау қоймай, – егесті!

Кезі келген күнінде

Найзам менің зеңбірекпен теңесті,

Кіндігіңнен туған жұрт есемді алам деп өсті!

Құтылмақ боп со сұмнан

Жымпитыда құрдым кеңесті,

Семейде құрдым кеңесті;

... Шығысында Айдаһары ысылдап,

Батысында Аю ақырған,

Менің де шерім сенен де бір кем емес-ті…

 

ЖИРЕНСАҚАЛ ТАУЫ

 

Біздің үй тұр елжіреп етегіңде,

Бүгін шықсам, таңертең жетемін бе?

Бүгін шығып, ертең де жете де алмай,

Желге еріп, тентіреп кетемін бе?

 

Биігіне бүркіт кеп ұя салған,

Көзімді арбап тұратын қиясы алдан, –

Өзектегі өртімді саған келіп,

Етегіңе өлең ғып құя салғам.

 

Бүгін шықсам, күні ертең жетемін бе,

Жүрем ылғи мұңды ойдың жетегінде.

Неге саған қарайлап қарай берем,

Шешем күтіп жүргендей етегіңде?

 

ТӨРТКЕ ДЕЙІН САНАЙЫҚ

 

(Төрт жасар баладарға базарлық)

 

Бір дегенім – Біреу –

Алла!

Құран деген Кітап бар,

«Біссімілла» - демей –

Алма!

 

Екі дегенім – Екеу, балам,

Біреуі – Әкең,

Біреуі – Анаң!

 

Үш дегенім—Үш Бесік, –

Талбесік,

Елбесік,

Жербесік.

 

Төрт дегенім—Төрткүл Дүние,

Біреуі – Өзің туған Ұлт,

Біреуі – Құрлық,

Біреуі – Су Дүниесі,

Біреуі – Аспан –Бөгде Жұрт

(Бұлт...).

 

Бес жасыңда атқа мін,

Алда жүрер жол, қайқаң.

Төрт жасыңда төртті айттым,

Бесіншісін жолда айтам...

Бес жүзін де сонда айтам...

 

(«Манас» жыры. Көкамандар*. 7-21 ғ.ғ.).

 

Еліне өкім болайын,

Ханның қызы Қанікей,

Неке қиып алайын,

Манас сартты өлтіріп,

Төресі өзім болайын!

(«Манас» жыры, Радлов нұсқасы, 112 бет)

 

Астам елге бауыр басып,

Ата Жұртын қор қылып,

Шүршіттерге тастай батып,

Судай сіңген сорлы жұрт –

Көкамандар!*

Маңайына жинап тексіз малғұнды,

Ордалы бір жыландайын орайды ылғи алдымды!

 

Қайта менің бас көтерер кезім тағы келді деп,

Кәуірлерге тастай батып,

Судай сіңді енді кеп!

Екеуміз де елге мәшһүр егілген бір зарлық па ек,

Сен «Көкаман» деуші ең оны,

Мен отырмын «Мәңгүрт» деп...

 

Бұ-дағы бір орман жұрт,

Төрімізге қонған жұрт!

Өз жұртына өзі дұшпан болған жұрт!

 

Жетісуды жерсінбейді,

Бізге Мәскеу лайық деп;

Пушкинді де менсінбейді,

Плюшкинге**– бәйік боп!

 

Өз бауырын өзі ит боп қапқан жұрт,

Өз еліне өзі қарсы шапқан жұрт;

Өз ырысын қыймай ұлттың өзіне,

Өзгелерге сатқан жұрт;

Бұ да бір Құдай атқан жұрт!

 

Күйлесе енді Батысқа қарап күйлер-дүр,

Көзқамандар!

Елін көрге сүйрер құр;

Жұрттан – Арыс, ұлттан – Намыс кеткенде,

Тайраңдап төрде билер –

Бұл!

 

Шүршіттер мен кәуірлерге

Тастай батып,

Судай сіңген тексіз жұрт,

Бетсіз –

Қырт!

Көктей алмай –

Солған жұрт!

Іші мұның толған –

Құрт;

Бұ-дағы бір орман жұрт,

Қырғыздан қалған Көкаман,

Менен де бір күн қаларсың,

Сүйекке таңба болған жұрт!

 

*Көкамандар (Көзқамандар) — ұзақ уақыт қытай ішінде болып, ана тілі мен ата дәстүрін ұмытқан, көлгірлік пен күн көруге көшкен тоғышар топ. «Манас» жыры.).

**Плюшкин — Степан Плюшкин, Гогольдің «Өлі жандар» романының кейіпкері, помощик-саудагер.

 

БІР ОҚИҒА

 

Аманкелді Кеңшілікұлына

 

Бізді ылғи бір оқиға еліктірді,

Көргенде мұздай көңіл еріп тұрды;

Бір күні Алматының көшесіне,

Бір жақтан Бір Салт Атты келіп кірді.

 

Түн іші.

Жаққан шамы оттай жанып,

Қараған көз біткенді шоқтай қарып, –

Жол берді сонда сол бір Салт Аттыға,

Қаптаған қалың авто тоқтай қалып!

 

Пенде деп қалай айтам. – пері демей?!

Жері кең болғанменен, елі – кедей;

... Біз шықсақ Қадыр менен Тұманбайдан,

Эпостан шыға келді Ол –

Едігедей!

 

Пенде емес,

Ол –

Төгілген өлең еді,

Бесікке келген қайта бөлегелі;

Кеңшілік өлең оқып кеткен жердің,

Ауасы,

Аурасы да бөлек еді!

 

Тұраннан құйып жұртқа таң нұрын да,

Жалт ойнап, сіркіретіп жаңбырын да;

Сайран сап, кейде, тіпті, ойран салып,

Жүрді Ол Коммунистер даңғылында!

 

Болғанмен арты – тұман, алды – жарық,

Көз қадап соған, таң боп қалды халық.

Жүрді Ол Комунистер даңғылында,

Мағжан деген ұлын алдына алып!

 

... Сен айтшы, айналайын, Аманкелді,

Қандай бұл басымызға заман келді?

Сәулесін – санамызға құятұғын,

Тәңірі бізге бермей, – саған берді.

 

Жақсының жаны неге алаң болды,

Адалзат қалай осы арам болды?!

Шыжығын жақсы менен жайсаң тартып,

Қызығын дүниенің жаман көрді;

Ойында Абай да жоқ, Алаш та жоқ,
Қабағын осылардың бағам ба енді?

... Кеңшілік көкең сенің көксеп өткен,

Бұ заман бұларға емес, –

Саған келді

 

ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ ТҮЛЕГІ

 

(Нұрмахан Оразбек)

 

 

Көк аспандай Көк Түріктің тұнығы,

Күлтегіннің желбіреген тұлымы;

Шыңғысханның тал-бесігін тербеген

Қоныраттың тұяғы –

Саф алтынның сынығы!

 

Ақихаттың толғауын,

Арқаға кеп,

Ақтанберліше толғадың.

Асау басы ноқтаға сыймаған,

Арыстаннан да айылын жимаған –

Оғланым!!!

 

Тар заманда сен көрмеген талқы жоқ,

Өрт ғасырда өзегінді шарпыды от.

Көк Тәңірі жетпіс мәрте жебеген,

Текті,

Түкті жүрегіңе тәнті боп!

 

Замананың боранында ысылдың,

Тоғыз жолдың торабында қысылдың.

Ақ қағазға орадың да жүректі,

Аруға емес –

Алты Алашқа ұсындың!

...Қазығұртта кеме қалған дейді жұрт.

Неге қалған?

Соны жаңа түсіндім...

 

ҚЫРЫМНЫҢ ҚЫРЫҚ БАТЫРЫ

 

Арман Сқабылұлына

 

 

Көкте жүрген құсқа ердім,

Бүгін ғажап түс көрдім;

Түсімде –

Қырымның қырық батырымен түстендім.

 

Баһадұрлер осы ма еді баяғы,-

Кеудесін көкке тіреген?!

Қажыған,

Шаршаған,

Жүдеген...

 

Көкке тіреп найзасын,

Алмас қылышы жарқылдап,

Бір Баһадұр сөйлеп кетті саңқылдап;

«Уа!

Ісім түсіп көрмеп еді кісіге,

Көрген қайғы, шерім сыймай ішіме, –

Сен өңіңде теріс қарап жүрген соң,

Түнделетіп кіріп келдім түсіңе!

 

Жылан біткен қарағанда Жырымға,

Қыр баласы!

Қыран құсап қарап едік Қырамға!

Енді сол сұм Жылан қарап – Қырымға,

Қарадық па – Жырымға?!.

 

Біз – Тәңірді,

Тәңірі – бізді тапқан-ды,

Неге ұмытам сол шадман шақтарды?

Осы Мәскеу Он Төртінші Ғасырда,

Етігімнің табанында жатқан-ды...

 

Алтын Орда Қыпшаққа алтын тақ берді.

Батыста оған қандай ұлыс шақ келді?!

Тоқтамысты – туған бауыры тұл қылып,

Баязитке Ақсақ Темір тап берді!

 

Шежіреме көзінен ап тіздім –

Қырт! –

Бөтен емес, – сіздің қырт пен біздің қырт;

Сонда қолдан түсіп кетті тізгін күрт;

Арбауына өзі түсті кәуірдің,,

Алты бақан алауыз боп біздің жұрт!

 

Жау жансызы біліп алды сырымды!

О, Оңбаған!

О, Сұмырай!

Жырынды!

Ойда жоқта ошағыма бас салып,

Қыр баласы қырылды!

 

Қыпшаққа осы қайыр қылған қай кісі?

Алғысынан асып түсіп – қарғысы,

Гитлер де келді... Сталин, Марксі;

Жартысы елдің қырылды да қынадай,

Түркияға ауып кетті жартысы.

 

Жері – жайсаң,

Көгі – бұлт,

Көзімізге Көк Тәңірі көрініп,

Қазтуғанның жырларындай төгіліп;

Бөрідейін быт-шыт болып,

Бөлініп, –

Енді отырмыз ел іргесі сөгіліп!..

 

Тамам – бәрі!

Тарқады ма базарым?

Арамзадан – ажалым!

Атыраудан –Алтайда

Малдас құрып отырған,

Аруағым ырза Саған, Қазағым!..

 

Ісім түсіп көрмеген-ді кісіге,

Көрген қайғы, шерім сыймай ішіме, –

Сен өңіңде теріс қарап жүрген соң,

Түнделетіп кіріп келдім түсіңе...»

 

ЭКСПРОМТ

 

Үржарға, шіркін, бір барар ма еді,

Үржардың бағы үр жаңа ма еді?

Үр жаңа баққа үр лебім тисе,

Үр жаңа гүлдер бүр жарар ма еді.

 

 

 

ҚАЗАҚ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫ

 

Ақ, қызыл алма-кезек алмасқан шақ,

Теңіздей, – белдан келген қан басқан шақ;

... Әлихан* – бекзаттықты жығып кетті,

Жанділдин** – елтайлығың*** жамбасқа сап!

 

Түсінде қайрап жанын алмас қылып,

Бодандық өңінде оны алмастырып;

Төріне қазағының, әйтеуір, бұл,

Отыра алмай қойды малдас құрып?

 

Әлихан еккен келіп құдіретті, –

Егін-ді,

Жайпап сан бір дүбір өтті;

32-інің аштығы аузын жауып,

37-нің сүргіні қырып өтті!

 

Ащы, сонсоң, ас үйде үні, тіпті-ақ,

(Жұбайлары жүреді мұны құптап);

Елбасының алдында отырады,

Ел-жұртының атын да ұмытып қап...

 

Ояздардан сан мәрте мақтау алған,

Орыс болсақ дейтұғын шақ та болған:

Өз ұлдарын өздері ұстап беріп,

Кейін, сонсоң, өздері-ақ ақтап алған...

 

Құрып оның алдына талай қақпан,

Заман оны артына қарайлатқан:

Димекеңнің тілін де тапты дейді,

Ал, Колбиннің тілін бұл қалай тапқан?!

 

Ол-дағы алаң елінің ертеңіне,

Ерке еліне,

Соның ез еркегіне;

Есіл-дерті, бірақ та, "Әй, Аяз би!

Әліңді біл!"*- дейтұғын ертегіде, –

Сонысы бір түрлі...

 

*Ә. Бөкейхан
**Н. Жанділдин-совет шенеунігі.
***Е. Ерназаров

****Аяз би--халық ертегісі

 

***

 

Қарағанды қайта оянды қармана.

Көңіл – алаң

Көше – көк мұз.

Қар – дала.

Автобекет, аэробекет – жарнама.

Автобус та – ала құла жарнама.

 

Қазақ болып қашан осы найқалдым?

Аман болсам, Аллаға бір айтамын:

Шүршіт, қалмақ жеңе алмаған жерді кеп

Жаулап алды жарнамасы Сайтанның.

 

Арағың да, шарабың да – жарнама.

Қаласы да – жарнама һәм – сардала.

Шыңғысханды қазақ қылып жіберген

Қазақ отыр –

Қарап отыр таңқала…

 

Сұлу қыздар – Ай өңді.

Келіп қалған бізге,

Тастап қай елді?!

Мұнысы не, сонда қазақ, немене,

Көрмеп пе екен тыр жалаңаш әйелді?!

 

Былшылдапты!

Біз де жігіт болғанбыз,

Ат үстінен талай жұртты шолғанбыз.

Арулардың не біреуін алдымызға өңгеріп,

Аузынан бал сорғанбыз!

 

Әй, мынау кім атқа мініп,

Жалт қаратқан «Мальбороға» күллі елді?

Кім іргемді өстіп менің түрген-ді?

Керқұла атқа мінген кезде Кендебай

Бұлар жаяу жүрген-ді…

 

Жарнамалар құлқынды айтып, сандалып,

Жүрсең болды дейді, әйтеуір, - жан бағып.

… Шыңғысханды қазақ қылып жіберген

Қазақ отыр –

Қарап отыр таңқалып…

 

 

АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ

 

Атлант Мұхитынан айналса бұлт,

Жерден жөнеп, шығардай Айдан шауып, –

Өлігінің үстіндегі үндістердің

Қалай қалқып жатырсың сайран салып,?

 

Сен бір – Мұхит.

Дүние – сен секілді.

Бірде – тап-тар,

Ал, бірде кең секілді.

Аспанда – Алла, –аз ғана мызғып кетіп,

Жер иесі ендігі сен секілді.

 

Жеріңді дерт немесе өрт қамамай,

Төрт құрлық тұр,

Ол саған – төрт қарадай;

Қолыңа кеп су құйып, мәз болады,

Сенен басқа түгі жоқ төрт баладай.

 

Бір саңқ еткен күнің жоқ қыран құсап,

Әрімсақтан әлемге ылаңды сап, –

Жаһананы жалмап бір жіберетін,

Жеті басты айдаһар жылан құсап.

 

Ғазауатқа мойынын қыстап бұрып,

Арапқа да автомат ұстаттырып, –

Алардай боп, ашуға мініп тұсың –

Адамзатты – Құрама Штат қылып?!

 

Көрінгенге ел болсаң, көне бермей,

Саған бекзат келуші еді төрелердей, –

Колумбыға тап болмай, Шыңғысханға

Кез болғанда көсегең көгерердей...

 

Иығыңда – Күн сенің,

Қолтығыңда – Ай.

Тітіркенткен ғаламды солғылыңды-ай!

...Адамзаттың биі де – Атланттың

Ала құйын ақедеу толқынындай.

 

***

 

Жаз жөнеп, сұрғұлт күз келген,
Құзғынның суық көңілі;
Жерден бір жемтік іздеумен,
Өтті ғой күллі өмірі.

 

Жемтікке жаны іңкар-ды;
Құлқынын жебір құрт алды.
Жек көрді көкте – сұңқарды,
Жек көрді жерде-тұлпарды.

 

"Алдыңнан қарға қашқанда,
Тырнақпен тарпа бас та – құш;
Мен ұшқан зеңгір аспанда,
Ұшпасын,-деді – басқа құс!"

 

Тісіне тісін қайраса,
Қашты одан нәзік құс кілең.
Бұлбұлдар бақта сайраса,
Қарқылдап ұшты үстінен...

 

Бағып бір қырғын, дабырды,
Басында, әне, тұр құздың.
Қазақтан қарға тамырлы,
Қалмай-ақ қойды бұл құзғын

 

Жемтікті көрсе кідіріп,
Сол жерді ішке тоқыды.
Жыланның уын сіміріп,
Қыранның көзін шоқыды....

 

Құзғыннан--құзғын түлетіп,
Дүниеге сайран салды да,
Мұның да көрер күні өтіп,
Алланың келді алдына.

 

" – Тұрсың ғой шаршап-талған боп? –
Деді Алла , – Енді айт, ентікпе;
Жемеген нәрсең қалған жоқ,
Тоймадың, бірақ, жемтікке;

 

Тіліңді сонда үйірген
Қандай зат? Нендей түр-өңі?!"
" –Хакімдеріңнің миы мен
Ақындарыңның жүрегі!"

 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕК-70

 

Сері аға-ау, мәлім күллі сырың маған,

Қырық жұт келсе-дағы қырылмаған, –

Торғайың--қазақта бір киелі жұрт,

Алаш! –

Деп торғайдайын шырылдаған!

 

Бұл дала, құдайым-ау, қандай дала,

Қарасаң, қара жерде – сондай дара!

Қай құста қандай ғажап қасиет бар?

Қазаққа адал болған –

Торғай ғана!

 

Боз торғай, қайтем сені, қара торғай.

Ұша-ұша талды-ау, әбден қанаты оңбай?

Алаштың даласымен салыстырсаң,

Аспанның өзі бізге – алақандай,

Боз торғай, қайтем сені, қара торғай?!

 

Сол елде бұ Алаштың ұлылары,

Құдайға тартқан бізді құрып әлі;

Со жерде Көк Бөрі тұр Көк Тәңірге,

Баяндап уайымын, ұлып әлі.

Батыста қарсы алдынан Аю шығып,

Шығыста – Айдаһарға ұрынады.

Мойыны бізден шыққан шарананың,

Соларға былқ-сылқ етіп бұрылады;

Анаңнан ақын болып тудың, сонсоң,

Бөрімен көкке қоса ұлығалы;

Біледі...

Білсе-дағы жүреді ғой,

Білмеген пенде құсап мұны бәрі;

... Жүз пайыз адал болар ақын деген,

Бір пайыз арам болса –

Құрығаны!

 

***

 

Сүйді түрік әйелді.

Әйелдей әсем әлемді.

 

Сұлудың көзі бет осып,

Күйген!

Сүйген қаталап:

Күллі Ұлттық Эпосы –

Ару қыз бен Махаббат!

 

Өтіп небір қатерден

Шығысты –

Батысқа жалғады.

Тоқал алды жат елден,

Басқа түк те алмады!

 

Құнын біліп тек, заттың,

Жанарында жүзді нұр.

Мәскеудегі бекзаттың

Бәрі-дағы –

Біздің ұл!

 

Құшағы – от, өртеді,

Елден ерек несімен?

Әйел көрсе еркегі

Танады әлі есінен…

 

СУИЦИД

 

Батыстан көшіп бізге базар келді,

Түспейді одан басқа назарға енді.

Базармен бірге ілесіп, Алашқа бұл

Қолына арқан ұстап, Ажал келді...

 

Үйге де жоқшылықпен бір енеді.

Сорлының төріне кеп, шіренеді.

Арқанын адал ұл мен пәк қыздардың,

Мойынына лақтырып кеп жібереді!

 

Айласын сұм мен пасық асырып бір,

Дүние тылсым сырын жасырып тұр;

Елге бір тұтқа болар деген ерім,

Алдында есігінің асылып тұр!

 

Қаралы ел көзден жасы лақылдаған,

Табыт та лақатына жақындаған;

Шықты да соған сонда билеп кетті,

Бір Сайтан –

Мәз боп, күліп сақылдаған...

 

... Біздің де бастан бір күн ауады,

Жүрмейміз жүлікше ұстап бұл араны;

Жазықсыз жазаланған боздақтардай,

Аруағы оның да алдан шығады әлі...

08.04.2016 ж.

 

САПАРҒАЛИ ЛӘМБЕКОВ

 

Ғасырдың керуенді көші – есінде,

Жат жұртқа беріп ерік, есесін де, –

Бір жампоз жүруші еді бір кездері,

Біз жүрген Қарқаралы көшесінде.

 

Болса да Қарқаралда дара тұлғам,

Құстай-ды қайырылған қанатынан;

Құлағы естімейді бір дыбысты,

Көз алды – бұлдыр дүние, қара тұман.

 

Аң-таң ғап оған көктен қарады көк,

Жан-жаққа өсек-аяң тарады кеп:

"Жазады осы кісі қалай, біздің

Дүниеден жоқ қой ешбір хабары?!" – деп.

 

Ай мен жыл өтіп жатты, арша гүлдеп,

Айтқан жоқ шалдықтым деп, шаршадым деп.

Шешесі құлыным деп егілсе оған,

Шерағам* атады оны "Корчагин!" – деп.

 

Кеудесін төсеп оққа, отқа барған,

Заманның зіл, бораны соққан алдан, –

Қазақтың көкейдегі күллі шері

Сапкеңнің миындағы кодта қалған!

 

Ол барда қандай тексіз құтыра алар,

Ол жүрсе құл мен күңнің құтын алар;

... Сол кодты қайта ашып бір көрер ме еді,

Онда сан біз білмейтін құпия бар...

 

*Шерхан Мұртаза

10.04. 2016 ж

 

 

ӘКЕМ АҚСҰҢҚАРДЫҢ БІР ЖЫРЫ

 

Бір тамшысы ем осынау дүние жалғанның,

Мөлдіреп тұрған Манас көкемнің кірпігінің ұшында, –

Домалап түсіп қалғанмын,

Беғазы-Дәндібайдың тұсында.

 

Айылымды жыймай замана дейтін дүлейден,

Аспанға ұшып құс-жаным, –

Затымды көріп, атымды қойғанда Сүлеймен,

Ақсұңқар құсқа ұқсадым.

 

Ой бақтым, – сырбаз бой бақпай,

Көзіме ілмей көрінген көргенсіз немені,

Құлдың заманында құлаққа құрбақа ойнатпай,

Құдайым мені жебеді!

 

Мен де бір жүрген шерменде,

Жүрегінің түбі — тылсым мұң.

Орда бұзып отыз сегізге келгенде,

Һалифа дейтін Арудан

Алашта бөлек ұл сүйдім!

 

Алдына —

Ханға жайғандай дастархан жасатып,

Бармағым балға батырып;

Қарпытып қазы-қарта асатып,

Қымыз сімірттім сапырып!

 

Кердеңге кеудесін игізбей,

Күміспенен күптедім,

Алтынменен аптадым;

Аяғын жерге тигізбей,

Ар-ұятын көзімнің қарашығындай сақтадым!

 

Жан жүйесін ерітіп,

Жанына жолатпай тексіздің, –

Едігенің ертегісіне елітіп,

Хан Кеңенің қадіріне жеткіздім!

 

Кім болар бұл – деп – ел жүрді іштей бал ашып,

Күлкілі:

Патша болады деген сол паңым адасып,

Ақын боп кетті бір күні...

 

«Көзімнің жасы селдейді, –

Деуші едім — неге шелектеп?» –

Мұхаммед ғалейіс салам айтыпты: «Бұл елге

Енді пайғампар келмейді, –

Пайғампардайын ақындар ғана келед...» - деп.

 

Жан пайыз таппай Хаққа кеп,

Мәйітім қалып түу Қызыларайдың жонында, –

«Тіл-көзден, Алла, сақта!» деп,

Аруақ болып мен сонын жүрмін соңында...

 

 

***

 

Өртеген өмірдегі қызу жанын,

Лаулатып, лапылдатып қызыл қанын;

Мен онда – он үште,

Ол – он алтыда,

Мен өстіп қыршынымда-ақ бұзылғамын!

 

Жасымнан өксіп өмір сүріп, арып,

Шерлі едім,

Көрген күллі күні – ғаріп;

Алыстан Ақжарыққа келіп сол қыз,

Арбады қарсы алдымда тұрып алып.

 

Менің де арқамда бір шалық көп-ті,

Мына қыз соны көктен танып кепті:

Құдай-ау, қалай қарай мына сұлу.

Қолымнан жетектеп ап алып кетті?!

 

Соңынан еріп соның, өре көштім,

Не тірі емеспін, не өлі емеспін;

Барға да соныменен бірге барып,

Көрінген көкдолымен төбелестім...

 

Биікке өрлеп,

Талай аласардым,

Алдыма Муза дейтін қара салдым;

Отыз жыл күтіп соны...

Көнбеген соң,

Бір қызды соған ұқсас ала салдым.

 

Осы әйел маған енді болар тұлға,

Ұмсынған иығыма қол артуға.

Ойнатып немересін о дағы мәз.

... Муза Қыз әлі, бірақ, он алтыда...

 

 

 

ЭПИГРАММА

 

"Елім!" – дейді бір Елтайдың баласы, –

Мас...

Өзіне – мәз!

(Түріне қарашы);

Енді білдім, екі-ақ елі екен ғой,

Пиарщик пен пияншіктің арасы.

 

 

АҚЫННЫҢ ТУУЫ

 

Светқали Нұржанға

 

Жарық-Қали!

Атыраудан шыға сала алқынған,

Каспийдің кең айдынында бір найзағай шарқ ұрған;

Маңғыстауға жасын түсті сол күні,

Жаралдың сен сондағы бір жарқылдан!

 

Ақсораңды ала жаздай қар алып,

Қара нөсер – қара бұлт;

Жүрегіне тиген оқтан Сәкеннің –

Ғалым Жайлыбай жаралып!

 

Зар заманның бұзып қара бұлтын да,

Жоқтан—бар боп, оттан шықты ұлтым да;

Қалың түрік Алтайды асып, қозғалғанда ұлы көш, –

Ұлқаш* қалды — жұртында!

 

Өлең деген — өртке салу қу жанды!

Өлеңшіге ғана той мен думан-ды;

Ауыт**-тағы Құлжада емес, аңырап –

«Елайрылған» деген күйден туған-ды!

 

Көшті көрсе, көзі жасқа толады,

Қазақпен бір қаңғырып жүр ол әлі!

Қасіреттен туған шерлі ақынның,

Қайтсе де бір қасиеті болады.

 

*Ұлықбек Есдәулетов

**Ауыт Мұқибек

 

 

 

 

АҚСОРАҢ

 

( Ел аузындағы бір өлең. 18 ғ.)

 

Аспанда – Ақсұңқарың, жерде – киік.

Ақсораң, сен де – биік, мен де –биік,

Келгенше жиырма беске жайлаған жер,

Кетейін қалай сені елге қиып?

 

Қара бұлт будақ-будақ желде заулар,

Ақсораң, сен де – заңғар, мен де – заңғар.

Шығатын елдің зары шығып болды,

Шықпаған сенде зар бар, менде зар бар.

 

Ақсораң, сен де – аспанда, мен де – аспанда,

Көңілдің жайлауынан ел қашқан ба?

Тұрасың мұнарланып көз алдымда,

Бұлаңдап талай-талай белді асқанда.

 

Ақсораң, сен де – дүлдүл, мен де – дүлдүл,

Қайтейін, сен де – бұлдыр, мен де – бұлдыр;

Бұлдырап дүниеден өтіп барам,

Бұлдырға көз сала ма пенде құрғыр?

 

Ақсораң, сенде – шерлі, мен де – шерлі,

Етекте ел де – шерлі, жел де – шерлі.

Жалғанға енді мынау екеуміздей,

Егілген енді екі егіз келмес енді...

 

 

 

ОРТА ҒАСЫР

 

Орта ғасыр –

Ару —

Он бес жастағы.

Бұлдырап тұр елес болып баста әлі.

Қайда жөнеп барады екен, сылдырлап,

Інжу-маржан шолпысының тастары?

 

Қарын қамы жоқ-ты онда,

Бас қамы –

Тәрік қылған басқаны!

Қасым ханым қандай еді, тексізді

 

Орта ғасыр –

Абыз –

Кемел жастағы.

Шаштары да аппақ қардай, қастары.

Желмаямен желіп Асан Қайғы боп,

Алашымды – адамзатқа бастады.

 

Ол заманның бұ заманнан басқа әні.

Одан, бірақ еш бір ғасыр аспады.

Бетбе-бет пен жекпе-жектің уақыты ол,

Иттік пенен тексіздіктің қас жауы.

 

Сол ғасырда — адамзаттың асқағы,

Ғаламда жоқ Қазтуғанның дастаны;

Тұлпарлардың эпостағы тұяғы,

Сұңқарлардың аспаны!

 

Сонда қалды кісіліктің бастауы,

Білмейтұғын бекзаттықтан басқаны.

Қандай терең Шалкиіздің жырындай,

Қабат-қабат адамзаттық астары...

 

Қарын-қамы,

Қу қарақан бас қамы –

Тәрік қылған басқаны –

 

Капитализм – ақындардың қас жауы!

Ғаламзаттың бір уыс қып аспанын,

Адамзаттың мөлдірін де ластады;

...Алтындайын Алаш дейтін жұртымды

Аярлардың аяғына тастады...

 

***

 

Жұмағыңды өзің ал да,

Ресейімді бер маған!

 

(Сергей Есенин)

 

О, Орман елі!

Менің боз даламдай!

Шерімді қай-қайдағы қозғамағай:

Сергейдің осы өлеңін оқып бірде,

Патшаңның әлі есімде боздағаны-ай!

 

Мынау бір жырға бөтен жылымшы уақ,

Жәлептей жыңға тиген қылымсып-ақ;

Болса да ішің – тұман, түсің – суық,

Көзіме кеттің бүгін жылушырап.

 

Түсінем сенің ішкі кеселіңді,

Білем ғой бүгініңді, кешегіңді.

Әлегін тартып не бір әзәзілдің,

Әйтеуір, түсіндің-ау, Есенинді.

 

Ұнайды маған осы сенің соның,

Үрлесең лапылдайтын шерің – шоғың;

Қайтесің, сенікімен салыстырсам,

Бес елі маңдайдағы менің сорым!

 

Өзімше мен де төске өрлей де өттім,

Көрінген көк соққанға көнбей кеппін;

"Елім-ай" деген әнді шырқап, бірақ,

Егілген бір қазақты көрмей кеттім...

 

***

 

Мына бір пысық сұм манап,

Аждаһадай – араны,

Қазақстанның қазынасын ұрлап ап,

Шведтің темір сейфтеріне салады.

Мандайдың бағы о дағы, – тағдыр-таланы,

Бабасынан –

Баласына қалады.

 

Мен болсам, міне, ішімнен тынып, қорлық-ай,

Тығырыққа тірелген;

Қатын-баласын қартаға салған сорлыдай,

Өмірін күллі өлеңге салып жіберген...

 

Кеудемнен шығып құс әні,

Алашты айналып ұшады.

Арын –

Ар қылдым.

Зарын –

Зар қылдым.

Мен саған, жаным, жырыма орап құсалы-

Қазақстанды қалдырдым.

 

 

 

 

ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ

 

Өзегің – әлімсақтан өлең селі,
Бөледі қалай біреу менен сені?
Ар жағың – Арғы Ғұн да,
Бергі жағың –
Атақты Жаяу Мұса деген Сері!

 

Бақ құсы қонса –сендей құсқа қонар,
Қанатың талса, –
Қонар тұста талар.
Атаңның атын сенің тартып алған,
Алдыңда абдырады Мұстапалар!

 

Аруақ қонған кезде ақындарға,

Бір тұяқ қалды Олжабай батырдан да;
Кіндігі Олжабайдан тарамаса,
Ол шіркін осыншама лақылдар ма,
Өлеңдей өртке тиген лапылдар ма?!.

 

Сыртынан айтқан сөзі – сандырақтай,
Көзінше тіл қатуға ел қалды батпай;
Сексенге сергек желіп келдің, міне,
Тұяғы жер тарпыған арғымақтай!

 

"Құдайдың құлы болу – құтым"- деген, –
Жыртығын қазағының пүтіндеген;
«АЗ и Яң» –
Алашыңның Жүрегі ғой , –
Тәкаппар
Кеудесінде
Лүпілдеген!

 

Дүние үйлесімсіз – қараң қалад,
Сұмдыққа бүйте берсе арандамақ;
... Алашқа қарап тұрсың Сен аспаннан,
Етекте біз де тұрмыз Саған қарап...

 

 

 

КІТАППЕН ХОШТАСУ

 

(21 ғ.)

 

 

Хош боп тұр,

Тылсым ғалам,

Керім әлем!

Көзімді ашсам ылғи сені көрем.

Көзіне көрінетін қара таппай,

Пушкин де хош айтысқан сеніменен.

 

Келді де – кетті... өзін сүйікті етті,

Құдай-ау, қалай бізді қыйып кетті?!

Гректің ұлы эпосы "Илиада"*,

Қалай бір экранға сыйып кетті?!.

 

Атағы тұрған күнде түріп көкті,

Толстой көрмей...

Ерте жүріп кетті:

Даңықты "Соғыс және бейбітшілік"**,

Кітаптан –

Көк жәшікке кіріп кетті!

 

Біз қалдық,

Сен барасың кетіп алға.

... Аулақ қып жамандықтан бетін Алла, –

Адамзат Саған қайтып келеді бір,

Немесе, –

Өледі бұл экранда!

 

*"Илиада мен Одиссея"(Гомер)

**"Соғыс және бейбітшілік"-Л.Н. Толстойдың дәірнамасы

 

 

***

 

"Сөз деген – киелі"*- деп ойлап қалып,

Тылсым бір сезімдер мен ойды ақтарып;

Осыноу жерде , ойхой, заманында,

Өтті ғой Өтежан** да ойнақ салып.

 

Ұйытам деді ол Сөзге бұл Алашты,

Маңынан күллі ел сонда тұра қашты.

Құрыған құл мен күңнің заманында,

Құдайға қандай пенде құлақ асты.

 

Тұрандай болмаса да,

Берен – елі,

О дағы Есениндей ерен еді.

Қазақ боп бекер туды...

Туғаннан соң –

Орыс боп бір-ақ туу керек еді!

 

Көз ашып көргені оның удай азап,

Бодан ел бола ала ма Ғұндай*** ғажап?!

Өтекең туғанға осы дейін бізде,

Болмаған болмысы өзге мұндай қазақ!

 

Гректе бір тамыры жатыр еді,

Тибетте бір тамыры жатыр еді.

Радярд Киплинг секілді бұл,

Азулы асқақ елдің ақыны еді!

 

Маңдайы Күнге тиіп, жарқыраған,

Шабыты – Ниагара арқыраған:

... Алаштан ақын болып туу – азап,

Ақедеу болып туған артық одан.

 

... Тұрандай болмаса да,

Берен елі,

О дағы Есениндей ерен еді.

Қазақ боп бекер туды...

Туғаннан соң –

Орыс боп бір-ақ туу керек еді!

 

*" Ең бірінші – Сөз пайда болған..." ("Інжіл")

**Өтежан Нұрғалиев.

***Ғұн (Гун) – жауынгер түрік тайпасы.(28.01.2016 ж.)

 

 

 

Цивилизацияның Өлуі

 

Өзекке өрт толды,

Алланы зарлы ғып,

Абайды зарлы ғып.

 

Цивилизация мерт болды –

СПИД–ке шалдығып!

 

ЖАС АҚЫН

 

Жас ақын, жаны қалмай сыйласатын,

Жақсы адам –

Жамандыққа қыймас атын;

Мағжан, Қасымдардың заманынан,

Келді бір бізге, міне, Мирас ақын.

 

Мираспен қоса тасқын сел келеді,

Күтіп тұр соны мынау белдегі елі.

... Жас ақын келіп жатыр керуен боп,

Көп болды бір жаңа ақын келмегелі.

 

Елдің бір дүбіріне ене кетпей,

Жүргейсің сол бір шуға бір елең етпей:

Жаңа ақын –

Менделеев кестесінде,

Жаңадан ашылған бір элементтей!

 

Қара бір тасқынға, – асау бүлікке ерген,

(Бетіне шығып, әзер іріктелген), –

Жас ақын – жаңа ақын ғой;

Ескі жұртқа, –

Жаңа бір жаһанадан кіріп келген!

 

Тау да – өлең, тас та, тіпті, болып өлең,

Қазақтың бәрі шәйір – соныменен:

Жас ақын – жаңа ақын боп келмейді де,

Қайтады келген қара жолыменен.

 

Жыр... десе селт етпейді зілдей жаным,

Көруші ем шәйірлердің пірдей бәрін:

Алашқа өлеңменен жету деген –

Аллаға жетуменен бірдей, жаным...

 

КӨК ТҮРІКТІҢ КӨЗ ЖАСЫ

 

Жан–жүрегін жасырмай жалғанға ашып;

Мұхит, құрлық, ел мен бел, таудан да асып,

Мекихода* бір қазақ келе жатыр,

Атасындай баяғы,

Маң–маң басып...

 

Қалай адал сезімін қалады іркіп,

Қалың қара тобырға қарады үркіп.

Атасының аяғы жетпеген жер

Жатыр, міне, алдында алабұртып.

 

Өткен дәурен қайырылып соқпайды – анық,

Өткір көзі кенеттен шоқтай жанып:

Үндіс көрсе көшеде, жүзіне оның,

Үңіледі, шермендем, тоқтай қалып.

 

Бұ да адасқан түріктің құсы ма анық,

Тамырының бізде бір ұшы қалып?

... Хан Кенеге ұқсай ма біреуі оның?!.

Тартып кетті алдына түсіп алып...

 

Сол бір үндіс кұллі елден дарадай боп,

Қазақ оған аң–таң боп қарады–ай кеп;

Жетпістегі ақсақал түсті ізіне,

Жеті жасар кәдімгі баладай боп!

 

Бір кездері қырылып, – баудай болған,

Бір қараған кезінде таудай болған, –

Хан Кенеге ұқсайды деген үндіс

Қалай ғана Елтайдан** аумай қалған?!

 

Келді,

Көрді...

Көңілі – ойран, алаң,

(Құдай оны кез қылды қайдан оған?).

Бір жан шықпай жұбатар жат елде осы,

Ботадай боп боздады,

Қайран, ағам...

 

 

Быт–шыт болған халықтай қара басып,

Асау толқын бір–бірін ала қашып, –

Атлант тұр, –

Үндістің көз жасына,

Көк Түріктің көз жасы араласып...

 

*Мехико – үндіс–метистер тұратын шаһар.

**Е. Ерназаров.

 

 

 

 

ТҰРСЫНҒАЗЫ*

 

Көк те – өлең,

Көк түгілі,

Көмейде – өлең,

Қазаққа көктен келіп, не дейді өлең?

Қаздай боп қаңқылдаған Тұрсынғазы,

Қонды ғой бір құрлыққа Семей деген.

 

Алашқа ақ құшағын ашқанда өлең,

"Қозы Көрпеш–Баян" дейтін дастанменен, –

Аруақ Аягөзден алып ұшып,

Көгілдір көлден келді Аспан деген!

 

Жер емес,

Аспан деген – ғажап тұрақ,

Алладан бізден бөлек наз ап тұрад:

Қаздай боп қаңқылдаған сол боздағын,

Жаздай боп...

Қарсы алды ма қазақ, бірақ?

 

*Тұрсынғазы Рахимов – әнші, сазгер

 

***

 

Өлі емен,

Не – тірі емен,

Ірі емен, көптің бірі емен;

Сайқалдармен бір жатып,

Бомжбенен түнегем...

 

Қажығам,

Біткем,

Жүдегем,

Түбіме жетті–ау, бұл өлең,

Не – патша, не – құл емен;

Ерте тусам, елге болмай көз түрткі ,

Хан Кененің қасында жүрер ем!

 

Ел едім деп кімге айтам, –

Ер–тұрманы алтынменен апталып,

Күптелген кіл күміске?!

Тұғыр қаптап,

Тұлпар қалмай мініске,

Бұ замана запран боп тұр іште.

... Құл мен күңге күнде таба болатын,

Нәлет біздің жүріске!

 

ФАРИЗА ДҮНИЕДЕН ҚАЙТҚАН КҮНІ

 

Алаштың шаңырағын алтындаған,

Ахедеу, жетесізді алқымдаған, –

Қара өлең –

Қазтуған мен Махамбеттер,

Қараша түгіл ұйып, Хан тыңдаған.

 

Сен едің жанашырым, туысым да,

Далада, киіз үйдің қуысында;

Ханға да бас имеген қарашаны,

Жібермей,

Ұстап едің уысыңда.

 

Кел, егіл еліңе кеп, жеріңе кеп,

Еліңмен, жеріңменен еңіре кеп;

Ханышаң тақтан түсіп,

Иесіз қалды, –

Қара Өлең дейтін, қайран, Мемлекет!

 

Егіліп жатқан кезде елің сенің,

Алладан,

Аспан жақтан келуші едің;

Қара Өлең, –

Қайран, Ұлттық Мемлекет,

Қайтейін, елден ерек сенің шерің!

 

"Арысым – Абай – адам танысам"– деп,

Заманмен – алақұйын, алысам деп;

Қажыған қазағымның қара өлеңі–ай!

... Тағыңда Алтын Тәжді Ханшаң жоқ...

 

 

НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВ. "ӘЛҚИССА"

 

Жеткен түу замандардан құлаққа үні,

(Ұқпайды бізден басқа ел, бірақ, мұны):

Қазақтың өмірі мен өнерінің

"Әлқисса" –

Әу бастағы құлақ күйі!

 

Хас Сақтан Үйсін, Арғын, Адай болған,

Алладан ақ жаныма арай қонған;

Алашым адамзаттан тумаса асып,

Алтайдан –

Атырауға қалай қонған?!

 

Дүниең көмескі боп менен қалған,

Көзімнің алдында ылғи көнем болған;

Көңілім – көкжиектей түпсіз, шексіз,

Өмірім – өмір емес –

Өлең болған!

 

Жүргем жоқ соқа тартып, үйді айналып,

Қанатым Хан–Тәңірге тимей қалып, –

Ұштым мен Алатаудан Атырауға,

Кеттім мен әнге айналып, күйге айналып!

 

Жеткен түу замандардан құлаққа үні,

(Ұқпайды бізден басқа ел, бірақ, мұны):

Қазақтың өмірі мен өнерінің

"Әлқисса" –

Әу бастағы құлақ күйі!

 

Қанатты Күннен шалдым, Айдан шалдым,

Біржан сал –

Құшағымды жайған салмын;

"Базарың құтты болсын, ардақты елім!"–

Дедім де аспаныңда сайран салдым!

 

Жетектеп елдің қамын жейтін ерге,

Күлтегін, Хан Кене мен Кейкілерге, –

"Әлқисса",

Сенсің Мені алып келген,

Эпостан –

Эпопея Дейтін Елге!

 

Алла да алдына ылғи алды–ау, мені,

Дүние –

Тұрандайын самғау ма еді?

"Әлқисса" –

Қазағымның құлақ күйі,

Нұрғиса –

Базарымның бал дәурені!

 

 

Поэзия

 

(Қасымның әуенімен)

Поэзия – әлі әсем жамалында.

Жаһан – Дүние тұр соның жанарында.

Троллейбуста жүр, әне, сақ–сақ күліп,

«Иномарка», «Джип»–тердің заманында.

 

ҚАЗАҚ

 

Әмірханға

 

Жайықтай толқып, жапанда қалған Еділше,

Ел дейтін еркек егілсін сендей — егілсе.

Тағынан тайған қаралы ханның абайсыз,

Талайсыз ұлы сендей–ақ болған, меніңше.

 

Бауырына жұртын баласыдайын құша кеп,

Қараорман елдің қасіретінен құса боп, –

Хан Кене тақтан түскенде, сенің атаң да,

Атынан түсті абдырап Жаяу Мұса боп.

 

Тұқымың бекзат бек болды.

Тәрк етіп бәрін, Тәңіріге туа бет қойды.

Құдайдың коды бар еді мида, оны да,

Құдайсыз елдің қулары шұқып жеп қойды!

 

Ұлыған сайын көкірегіндегі Көк Бөрі,

Азалы зарың Алашқа қалай жетпеді?

Азалы зарың бір жетпей қоймас Алашқа.

...Алла естіп тұр ғой, өйткені.

 

ШӘМШІНІҢ ВАЛЬСІ

 

Көпенге

 

Алаштың жүздесе алмай арысымен,
Құйылып запранды зар ішінен;
Қу басты сүйреп шықтық кер заманнан,
Шәмшінің билеп шықтық вальсімен!
Шәмшінің билеп шығып вальсімен,
Тамұқтан –
Жұмағыңа ауысып ем!

 

Шәмшінің вальсімен,
Не бір Айдай арумен танысып еп;
Шәмшінің вальсінен мас боп шығып,
Сіміріп сілекейін, –
Бал ішіп ем...

 

... Шұрқырап табысса да арысымен,
Ыңылдап ағылшынша бәрі ішінен, –
Қазақстан қайрылып тұр қанатынан,
Шәмшінің
Айрылып
Вальсінен...

 

МАҚПАЛДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ

 

(Қарағанды.18. 09. 2015 ж.).

 

Мәдилердің заузатына баяғы,
Қалай мынау кең дүние тар әлі;
Қайран, Мақпал,
Періште ғой –
Қаралы, –
Қалың өрттен шыға сап ән салғанда,
Қарайған жұрт дүрліге жалт қарады!

 

Сайқал дүние кірпігін бір ілдірмей,
Алаштың ақ дидарына ділгірдей.
Армансыз бір ару сынды асқақ тұр,
Азалы осы жұртына сыр білдірмей!

 

Аспан – оның мекені.
Желік буған жердің құрты не теңі?
Періште ғой, – қалың өрттен шыққанда,
Көйлегінің күймей қалған етегі...

 

Жалаң аяқ қызыл шоқты басқанда, –
Кімді көрді ол (көзін әзер ашқанда?!).
... Жерде жұлдыз қойғанменен жұлдызға,
Ол , бәрібір, кетеді ұшып Аспанға....

 

ХОШ, РЕСЕЙ!

 

(Лермонтовтың әуенімен)

 

Хош, Ресей, сорынан арылмаған,

Сұмның елі!

Құл елі!

Қалың надан!

Көк мундирлі көргенсіз көк көз сайтан,

Көнген соған мас тобыр, – дабырлаған;

Хош, Ресей, сорынан арылмаған!

 

Қап тауының аржағы өзге,мүлдем,

Содан асып,

Сендерден безгемін мен!

Патшаңмен – қал,

Қал – қаңқу сөздеріңмен,

Көрінгенді аңдыған көздеріңмен;

...Сендерден баяғыда-ақ безгемін мен!

 

***

 

Мына адам, – табытында жатқан адам,

Біреудің ала жібін аттамаған;

Көзіне мақтамаған бір пендені,

Сыртынан бір жақсыны даттамаған.

 

Ол бөлек , мүлде, сенен, мүлде, менен,

Көп тантық көйіткенде үндемеген.

Жақсыға жаны қалмай бәйік болып, –

Сүйсінген!

Біздей оны күндемеген...

 

Алаштың үш жүзін де аралаған,

Адаспай ақ, қараны саралаған;

Өтіне желдің ылғи өзін қойып,

Бетіне дүниенің қарамаған!

 

Құтыра соққан небір құйынменен,

Күні жоқ жаны жасып, күйінбеген.

Қарағайдың қарсы біткен пұтағы еді,

Заманға

(Жаман түгіл!) – иілмеген.

 

Сері боп, күнде думан, аламан боп,

Кекілін кербестінің тараған жоқ;

Тұлпар мен сұңқарларға іш тартты да,

Жабы мен қарғаларға қараған жоқ!

 

Емес ол академик,

(Не – біліп бұл,

Осы елдің қабырғасы сөгіліп тұр?);

Қадалып Қасиетті Төрт Кітап пен,

Абайды оқушы еді егіліп бір...

 

Алланың сүйген құлы ол,

Қара да тұр:

(Біз қалдық, алдыда – не?

Заманақыр?!):

... Шырылдап шыбын жаны, құдіретті

Құдайды бетке ап, ұшып бара жатыр!

 

КҮЛКЕН– ГҮЛҒАЙЫННЫҢ ЖЫРЫ

 

Қызыларайда қырық қыз...

Қайда кеткен тауды асып?

Қырық қыз жоқ!

Қырық күз,

Қырық қыс кеп алмасып, –

Қырғыз, Қара, Майлығы қалжақтасып, дауласып,

Қырқасында қалды ма қырық эпос шаң басып?

 

Қызыларайда қырық қыз Қырымды ылғи бетке алып,

Қызығы мол Жырымнан жүруші едік шет қалып.

Қырық жұлдыз – жарқырап тұрып Қызыларайда,

Қапелімде қалайша қырық жаққа кетті ағып?!.

 

Қайда жүрмін, құдай-ау, қай қиянда сандалам?

Қарап тұрып, неге осы, өзіме-өзім таң қалам;

Һалифа анам айтатын Ғайыперен Қырық Шілтен

Қанатының астына қалай бізді алмаған?

 

Қызығына тоймаған қызу күндер шалықтап,

Қалай өте шықты бұл тас қиянға шарықтап;

Ақссораңнан қайтқан аң өр Алтайға шұбап бір,

Қызыларайда айтқан ән Қарқаралда қалықтап?..

 

Қызыларайдан Арқада бір бел, бір ел де озбаған,

Қайран, алтын бесігім!

Қайран, салқын боз далам!

Қырық қыздың хиссасы қырық шерін қозғаған,

Қырық жігіт дегенім – қырық шал ма боздаған?

 

Қызыларайда қырық қыз...

Қайда кеткен тауды асып?

Қырық қыз жоқ!

Қырық күз,

Қырық қыс кеп алмасып, –

Қырғыз, Майлық, Қарасы қалжақтасып, дауласып,

Қырқасында қалды ма қырық эпос шаң басып?

 

ОРМАН ҚАРАҚШЫЛАРЫНЫҢ ӨЛЕҢІ

 

(Он алтыншы ғасыр)

 

Атаман Жармақ,

Орманды шарлап,

Арақпен алдап,

Алтынмен арбап;

Иван да – солдат,

Сидор да – солдат;

Өкпе тұс – қазақ,

Бүйректе – қалмақ;

Жанын да жалдап,

Қанын да жалдап, –

Сарайшықты алды, –

Жанды алып, малды ап!

Енді кеп Ібір –

Сібірді алмақ!

Жаһанда – Иса,

Жанымда – Жармақ! ...

 

***

Асау жүрек алқымнан ап, ат ұрып,

Аяғымды жерде жатқан зат іліп...

Ақтоғайдың көшесінде жүруші ем,

Сапырып бір...

Дүниені жапырып!

 

Аймаласа бетімнен бір майда леп,

Ішіп...көкке ұшып кеттім «Әйда!» – деп.

Бір ақынды түсінбеген жұртқа бұл,

Ұлы ақынды ұғу деген қайда деп?!

 

Іштегі өртке шарап кіріп, – сапырды от!

Өртенуге керек емес ақыл көп.

Әумесер бір пақыр ғой деп ойлады ел,

Әрине, онда ойлаған жоқ ақын деп.

 

Сол екен ғой тәтті жылдар, бал күнім,

Бал күнімде қорғасындай балқыдым.

С. Есенин сайран салса Мәскеуде,

Мен Ақтоғай ауданында шалқыдым!

 

Сонда сүйген, жан–жүйемді түсінген,

Сұлу қыздар шықпайды әлі түсімнен.

Сондағыдай сүйген емен ешкімді!

(Көп кісіні жек көремін ішімнен...).

 

Дүбірлетіп даңқым дала, қаланы,

Мені ел қазір алақанға салады.

Салыстырса, сол бір сотқар жігітпен,

Қазір менің ақындығым шамалы...

 

Өмір сонда өзегімнен сапырды от,

Өртке, мүлде, дертке күнде жақын кеп...

Неге мені сонда, қайран, Ақтоғай,

Ойламады екен осы ақын деп?

 

ТРАНЗИТТІ ЖОЛАУШЫ

 

( Қарағанды аэропорты. Евгений Евтушенко. 1970 ж.ж.)

 

Еуропа,

Азия,

Африка,

Австралия,

Америка, –

Оған – үйдің іші еді.

Ол аспанда ұшып жүрген құс еді.

Транзитті жолаушы боп бір күні,

Қайран, ақын, Қарағандыға түседі.

Қапелімде қайдағы бір шөл қысып,

Сыра алып ішеді.

 

Бавардан да сыра ішкен-ді балдай деп,

Чехтардан да сыра ішкен-ді балдай деп.

Сол ақының абдырап тұр «Алла-ай!–деп –

Қарағандының қара суы қандай!»–деп.

 

Мұндай гәпті көрмеген соң туғалы,

Ой, жырғады...

Тостағандап – жырғады!

...Бес құрлықтың ұшып жүріп үстінен,

Қарағандының қара суын жырлады!

 

Талай бардың шарбағынан бір ырғып,

Жения құсап, біз де өліп-тірілдік;

Бедірелеп, төбемізге төңкеріп,

Жарықтықты сілекейлеп сімірдік!

 

Қарағанды-ау, сол зәмзәмің қандай-ды?!

Қазір қулар елді аярдай алдайды.

Басы бар да, шұбырған бір, соңы жоқ,

Сапта тұрып...

Іштік со бір балдайды!

 

Қайда сол бір сыра –

Жоқ қой!

Бәрі – аңыз.

Тілімізде қалып қойған дәмі – аңыз.

(Бұ өмірде шөл қанбады...);

Қараңыз:

Транзитті жолаушымыз біз-дағы,

Женя құсап бір жаққа ұшып барамыз...

 

***

 

Оң жағыма қарасам,

Бір дәлдүріш келеді.

Сол жағыма қарасам,

Бір дәлдүріш келеді.

Қалай осы қоршап алған, құдай-ау,

Мендей кірпияз немені?

Аллаға да сенбейді олар, Абайға,

Сонда кімге сенеді?!

 

Тақылдаған тақпақ – күллі өлеңі.

Мақтағын деп маған қаптап келеді.

Жәркен – Жалғыз.
Мынау неткен көп еді!

Мен бұлардан қорқам,

Ғазиз Қадырға,

Қырық жылда әзер жеткем, себебі...

 

***

Мынау елің не боп кеткен түс-өңі?

Баяғыда бәрі жақсы кісі еді.

Сиырын да саумайды екен, дүкеннен

Пакеттегі сүтті сатып –

Ішеді...

 

Су да – үйде,

Газ да – үйде.

Кекірді...

Цвилизация осында кеп, – бекінді.

Қызыларайға қарап тұрсаң сыртынан,

Бір Микро-Қарағанды секілді!

 

Шаңды жұтып,

Көкорайды жайламай.

Алдына сап, айхой, мыңды айдамай, –

Кісінетіп желіге құлын байламай,

Ағын суды жалаң аяқ жалдамай,

Мынау елге не көрінген, жалған-ай!

 

Баяғыдан қыдыр қонған жерсің ғой,

Ақтоғайдың өзін, тіпті, теңсінбей,

Әлихан – бар,

Әлімхан – бар,

Жүруші ең, –

Совет өкіметін–дағы менсінбей!

 

Күндіз демей, түн демей,

Хиссаны айтып, сайраушы еді тіл–көмей;

Әлихандар шыққан кезде алдынан,

Угарың да қалушы еді үндемей!

 

Қазағының үш жүзінен жар таңдап,

Жігіттерің жүруші еді талтаңдап!

Аупарткомның хатшылары жүдеген,

Зейнұрлар мен Мұхтарларға* жаутаңдап...

 

*Басқарманың үстінен Сталинге арыз айдаған белсенділер

 

Қайтсең–дағы қазақ болу – парыз-ды.

Бола алмасаң, қойшы!

Жазба арызды!

... Қызыларайдан менен кейін енді осы,

Жөнді ақын тумайтұғын тәрізді!

 

Асау ойлы,

Арғымақтай кекілді,

Қызылордадан туса – туар не түрлі.

... Мына бетте Қызыларайдан менен соң,

Енді ақын тумайтұғын секілді,

Жөнді ақын тумайтұғын секілді...

 

ӘСЕТТІҢ ҚҰРАНДЫ АУДАРУЫ

 

(1867 ж. ҚызыларайАқсораң1923 ж. Құлжа)

Уақап Қыдырханұлына

 

Құлжада – алып жүрген жанын зорға,

Әсетті қоршап алып қалың молда:

«Сәждеге жығылмаған кәпір!» – дейді!

... Не десін мына тұрған залымдарға?!

 

Өлімді жерде молда семіреді,

Шағылды шыдамы, (ол бір темір еді);

Күледі қалың молда сық-сық етіп:

«Бұл шәйір шариғаттан не біледі?!»

 

«Ғұлама» дей ме мұны қара халық,

Намазға жығылған соң нар атанып?

... Құранды оқып, тоқып алған ақын,

Жасынан мұсылманша қара танып.

 

Жанына қойса да жұрт жара салып,

Түспейді ол биігінен аласарып:

Шымырлап кетті арқасы...

Ақын сонда –

Шырқады домбырасын ала салып!

 

Жыр – Сұңқар көзін кермек жасқа малып,

Арсы мен гүрсіден де асты-ау, – арып;

Қазақша сонда Құран сайрап кетті,

«Фатиха» сүресінен бастау алып.

 

Аршыға қарай қанат қақты қыран,

Құлжадан аспанына ақты қыран –

Хафиздей!

Алласының ғажайыбы –

Алдында парақталып жатты Құран...

 

Қалың жұрт – үйге сыймай, алқалаған,

Сығалап, жабықтан кеп анталаған:

... Алаштан кетті арабқа, есіл боздақ,

Алланың аманатын арқалаған!

 

Тер кетті самайынан тарамдалып,

Ел кетті Тәңірді іздеп,

Ғалам – қалып;

Талтүсте басталған жыр, ертеңіне

Таң ата тамылжып кеп, –

Тамамдалып...

 

Сол өлең Құлжадағы қырда қалған,

Эпоста –

Ел аузында,

Жырда қалған;

Қалықтап Тәңіріне қарай кетті,

... Қалғанын дүмше молда ұрлап алған!

 

Құлжада қалды сол жыр,

Жерде қалды,

Құлақта,

Белде қалды,

Елде қалды.

Айналып соққан дауыл, желде қалды,

Алланы танып Алаш, – шерде қалды...

 

Дауысы өр Әсеттің сайға барды,

Сайдан да өтіп,

Тауға,

Айға барды.

Пушкиннен аударғаны жұртқа мәшхүр,

...Алладан аударғаны қайда қалды...

 

«ТОҚЫРАУЫН» РЕСТОРАНЫ

 

Туысым жоқ мұнда, не бір досым да,

Сонда–дағы шек жоқ көңіл хошында.

Содан ішем таңертеңгі асымды,

Түскі асым да, кешкі асым да – осында.

 

Жастық шағым өте шықты дүрілдеп,

Топырағым, Тоқырауын, – суым деп;

«Тоқырауын» ансамблі ән салып,

«Тоқырауын» рестораны гуілдеп...

 

Сонда өткізгем не бір сыйқыр кешті мен,

Келе жатқан көне көз сол ескіден.

Ең алғашқы саңқылдаған даусымды

«Тоқырауын» рестораны естіген...

 

Жан сырымды білмейді бір жан әлі,

Алпыста да бола алмаппын саналы.

Ұнатпаса ел – ұнатпасын, қайтейін,

Мен сағынам сол бір сотқар баланы!

 

Тоқырауын, – лүпілдеген жүрегі,

Арнасынан асып аққан жыр еді.

Алматыда жыр оқыдым саңқылдап,

Атырауда жыр оқыдым саңқылдап,

Бірақ, сондай... болған емес біреуі...

 

МЫНА БІР БАЛАУСА БАЛА АҚЫН

 

Мына бір балауса бала ақын,
Күні ертең көк жүзін құшар кеп.
Қозғайды қауырсын қанатын,
Қияға қалықтап ұшам деп.

 

Шыңды іздеп,

Әлі сан сабылар,
Шіркіннің жүрісі бір өнбей.
Бұ Жердің Тартылыс Заңы бар,
Аяқтан алатын шідердей, –

Алысқа жібермей,
Ғарышқа жібермей!

 

Білмейді оны бұл бала ақын,

Алаштан Аспанға ұзардай;

Қомдаса қауырсын қанатын,

Тартылыс Заңын бұзардай?!

 

Мен де ұшқам жолымен құстардың,

Қара өлең – өң емес, – түс білем;
Құрлықтың үстімен ұшқанмын,
Мұздақтың, мұхиттың үстімен.

 

Ұшқанға не жетсін жалғанда,
Бұлт сүйіп қанатты, жел демеп?
Ұша–ұша қанатым талғанда,
Қайтадан қонғанмын Жерге кеп.

Жерің – бұл, елің – – бұл сағынар.
Желің бар – аймалар бетіңді.
Алашта, не керек, бәрі – бар;

(Жапалақ дейтін құс тағы бар,
(Тек қана Алла жоқ секілді...).

 

Жүзін көз жасымен жуғалы,

Көрген сол зорлық пен қорлықтан, –

Алаштың өлеңі туғалы

Алланы іздеп жүр сондықтан

 

Кеудесі—зар, нала,

Абайың барған-ды Аллаға,

Мағжан барған-ды Аллаға,

Қасымың барған-ды Аллаға.

Мінем деп Парнасқа – боз атқа,

Қаншама халтурщик күшенді?

Алақұс жетпейді о жаққа,

Ал, бала...

Ер болсаң, ұш енді!

 

ЖАПОН МЕН ҚАЗАҚ

 

Жапонияда 128 милн. халық бар екен, соны басқарып отырған 9 мың шенеунік, бізде – 17 милн. халық, шенеунігіміз 100 мыңға жетіп қалыпты.

 

Осындағы , ой, шіркін, төрде отырған төренің,

Қарай алмай жүзіне, қыпылықтай беремін.

 

Халқы –кедей,

Көгеріп бара жатыр көздері...

Ал, мыналар – бір мырза!

Байып алған өздері...

 

Бір қатынды асырай алмай жүрсек, (ұл–қыз бар),

Тоқалдары – үш – төртеу,

(Һәм бәрі де – жұлдыздар!).

 

Ойымыз – он, ақыл да бара жатыр алтау боп, –

Олар...

Бізді ойлайды: «Жатып ішер жалқау!» – деп.

 

Сырт жүнімді көрсетіп, бөрідейін паң басам,

(Қайдан, қалай байимын қалам ақы да алмасам?!).

 

Осындағы , ой, шіркін, төрде отырған төренің,

Қарай алмай жүзіне, қыпылықтай беремін!

 

Түсінбеймін неге осы төрде отырған төренің,

Қарай алмай жүзіне қыпылықтай беремін?!.

 

Әй, төрем-ай, төрем-ай, қалай көрем бетіңді,

Түсініксіз бұ дүние, ойға батсам не түрлі:

Алтынның үстінде отырған 17 миллион қазақ пен,

Судың үстінде отырған 128 миллион жапон секілді!

 

ҮШ БЕСІК

 

Нұртөре Жүсіпке

 

Жүргенде күн кешіп, түн кешіп,

Ой кешіп, бой да өсіп, түс – көшіп;

Тәңірдің маңдайға жазғаны –

Бәрібір, Сен айтқан – Үш Бесік!

 

Атаның белінен

Ананың құрсағына жан – көшіп,

Алдыңнан шығады Талбесік!

 

Өзіңсің –

Ешкім жоқ, ал, мұнда,

Періште – Сәбисің, –

Шықтай боп жатқан бір шалғында;

Жатасың жұпар бір иісің бұрқырап,

Ата-анаң — алдыңда!

 

Бесіктен шыққан соң енді өсіп,

Керім жер, не деген кең десіп;

Азамат немесе пендесіп,

Жүресің Ақ –

Қара –

Белдесіп!

Алдыңда – Халық тұр,

Арқаңда – Елбесік!

 

Сонан соң, – Жербесік,

Алтын тақ жоқ, жасыл шалғын да,

Жердегі, елдегі малғұн да;

Өзіңнен басқа бір адам жоқ,

Ал, мұнда – Мархұм... Һәм – Аруақ –

Тұрасың Алланың алдында!

 

Нұртөре!

Дүние – алжасты!

Періште бұғып қап, құтырды Албасты;

Батыста еркекті – еркек кеп аймалап,

Шығыста –

Алла мен адамның орыны алмасты!

 

Жолымыз – жабылды,

Қолымыз – кесіліп;

Жеріңнің түгі де қурады,

Көгіңнің түбі де тесіліп!

Обыр тұр...ел-жұртың тәрк боп,

Тобыр тұр есіріп!

 

Дүние—алжасты,

Құтырса, – құтырсын Албасты, –

Қырсығып, қырқысып, тістесіп;

Құм қалып, құл қалып, –

Құс көшіп;

Қарап тұр біздерге Тәңірі,

Қарап тұр біздерге Үш Бесік!

 

ҚЫЗЫЛАРАЙДАҒЫ БІЛӘЛ ЖЫРАУ

 

Мейірхан Адамбековке

 

Түркі – Атамыз,
Ақсораң – Ұлы Анамыз,
Ауызда – Қарқаралы дуаны—аңыз.
Басында – Ойрантаудың ойран дауыл,
Қасында – Біләл жырау дуалы ауыз.

 

Туғаннан менің шерлі–шемен кеудем,
Елде жоқ сиқырлы үнге елеңдеумен;
Есіктен Біләл жырау төрге озғанда,
Бесікте шыбын жаным бебеулеген.

 

Көреді Білекеңдей беренді – кім,
Сезеді мендей қайдан тереңдігін?
Белінен сол бір шалдың сен жаралсаң,
Демінен мен туғанмын сенен бұрын!

 

Жоқ менің, Алаш сынды алыпқа өкпем;
Тәңірің ән салғызды танып көктен.
Тамшы ма ең Жәнібектің көзіндегі
Талдының өзеніне тамып кеткен.

 

Беу, неге мен босаймын қайғы-мұңға:
Жүрегім елжіреп тұр тай-құлынға.
Бір тамшы Жәнібектің көзіндегі
Алаштың мөлдіреп тұр айдынында.

 

Әлемді бір шолдым да – әріге өттім,
Дүние –

Әміренің әні деппін.
Үстінен Шайтанкөлдің нөсерлеп тұр,
Көзінен тамған жасы Жәнібектің.

 

Көкшетау Біржан салмен бес түлесе,
Наданды Мәди–Муза кескілесе;
Қазағым –
Ғаламның бір шерлі дауысы,
Есінеп есер – дүние естімесе, –
Қайтемін енді..

 

ФАРИЗА АҚЫНДЫ СОҢҒЫ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛҒАНДА

 

Граждан*,

Тәңірі жаныңа құйған жарықнұр,

ХалықсызАқын,

Ақынсыз осы Халықтұл;

Қолыңмен сенің Алаш кеп бүгін аңырап,

Ақынға топырақ салып тұр.

 

Кенезең кепкен жырына,

Жаның шөлдей боп,

Тәңірдің нұрыол,

Кеудеңнен сол бір сөнбейді от.

Табысты қайта, қауышты қайта соңғы рет,

Ақын мен Халық

Аққу мен Айдын Көлдей боп!

 

Кетті Ақын соңғы татар бір дәмін тауысып,

Қайырыла қарап, халқымен қайта қауышып;

Кірпік қаққанша өзгере берді дүние,

Көз алдымызда Фәни мен Бақи ауысып...

 

Қонды ғой жерге қанаты ұша талғанда,

Көкке ұшты рухы сен келіп топырақ салғанда.

Ол кетті сонау Бақи дейтұғын дүниеге,

Біз қалдық мынау Фәни дейтұғын жалғанда.

 

Фәни дейтұғын жалғанда жалғыз қалғанда,

Арбалма, жаным,

Жарқыл–жұрқылға алданба;

Алла бар көкте,

Алаш бар жерде,

Ақын бар, –

Түк те жоқ басқа опасыз осы жалғанда.

____________________________

*Гражданөлеңді сүйген азамат

 

АНДРЕЕЙ СОКОЛОВТАН

 

ХХ-шы ғасыр!

Қан-жіннен қаусап, шіріген,

Орыссың, мейлі,

Ағылшын,

Асқақ түрік ем, –

Адамның құқы қақында қалай қыртасын,

Мен қашан сендей адамша өмір сүріп ем?!

 

ПАРЛАМЕНТТЕ

 

Не дерімді білмеймін, не екеніңді,

Көрсетсеңші Парламент екеніңді?

... Өз қағынан жеріген құландайын,

Қарғаларым, сендерге не көрінді...

 

Зарым – қазақ болғанда, барым – өлең.

Құлағыма жетеді сарыны әрең.

Депутат боп сайлансам, қазағыма

Мен де біраз ағымнан жарылар ем.

 

Саясаттан мен ғұмыр кештім жырақ,

Ат кекілін онымен кестім!

Бірақ, –

Мінбеге бір шығып ап, бір көсілсем...

(Мені сайлап жатқан жоқ ешкім, бірақ).

 

32–де миллион аш –

Қырылып,

Кәрің – алжып, қаршадай жас бүлініп;

Мен—сөйлемен...

Аузымды аша берсем,

Ар жағымнан шығады қасқыр ұлып!

 

«А!»–дегенде арқама желік кірер,

Желік кірсе, – еліңді еліктірер?

Мен – сөйлемен...

Сөйлесем, Асан Қайғы

Желмаямен осында желіп кірер!

 

Не дерімді білмеймін, не екеніңді,

Көрсетсеңші Мемлекет екеніңді?

... Қағынан бір жеріген құландайын,

Қарғаларым, сендерге не көрінді...

 

ҚОЙЛЫБАЙ

 

Қасіреті дүниенің боздай, үдеп,
Қайғысын қай–қайдағы қозғайды кеп...
Қазақтың қалың қойы маңыраса,
Бұ-дағы сонымен бір боздайды кеп,
«Додада жұрттан неге озбайды?» – деп, –
Е, ел айта берсін.

 

Ақынның жеңсігі – өмір, азығы – сор,
Алашы – Тоқтар алтын қазығы сол.
Қойшының қосында кеп дүниеге,
Қойлыбай атанды, бар жазығы сол.

Шөп те – өлең, қазір жұртқа шөңге – де өлең,
Шәйір көп шөңгемен бір дөңгелеген.
Ал, мұның аруағы Шопан Ата,
Шаруасы болған емес өңгеменен.

 

Шабытсыз шырқамаған ол бір әнін,
Құлағын жүз бұрағын, он бұрағын.
Аруағы Шопан ата жебемесе,
Тіл–аузы байланады домбыраның.

Айтысса осындағы дөйлеріңмен,
Қойлы ауыл көшіп өтер ой легінен.
...Дәлдүріш машинамен қайтады ылғый,
Қойлыбай тер шылқыған көйлегімен...

Кемпірбай, Шөже туған шаңырақ бұл,
Ол кейде шырқар дерсің аңырап құр.
Өйткені қошақаны жамырап бір,
Өрістен қайтқан қойы маңырап тұр!

Кейде оның жазылады бой, бауыры,
Ойран сап шаһарларға ой дауылы.
Өйткені, пұл алып қайт демей оны,
«Сөзіңді айт!» – деп жіберген қойлы ауылы.

***

 

Сарыарқа дейтін елде,

Қызыларай дейтін тау,

Ақсораң дейтін шың бар.

Бауырында – қазақ.

Басында – ғұндар!

 

Ақсораң, ай–хой, ат шаптырындай аумағы,

Найзағай ойнап, көзінен жасы саулады.

Еніреп келіп, етекке тасы аунады,

Бұл – оның ашуланғаны.

 

Бүгінде – қазақ,

Ежелде – ғұнның мекені.

Ақсораң – көкте. Ен – жаулау еді етегі.

Саудабай келсе Қытайдан ала дорбамен,

Ағылда–тегіл, ай–хой бір, нөсерлетеді!

 

Біздің ауылда – Қытайдың күллі бұйымы.

Құдай көрші – қасында, түспес иіні.

Ұртында-дағы сағызы соның тәп–тәтті,

Бұтында – соның киімі.

 

Қордабай көкем сөйлейді есіп – елі ғой:

«Алашым аман болса екен–дейді мені – қой!

Шығыста – көршім, Шыңжанда – елшім болмаса,

Ақжарық дейтін ауыл да болмас еді ғой!»

 

Саудабай келсе,

Алдынан алпыс жан шығып,

Тұрады суға малшынып;

Ақсораң аппақ болады жаздың-жазынды,

Қара жаңбырдың соңынан қаптап қар шығып...

 

Қап-қара бұлттар бірінен-бірі іріленіп,

Алайда–дүлей ала дорбамен бірге еріп;

...Саудабай жоқта тұрады дағы тып–тыныш

Ол келсе болды – кетеді қайта зілденіп!

 

Саудакең келсе,

Селдетіп нөсер жел үрсе,

Бір–екі апта егілер дерсің – егілсе.

...Бауырымда қазақ жүргенмен осы сораңның,

Басында ғұндар қап қойған мәңгі, меніңше.

 

АННА АХМАТОВАНЫҢ ӘУЕНІМЕН

 

Өзегі – шер, өнерпаз-ай, өр көңілі,
Төбе бидей төрле енді;
Керең – Ветховен, керемет бір сиқыр үнге кенелтіп,
Соқыр – Ғомар, көз шалмайтын құбылысты көрген-ді.

"Илиаданың" сол Ғомар ғой иесі.
"Айлы соната" – адамды арбар күй – осы.
Ақын деген – адам емес, – Алланың
Адамзатқа жіберген Бір Киесі!

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар