Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Серік Тұрғынбекұлы: «Кеңшілік бар кезде ғұмыр раха...

06.06.2016 4119

Серік Тұрғынбекұлы: «Кеңшілік бар кезде ғұмыр рахат еді...»

Серік Тұрғынбекұлы: «Кеңшілік бар кезде ғұмыр рахат еді...» - adebiportal.kz

6f90bc663820f9ae468b1cb4e4bc34b5.jpg


 

 

 

«Ғашықтық – азап, азабы ғажап бірақ та, 

Дертінде тозақ, деміндегісі жұмақ па?! 

Шын ғашық болсаң біріңді-бірің жылатпа, 

Жылаттың екен, жыласын ғашық, жұбатпа!» деп жырлаған талантты ақынды кім танымайды?! 

Кеңшілік Мырзабековтың ақындығын да, болмысын да егіз құлындай тебісіп, бірге өскен досы, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлынан артық ешкім білмейтін де болар...


 

 

– Серік аға, Кеңшілік ақын екеуіңіз бала кезден дос болдыңыздар...


 

 

– Ия, бірге туып, құлын-тайдай тебісіп, бірге өскен достар болдық. Дүние есігін ашқаннан ол өмірден өткенге дейін бірге болдық, іргеміз ажыраған жоқ. Бірімізбен біріміз нағыз өмірдің қос өрімі сияқты бірге жүріп, өмірдің талай қызығы мен қуанышын бірге өткіздік. Бақытты шағымызда ешқандай кемдік көргеніміз жоқ. Менің жастық шағым туралы айтқанда оның барлығы Кеңшілікпен бірге байланысты. Кеңшілік араласқан жағдайлар, бірге өткізген талай қызық күндер менің жүрегімде қалған. Ол маусымның 6 күні дүниеге келді. Бұл күні орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің де туған күні. Мұны өзі рахаттанып айтатын «Пушкин екеуміз бірге туғанбыз» деп. Ол басы ноқтаға сыймаған ақын. Өзінің өр мінезімен ерекше болатын. Біреумен дос болса сол адамға жүрегімен құлай кететін. Дос болған адамының кемшілінде сезбейтін жан еді. Сүйсе шын сүйетін, біреуді ұнатпаса шынайы ұнатпайтын жан болатын. Оның таланты да табиғи. Кеңшілік алғашқы аяқалысынан-ақ өзінің талантын да, ақындық мінезін де көрсете білді. Бірден алғашқы өлеңдерімен-ақ жарқ етіп көрінді. Біздің аудандық газетіміз болды. Өлеңдеріміз кезек-кезек жарияланып тұратын. Ол сондай намысшыл жан болатын. Жас кезімізде ұрысып, таласып, төбелесіп қалған кездеріміз болды. Оның бәрі минутқа жетпей, қас-қағым сәтте артынан құшақтасып тату болып жүретінбіз. 


 

Торғайда Тосын деген құм бар. Сол жерде екеуміздің балалық шағымыз, бар қызығымыз өтті. Кеңшілік бар кезде біз жарысып өстік. Егер ол тірі болғанда қазір де бірге жарысып жазып, бірде кем түсіп, бірде тең түсіп жазып жүруші едік-ау. Осы күні ойлаймын, ол тірі болғанда талай доданың басында бірге жүретін едік. Әдебиеттегі бәсекелестік адамды шыңдайды. Біріңді-бірің қамшылайсың. Қазір де талай өлеңдер кеп жатыр ғой. Бірақ, ол бар болса біздер жарыса жазушы едік. Ерте кетсе де, оның екінші ғұмыры қазақ хаалқының поэзиясына есімін алтын әріптермен жазып кетті.


 

 

24071FE4-476C-4481-B3A6-F65191DE4A82_mw1024_mh1024_s.jpg

– Өмірінің соңында қасында болдыңыз ба?


 

 

– Бола алмадым... Ол ешқашан ауырып, төсек тартып жатқан емес. Қайтыс болардан екі күн бұрын көрдім. Бірақ, ол өмірден өтеді деген ой менде болған емес. Күнде бірге болатынбыз. Ол кезде ол да, мен де жұмыссыз едік. Бірақ, творчествалық жұмыспен айналысып, мақала жазып, кітап шығарып өмір сүретінбіз. Бірімізді-біріміз ресторанға шақырып, бірге тойлайтынбыз. Сөйтіп сол екі күннен кейін оның өмірден өткенін бір-ақ естідім. Бауыры, жүрегі ауырды ма екен. Ешқашан ауырып жүрмін деп айтпайтын. Мүмкін мән бермеген шығар. Көпке дейін сенбей жүрдік. Біз мектепті де бірге оқыдық, кейін университетте де бірге оқыдық. Ол оқуға түстім деп жүрсе түспеген екен. Киностудияда жұмыс жасап жүрген екен. Ол менен бұрынырақ оқуға түсем деп кеткен еді, бір жыл жұмыс жасап жүріп қалды. Кейін КазГудың журналистика факультетіне бірге тапсырып, бірге оқыдық.


 

– Досыңызды сағынасыз ба?


 

– Қатты сағынамын... Алғашқы он жылдықта онша білінбеуші еді.. Екеуміз қосылсақ алынбайтын қамалымыз болмаушы еді. Тіпті әділетсіз дауларды да бірге шешетінбіз. Мұқағали мен Жұмекендердің қасынан бір елі қалмаушы едік. Менің Мұқағалиға драма жазып жүрген себебім, мен Мұқағалидың жанында көп жүргендіктен. Кеңшіліктің ақындық құдіреті тіл тереңдігіне баруы. Ол алғашқы өлеңдерінде көп адам айта бермейтін ерекше ойларды айта білді. Көп ақындар өлеңге еліктеу арқылы келеді. Ал, мен Кеңшіліктен ондайды байқамадым. Әрине, ол көбіне Мұқағалимен рухтас болды.


 


 

– «Менің мұңым – махаббат» дейді. Музасы болды ма?


 

– Әдемілік пен сұлулықты барлығымыз жақсы көрдік, әлі де жақсы көреміз. Сұлу қыз көрінсе ол да байланып қалатын. Әдемі қыздардың қасын, шашын, қылығын, бұрымын өлеңдерінде жазып жүрді. Кейін оқып отырып, «мына өлеңін ана қызға, мынау қызға арналған ғой» деп кімге арналғанын біліп отыратынмын. Тек бір ғана адамға қатты ғашық болды деп айта алмаймын. Жиынтық образ болды. Ол бір ұшқалақтық емес. Тіпті оның автобуста, жанында отырған қызға да шығарған керемет өлеңі бар...


 

IMG_0012.JPG

– Кеңшілік ақынның ақындық тағдыры қиын болды деп айта аласыз ба?


 

 

– Қиын болды деп айта алмаймын. Қазіргі ақындармен салыстырғанда тым жақсы болды. Қазіргі жас ақындарды аяймын. Үйі де, күйі де болмай жатады, жағдайы жоқ. Біз пәтер жалдасақ та, 3-5 сомның ғана пәтерін жалдап, ресторанға барсақ та 10 сомға 10 адам тамақтанатын едік. Шалқып жүрдік. Өлең де, кітап та бірінен соң бірі шығып жатты. Ол әдеби сыннан да өзінің жоғары бағасын алыр жүрді. Мақталып, мадақталып жүрді. Біз қиын тағдырды өзімізге өзіміз жасаймыз. Беделді адамдарға тиісіп қаласың, сынап қаласың, еркелік, еркіндік... Біз сол кезде біреуден жабырқап, тұрмыстан қиындық көргеніміз жоқ. Дегенмен, байқасақ та байқамай, айтқымыз келсек те айта алмай өмір сүрген екенбіз. Кеңес үкіметінің саясаты солай болған екен. Кеңшілікте партия туралы жырлады. Бірақ, біреулер сияқты соның табиғатына еніп кете алған жоқ. Тың туралы «Боз бие» деген өлеңі арқылы өз ойын білдірді.


 

– Сіз досыңызға не арнадыңыз?


 

– Адалдығымды арнадым... «Керемет Кеңшілік» деген бұрыннан жазып жүрген дүнием бареді. Естелік, мақалалар, оның 30 жылдығы, 40 жылдығынан естеліктер, арнау өлеңдер, еш жерде жарияланбаған өлеңдері топтастырылған. Биыл Алла қаласа баспаға ұсынуды жоспарлап отырмын.


 

– Кеңшілік туралы жазушы Тұрсын Жұртбай: «Ол өте мақсатшыл жан еді. Ол алдына қойған мақсатына жығылса да, сүрінсе де, жеті қат жер астындағы әбілхаят суын кешсе де түбі жететін» дейді... Ал, сіз ақынның қай қасиетін ерекше айтар едіңіз?


 

– «Керемет Кеңшіліктің» ішінде «Кеңшіліктің кейбір кездері» деген циклым бар. Оның мінезі ғажап еді. Тіпті адам айтса сенгісіз. Ол бір ертегі адам еді. Ол туралы айтып отыра бергің келеді. Заманындағы, қатарындағы адамдардың ешқайсысына ұқсамайтын қылығы көп болды. Ол үшін оқудан шыға салу, жұмысын тастап кету деген түк емес еді. Адамдармен де таныстығы күшті болатын, тез танысып кетеді. Адамдарға еш ренжімейтін. Оның көңілінде реніш деген ұғым мүлде болмайтын, күліп қана жүретін кешірімшіл жан еді. Барлық жанрда қалам тартты. Журналистикада менмін деп жүргендерден асып түсетін. Кейін поэмаға да құлаш ұра бастады. «Иманжүсіп», «Біржан сал» атты поэмалары бар. Әттең, тірі болғанда сол поэмаларын қазіргі көзқараста толықтырып жазар еді. Аударма саласында да ол ерек тұлға. Орыстың Евтушенкосын аударды. Қысқасы, ол қай жанрда, қай салада қалам тартса да замандастарынан әлдеқайда биік тұрды. Сол кезде оның аяғынан шалатындар да болды. Бірақ, ол оны елемей жүре беретін.


 

IMG_9979.JPG


 

– Ол «дәстүрді жалғастырушылар» қазір де бар ғой...


 

– Арамызда жүр. Бұл ұлттық дерт. Мысалы, қазіргі Мемлекеттік сыйлықтың жайы. Ақыны көп, қаламгері көп елге тек бір ғана сыйлықтан берілуі керек деген пікір менің ақылыма сыймайтын дүние. 
 


 

– Қазір Кеңшілік ақын арамызда болғанда әдебиетте қандай өзгерістер болар еді...


 

– Ол өте батыл ақын. Батыл жырларын арнап ұлттың ақыны болып жүрер еді. Оның жырлары қазақ поэзиясының маржандарына айналып, ортамызда қазақ елінің ықыласына бөленіп жүретін еді. Ол кезде біздің тақырыбымыз тар болды. Мысалы, қазір елбасының өзін сынап жазатын кейбір ақындарымыз бар. Ол кезде ауданның басшысын сынай алмайсың. Қазір арамызда тірі болғанда талай жыр бәйгелеріне қатысып, мәреден оза шауып келер еді. Әрине, оны қазір де құлатуы мүмкін. Бәрібір барлық қиындықты өзінің тегеурінімен алып шығар еді.


 

IMG_0009.JPG

– Ол кезде әдебиеттегі ынтымақтастық қалай еді?


 

 

– Қазіргіден әлдеқайда жақсы болатын. Басымыз жиі қосылатын. Шынайы бағалау болатын. Қазір бірнеше қалаға бөлініп кеттік,ондай орта жоқ. Алматыдағы ортаның өзі сол белгілі бір шоғырда ғана қалып қойды. Абажадай үйді Жазушылар одағы деп атап жүрміз. Бірақ, ол шын мәнінде бас қосатын жер емес. Астанада тіпті ондай орталық жоқ. Қазіргі заман тұрғысында әдеби қауымдастық жоқтық қасы.


 

– Сіз Кеңшілік ақынмен сырлас, мұңдас болдыңыз. Ақынның айта алмай кеткен ақиқаты болды ма?


 

– Ол барлығын өз заманында астарлап болса да айтып кетті. Ол кездегі трагедия – тың игерудің өріс алып, мектептерде табылып, қазақтың тіліне, дінге, салт-дәтүрге жасалып жатқан қиянатты сезетінбіз. Ал, Кеңшілік үлкен тақырыптарға бара алмады. Екеуміз бірге Аманкелді Имановты жырладық. Ол ауқымды тақырыптыкөп іздеп жүрді. Бірақ, заманына сай жаза алмады. Оған қазіргі уақыт керек еді. Қазір тірі болғанда бұрқыратып жазатын ақынның бірі Кеңшілік еді.


 

– Бірге жүрдіңіздер. Қызықты оқиғалар көп болған шығар. Біреуінен естелік айтып беріңізші...


 

– 9 сынып оқитын кезіміз. Кеңшілік екеуміз бір қызға қатты ғашық болдық. Сол қызға бола төбелесіп өстік. Дина деген әдемі, білімді қыз болатын. Қазір ол беделді, белді қызметте отыр. Отбасы бар. Сол 9 сыныпта Торғайда сол қызға екеуміз ғашық болғанбыз. Сабақты өте жақсы оқитын. Ата-анасы ұстаз адамдар болды. Көрмей, білмей сыртынан ғашық болдық. Күнде кешкісін есігінің алдында қақпасын күзетіп тұратынбыз. Ол шықпайды. Екеуміз «маған қарайды, саған қарайды» деп сол жерде төбелесетін едік. Бір күні тағы солай күттік, ол қыз шықпады, кеш болып үйге қайттық. Түн ішінде маған бір ой келді. Кеңшілік ұйықтап жатқанда мен барып сол қызды көріп келейін, бәлкім шығып қалар деп ойладым. Қақпаның алдына жақындап қалғанда алдымда келе жатқан Кеңшілікті көрдім. Тағы да төбелестік. Ертесіне таңертең мен ұйықтап жатқанда Кеңшілік ерте тұрып, ақыры әлгі қызбен танысыпты. Кейін айтады, «мен ол қызбен танысқанда қолын 3 рет алдым ғой, өзімді ақын Кеңшілік Мырзабековпін деп таныстырдым» деп мақтанып айтатын. 9 сынып кезінде-ақ ол келешек өзінің мықты ақын болатынын сезген адамдай өзін кез келген ортада ақынмын деп таныстыратын. Ол сол қызға арнап «Махаббаттың күйі ұрланды» деген өлең жазды. Әлі күнге дейін бұл тіркесті еш ақын қолданған емес. Ол оның ерекшелігі болды. Мұны Дина білмейтін. Кейін Кеңшілік өмірден өткен соң 10 жылдан кейін қызық қылып айтып берген едім, «мен қалай білмегенмін» деп таң қалысты. Мұның бәрі балалықтың әсері болатын... Ол бір қызық дәурен еді, шіркін! Маған аз да болса бақытты балалық сыйлаған, өмірімнің бір бөлшегіне айналған адал досымды қатты сағынып еске аламын.


 

IMG_9981.JPG


 

– Кеңшілік сияқты адал дос таба алдыңыз ба?


 

– Таба алмадым... Әлі күнге досыма деген сағынышыммен өмір сүріп жүрмін. Кейде әттеген-ай, жанымда Кеңшілік болғанда ғой деген өкініштер жиі болады. Кеңшілік болғанда ғұмыр рахат еді... Онымен төбелескеннің өзі рахат болатын, артынан сағынысып көрісесің. Қазір, Аллаға шүкір, дос-жарандарым бар. Бірақ, ешқайсысының қасиеті Кеңшіліктің кеңдігіне жетпейді...


 

– Әңгімеңізге рахмет!


 

 

P/S: Мен ақын жырларының ешкім қайталай алмайтын көркем тіліне, ғажайып суреткерлігіне таңғалам. Өлең тақырыптарындағы дәуір кезеңін нанымды, шынайы суреттей білген бірегейлігіне таңғалам... Өзінің орыстың ұлы ақыны Пушкинмен бір күнде туылғанын мақтан еткен марғасқа ақын бүгінде өзінің қазақ әдебиетінің мақтанышына айналғанын, халықтың ыстық ықыласы мен қошеметін өз көзімен көріп, көңілімен сезінгенде ғой шіркін деген өкініш өзегімді өртейді кейде... 

Келместің кемесімен ұзақ сапарға аттанған ақындарымыздың ішінде ортамызға қайтып оралатындары да болады. Ол – оралды! Кеңшіліктің жырлары әрбір қазақтың жүрегінде өмір сүріп жатыр...

 

Сұхбаттасқан: Салтанат Қожа


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар