Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Серікбол Хасан: КӘУСАР ЖЫР...

13.06.2016 6399

Серікбол Хасан: КӘУСАР ЖЫР

Серікбол Хасан: КӘУСАР ЖЫР - adebiportal.kz


Серікбол 0.jpg

Кейде тіпті өзіме-өзім сенбеймін,

Ізіме енді оралмаймын бір басқан.

Өлең үшін өртенбеймін, өлмеймін,

Кәусар жырға шомыламын тынбастан.


Өзгелерден менің сертім тым бөлек,

Өлең үшін жанды қинау жоқ менде.

Шабыт үшін болмаймын да күйгелек,

Шүкір айтып отырамын өткенге.


Кәусар жырға шомыламын, мастанып,

Аққу құстай тербелемін көлдегі.

Өмір – менің көңілімнің дастаны,

Өлең – менің өмірімнің өрнегі.


Солай ғана тарқалады мұң-шерім,

Кәусар судың құдіреті бәлкім бұл.

Байқасаңыз, менің әрбір күндерім,

Өлеңімнің шумағы боп қалқып жүр.


Кәусар суды қанып ішсем болғаны,

Жүрегімнен төгіледі кәусар жыр.

Өлең менің өмірім ғой ол дағы,

Оралмайтын құлын шағын аңсап жүр.


Өлеңменен жеңілдетем мұңымды,

Өзгелер де алсын тапса керегін.

Өмірімнің мәні болған жырымды,

Өлгеннен соң өздеріңе беремін.


Өлең жазсам, өмір сүргім келеді,

Дәптерімнің қайта бастап жаңасын.

Кәусар жырға сен де шомыл, себебі,

Қайғы-мұңнан бір серпіліп қаласың...



ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕК ЖАРАЛЫ


Басқалардан парқы бөлек,

Болғасын ба сыңарсыз.

Кеудедегі жалқы жүрек,

Қай кезде де тым әлсіз.


Әлсіздігі соншама оның,

Жалғыздықтан қан жылап.

Таппайынша аңсағанын,

Бейбақ басты дал қылад.


Мылқау миға амал бар ма?

Айтқанына көнеді.

Жүрек қылған қадамдарға,

Бас шұлғиды үнемі.


Сол жүректің қандайы да,

Сұлулықты сүйеді.

Сүйгендігі маңдайына,

Таяқ болып тиеді.


Сүю деген – асылында,

Жазылмайтын жара шын.

Қол жеткізбей ғашығына,

Таппайды екен дауасын.


Бұл да өмірдің заңы болар,

Жалғыз жүрек – жаралы.

Жұбын табу жанын ұғар –

Бар жүректің қалауы.


Мінез жасар тосын қанша,

Болғандықтан дара тым.

Сыңарына қосылғанша,

Таппас жүрек тағатын...



СЕН ЖАЙЛЫ


Сен жайлы жазылар жыр әлі,

Асылым, жанымды жылатпа.

Сен жайлы айтқым кеп тұрады,

Сөз таппай қиналдым бірақ та.


Жыр болып кеудеме сыймаған –

Асылым, дертімнің емісің.

Шабытты шақтарды сыйлаған,

Ардақты адамсың мен үшін.


Асылым, жырлаймын сені әлі,

Тағдырдың жазуы сөнгенше.

Бөлістің сәттерді ең ауыр,

Тағатың қашады мен десе.


Сен – менің мәңгілік жырымсың,

Алдымда нұрланған дидарың.

Сен маған өмірде, гүлім, шын,

Ең үлкен қуаныш сыйладың.



ОЛ КЕЗДЕ


Сендегі сезімді білмеймін,

Мендегі... жанымды өртеді.

Қарамай уақытқа... түн мейлі,

Мазасыз мұңлы әуен шертеді.


Сендегі төзімді білмеймін,

Мендегі ықылас тым басқа.

Әлдебір шырынға шөлдеймін,

Біреуді іздеймін тынбастан.


Сендегі білмеймін күй қандай?

Менікі қанатсыз құс сынды.

Ешкімнің сөзіне иланбай...

Жалғыздық ішімді пыстырды.


Оралмас ол күндер, қош енді,

Қайырылмас қаяусыз он сегіз.

Таптатып талай түн көшеңді,

«Махаббат – жалған» деп бөсеміз.


Ол кезде тарпаңдай туладық,

Оңаймен шықпайды ойымнан.

Достардың ортасын шулатып,

Табылып қалармын тойыңнан.

Шақырсаң...



АРМАНДАҒЫ АРУ


Дірілдеп күпсек ернің...

Күн көзің күліп кетті,

Жұп-жұқа жүрегімнің қыртысын дірілдетті.

Сыңғыр үн, кербез бейнең – күніге құмартқаным,

Әлсіздеу әлпетіңе әлі ешкім ілікпепті.


Қылықты қыз баласың...

Қаяусыз құлын жаның,

Қарулы көздеріңнен қатқылдау сыр ұғамын.

Қиялшыл сезім құсым, қалықтап қияларға,

Бейнеңді бір көрмекке еріксіз бұрыламын.


Аспанда сыңар ай-күн...

Түндіктен сығалаймын...

(Білемін, бұл түріммен ешкімге ұнамаймын).

Ару қыз армандағы, иіскетші маңдайыңнан,

Өзіңнен бұдан басқа ештеңе сұрамаймын.


СЕНІ ІЗДЕДІМ...


Құстар сайрап, жер жібіп... жылығанда,

Тайдан құлап табаным жырылғанда,

Сені іздедім еркелер арасынан,

Өмірімнің шын мәнін ұғынғанда,

Бейнеңді таба алмадым...


Дала гүлдеп, дариға құлпырғанда,

Байыз таппай жүрегім бұлқынғанда,

Сені іздедім сылқымдар арасынан,

Ақ пейілім арманға ұмтылғанда,

Лапылдап жана алмадым...


Топ тырна мекеніне асыққанда,

Қайғы-мұң жігерімді жасытқанда.

Сені іздедім аққулар арасынан,

Айдыныңа құмар бір ғашық қарға,

Жаныңа бара алмадым...


Қара жердің қойнауын қар жапқанда,

Қарулы аяз жанымды шаршатқанда.

Сені іздедім, аяулым, ақырғы рет,

Қолын бұлғап біреу тұр Ар жақтан да,

Таусылды бар арманым...



САРЫ ҚЫЗ


Сезіміңізге сай, Жаратқан берген сәніңіз,

Тамұқ түндерден тынышым қашып, жүдедім.

Күміс күлкіңді сағынып бүгін, сары қыз,

Алладан сізге амандық қана тіледім.


Албырт сезімге бой берме бірақ, аруым,

Аспандап кетсе суыту оны қиын-ақ.

Ақ-адал ғана ағалық тілек – анығы,

Аллаға сенің бақытың үшін сиынад.


Керемет келбет, моншақтай көзің, бал ерін,

Барлығы... бірақ мен үшін емес, білемін.

Әйбат тәніңнен тәттілік іздеп, әдемім,

Кереуетіме тұншыққан күйі түнедім.


Сүйрік саусағың, толқынды шашың, нұр жүзің,

Еліктіргенін жасыру қиын, сірә да.

Сағынсаң менің суретімді көр, бұлбұлым,

Жаныңа, бірақ, жылылық менен сұрама.


Кеш, қалқам, мені...

Келемеж қылма арымды,

Келмеске кеткен күндерді ойлап нетесің?

Үдере тулап үрпиіп қалған жанымның,

Орындалмайтын арманы болып өтесің...



БӘРІ ДЕ ӨЗГЕРГЕН...


Бәрі де өзгерген... тұр-тұлғаң,

Арманың алысқа ұмтылған.

«Осы әйел – үйінің гүлі», - деп,

Өзгелер мақтайды сыртыңнан.


Бәрі де өзгерген... түрің де,

Әдемі ең балауса күніңде.

Бір кешкен бақытты күндердің,

Елесі қалыпты бүгінде.


Бәрі де өзгерген... тәтті үнің,

Жоғалып қалғандай нақ бүгін.

Қап-қара жанардың оты өшкен,

Жарыңа сыйланып пәктігің.


Бәрі де өзгерген... анасың,

Жетектеп жүретін баласын.

Балалық шақтағы үлгіңді,

Балаңа үйретіп барасың...



КӨКЕШІМ


Жеткізер шындығым сол ғана,

Менде жоқ, сүйкімдім, жаман ой.

Мені іздеп қарама жолға да,

Бақытың басқада... бара ғой.


Ақымақ ағаңды нетесің,

Арманның артынан бар, кәне!

Кім білер, сен шығар, көкешім,

Айтулы жігіттің арманы.


Сен сондай бақытты екенсің,

Шақырып жол жатыр, қарашы!

Кім білген, сен шығар, көкешім,

Атақты ақынның анасы.


Албырттық әкелер азап тым,

Сабырлық сүзгілер саналы ой.

Ұрпағын көбейтер қазақтың,

Анасы... жұбыңды таба ғой.



ХАТ


Хатыңды тоқтатпа, өтінем,

Әр сөзің жолданған – маржан бай

Асығып жететін шетінен,

Хаттарың азайып қалғандай.


Мәніңді жүрмін бе аз ұға,

Өзіңнен хат күту – басты арман.

Жүрекке құйылған қазына,

Шабытым өседі хаттардан.


Тоқтатпа, хатыңды, қылықтым,

Әр сөзден мың рахат табамын.

Үніңе күн санап құнықтым,

Қаламды құрғатпа, қарағым!


Хат күту – бүгін де болды арман,

Кеудемде белгісіз сабылыс.

Туп-тура өзіме жолданған,

Бұл хаттар – ып-ыстық сағыныш.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар