Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романындағы Тұрар б...

28.09.2017 58380

Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романындағы Тұрар бейнесі

Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романындағы Тұрар бейнесі - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінде Тұрар бейнесін жасау жолында алғаш қалам тартқан Мұхтар Әуезов еді. Тұрар Рысқұловтың көзі тірісінде-ақ жазылған «Қараш-қараш оқиғасы» повесі жұртшылықтан жоғары баға алған болатын. Оны оқыған Т.Рысқұловтың ағыл-тегіл егіліп жылағанын жазушы Шерхан Мұртаза өз кітабында шебер суреттейді.

Шындығында, оқырман қауым Т.Рысқұлов жайлы біраз жағдайларға қанық болғанымен, оның өмір жолын түгел қамтитын, ұлт мақтанышы бейнесін жоғарыдан көретін туынды әлі дүниеге келе қоймаған еді. Сол кезеңде зиялысынан адасып қалған ұрпақты ардақтысымен қауыштыра Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романы әдебиет әлемінің есігін ашты.

Ол туралы Т.Мәмесейіт былай дейді: «Біздің жоғалтқанымыз – қазақ деген соры қайнаған халықты қайтсем бақытқа жеткіземін деп жанпидалықпен күрескен арыстарымыз еді алдымен. Олар – біздің өткеніміз, тегіміз, руымыз еді ғой. Зорақы заман бізді содан айырғысы келді. Мәңгүрт жасағысы келді. Міне, сол оталған арыстарымыздың бірі және бірігейі Тұрар Рысқұлов еді. «Қызыл жебе» хамсасы» арқылы біз алдымен сол Рысқұловты таптық және таныдық. Ал, Рысқұлов тағдыры – халық тағдыры. Өйткені, оның өмір жолындағы басынан өткен шындықтар халық тағдырындағы, тарихындағы шындықтарды елестетер еді. Сондықтан да, Рысқұловты тану – халықты тану деген сөз. Халықты тану - өзіңді тану» . Осы реттен келгенде, «Қызыл жебе» - ұлттың рухын түлеткен, рухани ұстазына, көш бастар көсеміне айналған шығарма болды.

Аталмыш романның негізгі кейіпкері – Тұрар Рысқұлов. Автор оның жас шағынан бастап өскен ортасын, өмірден көрген-түйгенін, алған әсерін жан-жақты кең, байсалды суреттейді. Жастайынан көрген қиыншылық, жеген таяқ, аянышты тіршілік пенде атаулының пешенесіне жазыла бермейтін қатал тағдырды танытады. Тұрар қаршадайынан әкесі Рысқұлды өзіне үлгі етіп өсті. Ол әкесінің турашылдығын, күштіден күбіжіктемейтін, мықтыдан ықпайтын тәкаппарлығын, жарлымын деп жасымайтын мінезін ұғып өсті.

Оқырман алғашқы кітаптан-ақ, болашақ большевиктің мінезі қандай ортада, қалай қалыптасқандығы туралы жанымен ұғып, көңілмен танитын мол мағлұматтар алады.

Романда жас Тұрар қара суық өңірде тамыр жайып, қанаттанған тау шынарындай шымырлық танытады. Бұл, әсіресе, баланың болыспен алғаш бетпе-бет келіп, арбасып қалатын сәттен, шабарман Таубайдың «Әкең қайда айт?» деп азаптайтын кезден, надзиратель алып соғардай үстіне төніп кеп қалса да қашпай арқасын дуалға берген күйі астындағы жалғыз тал қызғалдақты өз өміріндей қорғаштап, жанталасқан тұстан көрінеді. Бұның бәрі де, сөз жоқ, болашақ ірі қоғам қайраткері – Тұрар Рысқұловтың бойынан көрінер алғашқы қадір-қасиеттер еді. Өзі құралпас жас балалармен ойнап жүрген Тұрар бірде жаяу жарысып озып, мәреге бұрын жеткенде қос қолын көкке көтере сермеп: «Мен Қызыл жебемін!» - деп айғай салған-ды. Жалғыз кінәсі хас жүйріктігі боп, қарау заманның қабан қанжарына шалынып кете барған Қызыл жебе тағдыры көңілін қатты тербеген жазушы әлгіндей ойлы, терең мағыналы сөзді жас өскіннің аузына бекерден-бекер салып отырған жоқ. Осы бір ауыз сөз арқылы автор Тұрар бейнесін көкке көтеріп кеткендей.

«Жұлдыз көпір» – «Қызыл жебе» роман-хамсасының үшінші кітабы. Бұл шығармаға жазушы «Азаптардан – жұлдызға жол» деген латын сөзін эпиграф етіп алыпты. Үңіле қарасақ, осы сөздің өзіне талай нәрсе сыйып кеткендей.

«Жұлдыз көпірде» жазушы Тұрардың жасындай жарқылдаған, жұлдыздай жарқыраған кезі, яғни Түркістан кеңестік автономиялық республикасы басшыларының бірі болған кезін, 1918-1920 жылдардағы Түркістан елінің өмір-тынысын суреттеген.

Шындығын айтқанда, осыған дейін Т. Рысқұловтың революциялық бейнесі әдебиетте көрінген емес. Романда Рысқұловтың азаматтық, қайраткерлік, бет-бейнесін таныта түсетін, жан-жақты ашып, толықтыратын оқиғалар табиғи өрбіп отырады. Сол оқиғалардың ішінен жазушы кейіпкер мінезін дәл танытатын, айқын ашатын тартысты тұстарын талғаммен үйлестіре біледі. Әсіресе, Түркістан республикасының тағдырына, болашағына байланысты ойлары мен сол жолдағы ірі істерге үмтылысы, азаматтық тұрғысының беріктігі оның кесек тұлғасын, табандылығын танытады. Осындай тұстарда қаламгер шабыты да шамырқанып, батылдана түседі. Тұрар әрекеттерін бар шындығымен, бар қайшылығымен барынша табиғи көрсетуге күш салады.

Мәскеуден келген төтенше өкіл Кобозев бейнесінен байыпты, парасатты большевиктің тұлғасын танимыз. Ол келген бойда-ақ Т.Рысқұловты танып, оның мәдениетті де шешен сөйлейтініне сүйсіне таңғалып, қабілет-қарымын байқап, оған қолдау көрсетеді. «Шырайы жеңілтек, яки қатал адамның түрі сияқты емес. Кеңдік, тереңдік, биіктік бар... Ал, осындай азаматы бар ел кадрға, басшы қайраткерлерге жұтаң дейтіндері не? Марксизмнен алшақ, деді-ау Бухарин. Мына Рысқұлов сонда қайдан сауатты?! Ой жүйесі, қазіргі жағдаятты біліп пайымдауы, елдің көңіл-күйін тануы – бәрі көкейге қонымды ғой. Бұларды біз неге менсінбеуге, шетқақпайлатуға тиіспіз?» - деп Тұрармен жақын жүріп, екеуі Кеңес үкіметінің орныға түсуі үшін талай-талай істерді бірге атқарды.

Тарихи шындықты негіз етіп алған романда тарихи белгілі адамдар кездеседі. Қабылбек Сармолдаев, Сағдұлла Тұрсынходжаев, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Ходжанов, Санжар Аспандияров, Абдолла Жармұхамедов, Әбубәкір Диваев, Ғани Мұратбаевтар ара-тұра, Тұрарға қатысты жағдайда көрініс берсе де, олардың әрқайсысының азын-аулақ іс-әрекеті заман тынысын, уақыт рухын танытумен қатар, Рысқұлов бейнесін де жан-жақты шыңдай түседі. Замана ұлыларымен қатар жүрген Тұрар Рысқұлов туралы сыншы Тұрлыбек Мәмесейіт былай деп жазады: «Мәскеуден, орталықтан келген Фрунзе, Элиава, Рудзутак, Куйбышевтардың өзі бір төбе. Міне, кімдермен бірге, кімдермен қатар жүрген Рысқұлов! Нағыз халықтың көсемі десек лайық емес пе! Иә, ғасырдың дүниені дүр сілкіндірген ұлы кезеңі, соған лайық ұлы адамдары ғой бұлар».

Азаматтық идеяларды дәріптеу үшін азаматтық тұрғы мықты болу керек. Осы азаматтық тұрғы, автордың азаматтық көзқарасы романның өнбойынан айқын сезіліп отырады.

Романда Тұрар бейнесі осылай көрініс береді. Бұл – жазушының ыждағатты ізденісі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Халқымыз тағдырындағы осы бір қиын кезеңді жан-жақты суреттеп, сол халқы үшін жанын аямай күрескен Рысқұлов сияқты біртуар азамат тұлғасын қаламгер толыққанды сомдап көрсеткен. Өйткені, Түркістан аталған өлке, солай аталған мемлекет тарихындағы Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы қайшылықтарға толы күрделі оқиғалар нақты құжаттар негізінде бүгінгі заман тұрғысынан бұған дейін әдебиетімізде бар ақиқатымен көрсетіле қоймаған.

Шерхан Мұртаза шығармашылығына тән шымыр сюжет, берік арқау «Жұлдыз көпірден» де айқын байқалады. Автор не нәрсені де ықшам суреттеуге, аз сөзбен көп айтуға бейім. Тілге деген жауаптылығы, тілдің, сөздің ішкі мегзеуіне, астарына үлкен мән беретіндігі анық сезіледі.

Бүкіл тіршілігінде адамгершілік, азаматтық парыз бен асқақ мұраттар жетелеген Тұрар Рысқұловқа мансап креслосы емес, туған халқының өмірлік мүддесі биік. Ол сол үшін небір қиындыққа нартәуекел етеді. «Буыршын мұздан тайған» талай қиын жағдаяттар мен күндерде Тұрар Рысқұловты аман алып шыққан да оның иманы зор, парызы биік, мүддесі асқақ, адал да әділ күрескер тұлғасы еді. Сондықтан болар, суреткер Ш. Мұртаза өзінің бас кейіпкерінің бойындағы әрі азаматтық, әрі қайраткерлік абзал қасиеттерді шанайы бейнелеп бере алған. Міне, өмірде тарих аренасында орын алған шындықтар нәтижесінде ашаршылыққа қарсы коммунистік патриоттық, азаматтық, қайраткерлік күрестің басты мазмұны – романдағы Т.Рысқұловтың өмірлік те, көркемдік те тұлғасын ірілендіріп тұр деп толық айта аламыз.

Ал, тура мағынасында түсініп, қабылдасақ мұның өзі де Т.Рысқұловтың азаматтық, қайраткерлік болмысын неғұрлым өркештендіріп тұр. Тұрар Рысқұловтай күрделі тағдыр бар жерде, тарихи шындықтардың жемісті түрде игерілгеніне «Жұлдыз көпір» романы қай жағынан алсақ та, қарастырсақ та тегеурінді дәлел.

«Жұлдыз көпір» романының оқырманға айтар ойы терең, тілі көркем. Туындыдағы ой тереңдігі дегеніміз Тұрар Рысқұловтың кешегі социалистік қоғам мен революция мұраттарына, туған халқының нұрлы болашағына қызмет етуге негізделген көпарналы, көптартысты, көп мағыналы іс-әрекеттерінің уағынан да, ірісінен де кеңінен аңғарылады. «Қызыл жебе» роман-эпопеясының төртінші кітабы «Қыл көпір» деп аталады. Шығарма ауқымына– Т. Рысқұлов өмірінің ең шешуші тұстары – мемлекеттік қайраткерлік өрлеу кезеңі алынған.

Ұлттардың өзін-өзі басқару, революция жеңістерін орнықтыру, социалистік жолдарын нығайту мен өркендету, ұлттық республикалардың экономикасын арттыру жоспары, қазақ халқының жұт пен аштыққа ұрынған кездегі зобалаңы мен өлшеусіз трагедиясы тәрізді мәселерді шешу барысындағы Т. Рысқұловтың азаматтық-қайраткерлік орасан тұлғасы оның ширыққан-шиеленіскен тағдырының драмалық кезеңдері арқылы кеңінен әрі мейілінше нақты іс-әрекеттер үстінде көрсетіледі. Осы арада атап айту керек, суреткер Шерхан Мұртаза Т. Рысқұловтың халық перзенті ретіндегі қаһарман ерлігінің бүкіл әлеуметтік-тарихи мазмұнын, қыл-көпір температурасын сол шынайы қалпында яғни не асқындырмай, не әлсіретпей мейілінше байыппен бейнелеген.

Мысалы, Сталиннің орынбасары болып жүргенінде Тұрар Рысқұловтың Якут, Дағыстан, Абхаз, Аджар автономиялық республикаларының, сондай-ақ Бурят, Комби, Чечен – Ингуш автономиялық облыстарының құрылуына көп күш-жігер жұмсағаны белгілі. Жазушы осының бәрін тізіп, тәптіштеп жатпайды. Тек Сталин мен Рысқұловтың жүздесуі барысында еске түскен бір деталь арқылы ғана береді. Мысалы: «Асылы, Рысқұловты тек қазақ жанды дейтіндер қателеседі. Иә, Сталиннің әлі есінде: жиырмасыншы жылдардың басы еді. Ұлт мәселелері жөніндегі Комиссариаттың бар кезі. Сталин – Нарком, Рысқұлов – орынбасар. Осы Рысқұлов сонда сонау қиыр терістікте жатқан сахалардың жоғын жоқтап, Сталиннің мазасын қайта-қайта алғаны бар», - деген эпизодтың өзі талай нәрсені аңғартып тұр.

Жазушы Тұрар Рысқұловтың халықаралық деңгейдегі зор тұлға, өрелі қайраткер екендігін романның «Қызыл батыр» тарауында әдемі көрсеткен. Ол – Коминтерннің Монғолиядағы Төтенше өкілі ретінде жас республиканың мемлекеттік құрылымына, соның қалыптасуына үлкен үлес қосқан жан.

Дегенмен, «Қыл көпір» романында ең басты назар Т. Рысқұловтың Сталинге жазған екі хатының әлеуметтік тарихына аударылады. Шерхан Мұртаза осы романда сонымен қатар сталиндік репрессияның түп-тамырына да үңілген.

Т. Рысқұловтың көркемдік бейнесі жазушы Ш. Мұртаза шығармашылығында өз деңгейінен де жоғары көрсетілгендей. Осы туындыны оқу арқылы Тұрарды танымайтындар таныды, білмейтіндер білді, ұнатпайтындары ғашық болды. Жазушы бір тұлғаны халқымен қауыштыру мақсатында отыз жыл ғұмырын арнады. Рас, кезінде жазушыға сын да айтылды, түрлі сұрақтар да қойылды. Бірақ, біздіңше, бұл роман-эпопея деп атауға тұратын ұлы туынды.

Біріншіден, Ш. Мұртаза бұл туындысында Тұрардың әкесінен дарыған қайтпас қайсар, өжет мінезін шырқау шегіне көтере суреттейді. Сталинмен әр әңгімесінде де, қиянат көргенінде де, түрмедегі жауабында да Тұрардың осынау мінезі суреткер шығармасында алдыға шығып отырады.

Екіншіден, біз осы роман арқылы Т. Рысқұловтың бай ақыл-ойдың иесі екенін көреміз. Оған Тұрардың Ленинмен әңгімесі дәлел бола алады. Өзге мемлекет қайраткерлерінің Т. Рысқұловпен сөз таластыруға сескенетіні де көп дүниені аңғартатындай.

Үшіншіден, Тұрар біздің көз алдымызда баға жетпес қоғам қайраткеріне айналды. Түркістан республикасының өркендеуі жолындағы қызметтері, Монғолияға барған іссапары, кез-келгеннің қолы жете бермейтін Кремьлдегі қызметін жазушы аса көрегендікпен суреттейді.

Төртіншіден, Т. Рысқұлов ұлты үшін етінен ет кесіп алса да «қыңқ» етпейтін батыр адам. Бетіне жел де қарсы келіп көрмеген Сталинге қарап тұрып «Сталин қателеседі!» деу, алдынан өлім тұзағы күтіп тұрғанын біле тұра Сталинге хат жазу кез-келген ұлт зиялысының қолынан келетін іс емес.

Шебер жазушы Шерхан Мұртаза Тұрар бейнесін көз алдымызда қол жетпес биікке көтерген жан. Бес том кітап арнап отырып, жазушының өзі: «Тұрардың өз деңгейінде зерттей алған жоқпын. Т. Рысқұлов әлемі – шексіз, шетсіз әлем. Оның мұхитына сүңгу енді сендердің еншілеріңде», - деген еді. Бұл да ұлылар айтуға тиіс сөз сияқты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар