Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
СҮЙІНБАЙ МЕН ҚАТАҒАННЫҢ АЙТЫСЫ...

11.10.2017 39991

СҮЙІНБАЙ МЕН ҚАТАҒАННЫҢ АЙТЫСЫ

СҮЙІНБАЙ МЕН ҚАТАҒАННЫҢ АЙТЫСЫ - adebiportal.kz

1848 жылдың қоңыр күзінде қырғыздың бай шонжар манабы Орманхан шешесіне ас береді. Бұл жиынға аралас құралас отырған қазақтың Тезек төре, Бөлтірік шешен бастаған игі жақсылары бір қауым ел болып қатысады. Астың ақындарсыз өтпесін білген ақын жанды Тезек төре елге атағы жайылып, таныла бастаған Сүйінбай ақынды ала барады.

Ас ішіліп қызық думан басталарда қырғыздың шоң манабы Қара Бәйтік Тезек төреге Бөлтірік шешеннің қасында отырған бадана көз, сұлу жігітті көрсетіп:

- Ана отырған бала Сүйінбай ақындарың емес пе деп сұрайды.

Бөлтірік: «Иә», - деп жауап бергенше, Сүйінбай домбырасын қағып-қағып жіберіп заулата жөнелді.

Ассалаумағалейкүм, сәлем бердік,

Мүбәрәк жүздеріңді жаңа көрдік.

Атақты ас жиынды құттықтауға,

Бауырлас қырғыз елі, саған келдік.

Жүйріктер қосылмаған қою шаңға,

Қосылар қыран бүркіт, қашқан аңға.

Хан Жантай, Қара Бәйтік, Әтекеңе,

Келіп ек амандаса Орманханға.

Арғы атаң ер Әтеке, батыр Жантай,

Басына киді бөрік қызыл алтай.

Қанаттас қырғыз елін көрмек үшін,

Боларын осы астың күттік алты ай.

Бас қосқан екі халық бұл жиында,

Келген соң сөйлеу керек сөзден қайтпай.

Қол жайып, құран оқып өткендерге,

Әруағын атаң, қырғыз, келдім жоқтай.

Алдына қалың қырғыз келгеннен соң,

Жарай ма қайтып кету көңіл айтпай?!

Қырағы аспандағы ақиықпын,

Құмары басылмайтын борандатпай.

Сүйінбай осылай деп тоқтағанда, Бәйтіктің тасасында отырған қағылез қайыстай қара жігіт қарғып тұрып пернесі жоқ қомузын жоғары төмен түсіре ойната сабалап, ашшы айқайдан бет ауызы құбылып ашуын тоқтата алмай:

Ау, Сүйінбай, Сүйінбай,

Тоқтат енді сөзіңді.

Ояйын ба көзіңді!

Ақынмын деп ойлайсың,

Мен тұрғанда өзіңді.

Басыңнан өлең жаудырып,

Бір құрайын тезімді.

Барың болса қарышта,

Барар жерің сезілді.

Келіп қапсың байқамай,

Өлетұғын жеріңе.

Қазулы тұрған көріңе,

Көрсетейін көзіңе.

Ажал айдап келген соң,

Саған өлім тегінді.

Тентіреп жүріп қаңғырып,

Былғама шалқар көлімді.

Қара жалым Орманхан,

Жантай, Бәйтік бегімді.

Сыртыңнан іздеп, жүрші ем,

Келтірді Құдай кезіңді.

Түстіңбе бәлем, қолыма,

Үрлейін мес қып теріңді.

Қатырлатып шайнайын,

Қыбырлаған жеріңді!

Әй, Сүйінбай, Сүйінбай,

Сүйінбай маған бұйымба-ай

Сүйінбайды жеңбесем,

Кірмеймін қайтып жиынға-ай.

Айтысатын ақынсың,

Бір қалаштық тиынға-ай.

Керегі жоқсың қырғызға,

Домбыраңды қолтықтап,

Қайт аулыңа салпақтап,

Топырақ саған бұйырмай.

Келіп қапсың ордама,

Қатаған барын байқамай.

Боз жапалақ сен едің,

Қияқты сұңқар мен едім,

Тырнағыма іліктің,

Қалмайды желкең қиылмай.

Осы жерде жеңілсең,

Бұйырмас саған бұйымтай.

Еліңді таппай қаларсың,

Көзіңнің жасы тиылмай.

Арманда қалма, Сүйінбай,

Ақын болсаң байқайын.

Басыңнан өлең жаудырып,

Миыңды біраз шайқайын.

Айтыспаймын да сенімен,

Сес көрсетіп қайтайын.

Көптігімді айтайын,

Байлығымды айтайын,

Менің атым, Қатаған,

Қоңыр Бөрік асында,

Бес жүз жылқы матағам.

Сүйінбай тәуір ақын деп,

Мұның несін атаған.

Құс мойынды, қоян жон,

Тұлпар туған жатаған.

Бай мырзаңды қосақтап,

Айтысам деп менімен,

Өлтіріп алма қападан.

Сүйінбай, сенен жеңілсем,

Қатаған болмай қатайын,

Көк шешектен жатайын.

Қырғызға әкеп малыңды,

Беш тиынға сатайын.

Әскер тартып барғанмын,

Сөзімнің тапшы жалғанын.

Әскер тартып барғанда,

Өзімдікі болмап па ед,

Қойныңдағы жарларың,

Атқа мінген жастарың.

Кенесары төреңнің,

Басын кесіп алғанмын.

Наурызбайдай бегіңді,

Итіме сүйреп салғанмын.

Заты жаман Сүйінбай,

Қане кегіңді алғаның?

Кек алам деп жүргенде,

Ішіңде кетер арманың.

Көптігімді айтайын,

Құлақ сап, тыңда, Сүйінбай!

Шала сөйлеп жатпайын,

Орауыз, қара бурадай.

Күніне шауып жараған,

Құйрық жалын тараған,

Қара Бәйтік бегім бар,

Ақ патшадан шен алған.

Орманханға бағынып,

Ауызына қырғыз қараған.

Батыр Жантай бегім бар,

Егізек пен Тоғызақ,

Бұғы деген қырғызым,

Маңдайға біткен жұлдызым.

Қырғыз болып аттансам,

Өзімдікі емес пе,

Қазақтағы бар қызың.

Қызың тұрмақ құл болар,

Босағаңдағы жалғызың.

Қаңғырып жүрген қазағым,

Қимылдашы, қанеки,

Мінін тапсаң қырғыздың?

Сүйінбай ақын, жырлашы,

Менен бүгін жеңілсең,

Кіргізермін әкеңнің,

Дайын тұрған көріне.

Наурызбайдай бегіңе,

Бұйырмаған жаназа,

Жүрмеген соң жөніне.

Кезеңді жерден асырған,

Қазақтың шауып жылқысын.

Алдына салып айдаған,

Байлық десең бізде бар,

Батырлық десең бізде бар,

Ел шетінен айтайын,

Сарыбақ үш мың дулым.

Жағамдағы құндызым,

Маңдайдағы жұлдызым,

Бұғы деген жұртым бар,

Байлық десең мұнда бар,

Көптік десең мұнда бар.

Бектік десең мұнда бар,

Көкше қоян құмда бар,

Біздей ерлер қайда бар?

Қасар ұры қырғызым,

Ұрлықпенен көз ашып,

Жылқының көрген қызығын.

Сары рудан қозғасам,

Тең келмес оған қаруың.

Ауадан былай көп Солта,

Найзасын тасқа жаныған.

Тұлпар мініп жаратқан,

Жанды аузына қаратқан.

Сол Солтының ішінде,

Қалың қара Қанайым.

Қанайымды қаптатып,

Қазағым саған салайын.

Қазақ қандай, мен қандай,

Сүйінбай, сонда көрерсің.

Далада қалар ит мүжіп,

Көмуге келмес өлексің.

Айтысам деген ақынның,

Зар жылатқам талайын.

Онан бері Танайым,

Тынайымның шоқпарын,

Қақ шекеңнен ұрайын.

Қимылдашы, қанеки,

Қай жақсың бар ей, қазақ,

Сыртыңан бағып тұрайын.

Алатаудан төтелеп,

Тау ешкідей тік басып,

Саяғыма шығайын.

Тынай менен Саяқтың,

Артық қылып нәсілін,

Жаратқан жоқ па, Құдайым,

Саяғым аман тұрғанда,

Сүйінбайдың үстінен,

Қалар ма екен таяғым!

Бұрынғы мен соңғыда,

Оңалып еді баяғым.

Орманхандай бегімнің,

Құшақтап сүйген аяғын.

Сүйінбай ақын байқадым,

Қағылып қалды сайтаның.

Кезегіңді алып сөйлеші,

Сыртыңнан байқап қарайын?! –

Деп ентігін басып «қатырдым ба?» дегендей қасында отырған қара Бәйтікке қарап құптау күткендей болып еді. Бәйтік құптау ықласын білдірмеді де бірден сөз бастамай бөгеліп қалған Сүйінбайдан көзін аудармады. Қатағанның екпіненен жасқанған Тезек төре мысы басылғандай болып қабағын көтермей отырғанда Бөлтірік шешен:

- Ей, Төрем, көтер басыңды, қашырма қаныңды! Сүйінбай өлең таппай отыр дейсің бе? Аздап булығып отыр. Сүйінжан, шығар даусыңды! – дегенде Тезек төрені ұйқысынан шошытып оятқандай селк еткізіп айқайға басты. Сүйінбай бәйгеден оза шауып, шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктей, қамшы салдырмай толғап кетті.

Қашырма төрем, қаныңды,

Кіргізейін жаныңды.

Қатағаннан жеңілсем,

Талап алғын малымды.

Іздегенім осы еді,

Іздегенім табылды.

Қатаған сөзден жаңылып,

Өзінен өзі қағынды.

Қызып тұрған темірге,

Өзі келіп қарылды.

Наркескенге жолықтың,

Шашамын судай қаныңды.

Болаттан соққан қылышпын,

Алтындатқан сабымды.

Қабағын шытса Сүйінбай,

Тарту қылып тартарсың,

Қойныңдағы жарыңды.

Айдап келіп берерсің,

Алдыңдағы малыңды.

Малың түгіл барыңды.

Жүйрік аттай көсілсем,

Көре алмассың шаңымды.

Алжыған тазы секілді,

Аңдамай шаптың аңыңды.

Заты жаман Қатаған,

Иттігің қашан арылды!

Мақтанып жүрсің, Қатаған,

Бес-алты біткен танаға.

Кенесары, Наурызбай,

Қырғызды келіп бес шауып,

Келтірген ауызын тобаға.

Манаптарын кергілеп,

Апарып тыққан молаға.

Бұл Құдайдың қазасы,

Қазаға қарсы бола ма?

Заты жаман Қатаған.

Қайта тусаң жақсы еді,

Күнәдан пәк боп анадан.

Әр нәрсені бір сөйлеп,

Әркімді бір даттайсың.

Алжып ақын болғанша,

Үйде неге жатпайсың.

Байлығың сенің белгілі,

Бұтыңды отқа қақтайсың.

Жаздай егін айдайсың,

Жалғыз бұзау байлайсың.

Түлкілікті қоймайсың,

Сүйінбай сынды ақынды,

Жеңемін деп ойлайсың.

Қарсы шапқан қырғиға,

Ажалы жетен торғайсың.

Көк шоқайың бұлтылдап,

Көмекейің жылтылдап,

Аз қонаққа ақ сұрап,

Көп қонаққа ет сұрап,

Қазақ жақын қонғанда,

Келуші едің мал сұрап.

Көппін дейсің, Қатаған,

Көптігің сенің қайда бар,

Үш атаның ұлысың.

Қазағымды қаптатсам,

Жұртта қалған күшіктей,

Айдалада ұлырсың.

Шапырашты елім бар,

Асқар таудай белім бар,

Байтақ жатқан елімнен,

Шапыраштыға сенім бар.

Тұлпар мініп жаратқан,

Жауды жеңіп қаратқан.

Маған қандай теңің бар?

Сұраншы, Саурық аттанса,

Сыртқы жауға өлім бар.

Қарасайлап аттансам,

Дұшпанға қазған көрім бар.

Шапырашты қалың ел,

Жауды көрсе қаптаған.

Көптігінен қорықпай,

Сабыр қылып саспаған.

Қарасай үлкен ер еді,

Есімі елге белгілі,

Баһадүрлердің бірі еді.

Әруағы дүркіреп,

Басылмай әлі келеді.

Бар қазақтың ұлында,

Одан асқан болмаған.

Даңқты батыр ер еді,

Қол бастаса жорықта,

Қарасай білсін дер еді.

Мен Қарасай ұлымын,

Нар келденің түрімін.

Айтулы ердің бірімін.

Менменсінген мықтының,

Талайын жеңген ер едім.

Сұраншы, Саурық кезінде,

Қайссың бетке кеп едің?

Құдияр мен Орманды,

Қаршыға тиген шілдей ғып,

Алдыма салып қуғанда,

Білінбей кетті дерегің.

Бүркіттей бүрген жоныңнан,

Сондағы туған мен едім.

Қырғыз, Қазақ елдесіп,

Тыныштықта тұрғанда,

Тіліңді тартып сөйлегін.

Шапырашты ішінде,

Шыбыл менен Айқыным,

Маңдайдағы айбыным.

Екей деген ақын ел,

Өлең таппай қиналсаң,

Көмек сұрап бізге кел.

Есқожа деген батыр ел,

Ұлы жүздің ішінде,

Оған ерлік жетпеген.

Онан бері айтайын,

Қалың жатқан Ошақты,

Атамыз қойған осы атты.

Батырлары көп шығып,

Алтыннан сауыт жасатты.

Қатаған ақын оңбайды,

Тіл тигізген халыққа.

Әруаққа тас атты,

Барарсың әлі-ақ, Қатаған,

Дозақ емес тамұққа.

Онан бері Ыстым бар,

Алатаудай күштім бар.

Ыстылар атқа қонғанда,

Артыңнан сенің жел шығар.

Сол Ыстының ішінде,

Ойық пенен Тілігім.

Барлығы түгел қозғалса,

Сырқырар сенің жілігің.

Елдесіп отырған екі елдің,

Қалаймысың бүлігін?

Шатастырған жұртымды,

Жақпады маған қылығың.

Қарғыс атқан Қатаған,

Құрысын сенің ырымың.

Онан бері Сарыүйсін,

Ұлы жүздің бәрі Үйсін.

Осыларды қаптатсам,

Есеңгіреп елдеспей,

Қайта көшіп кетерсің,

Жер түбіне жетерсің,

Сүйіннің кім екенін,

Қатаған сонда білерсің.

Көшіп қонып жүргенде,

Ұмыт болар тарихың.

Онан бері Қаңлым бар,

Қаңлыларды қаптатсам,

Ауызы басың қан болар.

Қатар жатқан қайратты ел,

Шанышқылыны қаптатсам,

Не болады жағдайың,

Тасқа тиер маңдайың.

Арасында олардың,

Қожа менен Тобашық,

Сәлделері бір құшақ.

Қали пірім, өз жұртым,

Сахараны жайлаған,

Мыңдап түйе айдаған.

Бостан босқа, Қатаған,

Сала берме байбалам.

Одан бері Сіргелі,

Ол да бір жұрт іргелі.

Жігіті де, қызы да,

Теке жәуміт мінгені.

Сал серілік дәстүрмен,

Қызық дәурен сүргені.

Ал тыңдай бер, Қатаған,

Іледен әрі өтейін.

Бармағын басқан қырғызға,

Жалайырға жетейін.

Он екі атадан тараған,

Абақ, Тарақ жұртым бар.

Ақ Көбікті өлтірген,

Орақ батыр сонда бар.

Арғы атасын айтайын,

Қоғалы көлді шалқытқан,

Туған айды балқытқан.

Сөзге шешен Балпықтан,

Он екі ата Жалайыр,

Аршынға қолын сермеген,

Маңына дұшпан келмеген.

Батыр деген сол елде,

Найзамен шаншып ет жеген.

Ажалдан бұрын өледі,

Ыңғайына көнбеген.

Тұлпар деген сол елде,

Алтын ордада бағылып,

Астаудан жент, жем жеген.

Сұлу деген сол елде,

Ашпаған бетін пендеге.

Күйеулерін ардақтап,

Басқа еркекті көрмеген.

Батырлары жасанып,

Аттары кетпес кермеден.

Қазақ деген батыр ел,

Жауына намыс бермеген.

Онан әрі Дулатты,

Батырлары көп шығып,

Талай жерді шулатты.

Садақ тартып найзамен,

Қылышпен кесіп турапты.

Төрт Дулаттың баласы,

Күннің көзін жасырған.

Бір баласы Сиқымым,

Сиқымымды қозғасам,

Басыңа салар қиқуын..

Онан әрі Жанысым,

Жанысымды қозғасам,

Аяғыңды серіппей,

Тарылар сенің тынысың.

Онан бері Ботпайым,

Ботпайымды қозғасам,

Кетерсің жанып оттайын.

Етім қызып келгенде,

Сабыр қып қалай тоқтайын.

Менменен егессең,

Жерге ұрамын доптайын.

Онан бері Шымырым,

Шымырымды қозғасам,

Кеудеңнен шығар шыбының.

Артыңнан шығар дыбысың.

Сөзімді енді байқап көр,

Қатаған қайда барасың?

Көптігіне қазатың,

Әлі де бар ма, таласың?

Алты аталы Албаным,

Албанымды қозғасам,

Саған түсер салмағым.

Көбікті сөзді көп сөйлеп,

Мазаны алдың, Қатаған.

Әркімге тиді салдарың,

Тумай кеткір атадан.

Онан әрі Суаным,

Азда болса жуаным.

Тырп еткізбей қырғызды,

Шөгіп жатқан мұнарым.

Ешкісіндей кедейдің,

Азғантай ғана қырғызсың!

Алдымнан жұтып, Қатаған,

Артымнан қайта тышамын.

Айта берсем таусылмас,

Жалпақ жатқан Ұлы жүз.

Орта жүзге келейін,

Әуселеңді көрейін.

Сарыарқаның жерінде,

Арғын деген жұртым бар.

Тығылатын жер таппай,

Жатар көрің тарылар.

Арғыным атқа қонғанда,

Басыңнан сенің қарғыдым.

Ешкім басып көрген жоқ,

Олардың екпін, арынын.

Арғын деген сансыз ел

Қоныс қылып жайлаған,

Дүниенің жарымын.

Жерге кіріп кетерсің,

Бассаң оның тамырын.

Сүйінбай пірің, мен болам,

Енді байқап танығын.

Қатаған деген адам ба?

Айтқанда сөздің анығын!

Сол Арғынның ішінде,

Қараксек елім бар.

Менің де айтар жөнім бар!

Қаракесектің кіндігі,

Керней деген қалың ел.

Қондырсам атқа қаптатып,

Кетемін сені таптатып.

Көкшетауды жайлаған,

Атығай мен Қарауыл.

Әр қайсысы әр ауыл.

Одан әрі барайын,

Жауған қардай борайын.

Тобықты мен Уақпен,

Алды артыңды орайын.

Байлық пенен тектікте,

Мырзалық пен көптікте,

Бар қырғызды жисаң да,

Көре алмайсың маңайын.

Бес ата деген көп жұртым,

Ол да менің бек жұртым.

Жанқұты деген шешені,

Ешкімге дес бермеген.

Уыққа алтын жақтырған,

Керней сырнай тартқызған,

Сен сияқты, Қатаған,

Ақылы жоқ ақынды,

Құл қылып қойын бақтырған.

Одан әрі барайын,

Керейге қолқа салайын.

Атқа мінсе найза ұстап,

Қалай болар жағдайың.

Мамаға атын байлаған,

Даладағы аттары,

Құлын тайдай ойнаған.

Қарсы келген дұшпанын,

Қоралы қойдай айдаған.

Өр Алтайды жайлаған,

Наймандарға келейін,

Қаптағайлап қаптатып,

Әуселеңді көрейін.

Қабанбай шықан Найманым.

«Жайыл қырғынында» жайратып,

Құлашты кең жайғанмын.

Бейбіт күнде той тойлап,

Үйге келген мейманын,

Құдайындай силайтын.

Әй, Қатаған, Қатаған,

Түлкілікті қоймадың,

Сүйінбай сынды ақынды,

Жеңемін деп ойладың.

Ажалы жеткен қарғасың,

Бүркітпенен ойнадың.

Сүйінбайға жетем деп,

Қан құсып жүрме, Қатаған!

Қазанымнан ас ішкен,

Садаға кет, Қатаған.

Сол Найманның ішінде,

Бегімбет пен Қызайым.

Қыза-қыза келгенде,

Төбеңнен өлең құяйын.

Төбеңнен өлең сауласа,

Сонда болар уайым.

Орал тауға бір қонып,

Қиғаштан төмен түсейін.

Бақ орнап қызыр жайлаған,

Мыңдап түйе сауғызған.

Қарсы келген дұшпанын,

Қан жоса етіп жатқызған.

Кіші жүзге жетейін.

Елімнің қандай екенін,

Түсінген шығар көкейің.

Көктен түскен көк тұман,

Кіші жүздің баласы.

Айналасы көк теңіз,

Сол теңізге құятын,

Еділ, Жайық екі өзен.

Сырдария, Аралдың,

Шартарабын жайлаған,

Сұлтансиық, Бақсиық.

Он екі ата байұлы,

Жеті аталы жеті ру,

Әлім менен Шөмекей,

Алшын менен Жаппасым,

Қанеки бетке қарашы,

Жете алдың ба санына?

Келе алмас ешкім маңына.

Одан әрі шу дейін,

Ескен желдей гулейін.

Қайта бұрдым ат басын,

Арасына баруға,

Тоқсан баулы Қоңыраттың.

Тоқсан екі ұлы бар,

Білуші ме едің, Қатаған,

Кім екенін Қыпшақтың?

Естіп пе едің, Таманың,

Көкбөрісі даланың.

Жабылып атқа қонғанда,

Көзіңнің жасын төгуден,

Ашылмас сенің қабағың.

Тіліңді шайнап, қан құсып,

Астында тастың жатарсың.

Әй, Қатаған, Қатаған,

Күнің қандай болады?

Қазақты жинап алғанда.

Қанеки бетке, қарашы,

Толып жатқан көп қазақ,

Көк пенен жердің арасы.

Көппін деген қазақтан,

Қатағанның жоқ санасы.

Манаптары қырғыздың,

Қатағанды ақын деп,

Алып келдің ұялмай,

Қатаған ақын сөйлсе,

Күлесің езу жия алмай.

Енді міне отырсың,

Орыныңнан тұра алмай.

Мына отырған Қатаған,

Қайта-қайта мақтанып,

Жантайдың шенін қоймайды.

Аңға шыққан тазыға,

Оғанда қарғы байлайды.

Еменнен күшті ағашпын

Майысса да сынбайтын.

Алдаспанға жолықтың,

Басыңды кеспей тынбайтын.

Топ бастаған бұлбұлмын,

Сөз бастаған жүйрікпін,

Судан шыққан сүйрікпін,

Бәйгеден озған дүлділмін

Шығарма Қатаған үніңді,

Есіңе сақта бүгінгі,

Қанатың сынған күніңді.

Жардағы өскен жапалақ,

Бұралқы иттей абалап,

Келтірме менің жынымды.

Қырғыз, Қазақ қосылып,

Енді топқа кіргізбе,

Ақын деп мақтап мұныңды?! - деп тоқтағанда батыр Жантай:

- Сүйінбай ботам! Сен жеңдің. Қатаған жеңілді. Көппін деп мақтанғаны басына сор болды. Аттың түгіндей қазақтан қырғыз қашан көп болып еді? Қазақтың алауыз халық екенін айта алмады, - деп ашуланған Жантай екпіндеген Қатағанға сөз бермей, кейін серпіп тастады. Айтысты қортындылған Қара Бәйтік:

-Өзіңдей қазақтың жүйрік, алғыр ақынына қандай силық жасасақта жарасады. Ерлігіңді, еркелігіңді қырғыз халқы көтеріп алады. Жеңген жүлдеңе не таңдайсың? Соны өлеңмен жеткізші, Сүйінжан! - дейді екі елдің айтысын басқарып отырған Қара Бәйтік.

Айт десеңіз, айтайын,

Мырзалығыңды байқайын.

Ер тоқымы алтыннан,

Бір ат мінгіз арғымақ.

Керегесі күмістен,

Босағасы асыл тас,

Бір ақ отау үй бергіз.

Алтын қынап қылыш бер,

Білегіме ілерге.

Он жеті жасар бір қыз бер,

Онымен ойнап күлерге.

Он бес атан түйе бер,

Жүгімді артып жүрерге.

Бір қос жылқы берерсің,

Еліме айдап барарға.

Қос жамбас алтын берерсің,

Сандығыма саларға.

Айтысты жеңген Сүйінбай,

Кем берсең бұдан алар ма?!

Келістіріп сөйлесе,

Жақсылардан сөз қалар.

Суырылған жүйрік болмаса,

Топқа түсіп не табар?

Ақ, қараны шешетін,

Көріп тұрған Алла бар! - дейді Сүйінбай.

- Сүйінбай ботам, екі елдің бас қосқан үлкен айтысында Қатағанды жеңгенің үшін Ыстықкөлдің ақ көбігінен жаралған асқан сұлу Мейіз атты қыз, алты қанат ақ орда, алтын бесік, бір бүркіт, мойынында күміс қарғысы бар екі тазы силаймыз. Риза бол, қарағым! - дейді Қара Бәйтік асқа жиналған күллі қазақ пен қырғыздың ортасында.

P.S. 1966 жылы, октябрь революциясының 50 жылдығын мерекелеуге дайындық қарсаңында, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Жапар Түйебеков ақындар айтысын ұйымдастыр деп маған тапсырма берді. Ауданнан алты ақын дайындап (Балтабай, Сауран, Рахия Қыздарбекова - Абай атындағы совхоздың сауыншысы, ол туралы мақала «Правда» газетіне шыққан. Сұлтан Кенбаев - «Жас қазақ» әнін айтып Жүсіпбек Елебековтың өзін тамсандырған. Сәду Шәкіров - Совет Одағының батыры, «Дружба» совхозының партком хатшысы. Смаил Қалипанов - Сәкен Сейфуллиннің көзін көріп, Мойынқұм ауданының жерінде Шу өзенінен өткізуге көмектесіп, өлеңдерін тыңдатқан ақын.) көрші жатқан Қордай, Меркі аудандарын аралап ақындармен кездесіп ақындарымыз сөз сайыстырды. Сол кезде меркелік Өмірзақ ақынмен таныстым. Өмірзақтың ақын ғана емес, төгіліп тұрған жыршы болып шықты. Сол жыршылығын ұнатып Өмірзақты үйіме екі күн қонақ етіп, Сүйінбай мен Қатағанның айтысын жазып алған едім. Сыпатай туралы да көп сырды сол кезде естіп, қағазға түсірген едім. Қадеге жарады. Өткен жылдарда abai.kz порталында жарияланды. Топырағы кеппей, қазақтардың ашу ызасы басылмай тұрғанда Кенесары ханның кегін алған жалғыз ақын – Сүйінбай. Өмірзақтың аузынан жазып алған айтысты, яғни Сүйінбай мен Қатағанның айтысын ұсынып отырмын, қабыл көріңііздер.

САДЫҚ СМАҒҰЛОВ

АЙТЫСТЫҢ АУДИО НҰСҚАСЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар