Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Сұраған Рахметұлы. Камю, Камю!...

10.12.2018 6165

Сұраған Рахметұлы. Камю, Камю!

Сұраған Рахметұлы. Камю, Камю! - adebiportal.kz

(Albert Camus)

Альбер Камю 1913 жылы дүниеге келген. Әкесі кәнігі алжирлік, шешесі кәрі испандық. Жастық шағы Алжир қаласының бір кедей-кепшіктер арасында өтті. Жоқшылықтың бейазабы оны мейірбан болуға үйретті. Бастауыш мектепте оқыды. Мінезді, ширақ болған. Алжир қалалық бір университеттің шынығу залында үздіксіз аяқ доп тепті. Өскен ортасы оны үнемі тұншықтырып ұстады. Қоғамы иен аралда қалдырғандай сезінетін-ді.

Шешесі испандық Кутрин Сантэ мейірім, инабаттылық, адамгершіліктің ерекше кені еді дейді. Шешеден мирас қалған бекзадалық, тектілік, кеңдік Камюге байырғы испандық кастиллостық сана-сезімін де қалыптастырды. Камюдің тектілік жөніндегі жәуһер ойлары – «Күрескер» (1951) туындысында анық көрінеді. Салмақты туынды, харизматизм... Осы туындыдан кейін Камюге қастан дұшпандары көбейді. Оқырмандары да есі кеткенше таңқалу үстінде еді. Бірақ, Камю ұшқалақтау, дегбірсіз болғанға ұқсайды. Көне испақаннан жұққан кінәратсыз тұрақсыздық... Оның бір ғажабы – бақталастық пен қызғаныштан бойын аулақ ұстап келгені.

Ол жастайынан батыс пен шығыстық түрлі философиялық іліммен шұғылданды. Баяғы өткен өмірінің зардабын – ақ пен қараның алмағайып тауқыметін жазуға екі жеңін сыбана кірісті.

Эллиндік тағылымды көне ілімге бой ұрды. Өзіне өз ізденуі өзгеше болды. Театрда күні бойы драма жазды. Өтпелі өмір туралы оқыс ойлары тың әңгімеге арқау! Мүлдем өңге үлгіде. Публицистикалық мақалалары өте тартымды, сөз бен тіл байлығы бірден көзге түсті. Қыздарға қырындауы да қисапсыз-ды...

Алғашқы әйелі Франсин Формен (Francine Faure) табысты да бір жылдан кейін ажырасып кетті. Солай партия мүшелігінен де сол шамада қош айтысты. Оның дүниеуи дәруіштік көзқарасы да өзгелерге түсініксіз басталды. Дінге ерекше еліктемеді, партияға сенбеді, күні кешке дейін шығармашылықпен бұйығылау жұмыс жасады. Атақ-абыройды дәметпеді. «Адам болсаң – ұлы бол» дейді. Бірнеше рет ұстаздыққа шақырылды, кежегесінен кейін тартып бармады.

Камюдің рухани ғұмыры – «Альжее репюбликен» газетіне қызметке енген күннен бастау алды. Осы жолы әйгілі «Калигула» драмасы, «Қызық пенде» романы, «Сизиф аңызы» («Миф о Сизифе») эссесі жазылды. Бұл енді Камюдің ғажайыптары еді. Камюдің «Оба» романы оқырмандарды дүр сілкінтіп, ынтықтыра түсті. Өкініштісі оқырмандардың көбісі бұл романды жатырқап, бір жақты түсінуден ары аспады.

Камю жалпыадамзаттық бір жүйелі әдебиетке еті үйренген оқырмандарына жақпады. Ол таптауырын жауыр болған жаттанды ұғымды жек көрді. Алайда небәрі 4-5 жыл аралығында ғаламға танылып үлгерді. Оның «Күрескер» туындысы 1951 жылы жария етілді. Тағы бір өкініштісі – шығарма жарық көрісімен, Поль Сартр екеуінің арасына «қара мысық» пайда болды. Мұны бақталастық, бәсекелестік десек, қателеспеспіз.

Сонымен 1956 – 1957 жылдары Камю түсіне кірмеген «Нобель» сыйлығына жетті. Өте нәзік сезімтал шығармалары Камюді осылайша биікке, көкке көтерді. Оның өмірінің соңы осылайша жарқын, бақытқа толы еді. Бірақ, Камю бүгінгі Уильям Нордхаус пен Пол Ромердей мұратына жетпеді!!! Ақыры 1959 жылы машина шырғалаңына тап болып, 1960 жылы қаза болды. Ол мәңгілік ғұмырын да осы кезден тапты.

«Сизиф аңызы» – керемет талдау, нақты сараптар, жинақы баяндаулы, бояулы туынды... Шығармашылың өнбойындағы тұнған сыр, сырмалар, тосын ойлар тізбегі теңдессіз. «Өрге қарай домалатқан тас, өзіңді соғады»-дейтін қарапайым аңыз желісіндегі оқиғалар бірте-бірте бой көтереді. Құдайдың қарғысына қалған Сизифтің бейшора бейнесі. Қазақтың – «әлі келмеген – әлек...» мәтеліндегідей. Аңыздың бәрі керім – өрім. Адамзаттың күллі бет-бейнесін ғасырлар бойы сақтап, ұластырып келген сана, тәңірлік дүниетаным! Перінің қызы секілді қазаққа мифологиялық ұғымдармен өзектес бір дүние елестейді. Баяғыда «перінің қызы Бекторы» деп әжелер таң қалдыратын аңыздар секілді жұғымды. «Бір ақымақ құдықтағы суға тас лақтырса – оны мың ақылды тысқа шығара алмайтыны...» жөнінде ме, бір тәмсіл есіңізде ме?! Өзінің домалатқан тасы – өзіне оқша тиді!?

Мың түрлі ұғым бар өмірде. «Бірдің әлеметі – мыңды әкетер» - ежелгі пайымда қаузай бересің іштей. Қазақтағы мифтік – «Мыстан кемпір», «Жезтырнақ» т.с.с аңыздардың бір үлгісі секілді туынды. Оқырманда қандай әсер қалды, қалмады, ол басқа әңгіменің арқауы.

Әлемдегі барлық болмыстар осы шығарманың желісіне ғана байланып қала берердей уағыз. Әділетсіздік, жарты шындық, қақилықтың тығырыққа тірелуі, жалған жеңіс, тіпті ең жағымсыз әрекеттің көрінісі де осы шығармада бар. Сенім мен шүбә, күмән мен ақиқаттың ара майданы. Бір пенденің төбеге қарай тас домалатып бара жатқан суреті. Шың басына шығарған тастың қайта еңіске құлаған сәтіндегі малғұни арапалыс. Таудан құлаған тастың жолындағылардың бәрін қирататындығы жайлы астарлы қисын. Сенімнің дағдарысқа айналғандағы тұсы. Шарасыздық, қоғамдағы озбырлықтан болған қирандылық. Бұлардың бәрінің болуға тиіс құбылыс екендігін айғақтайтын ойлар. Ал осы тауқыметтің түгелін өзгерте алатын күш тек адамда ғана бар ма екен!?

Жазушының терең ойынан шыққан осынау ақиқатты қисындарды бірсыпыра жұрт қабылдады, қабылдамады?! Бұл да басқаша түсінік. Сонымен «Сизиф аңызы» тәмәмдалады. Сенбесеңіз оқып көріңіз!

Ал «Қызық пенде» романы түгелдей дәруіштік оқшау санаға негізделген. Кейіпкер Мерсо нағыз тоғышар пасық, иіс алмас жалқау. Ол дүниедегі махаббат, сүйіспеншілік, өмір туралы ойлап көрген емес. Адами түйсігі де мүлдемге ада. Ақымақтығы әйтеуір өзін алдарқататын бір желеу - «ел қатарлы» деген сылтауы. Сол сылтаумен өзін-өзі алдаусыратып жүрген сәттері бейнеленеді. Мерсоның ішкі әлеміне үңілген сәтте пендеуи ой, сана деген ұғымның ішкі шикілігін түсінуге болатындай?!

Ешқандай ойламы, пайымы жоқ хайуан текті пенденің алдамшы қоғаммен қарым-қатынасы туралы керемет суреттелген. Мерсо – мән-мағынасыздықтың тірі кейіпкері, жынды болмысы. Өлім жазасына кесілген ол, біреуден еш рақымшылық күтпейтінімен ерек. Тіпті дәнеңе болмағандай жайбарақат күйіс қайырып тұра беретін хайуанды көз алдыңа елестетеді. Ең соңғы жан-тәсілін берер алдында оның қасына келіп тілдескен храм мінәжәткердің де қорытындысы да опық! Храм патриархінің лепесі бойынша – Мерсоның ой-санасы түгел сөніп қалған...

Ол тірі өлік! Мерсо – уақыттың ең санасыз құлы. Ол ажалмен күліп табысады және өзінің жоғалтқандарының бәрі өзін құтқаруға келе жатқанын сезінбейді. Ғұмыр ма, өмір ме әйтеуір ішкі азаттықпен қауышу, арпалысу арқылы шығарма аяқталады.

«...Обаның микробы секілді ешқашан өлмейтін...»


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар