«Шыңғыс ханның көз жасы»: Қатігездік пен ізгіліктің қайшылығы
Жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармаларына тән ортақ тін – өмірдің қатал шындығы, қатігездік пен ізгіліктің қатар өріліп жататыны, яғни реализм мен сентиментализмнің сабақтастығы. Жалпы, адамзат көркем туындыны – әдебиет деп айдар тағып, әр ұлт өз әдебиетін танығалы бергі өзгермеген бір ұғым: ол – әдебиеттің өзегі ізгілік! Тағы бір астын сызып айта кететіні, Отарбаев шығармашылығындағы бір-біріне қарама-қайшы қос ұғым түрлі тәсілмен өзгеше өріліп отырады.
Тіршілікте қатігездік пен ізгіліктің қатар жүретіні – өмірдің жазылмаған заңы секілді. Қаламгер әр туындысында соны шебер береді. Бір линияны шиырлап жүріп алмайды. Бұл өзек кейіпкерлердің диалогында, бір оқиғаның ішінде немесе автордың ішкі монологында, тағы сол сияқты детальдар арқылы көрініс тауып отырады. Кейде ол жеңіл иррония, сұмдық сарказм болып алдыңыздан шығады. Айталық, «Бас» романында, «Дүние ғайып» повесінде де, «Аяқталмаған хикаясында», «Жалғыздығында», «Бейбарыс сұлтан» драмасында, тағысын-тағы.
Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтаны» бірнеше театрда сахналанды ғой. Әр режиссер бұл драмаға өз қырынан келіп, өз шешімін қосқаны анық. «Бейбарыс сұлтанды» жақында режиссер Гаухар Адай Тараз сахнасына алып шықты. Айтпағым, режиссердің спектакльді қалай қойғаны емес, автордың драма арқылы Бейбарыстың бойындағы қатал қатыгездігінің арғы жағында жасырын жатқан ізгілігін дөп басып, ашып көрсете алғаны.
Жалпы, драма туралы, спектакль туралы айтар әңгіме басқа. Оған кейіндеу қайта оралу керек шығар. Бұл реттегі әңгіме – «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятындағы қатаң реализм мен сентиментализмнің симбиозы.
Шыны керек, қолға қалам аларда, Рахымжан ағаның қай туындысына тоқталсам екен деп ұзақ ойландым. Әңгімелерін ойша түгел түгендеп шықтым. Шыңғысханның көз жасы» ойымнан шықпады.
Ойымнан шықпаған соң, шағын аллеяда «Шыңғыс ханның көз жасын» қайталап оқып отырғанмын. Тура мына тұсына келгенмін: «Қыр асып бара жатып ұлы қаһан аспанға көз тіккен. Ғұмыры төбесінен қалмай төңкеріліп көшіп жүретін ақша бұлт қоса көшіп келеді екен. Ақша бұлт…»
Айнала төңіректі ұмытып, Қаһанмен бірге қыр асып кетсем керек… Еңсеңді көтертпейтін есепке толы күйкі тіршілік те бір сәт алыс қалған. Оң жақ иығымнан біреу төне қарап, кітапқа үңілгендей болды. Алғашында мән бермедім. Бірер минөт өтсе де, дыбыстап белгі бермеген соң, таныс біреу шығар дегем іштей. «Дәу де болса, менімен бірге бас алмай оқуға кірісті-ау, бұл кім екен», - деп ойлап, оқыс бас көтергем…
Көзілдірігімді түзеп үлгермедім, қас пен көздің арасында бір шоқ бұлт жалт бұрылып, қарсы алдымда көкке ілініп тұрып қалды. «Ойпыр-ай, бұл не? Шынымен сен бе?» - деп сенер-сенбесімді білмей біра-аз отырдым. «Қой, солай көрінген шығар», деген күмән да тұр көңілде. Қайтер екен деп, қайта кітапқа үңілдім. Жер бауырлай қалғанын сәл алакөбең көлеңкесінен сездім. Қайта бас көтерсем, қайта жоғарылайды. Осылай арбасып біршама уақыт отырдық…
Шыңғыс хан туралы жазылған тарихи, көркем шығармалардан біздің санамызда жатталған бейнесі – жарты әлемді жаулаған ұлы қаһан. Қанша буын ұрпақтың таным-түсінігіне Тимучин – асқан қатігездіктің символындай таңбаланды емес пе? Ал сол Шыңғыс ханның болмысына ізгілікті қалай сіңіруге болады? Былай қарасаңыз, қиюы қашқан қисынсыз тірлік секілді. Тек, Рахымжан Отарбаев үшін емес!
Реализм мен сентиментализмнің симбиозы – бұл әдебиеттегі тарихи өтпелі кезеңдерге тән, шығарманың көркемдік құндылығын арттыратын заңды құбылыс. Негізінен әдеби бағыттар бір-бірінен бөлек, оқшау өмір сүрмейтіні түсінікті. Олар жиі астасып, бірін-бірі толықтырып отырады әрі көркем шығарманың бәсін арттыра түседі.
Жалпы реализм мен сентиментализмнің қатар астасуы әлем және қазақ әдебиетінде бар үрдіс. Әрідегі Чарльз Диккенстің «Оливер Твистің бастан кешкендері романында Лондонның кедей аудандарындағы қылмыстық орта, кедейшілік өмір – қатал реалзиммен берілсе, жетім Оливердің жай-күйі эмпатиялық сезімдерді оятады. Федор Достоевский «Бейшараларында» қатігездік пен ізгілікті эпистолярлық жанрмен өріп отырған. Кейіпкерлердің хаттарындағы бір-біріне деген жанашырлықтың арғы жағында қалам ұшынан сорғалап түскен тіршіліктің тауқыметін айналып өте алмайсыз.
Осы екеуінің симбиозынан гуманистік сипатын тапқан қазақ романдарының қатарында Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы алдымен ауызға ілігеді. Мұнда қатаң реализм қазақ ауылының шынайы тұрмысы, ескі салт-сананың ащы шындығы арқылы, ал эмоционалды эмпатия Жамалдың азап-шерінен көрініс табады. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында да солай.
Ал «Шыңғысханның көз жасында» қалай? Көз жасы дегенмен, бұл хикаяттан мелдектеген мұң, мөлтілдеп жас төгер аяушылық таппайсыз! Оқырманын аһ ұрғызып, малтықтырып мұң кешкізіп қойса, ол Отарбаев бола ма? Өзегін өкініш шарпып тұрса, ол қалай жарты әлемді қанға бөктірген Шыңғыс хан болсын! Ұлы қаһанның да, Рахымжан Отарбаевтың да сентиментализмі басқа. Өкініштен гөрі, күйініш басым! Жанашудан гөрі, кіжіну бар!
Отарбаевтың реализмі мен сентиментализмі ақ пен қараның айқасындай. Қара түс болмаса, ақты ақ деп қайдан танимыз? Қатыгездік үстемдік құрмаса, гуманизмнің бағасын қалай білеміз? Кейде ізгіліктің дәнін себу үшін де қатаң шешім керек! Ал оны бірыңғай қатыгездік деп танысақ, тарихтың таразысы тең тартпағаны! Жазушының Шыңғысханы осындай! Оның ең қатал үкімдерінің арғы жағында ұрпағы мен ұлысының ертеңіне қажет ізгі ой жатыр.
Жарты әлемді жаулаған ұлы қаһанның бойында гуманизм болмаса, қалай мемлекет құрады? Ертеңді-кеш шапқылап соғыс ашып, қан кеше берсе, шапқан жерінде ақсөңке сүйектер ғана қалмай ма? Әскерді де ақылмен жұмсап, қолбасшыларының санасына ертеңгі еркін өмірдің елесін сіңірмесе, өзекті жанға бір өлім деп, жауынгерлері де қашанғы қан кешіп, жорық қуып жүре береді?
Шыңғысхан жаулаған елінен өзіне артық қазына алмаған. Тегіс әскеріне бөліп беріп, ұрпағына да байлыққа үйір болмауды аманаттап отырады.
«Байлыққа үйір болмаңдар. Одан ашкөздік балалайды. Қызғаныштың қызыл шоғын көсейді. Басыңа төнер қауіп-қатер содан. Сүбедей баһадүр мұсылманның, Мұқылай қытайдың көз арбаған құрал-жабдығына, жібегі мен шынысына қызыққаннан не пайда тапты? Ата дәстүрден алшақтап барады. Аналарыңнан жалаңаш моңғол болып туған жоқ па едіңдер? О дүниеге не алып кетейін деп жүрсіңдер? Маған қарамайсыңдар ма? Артық дәулет жинадым ба? Иығыма жаттың киімін ілдім бе? Қолыма солар соққан қару ұстадым ба? Опасыз дүниенің құлы болдым ба? Жоқ!»
Ұлы қағанның осы өсиет-өнегесінің арғы жағында ізгілік жатқан жоқ па? «Бұлай кете берсеңдер, сендерді жат ел құшағына алар. Тәңір дінімізді тәрк етесіңдер!» - деген сөзі – төрт ұлысына қарасты ел ертеңін ойлаған гуманистік ой емес пе? Бірақ сөйте тұра, байлыққа құныққанға Шыңғысханның шығарар үкімі қатал!
Ізгілік демекші, Тимучин Отырар кітапханасының кітаптарын өртеттен, алып қалады. Осы тұста автордың «Жәңгір хан» драмасы еске түседі. Драматург пьеассада ханның тарихи тұлғасына жаңаша көзқараспен қарап, оның ел басқарудағы прогрессивті істері мен ағартушылық қырын ашып көрсетеді. Бұл туралы «Көрген-баққан» күнделіктерінде былай деп ой айтады: «Жәңгір хан жайлы алғаш құдайы күлшедей кітап жазып, артынша пьесаға түсіріп, спектакль қойғызып, ұнамды образын өрнектеген өзім едім. Қаншама қарсылыққа тап келдім... Мәселе онда емес. Айтпағым, хан зираты Батыс Қазақстан облысы Орда селосының іргесінде жатыр. Отан соғысы жылдары болған оқиға. Отыннан тарыққан жұрт алдымен хан зиратының үстіндегі ағаш күмбезін бұзып алады. Отқа жағады. Артынша тасын тасып әкетіп, бұзау қора жасайды. Имансыздықтың мұнан асқан мысалын таба алмассың, баяғы Махамбеттен қалған «Хан емессің, қасқырсың» осылай жалғасып жатты. Келесі жазда көрген елге таңдай қақтырған тағы бір оқиға өтеді. Бір түнде хан моласы мен Фатима тоташтың, жанындағы қос ұлының басына көк сырмен сырланған темір қоршау пайда болады. Кім қойғаны, қайдан әкелгені беймәлім, құпия!
Бақса, Казан татарлары жергілікті қазақтардың сорақылығын естіп, жаға ұстасқан. Сосын қой, болмас деп әдемілеп темір қоршау жасатып, арнайы бригада мен машинаны аттандырады. Бір түнде бар шаруаны бітіріп, көзге түспей кері қайтқан.
Фатима тоташтың тегі татар. Атақты мүфти Мұхамеджан Хусейіновтың қызы. Жәңгір күйеубаласы.
Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда дүние салды. Ал темір қоршау 1945 жылы жаз айында орнатылған. Арада тұтастай 100 жыл жатыр.
Бір ғасыр бойы жатжұрттық қызын ұмытпаған, хан күйеудің рухын сыйлаған татар ағайындарға қалайша таңғалмассың. Таңғалу аз, табыну қажет!»
Сөйткен Рахымжан Отарбаев «Шыңғыс ханның көз жасын» жазып, Отырардың әйгілі кітапханасындағы кітаптарды тегіс сақтап қалады.
«Аттанар сәтінде жалғыз көзді Сүбедей баһадүр шаһар ортасына барлық кітап пен қолжазбаны үйдіріпті. Саны қисапсыз көп. Бөзбен тысталғаны, терімен қапталғаны бар – бәрі-бәрін өртеткелі жатыр деген суыт хабар жеткен.
Сонда осы Ақбура: «Ұлы қаһан, бұл мұралар – тек мұсылманға тән емес, әлемнің ақыл-ойының жинақталған қазынасы. Ұлы шайырлар мен ғұлама ғалымдардың көз нұрын тамызған қолтаңбасы. Кітап сізбен қарсыласқан жоқ еді ғой. Жазығы не? Сауға беріңіз, сауға!» - деп аппақ киіздей сақалынан жас саулап тізерлей кеткен.
Тілегін берді. Жалғыз көзі жалын шашқан Сүбедей баһадүрдің қолынан оттығын қағып жіберген»...
Сол кітаптарды әскері тоқсан арбамен тоғыз күн тасып, Сайрамға шығар жолдың бойына қойма жасап, сонда көмеді.
Керуенбасының басын кесіп, бейбіт керуенді шапқан Отырар ханының жазасы ретінде Шыңғыс ханның жасағы шаһарды отқа орағаны анық. Сонда жермен-жексен қираған қаламен бірге Отырардың кітапханасы да өртенгені шындық. Бірақ кітаптарды сақтап қалған.
Хикаятты оқып отырып, бұған күмән келтірмейсіз. Себебі, ұйқылы-ояу санасы сансырап жатып, өткен күндердің елесін кезген Шыңғыс ханға ізгі ниеттілерді қайта шапқан күйеу баласы Тучагарды жазалған сәтін есіне түсіріп, сендіреді.
Еске түсіргенде былай, сол бір оқиға санасында қайта жаңғырады: «Күйеу балам Тучагар парсының бай шаһарын шауыпты дей ме? Өнер ұстаған адамдарын қырыпты дей ме? О, кәззап! Ұлы қаһанның жарлығы қайда қалды? Оны бұзуға кімнің батылы жетеді? Қайсысының тәуекелі тұрады? Тоқалдан туған томарбастарды былай қойғанда, бәйбішеден көрген төрт ұлы мұның әр лебізін ләппайлап естіп жүрген жоқ па? Бұл аруақ көтеріп алғаш қол бастағанда, қай елдің қай шаһарын алсаңдар да өнерлі адамдарға, шайыр мен пәлсапашыға, жылнамашы мен сәулетшіге, ғалым мен қару соғушыға қол көтермеңдер деген. Ерекше қамқорлыққа алып, қанаттарыңның астынан орын беріңдер. Олар – ізгі ниетті, ізгі пенделер. Кімде-кім осы жарлықтан жаза басса жанын жаһаннамға жіберем деген. Ым... лаң салған де.
Екі бірдей айыбы оны құтқармас. Парсы елі тұтасымен мұның билігіне өткен. Сабылып жүріп салық төлейді. Өзгелердей әлсін-әлсін дүрбелең салып, өзара от лақтырып ойнаудан аулақ. Бағынған елді басынып қайтадан шабу – қылмыс».
Шыңғыс хан басбұзар күйеуді бақыртып жүріп басын алғызады. Тағы да ізгілік пен қатыгездіктің қатарласа келуі. Тіпті қатігездік деудің өзі артық. Қатаң, бірақ әділ шешім!
Ақ пен қараның айқасындай болған, дұрысы қатар жүріп, бірін-бірі толықтырған оқиғалардың бәрі хикаятта Шыңғыс ханның түсі арқылы беріледі. Аң қағып жүріп, ақ бұлт пен қара бұлттың айқасында ақ бұл жеңіліп, қара бұлт қаһарын төккенде найзағай түсіп, аттан ауып түскен Шыңғыс ханның жан тапсырар сәттегі – қас-қағымы.
Дүние шіркін, қас-қағымдай екенін, жарты әлемді бағындырған ұлы қаһанның басынан да дәурені көшіп, дәрменсіз күйге түсетінін осылай береді жазушы. Найзағай түскен сәтте, естен айырылып, қазіргі медицинаның тілімен айтсақ, комаға түскен Шыңғыс ханның көз алдынан дүниені дүрліктірген дәурені кезекпен-кезек ағылып өтіп жатады.
Көрген түстей зымырап өте шығар дүние. Сол тіршілігіңде артыңда не қалдырдың? Таңда туып, кешке өлетін әлдекімнің бірісің бе?
Жарты әлемді билеген Шыңғыс ханның даңқы әлі талай ғасырға жетер! Сол жетер ісінің өзі көрген түстей көз алдында қас-қағымға сыйып, көз алдында көш түзеп өтіп жатыр.
Жазушы хикаятты Шыңғыс ханның аңға шыққан сәтінен бастайды ғой. Қызылды көріп, дабылын қақтыртып, соңына түскенде онысы жүйрік тазысын қапы қалдырып, қыранын топшысынан қайырып, бұлт етіп, бұлаң қағып кете барады.
Бұлаң қаққан түлкі – бір қағаберісте бұлт етіп шаң қаптырып, атыңнан аударып түсіріп кететін тұрлаусыз тіршілігің дерсіз.
Өмірбойы төбесінде төңкеріліп көшіп жүретін ақ бұлты да тура осы тұста ауып түсетіні бекер емес.
Ақ бұлт дегенде, бірден Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күні» еске түседі. Айтматов Шыңғысханның төбесінде тосыннан пайда болып, қайда барса да, ілесіп жүретін ақ бұлтты мифтік сарынға салып береді. Шектен тыс қатыгездікке бой алдырған, билеушінің ар мен әділеттілікті ұмытқан Ұлы қаһанның басынан ақ бұлт ауып, қорғансыз жанға сая болғанын суреттейді.
Рахымжан Отарбаев ақ бұлттың қалай пайда болғанын тізбелеп, қайталауға ұрынбайды. Айналасындағы елге тізесі батып, өктемдігін көрсеткен хандар мен билеушілерді тұқыртып, өзіне бағындыру үшін жорыққа шыққан баһадүрдің тәуекелі мен бағы секілді деталь ретінде алып, символдық мән береді.
Ақ бұлт пен қара бұлттың айқасы, басыңдағы дәуреннің түбі бір көшетіні.
Найзағай болып келген дерт – тіршілігіңнің соңғы түйіні.
Аттан ауғаны – қолдан биліктің көшкені. Әрі қарайғысы түс. Көрген түстей өте шыққан ғұмыры.
Жазушы осы тұстан әрі қарай флэшбекке көшеді. Кері шегіністің өзін сыпыра баяндап, естелікпен емінтіп отырмайды. Түс көру тәсіліне салып, шебер өреді.
Түс пен өңнің астасуы. Қатыгездің пен ізгілік те осы түсте қат-қабат алма кезек ауысып жатады. Шындық пен тылсым араласып, абсолютті шындық алға шығады. Сөйтіп сюрреалдық кеңістікті түзеді. Әдебиетте реализм мен сентиментализмнің симбиозы – қалыпты жағдай дегенді айттық. Ал сол екі сарынды сюрреализмге сыйғызу – бұл бөлек шеберлік.
Шыңғысхан ұйқылы-ояу жатып, түсінде тіршілігінде жаһанға атын оздырған сәттері мен сан соғып, опындырған шақтарын қатар көреді. Бар мен жоқ, ақ пен қара, қайғы мен қуаныш қабаттасып жүретін бес күн жалғанды қым-қиғаш, шым-шытырық түске сыйғызған.
Осы ретте жазушы түстің өзін жай бере салмайды. Бұл түс – жай түстің бірі емес. Түстің табиғатын, тылсымы мен сырына тіршілігінде әбден қаныққан жанның тұжырымы. Жалпы фәни мен бақидың арасындағы шекара дәл осы түсте мидай араласып кетеді емес пе? Кейде күндіз көрген-түйгенің, сартап болған сағынышың, жетсем деген аңсар арманың түс болып кіреді! Кейде өмір бойғы өзіңнен де жасырғың келген сырың, кейде мойындағың келмеген шындығың да түс болып өзіңді қайта табады. Оның ішінде еске түсіруден қашатын қорқынышың да бар. Сол қорқынышың түсіңде алдыңнан қайта шыққанда, оның түс екені есіңе түсіп кеткенде, «қазір, осыдан оянып кетейінші» дейсің.
Шыңғысхан да оянып кеткісі келіп аласұрады. Аласұрған сайын қалың түс шырмауына шырмай түседі. Түсіндегі шым-шытырық оқиғаларға бір батып, бір шығып, санасы сансырап, шаршайды.
Тура бір – талай жылдан бері ұйқылы-ояу күйде жүрген өзіміз сияқты. Қалың ұйқысынан бір серпіліп ояна алмай келе жатқан қазақ секілді. Бұрынғысын қайдам, кейінгі отыз жылдың бедеріндегі сіз бен бізге қандай түс көріп жүрсіз деп тұрғандай.
Ақын Жарас Сәрсек қалай деуші еді: «Қой енді, болмас, жолымды мен де табайын, Түс көріп жатқан шақта бұл тегіс ағайын. Мезгілсіз өлген өлеңдерімнің басына барайын-дағы бір-бірден шырақ жағайын...»
Жалпы жазушы Рахымжан Отарбаевтың символизмі өте күрделі. Тұспалы көп. Оңайлықпен ішін алдырмайды. Тап басып, танығандай боласыз. Бірақ іле артынша: «Жоқ, Отарбаевтың шешімі бұлай оп-оңай қалқып шыға келмесе керек-ті», - деп қайта ойланасыз.
Жұмбақ демекші, автор оқырманға хикаятта бірнеше жұмбақты алға тартады. Соның бірі – үш басты және үш құйрықты жыланның тағдыры. Үш басты жыланның әрқайсысы әр тарапқа тартып, ақыры бір шешімге келе алмай, қатты қыста інге сыймай, үсіп өлгені, бір басты үш құйрықтысының аман қалғаны. Оқығанда ұлтқа, елге қатысты деп топшылайсыз. Тап басып айту қиын. Үш бастысы – үш жүзге бөлініп, іштей тартысып жататын қайран қазақ па, деген ой келеді. Ал үш құйрықтысы не?
Жауабын таппаған тағы бір жұмбақты жазушы Ясугей батырдың аузына салады.
«Жастықтың буы шыдатпай жүрген шағым. Бір күні аңға шықтым, - деген әкесі бұған оңаша сәтінде ой қозғап. – Желе жортып Бұрхан-Халдун тауының етегін сүзіп келе жаттым. Түс әлетінде алыстан бір аңның сұлбасы қараң етті де, көз алдымда ғайып болды. Құсымның томағасын сыпырып үлгермедім. Шоқ-шоқ бұта мен мен шеңгелді аралап із кестім. Кенет алдымнан апан кездесті. Көкжал бөрі көп бұлтаққа салмай апанға жасырынған. Тал кесіп әкеліп, таяқ жүгіртіп едім, терең емес екен. Түбінде былқылдап әлдене жатыр. Көкжалым, өлген жерің осы деп ала кеп апанды қазайын. Түс ауды. Түбі жеткізер емес. Аузы біреу болғанымен бара-бара ін үшке бөлінді. Күн кешкіріп, орнына отыруға асықты. Қаза-қаза бел шойырылды, алақан ойылды! Енді не айла қылармын? Сәл тыныс алып едім, атым елеңдеп пысқырды. Жартасқа қонып отырған томағалы құсым талпынды. Қарасам, анадай жерде көкжал бөрі қашып барады. Түлкіні аңдап қалдым. Бір қарсақ жаны қысылып биік жотаның басына қарай зытып жөнелді. Аң-таңмын. Үшеуі де әлгі апанның қосалқы үш тарам аузынан шыққан болды.
– Сіз қай аңның соңынан түстіңіз? – деген бұл қаралай елегізіп.
– Балам, менің дәуренім өтіп барады. Сен қайсысын ұстар едің? – деп Есугей Темучинге сынай қараған.
– Қолымнан келсе біріне-бірін ұстатар ем!»
Осы тұста Абылай ханның түсі еске түседі. Бірақ Ілияс Есенберлиннің синкреттік сарынындағы жолбарыс, қасқыр, түлкі, бақа-шаянның тұспалы басқа. Оның жоруын жазушы Бұқар жыраудың аузына салып, басқаша түйеді.
Ал Ясугейдің жұмбағының жауабы қандай? «Қолымнан келсе біріне-бірін ұстатар ем!» - дейді Тимучин.
Үшеуін біріне-бірін алғызу Шыңғыс ханның қолынан келді ме, келмеді ме?! Ол да бір жұмбақ!
Келді дейін десем, түлкі қағып жүріп, бұлаң қағып қашқан түлкінің соңынан қуамын деп, аттан ауып түсіп қалды емес пе?!
Автордың Ұлы қаһанның талқаны таусылар сәтте басқа емес, бұлаң қаққан түлкінің соңына түсіріп, қапы қалдыруы тегін бе?
Айтпақшы, жазушы Шыңғыс ханның түсі арқылы Жошыны өлтірген ақсақ құлан емес, қыпшақ Құлан батыр екенін айтып өтеді. Ол да нанымды. Дәйектеп, деректеп тұрып, «Жошыны өлтірген Шыңғыс ханның өзі емес пе?» деген көптен көптің көкейінде жүрген сұраққа нүкте қойып кетеді.
«Шыңғысханның көз жасы» қалай айтсақ та, талайға ішін алдырмай тұрған бітімі бөлек шығарма.
Хикаяттан қарағайға қарсы біткен бұтақтай қасқайып, айтарын айтып салып, қарап тұратын жазушының мінезін бірден танисыз.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА
Тараз қаласы.
