Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Т.Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағының рецептивтік э...

17.04.2025 962

Т.Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағының рецептивтік эстетикасы (жалғасы) 6+

Т.Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағының рецептивтік эстетикасы (жалғасы) - adebiportal.kz

Көрнекті балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым шығармашылығы туралы жазылған кең көлемдегі талдау еңбектің соңғы бөлігін жариялап отырмыз.

Т.Әбдірайымның тілі бай, сюжеті тартымды, балаға тән мінез ерекшеліктерін терең таныммен суреттейтін әңгімелерінің бірегейі - «Сүтсіз шай». «Аптап ыстықтан сая табу үшін терезелері пердемен тұмшаланған қара көлеңке бөлмеде таң атпастан теледидар тамашалап, қос жастықты жастанып, шәниіп шалқасынан жатқан тәмпіш танау сары бала» Айдын анасы үшінші мәрте атын атағанда ғана «міңгірлеп» тіл қатады. «Қалай шамданбасын? Күндегі тірлігі осы. «Енді қайда жұмсар екен?» Анасы көрші Әлима әженің үйінен сүт әкелуге жұмсайды. Екі ағасы әкесімен «бірлестікте шөп әзірлейтін бригадада жұмыста». Бұл да көкесімен бармақ болып еді, анасы «кішкентайсың деп рұқсат етпеген». Айдынның «шәниіп» шытырман киноны қызықтап жатқаны, анасының шақырған даусына құлақ аса қоймай «міңгірлегені» де сол «кішкентайсың» дегенге «қарсылығы» болса керек: «Қайдағы кішкентай? Он бес жас дегеніңіз аз ба?! Тоғыз жасында орыстың кемеңгер жазушысы Толстой том-том кітап оқып, күнделік жазып, данышпандықтың әліппесіне аяқ басқан. Он бір жасында атақты пушкин француз әдебиетін жетік білген. Қазақтың ойшыл данышпандары Абайдың, Мағжанның, Мұхтар Әуезовтің, Шоқан Уәлихановтың, өзге де біртуар тұлғалардың қабілеттері қаршадай кезінен айқындалған. Мұндай мысалдар көп. Бәрін кітаптан оқыған Айдын...». Автор Айдынның ішкі сөзін кескіндегенмен, деректер интермәтін сипатын иеленеді. Шытырман оқиғалы кино, әралуан қызықты кітаптар оқуға құмар Айдынды (алдыңғы марғау іс-әрекеттеріне қарап) саңқұлақ, тілазар, жалқау бала дей алмайсыз. Автор бұл тұста да бала мінезіндегі қайшылықтарға әлеуметтік-тұрмыстық факторлардың ықпал ететіндігін танытады. Тіпті, автор Айдынның ішкі сөзін өрнектеу арқылы қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді қозғайды: «Ә-ә, ұмытып барады, өткенде көкесі аудан орталығына барғанда екі-үш кітап сатып әкелген...Мұндай қуанбас! Өкінішке қарай, балаларға арналған қазақ тіліндегі әдеби кітаптар дүкенде жиі кездеспейді. Кездескен күнде суреттері аз, біртүрлі жұпыны. Ішіндегі әңгімелерін оқымай-ақ қарның ашып қалады. Неге Астана мен Алматыда кітап шығаратын жерде істейтін ағайлар мен апайлар іші де, сырты да әдемі жинақтар шығармайды екен?! Керісінше, балаларға ылайықталған орыс тіліндегі кітаптар мол...Сыртқы мұқабасының өзі қандай көркем!...Күлетін де, ойланатын да тұстары жетеді...Баланың жан-дүниесін соншама нәзіктікпен суреттеген жазушы да көп білетін шығар...». Сөйтіп, анасының жұмсауымен келе жатқан Айдын көшеде Әлима әженің «тентек немересі, ұзынтұра Рүстемге» кездеседі. Автор «мәдениет үйінің алдында екі қолын жанқалтасына сұғып, сағыз шайнап тұрған» Рүстемді әрі қарай суреттейді: «Екі езуі құлағынан асып желкесіне жетеғабыл. Басында әбден ақжем болып тықырайған атасының ескі тақиясы. Қай кезде де көздері ойнақшып жылт-жылт етіп жүргені, нағыз бұзатердің өзі. Шақшадай басы толған идея. Онымен жолықтым дегенше, үйге жоламай, тамақ ішпей бездім дей бер. Бір ойынды тауысса, келесі бірін тез ойлап тауып қызықтырып, кісінің делебесін қоздырып, басыңды шыр көбелек айналдырады.» Автор Рүстемнің сыртқы кейпін, ым-ишараттарын, бет құбылыстарын, сөздерін суреттеу арқылы тентек баланың психологиясын юмор арқылы нанымды бейнелейді. «Басында әбден ақжем болып тықырайған атасының ескі тақиясы» деген портреттік деталь Рүстемнің ата-әже аясындағы еркетотай екенін де айшықтайды. Сонымен, Айдын «анасының ұрсатынын» айтып, қанша қашқалақтағанмен, Рүстем «он-ақ минут» ойнайтындарын айтып еліктіріп әкетеді: «-Бері кел,-деді Рүстем ұрлық жасайтын кісіге ұқсап құпиялай сыбырға көшіп.-Әтеш төбелестіреміз!-Әтеш дейді?!-Иә...Көресің шыжықтың көкесін! Бір ай болды, әтешімді әдейілеп қып-қызыл төбелеске әзірледім. Ана шетелде бұқаларды да сүзістіреді, иттерді де таластырады! Спорт әрі шоу-бизнес қой ол!». Автор әтештер сайысын қызғылықты суреттейді: «...Қызыл айдары тікірейіп, қарсы шыққан өзге әтештерді шыдатар емес. Тасадағы тар қораның ішінде жекпе-жекке шыққан қарсыласын қуып жүріп шоқып, қос қанатымен ұрып, көп ұзамай «нокдаунға» жібереді...Атой салып шетінен жайратып жүрген Рүстемнің әтеші бір кезде тырапай асып құлап түскені.-Бұған не болды?,-деп ұлдар қасына жетіп барған. «Төбелескіш» әтештің көзі алайып, қыбырсыз жатыр.- Өліп қалды,- деді Бақытжан бірер жас үлкендігін танытып.» Шынында, «төбелескіш» әтеш өліп қалады. Әдетте, жұрт бірдеңені бүлдірмей жүрмейтін баланы тентек атандырады. «Құс та болса тіршілік иесі...Айдынның да көңілі астаң-кестең, алай-түлей. Рүстем де үнсіз».-деп автор екі баланың көңіл-күйін әр қалыпта суреттеу арқылы мінез ерекшеліктерін таңбалайды. Айдын сезімтал, Рүстем қайсар. Рүстем: «..Жә, өстіп тұрамыз ба, былайырақ апарып, жер қазып, көміп тастайық»,-дейді. Айдынның есіне анасының тапсырмасы түсіп, әбіржігенде де Рүстем саспайды: «-Алима әженің үйіндегі сиырын бұзауы еміп қойыпты деп айт анаңа!»,-деп «кеңес» береді. «-Өтірікші болдым...»,-деген Айдынға: «-Ештеңе етпейді!», -дейді. Әңгіме соңында Айдынның анасы Әлима әженің үйіне келіп, шай ішіп отырып, өзара тілдескенде баласының «балалығына» көзі жетеді. Расында, «баланың ісі шала» деген сөз бар емес пе? Бала үшін дүние құбылыстарының бәрі қызық. Ойын да театр секілді жасанды дүние, баланы дүние сырларын тануға, танымын байытуға, қиялын ұштауға баулитыны белгілі. Ойынқұмар балалардың есейгенде шығармашыл тұлға болуы, тентек балалардың өсе келе басылып, ел азаматы атануы да өмірде кездеседі.

Ал, автордың «Сүтсіз шай» әңгімесі оқырманды пластикалық тіл бедерімен, ақпараттық-танымдық сипатымен ғана емес, кейіпкерлерінің мінез ерекшеліктерін ашатын қызғылықты, көркем динамикалық сюжетімен баурайды.

Жазушының «Ақ кептер» жинағына оннан аса ертегілері енген. Автор қиялынан туған ертегілердің тағлымдық-тәрбиелік, көркемдік-эстетикалық мәні болатыны белгілі. Солардың бірі-«Тарғыл мысық». Ертегі тұрған үйінен қашып кеткен мысықтың аянышты күйін суреттеуден басталады: «Тісі-тісіне тимей дірдек қағады. Түнде қалың қамыс арасын паналаған. Таң ата қатты жел соғып, күн суытты. Оның үстіне бірнеше күннен аш. Ішегі шұрылдады. Қарны қабысып, ас тілеп жатыр.-Ищай-ай!...Бұл не деген ызғар?! Тарғыл мысық терең ойға шомған. Бұрын уайым жемейтін, ішкені алдында, ішпегені табақта қалатын...Кім бар мұң-зарын тыңдар?...(қысқартып алған-біз) Мынау жарық дүниеге зерделей қарап, ес білгеннен көргені-жиһазы мол сән-салтанатты үй, далиған бөлмелер. Содан кейін бауыр басқан серігі-алты жасар кішкентай Мәлік». Автор персонажды адамша әрі толымсыз сөйлемдермен суреттейді: «Тісі-тісіне тимей дірдек қағады» немесе «Түнде қалың қамыс арасын паналаған». Толымсыз сөйлемдер лаконизмге жол ашады. Автор шығармасы жан-жануарлар туралы дәстүрлі ертегілерге көп ұқсамайды. Себебі, ертегіде адамдар әлемі тарғыл мысықтың көзімен мүсінделеді. Сол «сән-салтанатты үй» ескі екен. Тышқандар көбейіп кетеді. Оларды «қуып жетіп, шайнап тастағысы келіп бір тұрады да, тәтті ұйқысын қимай, есінеп-құсынап жата береді қозғалмай». Тарғылға иесі Мәлік тышқандарды құртып, қолқабыс жасауды бұйырады. Мысық тышқандарды қырады. Мәлік болса, ойыннан қолы тимейді. Мысық зеріге бастайды, «далаға бір кіріп, бір шығады». «Жалқаулық деген қызылкөз құбыжық мойнына мініп алды»,-деп автор мысықтың жалқаулығын метафора арқылы суреттейді. Үйде тағы да тышқандар өре бастайды. Мәліктің әке-шешесі мазасызданады. Тоғышар мысық Мәліктің айтқанына «бұрынғыдай елп етпейді», ұйқыны соға береді. «Мәліктің тапсырмасын есінен мүлдем шығарған». «-Балам, мысығың сені тыңдамайтын болған ба?»,-Мәліктің әкесі тағы ескерту жасады. «Қоймайды екен тықақтап!..» Тарғыл отағасына жақтырмай қарады. Атарға оғы жоқ...Ашулы мысық далаға шығып кетті». Автор мысықты адамша ойлатады, сөйлетеді, эмоциясын да бейнелейді. Мысықтың «тойынған», «кеудесіне нан піскен» қылығы Мәліктің әке-шешесіне ұнамайды. Әкесі мысықты екі-үш күн тамақтан қақпақшы болады. Отағасының сөздерін естіген мысық «қаны басына теуіп»: «-Көрсетейін жекіргенді! Білмей жүр екенсіңдер! Қарамды батырайын...»,-деп кектенеді. Әйтсе де, Мәлік мысығын ренжіткісі келмейді, оны қорғаштап бағады. Алайда, кекшіл мысық дүкеннің алдындағы жүк көлігінің қорабына секіріп мініп, әлдеқайда бет алған көлікпен кете барады. Бөтен жерге тап болып, есі кетеді. Кенет тайыншадай көк төбет қуып бергенде, ағаш басына өрмелеп жан сақтайды. Тарғыл өзіне таныс емес бөтен ауыл, бөгде жерде кезбелік күйге түседі. «Дайын асқа дағдыланған мысық тұйыққа тірелді. Тоқта, тоқта-а! Әне бір көк қақпалы үйдің алды қарақұрым кісі. Қайшыласқан мәшине. Дәу де болса-той...Кең аулаға бақша жақтан енді. Темір шынжыр бос жатыр. Ағытып жіберген бе?...Аузының салымы бар екен...Итаяқ толы көже...». Таңертең мысық абайсызда апанға құлайды. Екі кісі «обал» деп шығарып жібереді. «Қарны аш, бұратылып жатқан» мысық қыс жақындап келе жатқанын, бұдан арғы тірлігі не болатынын, үйден кеткелі басынан кешкен азаптарын ойлап «уайымға батады». Ақыры, «ажал жетсе өлермін. Үйге қайтпасам болмас!» деп тас-түйін байлау жасайды».... Мәлік «үсті-басы, сауыс-сауыс, аш-арық тарғыл мысықты көріп, қуана айғайлайды.

Жалпы, автордың «Тарғыл мысық» шығармасы ертегі мен мысал жанрының қосылысынан тұрады деуге болады. Тарғыл мысық адамша «ойлайды», «жақтырмайды», «ашуланады» дегенмен, аз сөйлейді. Біздіңше, бұл да бір автордың оқырманды иландыру мақсатындағы ұстанымы болса керек. Өйткені, ертегіде қазіргі заман адамдарының тұрмысы, ой-санасы көрініс табады. Мысық орманда жүрген жануар емес, ауылдағы адамдар ортасында өмір кешеді. Автор аллегория тәсілімен мысықты бір-екі рет сөйлеткенмен, көбіне оның түйсігін, ойын, эмоциясын бейнелеуде адамға тән сипаттар береді. Осылайша, өзгеше стиль, тәсіл қолданады. Автор тоғышар, жатып ішер жалқаулыққа, маубас ұйқышылдыққа бой алдырған тарғыл мысықтың өзіне қамқор болған үйден қашамын деп арып-ашып, небір азапты жағдайларды бастан кешіп, өз қамқоршыларына қайта оралғанын мысал ету арқылы балаларды еңбек етуге, кекшіл, масыл болмауға үндейді. Сондықтан, автордың ертегі мен мысал жанрының қосылысынан тұратын «Тарғыл мысық» туындысын мысал ертегі деуге де болар. Өйткені, «жанр-өзгеру үстіндегі құбылыс» емес пе? 

 «Кітап мұңы» ертегісі: «Кіші бесін. Сынып іші тыныштық. Қос Әліппе кездесіп қалды»,-деген өте ықшам сөйлемдерден басталады. Әліппенің бірі –«мұнтаздай таза, әдемі киінген, өзі жас» болса, екіншісі-«бетіне айқыш-ұйқыш әжім түскен, жүдеу. Белі бүкірейген, қартайған». Осы лаконизмге құрылған сөйлемдердің өзі-ақ автордың шығармасын жас оқырманның ой-санасына ылайықтап, оның тілді білу, меңгеру қабілетін ескергендігін айғақтайды.

Қос әліппенің диалогтары өте нанымды, әрі юморға құрылады. Жүзі жабырқау Әліппе: «-Қожайыным Асқар деген бала жаңғалақ алаңғасарлау бала еді. Сабақ соңында асығып-үсігіп, мені ұмыт қалдырыпты...Ойбу, жылы бөлмеде қалғаныма тәубе! Асекең талай рет далаға да тастап кетті емес пе?...»,-десе, екінші Әліппе: «-Менің қожайыным Жұмабек өте ұқыпты, тәртіпті бала еді. Бағана сабақ үстінде мазасы қашып, қатты ауырып, үйіне сұранып кетті», - дейді. «-Шашың ағарып, белің бүгіліп, кімге ұқсап кеткенсің?»,-дейді екінші Әліппе. Бірінші Әліппе: «-Айтпа. Көрмеген қорлық, шекпеген мехнатым жоқ. Әуелгі қожайыным Айбол есімді бала еді. Өте сотқар, ерке, тентек. Оқып болған соң мені лақтырып жіберетін...Асқар-екінші қожайыным. Ол Айболдан өткен бұзық. Сабаққа да ынта-ықыласы шамалы...өзге қағаз жоқтай бетімді шимайлап сурет салады. Парақтың бір шетін жыртып, шайнап-шайнап түкіріп тастайды....Қыс басталғалы сырғанақ деген пәлеге тап болды. Маған отырып алып, шана орнына пайдаланатынды шығарды...»,-деп әбден мұң шағады. Екінші Әліппе өзін ұстаған Жұмабектің де, оның інісінің де үлгілі оқушы екенін, қолдарына Әліппе тиген күні-ақ қызыл матамен тыстап қойғандарын айтады. «Кітап-білім бұлағы! Рухани нәр, азық!»,-дейді. Екі Әліппе Асқарды жөнге салуды ойластырып, қол алысады. Әрине, автор аллегория тәсілін қолдана отырып, бірінші Әліппенің сөзіне юморлық, ирониялық сипат беру арқылы салдыр-салақ әдеттерден жирендіріп, жас өркендерді ұқыптылыққа, кітапты бағалауға үндейді. Автор балаларға «ұқыпты бол» деп ашық айтудан аулақ, идеясын ертегі сюжеті арқылы көркем кестелейді. Шығарманың эстетикалық әлеуеті де сонда да болса керек. Жалпы, жазушының «Шөптің қателігі», «Ине мен жіп» іспетті тағы басқа да ертегілері композициялық жаңашылдығымен, көркемдік тәсілдерді қолдану ұтымдылығымен, диалогтардың нанымдылығымен, баяндау тілінің жатықтығымен, лаконизмге құрылуымен ерекшеленеді.

Жазушының жинақта бірнеше хикаяттары топтасқан. Солардың бірі –«Ұшатын кілем» атты ертегі-хикаят. Жас оқырманның қабылдауын ескергендіктен болса керек, көлемі ауқымды шығарма шағындау бөлімшелерге ажыратылып беріледі. «Ұлылардан ұлағат» деген бөлімде сыныптас Айбын мен Нұржан тәжікелесіп қалады. «-Орысша дым білмейсің сен!,-деген-ді Нұржан әлгінде.- Сен қазақшаға шорқақсың!-деген Айбын сөзден жығылмауды ойлай.-Не тантып тұрсың, ә?-деді анау енді шап етіп. Бұл да қайтпады:-Не естісең сол!-деді тістенген қалпында.-Колхоз!-көршінің баласы түйіле қалды.-Деревня!-Онымен тоқтамады, жұдырығын түйе қасына жетіп келді. Көзі қанталап кеткен...Есіне әжесінің «Құлыным, «аш пәледен қаш пәле деген» . Бұзақы бала көрсең, одан аулақ жүр деген сөзі түсіп, кері бұрылды да үйіне қарай жүре берді». Өткен отыз жылда нақты шешімін таппаған тіл мәселесінің бүгін де өзекті екені мәлім. «Көш жүре түзеледі» деумен ана тілімізді өгейсітіп келегеніміз әмбеге аян. Дегенмен, қазіргі жаңаша даму жолындағы еліміздің мемлекеттік тіл тұғырын нығайту және қызмет ету аясын кеңейту бағытындағы саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени іс-шаралары көңілге демеу болса керек. Жазушы да аталған ертегі-хикаятын тіл мәселесі ушығып тұрған тұста жазған болуы да ықтимал. Балалар әлемінің қыр-сырына қанық жазушы мемлекеттік тіл мәртебесі орныға қоймаған өткен кезеңде бұл түйткілдің ересектер ортасына ғана емес, балалар арасына да іріткі салған белгілі. Біз оны мектеп оқушыларының тайталасынан да аңғарғандаймыз. Автор сыныптас екі баланың қазақ тіліне қатысты көзқарасын драматизм арқылы бейнелейді. Тіпті, ремаркалардың шынайылығы кейіпкерлердің ішкі әлемін айқара ашады. Өз ана тілін білмегеніне еш намыстанбайтын бала Нұржанның сыныптасын кемсітуі, дөңайбат жасауы ұлттық тәрбиесінің кемшін екенін ұқтырады. Айбынның әже сөзін есіне алып, жанжалды ушықтырмауы, сөзге тоқтауы ұлттық тәрбиенің нәтижесі екені белгілі. Алайда, қазақшасы шала Нұржан қазақ сыныбында оқығанмен, үзілісте өзге тілде «шүлдірлей жөнеледі». Нұржан «сонда кімді алдайды?! Ана тілін менсінбей ме? Сонда ана тілі оған керек емес пе?». Автор Айбынның ойын қосүнді сөз үлгісінде береді. Айбын өзге тілге дәл сондай жетік емес, «сынға салса, білуін біледі де..». «Нұржанның кекетіп-мұқатуы алғаш емес. Қалайда бір мін тауып тиісіп қалуды, жоқ дегенде, сөзбен шымшуын қоймай келеді»,-деген авторлық рай Айбынның ашуға мінуінің себеп-салдарын айғақтайды. Автор Айбынның психологиялық аффект жағдайындағы жарылысын:«-Кешірмеймін оның мына сөзін! Кешірмеймін-н-н-н.»,-деп графикалық тұрғыда дәл өрнектейді. Айбын әжесіне мұң шақпақ болады, алайда әжесі үйде болмайды. Дегенмен, әжесіне бар жайды айта бермейді, орынсыз еркелемейді де. Бірақ, әжесі бұның «басынан құс ұшырмайды». Оны ата-анасы да біледі, әжесі барда олар Айдынмен «байқап» сөйлеседі. Шығармада осы жайларды баяндаған автор қазақ отбасына тән туыстық қарым-қатынастарды (ата-немере-әже, нағашы ата-жиен- нағашы әже, аға-қарындас, аға-іні, әке-бала- ана) басқа әңгімелерінде де суреттеу арқылы қай заманда да қазақи мінез, дәстүр-салтымызды сақтауды шегелей түседі.

Әжесі Айдынға үш жасынан бастап өлең тыңдауды, кейін кітап оқуды үйретеді. Автор Айбынға әжесінің жазғы демалыста М. Әуезовтің «Абай жолын» оқуды тапсырғанын баяндай келіп, «Абай жолынан» интермәтін келтіреді. Автор шығармасында жарты беттен асатын интермәтін беру арқылы жас өрен оқырмандарын ұлы шығармамен таныстыруды, әрі олардың аталған шығарманы оқуға құлшынысын туғызуды мақсат еткенге ұқсайды. Дегенмен, интермәтін орынсыз қолданылып тұрған жоқ, автор идеясын толықтыруға, сюжетті дамытуға едеуір ықпал еткенін аңғаруға болады. Автор ертегі-хикаятта Айбынның балалық шақта кітапты тете ағасымен жарыса оқып, дауласатынын, «сиқыршы Гарри сияқты ұшып кетсем ғой!» деп қиялдайтынын ретроспекция арқылы баяндайды. Айбын әжесімен, анасымен Астанаға қыдырып келеді. Улы-шулы қала баланы таңырқатқанымен, қала балаларының үлкен кісіге орын бермеуі, күшкетай балалардың тым сөзшеңдігі, шетінен орысша сөйлейтіндігі Айдынды қамықтырады. «Ой, Алла!-дейді ол құдды әжесіне ұқсап.-Қазақ тілін менсінбей ме? Нұржанның сөзі , әне!...» Осы орайда, әйгілі М. Әуезовтің «Өз ана тілін білмеген адамнан тұлға шықпайды» деген байлауы ойға оралады.

Шығарманың «Сиқырлы кілем» аталатын тараушасында сандығын ақтарып отырған әжесі ораулы қызыл кілемді шығарып, «ұза-а-ақ үңіле қарап отырады да, көзі жасаурап қоя береді». Әжесі өз анасынан қалған құнды жәдігерді көрсетеді. Немересіне бақсы, тәуіп, емші болған Қабдолла атасы туралы әңгімелейді. Қасиет қонған ол кісіні орынсыз тілдеген әйелдерді есік алдында «сары шашты қыз қарсы алғанын» әңгімелейді. «Мына кілем-соған айғақ. Үстіне отырып, «Бісміллә!» десең, ұшады. «Әп, бәрекелді!...» Айбынның іші қылп ете қалды. Әжесі сәл тыныс қайырғанда, Айбын араға сұрақ қыстырды:-Әже, албасты деген не?»,-деген үзілімде автор әже дүниетанымын бейнелеу арқылы баланың да таным табиғатын кеңейте түсуге мүдделі екенін аңғарамыз. Айдынның әжесі барынша сауатты адам сыңайлы. Айдынның: «-Әже, албасты деген не?,- деген сұрағына әжесі: «Албасты-түркі халықтары фольклорында кездесетін мифологиялық кейіпкер...»,-деп кәсіби мамандарша жауап береді.

 Шығарманың «Ұшатын кілем» тараушасында ұшуды армандап жүрген Айдын әжесінің «қауырсындай жеңіл кілеміне» мініп ұшады. «Кілем баланы қаңбақ құрлы көрмей көтеріліп бара жатады». Бала ұшарда әжесіне, ата-анасына «бір жаққа кетіп бара жатқанын, көп ұзамай оралатынын» ақ қағазға жазып қалдырады. Өзімен бірге ала шыққан киім-кешегін кілем үстіне қойып ұшып бара жатқан балаға «жапырақтар жамырай тіл қатып, тал-теректер бас иеді, көпқабатты үйдің төбесінен асып ұшып бара жатқан баланы балалар, қарттар, тұрғындар» көреді. «Бала әуелгі сәтте қорқып еді, аздан соң сынаққа бойы үйрене бастады»,-деп түйген автор ұшып бара жатқан баланы жапырақ, тал-теректермен тілдестіреді. Шығарма Реалды өмір құбылыстарын суреттеуден бастау алған шығарма фантастикалық сипатқа көшеді. Себебі, шығармаға ертегі-хикаят жанрының белгілері тән. Автор ертегі-хикаяттың «Қазақша сөйлейтін қаздар» тараушасында кілем үстінде ұшып келе жатқан Айдын солтүстіктен көк аспанды көктей ұшып келе жатқан қаздарға үн қатып, олармен тілдеседі, танысады:«-Қызылжарлық қаздармыз...-Естуің бар шығар.-Қызылжар өлкесін білемін-Корнеевкада-Тораңғыл, Мамлютка жақта Меңгесер көлі бар емес пе?-Тура айтып тұрсың...». Автор диалогқа ақпараттық-танымдық мән арту арқылы кейіпкердің ойөрісін танытып қоймай, оқырман танымын да байыта түседі. Айдын қаздардың қазақша сөйлегеніне таңырқап: «-Қазақша сөйлегеніңе қайранмын»,-дейді.-Таңырқайтын дәнеңе жоқ. Қазақ тілін білеміз»,-дейді қаздар.-Қазақ тілінде өлең де айтып береміз»,-дейді тағы бірі. Ертегі-хикаяттың негізгі кейіпкері Айбын Ақылбек, Бұхар, Ақберен секілді кісі аттас қаздармен достасады, қаздардың білмейтін өлең-жыры жоқ, Абайды да, Мұқағалиды да біледі, өлеңдерін таласып оқиды. Осы орайда, автор шығармада интермәтіндерге орын береді.

Жылы өлкеге бет түзеген қаздармен бірге жол тартқан Айдын туған қаласын қимай қамығады. «-Туған жерден жырақтау оңай емес...»,-дейді сонда Ақылбек деген қаздардың жол бастаушысы. Қаздар Қарқаралы қорығына соғып, «қалың ағаш арасындағы алаңқайға қонып» дамылдап, «мөлдір бұлақтан суға қанып алған соң», кешке дейін ұшатынын айтады. Қаздар әркез баланың сұрақтарына жауап беріп, жер-су рельефімен, ондағы аң-құстардың түрлерімен таныстырып, орман-көлдерге қонғанда қауіпсіз алаңқайда көз шырымын алуды, жыртқыш аң-құстардан сақтануды ескертеді. Шығарманың мәтінінің энциклопедиялық мәнге осындай тұстары да интермәтіндік қызмет атқаратыны белгілі. Жалпы, бұл ерекшелікті балалар әдебиетіне тән құбылыс деуге болады. Сондай бір танымдық сипатты мына үзілімнен де көруге болды: «Үшбұрыш жасай әуелеген қаздардың алдында – Ақылбек. Арада біраз уақыт өткен соң келесі қазға кезек тиді. Осылайша үнемі ауысып отырды, яғни көш бастаушы шаршаған шағында келесі құсқа орын береді, сол кезде ең аяғындағы қаз келесі қатарға шығады. Әлсіз құстар со үшбұрыштың ішінен тағы бір үшбұрыш ашып, сонда ұшады және олар алдыңғы қатарға шықпайды екен. Не деген реттілік! Не деген тәртіп! Аспан қылаусыз ашық. Күн жылы. Толқын-толқын, іркес-тіркес ақша бұлттар бір-бірімен жарысқандай әлдеқайда көшіп барады. Жердегілер алақандағыдай айқын көрінеді. Әне, анау тұста бір отар қой жайылып жүр.» Шопан «зуылдап бара жатқан кілем» үстіндегі баланы көріп, таң-тамаша қалады. Расында, шығармада реалды мекеншақ пен фантастикалық мекеншақ алмасып отырады. Үшбұрышты қаздар тізбегінің заңдылығы да, психологиялық пейзаж да қосүнді сөз сипатында өріледі. Осы іспетті композициялық-жанрлық ерекшеліктер автор қолтаңбасының даралығын айғақтайды.Әрине, автордың қаздардың қазақша сөйлесуін, ақындардың өлеңдерін оқуын суреттеуде диалогқа психологиялық жүк артып, аллегория, гипербола тәсілдерін қолдануы шығарманың жанрлық табиғатына сай екенін байыптауға болады. Ертегі-хикаяттың композициялық жаңашылдығы-автордың шығарманың өн бойында баяндаудың диалог тәсілін өнімді қолдануы. Диалог құрылымында мазмұндық-пішіндік ерекшеліктер мен жанрлық сипаттар да айқындалады.

 Ертегі-хикаяттың «Түн ішінде атқа мінген әйел кім?» тараушасы мистикалық сипатымен ерекшеленеді. «Қаздар қалың орманға келіп жеткенде түн болатын... Айбын шоқ қарағай арасындағы шағын алаңқайды таңдап, жататын орнына құшақ-құшақ жапырақтар мен шөп әкеліп төседі...». Ақылбек : «Бізден көп ұзама!...»,-деген. «Әкеме еріп Көжайдақ деген жерден шөп шапқанда неше мәрте ашық аспан астында, арбада түнеген болатынмын. Қорықпаймын»,-деген бала. «-Ержүрек екенсің!..»,-деген қаздар. «...Алаңсыз аяңдап келе жатқан бала кенет тоқтай қалды. Құйрық-жалы төгілген сұлу арғымақтың үстінде ұзын шашын жайған бір әйел кетіп барады. Баланың жүрегі су етті...». Иә, әдеттегі ертегі сарыны екені анық. Баланы «Күлдібадам пері қанарға салады, аузын тарс байлап, арқалап жүгіре жөнеледі». Баланың жер-жебіріне жетіп, ұрып-соғады. «...Қартайғанда көрген қос құлыншағымды тапа тал түсте ұрлап әкетіп, жоқ қылған сен емессің бе?»,-деп пері жала жаппақ болады. Бала періден құтылудың амалын ойлап: «Қаптың аузын шешіңізші! Ақшақардай ақ жүзіңізді көрейін...»,-көпшік қоя сөйлейді. Баланың сөзіне жібіген пері «өзі тектестерге» қаптың аузын шешуді бұйырып, баланың «қашпаймын» деген уәдесін алады. Күлдібадам пері күңдеріне (үш қызға) «баланы қаптан шығарып, өлер-өлмес ас ішкізіп, ағаш орындыққа байлап тастауды» бұйырады. Бала үлкен қыздың, ортаншы қыздың отауында да орындыққа байланып, азап шегеді. Үшінші қыздың отауына келгенде, мейірімді, ақсары жас қыз перінің Айдын қашып құтылмаса, оны сойып жейтінін айтып, аяушылық білдіреді. Сөйтіп, баланы босатып жібереді. Пері тұтқынынан құтылған Айбын абайсызда құмырсқалар илеуін басып кетеді. Құмырсқалар «еңбегіміздің еш еттің» деп ызаланған құмырсқалар баланы әбден талайды. Үсті-басы дуылдап, бет-аузы көнектей ісіген» баланы Ақылбек қаз емдеп жазады. Ал, Айбын әке-шешесін тыңдамай ағаш басынан құлап, аяқтарын сындырып алған екі кішкентай тиінді емдейді. Жейдесін дар-дар айырып, олардың аяқтарын сылап-сипап, таңып береді. Сөйтіп, кейіпкеріміз жол-сапарда қиын да қызық жағдайларды бастан кешеді. 

Тағы бірде қаздар көлге қонақтайды да, Айдын орман ішіндегі «діңі жуан бәйтеректің қасында, қалыңдап төселген ағаш жапырақтарының үстінде» түнейді... Таң атқан. Орманда «алаңсыз келе жатқан бала кенет селк етті. Қарсы алдында ақ сақалды, аққұба өңді, бойы ұзын біреу тұр». Айбын қартқа ата дәстүрімізше сәлем береді. Баланың сәлемін ықыласпен алған қарт жөн сұрасады. Бала ауылға келген қонақ екенін, көлге бара жатқанын білдіреді. Орманда жалғыз жүрген баланы шын-шайтандардан, жыртқыш аңдардан сақтандырып, бірталай ақыл-кеңес береді. Орманда балаға жолыққан ақсақалды бастапқыда ертегі-аңыздардағы «дана қарт» архетиптік образына ұқсатқанымыз да рас. Алайда, қарт өзін балаға таныстырады:«-Жазушы Өмір Есқали деген атаң мен боламын. Туған жерім-Ақадыр. Жиенім қонаққа шақырып Қарқаралыға келгем. Әне, ағараңдаған екі қазақ үйді көрдің бе?..». Т. Әбдірайымның ертегі-хикаятының «Өмір ата» аталған тараушасында айтулы қарт шежіреші, жазушы Өмір Есқали бейнесінде сомдалған елімізге танымал көрнекті жазушы, Алаш халықаралық сыйлығының иегері, қазақ әдебиетін таңдаулы туындыларымен байытқан Өмір Кәріп екенін жазбай таныдық десек болады. Автор жазушының тегін Есқали деп жорта бұрмалап оқырманмен ойнағанымен, жазушыға қатысты өмірлік деректер нақты екенін көреміз. Айбын бала да: «-Біздің үйде сіздің «Бұрқақ» романыңыз бар»,-дейді. Сондықтан, ертегі-хикаятта қиял мен шындық өмір құбылыстары шендесіп жатқанын көреміз. Иә, Айбын бала сексен үш жастағы қарт шежіреші, жазушыдан Шайтанкөл аңызы жайлы сұрайды. Өмір ата балаға Шайтанкөл аңызының үш нұсқасын баланың құлағының құрышын қандыра баяндайды. Осы тұста архетиптік кейіпкер бейнесіндегі Өмір атаны наррататор (баяндасушы кейіпкер) сипатында танимыз. Баланың «Бақыт деген не?» деген сауалына орай аттас тараушада Өмір ата оқырманға, эксплицитті оқырман Айбынға бақыт туралы қызықтырушылық, әрі танымдық-тәрбиелік, эстетикалық мәні зор ертегі айтып береді. Нарратор: «Ертеде бір байдың жалғыз ұлы болыпты. Тікбақай, ерке өскен ұл жалқаудың нағыз өзі екен. Әкесінің байлығына масаттанып, не ішем, не кием демейді. Сайранды ғұмыр кешеді»,-деп ертегілік сарынмен баяндайды. «Күндердің күнінде әке-шешесі дүниеден озған», бірте-бірте «тұрмысы жұқарған», «өз бетінше еңбек етудің ебін білмейтін» бай баласы «енді қалай күн көрем» деп, «бақыт іздейін, тәуекел» деп жолға шығады. «Жүре береді, жүре береді»...Бір қара жартастың түбіне келіп, тізе бүгіп демалып отырады. Жартастың үстінде қарашұбар жылан жатыр екен». Бақыт іздеп бара жатқан балаға «жартас үстінде сал боп жатқан жылан бақытты іздеп тапса, одан дертіне шипа болар нәрсені сұрап білуді тапсырады. «-Жарайды, білейін»,- дейді жігіт. «Жолын жалғастырады». Жерін суландыра алмай отырған ауыл адамдарына кездеседі. Олардың мәселесін сұрап білуге уәде етеді. Үлкен қалаға келеді. Қаланың ханы ел басқару қиындағанын, ұры-қары көбейгенін айтып, осының шешуін білуді сұрайды. Жолдан қажыған бай баласы ауыл шетіндегі ұстаханаға келеді. «Қалың қабағы көзін жапқан, ағыл-тегіл терлеген иман жүзді бір адамкөрікте қызған темірді төске соғып, қызу жұмыс істеп жатыр екен». Сәлемдескенде «бала қарттың алақаны мен бас бармағын қоса ұстайды. «Қыдыр әулиенің бас бармағының түбі былқылдап бос тұрады деген осы болар» деп қуанып етті»,-дейді баяндасушы кейіпкер. Бала бақыт іздеп шыққанын айтқанда қарт: «-Е-е! Бақыт іздеп шықсаң, келген ізіңмен еліңе қайт. Бақытың тосып тұр...»,-дейді. Сөйтіп, бала жолда кездескен жандардың өтінішін сұрайды. Бала қарт ұстаға алдымен жыланның өтінішін жеткізеді. Қарт ұста: «Ол жылан дүниедегі ең ақымақ адамның миын жесін. Сонда құлан таза сауығады»,-дейді. Бала ұстадан ауыл адамдарының да, ханның да сауалына жауап алып, «қартқа алғысын жаудырып, қоштасып кері қайтады». Ханға келеді. «Ол хан –тұрмысқа шықпаған қыз. Сол үшін ерге шықсын... Күйеуімен ақылдаса отырып, ел басқарса, бәрі де қалпына келеді»,-деген еді қарт. Бай баласы «қыз-патшаның бас қосайық» дегеніне көнбейді. «...Мені елде бақыт күтіп тұр»,-дейді. Қарттың кеңесімен жерді қазып, ат басындай алтын тауып, су шығарған ел жігітке разылықпен ат басындай алдынды бермекші болады. «Елімде мені бақыт күтіп тұр» деген жігіт алтыннан да бас тартады. «Жігіт елге жүріп кетеді. Баяғы жартастың түбіне келеді...». Жігіт жыланға «дүниедегі ең ақымақ адамның миын жесе тәуір болатынын» жеткізеді. «Сіңірі созыла титықтап, шаршап келе жатқан жігіт сол жерге қисайып қор ете түседі». Жолда кездескен барлық бақытынан бас тартқан «тап осы жігіттен артық ақымақ адам болмас» деп шешкен жылан «бір үлкен тасты құйрығымен сырғытып, жігіттің дәл басына түсіреді... Бақыт құсын басқа тепкен жігіт, сөйтіп жыланнан ажал тапқан екен»,-деп Өмір ата ертегісі тәмамдалады. Ертегі-хикаяттың баяндау тілі жатық, локанизмге құрылған дегенімізбен, шығарманың ішкі композициясында сюжетті созу (Айбын мен қаздардың сапарлары, бастан кешкен оқиғалары, Өмір атаның шайтанкөл аңызының үш нұсқасын әңгімелеуі), монтаждау («Көне шаһар», «Түркістанда» тараушалары, Айбынның Жапонияда оқуы) тәсілдері де кездеседі. Сондай-ақ, автордың ертегі-хикаяты ішіндегі баяндасушы аузымен айтылатын ертегіні көреміз, бұл көркем әдебиеттегі әңгіме ішіндегі әңгіме секілді композициялық ерекшелік–ертегі-хикаят композициясындағы жаңашылдық екені даусыз. Әрине, ертегі-хикаят құрылымына интермәтіндік, әлқиссалық сипат, поэтикалық тіл ерекшеліктері де тән. Автор баяндау композициясында әлқисса, стилизация тәсілдерін, соған сәйкес тілдік көркемдік құралдарды шебер қолданады. Осы іспетті шеберліктерден автор бейнесі де айқын тұлғаланады.

Ертегі-хикаят соңында қаздар тізбегі мен Айдын бала қасиетті Түркістан елді мекеніне табан тірейді. Самаладай жарқыраған, тұрғындары мейірімді көркем қалада кілемге оранып жатқан Айдын өткен-кеткен уақыттарын еске алады. Бала қаздарға Отырардың тарихын жыр етеді. Түркістанға келген Айдын смартфонын ашып қараса, сыныптасы тентек Нұржан хат жолдаған екен: «Сенің астанадан кетіп қалғаныңды естіп, мазам қашты. Ата-анам да, сыныптағы достарым да маған ренжіп жатыр. Сенің өкпешіл екеніңді қайдан білейін...Кешір, досым! Қазақша сөйле деуің өте орынды. Қазір қазақша сөйлейтін болдым. Сәлеммен, Нұржан! 15.10.22 жыл». Автор Айбынның Түркістанда тұратын анасының сіңлісіне хабарласқанын, қарым-қатынасын суреттеу арқылы баланың да, әпкесінің де бауырмалдығын, баланың ұлтжандылығын танытады:«-Мағира әпке! Түркістанға жеткенше мен көп ойландым...Қаны бар өршіл қазақтың «Ана тілі!» деп шырылдағанына отыз жыл болыпты. Өзгеріс бар ма?Қазақ тілі түзелсе, қайтып оралам! Сөзсіз оралам!». Автор Айбынның Мағира әпкесін аң-таң етіп, қаздарға ілесіп ұшып кете баруының сырын алдыңғы монологта аңғартты емес пе? Ал, автор әжесінің кілеміне мініп ұшып кетерінде әжесіне, ата-анасына хат жазып қалдырған Айбын атты ақылды да білімқұмар баланың «қаздар барған жылы өлкені жерсіне алмай, көп ұзамай мойны озық ел-Жапонияға кетіп қалғанын» happy-and сарынында түйіндейді. Ал, автор хикаяттың эпилогында: «Айбын Астанадан аттанғанда он екі жаста еді, қазір он сегізде. Жақында орта мектепті тәмамдаған соң, Токиодағы ең беделді жоғары оқу орындарының бірі-Кэйо университетіне құжаттарын тапсыруды ойлаған. Әжесімен, әке-шешесімен жиі сөйлесіп тұрады...»,-деп автор Айбынды қайтадан реалды мекеншақ ортасына оралтады. 

Айдынның елге тез оралуын күткен әжесі немересіне телефоннан: «-Cенің арманың қазақ тілінің асқақтауы еді ғой! Билік басындағылар да қазақша сайрағанда тайпалған жорғадай! Несін айтасың, ботам?! Әулие, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болжағандай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туды!»,-дейді. Автор ғасырлар бойы ел мен жер үшін күрескен, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың өзімен бірге жасап, бірақ тіліміздің өз жері мен өз елінде жетпіс жыл бойы ғана емес, одан бергі отыз жылда да қағажу көріп келгенін, орындалмас арман-утопияға айналғандай күй кешкенін, енді міне, жаңа Қазақстанда ана тіліміздің қанатын кең жайғанын әже монологы арқылы келісті кестелейді.

 Шынында, балалардың сүйікті жазушысы Т. Әбдірайымның «Ұшатын кілем» ертегі-хикаятының жанрлық-композициялық құрылымынан қазіргі фэнтези жанрына тән сипаттарды көруге болады. Жазушы бұл туындысында бүкіл халқымыздың ежелден арман-мұратына айналған, тәуелсіздігіміздің тұғыры болған ұлттық тіліміздің қадір-қасиетін дәріптеуді өзінің шығармашылық тенденциясына негіз еткенін байыптаймыз. 

Көрнекті жазушы Толымбек Әбдірайымның «Тұнжыр» атты хикаятын поэтикалық құрылымы жағынан ең бір соны шығармаларының бірі болып табылады. Фольклор мен жазба әдебиетте, көркемөнерде «жетім», «ақылды бала», «өгей шеше», «өгей әке» мотиві негізінде жазылған шығармалар аз емес екені белгілі. Дегенмен, осы күнгі түрлі ақпараттарға зер салсақ, әлемде бала құқығы ерекше қорғалатын және бала құқығы туралы заң қабылданбаған елдер де бар екен. Ал, біздің ата-бабаларымыз ежелден ұл мен қызын мәпелеп өсіріп қана қоймай, «ата көрген оқ жонар», «шеше көрген тон пішер» деп түрлі өнер түрлеріне баулып, ұлын «шаңырағымның мұрагері», қызын «өрісім» деп қастерлеген. Қазақ билері жесірі мен жетімін қаңғытпаудың қамын «Жеті жарғы» құқықтық заңында да қарастырады. Ал, ұлы ақын Абай «адамның бір қызығы бала деген» десе, ұлы ұстаз Ыбырай «Кел, балалар, оқылық» деп баланы білім алуға шақырады.

Т.Әбдірайымның «Тұнжыр» хикаятынан өз туған ата-анасы ғана емес, қоғамдық орта да өгейсіткен жасөспірім баланың ауыр тағдырын көреміз. Хикаяттың «Тұнжыр» деген аталымы жас оқырманның қабылдауына әуелде тосаң болғанмен, шығарманың ішкі композициясында мән-мағынасы терең ашылады. Автор хикаят экспозициясында мектеп өмірін көз алдымызға әкеліп: «...Үзіліс кезінде өзге сыныптастары сияқты ойнауға зауқы соқпайтын, көбінесе ой шырмауында жүретін қара бала үшін үйге қайту аса қызық емес...Салқын қабақ, жүйкеге тиер запыран сөздерден әбден зәтте боған соң ба, кейде көз көрмес, құлақ естімес әлдеқайда кетіп қалғысы келеді-ақ..»,-деп көру оптикасын «қара баланың» ішкі жан әлеміне бағыттайды. «Барар жер, басар тауы жоқ» қара баланың тұнжыраған күйін интуитивті суреттеген автор диалогқа тізгін береді: «-Тәте, -деді төр алдында құс жастыққа көміліп, теледидарға тесіле қарап жатқан етжеңді қара сұр әйелге ақырын дыбыстап. –Иә-ә...ы...ы-ы...- Келіншек тіл қатуға да ықылассыз, жақ ашқысы жоқ тіпті.-Сабаққа дайындалсам рұқсат па?-Дауыстауға да жасқанады. Қатты сөйлегені үшін талай таяқ жеген.-Әй, жетімек! Анаңнан айырған мен емес. Баласын тастап байға тиіп несі бар байғұстың? Обалы – көкек шешең мен ынжық әкеңе!...». Диалог құрылымы, автор ремаркалары, кейіпкер сөздерінің графикалық түзілімі, ауызекі сөйлеу ерекшеліктері долы, тоғышар өгей шеше мен кішкентай қарындасын қарап, әрі үй тіршілігінен мойнымен босамайтын қаршадай ұлдың арасындағы ушыққан қарым-қатынасты шынайы әрі әсерлі жеткізеді. Автор адуын, «қарасұр әйелдің» сөздері арқылы оның мінез-құлқын ашып қана қоймай, оқырманды Рауанның ата-анасына қатысты шындықтың да жай-жапсарына үңілтеді. Өгей шеше баланың арына тиетін сол шындықты қанша айтқанмен, бала ата-анасына еш кінә артпайды. Автор Рауанның «қара сұр әйелден» көрген зорлық-зомбылығын да диалогта қалыптайды: «-Әй, жетімек! Қарашы, ә! Бес минут мызғып алайын деп едім...Көре қалдың ба жантайғанымды?-Уай, жетпегір-ай!-Уанбаса қайтемін?-Бала мұрын астынан міңгірледі.-Қу жүгірмек! Көрсетейін сөз қайтарғанды!..-Долы әйел ұлдың жағынан тартып жіберді. Ол аздай бүйірден бір тепті. Рауан ішін ұстап отыра кетті...-Қол көтерді деп әкеңе айтсаң, көк шыбын үймелетем көзіңе!-деді тепсініп.-Тәте-е!...Айтпаймын ешкімге-е! Өгей шешенің қаһарынан қаймыққан бала жылауын тыйды». Рауанның әкесіне қатысты: «Әкесі кейде ащы суға қызып, көңілді келетіні бар. Сонда ғана баласы есіне түсетін сияқты. Өзге уақытта Рауанға қатысы жоқ жандай жақ ашпайтыны түсініксіз..Бойы сорайған еркектің кісіге суықтау қарайтын үлкендеу қоңыр көзінде және түксиген қабағында өзгеше қаталдық бар...Қулығы қат-қабат шайпау әйелдің алдында жыланға арбалған көжектей қыбыжықтап, сөздері пышырап қалады...»,-дейтін авторлық баяндаулар туған баласына жылуы жоқ әкенің босбелбеу, жалтақтығын әшкерелейді. Автор хикаятта «долы әйел» синдромын психологизмнің көркемдік тәсілдері арқылы жеріне жеткізе суреттейді. Баланың әкесі тоғышар «қара сұр әйелді» асырау үшін үш айға Ақтауға жұмысқа аттанады. Әкесі кеткеннен кейін өгей шешенің әбден еркінситінін сезген Рауанның мұңын автор қосүнді сөз арқылы өрнектейді: «...Баратын жері жоқ, әттең! Оу, әкесіне еріп неге кетпейді бірге? Жер көру, ел көру жақсы ғой. Қайда-н-ан?! Кім тыңдар бұның мұң-зарын?».

Рауан өгей шешеден қаншама теперіш көріп жүрсе де, сабағына ынталы болады: «Дөңгелек көзі тұнжыраған бала бесінші сыныпқа екпінділер қатарында көшті»,-деп баяндайды автор. «Бұл қуанышын бөлісетін де ешкімі жоқ...Үйге тақағанда байқады, есікте қара құлып тұр.» Алғашқы күндері вокзалда түнеген балаға «кокардасы қоқырайған полиция» тыныштық бермейді. Базар басын жағалайды. Арбаны да жалға ала алмайды. «Базар әкімшілігі шамалары жетпейді деп кішкентай балаларды жолатпайды». Қарны ашып, суыққа тоңады. Өгей шешенің қыспағынан кезбелік күй кешкен бала кәуап пісіріп жатқан дүңгіршекті төңіректеп жүріп, «жылтыр бет» сатушыдан ауыр сөз естиді, «семіз кісі» жағасынан алады. Автор балаға тән эмоцияны: «Бала базар ауласынан шыға бере қыстығып жылап қоя берді. «Қаңғырған!» қандай дөрекі сөз! Расында бос сенделіп жүрген бірде-бір бала көрінбейді. Бәрінің әке-шешелері қасында. Бұл ғана жалғыз! Жападан-жалғыз...»,-деп нақты суреттейді. «Базар маңындағы сәулетті мешітке» келіп садақа сұрайды, қайырымды жандар да кездеседі: «-Ана баланы қарашы обал-ай!-Артына бұрылған орта жастағы әйел сөмкесінен жүз теңгелік екі сөлкебай шығарып, қалпағына тастады. –Рахмет!-деді Рауан қуанып.-Рахмет, тәте! «Қандай жақсы адам! Өзгелер де осы кісідей болса ғой!». Мешіт маңындағы тіленшілер, әсіресе «полициялар күніне қанша қуса да, жарты сағат өтер-өтпестен андыздап жетіп-жетіп келетін» тәжік балалар: «-Мынау аумақ – біздің жер»,-деп Рауанды ығыстырып жібереді. «Төбелесер еді...Әттең, төртеу! Осылар-ақ, тұра берсінші! Қой кетейін...», -деп шешкен бала Есіл өзенінің жағалауындағы «Рамстор» сауда орталығын жағалайды. Автор айбынды сауда орталығын баланың көзімен суреттейді: «...Өткенде келіп, кешке дейін екі мың теңге тапқан. Мұнда қатынайтындар ылғи «крутой» кісілер...Базардағыдай ұсақ-түйек емес, мұндағы кісілер тек қағаз ақша тайстайды. Сыртқы есіктің алдына кеп қолын жайып тұра қалған. Әне-е, бір аға бұрылды. Ол оқтау жұтқандай, басын кекжиткен күйі қасынан өте шықты. Одан соң қаншама кісі өтті...» Ешкімнен қайыр болмаған соң, самса сататын дүңгіршекке келеді. «Ішегі шұрылдап, сілекейі шұбырған» бала, «сатушы әйел ары бұрылған кезде бір тоқашты жып еткізіп, алды-артына қарамай зытып береді». Сатушы баланы қуып жетеді, «баланың аяғы қатты затқа соғылып, етпетінен түседі». Бірақ, сатушы баламен «жылы сөлесіп», «бәрібір ұрлықтың аты ұрлық екенін» айтқанда Рауан: «-Әдейі істеген жоқпын, өзім де білмей қалдым»,-дейді. Сатушы баланы аяйды, жөн сұрайды, «ыстық шай беріп, тамаққа тойғызады», кетерінде «қалтасына ораулы қағаз қыстырады». Сатушы әйел баланың ата-анасы қайда екенін сұрайды. Автор Рауанның жауабын былай баяндайды:«-Екеуі де ауру әрі жұмыссыз. Жарымжан әкемнің болымсыз зейнетақысы күнделікті азық-түліктен аспайды. Қайыр тілеп қолғабыс жасаймын мен,-Айтқан өтірігіне баланың өзі де иланды. «Масқара-а! Ұят болса да қалай қиыстырдым...». Автордың баяндауынша, анасы басқа күйеуге шығып, әкесі басқа әйел алып кеткенде бала ерекше мейірімді ата-әжесінің қолында қалады. Көп ұзамай ата-әжесі бірінен соң бірі қайтыс болғаннан кейін әкесі мен өгей шешесінің қарауына келеді. Автор ата-әже тәрбиесін көрген баланың қандай жағдайда да ата-анасына тіл тигізбейтінін мәтін астарына жасырады. Баланың жалған сөйлеуінің сыры да осында іспетті. Әдетте, баланың қиялы өткір келеді, «өз өтірігіне өзі иланады», ішкі ұяты да қысады. Автордың бала психологиясын терең танитындығын мәтін үзілімі айғақтайды. 

Рауан өгей шешесінің құжырасынан кетерде, тығып кеткен сөмкесін орнынан таппайды. «...Қас қарайып, қараңғылық түскен. Рауан алаңдап, қорқыңқырап үйге жақындағанда, қатты-қатты естілген музыка үні мен айғайлай сөйлеген дауыстарды құлағы шалды...Жапырақтары жайқалған алма ағашының тасасына кеп терезеден ішке үңілген. Дөңгелек үстел айналасында үш-төрт әйел мен екі еркек отыр. Алдарында – арақтан босаған құмыралар...(қысқартып алған -біз)...Рауан тәтесін көрді. Шашын бұйралап, ернін шиедей қызылға бояп, үстіне жасыл кофта киіпті...Қасындағы күжбан қара ер адаммен бастары түйісіп, қызу сұхбатқа кірісіпті...Тәтесі еркектің құшағына еніп барады. «Ұят-ай!...»...Рауан алма ағашының тасасынан шегінді де, ауладан шыға жүгірді». Автор бар шындықты баланың көзімен, түйсігімен суреттейді. Жүрегін әлі кір шалмаған бала әкесі жоқта, кішкентай қызын көршінің үйіне апарып тастап, «сайран салған» тәтесін көргенде, өз көзінен өзі ұялып, үлкендердің жиіркенішті отырысынан алғаш рет жан-дүниесі тітіркеніп, тұла бойы бір жарылыстан қақ жарылғандай, көкірегі ащы запыранға толып, жүгіре жөнеледі... «Бармаған ері жоқ. Баласынып, ешкім жұмысқа алмайды». Ақыры, «автомойка» деген жерге жұмысқа тұрады. Кешкі онға дейін жұмыс істемек. Жұмыс берушіден «үйім алыс еді» деп, қонатын орын алады. Бірге жұмыс істейтін балалармен тіл табысып кетеді. Сөйтіп, жүргенінде түн ортасында әлдеқандай бөтен екі жігіт келіп, қожайынның тапсырмасы деп, баланың сенбесіне қоймай төрт дөңгелек алып кетеді. Соңыра, қожайынның өзі келіп, Рауанның еңбекақысының қалғанын төлемейтінін, қарсыласса, «итше тепкілейтінін» айтып тілдеп, жұмыстан қуып шығады. «Кешеден ас ішпегендіктен қарны аш...Асқазанын алдап, колонкадан ағызып су ішті...Құр су нәр емес екен. Көзі қарауытып, басы айналған ол екі самса алып жеді...Әкесі Ақтаудан аман-есен жетті ме екен? Тәтесі іздемей жатыр ғой. Бірақ іздегенде не істейді? Үйден кетіп қалғаным дұрыс болмады? Әлде қайтып барсам ба екен?» Бала екіойлы күй кешкенімен, «қарасұр әйелдің өрескел қылығы есіне түсіп, жек көрді... «Үйден қашып кеткенде сынып жетекшісі Жанаргүл апайының араласуымен вокзалдан табылған...Жанаргүл апайы үйге кеп тәтесімен ұзақ сөйлесті. Орталау ғана білімі бар тоғышар, тоңмойын әйелдің баланы жек көретінін сезгенмен, нақты дәлелі жоқ еді». Автор шығарма сюжетінде панасыз баланың басынан кешкен тағыр талқысын бүге-шігесіне дейін қапысыз көркемдікпен суреттегенмен, кейбір тұстарында негізгі кейіпкерге қатысты қосалқы жағдаяттарды монтаж тәсілімен бір бетте баяндап, балаларға арналған шығарма талаптарын да ескеріп отырғанын байқаймыз. 

Тағдыр тәлкегіне түскен Рауанға өзімен тағдырлас Ақалақ деген ересек, ақылды, қамқор, ақынжанды бала жолығып, достасып кетеді. Екеуінің достық жарастығын, сырларын диалогта автор юмор арқылы өреді. Ақалақтың кеңесімен Рауан темір-терсек жинау жұмысына араласып, пұл табады. «Ақалақ үйіне, Рауан Шанхай базары жақтағы тұрағына кетті. Қара баланың көңілі астан-кестен. Ақсары ұлға бауыр басып қалыпты»,-деп автор бала табиғатын аша түседі. Автор хикаятында онейрикалық кеңістік бейнесі де бар: Рауанмен асыр салып ойнап жүрген балалар аң-құсқа айналып кетеді де, адамша сөйлейді. Рауанды өздеріне бастық етіп сайлайды. «Түс түлкінің боғы» дейтін атасы...Қызық-қ»,-дейді Рауан ояна келіп. «Бар даусымен айғайлағысы келді баланың. Бірақ даусы шықпайды. Тамағына бірдеңе кептеліп қалғандай. Жүрегі алқымына тығылып дүрсілдей соқты. Апыр-ай, осындай аппақ түн болады екен-ау!»,-деген ортақ сөз үлгісіндегі баяндауда сезімтал, ой-санасы сергек ұланның жан жарасы таңбаланады. Балаға қара түнді жамылған Ай мұңлы көрінді ме, өзі секілді жалғыз, көкте жүзген Айға бала мұң шағады: «-Ей, Ай! Естимісің мені! Сен жердегі тіршілік иелеріне сонау көктен, дәл төбеден қарап тұрсың ғой. Айтшы білсең?Ата-анам бола тұра неге мені сыртқа тебеді? Тәтем неге жек көреді? Бар жазығым одан тумағаным ба? Әлім келгенше айтқанын істеп жүрмін ғой! Өмір неге күрделі?! Өмір неге көңілсіз?! Ата-әже сағындым ғой сендерді-і!». Автор баланың көңіл-күйімен астастыра панасыз тірлігін де тебірене толғап, трагедиялық ахуалды асқындыра түседі: «Жылу трассасы өтетін жуан құбыр үстінен домалаңдап жерге түсті. Өзі лашық атаған «күркесіне» жетіп, қалыңдап жайған картон-қағаздарға қисая кетті күпәйкесін жамылып. Көзі ілінер емес, кірпігі айқасар емес. Қара баланың көз алдына ата-әжесінің бауырындағы бақытты шақтары елестеп, тізбектеліп өтіп жатты». Осы пассаждағы екінші сөйлемнің қалыпты тәртібі бұзылғанын, «күпәйкесін жамылып» деген эмфатикалық инверсия орын алғанын көреміз. Әрі интуитивті, эмоциональді баяндаудан автор интенциясы айқын танылады. 

Автор хикаятта Рауанның ауылда ата-әжесімен тұрып, балалықтың бал дәмін татқан шақтарын ретроспекция арқылы суреттей отырып, сюжет құрылымында ретардацияға (сюжетті созуға) да жол ашады. Бұл қатарға баланың темір-терсек жинап, мардымсыз тірлік кешіп жүрген кезінде қайырымдылық көрсеткен «қазақшаға судай» әзірбайжан Байрам деген кісінің әңгімесін, баланың амалсыздан компьютер клубында түнеуін, темір-терсекті мол жинап, тапқан біраз ақшасына киім-кешек алуға базарға барған баланың жұма күні мешітке келіп, имамның насихат сөзін тыңдауын (кейбір ата-аналардың өз перзенттеріне мейірімсіз болу жайын түсіндіруі) ретардацияның айқын үлгісі деуге болады. Алайда, автордың сюжетті баяулату тәсілі арқылы Рауанның психологиялық портретін динамикалық тұрғыда дамытып қана қоймай, авторлық идеясын да нығарлай түскенін көреміз. Дегенмен, балалар әдебиетінде ретардацияның (сюжетті баяулатудың) мол орын алуы жас оқырман қабылдауына салмақ болмай ма деген ойға да қалдық. 

Иә, оқу жылы басталғанда сабаққа келмеген Рауанды сынып жетекші Жанаргүл мұғалім іздейді. Мұғалім тағы да сенімсіздеу көрінген «қарасұр әйелге» келіп, баланың әкесінің мектепке келуін тапсырады. «Ұлының қайда жүргенін білмейтін, баласын ойлап, қайғырмайтын» әкесі мектепке келгенде оқушысын ойлап дағдарған мұғалім «қара сұр әйелді» айыптап: «-Өзі де ана емс пе? Апырым-ай, не деген қатігез жұбайыңыз?»,-деп күйіне сөйлейді. Ал, бала әкесі: «-Сіз өйтіп жарымды сөкпеңіз! Рауанның өзі де кінәлі. Барып тұрған қыңыр. Тыңдамай қашып кетіпті», -деп кесірлі, кесапат, долы әйелін «ақтап», баланы жөнсіз кінәлайды. Жалпы, автор хикаяттың өн бойында дәстүрлі «өгей шеше» мотивін жаңғырта дамыту негізінде тоғышар, долы, масыл әйел портретін өз «мені» жоқ, намыссыз, дүбара әкенің психологиялық мінездемесімен шендестіре реалистік шеберлікпен бейнелеп, әсіресе, қазіргі қоғамда сондай қолбала «әкелердің» көбейіп келе жатқанын, әкенің отбасындағы орны төмендеп бара жатқанын ащы сарказм арқылы шенейді. Жеке басының еркіндігі, «мені» жоқ, «қара сұр әйелдің» айдауымен, соны асыраудың қамымен ғана жүретін «баланың әкесі» өзінің мінез-құлқы, сөздері, адаммен қарым-қатынасы арқылы адамгершіліктен жұрдай екенін әшкерелейді. Жанаргүл мұғалім ынталы оқушысы Рауанның тағдыры үшін шырылдап жүгіреді. Баланың әкесіне мектеп ұжымының істі сотқа беретінін, бұларды ата-ана құқығынан айыратынын хабарлайды. Бұған да былқ етпейді, дереу мұғалімге келісімін берген қолхат жазып береді. Осыдан кейін мектеп ұжымы Рауанды іздеу іс-шараларын ұйымдастырады. Автор хикаятқа мектеп директоры бұйрығының мәтінін де келтіріп, деректілік сипат береді. Хикаятта қазіргі романдарда жиі кездесетін сюжеттің бей-берекеттігі (контоминациясы) де жоқ емес. Мектеп ұжымы іздеу салып жатқанда, Есіл бойындағы музыка әуеніне елтіп келе жатқан Рауан Кеша атты «бала аулағыш» әлдекімнің алдауына түседі. Ол балаға табысы мол жұмыс беретінін, жағдайын жасайтынын айтып, жақсылықты үйіп-төгеді. Кешамен еріп барса, өзіндей балалар бар екен, Арыстан деген баламен танысады. «Қой бағу деген аты ғана», Рауан мен Арыстан «ештеңе бітірмейді, қожайынның қойын жаятын бірнеше адам бар екен, бұлар ұйқысын қандырады, асықпай шай ішеді, ермектері-бейнефильм көреді». Бір күні екі бала күдіктене бастайды. Қожайынның «сенімді адамы сияқты» Еламан деген балаға ақша беріп сыр тартып, «курортқа келгендей жатыстарының» мәнін сұрайды. Автор осы жайды былай баяндайды: «Еламан біраздан соң барып: «-Жарайды, өзім де әне-міне айтайын деп жүрген болатынмын. Бұрын да талай балалар болған мұнда. Оларды да дәл сендер сияқты бір-екі ай тынықтырып, ұйқыларын қандырып, құнарлы тамақ беріп, әбден семіртіп алып кетеді. Қайта оралған ешкімі жоқ....Шын-өтірігін білмеймін, естуімше, сойып, ішкі ағзадағы бүйрек, бауыр сияқты мүшелерін сататын көрінеді». Шошынған екі бала Еламанды сатпасқа келісім беріп, қашып кетеді, жолда суыққа тоңып, едеуір қиыншылықтарға тап болады. 

 Рауан дәмханадан шыққанда Ақалақ досы жолығып, бірталай кеңес беріп, жігерлендіреді. Қала көшелерінен Рауанды іздеген хабарландыруларды көргенін айтып: «-...Кезбелікпен ұзақ жүрмейсің, үйіңе бармасаң, мектепке бар»,-дейді. Досымен қоштасқан Рауан мектепке бармақ болып, аялдамаға келгенде, полиция қызметкері тоқтатып, кәмелетке толмаған балаларды оңашалау орталығына әкеледі. Сот процесі өтеді. Рауанның әкесі Радолла баласынан әдеттегідей бас тартады. Жанаргүл мұғалім Рауанды балалар үйіне беруден басқа жол жоқтығын айтады. Рауан балалар үйіне бармаймын деп безектейді. Сот ісіне қатысып отырған қала әкімінің орынбасары бала әкесінің арсыз, надандығын бетіне басып: «... Әке деген аттан садаға кетіңіз! Сіздей қатыгез, сіздей рухани мүгедек кісілердің кесірінен қаншама бала тірі жетім жүр!...,-дейді. Бала әкесінің туған ағасы Жақсыбай Жанаргүл мұғалімнен телефон арқылы бар жайды естіп, Астанаға келген. Ол да адамгершіліктен безген, имансыз інісінің жер-жебіріне жетеді. «Ертеңінде Радолланың ағасы Жақсыбай Баянұлы мектеп директорына қолхат жазып беріп, Рауанды өзімен бірге алып кетті...(қысқартқан-біз). Астана-Алматы жолаушылар пойызында келе жатқан баланың көңілі көтеріңкі... Ағасы газет оқып жатыр. Вагон дөңгелектерінің бірқалыпты тырсылынан өзге дыбыс естілмейді. Рауан терезе алдында отыр. Қою түнге көз алмай ұза-а-қ қарайды»,- деп автор хикаяттың соңғы нүктесін қойыпты. Шынында, Толымбек Әбдірайым «Тұнжыр» атты хикаятында осы заманда панасыз, жетім, тірі жетім балалардың көбеюін, олардың қиын-қыстау тағдырын, сондай-ақ, қоғамда балалар құқығының толықтай қорғалмауының әлеуметтік-тұрмыстық факторларын негізгі проблематика етіп көтере отырып, оны хикаяттың басты кейіпкері, тірі жетім күйін кешкен, тағдырлы бала Рауан образы арқылы шынайы әрі көркем бейнелейді. Хикаяттың оқырман дүниетанымын кеңітетін, этикалық-эстетикалық таным-талғамын қалыптастыратын ұлттық сипаты, мазмұн байлығы, жанрлық-композициялық ерекшеліктері, автордың стильдік даралығы туындының поэтикалық құндылығын айғақтайды. Көрнекті қаламгер Т. Әбдірайымның «Ана аманаты», «Дала әуені», «Оралу» атты хикаяттары да жас оқырмандарын да, ересек оқырмандарды да бейжай қалдырмайтын, мән-мағынасы терең, көркемдігі кемел, шеберлік үлгілері екені даусыз. 

Қорыта айтқанда, көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің дарынды өкілі Толымбек Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағына енген әңгімелерінің, ертегі-хикаяттары мен хикаяттарының қай-қайсысы да автордың жазушылық тұрғысының қалыптасқандығын, шығармашылық шеберлігінің шыңдалғанын куәландырады деуге болады. Балалар әлемі – жалт-жұлт еткен көз ұшындағы сансыз жұлдыздардай жұмбақ әлем, қызықты да күрделі әлем. Жалпы, жазушы еңбегі азапты еңбек екенін ескерсек те, соның ішінде балалардың көңілінен шығатын шығарма жазудың да қиынның қиыны екені даусыз. Ал, Толымбек Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағындағы таңдаулы туындылары лаконизмге құрылған жатық та орамды тілімен, оқырман дүниетанымын кеңейтетін танымдық-тағылымдық, этикалық-эстетикалық мәні мол идеялық құрылымымен, оқырманды баурайтын қызғылықты сюжетімен ерекшеленеді. Жазушы қай шығармасында да жас өрен оқырмандарын адамгершілікке, ұлтжандылыққа, ұлттық дәстүрлерімізді сақтауға, ата-ананы, қарттарды қадір тұтуға, кішіге қамқор болуға, ел мен жеріміздің тарихын білуге, табиғатты қорғауға, мейірбандыққа баулиды. Жазушы туындыларында өмір сырларын, адам және жаратылыс әлемінің құпия құбылыстарын, көзге көрінбес қатпарларын бейнелеуде психологиялық талдау өнерінің психологиялық портрет, диалог, монолог, ортақ төл сөз, психологиялық сипаттағы ремарка беру іспетті тәсілдерін шебер қолданады. Қысқа әңгімелері өткір диалог, деталь беру шеберлігімен ерекшеленеді. Автор шығармаларының мәтіні интермәтін, реминисценция, әлқисса, стилизация, үлгілеріне бай. «Ұшатын кілем» ертегі-хикаяты жанрлық жаңғыру құбылысымен, атап айтқанда, жанрлар синтезіне құрылуымен, қазіргі жас буын оқырман ықыласпен оқитын фэнтези жанрына тән сипаттарымен ерекшеленеді. Бұл – жаңашылдық. Сондай-ақ, ертегі-хикаят ішінде ертегі құрылымының енгізілуі-композициялық жаңашылдықтың тағы бір мысалы. Жазушы туындыларында аллегория, инверсия тәсілдерін, көркемдік бейнелеу құралдары арсеналдарын, мақал-мәтелдердің бай қорын, юмор мен сарказмді де ұтымды пайдаланады. Автор шығармаларының нарративтік жүйесіндегі баяндау инстанциялары автор-баяндаушы немесе нарратор, автор-куәгер, баяндасушы-наррататор, әңгімеші сипатында айқындалады.

Жалпы, көрнекті қаламгер, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Толымбек Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағына енген әралуан жанрдағы туындылары көркемдік-эстетикалық, жанрлық-cтильдік, композициялық жаңашылдықтарымен, дүниетанымдық-поэтикалық құндылықтарымен, жас буын оқырманы ғана емес, қандай оқырманның да зердесін баурайтын интенционалдық қуатымен қазақ балалар әдебиетінің қазынасына қосылған зор үлес екені даусыз. Көркем әдебиетті диалогтық қатынас сипатында тұжырымдаған көрнекті орыс ғалымы М.М.Бахтин айтқандай, автор-шығарма-оқырман арасындағы диалогтың ешқашан аяқталмайтынына Т.Әбдірайымның «Ақ кептер» жинағын оқыған біз де көз жеткіздік десек болады.

Раушан Әбдіқұл 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің қауымдастырылған профессоры 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар