Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Талғат Кеңесбаев. Ойшоғыр (повесть)...

16.02.2016 5981

Талғат Кеңесбаев. Ойшоғыр (повесть)

Талғат Кеңесбаев. Ойшоғыр (повесть) - adebiportal.kz



«Ойшоғыр» қандай шығарма?

(Жазушы Т.Кеңесбаевтың «Ойшоғыр» повесті хақында)


Әдебиет әлеміне енді ғана келсек те, алдыңғы буын ағалармен шығармашылық жақын байланысқа түсіп, араласып-құраласып жүрміз. Жуырда Астанадағы бір үлкен жазушы ағамыз басқаратын әдеби журналдың редакциясында болған едім… Ағамызбен әңгімелесіп отырып, үстел бетінен «Ойшоғыр» деген көлемді шығарманы көріп, сол сәтте-ақ, оқи бастадым. Ағамыз менің бұ шығармаға қызығушылық танытқанымды байқаса керек, «Қолжазбаларды үйіңе алып кет. Танысып, оқып шық!» деді. Басында шығарма кімге тиесілі екенін білмедім. Үйге келген соң, мұқият назар аударып, бар ынта-шынтаммен оқып шықтым. Керемет! Соңғы бір-екі жылда тұщынып оқып, үлкен әсер алған шығармам екенін жасырмаймын! Авторы – Талғат Кеңесбаев!

Өздеріңіз білесіздер, жазушы Талғат Кеңесбаевтың әдебиеттегі өзіндік орны, оның қаламгерлік ұстанымы, тіпті, прозадағы қолтаңбасы да ерен. Өзге қаламгерлерге ұқсамайды. Ұқсамайтындығы – оның өзіне ғана тән үні, стилі, бағыт-бағдары бар. Аз жазса да, саз жазатын қаламгердің бұл шығармасы – жанр жағынан «повесть» деп аталыпты. Бірақ, бұл туындыны «повесть» емес, «роман» десе де артық болмас. Бұл соған сұранып-ақ тұрған шығарма! Иә, кейбіреулер ойлауы мүмкін, «роман» деген ауқымды, көлемі де едәуір көп болуы тиіс деп. Бірақ, бұл әдебиет теориясы тұрғысынан алғанда, шартты ғана нәрсе .

Теорияға сүйенбейік, «Ойшоғыр» повесті – диапозоны кең, ауқымды шығарма. «Ойшоғыр» – жазушының өзі өмір сүріп отырған қоғамынан көрген-білген, көңілге түйген, жүрегі жараланып, тәні емес, жаны ауырған сәтінде ішінен айтқан «әттеген-айы». Өзекке шоқ боп түскен өкініш – ХХ ғасыр соңындағы қазақтың өмірі. Тәуелсіздік алған елдің ғасыр соңындағы өмірі нарықтық кезеңге тап болып, экономикалық-әлеуметтік тұрғыдан үлкен қиыншылықты басынан өткерген еді. Міне, повесть осы мәселелерге жауап іздейді.

«Ойшоғыр» қандай шығарма? «Ойшоғыр» не айтпақ болды? «Ойшоғыр» шығармасының басты идеясы қандай? Жауап – шығарма ХХ ғасыр соңындағы қазақ азаматтарының өмір жолынан көрініс беретін рухты шығарма. Себебі: тіл, дін, діл, салт-сана мәселелері шығарманың негізгі күретамыры болған. Автор ұлттық рухты айқайлатып айтпаса да, ішінара «жылт» еткізіп, рухты оятып, намысыңды жаниды. Көпсөзділікке ұрынбаған автор, «арық сөйлеп, сезім шығуды» мақсат еткен. Автор – шындықты жазушы. Бір ғана сөйлемімен, өткен КСРО-ның зымиян саясатын әшкерелеп өтеді. Шығарманың кейіпкерлері – өзіміздің арамызда жүрген, күнде көріп жүрген замандастарымыз. «Ойшоғыр» – үлкен ой жиынтығы. Әлеуметтік тұрғыда таразыға тартылған қазақ отбасыларының өмірі, саудаға түскен ұлттық құндылықтар, құнын түсірген әдебиет, ақ жолынан адасып, өзге діни секталардың құрбанына айналған қазақ қаракөздерінің тағдыры шығарманың көкөзегіне (лейтмотиві) айналған. Бұл шығарма – ұлттық трагедияны суреттейді. Автор өзінің нысанына алған тақырыпты жан-тәнімен күйзеле отырып меңгеріп, ой-қазанына әбден пісірген. Кескілеуге қайшы салдырмайтын, қамшылауға қамшы түсірмейтін шымыр сөйлемдерден тұратын шығарманы тек оқу керек. Ал, жазушының шеберлігі, шығарманың көркемдік ерекшелігі, тілдік, стильдік һәм жанрлық сипаты, стилтистикалық бояу-реңі жөнінде айтар сөзіміз алда. Қазіргісі – қаламгердің туындысын оқырманға ұсыну.

Мен, автордың 1998 жылы жазылған бұл дүниесінің ІІІ нұсқасымен де таныстым. Алғашында – «Терезенің саңылауы» деп аталған повесть, 2016 жылдың басында автордың қайта қарауымен жалғасып, шығарманың көлемі де, айтпақ ойдың аясы да кеңейген көрінеді.

Мен бұл шығарманы «Әдебиет порталына» жариялау жөнінде автордан рұқсат сұрамадым. Сұрамаймын да! Меніңше, әрбір қаламгердің шығармасы – халықтікі, оқырмандікі. «Дәннің барар жері диірмен» демекші, жазушы Талғат Кеңесбаевтың бұ шығармасы да халықтікі. Ендеше, қадірлі оқырман, бұл шығарманы оқып, қараңыз. Задында, Талғат Кеңесбаев – шет елдің жазушысы емес, осы қазақ топырағында дүниеге келген, қазақтың қарапайым баласы. Бұл шығармаға арқау болып отырған мәселенің бәрі – қазақ өмірінен, 90 жылдардың басындағы қазақтың тұрмысынан алынған детальдар мен штрихтардан тұрады. Оқыңыз, шығарма ішінен өз тағдырыңызды көріп, өткен-кеткен уақытты бағамдап, келешекті, бүгінді ойлаңыз.

Автор бұны созып тағы да жалғастырып жазуы керек. Неге десек, бұл соған сұранып тұр. Автордан рұқсат сұрамағанымда осы – жазса деген ниет еді. Ендігі міндет – Талғат Кеңесбаев өзінің шығармашылық аясын кеңейтіп, повесть жанрынан бір саты биікке көтеріліп, өзінің оқырмандарына, қазақ қауымына, өзінің алғашқы романын тарту етсе, онда Кеңесбаев мырза өзінің профессионалдық прозадағы биігіне көтерілгені. Менің де, оқырманның да сұрауы – осы. Егер, автор осы ойымызды ғаламтор арқылы оқи қалса, ойымызға бейжай қарамай, құрмет танытып, ойымыздың түзу, әдебиетке деген жанашырлық пейілден туындағанын байқап, түсінер. Шартымыз – осы.

Жазушы ағамыздың қаламына Тәңірі Тағала қуат беріп, өзіне күш-қайрат берсін деген «тәтті» тілек тілей отырып, үлбіреген үмітімізді ақтар деп зор сеніммен «Ойшоғыр» повесті үлкен романға сұранып тұрған ХХІ ғасырдағы әлеуметтік прозаның жетістігі болатын шығарма деп түйіндеп, осы жерден тоқтайық.


Елдос ТОҚТАРБАЙ,

әдебиеттанушы



ОЙШОҒЫР

Повесть

«Әркімді заман сүйремек…»

Абай


…Сағым көтеріп, сағыныш буған Алатауға қарап Телжан ойланып тұр. «Қанша жыл өтті? Иә, иә, бақандай он жыл зырлап өте шығыпты-ау. Жас ақын-жазушылардың жиынына келгендеріне… Алматыға сонау Алтайдың бір қолтығында жатқан ауылдан келген ол бас-аяғы бір аптада республикаға танымал боп шыға келемін деп мүлдем ойламаған… Газеттер күн құрғатпай суреттерін басып, радио-телевидение дегенің кезекпен-кезек тікелей эфирге шығарып, әп-сәтте «жұлдыз» боп шыға келді… Ауылға телефон соққанда келіншегі өкпелей сөйлеген: «Сен немене ұлың екеумізді ұмыттың ба?! Телевизорға түскенде ылғи жаныңда мөлиіп тұратын қыз кім?» — демесі бар ма. Ақ көңіл, ақ көйлек Телжанның үйленгеннен бері келіншегінен естіген ауыр сөзі осы болды.

Еркек емес пе, ашуланған!

«Өзің емес пе едің, талантыңды өшірмей, Алматыға ұмтыл, аяғыңа байлау болмаймын» деп салған.

Әйелінің жеңіле қою екіталай. «Етегіңе жармастым ба?… Барамын дедің. Бар дедім. Тек анау балағыңа ошағандай жабысқан қызыл көйлекті қыз кім дегенім бе «сезікті секірер» дегендей, шегірткедей ыршығаның не?» – деді дауысын көтеріп.

Енесі жарықтық айтушы еді, ұлы дүниеге келгеннен кейін «Қарағым, Телжаным, мына менің қызыммен айтысып-тартысып жеңбейсің. О заман да бұ заман, Керейдің қыздары ешкімнен жеңілмеген, «әке-көке» деп алдай сал» дейтін… Сол есіне түсе қалды.Тез бойын жинады.

– Жаным-ау, күнім-ау! Қатын боп қызғанғаныңнан айналайын. Сені түнде түсімде көріп едім, Ертістің ағынына қарсы итеріп жатырсың, осыған көрінген екен ғой… Барамын ғой екі-үш күнде ұлдарымды ерекше сағындым», – деп өтірік-шыны аралас сөздерді айтып-айтып жіберіп еді, Райханның даусы дірілдеп, еріп сала берді.

– Сен өзі үш мезгіл тамағыңды ішіп жүрсің бе? – деп сұрады.Телжан соңғы бес жылда күндіз-түні қағаз шимайлап, қилы-қилы мінезді кейіпкерлерді басынан өткізген бір әйелдің көңілін аулай білетін жағдайға жеткен кезі еді…

– Баяғыда, студент кезде, сенің бөлмеңнен жеген рожкидің дәмі ауызға келді ғой, – деп бірді тастады.

– Қашан? Есімде жоқ, мүмкін ана Үржардың қызының бөлмесінен жеген шығарсың, – деген кезде Телжанның үні өшті.

– ?…

– Алло! – деді Райхан дауысы ап-анық шығып, – Қайдасың?

– Иә, иә. Тыңдап тұрмын ғой.

– Сен кетер күні таңертең «бір жаңалық бар сияқты ма» деп едім ғой сол рас-ау деймін… Кешеден бері әлгі гранат дегенді жегім кеп аңсарым ауып кетеді. Қызық, ә…

– ?…

– Алло, папасы, тыңдап тұрсың ба, ақшаң болса, бір-екі килосын ала салшы. Сондай қиын жегім кеп тұр.

– Неге? – деп сұрады Телжан.

– Неге деп менен сұрап тұрсың ба? – деп келіншегі күлді. – Жарайды, қашан қайтасың? «Шалқар» радиосынан сөйлепсің ғой. Әйелім, ұлым бар деп айттың ба?

– Радионы тыңдаған екенсің ғой…

– Жоға, біздің үйде радионы жөндейтін еркек бар ма? Дүкенге барғанмын, сатушы әйел айтты. «Жаңа ғана жігітің сөйледі. «Әдебиет», «әдебиет» деп бір әйелдің атын үш рет айтты. Тіпті, сенің атыңды атамады да… «Туған жерім – жер жәннаты» дегеніне де шүкір» деп соғы-е-е-е-е-п отыр. Мен қарап тұрамын ба: «Жеңеше, сіз білмейді екенсіз ғой, менің азан шақырып қойған атым «Әдебиет» қой дедім. «Мәдениет деген бөлемнің атына ұқсастырып қойған» деп періп жібердім. Көзі «банка» болды ғой.

– «Жап-жас боп қатыншылын қарашы қайнымның» деп бетін шымшып қалды. Мені ұмытқан жоқсың ғой, иә?!

– Есің дұрыс па? Ұмытқаны несі, сендерді сағынып өлгелі жүрсем. Үйден шыққаныма бес күн емес, бес ай болған сияқты, – деп шынын айтып еді, келіншегі қорғасындай еріп кетті.

– Сенің тілеуіңді тілейміз ғой. Аман-есен оралсаң болды. Кеше кешкісін Ахмет нағашымның үйіне звондағанмын. Нағашым дачаға кетіпті, жеңгем саған риза боп отыр. Жүз грамм ішпейді екен деп. Дұрыс, сен күйеу баласың, басқа жерде ішсең ішерсің, туыстардың үйінде сол құрғырды татып алмашы, сен іше де алмайсың ғой, екі стөпкіден кейін қылжиып қаласың ғой. Айтпақшы, қайтарда гранаттан бір кило ала келші, сен келгесін үйге кісілер келеді ғой, өрік… мейіз…

Осы кезде «уақыттарың бітті» деп телефонистка үзіп тастады.

Телжан өкініп қалды. Бөлменің ішін әрі кезіп, бері кезіп біраз жүрді де қойды. Кенет терезенің алдына кеп тоқтағанда көзі ақбас Алатауға түсті… «Біздің Мұзтауға қатты ұқсайды екен. Тіпті, егіз сияқты. Бірақ, мына дүниенің екі бұрышында…» деп ойлады. «Келгелі Көктөбеге бір шықпаппыз ғой». Аяғына кроссовкасын киді де, далаға беттеді. Қонақ үйдің алдына шыққанда шашы жалбырап Семейден келген прозаик жігіт тұр екен.

– Ассалаумағалейкум, бауырым! – деді, көз таныс боп қалған жігіт.

– Неғып тұрсың таң атпай?

– Қонақ үйдің күзетшісі қуып шықты, әкеңнің… Ертең қорытынды ғой. Бір күннің әрі не берісіне шыдармын. Бір повестьпен қатыстым, ілігемін бе, білмеймін, қай секцияға түскенімді де білмеймін. Обком комсомолдың жолдамасын ала алмадым, – деп күрсініп қойды. – Холда тұрған дивандарын аяй ма, әкеңнің…

Телжанның есіне Ахмет ағасының «Анау Семейден келген жігіттен бірдеңе шығады. Стилі жақсы!»- деген сөзі есіне түсті

–?…

– Бауырым, бөлмеңе кіріп жуынып алуға бола ма?

– О, не дегенің?! Түнде келсең ғой, холға түнегенше, диван бос тұр ғой.

– Ауылға телефонмен сөйлесемін деп заказ бергенмін, креслода ұйықтап қаппын… Таңертең телефонның безілдеген даусынан шошып ояндым! — деп күлді…

– Дұрыс болған сөйлескенің… Үй ішің аман ба екен?

– Шүкір, рахмет! Мен Көктөбеге бара жатыр едім… Жүр «Көктөбеге» барып келейік… Аспалы көпір арқылы көтерілеміз….

– Ой, қымбат шығар… Өзің бара бер, мен осы жерде тоса тұрайын. Әкеңнің жоқшылық әбден қысты, біз қолына қалам ұстаған қазақ қаламгерлері Толстой сияқты бай болуымыз керек! Бара бер! Мен тоса тұрайын!

– Тоса тұрамының не? Мә кілт, бөлмеге кіріп, жуынып-шайынып демала бер…

– Жо-жоқ иесі жоқ үйге кірмейтін әдетім еді…

Телжан шаршап тұрған жігітті аяп кетті де:

– Қой, бұл не тұрыс? Жүр, қысылма! — деді. Екеуі бесінші қабаттағы Телжанның бөлмесіне келді.

Семейлік жігіт боқша дорбасынан орамалын, сабыны мен сақал қырғышын алып шықты да, жуынатын бөлмеге кеткен кезде есік қағылды. Ашса, фестивалге келген Тараздың асау ақыны Бауыржан екен…

– О,Бауке, жоғары шық…

– Телжан, Семейдің прозаигін көрдің бе?

– Мұнда… – деді Телжан, ванна жақты иегімен нұсқап, …

– Уһ! – деп, Бауыржан орындыққа отыра кетті. – Қызық жігіт өзі… «Кілтті дежурныйдан аласың!» деп айтып кеткенмін… Кеше кешкісін Көсемәлі екеумізді Сайын ағай таудағы дачасына шақырған, өте кеш келдік… Келсем, бөлмеде жоқ дежурныйдан сұраймын, «Кілті тастап, кетіп қалды» дейді. Ұят болды… Сенде түнеді ме?

– Жоқ, есіктің алдынан кездестірдім. Сайын аға «Жабайы алманы» жазған жазушы ма?

– Иә, керемет ағамыз ғой. Ұят болды-ау, а… Мен буфетке барып бірдеңе алып келейін…

– Менде барайын! — деп Телжан оған ілесе шықты.

***

– Ну, мальчики! — деп күле қарсы алған ұйғыр әйелі Бауыржанға көзі түсіп ойланып қалды да, «Не қалайсыңдар?» деді…

– Мантыдан үшеу, үш пирожки, лағман заказ берсек бөлмеге апаруға бола ма?..

– Бөлмеге апартындай не болды сендерге, ауырып қалдыңдар ма? Осы жерде отырып-ақ ішсеңдерші! «Тар жерде отырып тамақ ішкенше, кең жерде отырып таяқ жеген жақсы» деген сөз бар ғой…

– «Рас-ей!» – деді Бауыржан, – «Ертағаны шақырып келейік…»

– Оны қасқыр жей ме? Біреуің барсаң да болады ғой. Ал сен, Сәкен Сейфуллинге ұқсайтын жас жігіт, қала тұр. – деп алтын тістерін жарқырата күлген ұйғыр келіншек Бауыржанға сүйсіне қарады.

Телжан бөлмесіне келсе, Ертаға танауы пысылдап, ұйқыға кетіпті…

****

«Ағай… Ағай» желке тұсынан шыққан дауыстан селк ете түсті. Жалт бұрылып қараса, хатшы қыз екен.

– Неге телефонды көтермейсіз…Сізді срочно бастық шақырып жатыр…

– Ааа…

– На ковер…

Есік тарс жабылды да туфлидің өкшесі тақ-тұқ етіп ұзай берді.

«Телефонның дауысын қалай ғана естімедім».

Кабинетінен шығып бара жатып, кең терезеден анық көрініп тұрған Алатауға тағы да көзі түсті. Ұшар басынан бұлттар үзіліп-үзіліп көшіп жатыр екен..

Бұлттар көшіп….

Нәзік ..

Балаң ақынның бармағы майысып отырып жазған алғашқы шумақтары сияқты…

Сәл-пәл түсініксіздеу…

***

…Ұзын дәлізбен қабылдау бөлмесіне қарай келе жатып, алдыға басқан аяғы кері кетті, мың-миллион құмырысқа илеуінен қашып, бұның арқасын паналағандай жауырыны жыбырлап жынына тимесі бар ма?!

…Орындыққа елеусіз отыра кетті. «Көппен көрген – ұлы той, жігіттермен бірге Ақмолаға тартып кету керек еді,» — деп ойлады. Оған келіншегі қойды ма, «Осы министрлікте істегеніңе үш-төрт жыл болды, сенен кейін келгендер «Самалдан», «Мамырдан» үй алып жатыр. Сен болсаң ынжықсың, не жарығы, не суы жоқ «Шаңырақта» отыра береміз бе? Мына екі ұлың ертең-ақ үйленеді, сонда елге не бетіңмен қарайсың? – деп, үлкені үшінші класс, кішісі бес жастағы екі ұлын көз алдында «үйлендіріп» те тастады. Қойшы, әйтеуір, таңертең бастығының алдынан бір-ақ шыққан. Сөзін әріден бастаған: сонау Өскеменнен арман қуып Алматыға келгені, келіп алған соң пәтерден пәтер ауыстырып, жер алып, шағын үй салып алғанын, әзірге жарық пен су мәселесі ғана шешілмей тұрғанына дейін қозғаған. Осыншама уақыт сөйлегенінде бастығы тыңдады да, үн-түнсіз шығарып салған.

Содан бері бір апта өтсе де бастығының «үнсіздігі» жанын жегідей жеген. «Мекеме Ақмолаға көшіп жатқанда Алматыда қалайын, үй беріңіз» — дегені орынсыз болғанын өзі де сезеді. Бастығы не ойлады екен?! Не ойлаушы еді?.. «Нашар жігіт екен, командама алып едім, қиыншылықтан қашып кетті»…

– Телжан Алтаевич, неге отырсыз, бастыққа кірмейсіз бе? – деген хатшы қыздың дауысын естігенде селк ете түсті.

Буын-буынынан әл кетіп, бастығының алдына барды.

– Жағдай қалай?

– Жа-ақсы.

– Міне, біз жолға дайындалып жатқан, — деп, бастығы кабинет ішіндегі ұқыпты жинақталған қораптарға көз жүгіртіп өтті. – Ертең контейнерге тиейміз де, «Ақмола қайдасың?» деп тартып отырамыз. «Осы аңсаған мемлекетімізді коррупция кемірмесе екен! Жатсам, тұрсам ойлайтыным осы. Әй, қиын-ау, қиын», — деп министр басын шайқап-шайқап қойды.

– Ертең ертерек келемін, тым құрыса жүктерді тиесіп жіберейін, көшке ере алмағаныма ренжімеңіз, — деді бар күшін жинап.

– Жоқ, әуре болма! Бүгіннен бастап сенің өз шаруаң басыңнан асатын болады.

«Өз шаруаң» дейді бастығы. «Менен аулақ жүр!» дегені ғой. Іші удай ашыды. «Не де болса, жігіттермен бірге кету керек еді».

– Екі айдан соң, баспаға қызметке орналасасың, екі жыл бойы кезекті демалысыңды алмапсың.

– Ренжімеңіз маған! — деді басын көтермеген бойы.

– А, айтпақшы, — деп бастығы күліп алды. – Ұмытып барамын, ана жолы айтқаның жақсы болды. Кеше әкімшіліктен алашақ үйлеріміз бар еді, саған үш бөлмелі пәтер беретін болдық.

– Не?! – Орнынан атып тұрды. Есі шыққаны соншалық, үстелді айналып, бастығының алдына жетіп барған.

– Рас па?

Бастығы күлді. Қолына үйдің бір жапырақ қағазын ұстатып, арқасынан қақты. Аузына сөз түспей кабинеттен шығып бара жатып, қайта кірді.

– «Рахмет!» – деді көзіне жас алып. – «Бұл жақсылығыңызды ұмытпаймын, Құдайдан қайтсын!»

– «Отыр», — деді бастығы орындықты нұсқап. – «Екеуіміз ұятқа қала жаздаппыз».

– Қалай?

– Сенің менде жұмыс істегеніңді елдің бәрі де біледі. «Жанында жүрген жігітке үй бермей кетті» деген жаман атқа қалдыра жаздадың! Өзің шешіліп ештеңе айтпайсың, қайдан білейін, саған пәтер керегін. Ал қазір, мына қағазға менің атыма өтініш жазып бер, — деді бастығы, күліп.

– Алтеке, бір бөлме болса да жетер еді ғой… – деді даусы дірілдеп.

– Қазаққа үйдің көптігі жоқ! – деді бастығы. – Тезірек жаз өтінішіңді, уақытым жоқ, «Шаңырақтағы» үйіңді саяжай қылып ал…

Телжан өтінішті әрең жазды. Бастығы қонжитып қолын қойды. Бар болғаны осы.

Аялдамаға келіп, үйдің қағазын мұқият оқып шықты да, орамалына орап, төс қалтасына салып алды.

Автобустың төбесі көрінер емес. Такси ұстамақ болып қол көтергені сол еді, «шиқ» етіп «Опель» кеп тоқтады.

– Шаңыраққа».

– «Шаңырақ» деген қай жер?..

– Рыскулова – Петрова и дальше – деді. Өзінің қолы әрең жеткен «Шаңырақты» білмегеніне ыза болып.

– Қанша төлейсің?

– Өзіңіз біліңіз, — деді мәрттік танытып.

– 200?

– Кеттік.

«Опельге» мініп тұрғаны осы. Іші кішігірім үй сияқты. Бір түрлі жылы, бір түрлі қызық. Қарға адым жүргеннен кейін, жүргізуші шал жанар-жағармайдың қымбаттағанын айтып зар жылай бастады. Шопырдың сөзін бөліп тастап, өзінің талай жылғы арманының орындалғанын, бастығынан жомарттығын жайып салды.

– Құтты болсын! – деді бағанадан шаршап сөйлеп отырған шофер көңілденіп. – Абрам Иванович.

– Телжан, — деп қолын ұсынды.

Танысып алғасын өзін еркін сезінді.

– Абрам Иванович, сіз де біздей кезіңізде пәтерден пәтерге көшіп жүрген шығарсыз?

Орыстың шалына сұрағы ұнамай қалды ма, жылдамдықты үдетіп жіберді. – Верный – наш город.

Осы шалдың «личный жизнін» сұрап нем бар? Семейдегі досым – Ертаға болса, мына шалды шырқ үйіріп, мәшинесін мақтап, «Опельде» неше үйір жылқының күші барын, жеті атасынан бастап жіліктеген кезде шал бұларды жүз теңгеге «Шаңыраққа» қалай апарып тастағанын өзі де білмей қалар еді. «Опель» зуылдады. Телжанның көз алдына құмырсқаша қыбырлап, баспана салып жатқан қазақтың балаларының тірлігі кино лентасындай зырылдап өте шықты.

Өзінің қоржын үйінің ауласына келіп тұмсық тіреген кезде:

– Осы үй сенікі ме? – деді Абрам Иванович.

– Иә.

– Шіркін, особнякқа не жетсін!

Іші жылып сала берді. Қалтасынан жүз теңгеліктің төртеуін суырып «опельдің» иесінің алақанына салды.

– Үйге кіріп, шәй ішіңіз?

– Рахмет, Телжан бауырым.

Терезеден бәрін көріп тұрған келіншегі: – Неменеге жетісіп, таксилетіп жүрсің? – деді өкпелеп.

– Енді, енді…

– Жүр, сөйтіп, балаларға одан да печенье ала салсаң қайтер еді.

– Балаларға үй әкелдім! – деп, жылдам-жылдам бүгінгі күнгі «ұлы жаңалығын» жеткізген. Келіншегі пәтердің қағаздарын кеудесіне басып, ал жыласын келіп. Даладан жүгіріп келген екі ұл үрпиісіп, әке-шешесіне қарап тұр.

– Әкелеріңді құшақтап, беттерінен сүйіңдер.

Ұлдары жақындаған болды. Өздері бірдеңеден қорқып тұр. Шешелеріне тығыла береді.

– Сен қазір базарға барып кел, — деді суық сумен бетін жуып жатқан келіншегі.

– Менде үш жүз теңге бар.

– Иномаркамен жүргенді білесің, – деп келіншегі сандықтың түбінен жүз доллар алып шықты. – Балаларға аяқ-киім аламыз ба деп сақтап жүр едім. Таксилетпей, Аманжолдың машинасымен барып келсеңші.

– Үйінде ме?

– Иә, жаңа Жамал келіп кеткен. Біраз бензин құйып бер, ұят болмасын.

– Кеттім онда, – деді Телжан.

– Тоқтай тұр. Курстастарыңа айтарсың. Келгені келер, келмесе өкпе жоқ…

– Кете берейін бе? Семейге Ертағаға звондайын.

– Тұра тұр. Шымылдығың желбіреп тұр ма? Әйгерімге айтсаң айтарсың, анауыңды қоя тұр… айтпақшы, «обменный пункттің» алдындағы жалған ақшаға айырбастайтын жылпостардан байқа!

– Қиын қызықсың ғой. Бала емеспін ғой.

– Кешке ұрттап алып, «Алтайдай жер қайда?» — деп жүрме! Ұят болады.

– Райхан, болды ғой енді.

– Тұра тұр, алатын тамақтардың тізімін жазып берейін. Ұлдарыңды ала бар…

– Ура! – деп қуанды екі ұлы. – қалаға барамыз.

– Бөгет қылып қайтемін бұларды?

– Ертіп жүруге ұяласың ба? – деді келіншегі. – Күлге аунап тапты ғой дейсің бе, өз ұлдарың!

Көршісінің «Москвичімен» дастарханға керектінің бәрін жеткізіп алды. Қазан көтеріліп, ет піскен кезде көршілер мен қаладағы туыстар да келіп қалды. Бәрі мәз. Пәтердің құжатын қолдан-қолға өткізіп көріп жатыр. Ол қатты қобалжыды. Ет пен сорпа ішіп отырған қонақтардың біреуінің май бармағы «Телжан Алтаев» деген жазуды басып қалса қайтпек.

***

Қонақтар үйді-үйіне тарасып, ыдыс-аяқты жинастырып жатқан кезде, жалп етіп жарық өшті. «Шаңырақтың» тұрғындары үшін бұл үйреншікті жағдай болса да, дәл осы сәтте қараңғылық орнағанына ыза болды.

– Бұлар өстиді, енді.

– Сенімен ерегесіп жүр ме еді, өшіргісі келсе, өшіреді… Одан да пештің аузын аш та, оттың жарығымен балаларды төсегіне жатқыз.

Берілген тапсырманы орындап келсе, Райхан пердені ысырып, үй ішіне ай жарығын молынан түсіріп қойыпты.

– Папасы, үйдің құжаттарын әкелші, көрейін.

Сандықтан пәтердің қағазын алып келді.

– Ой, жылағаның не?

Келіншегі иығы селкілдеп, үнсіз жылады. Қапсыра құшақтап алды. «Ақылдым менің, сен болмасаң қайтер едім. Өскеменде пәтерден пәтерге көшіп жүргенде сыр бермедің». Шашынан иіскеді.

– Сені сүйем, Райхан, сенен басқа ешкімнің керегі жоқ…

– Рас па? – деді келіншегі кемсеңдеп.

– Рас, жаным, сенен басқа ешкімнің керегі жоқ маған.

– Саған менен басқа қатын бір күн де шыдамайды. Айтып-нұқып отырмаса, аяғыңды баспайсың ғой…

– Иә, жаным, сен болмасаң…

Екеуі құшақтасып, күбірлей бастады. Ақсаумал сәуле үйдің ішінен шыққысы келмей шыр айналды.

***

Пәтер деген аты болмаса, он екіде бір нұсқасы жоқ болып шықты. Құрылысшылар бастаған да тастаған. Суық суынан басқа ештеңесі дайын емес. Жарық тартылмаған. Телжан қатты қобалжыды. – «Көппен көрген ұлы той», ептеп жөндеп аламыз ғой, – деп, келіншегі көңілін өсіріп қойды.

Екі жұма тырбаңдап, қабырғаларын әктеп, сыртқы қос есікті салдырды. Ыстық су мен газды қосса көшіп келмек.

Бір күні әбден шаршап, ай жарығымен үйге келсе, шам түбінде келіншегі хат оқып отыр.

– Тамағың дайын тұр, – деді күлімсіреп. – Папасы, мен ертең балаларды ертіп ауылға қарай жүріп кетсем, өздері келе алмайды екен… Жамал проводниктермен келісем деп отыр…

– Дұр-ры-ыс, – деді есінеп. – Барсаң бар, мені қайтесің, скоро аллергиям басталады ғой… Мен де сендермен бірге барайын ба?

– Ештеңе етпейді, оншақты күнде қайтып келеміз, жолда Семейге, Әйгерімге, бір күнге соқсам болады.

– Ертағаларға деп айтсаңшы. Ер адамның есімін бірінші айту керек, – деп түзетті.

– Әй, соныңды қойшы. Айналайын Әйгерім болмаса, – деп келіншегі құрбысын мақтап жатыр…

***

Сонымен, Телжан үш бөлмелі пәтерде жалғыз өзі. «Шаңырақтағы» үйге алаңдамайды. Көршілері сенімді. Жалғыз серігі – радиоқабылдағыш. Кешкісін білте шамның жарығымен кітап оқыған болады. Әбден зерікті. Жұмысты қайнатып жіберуге болар еді, оған ақша қайда? Бәрі удай қымбат. «Китайский» дүние алмаңдар, – деп анау күні қонақтар санасына патриоттық сезімді мықтап құйған. Басқаға шама қайда? Жоқ! Ауылға ертіп кетпеген Райханға өкпелі.

Есік қағылды. Орнынан сүйретіле тұрып, құлыптың құлағын бұрады. Өз көзіне өзі сенбейді. Босағада баяғы «Опельдің» иесі тұр.

– Абрам Иванович!

– Да, откуда вы меня знаете?

– Помните «Шаңырақ»?

– Какой еще, «Шанырах»?.. Ладно, – деп қарқылдап күліп алды да, – Черт с вами! Сіз бен біз көрші болдық, – деді.

– Құтты болсын!

– Жағдай былай, бауырым, қазақтармен көрші болған қандай жақсы, — деді ыржалақтап. – Жаңадан есік қойғызып едім. Қарай саларсың. Үйде балалар бар ма?

– Құдайға шүкір, екі ұл.

– Жөн екен, біз қалада көп болмаймыз, әйелдің төркіні Германияда еді, екі-үш ай сол жақта боламыз ба деп жүрміз. Балаларыңа да ескертіп қой, есікті қолдарымен ұстап жүрмесін.

– ?

Осы кезде көршінің жылтыр есігін талпақ танауымен итеріп бульдог шықты да, теңселіп жақындай берді.

– Кому говорят? Ложись на место! – деп иесі зекіген кезде, зып беріп ішке қайтадан кіріп кетті.

– Өте ақылды ит, – деді Абрам Иванович, – бұл үйді шынын айтсақ, осы үшін алдық. Ана жақта көршілер мазасыз…

Есікті шалдың тұмсығына тіреп тұрып жапты. «Жетпіс жеті әкеңді… Абрам Иванович… итке бола үй алған, қақ әкеңнің…» тамағына өксік тығылып, үш бөлмелі пәтердің ішінде шығыршыққа айналған тиіндей шыр айналды.

«Шаңырақтан» жер алып, қанша қазақтың аш-жалаңаш балалары күні үшін, күрке соғып, күнге қақталып жүр. Көршілерін жамандайды еще, қарашы, талай рет жігіттер «национальный вопростарды» қозғаған кезде, әңгімеден қашқақтап кетуші еді. Енді, міне, алдынан шықты. «Ертең газеттегі жігіттерге айтып, жазу керек, бұл Абрам Ивановичтің тірлігін…»

Есік қағылды. «Әкеңнің… Абрам Иванович, көрсетем мен саған». Жұлқып ашты. Ыржиып Аманжол тұр.

– Ассалаумағалайкум! – деп қолын ұсынған көршісін қапсыра құшақтады.

– Келгенің қандай…

– Әй, тасбауыр болып кеттің бе-ей? Сағындық қой, барсың ба?

– Жүрміз ғой, өздерің қалайсыңдар?

– Үш күн болды телевизор жанып кеткен, сендердікін көріп жүрміз.

– Е, жарайды, не ғып босағада тұрсың, жоғарыла!

– Жоқ, давай киін, қатын жіберді саған. «Райхан жоқ, қарны ашып жүрген шығар» – деп таңертең бір әтештің басын шапқызды. Көже дайындап жатыр.

– Несіне әуре болдыңдар.

– Оны ана құрдасыңа айт… Жолдан екі кило картоп алуым керек, өзі бензинге ақша жоқта, біздің қатын да кісіге тапсырманы үйіп беретін әдеті.

Көліктеріне отыра бергені сол еді, жандарына сөмке көтерген әдемі келіншек жетіп келді.

– Осы үйде тұрасыздар ма?

– Иә, – деді Телжан.

– Сіздің көршіңізбін, мына үйде тұрамын, – деп, келіншек қатар тұрған бес қабатты үйді көрсетті.

– Біреуді іздеп жүрсіз бе?

– Орталық базарға апарып тастамайсыздар ма?

Ол ыңғайсызданып, Аманжолға қарап еді, сабазың қамшы салдырмады. – Сіздей әдемі жан айға апар десе де апарамыз.

– Я такая невезучая. Муж бросил. Даже номер моей квартиры тринадцатый, – деді келіншек көлікке отырып жатып.

Базарға қалай жеткендерін білмей қалды. Әдемі келіншек үш жүз теңгені шытырлатып тұрып Аманжолдың қолына ұстатты.

– Жоқ, алмаймыз, – деді Телжан.

– Сіздер болмасаңыздар, басқа біреуге бұдан да көп төлеймін ғой, – деп келіншек көзін төңкерді. Мәшін ішінде француз әтірінің иісі қалды. Көңілді қытықтайтын жұмсақ иісте Аманжолдың жұмысы жоқ, ақшаны алып, машинаның руліне, о жер, бұ жеріне соғып, «ұшықтап» жатыр.

– Әй, сен майлыаяқ болдың, бензин де, бір бөтелке «Тараз» да болатын болды.

Қала ішінде олар екі сағаттай айналды. «Ақсайға» барып, одан «Саяхатқа» екі жолаушыны апарып, есептесіп болған Аманжолға:

– Әй, сен мені үйіңе апарасың ба, жоқ па? Әлде Алматыны алты айналдырып аштан өлтірейін деп пе едің? – деді.

– Кетші-ей! Мен сен үшін жанталасып жүрсем, кешке жақсылап бір отырайық та, біздің қатынды білесің, үстелдің үстіне өмірі екінші бөтелкені қоймайтынын. Өзіміз ала барсақ еркін отырамыз ғой…

Аманжол «сценарийді» құрып жатыр. Ол үндеген жоқ. Бағанағы көрші келіншектен ақша алып, ыңғайсыз жағдайға қалдырғанын айтты.

– Кетші-ей! И так конкурентов много, – деді Аманжол. – Көрмейсің бе, көшеде қаншама такси қаңтарылып тұр.

***

Көліктен түскеннен кейін Аманжолға ермей аулада тұрып қалды. Өзінің үйіне қарады. Қара құлыпты көріп, жүрегі бұлқынды. Аулада сары самауыр мұржасынан түтін шығып тұрушы еді. «Шаңырақ, Шаңырақ, қаншама қазақтың баласына пана болдың?»

– Әй, городской құрдас, бізді менсінбей тұрсың ба? – деген Жамалдың даусынан ойы бөлініп кетті.

– Жоға…

– Ә, бәйбішеңді сағынып жүрсің-ау, – деп күліп алды да, – «үйге кірсеңші», – деді.

Дастарханның төріне шыққаннан кейін жүрегін басты. Сүт қатқан қою күрең шайдың екі кесесін ішкеннен соң, маңдайынан тер бұрқ етті.

– Түу, сенің шайың недеген тамаша!

– Бізге бірдеңе бермеуші ме едің? – деді Аманжол келіншегіне қарата.

– Өзің неге ала келмедің? – деді Жамал.

Үн-түнсіз үшеуі шай ішіп біраз отырған соң, Жамал жарқылдап күліп алды да, – Тәкең кеп қалды ғой, – деп бір бөтелке әкеп ортаға қойды, – осыдан басқа жоқ, сұрамаңдар.

Екі еркек әп-сәтте түлеп шыға келді. Өздері де, көздері де жайнап, бағанағы бойкүйездіктің бұғауынан шығып, буын-буындары босап, «Таңертеңмен бір сұлу қыз суға келеді», «Бойында Арыстың өзіңмен таныстым» деп әнге баса бастады.

– Әй, қатын, тағы бірдеңең жоқ па? – деді біраздан соң Аманжол.

– Қайдан болсын, тамақ алыңдар, – деді Жамал екеуіне кезек-кезек қарап.

– Ой, ұмытып кетіппін ғой, мынау «калымнан» түскен ақша, – деп бес жүз теңгені келіншегіне берді.

– Бензиніңе қалдырдың ба?

– Тәкең аман болса, бензин табылар.

– Көршіден қарызға алған бір бөтелке бар еді, – деп Жамал бір шөлмекті алып келді. – Осыдан кейін «көке» десеңдер де жоқ.

– Ой, біздің қатын маладес, а?!

– Құрдас-ау, рахмет саған, бізді сыйласаң, Құдай сені сыйласын! – деді Телжан.

– Құдайы көрші, Тәке, сен үшін ғой.

– Бұл енді, өзіміз барып алып келмесек, бізді менсіне ме? – деді Аманжол.

– Айтасың-ау, әкіри.

– Жә, болды, қойыңдар. Алып қойсаңдаршы.

– Ой, біздің қатын маладес, кел Тәке, сенің үйің құтты болсын, сол үшін!

Қырлы стакандар сарт-сарт соғылды.

– Құрдас-ау, — деді Жамал даусын өзгертіп. – Өзіңе бір өтінішім бар, сендер көмектеспегенде кім көмектеседі маған. Кенже сіңлім былтыр тұрмысқа шығып еді ғой, ауылда өзің білесің, жұмыс жоқ. Әбден қиын болды. Сендер үйлеріңді бір жылға бере тұрыңдар. Базарға шығып, нан-шайларын айырсын дегенім ғой…

– Әй, қатын, сен не айтып тұрсың, есің дұрыс па? – деп Аманжол басын көтеріп алды.

– Сен тыныш отыр.

– Бала-шағаны әрең асырап отырғанда сіңліңді шақырып.

– Осыған-ақ менің төркінім жақпай-ақ қойды.

– Пошла ты, осы үйді салғанда кім көмектесті?! Біреуі бір шеге әкеп берді ме? Ұлым аман болсын, сол үшін қабырғам қайысып еңбек етіп жүрмін. Білесің бе, ей сен қатын? Құдай бар болса, осы үйде қызық көріп, ұрпақ өсірсем деймін.

– Ой, шіркін-ай, – деп, Жамал ернін сылп еткізді. – Қорлық көріп жүрсің ғой, бейшара.

– Қойыңдар, – деді Телжан.

– Әй, қатын, – деді Аманжол өзеуреп. – Сен менімен неге ақылдаспайсың, а?

Қырлы стакандар сарт-сарт соғылды.

– Көрсетемін мен саған, командовать еткенді, көзіңе көк шыбын үймелетем, – деп Аманжол тісін шықырлатты.

– Үймелетіп жүрсің ғой, сенің арқаңда қытайдың ала қабын арқалап базарда жүрмін.

– Әй, қойсаңдаршы! – деп, Телжан екеуінің арасына түсті.

– Қонақ отыр демейді, қатын сияқты менімен салғыласып отырғанын қарашы. Осы досыңа айтшы, не жазығым бар, менің төркінімнің аты естілсе төбе шашы тік тұрады. Не жазығым бар саған, мына досыңның көзінше айтшы. Ұлың екеуің үшін дипломды сандықтың түбіне тастап, қап арқалап жүрмін ғой… Көк машинаны мініп алып кетеді «калым, калым» деп. «Калымға» барып жүрсің бе, қатынға барып жүрсің бе, мен қайдан білейін?!

– Жаңа ғана мен саған ақша бердім ғой.

– Пішту, біздің базарда арба сүйреткендер оны жарты-ақ сағатта табады.

Қырлы стакандар сарт-сарт соғылды.

– Мен саған басынғанды көрсетемін, бұл үйдің иесі менмін! – деп, Аманжол кеудесін жұдырықпен соғып-соғып қойды. – Мен ұнамасам саған, ана базардың бастығына тиіп ал, қарық боларсың.

– Ой, ұятсыз, арам! Саған дауа жоқ екен ғой. Айтып тұрған сөзінің сиқын қарашы! Жақсылықты білмеген қайыршы, ана астыңдағы көк машинаны кім берді саған? Менің әкем берді.

– Әй, бұлдап жүргендерің он жыл болған «Москвич» пе? Ала беріңдер итаяқтарыңды, ұлым екеуміз «Жигули» аламыз.

– Атаңның қақ басы, бірінші бұтыңа дені дұрыс шалбар алып алсаңшы.

– Әй, әкеңнің…

– Әй, әй қой енді жынданбай, көзімді көгертесің. Ертең базарға шыға алмай қаламын.

– Саған қолымды былғап қайтем, – деді қалш-қалш еткен күйеуі. – Бері кел, ұлым…

Бағанадан диван үстінде көзі бақырайып отырған Арман қорғана басып әкесіне келді.

– Ұлым, менің, сенің атаң великий адам болған… әрине, сені көре алмай кетті… апарам сені Атамекенге, сен үшін салдым осы үйді. Мен сені Түркияда оқытамын. Әлі «Шаңырақты» паналаған талай қазақтың ұл-қызы өсіп-өнеді. Жетімі жетіледі, жетпегені байиды, қаладан благоустроенная квартира алады, әлі қол бастайтын батыр ұл да, ел бастайтын көсем ұл да осы Шаңырақтан.

Аманжол ұлын құшақтап ұйықтап кетті. Анда-санда былдырлайды, «ұлым менің, екеуміз атаға барамыз…».

- Құдай-ау, осы досыңа не жазығым барын білмеймін, аузына бірдеңе тисе болды, менің төркініме тиіседі.

Телжан үндемеді.

– Сені шақырып алып, концерт көрсеттік, ренжімеші. Өзімізсің ғой, қазір көрші апайымызды шақырып, үшеуіміз тамақ ішеміз.

Телжан далаға шықты. Өзінің үйіне қарады. Шап-шағын. Жетімсіреп тұр. Екі жыл бейнеттеніп салған үйі. Кеш болса да екі ұлы үйге кірмей ойнап жүруші еді.

Терең күрсінді. Жүрегі бар екенін сездіріп шым-шым етті. «Әй, Райхан-ай, мені де ауылға ала кетсең қайтер еді… Шөп шауып рахаттанып қалар едім ғой…»

…Көрші апай қаладан келген жиенін қоса ертіп келді. Асығыс екен. Қонақтар бір-екі кесе шай ішкен соң қозғала бастады. Телжан да рұқсат сұрап, солармен бірге қайтпақшы болды. Аманжол ұлын құшақтаған бойы ұйықтап жатыр.

– Құрдас, ренжіме бізге, ер азаматсың, бағанағы өтінішімді аяқасты етпе, сіңлімді көшіріп алсам, базарға шығып, өз күндерін өздері көрсе жарар еді, — деп Жамал нығарлап қойды. – Квартираларыңды төлейміз ғой.

– Мәселе шешілді, – деп Телжан келте қайырды.

Қалаға кірген кезде жазғы кеш түсті. Көз байланбаса да көше шамдары жана бастады. Телжан пәтеріне кірмей, подъездің алдындағы орындыққа барып отырды. Шаршаған ба, буын-буынынан әл кетіп, басы айналды.

Қарсы үйдегі төртінші қабатта, балконда тұрған бағанағы келіншекті көрді. «Ақшасын қайтарып беру керек, біз көрші тұрамыз. Дүниеқоңыз Аманжол үш жүз теңгесін қағып алды. Маған ұят». Сүйретіліп орнынан тұрды. «Менің үй алғанымды көре алмайды. Қонаққа шақырғандары осы ма? Қатыны екеуі ұрсысып…» Басы айналды. Бойын түзеген болды. Екінші қабат. Үшінші… Қалтасын ақтарып, үш жүз теңгені мығымдап қолына ұстады. «Қайтарып беру керек, ұят болады».

Төртінші қабат. Он үшінші пәтер. Әдемі есік. Қорықпай қоңырауды басты. Қызыл халат киген сүйкімді келіншекпен сөйлесіп тұр.

– «Бағанағы жігіт сізден ақшаны алғанда «қайтарып бер, қайтармасаң өзім қайтарам» – дедім».

– «Бұныңыз не, мені кім деп жүрсіз?…»

– «Сіздей әйелді сыйлау керек. Машинам болса, сізді Шымбұлаққа алып барар едім. Міне, әкелдім…»

– «Ой, рахмет, нағыз джентельмен екенсіз ғой!»

– «Мен қайтайын..»

– «Үйге кіріңіз, кофе ішейік»

– «Кеш болып кетті, рахмет».

– «Мені кім деп ойлайсыз?..»

Келіншек жорта бұртиып өкпеледі. Ренжіткісі келмеді. Үйге кірді. Керемет… кофе.

«Мүмкін, ептеп виски ішерсіз. Өзім ішіп көрген емеспін, бірақ сіздей джентельмен үшін…»

Келіншек зыр жүгірді. Жүгіріп жүріп музыка қойды. Жүгіріп жүріп балконды жапты.

«Маса кірмесін» – деп жарықты өшірді.

«Энергия үнемдеу керек..» – дәліздің жарығын өшіріп, май шам жақты.

«Вишня, вишня,

Зимняя вишня…»

…Қатты шөлдеп оянды. Дір-дір етеді. Көзін жұмып, қайта ашты. Масқара! О жер, бұ жері ашық әдемі келіншек сәл езу тартып ұйықтап жатыр. Орнынан атып тұрып, терезеден далаға қарады. Таң атып қалыпты. Құдайы көршісі Абрам Иванович бульдогын қыдырдып жүр. Журнал столының үстінде тұрған вискиді бокалға толтыра құйып тартып жіберді.

«Вишня, вишня,

Зимняя вишня…»

Екі күн далаға шықпай, үйінде жатып алды. Үсті басын кір-кір сезінеді. Көрші келіншекті ойласа, атып тұрып ваннаға барады. Жуынады. Сабынданады. Бәрібір. Киінеді. Қайта ауыстырады. Кір. Үш күнгі тозақ.

Үшінші күні бұрынғы жұмыс орнына барды. Бастықтың қабылдау бөлмесінен басқа кабинет быт-шыт. Басқа мекеме қоныстанып жатыр екен. Өз кабинетіне келді. Ешкім де, ештеңе де жоқ. Бос. Тек баяғы қызыл телефон еденде тұр. Иесі келгенін сезді ме, кісінеп жіберді. Көтерді.

– Ты, где ходишь? Я пятьсот восемнадцатая.

Тастай салды. «Еркелегені».

Ертаға-ай!

Қуанғаны соншалық «Қазақстан қонақ үйіне қарай құстай ұшты. Семейдегі досы. Келген сайын осы қонақ үйге жатады. Мұндай қуанбас. Күйзеліп жүргенде келе қалғанын қарашы. Әр келгенде жігіттердің басын қосып, еркелететін әдеті. Қайырболаттар да осында шығар. «Ертаға келді» дей салуды да білмейді.

Кешке сауна. Ресторан. Бильярд. Ертағаның жүрісі осы. Құдай біледі. Құрдасы Досымханның машинасы қонақ үйдің алдында қаңтарылып тұрған шығар. Бірақ көрінбеді.

«№518-ші бөлме…»

Тікұшақпен бесінші қабатқа көтерілгендей сезінді. Пысылдап лифтінің есігі ашылғанда, біреу радионы бар даусымен қойған екен деп қалды.

Болса дағы қаталдықтың, каскөйліктің бейнесі,

Қасқыр болып ойланамын кейде осы.

Қақпан қауып, сирағымды шорт кесіп,

Жүрсем егер тағдырыммен кектесіп –

Ұлыр едім ұзақ-ұзақ аспанға,

Жалғыз ғана жауыз Аймен беттесіп.

«Бес жүз сегіз, бес жүз тоғыз…» – деп бөлмелерді жағалай санап келе жатыр.

Қасқырларым қасқырлыққа құнықсын,

Ал адамдар қасқырлықты ұмытсын.

Мен де жедім Адам жеген тәтті асты, –

Неге олар меніменен қастасты?

Айт оларға,

Қақпандарын… Қақпандарын әкетсін.

Адамдығын өздеріне бас етсін,

Адалдығыш қасқырларға паш етсін!

Дауысқа жақындай түсті.» Бес жүз…»

…Мен – қасқырмын

Қақпан кескен сирағын,

Қасқыр болып, қасқырлықты сыйладым.

Қасқыр болып ұлып тұрып Адамға,

Осы жырды, осы сырды сыйладым.

«Передача түсіріп жатыр ма?» – деп ойлады.

– Ой, Әбе, молодец. Жарайсың!

– Міне, поэзия…

Міне, «518» деп ішінен ойлады да есікті қақты.

– Сіз Телжан ағасыз ба? – деп сұлу қыз бетінен сүйгенде ыңғайсызданып қалды.

– Ерекең осында ма?

– Әрине, жоғарылаңыз үш күн болды сізді қайдан табарын білмеді досыңыз, – деп күлгенде дүрдиген ернінің арасынан аппақ маржандай тістері жарқ етті. Қаз мойын, мойыл көз, қара шашы иығына төгілген сұлу қыздың оқтаудай түзу аяқтарына көзі түсіп кеткенін өзі байқамай да қалды.

– О, Тәкебайчик, келдің бе? Құшағын айқара ашып, Ертаға қарсы жүрді.

– Ассалаумағалейкум, досым?!

Екеуі төс қағыстырған соң, Телжан төрде отырған ақ шашы жалбыраған, қабағы қатулы адамға қос қолдап амандасты – «Ағасы, Сіздің қолыңызды алып қояйық».

– Амансың ба, бауырым, түсің жылы екен сендей азаматтың қолын алуға болады.

– Танысып қойыңдар, мына төрде отырған Арлан қасқырдай азулы Алдияр Ойшоғыр деген менің жездем, ұлтымыздың ұлы ақыны. Мына жігіт қазақтың Шукшины Телжан Алтаев деген азамат, менің жан досым! Ал, Даукен, құй мынаны…

Ақсары, жұқалау жігіт ширақ қимылдап, вискиді құйып шықты. Алдияр стаканды кері итерді.

– Осы вискиді ұнатпаймын. Қандаланың исі шығады – деп тыжырынды.

– Алдияр көке, шетелден келген виски жаман болмас. Ойбай, өзімді таныстырмаппын ғой… Атақты Шұбартау көтерілісінде хан сайланған Мырзаш атаның ұрпағы – Дәулет боламын.

– Дәулескер күйші, ақын, менің бауырым каратист – деген Алдияр қалың қабағын ашып күлді – Алып қойыңдар.

Телжан стаканға ернін де тигізген жоқ, столдың шетіне қоя салды.

– Оу, достым мұның не? – деді Ертаға.

Телжан басын шайқады. Ертаға бөтелкені қолына алып стакандарға толтырып құйды да орнынан тұрып сөзін бастады – Алдияр аға, сіз қазақтың ұлы ақынысыз!

– Әй, осы сөзді қой дедім ғой саған, қазақта Ұлы ақындар көп, Бас ақынымыз – Абай, жаңашыл ақын – Мағжан, ал сендер ауызға келгенді оттай бермесеңдерші!

– Әй, ағатайым-ай, дұрыс айтасыз, ат-шапаным, міне! – деп Алдиярдың алдына бір пачка ақша қойды. Алдияр сол кезде томағасын сыпырған қырандай өткір көздерімен жалт-жұлт етіп, Ертағаға қарады – Әкет, мынауыңды!

Ертаға оның сөзін естімегендей, сөзін жалғай берді.

– «Арпа ішінде бір бидай демекші» – ортамыздағы гүліміз Күлчетай үшін ішейік, – деген кезде Алдияр орнынан атып тұрып, алдындағы үстелді бір-ақ төңкерді.

– Оңбаған, тексіз дейін десем жақсы атаның баласысың. Не деген азғынсың-ей, а, а, кет жоғал, көзіме көрінбей мә, ақшаң мына қатыныңның ышқырына тығарсың, – деп лақтырып жібергенде бөлменің ішіне жапырақ жауғандай болды.

– Жүр кеттік, Дәукен!

– Әбеке, бір ашуыңды берші, маған – деді Ертаға жалынып.

– Әй, идиот, ел-аман жұрт тынышта әп-әдемі келіншегіңді тастап, мына жәлепті мияулатып, жаныңа неге ертіп жүрсің-а? Сен жазушы едің ғой. Құдай-ау, не боп барасың сен…

– Ой, ағашка, вы что я всего дважды была замужем, об этом Еруха хороша знает…

– Бұйырса деңіз, – деп Дәулет бір түйреп өтті – Дай бог не последний раз. Оның кекеп тұрғанын түсінбеген Күлчетай оны бас сап сүйді.

– Шіркін, заочный жеңгейдің сүйгені-ай, – деп Дәулет әндетті.

– Есің бар да, еліңді тап, Ертаға! – деп Алдияр есікті тарс жапты.

Дәулет кешірім сұрап оның соңынан кетті.

Екі дос бір-біріне үнсіз қарап тұр. Екеуінің кеудесінде екі белгісіз сұрақ. Күлчетай тоңқаңдап ақша жинап жүр.Ертаға оның бөксесінен бір тепті.

– «Ты что?» – деп, Күлчетай күлді – «Мен саған доппын ба?». Күлчетай ашуланған жоқ күлді.

– Арақ бар ма?

– Қазір, қазір дорогой, қазір, – деп жиналған ақшаны онсыз да тырсылдап тұрған омырауына тыға салды. Көзі жайнап күлімдей қараған кезде, Ертаға еріп түскені анық еді.

– Келші, жаным…

Күлчетай Ертағаның құшағына қойып кетті.

– Жаным сол, сен болмасаң қайтер едім…

– Ашуланбашы, жүрегің ауырады ғой. Қазір бәрін жасаймын, – деген кезінде мөлдір көздеріне жас толды. Телжаның жүрегі жылыды.

Күлчетай бетін жууға кеткенде, Ертаға ашулана сөйледі.

– Сендер мені түсінбейсіңдер, маған өмір сүру керек! Өлмеуім керек, сол үшін Күлчетай сияқтылар керек маған…

– ?…

– Мені жазуды тастап кеттің деп жазғыратындар көп. Олар өтірік жанашырлар. Мен атақты болғым келмейді, түсінесің бе? Келмейді… Мен жазбаймын, диктофонға оқимын…

– Ну… ну, қойшы, жаным, – деп Күлчетай оны құшақтады. – Ауырып қаласың, ағаң болғасын айтады, ол кісі ақын ғой.

– Қолың су ғой, жаным, сүртсеңші, – деді.

– Дауысың қатты шықты, ауырып қалды ма деп шошып кеттім ғой.

– Жаным сол, мына жерді жинастырып бізге арақ берші.

– Қазір, қазір, – деп Күлчетай зыр жүгірді. Қимылына көз ілеспейді. Әп-сәтте бәрі дайын болды.

– Мен ішпеймін, – деді Телжан – Маған вообще ішуге болмайды. Көтере алмаймын, осы құрғырды ішпей-ақ қойсам деймін.

– Алдияр сияқты үстелді төңкеріп кетіп жүрме! –деді Ертаға күліп.

–?…

– Кәні, мен бағымды сынап көрейін, – деді Күлчетай қарқылдай күліп – Ағамыз мені сыйлайтын шығар… кәне… кәне, молодец!

– Кездесуіміз үшін!

– Сен үшін!

– Күлчетай үшін!

– Достығымыз үшін!

– Семей үшін, – деп Ертағаның көзі жасаурап ешкіммен қағыстырмай-ақ тартып жіберді. – Қайран Семей, саған не дейін, көзден бұл-бұл ұштың ғой.

Телжан қатты қысылды. Екі облыс бірігіп, орталық – Өскеменге кеткен. Ертағаның өкпелеп отырғаны осы жағдай.

– Ертаға, тебе нельзя переживать, – деп Күлчетай мойнына асылды, – жүрегің ауырып қалады. Қойшы, жаным?!

– Кулчетай дұрыс айтады. Ертаға, қойшы осы саясатқа жоламайықшы, саған жаны ашып отырған қарындасымыз үшін.

– Қартайғанда көрген қызығым ғой, кәне, кәне, орныңнан тұршы, айналшы былай. Қалай, Телжан досым, қане, фигурасын қарашы…

Бокалдар сыңғыр-сыңғыр етті.

Бір кезде далаға шыққан. Бет алыстары – Көктөбе. Түнгі аспанға қарап Ертаға қайтадан әнге басты.

«Семейім менің, Семейім,

Аһ, саған енді не дейін?»

– Ертаға-ау, мен квартира алдым ғой, қонақ үйге жатпай үйге жүр? – деп бағанадағы айтпаған ең басты жаңалығын айтты.

– Құтты болсын! Сүйіншің, міне.

Досы қалтасынан әдемі былғары әмиянын алып шықты да, бес жүз доллар санап берді.

– Ой, Ертаға-ай, мынауың не? Сен немене осы үшін келеді ғой дейсің бе? Өзің жолаушы жүрсің ғой…

– Сіз, Ерекеңді ренжітпеңізші, жүрегі ауырады ғой, — деп қалды Күлчетай. – Қазақтың салты емес пе, алыңыз.

– Азырқанып тұрсың ба? – деді досы.

– Ертаға, қойшы енді.

Телефон шырылдады. Ертаға әлдекіммен оңаша сөйлесе бастады.

– Телжан аға, – деді көзін төңкеріп. – Сіз маған ренжімеңізші. Біз Көктөбеге өзіміз көтерілейік деп едік. Сіз барсаңыз өзіңіз білесіз, Семейді айтып жүрегін ауыртады. Тек маған ренжімеңізші.

– Қалай, такси аламыз ба?

– Ертаға, ренжіме, мен қайтайын. Ертең үйде тосамын.

– Күлчетай екеумізді ме?

– Әрине.

– Ақылдым менің, міне, нағыз дос. Күлчетай, қалай, а, Телжан ағаң?!

Әдемі қыз мөлдір көзін төңкеріп «мынау» дегендей бас бармағын көрсетіп қойды да: – Я удивлена, почему у него нет подруги?

Телжан ыза болған. Намыстан. «Подруга… көрсетейін мен саған подруганы, көрші келіншекті көріп таң қаларсың.» Асығыс қоштасқан.

Ештеңе ойлаған жоқ. Ойлауға мұршасы да болмады. «Рамсторға» соғып, «Вискидің» біреуін қолтығына қыстыра шыққан. Бет алысы – белгілі он үшінші пәтер. Көрші келіншек…

«Арғы жағын айтпаймын, ішің білсін, әлу-ай…»

***

…Үшінші күні қарға адым жердегі өз үйіне сүйретіліп әрең жеткен. Күндіз-түні «Вишня, вишня». Жалығып кетті. Оның үстіне кербез келіншек «за товаром» басқа қалаға бару керек болып қалды.

– Әй, қайда жүрсің?

Селк ете түсті. Кілтті бұрап тұрған қолы дірілдеді. Жалт бұрылса, Аманжол.

– Сен өзің қайдан жүрсің? – деді бойын тез жинап алып.

– Қыдырып жүрмін. Қайдан жүрсің дейді ғой. Қатының келе жатыр төркінінен, бүгін сағат он сегіз нөл-нөлде. Екі күн сені іздеп жүрмін. Ұшты-күйлі жоқсың… «Айттыңдар ма, келетінімді» – деп сенің қатының менің қатынымның подругасының жұмысына күнде звондайды екен. Біз не айтамыз. Қанша бензин жақтым… клиенттер жоқ, қазір…

Өне бойын ток соғып өткендей болды. Буын-буынынан әл кетті. Есікті ашып, ішке кіре бергенде қайдан келгені белгісіз, қарғыбауын сүйретіп бульдог жетіп келді де, өкшесін жалай бастады.

– Ой, шешеңді…

Бульдогты бүйірден бір тепкен кезде, баспалдақтан төмен қарай домалады.

– Дауысы қандай жаман, – деді Аманжол тыжырынып – Қыңсылағанын қарашы, кәпірдің.

– Арғы атасы қасқыр емес, ит қой.

Телжан үш бөлмені әрі-бері кезіп жүріп алды. Қалай болды, солай. Өзгеріс жоқ. «Әттеген-ай, Ертаға берген бес жүз долларға тым құрымағанда ванна мен дәлізді жөндеп алуға болатын еді. Оған…»

– Шыбындаған жылқыдай өстіп жүресің бе? – деді Аманжол. – Бар вокзалға. Жынды ма-ей мынау? Қатының мен бала-шағаң келе жатыр ғой…

Жүрегі шаншып-шаншып кетті. «Не істесем екен, не істесем?…»

– Ақша бар ма сенде? – деді Аманжол тызылдап.

Қалталарын ақтарып жүріп, әбден шиыршықталған жүз доллар тауып алғанда, бетіне қан жүгірді. Кербез келіншектен есін бір жиғанда жасырған болуы керек. Жақсы сақталыпты.

– Аманжол, сенің осындайда ойлап табатын стратегияң бар еді ғой.

– Әкел, долларыңа қазір былай істейміз: біраз бензин құйып аламыз да, газеттен жарнама арқылы үй жинайтын адамдарды тауып аламыз. Бір сағаттың ішінде пәтеріңді айнадай жарқыратады.

– Ой, сен…

– Сөзді бөлме, қазір сені моншаға апарып тастаймын, сыпыртқы алып, біраз сабаланып ал, сосын ұйғырлардың кафесіне барып лағман жейміз де, вокзалға барамыз. Бензин құямыз.

– Ой, сен өзің…

– Немене, қатыныңнан сөз естігің келіп тұр ма?

Мә, мынаны алып, не істесең оны істе – деді көк қағазды беріп жатып. – Кілтті саған беремін, мені моншаға апарып таста.

– Үйде ет бар ма?

– Мазақ қылып тұрсың ба?

– Бәрі түсінікті, – деді Аманжол ойланып. – Уақытты өткізбей кірісейік, ендеше.

Моншаға бара жатып көліктеріне бензин толтырып алды. Газет сатып алып, екі-үш жерге телефон шалып, бағаларына келісті. Осының бәрі Телжан үшін азап, өне бойы тырысып, шөлдей береді.

– Қазір базарға барып, бір-екі пачка «китайский кафель» сатып алайық.

– Әй, әкеңнің, сен өзі мені моншаға емес…

Телжан қатты ашуланды.

***

–Сізге екі сағат болды, – деді моншашы.

– Тағы бір сағатқа жалғайын, – деді Телжан, – есімді жаңа жиып келе жатырмын.

– Мейліңіз.

Телжанның басына ой келді. Жаман. Қорқынышты. Сұмдық. «Мүмкін, ол әйел… қазір не көп, жаман ауру көп…»

Тастарды қайнатып тұрған саунаға кіріп барды. Ойдан құтылмақ.

Ой. Ой. Ой. Сол оймен бір сағат жүріп, сүйретіліп далаға шықса, Аманжол күтіп тұр екен.

– Әй, өлтірмесең бір саптаяқ сыра берші.

– Жүр, ұйғырлардың кафесіне барамыз, сыра не болады…

Телжан есін жинады. Көңілді. Сорпасы бетіне шыққан үлкен екі кесе лағман мен бір қырлы стакан арақты тастап алған. Терлеп… бапты қою күрең шай ішіп отыр.

– Бетің бері қарап, кісі болып қалдың-ау.

– Айтпа деймін, тағы бір жүз…

– Кет-ей, жүз грамың бар болсын, бағасы қандай қымбат, үш литр бензиннің ақшасы…

…Вокзалға жарты сағат бұрын келіп алды. Көліктерінен түсе бергенде май-май шүберекті қолына ұстатқан көршісі: – Беті-қолыңды жақсылап ысқылап жібер.

– Есің дұрыс па, жаңа ғана моншадан шықтым ғой.

– Әй, қатының келе жатыр ма?

– Келе жатыр.

– Түріңе қарашы, аршыған жұмыртқадайсың. Әйел деген еркегінің өзі жоқта жүдеп-жадап жүргенін жақсы көреді. Сонда сезіктенбейді. Шалбарың үтіктелмепті, оған да шүкір.

Телжан оның айтқанын істеді.

– Міне, жақсы болды, «Джон негр баласына» ұқсамасаң да, үй салып жүрген кезіңдегі қалпыңа түстің.

– Кетші-ей.

Пойыз дәл уақытынан жаңылмай, ІІ Алматы вокзалына ентіге жетті. Екі ұлы сағынып қалыпты. Құшақтап алып папалап жатыр.

– Сағындым ғой сендерді.

– Бізді ұмытқан жоқсың ба? – деді Райхан.

Телжанда үн жоқ.

Балаларын бауырына басып, бір кезде жан біткендей:

– Сендерден күннің исі шығады ғой, – деп қойды. Райхан әлде бірдемені айтпақ болып қозғала бастап еді, Аманжол да бір қу емеспе, «заправка жасап алайық, ә» – деп қойып қалды. Сөзді қуса, сөз шығатынын білген Телжан әрі қарай жақ ашпады. Үйлеріне де келді. Заттарын көтеріп жоғарыға көтерілді. Телжанның құлағы, екі беті ду-ду етеді. Есік ашылды. Екі бала кірді. Райхан үш бөлмелі үйді аралап шықты да, ұзын дәліздің дәл ортасына келіп жалп етіп отыра қалды.

– Мама, мама не болды? – деп, екі бала шешелерін айналсоқтап жүр. Бұл әйелінің жанына баруға бата алмады. Сәлден соң Райхан орнынан тұрды. Көңілді. Ештеңе болмаған сияқты. Бұған жымиып қарады.

– Папасы, «Шаңыраққа» барайық.

–Үйді бізден тартып алды ма? –деп үлкен ұл жылап жіберді. – Кеткім келмейді бұл үйден он милиция келседе шықпаймын. Менің үлкен атам майдангер болған екен…

– Қой, Бекош, жылама…

Кіші ұл сөмкеден қамшы алып шықты да,

– Бекош, қорыкпа, мынаумен атам қасқыр соққан екен. Ержан көкем берді. Любой мелисаны сабаймыз, үйімізді бермейміз…

Райхан күлді. Екі ұлын бауырына басып, «Қорғандарым» деді.

– Бекош,мына үйді сенің атыңа жазып берейін…

– Менің атыма «Шаңырақтағы» үйді.. –деп, кіші ұл танауын көтерді.

Райхан ойланып біраз тұрды да, «Кеттік нотаруисқа» деді…

«Күнәһар» жігітте не сөз болсын Телжан үн-түнсіз келіскен..

«Сенім хатқа» Телжан қол қойғанда Райхан «енді үйді қатырып жөндеймін» – деді…

Райхан аяқ астынан көңілденіп сала берді…

Жолдан Аманжолдың машинасына бензин құйып, құтты мекен – «Шаңыраққа» қарай тартып отырды.

***

Шаңыраққа келгеннен кейін Райханның үнсіздігі оны арбаға жеккеннен де ауыр болды. Күн ұзақ үлкен ұлды ертіп, қаладағы үйге кетеді. Шығыршықтың ішінде шыр айналған тиін құсап үй айналасында айналсоқтап жүріп, маңайдағыларға Телжанның да қадірі кетіп еді. Оны өзі сезген.

Сол күні Райхан қатты шаршаған, тіпті ауырып келген сияқты көрінді. Бұның қайнатып қойған шайына да қараған жоқ, бір сағаттай төсекте сұлық жатып алды. Қайта-қайта «Мамаңа не болған?» – деп үлкен ұлынан сұрай береді. Бала болса иығын қиқаң еткізеді де қояды. Жауап жоқ.

– Мамасы, тұрып шайыңды ішсеңші, – деді бір кезде жанына барып. – Монша жағып қойдым. Түсіп алсаңшы.

Әйелі басын көтерді. Қатты бір уһіледі дерсің.

– Өлтіремін, ол қатынды! – деді тістеніп.

Шай ішіп отырып, ақкөңіл Телжан ойлады: «Е-е, ауылға барып ана үлкен абысынымен тағы да ұрсысып келген екен ғой, баяғы. Ағам балаларға атаған малдарын сатып, ақша қылып берейік деген болар. Жеңгем сыры белгілі ғой, қасқыр жеп қойды деген шығар».

– Сен ауылға барып, бір-екі апта демалып, шөп шауып келсеңші, қайнағамның денсаулығы болмай жүрген көрінеді, – деді Райхан ақырын ғана.

«Бәсе, айттым ғой, бар бәле сол жеңгемнен келді. Былтыр үлкен ұлдарын оқуға түсіруге көмектесе алмап едік, соған өкпелеп жүр ғой. Біздің қолда не тұр екен? Әй, жеңгем-ай! Осы жолы мінез көрсетпей-ақ қойсаң қайтер еді?!». Сонымен, ертеңіне түс қайта Телжан Түрксіб бағыты бойынша жүретін пойызбен «Өскемен қайдасың?» деп кетіп бара жатты…

***

Қаракөк аспан үлкен көл сияқты. Ай болса, қол аяғын бауырына тыққан ұлу сияқты еді. Сүйкімді. Бейкүнә. Қозғалмайды орынан… Бүк түсіп жатыр… Момын…

Кешкі тамақтарын ішіп алған соң ағайынды екеуі әңгімелесіп отыр. Ақырындап. Естелік. Сағыныш. Ағайындылықтың ақ көйлегінің түймесін ағытып еді ғой…

– Бауырым, – деді ағасы құшақтап Телжанға, – Міне, екеуміз екі үй болдық. Мені бағып-қаққан атам мен апам да бұл күндері жоқ.

– Менің әке-шешем де жоқ.. – деді Телжан даусы өзгеріп – Биыл алты жыл болыпты. Бірінен соң бірі кетті. Ендігі келетініміз сенің үйің, Ержан аға.

– Менің сенен басқа бауырым жоқ – деді Ержан жанып жатқан отқа көзі жасаурай қарап – Кішкентай кезімде қолым тигені рас, оны кек санамай үйге келгеніңе рахмет. Артымнан ерген бауырым емессің бе, атамнан қалған, ағамнан қалған малдарды өсіріп жатырмын. Саған тиесілі жиырма қой, отыз екі қозы. Сатамын десең өзің біл, уақытымен қырқып, купкеге түсіріп отырамын. Ит-құстан аманбыз. Тәтем орыстың екі сиырын сауушы еді ғой, сен аудандық газетке орналасқанда біреуін сойып, базарға өткізген. Қара ала сиыр әбден қартайған соң, оны арзанға сатып жібергенмін. Бұзауының өзі қазір мүйізі қарағайдай ірі қара болды. Малың түгел, бауырым.

– Мал түгендеуге келген жоқпын. Мен маған тиесілі дүние бар деп ойлағанда емеспін. Сонша малды қайда ұстап отырсың?

– Қайдасы несі, осында ауылдың шетіндегі атамдардың ескі үйі бар еді ғой. Соны оралман ағайындар сұрап алған. Бір жақсы адамдар… Солар сауынға сұрап алған. Ұсақ малды соларға қосып қойғанмын… Бір жақсы адамдар..

– Ол үй жақсы еді ғой. Атамның әңгімесін тыңдауға, апамның құрт-майын жеуге баратынмын. Сен болсаң, мені қуатын едің ғой. Менің үйлеріңе келе жатқанымда, анандай жерден төбем көрінісімен, Ақбақайды айтақтап қорқытатынсың. Ақбақай да абалап үргенмен, мені бірде-бір рет қауып көрген емес.

– Ағайынның арасына ит болса да түспейін деген ғой.

– Әй, сен не айтып отырсың, екеуіңнің араларыңа түскен иттерің сонда мен болғаным ба? – деп екі шелек суды үйге алып бара жатқан жеңгесі долданды.

– Сен туралы әңгіме жоқ, – деді Ержан.

– Қайдан білейін, жазушы бауырыңа өтірікті шындай қылып, ақсақты тыңдай қылып әңгіме соғып отырсың ғой. Менің қайныма сенің малың не керек, бір кітап жазады, бір үй алады біз ауылда күндіз-түні шапқыласақ та мына тұрған Өскеменнен үй түгілі, тауық қора ала алмаймыз.

– Жеңеше, баяғыда «Шаңырақтағы» моншасына түсетін үй сіздердікі.

Жеңгесі естімеген адамдай үйге кіріп кетті.

– Ертең атамның үйіне барайықшы.

– Әрине, барамыз. Саған отбасылық жоспар құру керек. Мен қазан айында екі торпағыңды өткізіп ақшасын жіберіп отырайын, сен Алматының маңынан семіз бір бұзау сатып алып отыр. Кемінде тоқсан келі ет шығарады. Қолыңа тиын-тебен түсе қалса, жылқының қазы-қартасынан ептеп алып тоңазытқышқа салып тастаңдар. Үнем болады. Келімді- кетімді кісілерің болады. Сен еркек адамсың, отбасың жүдеп қалмас үшін дастарханың мол болу керек. Бала-шағаның ішіп-жемі, киім-кешегі сенің мойныңда. Келін түсінігі мол бала. Ана жолы ауылға келе сала өз үйіне бармай осында келді. «Ата-енем сіздерсіздер» деген келіннің сөзін естігенде… – деп Ержан көзіне жас алды.

Жел соғып өтіп еді от ұшқын шашып, лаулап жана бастады. Телжан ағасының көңіл-күйі бұзылғанына өзін кінәлі санағандай, – Ержан сен маған ренжулісің бе?! – деді.

– Е, жоға, аға-тәтемнің баласына қалай ренжиін. Сенің командировкаға кеткеніңді пайдаланып құжаттарын да тапсырмаған екен. Ол инженер болғысы келмейді екен. Әнеу күні Ақмолаға барып келді. Ауылшаруашылық институтына түсем дейді. Факультетін айтып еді, тілім де келмейді. Жер телімін өңдеу сияқты агроном емес, … айтып еді ұмытып қалдым.

– Қазір оқудың түрі көп қой…

– Әйтеуір, тіл-көзден аман болсын екі қарындасың әлі кішкентай өзің көріп отырсың? Біржан болса Ақмолаға кетті, әйтеуір, аман болса екен, өзің сияқты азамат болса екен деп ойлаймын.

– Иә, тәтті балалар, қарындастарың. Біржан менен де асып, үлкен азамат болсын! Сен де кішкентай кезіңде бұзық едің ғой, атамның сақалын тартып талай жұлқыладың ғой.. Атаң да қандай салмақты адам еді. Айтпақшы, – деп күлді Ержан, – сенің кіші ұлың керемет, менің қойнымда жатты – «Ата, сасықсыз ғой бірақ, менің атамсыз, сақалың неге жоқ?» дей ме? Менімен ойнап, бауыр басып қалып еді.

– Келер жылы соңғы қоңырау соғылысымен, ұлдарды өзіңе жіберемін.

– Құдай тілеуіңді берсін. Жанымнан тастамаймын. Шөп шапқызып үйретейін.

– Осыдан бір ай бұрын келіннің нағашы ағасы – Ахмет келген, жанында Дәулет деген кішкене ұлы бар. Бір жақсы бала екен. Әкесі жұмсай береді, ол балада ренжу деген жоқ. Қолынан келмесе де әкесінің сөзін екі етпей алдыға ұмтыла береді екен.

– Иә, Дәулет балдыз бір жақсы бала, – деді Телжан – Біздің ұлдармен араласып тұрады. Маған еркелеп тілімен шағып алады. Бірде Ахмет ағатайдың бір жақсы араласатын жолдасы бәлінске қатты ауырып түседі. Әкесі екеуі көңіл сұрауға барады. Содан ана кісі: «Дәулетім-ау, өліп қала жаздадым ғой, енді жатысым мынау, ішімнен бір шелек қан кетті» – деген ғой жыламсырап. Сонда біздің балдыз: «Аға, ер жігіттің үш жұрты бар деген. Қайын жұрты, өз жұрты, нағашы жұрты осы үшеуінің де отыз жыл бойы қанын ішіп едіңіз, бір шелек қана шыққанын қарашы!..» – деген ғой. Ауырып жатқан адам күлкіден өлген ғой…

– Әйтеуір, әкесінен бір елі қалмайды екен. Біздің ұлмен әзілдері жарасып дос боп алды. Ахмет аға біздің шалмен қатты сыйлас еді ғой. «Аға, Аға» деп тұратын еді. Маған айтады ағам жақсы еді, талай әңгімелер ішінде кетті ғой, – деп әйтеуір Ахмет ағаң біздің ұлдың Ақмолаға оқуға документ тапсырғанын естіп, қатты қуанды.

– Ой, өзі Ақмолаға барып екі ай жұмыс істеді де Алматыға кері қайтты ғой… Келе сала «Желмая» деген классикалық повесть жазды… Өзі менсінбеген Ақмолаға балаларды үгіттеп…

– Сен олай деме, Ахмет ағаның өзі де айтқан – Ақмолада қызметім жақсы болды. Айлығым анау-мынау кәсіпкерден артық болмаса, кем болған жоқ… Менің қолым емес екен елу жыл қоныс болған Алматыға сыймай, Алтайды аңсаймын да тұрамын. Қазір үй салып жатырмын. Дәулетімді үйлендіремін де өзім ауылға қайтамын деп отыр.

– Иә, мағанда көп көмектесті ғой.. Осы жерден жұлып ап, аудандық газетке апарды, одан республикалық… осы жұмысқа орналасуыма тікелей ол кісінің ықпалы болды…

– Сыйласып жүр, Ахмет ағаңмен ағамнан қалған Запорожец осы аулада бес жыл қаңтарылып тұрды. Бір қозылы қойғада ел алмады ғой.. Әркім бір теуіп сынып қалған соң , Гүлнұр мен Нұргүлдің ойыншық машинасы боп кетіп еді. Бауырың Ақмолаға барам дегенде ақылын айтып үш жүз доллар ақша берді». Қосшы деген жерден дача сатып алып қыста жөндеңдер деп жатқан. Содан қойшы. Бір апта Зорожецсті жөндеп әрең болды. Көрші ауылда омарташы шалдың баласынан екі қой беріп аварияға түскен сондай машинаны алып кеп саймандарын алды ма?.» Екі жыл ремонтсыз (Ағасының баласының аты) жүреді деп отыр өздері…

– Бауырым сонда Ақмоладан құрылыс салып жатқанын маған неге айтпаған, менде көмектесетін едім ғой…

– Олар үш дос, бір бауырмыз дейді ғой… Орталарында Бауыржан деген Атамның үйінде отырған оралманның үлкен ұлы бар оның документтерін колледжге тапсырған екен, жылдық оқу ақысы қырық бес мың теңге түк емес деп отыр өздері…

– Өзінің оқуы ше?

– Ақша төлемейтін оқу деді.. Түсібедім, – деді Ержан…

–Иә, ол ағамыз керемет адам. Елдің бәріне қамқор болып жүреді. Астындағы атын түсіп беруге бар ғой.

– Әлі отырсыңдар ма? Ағайынды қоңыр қаз құсап, – деп жеңгесі шлапшын толы кірдің суын жанып тұрған оттың үстіне төге салды.

Шала от…

Бықсыған түтін…

Ағайынды екеуі аң-таң.

Түтін…

Аспанда…

Аспанда…

Аспандағы бүк түскен Ұлу – Ай бой тасалады.

***

Телжан ұйықтай алмай қиналды.

Басына нелер келіп, нелер кетпеді…

«Осы жеңгеме не жетпейді? Көзі тірісінде кемпір-шалмен алысты. Байқұс, әжесі ауыл адамдарынан ұялып төменшіктеп жүруші еді. Көкесі әке-шешесіне Телжанды жұмсайтын «Барып айт, ата-апа жүр, менің үйіме тұр» – деп. Жүгіріп баратын. Атасы мен апасына «Ата-ау, көкем сіздерді көшіріп әкел» деп. Апасы жылайтын… «Бар пәле, менің ұлымда бізге көрсетпей қызыл арақ ішеді екен, келінім жақсы қайта-қайта төркініне қашпағанда не істейді? Ол да біреудің баласы» деп әңгімесін қозғайтын.

Телжан ол кезде ештеңе түсінбейтін…

Бүгін де ештеңе түсінбейді.

Жеңгесіне не жетпейді?…

Жұмбақ…

Орнынан тұрды да қабырғада ілулі тұрған атасының қара тонын иығына іліп, далаға шықты. Түтін бықсып жатыр… Аулақтау барып бақшаның ортасына жата кетті.

Ауыл жым-жырт. Ит те үрмейді. Тып-тыныш. Тек құлағында жеңгесінің дауысы «Моншаға деп жинаған ағашты неге жағасыңдар-а, сендер костер жағатын пионерсіңдер ме?..» Жеңгесін шаңқ-шұңқ еткен дауысы…

«Құдайым-ау, орманға отын апармайтын» ауылда тұрамыз ғой – деп ойлады Телжан.

Ой. Ой. Ойлар…

Ой құшағында жатып аспандағы сансыз жұлдыздарға қарады. Көкесінің ашуланып «Өз балаңды өзің асырауың керек екен… Енді міне, көрдің бе? Кемпір-шалдың мазасы жоқ, біздің жүйкемізге де маза жоқ» – деп темекісін будақтатып жүдеп отыратын еді. Енді ол кісілер жоқ. Жалғыз ағасы Ержан ғана қалды. Есінде… ағасының ата-енесі сонау Шыңғыстау жақтан көшіп келген адамдар еді. Бейсенбай аға жақсы адам еді-ау… бес қызы болды. Кенжесі осы Айман жеңгесі біраз жыл оқуға түсе алмай, қайта-қайта ауылға кеп жүргенде Ержан алып қалып еді…

Атасы марқұм дүрілдетіп той жасады.

Телжанның есінде колбаса мен сыраға тойғаны. Одан кейін ұмытпайтын оқиғасы Ержанның он бес сөткелік абақтыға қамалғаны… Шошынған. Телжан. Қорыққан.

Ержан жазасын өтеп келген күні атасы, апасы, көкесі, мамасы үн-түнсіз отырып, бір-бір кесе шай ішіп, барлығы бір келісіп алғандай үйден шығып-шығып кеткен. Екеуі ғана қалған. Жақ жүні үрпиген, Ержан оған адам танымастай өзгеріп кеткендей көрінді.

– Аға! – деп тұңғыш рет айтқанын өзі де білмей қалды.

– Бауырым! – деген сөзді тұңғыш рет естіп еді-ау!..

– Телжан, бауырым! – деп еді сонда көз жасын сүрткен Ержан ағасы – Сен, мен сияқты түрмеде шірімейін десең ауылда қалмай, қаладағы интернатқа барып оқы! Өспеген ұрпақпыз, бізден де біреу шықсын да… алдыға ұмтыл, бауырым!

Осы кезде есік шиық етіп ашылды да, Бейсенбай мұғалім кіріп келген. Ержанның атасы. Көзінде жас… «Балам, өлтірсең міне басым, кешір мені, қызыммен тұрасың ба, тұрмайсың ба оны өзің шешесің. Саған өкпем жоқ. Бар пәле менің қызым мен шешесінде… Үйді жина деп қай еркек әйеліне айтпайды, соған бола шу шығарып не керегі бар еді, а… Кешір балам, ұят болды сенен! Кешір, айналайын!

Ержан тістеніп үндемеді.

Хром етігін сықырлатып атасы кірді.

– Құда, қой сойғалы жатырмыз, бата жасаңыз, – деді сақалын саумалдап…

– Таспен атқанды, аспен атайын дедіңіз бе? Құда, қайдағы бата, қайдағы тамақ Ержанды өкпелетіп алдық қой, құда-ау?!

– Жә, қарағым, бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде ештеңе етпес.

– Әй, құда-ау, өлтірдіңіз-ау, – деп Бейсенбай мұғалім орнынан тұрды.

– Оу, құда-ау, екі иығыңда диірменнің қара тасындай зіл бар ма, қимылдасаңшы, не болды сонша, – деді Атасы күлімсіреп.

– Ой, аға-ау, иыққа қыз бен қатын қара тастан да ауырды салып берді. Осы үйге жердің үстімен емес, астымен келдім.

– Қой, әңгімені. Әңгімені көбейтпе құда, сыртқа шығайық! Әй, Телжан, бас-сирақ үйтесің, әйда жүр, – деді атасы қабағын түйіп. –Тұр орныңнан…

Ержан екеуі тағы да оңаша қалды.

– Әй, – деді бауырының басынан тартып жіберген Ержан – Қазір мыңқылдамай интернатқа барып оқиын деп, нақтылап айт. Майыспа, сен жігітсің, қалаға барып интернатқа оқиын де… Ұқтың ба?

Телжан иығын қиқаң еткізіп, есікке қарай бара жатқанда ағасы мықтап бір тепті.

– Кет, көзіме көрінбей…

Бойын ыза буып, далаға атып шықты.

– Әй, Телжан – деді шешесі –Велосипедіңе мін де құдағиды шайға шақырып кел.

Телжан сол күні ешқайда бармай, тау асып кетіп еді…

Өксіп жылаған…

Сол жылы күзде Телжанды Өскеменге интернатқа Бейсенбай мұғалім апарған.

Телжанның жасаураған көзі жұмыла берді.

…Күн Мұзтаудың басына тез шығып, төңіректің апшысын қуыра бастағанда Телжан орнынан бірақ тұрған. Ұйқысын аша алмай, керіліп-созылып жүр еді.

– Не, үйде салып қойған төсекке жатпай, далаға түнеп жүрсің? – деді жеңгесі.

Оны тыңдамаған адамдай… беті қолын жуып келді де:

– Жеңеше, – деген Телжан күйген картопияны жеп отырып. – Осы Райхан ана жолы неге ренжіп келді?

– Ойбай, көтек, не дейді? Ренжігені несі? Өй, кет әрі, жап-жас болып қатынжандысын қарашы, мынаның!

Жеңгесі осылай деді. Осылай деп қана қойған жоқ, кір жайып жүрген көрші Кержақтың кемпірі – тетя Марусяны шақыртты, магазинге бара жатқан бір-екі әйелді қол бұлғап шақырып алды. Күйген картошканы орталарына қойып, әй жиналысты ашты дерсің. Қайынысының екі ұлына осыдан біраз жыл бұрын атаған екі тайды құлындатқанын, сөйтіп төрт мал ғып беріп, оны сатып, ақшасын бергенін, осы жолы Райхан келгенде сүйіншіге құлағындағы құйма сырғасын шешіп бергенін, мына қайнысының үй алдық деп бір ауыз ағасына телеграмма жібермегенін, үлкен ұлын Алматыға оқуға түсірмей жерге қаратып жібергенін, оқуға түсірмегенін қойшы, ағалап артынан ерген інісіне бір костюм-шалбар кигізбегенін, қойшы әйтеуір, жеңгесі жарты сағат «Алтай» радиосының тікелей эфиріне шыққан».

Кержақ кемпірді білмеймін, қалған екі-үш әйел күңкілдесіп, беттерін бір-бір шымшып, әуелгі бағыттарын өзгертіп, көше-көшені бойлап кеткен.

Жеңгесіне тағы бірдеңе айтайын деп еді, үйден қатты-қатты жөтеліп, ағасы шықты. Күйеуінің төбесі көріне сала қазан-ошаққа қарай сырғып бара жатқан жеңгесін ымдап шақырып алды. Бір ауыз сөз айтқан жоқ… бірақ, шапалақпен оңдырмай бір тартқан кезде жеңгесі жерге домалап түсті. Телжанның зәресі ұшып кетті.

– Сен ертең үйге қайт! – деді ағасы Телжанға ақырын ғана.

Ертеңінде Өскеменнен Телжан аттың басын Семейге бұрды. Қазір дегенің ақшасын төлесең кез-келген иномаркамен Семейге жетіп барады екенсің. Айналасы екі сағатта «Ауди-100»-ге екі жүз жиырма шақырым деген не, досы Ертағаның есігінің алдына барып, бір-ақ тоқтаған. Төртінші қабатқа лифтімен көтерілді. Өзіне таныс, бірақ көптен келмеген отыз жетінші пәтердің есігінің қоңырауын басты.

– Папа, сен бе? – деді қыз баланың дауысы. Іле есікті ашып жіберді.

– О-о-о, Айжанка, үлкен боп өсіп қалыпсың ғой!

Қыз бала томсырайып қалды. Ішкі бөлмеден шешесі шықты.

– Бәле, біздің үйге де Ерекеңнің келетін уақыты болады екен-ау. Жоғарыла, жоғарыла. Қайдан жүрсің? Алакөлден келе жатырсың ба, күнге керемет күйіпсің ғой?

– Жоқ, Алтайдан келе жатырмын. Біздің Ертаға мырза қайда? – деді. Әйгерім екі иығын бірдей көтерді.

– ?

– Мына үйді сатайық деп… көруге кісілер келеміз деген еді, солар ма десем, өзің екенсің ғой. Кел, жоғарыла, шай ішейік, – деп ас үйге шақырды.

Қуыршағын құшақтаған Айжан өз бөлмесіне кіріп кетті.

Ас үйде екеуден-екеу отыр.

– Үйлерің құтты болсын! – деді Әйгерім күліп. – Жақсы болды, қаладан үй алғандарың. Балалар өсіп келе жатыр. Ертең кемпір-шал болғанда «шаңырақта» екеуің ғана қаласыңдар ғой. Айтпақшы, бағана Райхан звондаған, кешке сен келеді деп көрші-қолаңды шақырып қойыпты ғой. Ал, сен болсаң, Семейде жүрсің, — деп қойды.

– Түстен кейін осы жерден самолетпен ұшамын. Ертаға мырза қайда?

– Махаббат майданында жаралы болып, ауруханада жатыр дейді.

– Ауруханада жатқаны қалай? Тағы да жүрегі ауырып қалды ма?

– Әй, білмеймін соны, қай жері ауырып жатқанын. Бір жұма болыпты ғой, әйтеуір. Оны қайтесің, шайыңды іш. Өзіңнің ел-жұртың аман ба?

– Иә, енді, Ертаға…

Осы кезде қоңырау шылдырлады. Үйге орыстың әйелі мен екі еркек кірді.

– Мы по объявлении.

Әлгі үшеуі төрт бөлмелі үйді жарты сағат қарады.

– Семь тысяч даем, – деді орыстың әйелі.

– Да вы что? Мы купили эту квартиру за пятнадцать.

– Ну и что, сейчас Семипалатинск – не областной центр.

Үй сатып алмақ болған үшеу кеткесін Телжан тықырши бастады. Әйгерімнің қабағы түсіп кеткен.

– Ертаға қайда жатыр? – деп қайта-қайта сұрағаннан кейін бе, «қайда-қайда болушы еді, городскойда» дей салды.

Телжан аяқ киімін киіп жатыр. Жанына Айжан келді.

– Аға, мынаны папама барсаңыз «мен берді» деп айтыңызшы, оның аяғы ауырады ғой, – деп қолына байпақты ұстатты.

Ол қоштасып үйден шығысымен қалалық емханаға жаяу тартқан. Анда-санда дұрыс келе жатырмын ба деп сұрап қояды.

– Қазір тихий час, екі сағаттан кейін келіңіз, — деді бір шелек су көтерген әйел.

– Екі сағаттан кейін самолетім еді, айналайын.

– Кімге келіп едіңіз?

Телжан досын мықтап таныстырып шықты.

– А-а, білеміз ол кісіні. Дәргерлер әйтеуір, клинический смертьтен алып қалды ғой. Екінші қабатта, бесінші палата. Платныйда жатыр. Сізді өткізбейді, қазір тұра тұрыңыз, мен мына суды апарып тастап өзім кіргізіп жіберейін.

Телжан палатаға кіріп, тұрып қалды. Әуелі досын танымай қалған. Екі жағы суалып, шүңірейіп көзі ғана қалыпты.

– Ертаға, саған не болған? – деді кереуетте жатқан досын құшақтап. – Ауырып қалдың ба?

Ертаға басын ғана изеді. Жымиып біраз жатты да:

– Ты откуда?

Телжан қысқаша өзінің қайдан келе жатқанын, самолеттің реті Семейден келіп тұрған соң, осылай қарай бұрылғанын айтты.

– Бәсе, – деді не қуанарын, не ренжитінін білмей.

Қос жастықты сәл көтеріп, шалқалай жатқан Ертаға еріндері дірілдеп, кемсең-кемсең етіп жылады.

– Телжан, сен маған ренжімеші. Менің ешқандай кінәм жоқ. Бар ойлағаным артымнан еретін бір ұл болсын дедім. Атадан жалғыз едім. Әкем марқұм да жалғыз өсіп еді. Ұрпақ желісі үзіліп қалмасын деген едім ғой. Мен өлсем біздің әулеттің шежіресі де әрі қарай дамымай қалады екен. Қателеспедім демеймін, қателестім. Тек мен өлгесін детдомнан бір ұлды алып, менің фамилияма жаздыршы. Менің ұлым деп қамқор болшы…

Телжанның тамағына өксік тығылды. Өмір мен өлімнің арасында жатқан досын қатты аяды. Айжан берген байпақты алып, білдіртпей жастығының астына тығып қойды.

– Ереке, өйтіп айтпашы, жазылып кетесің әлі.

Ертаға басын шайқады. – Болмайды енді, енді болмайды.

Осы кезде есікті ақырын ашып бір жас қыз кірді.

– Сәлеметсіз бе! – деді Телжанға қарап.

– Сәләматсыз ба, айналайын!

– Ертаға аға, мына көйлектеріңізді жуып, үтіктеп әкелдім. Қазір су ысытып қойдым, басыңызды жуып алыңызшы.

– Кешке қарай жусам деп едім.

– Аға, кешкі автобуспен ауылға кетемін. Мамам алпысқа толып, туған-туыстарды шақырып жатыр екен. Күні бойы бухгалтерияға бардым, ақша береме деп. Енді подаркасыз қалай барамын деп тұрмын, – деді.

Пейджер шылдырлады. Ертаға әрең оқыды.

– Көзі шатынап, терезеге қарап тұрды да: – Сука! – деді тістеніп.

Жас қыз беті ду етіп қызарды да, шығып кетті.

Біраздан соң сатыр-сұтыр етіп, есікті алқын-жұлқын ашып Күлчетай кіріп келді.

– Чо, лежишь, да? Ну, лежи! Сен білесің бе?.. – деп бірдеңені айтып келе жатты да, бұған жалт бұрылып қарап: – А-а, сіз бе, қалыңыз қалай? Қашан келдіңіз? – деді.

– Жаңа келдім.

– Сен білесің бе? – деді Күлчетай Ертағаға сұрланып. – Сенің әперген мына тоның, оказывается, не настоящая норка. Каспийде қырылған итбалықтың терісі екен, Қытайда жасалған представляешь, подругаларымның алдында масқара болдым! – деп пакеттегі салынған тонды еденге бір-ақ тастады да, шығып кетті.

Жұп-жұмсақ, әп-әдемі, қоңыр күрең тонды Телжан жерден көтерді. Екі дос үнсіз, бір-біріне не айтарын білмейді.

– Рұқсат па, аға? – деп жаңағы сары қыз келді.

– Кіре ғой, айналайын.

Қыз бала леген мен ыстық су құйылған ыдысты кереуеттің басына қойды да:

– Ой, қандай жақсы тон, – деп қызыға қарады, бірақ қолымен ұстаған жоқ.

Ертағаның шашын үш қайтара сабындап жуып, сүрте бастады.

– Ертаға аға, сіз қысылмаңызшы, әлі-ақ аяғыңыздан тұрып кетесіз. Менің де сіз сияқты ағам бар, қазір әскерде. Сағынып жүрмін. Мамам екеуімізге хат жазбай, дружить етіп жүрген қызына ғана хат жазады.

– Қалыңдығы әдемі шығар, ә? – деп күліп қойды Телжан.

– Қайдан білейін, аға. Бір-екі рет көрдім. Көп боянады екен. Бірдеңе айтайын дедім де, ағатайым ренжіп қала ма деп ойладым. Өзіне ұнаса болады да, әйтеуір мамамды күтсе болды. Маған бәрібір, мен әйтеуір үйден кететін адаммын ғой.

Ертаға орнынан үш ұмтылып тұра алмады.

– Телжан, ана тонды әперіп жіберші, — деді Телжанға қарап. – Ал, айналайын, сенің мамаңның тойына деген Телжан ағаң екеуміздің сыйымыз болсын, мына тонды ала ғой, – деді.

– Жо-жоқ, аға, мынадай қымбат нәрсені алмаймын. Ауылға алып барсам көршілер не деп ойлайды? Қалаға кеткен қыздардың бәрі бұзылған, теріс жолмен ақша табады деп ойлайды. Жо-жоқ, атамаңыз, керегі жоқ маған. Мамама бір орамал, бір-екі килограмм индийский шай болса болады.

– Онда былай болсын, Ақзер. Мына тонды ал, сендер төрт қыз пәтер жалдап тұрасыңдар ғой.

– Иә.

– Осыны сатыңдар да, төртеуің керектеріңді алыңдар. Қазір алып кет, ал әзірге мынаны мамаңа апарарсың, – деп бес мың теңге берді.

– Рахмет, аға, дүйсенбі күні айлық аламын, бірден қайтарып беремін сізге, – деді күліп. – Ал тонды бергеніңіз үшін рахмет, төрт қызға дедіңіз ғой, мен жалғыз келіп алмаймын, төртеуіміз келіп алайық. Өзіңіз беріңіз. Олар мен туралы не ойлап қалады? Әзірге сіздің палатада тұрсын, – деп, өзі шкафқа іліп қойды.

– Жолың болсын, Ақзер, мамаңа сәлем айт.

– Сау болыңыздар. Ертаға аға, рахмет сізге, дүйсенбі күні қайтарып тастаймын ақшаңызды.

Ақзер бұлармен қоштасып шығып кетті.

– Шіркін, – деді Ертаға шалқасынан жатқан күйі. – Қазақтың қыздарының бәрі осы баладай болса ғой, шіркін! Халқымыз әлдеқашан ілгері басып кетер еді ғой.

Телжан үн-түнсіз.Үлкен терезені айқара ашты. Бір кезде бөлменің ішін қоңырсыған түтін исі алып кетті.

– Жап, ойбай! – деді жөтеліп. – Мына орман өртеңгелі бір жұма болды. Көз алдымда қарағайлар емес, кітапханалар жанып жатқандай елестейді маған, – деді Ертаға.

Телжан үн-түнсіз.

– Екі ұлыңды спортпен шұғылдандыр. Қазір балаға компьютер үйрету керек, сол жағын ескерерсің. Менің кішкентай Айжанкама да көз қырыңды саларсың… Баламның мектеп бітіргенін көрсем деп едім. Оған енді қайда… – деп күрсінді.

Телжан үн-түнсіз.

– Ал енді, сен аэропортқа үлгермейсің, вокзалға қарай зымыра. Пойыздан қалып қоярсың. Сау бол. Қайда жүрсең, аман бол, – деп қолдары дірілдеп, мойынындағы тұмарын шешті де:

– Мына қасиетті тұмарды атам марқұм мойыныма бірінші класқа барғанда тағып беріп еді. Айжанкам мектеп бітіргенде, бұл бабаңнан қалған тұмар еді деп мойнына тағарсың, саған аманат…

– Ертаға, олай демеші, әлі-ақ жазыласың ғой.

Екеуі үнсіз қоштасты. Алай-дүлей көңілмен вокзалға жетті.

Вагонның есігі жабылар-жабылмастан қарғып мінген кезде оны кеудесінен итеріп жерге түсірмек болған жолсеріктің иығын қапсыра құшақтай алғанда темір арба танауы пысылдап, өкшесі тақ-тұқ етіп орнынан қозғала бастап еді… «Былай тұр! Құлаймыз, есікті жабайын» – деді қараторы жігіт күлген болып….

Телжан ақырын жылыстап терезенің алдына барды… Семейдің төсін қақ жарып ағып жатқан Ертіске қарап еді жүрегі бұлқынды». Қайран, ақкөңіл досым сенің тағдырың не болар екен?» Тамағына өксік тығылды. «Қайран, Ертаға досым, далада қалдың-ау… Сен неге аласұрдың? Неге? Неге?…»

«Жаңасемейге» кеп айылын бір тартып алған пойыз сар желіске басты. Көз алдынан өтіп жатқан бағаналар…

«Қайран, Ертаға, досым-ай»…

–Орналастыңыз ба, көке? – деп жанына келген жігіт жымиып күліп, – «Шаршайсыз ғой»…

Телжанның басы айналғандай болды. Көз алды қарауытып барып ашылды. «Маған не болған, шаршағанмын-ау…»

Осы кезде ту сыртынан ән салған қыз баланың нәзік даусы естілді. Қандай тамаша ән…

«Біздің ауыл Барлықтың бөктерінде, елигай.

Ұзақ болды ауылдан кеткеніме, елигай,

Қоңыр тауда қой бағып әнге салдым, елигай,

Құлағыңа жел болып жетпеді ме, елигай…

Қош есен бол көргенше,

Дәм-тұз айдап келгенше,

Әнен айтып кетейін,

Ішке бүге бергенше…

Телжаның басы айналғаны тоқтады. Жаны жай тапқандай. Тамаша дауыс… Балаң дауыс..

«Таудың қызыл пісті деп бүлдіргені, елигай,

Сағындың ба ауылыңды бұл күндері, елигай?

Алыс аулы, қарағым, қалған кезде, елигай…

– «Өй баракелді,өркенің өссін…»

– «Нағашылырына тартқан…»

– «Садағаң кетейін, құлыным…»

– «Астанада ән салуға жеткізсін құдай…»

– «Айтқаныңыз келсін…»

Қазақи бауырмалдық. Сырт көз қызығарлықтай, жылы қарым-қатынас… Сарт етіп есік ашылғанда жаулық тартқан егде әйелмен сақалы шошайған қарт адамды жаңағы ән салған кішкене қызды, тағы да екі адамды байқады. Купенің босағасынан күліп шыққан жас жігіттің жүзі жылы екен.

– Ассалаумағалейкум, аға! – деп, қос қолдап амандасқан ол Телжанға сұраулы жүзбен қарады.

– Уағалейкум! – деді Телжан танымаған сыңай танытып.

– Жолаушымыз, ағасы, Жарма, Семейден келе жатырмыз… Осыдан он шақты күн бұрын Тарбағатайдан шыққанбыз.. Алматы келдік… Содан жолдамыз… Қазақтың даласы кең екен ғой, – деп Телжанның білегінен ұстап аз тұрды.

– Не болды, бауырым?…

– Аға қан қысымыз жоғарлап тұр ғой.. Қәне, бізге кіріңіз.

– Жо-жоқ,әуре болма…

Бейтаныс жігіт купесіне кіріп, кішкене қол қобдишасын алып шықты.

– Ағасы, сіздің қан қысымыңыз жоғарылап кеткен сияқты. Кәне, өлшейік.

Телжан үнсіз келісті. Жолсеріктің купесіне барып қан қысымын өлшетті.

– О, аға, мынау болмайды ғой… Жатыңызшы мына жерге… Кәні, кәні, – деп ине салды.

– Жата тұрыңыз. Қан қысымыңыз көтеріліп тұр… Телжанның әп-сәтте бойы мұздап өтті де, көз алды ашылып сала берді…

– Ой, рахмет, атың кім бауырым?

– Хан –Толқын Керей деген бауырыңызбын. Жоғарғы сыныпты дәрігермін. Үрімжінің догдырлық оқуын бітіргенмін… Семейге Жарма деген жерде жатқан Керей Жәнібек батырдың басына барып зиярат қылып келе жатырмыз…

– О, – деді таңырқап Телжан. – «Сонау Қытай елінінен атаңызға бола келген екенсіз ғой»

– Біз әуелі Үрімжіден Алматыға келдік… Содан Ақмолаға жеттік… Жүдеу қала екен.

– Жаңа еліміздің Астанасы болып жатыр. Біздің қазақ не көрмеген? «Мың өліп, мың тірілген» қазақпыз ғой… Дербестік алдық, оғанда құдайға шүкір…

Пойыз зулап келеді. Жолсерік жігіт үш адамы бар. Қазанның қара күйесіндей дәу жігіт орысшалап боқтық араластырып сөйлей бастады.

– На хрена сидите здесь? Мы совещаемся, идите вы отсюда…

Телжан күмілжіп ештеңе айта алмай қалды. Оралман жігіт ағылшын тілінде

– Excuse me, but I am measuring pressure of this man and going to give him injection, – деп еді үшеуі бірдей аң-таң болып қалды.

Екеуі тамбурға шыққан кезде «Әкешім, анам шақырады», – деді қызы купеден басын шығарып.

– Ағасы «білмеген жердің ой шұңқыры көп» деген. Келініңіз алаңдап жатыр.. Аягөзде қан қысымыңызды бір өлшесем.. Біз Бақтыдан өтеміз ғой.. Мұқан Буыршының батыр жігіті қарсы алады. Ол да бізбен кеденнен бірге өтеді. Таңертең үлгеруіміз керек. Кешірерсіз..

Терезеден кең далаға қарап тұрғанда жанына жолсерік келді.

– Байеке, орналастыңыз ба?

– Ағаңа орын тауып бермейсің бе, жаның ашыса, –деді Телжан.

– Ашуланбаңыз, бәйеке, аман болсақ табамыз плацкарт пойдет?…

– Әрине, – деді Телжан селқос қана.

– Базар жоқ.. бәйке… Қазақша жақсы сөйлей аласыз ба?

– Мен не орысқа ұқсаймын ба? Жоқ, әлде…

– Ашуланбаңыз, бәйке, Абайды оқығансыз ба, қазақша мақал-мәтел білесіз бе?

– Бір кісідей.

– О, бәйеке, жақсы сізді Кньяздың купесіне апарайын сөйлесіп көріңіз чоң қазақ мүмкін қабылдап қалар сізді…

– Кньяз? Ол кім? Мафияның серкесі ма?

– Солай десе де болады… Биылға осымен үшінші мәрте менің сменама дөп келді… Өзі шатақ шал… Бір купені бір-ақ алады ешкімді кіргізбейді… Бывшый зоготавитель… Осы жолы бәйбішесі жанында екен ана жолы немересі Рүстем болған еді, ой, керемет бала умный пацан…

– Түсінікті, – деді шаршағанын сезе бастаған Телжан, – Мен не істеуім керек?

– Сәлем берсеңіз болды, әргі жағын Кньяз өзі шешеді орын бере ме, жоқ әлде ит қосып қуа ма –деп қырғыз жігіт ыржалақтап күлді – Он мощный психолог…

– Тонымызды шешіп алмас барайын… баста жолды, бауырым…

Екеуі бесінші купенің есігінің алдына барып біраз бөгелді. Телжан қымыздың иісін сезгендей болды.

Жолсерік есікті қақты да кейін шегініп кетті.

«Кіре бер деген» гүрілдеген дауыс шықты. Имене басып Телжан ішке кірді.

– Ассалаумағалейкум, ақсақал…

– Уағалейкум, бізде орын жоқ саған…

– Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады деген атам қазақ. Таңдайым кеуіп қалды, – деп күлді…

– Ой,енеңді ұрайын… сөзді тауып кеттің, кел отыр, – Бәйбіше, басыңды көтер, қонақ келді. Қалғып кеткен әйел адам басын көтерді де Телжанға «Амансың ба, әкем» деп жылы амандасты….

– «Сәлеметсіз бе, тәте?» – деп бидай өңді ақ самайлы әйел адамға амандасқан Телжан дөңгелек жүзіне айбар біткен шегір көздері от шашып тұрған шалға қарады – «Аға»…

– «Тұра тұр!» –деді – «Әй, Зұлқаш, мына ұлға қымыз құй»…

Әйел адам ыдыс-аяқты реттеп шеті кертілмеген таза кесеге толтырып бетінің майы көбіктенген қымыз қүйып, «Ас болсын әкем, мына құрттан да ала отыр», – деді.

Телжан бет аузын шымырлатқан қымыз толы кесені бірақ қотарды.

– Вот, бал қымыз екен…

– Бұл – Саржалдың қымызы.

– Керемет екен…

– Әкем, кесеңді бер, шөліңді басып ал, айналайын, – деп әйел тағы да толтырып қымыз құйды. Шал болса, дастархан үстінде беті жабулы табақтан бір тілімнен қазы-қартаны алып, Телжанға берді, – Ас болсын, балам!

– Рахмет, аға, сіздерді әуреледім ғой.

– Көп сөйлемей, қымыз іш…

Телжан кесе толы қымызды тағы да төңкеріп тастап, шал ұсынған етті жеген кезде маңдайынан шып-шып тер шықты. – Рахмет сіздерге.

– Ас болсын, қарағым. Деміңді алып тағы да сіңіріп іш… Саржалдың қымызы бал ғой, ағаңның Шабақ деген бауыры бар сол баптайды бұл қымызды.

– Да, – деді Телжан таңырқап, – Саржалдың шабағы мынандай болса, шортаны қандай болады екен.

– Елдің бәрі солай айтады, – деп әйел адам күлді.

– Шабағым мықты азамат боп өсті, бала кезінде тентек болған шығар… Қазір керемет жігіт болды… Үйір-үйір жылқы бағып отыр…Қайтсе текті атаның баласы ғой. Оның Ике атасы Алашорданың қамқоршысы болған. Қытайда менің әкеммен жақсы араласып еді. Икенің обалына қалған Совет өкіметі ғой. Қытай қазақтары Шәкерім атамның ұлы Зият ағамды да ерекше құрмет тұтатын еді…

– Сіз Қытайда туған оралмансыз ба?

– Жоқ, мен Мақаншы деген жерде туғанмын. Әкем Түрксіб жолында бригадир болған. Сүйегіміз Тобықты, оның ішінде Көкше деген тармағынан. Атамекенім Шыңғыстауда.

– Аа, түсіндім, кешіріңіз.

– Кешірім сұрағаның не? Сенікі дұрыс. Шәуешекке әкем марқұм НКВД-ның бір орысын атып тастап бір-ақ түнде қашып барған. Шағантоғайда осы жақтан барған тобықтылар баршылық екен. Жақсы өмір сүрдік. Шығыс Түркістан ежелден қазақтың атақонысы ғой… Есіңде болсын, Қытай қазақтары үш аймаққа бөлініп айтылады. Іле, Алтай, Тарбағатай.

Шал үш саусағын бүктіде сәл ойланып барып сөзін жалғады. – Мен, Кеңесжан Қылышұлы деген ағаң боламын…

– А-а, – деп желкесін қасыған Телжан өзін қысқаша таныстырды.

– О,жақсы үлкен атаның баласы екенсің…Қаратайдың ішінде қайсысың?

– Сарғалдақ…

– Сен өзіміздің бала боп шықтың, кел қымыз іш, – деп Шал өз қолымен толтырып қымыз құйып берді. – Саржалдың қымызын бір тартшы…

– ?

– Қалай екен?

– Тамаша,Саржалдың қымызына не жетсін….

– Рахмет, балам! Әдетте Өскемен жақтан келетіндер Шардан мінуші еді, сен Семейден отырдың?

– Досым ауырып жатыр еді, соның көңілін сұрайындеп Семейге бұрылғанмын…

– Солай де… Досыңның көңілін сұрауға сонау жерден бұрылсаң, тегін жігіт болмадың? Ол кім? Біз Семейдің біразын танитын сияқты едік. Досың кім?

– Ертаға деген…

– Е,ол берекесіз бауырым ғой, басын таудай қып аяғын қылдай қылды ғой…

– ?

– Шылым шегемісің? – деп Кеңесжан әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді.

– Жоқ, аға..

– Арақ ішесің бе?

– ?

– Түсінікті…Өзің не қызмет жасайсың?

– Мен жазушымын, – деді аты-жөнін қайталап…

– Осы Алтай тек жазушыларды ғана дүниеге әкеле ме? Шіркін, Оралхан керемет еді ғой…

– Ол менің бауырым еді ғой, – деп, әйел адам ауыр күрсінді.

Купенің ішінде аз уақыт үнсіздік орнады. Пойыз жүйіткіп келе жатыр.

– Ал, жарайды, аға, мазаларыңызды алмайын! – деп орнынан тұра бергені сол еді, Шал жеңінен баса тартқанда қайта қалай отырғанын білмей де қалды.

– Отыр!– деді Шал, әмірлі дауысын қатты шығарып, – Мен сенімен әңгімелесіп отырмын ғой, ошақтан секірген сиыр емес шығарсың, әлде дәмнен үлкенсің бе?

– Атасы-ау, қойсаңшы, бала емеспе?

– Әй, женщина, замолчи, а.. Қайдағы бала? Мен бұның жасында бір ауданның заготконторасын ұршықша иіргенмін..

– Иә, білемін ғой нені иіргеніңді, нені илегеніңді… Қонаққа неге ұрсасың? Біздің Ерланымыздай жас бала, не болды сонша?

Бәбішесінің сырын білетін Шал әп-сәтте өзі де, даусы да өзгеріп шыға келді.

– Әй, балам-ай, тәтең дұрыс айтады сен жоғарыда тұрған заттарды мына жерге қой… Мен саған төсек-орын әкелткізейін… Шал орнынан тұра, есікті ашып…

– Әй, Әбділдәбек, қайдасың? – деп айқайлады.

– Не болды, бәйке? – деп, жолсерік жігіт жүгіріп келді. – Бәйке…

– Сен қымыз ішпеушіме едің?

Әбділдәбек желкесін қасыды.

– Бар, қонағымызға төсек-орын әкеп бер…

– Есть, товарищ Генарал! – деп, қолын шекесіне апарған жолсерік кері бұрылды.

Телжан аң-таң.

– Балам, әкеңнің кейде аяқ астынан артист боп кететіні бар… Ренжіме орналасып ал, кәзір жақсылап шәй ішеміз…

– Бәйбіше, қолымды жуып келейін… Бауырыңды орналастыра бер..

– Жарайды, Атасы…

Телжан аң-таң. Апасының үйленіп, үй болғанда оңашада «Балам, әйеліңе қол тигізіп ашындырма… Онымен қатынды тәрбиелей алмайсың, жөн-жосықсыз қазымырлана берме! Өзінің миында бар адам болса, ерін сыйлап өтеді» — деп айтқан сөзі есіне түсті…

– Генарал қайда? – деді төсек-орынды алып келген жолсерік.

– Қолын жууға кетті. Кел,тізе бүк!– деп, үлкен кесеге толтырып қымыз құйып берді. Жолсерік жігіт түрегеп тұрып бір-ақ төңкерді де, түшкіріп жіберді.

– Жаракімалла! – деп, Кеңесжан купеге кірді.

– Бәйке, әже, сіздер демала беріңіздер. Пойызда бригадир мен проверяющийлер аралап жүр. – деп, қырғыз жігіт орынан тұруға ыңғайланды.

– Сен оларға айт, есікті тоқылдата бермесін… Саржалдың қымызын олар үшін әкеле жатқан жоқпын. Қырғыз Ұлы халық… Әбділдәбек, соны сен сезінесің бе? – деді Кеңесжан.

– Рахмат,бәйке!

Улутчыл дейт билбеген,

Улутун кимдер сүйбөгөн,

Кыргыз деп келіп дүйного,

Кыргыз деп кетем дүйнөден…

– Ой, жарайсың, Әбділдәбек…

– Менин улутм Кыргыз, Улуу даңазалуу айкөл Манас баатырдын урпагымын, Қурманжан датканын уулумун, қазаққа күйоо баламын… айалым Нұргул Қордайдан…

– Ой, бәрекелді, қыздарымыз қытаймен шүршітке кеткенше сендей адал қырғызға барғаны дұрыс болған қызымыз жаман жерге бармапты…

– Рахмат, бәйке, мен кеттім…

– Танысқаныма қуаныштымын, күйеу бала! – деп Телжан қолын қысты, – Саған да рахмет…

– Телжан, балам, қолыңды жуып кел, шәй ішейік. Мына жерге тәтең шағын дастархан жасап жіберсін…

– Мен де көмектесіп жіберейін…

– Әй, – деді Кеңесжан дауысын көтеріп, – Сен не үйіңде қазан ошақтың басында жүрген еркексің бе, көп оттамай бар қолыңды жуып кел.

Телжан күліп, шығып кетті. Қолын жуып тұрып ойланды. «Бір керемет кейіпкер таптым… Бір повесть жазбасам» деп ойлады. Тамбурға шығып, қазақтың кең даласына ұзақ қарап тұрды. «Қайран, Ертаға! Қандай ақ көңіл жанашыр досым, бұл жағдайға қалай ұрындың? Отбасың да керемет еді… Неге быт-шыт болдыңдар? Неге? Неге? Ендігі тағдырың не болмақ? Күлчетайға қайдан ғана ұрындың екен? Досым-ай, саған енді қалай ғана көмектессем екен? Емі бар ма сенің дертіңнің? Досым-ау…». Тамағына өксік кептеліп келе жатқанда «Телжан» деген дауысқа селк ете түсті. Жалт бұрылып қараса, Шал екен…

– Қазір, аға.

Қайтадан беті қолын жуып кеп, купеге кіргенде таңырқап тұрып қалды.Төрдегі пойыздың шағын үстеліне аңшылардың кішкентай ошағы тұр. Оның ішіне май шамды кесіп, білтесін жағып, үлкен шәйнектің танауын шуылдатып қойыпты.

– Кел,кел, бауырым, жоғарыла! – деп алдыда тұрған шахмат тақтасы сияқты шағын дастарханды жеңіл көтеріп алды. – Жоғары өтіп кет. Тез..тез..

Телжан жайғасып отырды.

– Не болды, әкем, бір жерің ауырып тұр ма? Түрің бозарып кетіпті ғой! – деді Зұлқаш.

– Жоқ, тәте, жол шәршатты ғой… Қайта Сіздерге кездесіп, жолым болды.

– Жас адам шаршай ма екен? Сендей кезімізде…

– Иә, білеміз, бұның жасында не істегеніңді – деді түсін салқындатып Зұлқаш.

– Мына шағын дастарханды.. – деді әңгіменің ауанын басқа жаққа бұрып жіберген Кеңесжан, – Ерланымның досы Жұмағали балам арнайы жасатып берді. «Батя, дойбыны шебер ойнайсыз, әрі жол жүрсеңіз дастарханыңыз ені жетпіс ұзындығы мына таяқшаларын қосқанда жүз тоқсанға барады. Өте қолайлы»деп еді, рахат болды осындайда…

– Бауырыма шәй ішкізсеңші…

– Ойбай, кешір, бауырым! Тәтең Ақжарда туған, Тәуке руынан… Екеуміз Қытай елінен шаңырақ көтеріп келдік Атамекенге …

– О, Сіз жезде болдыңыз, ақсақал…

– Осы Үлкен атаның балалары бір-біріңді сонау жерден танисыңдар ғой… Қазақта «Бай – байға, сай – сайға құяды» деген сөз бар. Мен осы мақалға «Найман – Найманға құяды» деген сөзді қостым…

Телжан күліп жіберді де, теңселіп келе жатқан пойыздың терезінен далаға қарады.

…Екі өкпесін қолына алып, басындағы қып-қызыл тақиясы қай сайда қалатынына қарамай, әр шүрегей төбенің басынан бір-бір секіріп, жанұшыра жүгірген бауырмал баладай батып бара жатқан күн жирен кекілін желбіретіп бұлардан қалысар емес…

Пойыз жер апшысын қуырып келеді.

Зулап келеді…

– Қой, бала, қымыз іштік, шайға қандық, енді Аягөзге төрт сағат бар, кішкене демалып алайық. Сосын бір бір кесе қымыз ішеміз де, жақсылап ұйықтаймыз. Аягөзде жарты сағат тұрады. Оятсам, ренжіме. Біз кәрі адамбыз, тізе сырқырайды, бел ауырады бір жерде құлап жатсам, елден ұят…

– Ой, қойыңызшы, жезде, ауыра қалады екенсіз… Сұлу әйел көрсеңіз, көзіңіз жайнап, жас жігіт боп кетесіз ғой…

– Өй, енеңді ұрайын, қызталақ…

– Ал, балаңмен жасты адамнан сөз есті. Рахмет, бауырым, сенің айтқаның дұрыс. Ал, енді дем ала ғой, бауырым…

– Ой, енеңді ұрайын, мынау қайтеді – ей, а…

Кеңесжанның даусында реніш жоқ еді…

Телжан басы жастыққа тиісімен қор ете түсті…

***

«Телжан, қалайсың, бауырым, сені сағындым ғой!» –деді ақкөйлек киген Ертаға күлімсіреп. Өзі әбден жүдеген. Көптен сақал-мұртын, шашын алдырмаған сияқты..

– Амансың ба? Саған не болды? Мына күйге қалай түстің? Не болған саған? Не болған?

Ертаға үнсіз…

– Мода қуып жүрсің бе? Ертаға-ау, бала боп кеттің бе?

– Ұлымды сағындым! – деп, жылап жіберді –Сағындым. Ол қайда, көрген жоқсың ба?

– Сенде ұл жоқ еді ғой… Қайдағы ұлды айтып тұрсың? – деді Телжан.

– Өзімнің ұлым… ұлым менің. Мен одан адасып қалдым. Кішкентай еді ғой, башпайлары қандай сүйкімді еді?!

– Білмеймін ғой…

– Сен мені білмейді екенсің ғой, – деді Ертаға, – Сен білмейсің ғой расында мені.

– Әбден білемін. Серісің, мырзасың, қолың ашық, бірақ көрінген жәлептерге жем болдың? Ақшаң көп екеніне мақтанып, оңды-солды шаштың.

– Досым-ау, табаламашы мені… – деп жалт қарағанда, Телжан шегініп кеткенін байқамай қалды.

– Ренжіп қалдың ба? Өзің айтшы, мына Күлчетайды қайдан тауып алдың?

– Ол менің өмірімді ұзартады. Ұл тауып береді маған. Ол мені байытады…

– Ана көзі бақырайған жәләп қатын ба?

– Иә, ол сондай қатын, бірақ ол менің өмірімді ұзартатын адам. Өзі сұлу.

– Әй, ит досым-ау, әбден миыңды айналдырып жіберіпті ғой. Оқытып қойған ғой сені.

– Ха …ха …ха.. – Ертаға күлді. Күлген сайын кішірейе берді, кішірейе берді. Бір кезде күлкісін тоқтатып, кемсең-кемсең етіп, жылай бастады – Мынаны қарашы, досым, тырнақтарым өсіп кетті. Қазір аламын. Содан соң ана дөңнің астында бұлақ бар, егер тартылып қалмаса, сені шақырамын. Үш рет атыңды айтып, дауыстап шақырамын. Келмесең, әрі қарай ұлымды іздеуге кетемін.

Күн шымылдық ішіне кірді. Қап-қараңғы. Қараңғы. Қараңғы.

Бойы тоңазып үрейлене бастады.

– Телжан…

– Е,бәсе, досым-ау, мені қалдырмаушы едің!

– «Телжан» деймін…

Бөтен дауыс.

«Телжан-ау»

Тасырлатып жанынан бір үйір жылқы шауып өтті.

Ол көзін ашып алды да, ештеңе түсінбей сәл жатты.

«Семей-Қызылорда» пойызы Аягөз қаласына кеп…»

…Орнынан тұрып, төменге түсіп, есінеді кеп. Кеңесжан басына телпек киіп далаға шығуға дайындалып апты. Мырс етіп күлді…

– «Күлсең, кәріге күл!» – айда, алдыға түс, – деді Кеңесжан, – Не болды сонша ұйықтап? Жас жігіт емессің бе, ширақ болу керек..

– Сіз, солдат сияқтысыз, жезде…

– Бауырым, ренжіме, өзіңнің ағаң ғой! –деді Зұлқаш, – Бір жерде сүрініп құлап қалмайын дегені ғой…

– Ой, тәте, ағамыз құлайтын адамға ұқсамайды. Біреуді бір ұрып құлатпаса…

– Ой, енеңді… сөзді көбейтпе? Түс алдыға…

– Ассалаумағалейкум, аға! –деп түсіп келе жатқан Кеңесжанды қолтықтап алды.

– Бұ қай бала?

– Аға,бұл балаңыз дәрігер, – деді Телжан.

– Ассалаумағалейкум, – деп жандарына шойыннан құйғандай қол-аяғы балғадай еңселі жігіт жылы жүзімен амандасты.

– Менің бауырым – Мұқан. Буыршынан.

– Елің кім? – деді Кеңесжан.

– Керей, Жәдік одан Байғара, – деді Мұқан.

– О, Қуандық батыр Ер-Жәнібектің сенімді серігі болған. Қанас өзені өткел бермей жатқан шығар, – деді Кеңесжан.

– Кешірерсіз, сіздің қан қысымыңызды өлшейін! Біз асығыспыз! Бақтыдан өту керекпіз. Ықтиярхатты алып, Қазақ еліне көшіп келемін, – деді.

Мұқан мен Кеңесжан сөйлесіп тұр. Хан-Толқын тез-тез оның қан қысымын өлшеп болған соң,

– Ал, ағайын, сау болыңыздар! Аман болыңыз, ақсақал! Түнімен жүріп барып, Бақтыдан ертесімен өтіп кетсек… Талай жігіттер бері қарай көшпек, бізде ілігуміз керек…

– Ал,жолдарың болсын! – деді Кеңесжан.

– Аман болыңыздар…

Олар жылы қоштасты.

Перронда ығы-жығы халық. Қолдарына бір–бір пакет ұстап алған саудагерлер тауарларын ұсына бастады.

– Колбаса алыңыз…

– Сыра алыңыз, Сергополский

– Қымыз – Саржалский

– Шәшілік…шәшілік барански

– Лайбаран емес пе?

– Жағың қарыссын, кәпір! – деді шаң-шұң еткен әйел дауысы, – Өзің лайбарансың…

–Аға, чистый самопал алыңыздар.

– Былай тұрайықшы, – деп шал оны қолтықтап алды. Екеуі вокзалдың сәл адам қарасы аздау бұрышына барып тұрды.

– Аға, мына жаңбыр по заказу жауды ғой…

– Сенің ниетің ғой, бауырым. Әлгі жастарды ойлап тұрмын да, біз көшкенде заман жақсы екен-ау…

– Сіздің купеге кіргенше танысқанмын Хан-Толқынмен. Ал, Мұқанмен жаңа таныстым. Жақсы жігіттер екен…

– Атам марқұмда, әкем жарықтық та осы Түрксібті салысқан адамдар. Аягөздің тарихы тереңде ғой. Бұл – қасиетті жер. Ее, шіркін, Аягөз – қазақтың алтын қазынасы ғой. Сендер, жазушылар, әсіресе, жастар қыз-қырқын туралы жазғанға үйірсіңдер. Ол да керек тақырып шығар… Бірақ, тарихты, кешегі ашашырлықты, қазақтың басынан өткен зұлмат заманды неге жазбайсыңдар? Жаңағы екі жігіт туралы жазуға болады ғой…

– Аға, ол күрделі тақырып қой…

– Мысалы, сен аулыңнан келе жатырсың… Сол елде қариялар бар шығар, солармен әңгімелестің бе?

– Жоқ, ол жағын ойламаппын да…

– Әне,көрдің бе? Миыңа да кіріп, шықпады. Сенен кейінгі жастар, тіпті де ойламайды.

– Байқаймын, әдебиеттен хабарыңыз бар сияқты..

– Әу демейтін қазақ жоқ қой, бала кезімнен батырлар жырын жаттап өскенмін. Оның үстіне Шәуешектің гимназиясында Төлеубек Жақыпбайұлы екеуміз бірге оқыдық.

– О, ол кісі мощный жазушы ғой. «Қыран» туралы көркем туындысын оқығанмын. Нағыз классика. Керемет жазушы ғой…

– Ой, айналайын балам-ау, зерделі азамат екенсің ғой.

Дұрыс айтасың, керемет еді ғой… Ана бір жылы Алакөлге барғанмын. Судан шығып жағалауда отырсам, ақбас шал өтіп барады. «Әй, Аманжан!» – деп айтып қалғанымды білмей қалдым. Көздері күлімдеп жаныма келді, аз-кем ойланды да, «Дауысыңды танып тұрмын.» – дейді.

«Ал, тап,кіммін?» – дедім тамағыма өксік тығылып…

Бір кезде Аманжан орнында сілейіп тұрды да қалды. Көзінен жас парлап тұр.

– Кеңес-ау, бұл сенбісің? Тірі ме едің?

– Менмін

Екі шал елу жыл өткен соң, Алакөлдің жағалауында осылай табыстық. Қытайда жүргенде Төлеубек үшеуміз ойын-сауықта домбыра тартып, ән салатын едік. Төлеубектің кейінгі тағдырын содан естідім….

– Сіздің әкеңіз Түрксібтің жол бригадирі болған екен. Өзіңіз Мақаншыда өмірге келіпсіз. Сонда Қытайға бара жатқанда жолда туғансыз ба?

– Әй, сенде, бір журналист сияқты тергейсің ғой. Менің шешем өте мейірімді адам еді, жарықтық кішкентай балаға «әй» деп сөйлемейтін. Дауысы сондай жұмсақ еді… Босана алмай қиналған әйелді табанын қыздырып, булап босандырып алатын ерекше қасиеті болған. Совет өкіметі қазақтың бар малын қырып елде жоқшылық жайлап алған. Бала-шаға, кәрі-құртаң аурудан қырылып жатады. Өкімет арнайы «медбригада» жабдықтап, ауыл-ауылға жібереді. Менің шешем де солардың қатарында болады. Ауыл-ауылды аралап жүріп, екі ай дегенде Мақаншыға жеткен күні толғақ қысып, Қатынсудың жағасында босанады. Кіндігімді балтамен өзі кеседі. Сөйтіп, өмірге келген жаман ағаң…

– Мен жазайыншы осы оқиғаны…

– Е, баяғыда бір бауырым қырам-жоямын, жазамын деп кеткен еді. Көрмедім содан… Ал, сенің Ертаға досыңның «Бамбук таяғы» деген әңгімесінің оқиғасын мен айтып бергенмін. Оны ол, тіпті әспеттеп, бамбук таяғының ішіне апиын тыққызып алып шыққан шекарадан. Одан Мәскеудің бандиттерімен байланыстырып, әбден былықтырыпты.

– Аға, Ертағаның ол шығармасы жоғары бағаланды. Оқырмандар іздеп жүріп оқиды…

Оның «Ыстықкөлдің салқыны» деген повесі керемет еді. Бамбукта шындыққа жанаспайтын бос қиялдан туған нәрселер көп. Шынындығында ол ұйғырдың жігіті. Ақсуатта бір байдың баласын өлтіруге Қытайдан тапсырма алған адам еді ғой. Базар өзенінде жуынып жатқанда аяғы тайып құлап мерт болған. Оны сенің Ертаға досың көтеріп, әлдеқандай қылып аспандатты. Шекарадан қолында таяғы ғана бар болғаны болмаса, ештеңе ерекшелігі жоқ. Ол жай ғана оқиға… Бамбук таяғының ішінде «Николайдың» басы деген орыстың алтын тиындары болған…

– Көркемдік шешім ғой, аға…

– Әй, оттамашы, сен де… Жүр, мінейік, пойыз жүргелі тұр.

Шалдың дауысымен қатар күн күркіреп, шатырлатып найзағай ойнады

– «Бісіміллә».

…Екеуі бір-бір кесе қымыз ішіп жатуға ыңғайланды. Жоғарыға шығып алған Телжанның ұйқысы келе қоймады. Кеңесжан одан оны-мұныны сұрап жатыр. Әлгінде шығып кеткен Зұлқаш жылы су әкеп, шалының аяғын мұқият жуды да, жақсылап сүртіп, қайтадан шағын пласмаст легенді төгуге шығып кетті.

– Аға, баяғының байлары сияқтысыз ғой, – деді Телжан күліп.

– Әй, баламысың деген, менің шешем жарықтықта әкемнің аяғын жуған. Онда тұрған не бар? Көп оттамай ұйықта…

Пойыз жүйіткіп берді дерсің… Күн күркіреп, найзағай ойнап жатыр….

Жарқ-жұрқ… Купе ішінде біреу шақпақ шағып жатқан сияқты.

«Бісіміллә».

Телжан Семейде ауруханада жатқан досын ойлады. «Не болдың, Ертаға-ау, не болдың? Сен не істедің өз-өзіңе?.. Мен сенен ақша сұрадым ба? Кітабыңды шығарамын… Қалған ақшаны өз қызыңның атына банкіге салып қоямын. Тек аман болшы, досым…Тез жазылып кетші»…

…Әппақ әлем. Қапалақтап қар жауып тұр. Зулап келеді… Жоқ, ұшып келеді. Соншама асығыс. Тау-тасқа қарайтын емес. Аэрошана биік төбенің басына ықынып шықты да терең сайға ұза-а-ақ ұшып барып дік ете түсті. Қар бұрқ етті. Шаң. Телжан ештеңе көре алар емес…

– Досым, қайдасың? – Ертағаның дауысы.

– Мен мұндамын.. Ештеңе көрінбейді?

– Қозғалма, әр жағың құз, сен байқамай тұрсың.. – деді Ертаға.

Қанша уақыт тұрғанын білмейді. Айналасы жарқырап, жылып, қар еріп, көл-көсір суға айналды.

– Ертаға қайдасың?

–Мен мұндамын… Аууу, мен мұндамын.

Қараса, досы Көктөбенің басынан қол бұлғап тұр.

– Сен Көктөбеге қалай шықтың? Семейде ауруханада жатыр едің ғой…

– Мені Көктөбенің басына шығарған Алдияр ағаның қасқыры. Сол көкжалға мініп келдім.

– Мынауың ертегі ғой, Ертаға-ау…

…Күн көтеріліп, Телжанның маңдайын күйдіріп бара жатыр…

Торғай шырылдап берсін.

«Қапшағайға келдік…Қапшағай»

…Телжан көзін ашты. Орнында жата берді. Басы мең-зең.

«Әй, сен, басымды қатырмашы!» – деп Кеңесжан қолындағы ұялы телефонын лақтыра салды. – Осы сенің ұлыңның басы істемейді. Үйдің фундаменті екі ай бұрын құйылып қойды. Мынау жынды «Батя, план өзгерді» – дейді ғой маған. Кірпіштен саламыз дедік қой…

– Балаңыздың бір білгені бар шығар, – деді Телжан көзін уқалап, –Заман өзгерді ғой…

– Әй, шатырға шығып алған қораздай қиқуламашы. Онсызда түнімен біреуге «тоқта, тоқта» деп қой қайырғандай айқалап, ұйқы бермедің….

Телефон қайтадан шырылдады.

– Әй, кемпір, ал сенің ұлың. Ал мына телефонды, давлением онсыз да…

– Алло, – деді Зұлқаш, – Балам, амансың ба? Иә, әкең екеуің таң атпай тіл табыса алмай жатырсыңдар. Өзі ғой, дейсің бе, әрине, өзі. Ол мінезін білемін ғой… Сейсмологияға есептелген дейсің бе? Ааа, жақсы болған, айтамын. Ағаштан құра саласыңдар, а? Әу баста солай істеуге лайықтадыңдар. Жай айтқанмын дейсің бе? Е… дұрыс Гуляның идеясы жөн… жөн… – Зұлқаш біраздан соң телефонды жапты.

Үлкен кісілер бір-біріне қарап үнсіз отырғанына Телжанның күлкісі келді, орамалын алып, төмен түсті де, жуынуға барып, тамбурға кеп, терезе алдында тұрды. Жол бойындағы саяжайда адамдар қарасы көп… «Бәріміздің туған жеріміз бар… Жер жетерлік… Бірақ, Алматыға ұмтыламыз. Прописка жоқ, тіпті бір түнеп шығатын жер жоқ болса да. Орталық болғаны үшін бе? Базар болғаны үшін бе? Әдемі биік үйлері үшін бе? Ауылда да адам қызығарлықтай үй тұрғызып, бау-бақша егіп тұруға болады ғой…»

– Әй, Телжан.. – деген шалдың дауысы шықты.

Ойы бөлініп кетті. Купеге кірсе, бағанағы ашулы Шал емес, басқа адам отырған сияқты. Күлкісі келді.

– Кел, бауырым, қымыз ішіп алайық. Шайды үйіңе барып, келіннің қолынан асықпай ішерсің. Қазір Алматыға жетеміз. Алдымыздан немереміз шығады жолдастарымен…

– Мен көмектесіп жіберейін…

– Жоқ әуре болма? Өзің жолдан келе жатырсың. Түнімен біреуді айғалап шақырып шықтың. Қымыз іш те, үйіңе тезірек жетуді ойла, бала…

– Аға, жолығамыз ғой. Рахмет сіздерге…

– Айтпақшы, Зұлқаш, қағаз-қалам берші, мына ұлға әдірісті жазып берейін… Ертең кешке таман келінді ертіп қонақ боп кетіңдер… «Немби» бригадасы қашан келуші еді.. Үш күннен кейін шығады…келін самолетпен келем деді ме?

– Ұшақпен келейінші, –деп, рұқсат сұрады. Онысы дұрыс, ағаш тиеген машиналармен келе ме енді.

– Алтыным, Гуля қызым ғой ақылды бала, көрдің бе? Үйді ағаштан салайық… Ой, айтқан ақылыңнан айналайын… Мынаның ұлы соны ойлауды да білмейді, – деді. Бағана ғана «ертоқымын бауырына» алғаны есінде жоқ… Зұлқаш апай күлді де қағаз бен қалам берді.

– Сен бері отыр, – деді қағаздың бетіне адресін жазып жатқан Кеңесжан, – Алматы. Мыңбаева 139, Бауман көшесімен сәл жоғары көтерілсең, алдыңда үлкен үй тұр… Семейге келсең, «Пожарная 89» деген әдіріске келесің.. тәк бүгін 13-і ме, он бесі күні кешкі он тоғыз ноль-ноль деп жазып қояйын, – деп бір жапырақ қағазды Телжанның қолына ұстаты… Кешікпей кел…

– Біздің баламыз машинасымен барып алып келсін, -деді Зұлқаш апай…

– Баламды мазаламаңдар, оны сол күні Қапшағай жаққа жіберемін Телжан мен келін өздері келеді…

– Аға, ана қалада, мына қалада үйіңіз бар екен, әйтеуір құрылыс екен, Астанадан бірақ салмадыңыз ба үйді…

– Мен де солай айтамын. «НЕМБИДІ» сонда жіберсе. бірақ айда тұрғызамыз деп отыр, – деді Зұлқаш апай.

– «НЕМБИ» деген… Фирманың аты ма?

– Жоға, – деп Кеңесжан аға күлді, – Біздің ұлымызбен бірге оқыған балалар ғой «Нұрмағанбетов, Ертуғанов, Манкенов, Бекишев, Искаков» деген фамилияларының басқы әріптері ғой…

– О, жақсы.. мынандай жігіттермен үй емес қала салуға болады ғой. Астанадан Көктөбелі коттеджді бір-ақ тұрғызбайсыз ба?

– Әй, балам, бізде жас болдық, тәтеңмен жайлауда таныстық. Алдына келген ақындарды сөзбен сабап жеңіп жатыр екен… Бір үзілісте «Қарындас, не арманыңыз бар, орындаймын» – деп қолымдағы ақ перчаткамды шешіп алдына тастадым….

– Ой,Кеңесжан, қой енді… – деп Зұлқаш ыңғайсыздана күлді.

– Содан… – деп орнынан қозғалып қойған Кеңесжан, – Кеш бата ауылына қайтатын болды. Жанында құрбысы бар, менің жолдасым бар дегендей, ауылына шығарып салдық. Содан қойшы, бір жылдан кейін құда түсіп алдым ғой.. Күндіз-түні жылайтын туған жерін айтып… Сосын елуінші жылдардың басында бір баламызды көтеріп, бері өттік қой… Одан кейін алпысыншы жылдары бір көш болды.. Туыстарымыз бен таныстарымыз келді. Біз ол кезде Шыңғыстауда Бозанбай атамның қорасында отырғанбыз. Бұл біздің атамыз, әкемнің әкесінің қыстауы… Құт болды. Ерланым сол жерде туды. Міне, тырбыңдап Ерланды жеткізіп едік, енді оның баласын бағыып, сол жетсе деп жүрміз… Ал, Астанаға келсек, ол жер қазаққа қоныс бола ма? Соңғы жетпіс жыл келімсіктердің ойнақ салған жері. Қайтадан Алматыға көшіп келсе, не істемекпіз? Сұрағы көп, жауабы аз өмір болды ғой… Қытайда жүргенде Алматыда оқитын студенттер каникулға келгенде жыр қып айтатын еді. Сонда біз ойлайтынбыз, Қазақ елінің Астанасында бір күн тұрып өлсек деп. Өмір өзгерді, бәрі өзгерді. Құдай осымызды көп көрмесін, тәуба құдайға, енді ғасыр жаңалығын кейінгі жастар көрсін. Ал, жарайды, бауырым, сен бізге алаңдама. Пойыз тоқтағанда, біз елдің бәрі шығып болғаннан соң бес минуттан кейін есігімізді ашамыз. Әдет солай… толпаны ұнатпаймын… Әлгі сөз жазатының бар ма?

– Иә,диктофоным бар…

– Алып ал, айтпақшы, «Көк тудың желбірегені»деген өлеңді жазған Шәуешектен келген жігітті танисың ба, соныда ерте келсең…

– Иә, Алмас қазір қаланың сыртында саңырауқұлақ өсіреді. Білемін жақсы жігіт.

– Менен сәлем айтарсың, жөнді білетін жігіт қой, түсінер… Оның сол өлеңі қазақтың гимні болады әлі.. Келсін де…

– Сау болыңыздар, көп рахмет.

– Жолың болсын.

Телжан үлкен кісілермен жылы қоштасып, купеден шыққанда жолаушылардың сөмкелеріне сүрініп қала жаздады. Ара-арасынан ептеп өтіп шығып келе жатып еді, жолсерік жігіт шықты.

– Жолуңуз шыдыр болсун, «чоң» бәйке, – деді күліп.

– Рахмет саған, бауырым, аман бол, – деп Телжан мың екі жүз теңгені қолына ұстатып, шығатын есікке қарай жүріп кетті. Сыртқы есіктен алып, Алатау көрінген кезде оның есіне Төлеубек марқұмның кітабындағы «Хош бол, балапаным», «Хош бол, ана» дегендей ана қыран Алтайға, бала қыран Алатауға кетті. Орнында мелшиіп, мәңгі қозғалмай Хантәңірі қалды…» деген сөздері түсті.

Вагонның есігі ашылғанда қапырық ауамен бірге, сонау жерде шыршалардың түбінде алба-жұлба киінген қазақ қыздарының түсініксіз тілде сұңқылдаған, «Кришна», «Кришна» деген дауыстары дәлбір бетіне түкіргендей болды. «Құдайым-ау, кеше ғана «илигай» әнін тыңдап ем, не боп кеткен бұл Алматы!» Жерге секіріп түскен оны таксист жігіт демеп жіберді, «Көке қайда барасыз?» …

Телжан баратын бағытын айтты.

– Тоса тұрасыз ба, бір-екі адам алайын? – деген кезде есіне Аманжол түсіп, күліп жіберді. Шеткері шығып тұрған кезде жанына ақ-сары, орта бойлы жігіт келді.

– Телжан аға, амансыз ба?

«Мына жігітті қайдан көріп едім» деп ойлағаныша…

– Аға, мені танымай қалдыңыз ба? «Қазақстан» қонақ үйінде Ертағаның нөмірінде Алдияр аға бар, кездесіп едік қой…

– Аа есімде, – дей салды.

– Неғып тұрсыз, апарып тастайын? – деп қолындағы телефон трубкасын әрі-бері айналдырды. – «Апар» деген жеріңізге апарып тастаймын. Ертағаның досысыз ғой..

Жүрегі жылып сала берді. Жан-жағына жалтақтап қарағаны сол еді, бағанғы жігіт жетіп келді. Ыржыңдап күлді.

– Әй,Сметана, пасажир ұрлағанды қойсаңшы…

– О, Берік, сәлем. Кешке үйдесіңдер ме?

– Иә, үйдеміз. Алмагүлдің подругасына барып қайтайықшы деген. Кілт казір құдықтың басында бір тас тұр, соның астына бастырып қоямыз. Ертерек келсең, монша жаға сал…

– Ағаны мен апарайын, а? – деді досына жалынғандай…

– Әй, Сметана, досым-ай, кімде кошелек барын білесің а?! – деп, ақкөңіл жігіт қарқылдай күлді, – Менің пасажирларым Талғар жаққа Тұздыбастауға барады екен. Ағатай, ренжімеңіз, өзім апарып тастаушы едім…

– Жоқ, Сметана досың апарады ғой, – деді ойында ештеңе жоқ. Таксист жігіт ал кеп күлсін.

– Менің атым Дәулет, –деді бұрыннан таныс екенін білдірген жігіт қызарақтап, – Аға,жүреміз бе?

– Кеттік…

«Шырша түбінде қаз қатар отырған қазақ қыздары дәл бір жоқтау айтқандай, «Кришна», «Кришна» деп қала берді».

– Аға, көрдіңіз бе, мына «Кришнайт» қазақ қыздарын, ертең бұлар кімнен бала табады, тапқан баласы саналы бала бола ма? Құрып барамыз ғой, аға-ау, құрып барамыз, — деді Дәулет.

Жолда келе жатып Дәулет жан-жағына қараумен болды.

– Не болды, бауырым, жан-жағыңа жалтақтап?

– «Обменный пунктке» қарап отырмын да, доллар бүгін елу тиынға өсіпті…Кеше жеті де елу еді бүгін сегіз мың теңге боп кетіпті…Ол ақшаны табу үшін таңертеңнен кешке дейін шапқылап жүрміз…

– Доллар жинап жүрсің бе?

– Иә, аға, теңгеге сенім бар ма? Ертең бір доллар жүз теңгеге бір-ақ секірмесіне кім кепіл? «Каменканың» жоғарғы жағынан жер алғанмын… Ертаға ағамнан бір керемет дачаның жобасын алғанмын..

– Ол ағаңмен қашан кездесіп жүрсің?

– Осы көктемде Алдияр аға үшеуміз Ақсуаттың тау- тасын мына көкқасқамен араладық қой… Бір ауылға жетеміз де, атқа мінеміз. Алдияр ағаның бауыры Берікжан бәрін дайындап қояды. Керемет болды…

– Сметана, – деді жас жігіттің атын ұмытып қап, – Бензин құймаушы ма едің…

– Болады, қазір бұрылайын.. Сіз отыра беріңіз, мен де он литрлік талон бар еді..

– Жоқ, әуре болма, бауырым. Мен жасап берейін…

– Бес литр жетеді, аға…

Телжан көліктен шықты да, бензин құятын жігітке «Мына машинаның багына қанша бензин сияды, сонша толтыр» – деді.

– Оператор әйелге бір бакка жететін ақша беріңіз де, жанында тұрыңыз. Мен қолымды көтергенде тоқтатады. Жетпей қалса, төлейсіз. Артылып қалса, маған шайлық бересіз, – деп жас жігіт көзін қысты…

Телжан оның айтқанын істеп, кабинаға кіргенде Дәулет ренжи сөйледі.

– Аға, мынауыңыз не? Біз мына бензинмен екі-үш күн шапқылаймыз. Мына талонды алыңызшы, ұят болды –ау…

– Қой, бауырым, о недегенің? Бауырым емессің бе? Оның үстіне алдымнан шықтың?

– Қарсы алдыңыз дейсіз … Онда жолаушыға шай беру менің міндеттім ғой… Екі кварталдан кейін ұйғырлардың кафесі бар, тамақтары мықты, сонда барайық…

– Барайық, сен өзімнің бауырымсың ғой. Жүз грамм ұрып алғым кеп тұр! – деп шындығын айтты.

– Оо, Сіздерді түсінемін ғой.. – деп Дәулет жылдамдықты үдетіп жіберді.

– Бауырым, ақырын… Келін сол кафеде істеуші ме еді?

– Жоға, аға, мен үйленбегенмін…

– Сөйлесіп жүрген қызың бар ма?

– Иә, қалыңдығым бар… Әзірге «үйленейік» деп айтқан жоқпын. Ақсуаттан келісімен Ертаға көкем қатты риза болып, мың долларға «Верхный каменкадан» жоғары жерден бір орыстың кемпірінен дача мен он соттық жерді Алдияр ағама алып берген. Ақын көкеміздің мінезі қызық қой. «Мен сендерге орыстың Иваны емеспін жер тырмалайтын» деп менің атыма жаздырды…Үйленгенше он соттық жерге бір времянка салсам, ақша болады ғой… Қазір орыстың кемпірінен сатып алған дачаны бес мың долларға сұрап отырғандар бар. Оны жалға беріп қойдым. Жақында екінші жерге ақырындап құрылысты бастаймын. Бар нәрсе басын жоғалтпайды ғой…

– Тойыңа шақырасың ғой…

– Списокта барсыздар, аға, бірақ той «Чупа-чупста» болады, келе алсаңыздар…

– Ол қай жердегі ресторан?..

– Ол менің туған жерім, – деп күлді. – Семейдің Шұбартау ауданы…

– Аа, білемін. «Комсомол жастар бригадасын» бастаған аудан ғой…

– Әй, ағай, қайтейін?! Сізде айтасыз-ау. Өзіңіз ойлаңызшы, мектепті жаңа бітірген бала, қолындағы аттестатын тастап, «қой бағамын»деп жұлқынып шыға келе ме? Олардың ата–анасы жоқ па? Ағалары, әпкелері жоқ па? «Арманыңнан адаспа, айналайын» дейтін. Совет өкіметінің қазақ жастарының оқусыз, білімсіз, ауру, ой-санасы төмен болсын деген ниетінен туған проектылары ғой.. Совет өкіметінің ең кеш орнаған жері біздің Шұбартау ғой… Беріспей «көтерілістен – көтеріліс» жасаған ғой… Мырзахан деген атамызды Совет өкіметіне қарсы көтерлісте Хан сайлаған..

Дәулеттің даусының қатты шыққанынан Телжан оның ренжіп қалғанын байқады да, әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді.

– Бауырым, Алдияр ағамызбен туысқансыздар ғой

– ?

Бұрылыстан сызылып келе жатқан көлікті босатып жіберді де, Дәулет артына бұрылып, – Аға, не дедіңіз? – деп сұрады.

Телжан сұрағын қайталады.

– Аа, – деді Дәулет дауысын созып, – Туыстығымыз былай ғой… Алдияр көкем маған негізінде жезде, бірақ, ол кісіні «аға» деймін. Ол үйдегі Күлзия апай мен менің шешем екеуі туған бөлесі… Менің нағашы апайым… Ал, Ертаға досыңыз Күлзия апайдың бауыры. Бір Мотыштың балалары ғой…

– О, екеуміз, тіпті, жақын болдық қой…

– Келдік, аға, –деп Дәулет көлікті тоқтатты.

– О..біздің үйге де барсақ болар еді, – деді.

– Жоқ, аға, жаңа қоныстанып жатырсыздар. Кейін келінің екеуміз шашуымызды алып барамыз. Биыл Әсемді алып барайын деп отырмын. Алдымен Түркістанға барып, зиярат етіп, Астанаға бір-ақ барсам… Бір жақсылап қыдырып, қайтар жолда Қарқаралы арқылы келе жатып, солға бұрылып кетемін де, «Шұбартау қайдасың?» деп тартып кетпейміз бе Әсем екеуміз. Босағаны бір аттатып алғанан кейін той қамына кірісеміз. Барлық сметасы жасалып қойылған, чики-чики болады бәрі…

Екеуі ішке кірді де, жоғарғы жақтағы кең үстелге отырды. Даяшыға ас мәзірін қарап отырған Дәулет сұйық лағман, бір шәйнек шай, оны-мұны тапсырып, бір бөтелке арақты қосты…

– Ой, Дәулет бауырым, оның бәрін кім ішеді?

– Алдыңызда қалсын…

Даяшы зыр жүгіріп жүр. Бәрін әкеп, үстел үстіне қойып… Мойны ұзын бөтелкені қылтамағынан ұстаған күйі Дәулет жымиып күлді де, – Аға, қырып салмаймыз ба? – деді.

– Не дейсің? – деп көзі бақырайып, Телжан оған таңдана қарады.

– Алдияр ағамен көп кездеспегенсіз-ау?

– Расында ол кісіні білеміз ғой талантты ақын екенін. Бірақ, біліңкіремейді екенмін.

– Оны байқадым. Қырып салу былай, – деп үлкен стаканға шүпілдетіп арақ құйды. Құйды да үстінен әрі-бері пышақтың жүзімен қырды. – Міне, осыны қырып салу деп айтады. Ал енді тартып жіберіңіз, братан.

Телжан күлкісі келсе де, бойын жинап жас жігіттің көңілін қалдырғысы келмей, бірақ тартты.

Оны-мұны келген кезде Дәулеттің телефоны шырылдады.

– Аға, отыра бересіз бе? Мені келініңіз Әсем шақырып жатыр. Подругасының ағасы Айдын Жомартовичтің үйінде екен… Мен Тастаққа барып келейін.

– Ой, келінді ренжітпе бар, бар. Менің сөмкемді әкеп бересің бе?

– Сіздің сөмкені қасқыр жей ме, жата берсін салонда, асықпаңыз… Қазір Айдын Жомартович мазганы итереді. Бір қырт әкеңнің… Құлақ шекесінен бірақ тартар едім, Әсемнен ұят құрбысының ағасы..

– Үлкенді сыйлау керек

– Профессор болса, өлейік пе? Маған, «өкіметке налог неге төлеймесің?» дейді еще..

Осы кезде телефон шырылдады. Дәулеттің жаны шығып кете жаздады.

– Әсема, қазір келе жатырмын. ГАИ тұр, – деп трубканы жаба салды.

– Аға, алаңдамай отыра беріңіз… Девушка, мен төлеймін ақшасын..

– Мәйліңіз, ака…

…Телжан жалғыз. Ойланды. Дұрысы, кеше Ертағамен ауруханада кездескенін есіне түсірді.

– Сен мені дұрыс түсін. Менің «Ыстықкөлдің салқыны» деген повесім жетті, – деді Ертаға – …Ол кезде Айко екінші балаға аяғы ауыр еді ғой.. Алты айлық еді мерзімі.. Енеміз келді де, астаң-кестеңін шығарды. Ондағы маған қойған кінәсі «Қырғызстанда әйелің бар екен» – деп базардағы қатындар айтты дейме… Үшінші күні Айко мұрттай ұшты. Төртінші күні жедел жәрдеммен ауруханаға апарды. Түсік тастады. Қан қысымы қатты көтеріліп кетіпті. Баланы өз қолыммен жерледім. Өзім сүйегіне түстім. Ұл бала екен.. Жерлеп жатқанда ақ шүпірек ашылып қалып башпайларын көргенде.. не болғанымды білмеймін. Енді Әйгерім бала көтере алмайды ешқашанда…Үйде ұйықтай алмаймын…Тіпті, бірге отырып тамақ іше алмайтын дәрежеге жеттік…

«Біз сені түсінбеппіз ғой, Ертаға досым…» – деп іші удай ашыды. Ақырын жан-жағына қарап алды да, үлкен стаканды орталап тағыда ішті.

Ішін тіліп ақ түсті.

Даяшыны шақырды.

– Қай ауылдың қызысың? Атың кім?

– Эльмира. Меркеденмін, әка, – деп қолын кеудесіне қойды да, – тыңдап тұрмын.

– Әлгіңдегі мантыңды әкелші.

– Біраз күтесіз…

Телжан келіскендей басын шұлғыды. Ертағаның денсаулығы үшін бірді тартты. Ойланды. Ұзақ. Ойланып отырып, есіне нелер келіп, нелер кетпеді. Қайран досы Ертаға-ай! Қандай ақкөңіл, қандай бауырмал, елдің бәріне жақсылық жасап, жалпақтап, бір түйір нанын бөліп беретін ақкөңіл досы неге ғана солай болды екен, а? Ойланды. Ұзақ. Ойланып отырып, сонау бір кезде Өскеменде тұрғанда бір күні Ертаға келіп, түні бойы бұған өкпе айтқаны есіне түсті. «Сен қорқақ, жалтақсың. Өзіңнің пікірің жоқ. Сен білесің бе, екі дос орманда келе жатып, алдынан аю шыққанда, біреуі ағаш басына өрмелеп кетіп, екіншісі жерде өлген болып жата қалғанда аю иіскеп, тиіспей кеткен. Досы: – Аю сенің құлағыңа не деп сыбырлады? – дегенде: – «Қиын жағдайда сатып кететін адаммен жолдас болма» – деп айтты, – дейді емес пе. Мен де сендей адаммен дос болып жүрген ақымақ екенмін», – деп есікті тарс еткізіп жауып кетіп еді ғой.

– Әка, міне мантыңыз, – деді Эльмира иіліп.

– Маған шай әкеліп беріңізші. Сүт қосыңыз, ащылау болсын, – деді.

– Хоп, мәйлыңыз.

Ойланды. Ұзақ. Ойланып отырып есіне түсірді. Ертағаның бір кітабы шыққанда бір ауыз сөз айта алмады ғой. Дұрысы – айтпады. Министрлікте отырып қаншама адамның кітаптарын мемлекеттік тізімге кіргізгенде, досының атын жазбады. Неге? Жазғысы келмеді. Келмеген емес – елемеді. Оның үстіне «досын кіргізіп жатыр» десе сұмдық қой… Маған кету керек бұл министірліктен…

Ой, ой. Ойлар…

– Официантка! – деп айғайлады бір кезде.

– Не боп қалды, әка? – деп үзіліп даяшы келді. – Не болды, әка?

– Счет акел…

– О не керек? – деп төбесінде төніп Дәулет тұр.

Жарты сағаттан кейін ұйғыр қыздың қолынан сүйіп, кафеден шықты. Тілеуің бергір, Дәулет «Әсем», «Әсем» – деп әңгіме айтып үйіне жеткізіп тастады.

– Ур-ра, папам келді! – деді, есіктің алдынан кіші ұл қуанып…

– Амансың ба, балам? Үйде кім бар?

– Үйде қонақтар бар, папа, – деп сыбырлады.

Үйге кірді.Танымай қалды өз үйін өзі. Қонақтар мәз-мәйрам болып қарсы алып жатыр. Алдынан Аманжол шықты.

– Әй, қайда жүрсің? Енді болмаса қайтайын деп жатыр едім. Аэропорттан қарсы алуға бардым. Онда жоқ екенсің.. Үлгермеген екен деп ойладым… Оның үстіне бензин жоқ.

Жаңалап қайта дастарқан жайғанмен, отырыстың сәні болмады. Бәрі бұған жалтақ-жалтақ қарап, шаруаларын айтып, бір-бірлеп қайта бастады. Төрде отырған егде әйел адам:

– Қарағым, Телжан, келін екеуіңе Құдай айдап, көрші болдық. Талдықорғандағы екі қабатты үйімізді, балалардың мал-мүлкін сатып, әйтеуір мына үйге қолымыз жетті. «Талдықорған областной центр емес» деп балалар – бәрі осылай қарай үдере көшкеннен кейін мал-мүліктің барлығын сатып, осылардың баласын бағайын деп келгенім ғой. Бала-шағасының қызығын көрсін, Абрам Моисеевич әйтеуір, біраз ақшасын түсіріп, үйін сатты бізге.

Телжанның арқасы мұздады.

Көрші кемпір бата берді. Қонақтар тарады. Аманжол да рұқсат сұрап ұлы екеуі қайтуға ыңғайланды.

– Өй, отыра тұрсаңшы. Жамал қайда, өзі?

– Ой, оны қайтесің? Басы ауырып жатыр үйде. Давление дей ме баяғы, өзің білесің. Мен келсем болды емес пе саған?

– Онда, мен ертең «Шаңыраққа» барам, біздің моншаны жағып қой.

– Жаға алмаймын, – деді Аманжол.

– Неге, неге жаға алмайсың? Отының жоқ па немене?

Аманжол еңкейіп оның құлағына сыбырлады: «Райхан ол үйді сатып жіберген».

«Сатып жіберген, сатып жіберген. Райхан сатып жіберген… Райхан, сатып, сатып…»

Құлағында жаңғырық.

Телжанның іші удай ашыды. Көзіне ып-ыстық жас келді. Тамағына өксік тығылды. Аманжолмен қоштасар-қоштаспастан балконға шықты…

«Вишня, вишня,

Зимняя вишня…»

Басы айналды. Ауа жетпей барады. Аяқ киімін киіп жатыр еді, екі ұлы екі жағына жармаса кетті. «Сендер мені сыйламайсыңдар,» – деп бұлқынды. Әйелі бұрқ-сарқ. Көз алдында дүние дөңгелеп бара жатыр. Аяғын нық басты… баспалдақпен төмен қарай кетіп бара жатыр… бара жатыр…

***

…Шөлдеп жатып оянды. Бүйтіп оянғаны бар болсын. Алақ-жұлақ етіп жан-жағына қарады. Ай жарығын өткізген әдемі перде. Костюм-шалбары орындықтың басында ілулі тұр. Ойбай, масқара, кеудесінде әйелдің әппақ қолы жатыр. Әйелге бұрылып қарауға шама қайда? Мәрмәрдай аппақ әйел қолын ақырын сырып тастады да, тез-тез киінді. Галстугын түзер-түземестен, нәскиін іздеді. Жоқ. Таппады. Аяғын ақырын-ақырын басып, есікке қарай бара жатыр.

– Қайда барасың?

Селк ете түсті. Бар күшін жинап, мойнын бұрды.

Райхан басын қылтитып, көрпеден шығып келе жатыр.

– Қайда барасың?

– Туалетке.

– Сонда осылай киініп барасың ба?

– ?

– Бар, енді, барып кел.

Түнемелден сүйретіліп шығып, сүмірейіп қайта кірді. Шешінді.

– Терезені ашып, пердені сырып тасташы, ауа кірсін үйге, – деді Райхан. Келіншегінің айтқанын істеп орнына келіп жатқан болды.

– Ал, сөйле…

Телжанда үн жоқ. Тілі байланып біраз жатты да: — Мына пердені «ЦУМ-нан» алдың ба? – деді.

– Жоқ, көрші қатын берді.

– Қай?…

– Әлгі сен үйіне қона жатып, «Вишня, вишня» деген кезде қанден күшік сияқты құйырығыңды бұлғаңдатып билейтін, сайқал қатын ше…

Телжан өлді. Өлген жақсы ғой, жүрек соғып тұр, құлақ естиді, бірақ бүкіл денесі мұз. Тас. Қозғалмай жата берді.

– Енді, сен мені тыңда, – деді сұп-суық біздей саусағын күйеуінің бүйіріне тіреген Райхан. – Енді менің айтқаным болады. Ол қатынды бүгіннен бастап ұмытасың. Мен сені Алтайға шөп шабу үшін емес, мына бес байдан шыққан шибұт қатыннан құтқарайын деп жібердім. Бір жыл осында Алматыда тұрасың. Үйді жекешелендіріп алайық… сосын Астанаға жұмысқа барасың. Семейдегі досыңды ұмыт. Одан енді саған пайда жоқ… Ауылдағы оралмандар тұрып жатқан Атамның үйін жекешілендіріп алып жерін кеңейтіп құжаттарын дұрыстап қояйық. Оралман ағайындар тұра берсін.. Қайынағамның екі қызын қолымызға алайық. Үлкен қыз Нұргүл «Тәте, өскенде модалер болығым келеді» дейді. Екінші қыз да бойжетіп қалды, қолымызда тұрсын, өзім тарбиелеймін.. Салақ шешелері не үлгі көрсетеді. Қайран, қайнағам қандай жақсы адам… әттең жаман салпы етек қатынға қор болды… Бізге уақыттың талабына сай өзгеру керек. Әркімнің өз шындығы болады…» Шаңырақтағы «үйді сатпағанда ақшаны қайдан алады екенмін…Соның бетіне қарап отырамыз ба? Бағана нағашым «Телжан келсе ғана барамыз, үйдің иесі жоқ кезде неге қонақ шақырасың» дегенде ыза боп жылағаным шындық… Бірақ,ойлап қарасам нағашымдыкі дұрыс екен..

Құрысын бәрі, «жыртық үйдің құдайы бар»деуші еді апам енді осы үйді ұқсатайық… Біржан қайныма қамқор болайық… өмірге ұмтылып тұр… Жақында ауылға барып қатын түсірейік… Сосын қайнағамының екі қызын алып қайтамыз… Есіңде болсын, Ертаға досыңа жолаушы болма?

– Олай демеші, ол бізге…

– Пішту, онсыз да таңымыз атып, тауығымыз шақырған. Жолатпа оны осы үйге. Бөлмелерді адыраспанмен аластап, тазалап қойдым.

Бағана Семейден Әйгерім звандаған. Байғұс досың сүйретіліп үйге келген, жанында дәрігер мен нотариусы бар дейді. Жарты күн отырып барлық ақшасын, дүниесін Әйгерімнің атына жазыпты. Қаншама дүние дейді. Ақмолада құрылысқа ақша салып екі бөлме үш бөлменің үйлердің қағаздарын… Семейден он екі дачаның қызының атына көшіріп беріпті. Өзіне Талғарда бір дача мен Баянауылда бір гектар жерді өзіне қалдыруды рұхсат сұрады дейді. Мұншама дүниені қай уақытта жинаған… Саған екі миллион теңге беріпті ғой кітап шығарып берші деп. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» – деген ертең қайтарып таста ақшасын… Сенің ана қатынға ұрынғаның сол досыңнан алған тәрбиең… Егерде жазылсам жазда Баянауылда боламын, қыста Талғарда тұрамын депті. Өліп қана қалмайды екен есалаң қайыршы менің подругамның жастық өмірін құртты… Не деген ит жанды мынау а.. Әйгерімге айттым Алматыға кел, сонша ақшамен Семейде қалма деп. Айжанканың болашағы үшін үлкен қалаға келгеніңде дұрыс қой деп айттым.

Біздің астыңғы қабаттағы апай бір мектептің директоры екен, араласайық. Мен өстіп базарда ала қап арқалап жүре беремін бе? Дипломым бар, мектепке жұмысқа шығайын, жоқ әлде ана қатынды орналастырасың ба?

– …

Райхан иығы селкілдеп жылады. Ол келіншегін не жұбатарын, не жұбатпасын білмей үнсіз жатыр.

Күз келді ме, қыс келді ме, терезенің саңылауынан суық жел соға бастады…


Талғат Кеңесбаев

1998 жыл. Алматы

2016 жыл.Астана


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар