Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Талғат Күзембаев: Қос батырға...

16.03.2016 4889

Талғат Күзембаев: Қос батырға

Талғат Күзембаев: Қос батырға - adebiportal.kz


кос батыр.png

Біссіміллә сөздің басы, тіл келтірмей иманға,

Мына бір іс артық болды бүкіл мадақ сыйдан да.

Аспан асты еліндегі жекпе жекте топ жарып,

Қазағымның қос батыры қатар шықты финалға.


Бірі –Қытай еліндегі қандастардың жебесі,

Бірі - Қазақ жеріндегі жігіттердің төресі.

Қос Қазақтың қабыланын шаршы алаңға шығарып,

«БАСТАҢДАР!» деп бұйрық берді төрдегі бас төреші.


Ережесіз жекпе жекте сұралмайды бас сауға,

Екі мықты екі жаққа уәде берген саспауға.

Қос Қазақты әттең бірақ жібермей тұр қандары,

Бірін – бірі бас, көз демей төпеп, сабап тастауға.


Екі Қазақ бірін бірі ұрмайды, не теппейді,

Шын мықтысы әлсіздеуін неге быт шыт етпейді?

Жолдағының бәрін жайпап келе жатқан жампозға

Мына жерде қандай айла, қандай амал жетпейді?


Ережесіз жекпе-жектің талабы тым жоғары,

Шаршы алаңға шыққандардың жоқ амалы, обалы.

Екі елдің аманатын арқалаған қос мықты,

Айқаспайды, анда санда арпалысқан болады.


Алысқан боп қояды алма кезек жығылып,

Аласармас ар мен қанның бір екенін ұғынып.

Жамбасқа алып, іштен шалып неге атып ұрмайды?

Найзағайдай жарқ етпейді неге шойын жұдырық?!


Аянбайтын айқас көру-келген жұрттың арманы,

Шын мықтыны анықтау ғой ақтық сынның бар мәні.

Айқай шу мен ескертуге қарамады мән беріп,

Қайсар мінез Қазақ дейтін елдің екі арланы.


Екі мықты-екі елде еңбегімен еленген,

Шарпысқанда шаршы алаңда шалт қимылмен шөгерген.

Қарулысы қан жоса ғып сабамады қандасын,

Қанша жерден «Күш –атасын танымайды» дегенмен.


Ақша менен атақ-даңқты артық қоймай арыңнан,

Аласармас Ұлттық рухың биік тұрды жаныңнан.

Бүкіл жұртқа мазақ болмай, ұлт болмысын танытқан,

Айналайын қос батырым, Қазақ деген қаныңнан.


Бітпей қалған жекпе-жекке тағылмасын сын-айып,

Біз одан да қос батырдың амандығын сұрайық.

Шаршы алаңда ар мен қанды биік қойған бәрінен,

Ғабитты да, Айбекті де батыр десек лайық!!!

Қызылорда облысы

Шиелі ауданы

Бала Би ауылы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар