Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Есей Жеңісұлы. Сөздің тағдыры (Әңгіме)...

28.02.2025 1345

Есей Жеңісұлы. Сөздің тағдыры (Әңгіме) 14+

Есей Жеңісұлы. Сөздің тағдыры (Әңгіме) - adebiportal.kz

Көзіне әлдене сарт ете қалды. Күмісай бұғып үлгерген жоқ. Тұла бойы ысып, көзі ашып, шарасын ащы жас кернеп кеткенін ғана түсінді. Ары-бері сығалап еді, айналаның бәрі бұлдырап, ештеңе көрінер емес.

-О, сорлы! Сорлы! Онсыз да соқыр көзімді су қараңғы еттің ғой! – деп бүк түсіп жата кетті. Екі иығы селкілдеп, манадан бері алқымына тығылып, жанын қинап отырған жасқа ерік бергені сол екен, ағыл-тегіл ақтарылды да кетті-ай!..

Кәдімгідей дауыс салып, жоқтау айтып жылады. Әуелі «жарығым-ай!» деп үздігіп бастап еді, бір кезде өлеңдете жөнелсін... «Есіктің алды қарағай, көз жасым сел боп ағады-ай... Аңыраттың ғой анаңды, жарығым, қарғам, балам-ай!..» деп жарты жылдан бері көкірегіне тығылып тұрған өксікті төксін кеп, төксін кеп. Дәл құлағының түбінен сәби даусы шар ете қалғанда ғана селк етіп есін жиып, жан-жағына алақтай қарады. Соққы тиген көзі сығырайып ашылмай қалған екен, сонда да оң қол тұсындағы баланы қармалай тауып алып бауырына тартты.

-Сен де мен сияқты сорлысың-ау!.. – деп баланы жұбатудың орнына қосыла жылап, үй ішін азан-қазан қылды. Дауысынан сәби қатты шошып қалған сияқты, одан ары булығып, әжесінің жүзіне тік қарай алмай, бауырына бетін жасыра өксиді.

Бұл ойға батып отырғанда, жиені қолындағы ойыншықпен бір-ақ салған болды ғой... Көзінің ауырғаны басылса да, манағы ойбайынан өзі ұялып, баланы уілдей жұбатып, егіліп отыр.

Бұл әйелдің мұңы көп. Басынан асады. Нені ойласа да, кімді ойласа да, соған аралас мұңы мелдектеп, көзінен жас болып парлап жатыр. Адамның жасы бітпейді екен-ау... Дүниеге көзін жылап ашып еді, әлі жылап келеді. Жасы құрғайтын емес.

Тым қайсарлығы тағдырына балта шапты ма әлде? Бір қараса, бәрін дұрыс істеген сияқты. Өткен күндерге өкінішпен емес, сүйінішпен үңілетін санаулы жанның бірі санайды өзін. Ешқашан еңсесін түсірмей, иінін салбыратпай, қаңқу сөзге құлақ түрмей, жұрттың пыш-пышына жалп етіп ере кетпей, бұрынғы ауылдастары айтпақшы, ақсүйектей кекірейіп жүргенде, бәрінің құны осы дәрменсіз күй мен дәрменсіз күн болғаны ма?

Күмісай орнынан кенет атып тұрды. Оқыс қимылынан селк етіп қайта бақырған жиенін өбектеген күйі өз бөлмесіне асықты. Қалаған нәрсесін осы қазір алмаса дүние қараң қалатындай, мәңгі қараңғылық орнайтындай қапылды. Осы сәтте Күмісайдың ана мейірі құшағындағы бөбекке де, өзіне де, тіпті іздеген нәрсесіне де молынан жетіп, дүние көз алдында аяулы, нәзік, нәркес, қорғансыз болып бара жатты.

Кітап сөресінің кілттенетін бөлігінен жазу дәптерін алды да, қажет парағын бірден ашқанына таңғалып біраз тұрды. Үңіле оқып, әр буын мен әр сөзді ежіктеп қарай келіп:

-Е-е, бәсе! – деді.

Сырт қараған адам Күмісайдың мына қан-сөлсіз түрінен шошиды-ақ. Жаңағы арын, ұмтылыстан жұрнақ та жоқ, өмір сапары дәл осы жерден тәмәмдалғандай, тұжырылғандай селсоқ. Құшағындағы сәбиге мағынасыз көзбен телміреді. Бос қолымен біресе басын ұстап, біресе жанын қарманып, таусылмас бір әбігерге түсті де кетті. Көзінің алды тағы бұлдырап барады екен, қапелімде не істерін білмей, баланың бетін кеудешесінің шалғайына үйкелей берді. Әжесінің қимылы қытығын келтірді білем, сәби жылаудан тыйыла қалып, тәп-тәтті даусымен сықылықтай жөнелді. Жаны күйреп тұрғанда жиенінің кенет күлгені Күмісайға тосын көрінді. Дереу басын көтеріп, өксігі мен күлкісі қатар естілген балаға таңырқай үңілді. Жасы тоқтайтын емес.

-Өй, көңіліне кір тұрмайтын жарығым! Бұ неменің ашуы сақал сипағанша ғана! – деді өз даусын өзі тани алмай.

Күмісайдың жалғызы кеткеніне көп болған жоқ. Содан бері көрген күні – жылай беру ғана. Осы күні құр терісі ғана қалды, баяғы от шашып тұратын көзі ұясына шүңірейе еніп, әжімдері тереңдеп, нағыз кемпір болды. Адам деген көкжал екен ғой, Күмісай өзінің ішінде осынша қайрат бұғып жатқанына таңғалды. Сырт адамға ештеңе сездіргісі келмейді, бірақ қажығанын, шаршағанын, қайғыға ықылықтай тойғанын бет-жүзі бәрібір байқатып қояды. Қала маңындағы бұл шағын ауылда іш ақтаратын ешкім жоқ, көршілері де кіріп-шықпайды. Күмісай үлкен жиенін мектепке шығарып салып тұрып, айналасына ұрлана көз тастайды. «Жылағанымды біреу көріп қоя ма?» деген жаман әдет. Ешкім көрмейді, ешкім мұның басындағы қайғыны сезбейді. Адамдар осынша марғау, енжар болып кеткенін енді ғана аңғарғандай.

Жалғыз шырағы Бөрте еді. Қыз біткеннің сұлуы еді. Адам біткеннің ардағы еді. Осынша ғажайып жанның өз қанынан жаратылғанына таңдай қағып жүретін-ді Күмісай. Енді «өзімнің көзім тиді ме?» деп дағдарып, көлденеңдеген тіршілік сауалдарына жауап таба алмай отырысы мынау.

Бөртеге өзі кешкен азаптардың бірін де көрсетпей өсіруге жанын салды. Ішкені алдында, ішпегені артында болды. Тіпті жұрттың бәрін қысқан тоқырау кезеңінде де жалғыз гүлін ештеңеден тарықтырған жоқ. Киімнің жақсысын әперді, тамақтың жақсысын ішкізді. Бөрте өте ақылды болып бойжетті. Оқуға да өзі түсті. Университетте де жақсы оқыды. Бетінің әрінен басқа сенетіні жоқ тоғышар жан болмады. Күмісай қанша қаламаса да, екінші курстан бастап жұмыс істеп, ақша тапты. Қатал өмірдің қатыгез сындарынан күліп өтетін ақжүрек еді ол.

Сол гүлінен қапыда көз жазып қалды. Үй мен аялдама арасы біраз алшақ – бір шақырымдай жүруге тура келеді. Қыстың күні дәл бұрылыстан аяғы тайып кетіп, мектептің шарбағына басымен соғылыпты. Содан ауырсынып жетті де, екі сағат ішінде тіл тартпай кете барды. Дереу жедел жәрдем шақырмағанына әлі күйеді Күмісай. Бөртені әуелде ұйықтап жатқан шығар деп ойлаған. Бірақ бір қырымен, екі аяғы тым созылыңқы жатысы оғаш көрініп қасына барғанда, қабырғаға қадалып жатқан көзінен шошып кетті. Қимылсыз екен. «А-а-аһ» деп шыңғырып құлап түскені ғана есінде. Кім тұрғызды, кім бетіне су шашты – білмейді, бір қарағанда, үйге полиция да, жедел жәрдем де келіп жеткен екен. Бұдан біраз нәрсе сұрап, жатқан орнын тексеріп, Бөртені алды да кетті. Сөйтсе, оқыс соққыдан Бөртенің миына қан құйылыпты. «Сонша жерден үйіне жетіп құлауының өзі сұмдық!» деп бас шайқады дәрігер.

Содан бері үш балаға бұл ие. Күйеу баласы күніне бір келіп, керек-жарағын  тастап кетеді. Соңғы кезде ол да сырттап жүр. Бөртенің тірісінде түрлі пыш-пыш сөзге құлақ аса қоймайтын еді, жел тұрмаса шөп басы қимылдамайтыны рас па әлде?

-Бөртетай қатты ойланып келе жатып, қалай құлағанын сезбей қалды ма әлде? – деп неше ойланды. Бірақ күйеу баласын да жамандыққа қиғысы келмейді. Бөрте кеткенде егіле жылап, бір-ақ күнде шөгіп түскен бұл жігіттің ішінде ит өліп жатыр дегісі жоқ. Сонда да әр келген сайын оның перзенттеріне ықыласын кәдімгідей зерттейді. Жоқ, балалары десе жанын беруге даяр адам ол. Күмісай сонша күдіктенгеніне ұялып, өзін қатты кінәлап алады. Тіпті өзі жар қызығын дұрыс көрмегесін де сынай бергіш, сын іздегіш болып кеткен шығар...

Күмісай он тоғыз жасында тұрмысқа шықты. Сүйіп қосылды, жерініп айырылысты. Екі жылға жуық отбасылық өмірде көргенін ойласа, әлі күнге аза бойы қаза болады. Алғаш жолыққаннан сүйкімімен сүйіндірген жігіт нағыз қорқау болып шықты. Дүниеде адам танудан қиын ештеңе жоқ. Бұл қорғаныш таптым деп ойлаған, қорлағышқа тап болыпты. Тракторшы күйеуі оны адам білмейтін қойнаудағы ауылға апарды, оқуын да тастатты, жұмыс та істеткен жоқ. Күмісайдың жетім екенін бетіне басып, күн сайын басынды. Аузы арақтан құрғаған күні жоқ. Біреудің шөбін шапса да – арақ, үйіне тасып берсе де – арақ, жерін жыртып берсе де – арақ, достары аяғын түзу басса да – арақ, айдаладағы біреудің әскердегі баласынан хат келсе де – арақ. Сау кезінде қой аузынан шөп алмайтын байғұс аузына стақан барса ақкөзденіп кетеді. Ауру, басқа ештеңе де емес.

Күмісай он сегіз ай шыдады. Сәбиі дүниеге келгенде қояр деп үміттеніп еді, еркінен айырылған әлгісі тіпті құтырды. Бір күні бала емізіп отырғанда алқаш досын ертіп келіп, «шай қоя қоймадың» деп итше сабаған соң кетті де қалды. Мектепте істейтін өзі қатарлы келіншектің үйіне жетіп, милицияға арыз жазды. Бетінің ісігені, көзінің көгергені басыла сала баласын құшақтап ауданға барды да, ажырасуға арыз берді.

Бірақ ауылдан кеткен жоқ. Баласы соғыста өлген жалғызілік кемпірдің үйінен пана тапты. Әлгісі бір-екі рет іздеп келіп доқ көрсеткенде, тағы арызданды. Бұл жолы заң аямады, он бес сөткеге қамап тастады. Болмағыр неме өзі де жүн еді, ауданнан тіпті езіліп оралды. Күмісай тұратын үйден жүз қадам аулақ жүретін болды. Күмісай болса, бәрін ерегісіп істеді. Қызын құшақтап жүріп оқуын да бітірді, дипломын да алды, мектепке жұмысқа да орналасты. Оқуына барып жүргенде де, ауылда да көңілін білдірген жігіттер аз болған жоқ, бірақ илікпеді. Әке-шешесін алты жасында жалмаған, туыстың рақымын көрсетпеген, бала жасынан жұмыс істеткен, ақыр соңында, күйеуден қорлық көрсеткен өмірге ерегесті ме, тастай қатып алды. Талайдың жігерін құм қылды, талайдың бетін қайтарды, талай ақыл айтқыштың тақиясын теріс кигізді. Мектепке тік барып, тік келіп жүрді. Жалғызілік кемпірді де өз қолымен аттандырды, біреуден бір тиын алған жоқ.

Қай жылы тәуекел етіп аудан орталығына көшіп келгенде көзі ашылғандай болған. Бәріне іштей дайын еді. Мұнда да қиылып көңіл білдіргендерден аяқ сүрінгендей. Тіпті келе-келе айналасындағылар ажырасқан, әйелі қайтыс болған, тіпті қырыққа дейін селтеңдеп бос жүрген біреулерге қоспақ болып біраз әрекеттенді. Күмісай ешкімге кісімісің деп қараған емес.

Қайда жүрсе де артынан сыпсың сөз ілеспей қалмады. Қолы жетпегендердің тілі жетеді екен. Бұрынғы ауылында «жүргіш» те, «екеудің ортасына түскіш» те, «сүттей ұйып отырған отбасыны іріткіш» те өзі болып еді. Тіпті кемпір кеткесін үйіне баса-көктеп кіріп келгісі келетін әнебір есерсоқтың сөзі әлі күнге миында ызыңдайды. «Сен жасырып-жаппа, Құдай көріп тұр. Одан қалды, мен өз көзіммен көрдім. Түнеугүні шөптің түбінде анабіреумен айқаласып жатқан сен емей кім?» дегенде, Күмісай күнібұрын дайындап қойған балтаны ала сала тұра жүгірген. Қоразданған сорлы қорқақ екен, жоқ болды. Біраз күн өткен соң «Күмісай көңілдесін балтамен ұрып қуып жіберіпті» деген сөз естіді ғой жазған құлағы. Қаңқу сөзді әйелдер емес, еркектер тарататынына таңғалып қоя салған.

Мектеп директоры көшелі кісі еді. Ешкімнің өсегіне мән берген жоқ. Аз уақытта шәкірттері ауданнан, облыстан озып келіп жүрген Күмісайға аямай қамқорлық жасаған сол жан. Адамға адамшылық қана керек. Күмісай көшерде бүкіл ауыл бата беріп шығарып салды.

Аудан орталығында Күмісайдың бір таланты ашылды: өлең жазатын болды.  Өзі бұрын сезбеген, бойында бар деп білмеген өріс екен, қатты таңғалды. Бөртесі бұл кезде бесінші-алтыншыда оқып, жайлап айналасына қарап бой түзей бастаған. Әуелі осы бүршігіне арнап өлең жазды. «Даңғыл деме жолдың бәрін, Кейде алтын да нөлге тең. Сені гүлім деймін, жаным, Өмір гүлім дер ме екен?» деп басталатын өлеңін аудандық газетке қысыла апарғанда, атағы шыққан ақын ағасы қатты сүйсініп еді. Тағы өлең сұрады, Күмісай біраз өлеңін әкеп берді. Көп кешіктірмей-ақ ақын аға ақ жол тілеп жарқ еткізді. Үлкен ауылдың бір жаманы сол, мұның ақындығын өзінің мектебі, аудандық мәдениет үйіндегілер білетіні болмаса, ешкім  мәу деген жоқ. Оның үстіне, сол жылдары ел қатты қиналды ғой. Ешкім өлең оқып жай таппас еді, қара тірлікке жегіліп, бір үзім нанға әзер жетіп жүрді.

Күмісай сонда да жаза берді. Облыстық ақындар жинағына да өлеңдері енді. Бірақ жеке кітабын шығаруға жүрегі дауаламады. Ел әбден мойындаған ақындардың қасында өзін далақтап жүгіріп жүрген поштабайға ұқсатып, бұрынғы әдетімен тоқтатып тастаған.

Ең жақсы құрбыны да орталықтан тапты. Аудандық аурухананың акушері болып істейтін Жаңылтай ұлын әдеби үйірмеге әкелгенде танысты. Оқушы бала Күмісай апайын қатты жақсы көреді екен, тіпті үйінде де аузынан тастамайтын көрінеді. Жаңылтай көруге құмартып, бір күні өзі іздеп келді. Содан екеуі ажыраған жоқ. Мұңы да, сыры да ортақ құрбыларға айналды.

Жаңылтай да тағдырлас еді. Оның күйеуі де арақтан еңсе көтере алмай, ақыры айырылысып тыныпты.  Күйеуі орталықта тұрады. Жаңылтайдан кейін тағы бір рет отау құруға әрекеттенген бе, одан да ештеңе өнбепті. Құрбысы аудан орталығының «Күлмесханы» болып шықты. Осы ауданда ол босандырмаған әйел кемде-кем, ол бата алмаған үлкен жоқтың қасы. Содан да Жаңылтай сүйкімді, содан да Жаңылтай беделді.

Бірақ Жаңылтай күндердің күні Алматыға бет түзеді. Құрбысының батылдығына Күмісай әуелі таңдай қақты, артынша сүйсінді, ақыры тілеулес болудан басқа амалы жоғын мойындап қала берді. Жаңылтай қиналса қиналған шығар, бірақ сағыныса жолыққанда ешқашан мұң шаққан емес. Алматыны мақтай беретін. «Алматыда қар аппақ, адам аппақ, Ақ әлемді аялап, бағалап бақ. Ақ шаһардың аяулы естелігін, Мен құрбыма кеткенмін аманаттап» деп өлең жазып, кейін өзіне оқытқанда, Жаңылтайдың көзіне жас тұнып шыға келген. Ол тіпті осы өлеңді «Қазақ әдебиеті» газетіне апарып оқытыпты. Ауданға бір келгенде «Жалын» журналының соңғы бетіне қысқы этюдпен бірге жарияланған өлеңді көрсетіп, Күмісайдың жүрегін тас төбесіне шығарған. Сонда Күмісай шын дағдарып, өзінің шимайын Алматы ұнатқанына, оны айтасыз, атағы дүрілдеген журналға басқанына сенбей, бір әдемі күй кешкен. Бірақ бәрібір қорғана берді. Енді Алматы барып ақындығын мойындатуға өзін кәрі сезінді. Өлең деген өмірді өгейсігенде ғана өрнектейтін ермек емес, әдебиеттің отымен кіріп, күлімен шықпай, кездейсоқ барып төр сұрайтын әдеті жоқ. Сондықтан өлеңі өзінің жанын аялайтын досы болып қала берсін.

Бірде Жаңылтай ауданға келгенде, оқыс жағдайға тап болды. Бөрте үшеуі балмұздақ жеп, әрнені әңгімелеп келе жатқанда алдарынан әлгі жолықсын. Бет-аузы шалбар-шалбар болып қартайып кетіпті. Әлдебіреумен шүңкілдесіп келеді екен, әуелде бұларды байқаған жоқ. Қасына таяғанда ғана назар аударып, кенет біреу төбесінен суық су құйып жібергендей сілейді де қалды. Сосын тез ес жиып:

-Күмісай, қалың қалай? Танымай қала жаздадым ғой, – деп сампылдады.

-Мынау Бөртетай ма? Үлкен қыз болып өсіпсің ғой, күнім, – деп елпілдеді.

-Біз сол, ауылдамыз. Баяғы тіршілік, – деп міңгірледі.

Күмісай бас изеген сыңай танытып, тік қарап өте берді. Сәл ұзағасын ғана Жаңылтайға «менің әулием ғой баяғы» деп зорлана жымиды. Жолыққан жанға таңдана қараған Бөртені асықтыра жетелеп, әлгілер көзден таса болғанда ғана жүрісін баяулатты.

-Менікі де осының ар жақ-бер жағы, – деді Жаңылтай. Сол күні екеуі Бөртені ұйықтатқан соң, неге екенін қайдам, күйеулері туралы ұзақ әңгіме шертті. Қанша жыл қатар жүрсе де, бұл тақырыпқа жолап көрген емес-ті. Сөйтсе, іште біраз нәрсе бар екен. Екеуі бірге күрсінді, бірге жылады, бірге жұбатты. Бөртені бір рет іздеп келмеген адамға іште қатқан тоң енді жібімесін өзі де осы жолы нақ сезінген. Басқа бақыт іздемегенінің жөн екеніне көзі анық жеткендей, қатайған үстіне қатая түсті.

Арада бір жыл өткенде Жаңылтайдың күйін көріп, көзі шарасынан шықты. «Өзің келе бер, үйдемін» деген құрбысының сөзіне мән бермеп еді. Әдетте Жаңылтай мұны бекеттен күтіп алып, таксимен алып жүретін. Босағадан аттай сала беті қарала-торала құрбысына аңқая қарап қалғанын кеш сезді. Томпиған іші бірден көзге ұрды. Оған қысылған Жаңылтай жоқ, Бөртеге қарап көзін қысып қойып, төрге бастады.

Күмісай біраз уақыт демін шығармай отырды. Бұл кезде өсіп қалған жалғыз ұл – Мұрагерге Бөртенің неге салқындау амандасқанын да аңғармай, не асханада жүрген Жаңылтайдың қасына баруға да дауаламай, бояуы көше бастаған тырнағына үңіліп қалыпты. Бөрте тізесінен жай түртіп, әлденені ымдағанда ғана отырысының оғаштығын сезді.

Күнібұрын келіскен бе, әлде ер жетіп қалған баланың әдеті ме, кешқұрым Мұрагер досының үйіне қонатын болып шығып кетті. Жалғыз өскен адамның әдетіне басып, Бөрте ала келген кітабына тесіліп, өзімен-өзі қалды. Тамақ баяғыда ішіліп, ыдыс баяғыда жуылса да, біресе балаларды сылтау ғып, біресе күнделікті жаңалықтардан артылмай, екі құрбының әңгімесі мүлде үйлеспеген-ді. Ас үйде оңаша қалғанда ғана тіл шешілді.

-Мұны қалай түсіндік? – деді Күмісай Жаңылтайдың ішін нұсқап.

-Соны айту үшін арнайы шақырдым сені. Сырттан естігенше, бала туғанда бір-ақ көргенше, қазірден қанық болғаның жақсы.

-Сен...

-«Сен ондай емес едің ғой» дегің келіп отыр ғой, иә. Ондай емеспін, қорықпа!

Күмісай жаутаңдай көз тастады. Қазір не десе де құрбысын кінәлау болып шығуы мүмкін. Өзі айтсын.

-Баламның әкесін сен білесің! – дегенде Күмісай тіпті дағдарды. Санасында сан ой сайран салып, біреуі ұшығын ұстатар емес. Құрбысы екеуі білетін адамдарды біраз салмақтап көріп еді, лайық ешкім жоқтай көріне берді. Бір аяулы нәрсесін қолынан түсіріп шағып алғандай, енді қайта құрай алмастай жаутаңдады.

-Тағатымды тауыспай айтшы енді, – деді зорлана жымиып. Жаңылтай ақтарыла күліп алды.

-Сен ол адамды білесің!

-Кім ол?

-Манат!

Күмісай талып түсе жаздады. Бұл білгенде, Манат – Мұрагердің әкесі. Яғни Жаңылтайдың бұрынғы күйеуі. Сыртынан жамандамаса да, тіпті атын аузына алмаса да,  Күмісай құрбысының күйеуінен әбден күдер үзгенін біледі ғой. Енді болмаса Манат есікті кілтпен өзі ашып кіріп келердей есік жаққа қорқақтай бір қарап қойды. «Менікі де осының ар жақ-бер жағы» деген баяғы сөз құлағында қалып қойыпты, ендігісін не нәрсеге жорырын білмей сипақтай берді.

Жаңылтайдың жүзіндегі манағы күлкі ізі ғайып. Ұзақ әңгімеге бекінген сыңайы бар.

-Мен Мұрагердің жалғыз болып қалғанын қаламаймын, Күмісай, – дегенде  шарасынан жас төгіліп қоя берді.  – Ұлым жалғыз болса да сараң емес. Өзі ақылды. Өсе келе түрлі сұрақ қояды ғой бұлар. Әкесін сұрайды, неге ажырасқанымызды сұрайды. Әкесі туралы бір жаман сөз айтқан емеспін. Қай жылы өзі іздеп келіп жолыққанда да қарсы болғаным жоқ. «Мұрагер бәрін түсінсін, өзі ой түйіп өссін» дедім. Бірақ бәрібір баламның жалғызсырайтынын сезем. Оның жалғыз болғанын қаламаймын. Күмісай не де болса үнсіз тыңдауға бекінді. Мұндай сәтте қапталдасқан сөз шығын.

-Білесің ғой, мен алған бетімнен қайтпаймын. Манат неше рет жылап келгенде де иліккен емеспін. Неше жыл салт жүргенде, жалғыз ұлдың қамы деп еркек-әйел болып кеткенімді де сезетінмін. Бірақ бір күні қатты ойланып ояндым. Бұрын қанша тәуекелден қорықсам да, менің бірбеткейлігімнен, өзіме ғана қызық өмірлік принциптерімнің кесірінен ұлым жалғыз болуға тиіс емес. Бірақ...

Сәл тыныстаған Жаңылтай Күмісайдың жүзіне тесілді. Көзі от шашып тұр екен.

-Бірақ... ол болашақта анасын да жазғыруға тиіс емес! Қалада өссе де, Мұрагерім ауылдың баласындай көпшіл. «Шіркін, менің де қарындасым болса ғой... ойнатар едім,  қыдыртатын едім» деп қалады кейде. Өмір оған әлі-ақ сан түрлі сауал ұсынады, сол кезде анасының бетіне сұраулы жүзбен қарамасын деп...

-Манатқа өзің бардың ба?

-Иә, телефонын тауып алдым да, кездесуге шақырдым. Келді. Мән-жайды түсіндірдім. «Сен маған керек емессің, бірақ балама бауыр керек. Басқа еркектен де тауып бере аламын. Бірақ кейін екеуі екі жаққа қарап, бірін-бірі өгейсімеуі керек. Қысқасы, екеуінің қаны бір болуы керек» дедім.

-Ол не деді?

-Көнді... Еркек бас тартушы ма еді?.. Моншасына түсіріп, дәрігерге қаратып, әбден тексертіп алдым да, бір апта қасында болдым. Міне, біздің жай осы, Күмісай...

Күмісай мың жерден батыр болса да осынша тәуекелге бара алмас еді. Тіпті ойына кіріп-шығатын әрекет емес бұл. Құрбысының үйінен кеткенше сыр алдырмауға тырысты, білетін ақылын айтты. Ауылға қайтқан соң да көп ойланды. Жоқ, Жаңылтай басқа, Күмісай басқа. Құрбысы айтпақшы, Күмісай да баяғыда еркек-әйел болып кеткен, енді ескі сүрлеуге жанын қайта сүйреп неғылсын...

Көп ұзамай Күмісай Бөртесін ертіп, қала маңына тұрақтады. Ақтұма ауылынан жер алып, үй салды. Жаңылтайға жақын болғысы келді. Бөртенің музыкаға бейімі бар, сонысы тұншығып қалмасын деген және бір ниет. Жаңылтайды перзентханадан шығарып алуға барды, Манаттың қасында тұрып, бұрыннан білетін адамдай құттықтады. Мұрагердің  ерекше қуанғаны есінен кетер ме?

Қазір Нәркес өсіп қалды, шамасы, бесінші сынып. Жаңылтайдың қолғанаты. Өзі де бірнеше баланың әкесі Мұрагер жалғыз қарындасының үстінен құс ұшырмайды. Манат перзенттерімен сырттан жолығып тұратын болса керек.

Кім біледі, сол кезде беттің арын белге түйіп, өзі де бір бала туып алғанда... қазіргідей егіліп отырмас па еді? Қай жерден қателесті? Адамдардың арсыздығына өзінің қаталдығын қарсы қойып ғұмыр кештім дегенде, соңы қайғы-қасірет қана болғаны ма? Әлде «ендігәрі еркекке қайырылмаймын» деген анты өзіне ғана дәрі ме? Басқа ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ, сөз қылғандардың келіп кешірім сұрағаны жоқ, өсектегендердің ойынан қайтқаны да шамалы. Басқа біреулердің өзі жайлы сөзінен қорқып өмір сүрмегені де анық. Сонда бұл қалай?

Әлде адам өзінше топшылағанда, тағдыр миығынан күліп тұра ма? «Сен жол таңдайсың, бірақ бәрібір менің жолыма көнесің» дей ме? Жоқ, Күмісайдың жауабы бар.

Бейбақ әйел өлеңіне тағы үңілді. Баяғы сезім тағы иектеді: мұны жазған өзі емес, бейтаныс әлдебіреу сияқты, әр сөзін жаңа оқығандай таңсық көріп, әр түйінге қайран қалып, ара-арасында басын шайқады, қабағын шытты, тіпті аузын басып сыңси жылап та алды. Көзінен аққан жас қағазға тамып кетпесін деп беторамалын үнемі әзір ұстап отырды.

Білмеймін не нәрсеге хақым барын,

Ұшқанда қанатымнан атылғамын.

Ғұмырдың бар соқпағын шарлайтындай,

Бәріне үлгерем деп қапылғаным...

Мен өлімге жақындадым.

 

Бұйырып тұрғандай-ақ ғарышқа дәм,

Адами алданыштан алыстағам.

Пенделер арасында еш медеу жоқ,

Айла да, барлық амал таныс маған.

Мен жанымды табыстағам.

 

Өзіме құр таяныш ерлік-күшім,

Ешкім кеп демесі анық – сен мықтысың!

Аспан, тау, ауа, дала, бар ғажайып –

Әншейін бір-ақ сәттік сергіткісің.

Мен жаралмағам жерлік үшін.

 

Таласпаймын, болса да аласым бар,

Ешкім бермес ешкімнің бағасын дәл.

Өмір деген – опасыз ойын ғана,

Мен кетем, сендер бәрің қаласыңдар,

Сондықтан жол ашыңдар!

Жазылған күніне қарады. Ол кезде Күмісай отыз алтыда екен. Шошып кетті. Дәптердің бетін жаба салды. Бөртесі де дәл отыз алтысында кетті емес пе?

-Жарығым-ау, менің тағдырымды сен кешіп кеткен екенсің ғой. Мен саған сөзіммен тағдыр жазып беріппін ғой, балапаным-ай...

Бейбақ әйел тағы жылады. Ұзақ жылады. Ойнап отырған жиеніне естіртпей егілді. Есік жаққа қарай-қарай жылады. Ешкім кіріп келмесе екен деп тілеп жылады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар