Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Танымал ғалым, абыз қария өмірден өтті...

26.10.2021 4102

Танымал ғалым, абыз қария өмірден өтті 12+

Танымал ғалым, абыз қария өмірден өтті - adebiportal.kz

26 қазан күні көрнекті әдебиеттанушы ғалым Серік Смайылұлы Қирабаев дүние салды. «Әдебиет порталы» ғалымның отбасына, сан мыңдаған шәкірттеріне, барша халқымызға қазаға ортақтасып көңіл айтады.

Серік Смайылұлы Қирабаев 1927 жылы 23 наурызда бұрынғы Жезқазған (қазігі Қарағанды) облысының Жаңаарқа ауданы Атасу аулында дүниеге келген. Қазақы салт-дәстүрді, өзіндік туыстық қарым-қатынас жолын берік ұстаған үш ағайынды Смайыл, Жәкен, Жаман әулетінде алаңсыз балалық шағын өткізеді. Әкесі Смайыл баласын жастайынан үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдап, талапты болып өсуге икемдейді. Ауылдағы жыршылар айтатын «Қалқаман-Мамыр», «Батыр Баян», «Көкшетау» қатарлы поэмаларды тыңдай зерделеп жүріп әдебитке құмар болады. Серік Смайылұлының бұл талап, қабілетін байқаған білім басшылары 10 сыныпта жүргенде 5-6 сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беруге шақырады. Бұл бір жағынан – Ұлы Отан соғысына кеткен мұғалімдердің орнын толтырып, кадр жетіспушілік мәселесін шешу еді. Мектепте мұғалім, бастауыш мектептің меңгерушісі болып қызмет атқарған Серік Смайылұлы соғыс аяқталған соң жоғары білім алу үшін ел астанасы Алматыға жол тартады.

1947 жылы Қазақтың Абай атындағы падагогикалық институтына (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) оқуға қабылданады. Мұхтар Әуезов, Сәрсен Аманжолов, Мәлік Ғабдуллин, Қайнекей Жармағамбетов қатарлы білікті ұстаздардан білім алған талапты шәкірт Сталиндік стипендиясына ие болады. Жоғары оқу орны қабырғасында білім алып жүрген кезінде-ақ өзінің ғылымға деген құлшыныс-қабілетін танытып сыни мақалалар, ғылыми зерттеу еңбектер жаза бастайды. Сонымен бірге Қазақстан Жазушылар одағымен де тығыз байланыста болып, онда өтетін түрлі әдеби шараларға белсене қатысады. Қазақтың мемлекеттік көркемәдебиет баспасында «Әдебиет және искусство» журналында қызмет атқарады. 1952 жылы КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Аспирантураға түсіп, тұңғыш қазақ романистерінің бірі Спандияр Көбеевтің өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми диссертациясын сәтті қорғап филология ғылымдарының кандидаты ғылыми атағына ие болады. Жазушы Ғабиден Мұстафиннің көркем шығармаларын зерттеген еңбегі 1957 жылы орыс тілінде жарық көреді.

1952-1955 жылдары республикалық балалар басылымы «Пионер» журналында редактор, 1955-1958 жылдары Қазақстанның бас газеті «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде меңгеруші, редколлегия мүшесі болып, журнлистика саласына да белсене араласады.

Өзі оқып білім алған оқу ордасында 1958 жылдан бастап қызмет етті. Аталған оқу орнының доценті, профессоры, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, институт ректорының оқу ісін басқаратын орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған Серік Смайылұлы жоғары білімді мамандар тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосып, ондаған мың шәкіртті білім нәрімен сусындатты.

Ғалым, журналист, жазушы, ұстаз, Серік Қирабаев шырғамашылық жолының үлкен бір бағыты – оқулық құрастыру болды. 1952 жылдан бастап орта мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтарын әзірлеуге белсене атсалысумен бірге «Қазақ әдебиеті және мектеп», «Қазақ әдебиеті оқулығына методикалық нұсқау» қатарлы әдістемелік еңбектер де жазады.

1964 жылы «Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылылғы» тақырыбындағы іргелі ғылыми зерттеу жұмысы үшін филология ғылымының докторы атанса, 1968 жылы КСРО Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, 1994 жылы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланды. 1977-жылы Қазақстан Республикасының, 1995 жылы Қырғыз Республикасының ғылымына еңбек сіңірген қайраткері атанды. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1988-1995 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, кейіннен бөлім меңгерушісі болып істеді. Аталған кезеңде отызыншы-қырқыншы жылдар әдебиетінің ақтаңдағын қалпына келтіруге зор үлес қосқан ғалым, жазушы бұл бағытта да өндіре жұмыс істеген көреміз. Соынң айғағы: 1994 жылы «Жүсіпбек Аймауытов» атты кітабы үшін ҚР ҰҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды.

Сан салалы еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерімен және көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. 2005 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болса, 2007 жылы «Отан» орденінің, 2012 жылы ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің иегері атанған Серік Смайылұлы өзінің саналы ғұмырында қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, сынын қалыптастырып дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Ғалымның сонау өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан бастап қазіргі кезеңге дейінгі аралықта қазақ әдебиеті тарихы мен теориясы, сыны бойынша жазған сан ондаған кітаптары филология, педагогика мамандығы бойынша білім алушы әлденеше буын білімгерлердің қолынан түспейтін құнды еңбектер ретінде оқытылып келе жатыр. Отандық әдебиеттану ғылымының дамуына қосқан зор үлесі халқының көз алдында. 2007 жылы Серік Қирабаев шығармаларының 7 томдығы жарық көріп, оқырмандар қолына тиген болатын.

Сан қырлы талантты тұлға Серік Қирабаев отбасынан қазіргі күнге дейін үш бірдей академик ғалымның туып шығуы да қазақ түгілі әлемдік мысалда сирек кездесетін жағдай болса керек. Мұндай жағдай біз білгенде әйгілі физиктер отбасы Кьюрилерде бар екенін білеміз. Қазақ топырағында әзірге жоқ немесе сирек. Серік Смайылұлының жары Әсия Бейсенова – танымал ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор, академик. Өткен жылы өмірден өтті. Қос ғалымның үлкен ұлы Нұр Қирабаев – философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академиіг, РФ Ғылымына еңбегі сіңген қайраткер. Кіші ұлы Әлім Қирабаев – ІІ санатты Төтенше және Өкілетті уәкіл, Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және Өкілетті елшісі.

Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, қаззақстандық журналистика мен білім беру ісінің екі ғасырлық тұтастай бір дәуірінің тікелей куәсі әрі белсенді жасампазы болған айтулы абыз тұлға Серік Смайылұлы Қирабаевтың өмір жолы, шығармашылық ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі бола берері сөзсіз. Оқытушылық ғұмырымызда Абай атындағы ҚазМПУ-дегі тағлымдама барысында бұрын еңбектері арқылы сырттай танып біліп жүрген Серік Қирабаевтай ұлы ғалымның ұлағатты дәрісін тыңдаған сәттер ұмытылмастай есімде қалғанын айтып өтккен дұрыс деп білемін. Қоңырау соғыла дәрісханаға кіріп, сәл қарлығыңқылау дауыспен баяулай бастап, дәріс жазылған қағазға еш қарамастан, сан жыл бұрынғы дерек, даталарды айы-күнінмен атап, шабыттана көсілтіп баяндағанда, сол кездің өзінде сексеннің сеңгіріндегі ақсақалдың жадысының мықтылығына еріксіз таңғалар едіңіз. Қазақ елінің, мемлекеттілігінің, ғылымының тарихында бірнеше құрлым-дәуірді бастан өткеріп, көзден кешірген, өзінің адами болмысы, ғылымға деген жанкештілігімен, қажыр-қайратымен алдан тап келген қаншама қиындықтарды жеңе білген, өзінен кіші барша буынға ұлтқа қызмет етудің өнегелі де озық үлгісін көрсеткен ел абызы Серік Смайылұлы Қирабаев тоқсан бес жасқа қараған шағында өмірден өткен екен. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, еңбегін елеп ұлықтар қалың қазағы барда сан қырлы тұлғаның жақсы аты да, ғалымдық хаты да өлмейтіні анық. Топырағыңыз торқа болсын, қазақтың қадірменді қариясы, ғылымның қабырғалы қара нары.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар