Елбасы (Толғау)
Ау, Нұраға, Нұр аға
Ау, Нұр аға, Нұр аға,
Алты Алашқа пір аға.
Құтты болсын тағыңыз,
Көтерілсін бағыңыз!
Арнадым саған, жыр, аға,
Құлағыңды түр аға:
Сен, сен едің, сен едің,
Асып туған ер едің.
Езіліп кеткен еліңді,
Жетелі іске жебедің.
Сен, сен едің, сен едің,
Ел тізгінін қармаған,
Шабысыңнан танбаған.
Қара қазақ қамы үшін,
Шаршы әлемді шарлаған.
Болашағың да болар-ды
Бала шағыңда барлаған.
Ақылы айдын кемелім,
Әбес іске бармаған.
Мұзбалақ қыран сен едің,
Қанаты қанша қақса талмаған.
Уа, Нұрекем, Нұрекем,
Дүние қолдың кірі екен.
Алданып қалып аярға,
Өзіңді теппе өзекке.
Алаштың қамы қашанда,
Алғашқы болсын кезекте.
Өзіңе мәлім жайымыз,
Оңынан туып айымыз,
Солынан туды күніміз.
Шала бір жанар жаны бар,
Тірілсін енді тіліміз.
Түтіліп түте тоз болған,
Түлесін енді діліміз.
Етекте қалған еленбей,
Төрлесін енді дініміз.
Өрлесін енді үніміз.
Имандай сеніп арыңа,
Тізгінді бердік тағы да,
Отырдың солай тағыңа!
Уа, Нұр ағам, Нұр ағам,
Жаны бар жайсаң – жыр алаң.
Елінің мәңгі бақытын,
Алладан күнде сұраған.
Сен, сен едің, сен едің,
Сабыр-төзімге кененім.
Елім деп өтер еңіреп,
Еңсегей туған ер едің.
Нұр егем десең еліңе,
Гүл егем десең жеріңе –
Қысылсаң ақыл бермейтін,
Қамшыламай желмейтін,
Нұсқаламай көрмейтін,
Айтқаныңа көнбейтін,
Құлқынын ғана жемдейтін,
Тексізден уәзір жинама!
Өзіңді өйтіп қинама!
О, Нұрекем, Нұрекем,
(Мансап та қолды кірі екен.)
Сүттен аппақ арыңды,
Ақ жүректен жыр етем,
Көңіліңді сөйтіп түлетем.
... Бақыт па, сор ма осымыз,
Бір жағымда самұрық,
Бір жағымда аждаһа...
Тігілді қатар қосымыз.
Ең жақының кім болса,
Әуелі содан шошыңыз.
Құп десе көңіл қошыңыз,
Сөзіме құлақ тосыңыз:
Не бітеді құқаймен,
Не табамыз құқаймен?!
Баяғы бабай билердей,
Шыжымдап тартып, ши бермей,
Талай тайғақ өткелден,
Оралдың толық ұпаймен.
Есіңе енді саларым,
Ойнасаң да орыспен,
Қалжыңдаспа қытаймен!
Аман болсын ел десең,
Бүтін болсын жер десең –
Сөзіме құлақ түргейсің,
Шығыстан байқап жүргейсің,
Шүршітті мықтап білгейсің.
Ең үлкен уәжім осы еді,
Осы бір жерім бос еді...
Демеңіз әсте, Нұр аға,
Маңайдың бәрі дос еді...
Жетсе Сізге бұл тілек,
Дүкеннің көңілі қош еді!
Бүгінгі күнін мүлде азат,
Сақтаймын десе бұл Қазақ,
Нұр аға, Сізге сенеді,
Сенеді, Сізге ереді.
Нұр аға, Сіз де «Ел!» дегей,
Ел үшін ғана терлегей.
«Шылыққа» орын бермегей.
Алаштың нұрлы ертеңін,
Алақанменен тербегей!
Жамбыл Дүйсенов,
жас ақын
Нұр атам
Нұр атам менің намысын отқа қайраған,
Күндіз де түнде халқының қамын ойлаған,
Қазақтың атын танытып әлем жұртына,
Байрағын ұлттың басына шыңның байлаған.
Нұр атам менің, маңдайдан бағы таймаған.
Алладан тілеп атаң мен анаң жылаған,
Райымбек бабам басына түнеп сұраған.
Ұл едің, ата, ұлтыңның туған бағы үшін,
Болсам да сәби сеземін бәрін, қуанам.
Сен пәксің, ата, кіршіксіз жансың күнәдан.
Өмірің үлгі, білімде, спорт, өнерде
Ұмтылып алға түспеді еңсең төменге.
Өзімді – шыбық, ал сізді, ата, ұқсатам
Ақылдың кені алып бір үлкен еменге,
Өзіңді қосып өсиет еттім өлеңге.
Өлгенше жүрген Жамбыл бабамды жағалап,
Қызыл жолбарыс Үшқоңырды кеткен аралап.
Дейді ғой, ата, қолыңды сенің иіскепті,
Басыңа қонған сол шығар, бәлкім, дара бақ,
Иесін тапты іздеген барыс аралап.
Кемеңгер – атам, данышпан – атам, Нұр атам.
Асқар тауымыз боп, аман да есен жүр, атам!
Қазақтың бағын өзіңнен артық асырар,
Болған да емес, болмайды ешкім – біл, атам.
Қарт Жамбылдайын бір ғасыр өмір сүр, атам!
Бабамның атын өшірмей ізін жалғаған,
Мен – бала Жамбыл жырымды Сізге арнаған.
Тәуелсіздігім – тәңірден келген тәтті сый.
Алаулап жансын, сөнбесін оты маздаған,
Нұрлы жолыңыз мәңгілік болсын, Әз-бабам!
Нұрсұлтан атам, қазақтың тұңғыш Елбасы,
Астана – жұмақ, ұлтымның ұлы ордасы.
Мейірі түсіп, пейілі түсіп әрдайым,
Алланың нұры, атаның рухы қорғасын!
Алланың нұры, атаның рухы қолдасын!
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.