Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тәуелсіздік және елорда...

13.12.2022 1169

Тәуелсіздік және елорда 14+

Тәуелсіздік және елорда - adebiportal.kz

«Elorda Aqpara»t медиакомпаниясы осыдан екі ай бұрын Тәуелсіздік мерекесіне орай «Тәуелсіздік және елорда» атты мүшәйра ұйымдастырған болатын. 12 желтоқсанда мүшәйра қорытындысының марапаттау сәті Астанадағы музыкалық жас көрермендер театрында  сондай жылы лепте өтті. «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек «ертең 13-желтоқсан Алаш автономиясының құрылғанына 105 жыл толмақ. Алаш зиялылары арман еткен тәуелсіздікке олар жетпесе де біз жетіп отырмыз. Осы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осындай шараға мұрындық болып, қасиетті мереке мен Астанамызды жырға қоссақ дедік» деп қатысушылар мен қонақтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

Директордың айтуынша, 103 ақыннан 206 өлең түскендіктен, осынша өлеңнің деңгейін саралау оңайға түспеген. «Ақылдаса келе, бұл өлеңдерді өзіміз қабылдасақ, бағаласақ, ертең өлеңге қиянат жасап жүрерміз, дұрыс бағалай алмай қалармыз деп қазылар алқасы құрамына елімізге белгілі алаштың аяулы ақындарын шақырдық», - деді «Елорда ақпарат» ЖШС  директоры Олжас Сыдықбек. Жюрилер құрамында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Оңайгүл Тұржан, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Нұртөре Жүсіп  болды. Мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов атындағы арнайы жүлде астаналық Ұмтыл Зарыққанға берілді. Бірінші орынды қарағандылық Ілияс Мұқаев, екінші орынды алматылық Аршын Нұрбақыт иеленді, үшінші орынды Айдын Байыс (Астана) пен павлодарлық Қарлығаш Қашқынбай бөлісті. 

Музыкалық жас көрермен театрының шетінен көрікті әрі талантты жастары дайындаған «Ғашық жүрек» поэтикалық қойылымы көптің көңілінен шықты. Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» этноансамблі күмбірлеген күйімен, әуелеген әнімен  тыңдаушының арқа-басын шымырлатты. «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбектің айтынша, бұл мүшәйра жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін мүшәйраға айналуы мүмкін. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар