Тәуелсіздік, азаттық, бостандық, егемендік, суверенділік, бодансыздық. Осынау мағыналас сөздер 1991-жылға дейін атам қазақтың қаншама буын ұрпағының үш ғасыр бойы қол жетпестей аңсар арманына айналып, осы жолда қаншама қан мен тер төгілгенін бүгінгі жас буын жан жүрегімен түйсіне білсе, ересек буын түсіндіріп, санасына сіңіре алсақ – ТӘУЕЛСІЗДІК атты бойтұмарымыз жүректердің түкпірінде берік сақталмақ.
Менің Тәуелсіз Отаным! Егеменді Қазақстаным! Іштей бір шүкірлік сезімге малына тұрып, кез келген отандасымыздың осылай кеудесін мақтаныш керней, жаһанға жар салуына болады! Себебі, біз АЗАТ елдің азаматтарымыз!
Алайда, Тәуелсіздікке тәу ете отырып, оны көздің қарашығындай сақтап, нығайтуға атсалысуды ешқашан, ешбір сәтте жадымыздан шығармауға тиістіміз. Әлемде қазақтардан саны әлдеқайда көп қаншама халықтар АЗАТТЫҚ атты зәмзәмнің бір тамшысына зар болып, шөліркеп, талмай күресумен келеді десеңізші!
Осындайда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал боламғанымыз абзал», - деген сөзі ойымызға оралады. Иә, Тәуелсіздік – ұлт тағдырына мәңгілік қонақтауға кепілдікпен берілген бақыт құсы емес, оны ұшырып алмаудың кепілі – мамыражай бейбіт өмірді қамтамасыз ету – баршамыздың қастерлі борышымыз.
Тәуелсіздікті үштен бір ғасыр бұрынғы жас шыбықпен салыстырғанда діңі толысып, тамырын тереңнен тартып, жемісін төге бастаған мәуелі ағашқа баласақ та жарасар. Ендеше, Тәуелсіздік мәуесін қорғап, күтіп баптап, жемісін жеу, болашақ ұрпаққа аманаттап қалдыру – ең басты парызымыз! Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен түйіндесек: «Тәуелсіздік Туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек!»
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні құтты болсын, барша отандастар! Көк байрағымыз әрқашан биікте желбірей берсін!
Асылбек Байтанұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.