Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тіл мен журналистика. Үндесім мен жат ереже...

13.10.2021 2834

Тіл мен журналистика. Үндесім мен жат ереже 12+

Тіл мен журналистика. Үндесім мен жат ереже - adebiportal.kz

Кәзіргі қоғамдық ортада тілдің қолданымын барынша кеңейтетін де, тарылтатын да, оның тұрпатына залал келтіретін де, оны гүлдей жайнататын да – журналистика. Тартымды да ықпалды қазақтілді журналистік өнімді орыстілді азаматтар да қызыға көретіні, тыңдайтыны, тіпті оқыйтыны жасырын емес. Алайда, ондай құбылыс біздің тарапымыздан нығаймаса да тұрақтанбай отыр. Бұл енді - қазақ журналистикасының төл шаруасы. Ал, біздің бұл жолғы айтпағымыз, журналистиканың тілді дамытудағы емес, кері кетірудегі орны болмақ.

Кәзіргі таңда тілдің сан алуан саласын дамытатын да, оны жарияға игілік ететін де бірден бір журналистика болғандықтан, оған кесел келтіретін де - сол журналистика. Бұл жағынан қарағанда, «жалғыз» да, «жалмауыз» да – сол. Өйткені, заманның басты қорегі ақпарат болғандықтан, оның өрнегі – тіл де, тасымалы – журналистика. Қысқасы, қазақ тілін дамытуды сол тілдегі журналистиканың дамуынсыз елестету, тіпті де мүмкін емес.

Ғылымдық сала дамымай жатқанда, білім саласы даму жолына түсіп үлгермегенде, ресми түрде мемлекетті басқаруға қатыспаса, журналистикадағы тілдік қолданыс деңгейін арам шөп басқан алқапқа теңеуге болардай. Бұл жағынан журналистика тарапынан тілге келіп жатқан кесел мен кемшілікке журналистиканың өзі біржақты кінәлі бола алмайды. Қазақтілді журналистика да сондай, өйткені, журналистиканың өзі дамуды емес, тоқырауды, тіпті, аман қалуды бастан кешуде. Дәлірек айтсақ, қазақ тілінің бойында аудармалық мәртебеден арыға бармайтындай ахуал қалыптасқандығында.

Енді қазақ журналистикасындағы тілге дарып жатқан кеселді қарастырайық. Бірінші, көзімізге қазақ жарияшыларының тіліміздің конституциясы болып табылатын Үндесім заңын аяққа басуы. Бұл тақырыпқа соңғы кезде, әсіресе, жазушымыз Бексұлтан Нұржекеұлы көбірек қайраткер болуда және оның мұнысында маңызды мән бар. Соңғы кезде жазармандар ортасы «қалай айтсақ, солай жазамыз» деген тұжырымды заңдылыққа айналдырып болды да, тілдің жазылымына жарайтын орфографиялық талапты талақ ете бастады. Сондықтан да, бір кезде тіл үндестігінен қалыптасқан қадыр, қазыр, кәзір, кәдір, шайхана т.т. ондаған сөздер бүгінде өзбек, ұйғыр тілдеріндегідей үндесімнен ажырай бастады: қадір, шәйхана,шәш т.т. Әрине, о баста да қалт-құлт еткен жағдайлар аз емес-тін: мысалы, «ғалым» сөзінен туындайтын «мұғалым» сөзі «мұғалім» болып та зорлана сіңіскені рас; соңғысын «мұғалым» деп айтып, зорланып «мұғалім» деп жазып жүрміз.

Жалпы қазаққа тән жуан дыбыстардан құтылуға тырысу ресми лингвист-ғалымдардың да «қолдап» отырған ұстанымы екенін ашық айтуға тура келеді. Олардың пайымынша, жуан дыбыстар қазақ тілінің «әдемілігін жояды-мыс, дыбысталуын қиындатады-мыс». Бұндай ұстаныммен ендеше қазақ тілінің,тіпті түркі тілінің басты заңдылығы – Үндестіктен бас тартуға асығып жатқанымыз ашықтан ашық нәрсе. Түркілік лингвистикаға бұндай көзқарас евроцентристік және кеңес дәуірінде қалыптасқан қасаңдықтың салдары. Арап тілінен еніп, сонау 8-ғасырдан бері әбден сіңісті болып, тіліміздің заңымен үндесімге түскен «қадыр» сөзін бұрмалап, үндесімнен жұрдай қылып, флектив тілдерге тән дыбыстарды құбылтып (қад+ір десек), араластырып айтуды енгізсек, оны жалған қағидатпен ережелесек, тіліміздің асыл қасиетінен не қалмақ?!

Бірінші буын жуан болса, екінші буынның жуан болуы міндетті: «қад» буынынан кейін автоматты түрде тыныс «ыр»-ды еркін айтып жібереді, себебі, біздің тіл жалғанбалы буындардан құралады. Ал егер бірінші буынды «қад» деп, екіншісін «ір» деп дыбыстайтын болса, оны дені дұрыс қазақ айту үшін, жаңадан ауа жұтып, тұншықпай қалудың қамын жасауы керек. Сингормонизм осыдан туындаған! Қадыр, қазыр ... Сонда немене өткен ғасырдың соңында осылай айтып-жазған қазақтардың бүгінгі ұрпағының сөйлеу аппараты пластикадан жасалып өзгеріп кетті ме? Неге қадір, қазір болып кетті? Сонда енді Қадыр Мырзалиев ақынның есімін де өзгертіп жазамыз ба?

Жалпы көпбуынды сөздерде алғашқы екі буын міндетті түрде біртекті дыбысталады: не жуан, не жіңішке, сосын барып келесі үшінші буыннан бастап үндестік бұзыла алады. Мысалы: ҚҰДЫР+ет, бұны құд+ірет деп сингармоны бұзу үшін қазақ тілінің айтылу заңын да бұзу керек. Қысқасы, қазақ тіліне басты принцип - үндесім керек пе, әлде жасанды «әдемілік заңы» қажет пе дегенді, үлкен мәселе етіп қоятын мезгіл жетті!

Көрер көзге осылайша өзгеріп жатқан тіліміздің үндесім заңын зорлап «реформалаудың» кесірінен аталмыш заңдылықтан осы ғасырда жұрдай болуымыз әбден ықтимал.Тіпті қош айтыса бастадық!

Екінші, қазақ жарияшыларының қазақ тілінде емес, орысша ойлауға көшіп, оны қазақшаға аударуды кәсіп етуінің түпкілікті қалыптаса бастауы. Бұл жағынан алғанда, мұны «электрондық үкіметтің» «электронды үкімет» түрінде шалажансар тіркестің туылғанынан көреміз. Мұндай мысалдар ондап саналады. Енді әлгі тіркестің мағанасын қабылдау үшін қайтадан орысша аударсақ: «правительство с электроном» деген тіркеске ие боламыз! Керісінше, радио мен теледидар секілді жаңалықты қауырт түрде тарататын бұқаралық құралдарда орыстың «с» предлогы қазақ тілінің көмектес септігінің жалғауларымен айырбасталып тынумен шектеле бастады, мысалы: человек с собакой – адам итпен, (дұрысы - итті адам болмаса ит жетектеген не ерткен адам) сықылды аудармалық «туындылардан» көз сүрінетін жағдайға жеттік: «цифрлы фотосалон» - «фотосалон с цифром» («цифрлық» емес пе?!)!

«Аударғыштар» осылайша ресми тіл (қазақ тілін айтып отырмыз) саласын тәркілеуге кірісті, ал тауарлардың нұсқаулықтары мен жапсырмаларында сау-тамтұқ аз, сауатсыздық заңдылыққа айналған. Бұл жағдай, қазақ тілінің орыс тілі үшін аудармалық көлеңкесі болып барынша қалыптасқандығын аңғартса керек. Өйткені, аталған салаларда мемлекеттік тіл өз бетінше емес, тек қана орыс тілінің аудармасы ретінде ғана бекігендей. Осыдан келіп, қазақтілді азаматтар қазақтілді мамандар емес, аудармашылардың қызметін атқарумен шектелуі әбден сіңісті жайтқа ұласқан. Бұл көрініс өз кезегінде көршілес жатқан журналистикаға да жұғып үлгерген.

Әрине, қазақ журналистикасын қоғамнан тыс алып, жерден алып жерге салуға болмайды. Алайда, біз мәселені ашудан қашпағанымыз мақұл. Егер проблеманың шешілуін екі сатыдан тұратынын ескерсек, оның бастапқысы және маңыздысы - мәселені ашу, одан қашу емес. Сондықтан да осы мәселеге ат басын бұруды жөн санадық. Ал, шешуі - мемлекет пен қоғамның қолында. Шын мәнінде біз атаған тілге деген журналистік кесір қазақ журналистикасының кемшілігі емес, қазақ тілінің тағдырына жауапты органдар мен ұйымдардың міндетінен туындауда. Бұл мәселені шешу үшін публикаға, қазақ БАҚтарына электрондық сөздіктер том-том кітап күйінде емес, заман талабына аса ыңғайлы әрі қолайлы,тіпті тиімді электрон өнімдер түрінде өндіріліп, тарату/сату ұйымдастырылса, тіл кеңістігінде мұндай кесір болмас еді!

Серік Ерғали,

педагогика ғылымдарының магистрі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар