Тіленшиевке жабылған «халық жауы» атағын ақтап алған жазушы

Әдеби әлемде қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық бағыты өзара біте қайнасып, бірі екіншісінің табиғатын танытатын тұлғалар болады. Өмірден көргені мен көңілге түйгенін қаламына арқау еткен мұндай қаламгерлердің шығармашылығынан өз дәуірінің үні, сол уақыттың табы сезілетіні рас. Сондай жандардың бірі – жазушы Серік Шәкібаев еді. 

Тіленшиевке жабылған «халық жауы» атағын ақтап алған жазушы - adebiportal.kz

Иә, бұл есімді әдебиет айдынында жиі кездестірмеуіміз мүмкін. Оған өзіндік себебі де табылар. Қаламгердің әдеби мұрасы өзі жүріп өткен күрделі өмір жолымен сабақтасып жатыр. Айтқандай, ол әдебиетке бірден келе қойған жоқ. Өмірінің ұзақ жылдарын мемлекеттік қауіпсіздік органдарындағы қызметке арнаған қаламгер, кейін сол кезеңде жинаған тәжірибесін әдеби шығармаларына арқау етті. Бәлкім содан да болар, оның туындыларында көркем шығармаға тән шексіз қиялдан гөрі нақты деректер мен сандар, тарихи оқиғалар, адам тағдырына үңілу сынды тұстары басымырақ тұратындығы.

Кереку өңірінің тумасы Серік Шәкібаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. 1926 жылы 27 қыркүйекте өмірге келген жазушының жастық шағы Ұлы Отан соғысы басталған кезеңмен тұспа-тұс келеді. Жастайынан еңбекке араласқан бала Серік «Шілікті» совхозында жұмыс істейді. Бір жылдары комсомол ұйымының хатшысы да болады. Кейіннен мемлекеттік қауіпсіздік органдарында отыз екі жыл қызмет атқарады. Әдебиетке жаны жақын жан солай жүріп, соғыс жылдары кешкілік уақытта оқу оқиды. Ол Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетінде сырттай білім алады. Қазіргі Қостанай қаласының құрметті азаматы атанған Серік Шәкібаев 1960-1975 жылдары Қостанай қалалық партия комитетінің мүшесі әрі қалалық кеңес депутаты болып қызмет атқарған. Ол – дерек пен дәуірді сабақтастыра отырып, өз шығармасына арқау еткен арда қаламгер.

Алғашқы өлеңдері мен шағын әңгімелері аудандық баспасөзде жарияланған жазушы Шәкібаевтың әдебиетке қызығушылығы ертерек оянғанымен, сұрапыл соғыс жылдарының ызғары шығармашылыққа емес, еңбекке ерте араластырады. Соғыстан кейін кешкі мектепте оқып, кейін жоғары білім алған қаламгер әдеби шығармашылыққа 1960 жылдардан бастап белсенді араласа бастайды. Автор туралы ақпараттарға сүйенсек, ол қазақ әдебиетіндегі деректі шытырман оқиғалар жазған алғашқы жазушылардың бірі деседі. Мемлекеттік қызметте ширек ғасырдан астам қызмет еткен қаламгер шығармаларында тарихи деректермен жұмыс істеп, дағдыланғаны бірден байқалатындай.

Жазушы үшін оқиғаның шынайылығы, сүйенген деректердің мазмұн салмақтылығы мен маңыздылығы аса жоғары рөл атқарған. Осы тұста Серік Шәкібаевты әдеби әлемге танытқан «Үлкен Түркістанның күйреуі» шығармасын айтпай кетуге болмас. 1968 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген туынды 1972 жылы орыс, 1976 жылы қырғыз тілдеріне аударылады. Шығарма ХХ ғасырдың күрделі тарихи кезеңдерінің біріне арналған. Алайда туындыны бүгінгі көзқараспен оқығанда, кеңестік дәуірдегі идеологияның сызы сезілетіні бар. Тарихи түсініктер мен Мұстафа Шоқай бейнесінің шығармадағы пайымы кейінгі бір зерттеулерде сынға ұшырағанын да айта кету керек. Бүгінгі оқырман үшін Шоқай бейнесін кеңес дәуірі кезеңіндегі ұстанымдарға сай қалыптастырылғаны да жасырын емес. Сол себепті аталмыш шығарманы әуелі әдеби еңбектен бұрын тарихи деректерге негізделген туынды деу жөн болар.

Жазушының әдеби мұрасын 1978 жылы жарыққа шыққан «Төтенше комиссия» атты деректі кітабы толықтырады. Ал 1984 жылы «Көтеріліс» романы басылып шығады. Серік Шәкібаев қаламынан әңгімелер, тарихи жазбалар мен очерктер,  тіпті деректі фильмдерге арналған сценарийлер де дүниеге келген. Автордың сценарийі бойынша 1985 жылы «Ерлік заңымен» атты деректі фильм түсіріліп, экранға жол тартады. Өмірінің соңғы жылдары жазған «Құрметті қызметкер» шығармасын автор өкінішке орай, аяқтай алмаған.

Сондай-ақ, Серік Шәкібаев – сталиндік қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ зиялыларының бірі, Қостанай облыстық комитетінің бірінші хатшысы Нақысбек Тіленшиевке жабылған «халық жауы» атағын журналистік зерттеу жүргізу арқылы ақтап, есімін халыққа қайтара алған жан. Бұл жазушының өміріндегі қалам мен қызметі тоғысқан тұсы еді. 

Жазушының шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдерінің бірі – Қостанай өңіріндегі әдеби ортаға араласуы. 1983 жылдан бастап қаламгер Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облысындағы әдеби кеңесшісі қызметін атқарады. Оның әдеби ортадағы еңбегі жеке шығармашылығындағы тың туындыларымен ғана емес, сол өңірдегі әдеби үдерістің дамуына етене араласуымен де бағалы. Жазушы Қостанайда орналасқан Бейімбет Майлин атындағы әдеби бірлестіктің даму жолына өзіндік бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп отырған. Кейіннен 1986 жылы Қостанай қаласының құрметті азаматы атанады. 

Серік Шәкібаев 1999 жылы дүние салады. Оның ұрпаққа қалдырған әдеби мұрасы – уақыт өткен сайын жаңа қырынан оқылатын шығармалар қатарында. Өйткені автордың шығармалары өз дәуірінің әдеби және тарихи санасын түсінуге мүмкіндік беретін құнды мұра ретінде маңызын еш жоғалтпақ емес. Әдебиет – жазылған уақытынан тыс өмір сүретін күрделі құбылыс. Табиғи үдеріс. Әсіресе, шығарма ішінде тарихты арқау еткен еңбектерді әр дәуір өз сұрағымен белгілі бір уақыттан соң, қайта парақтайтыны анық. Серік Шәкібаевтың туындылары – уақыт өте тағы бір мәрте шолып шығуды қажет ететін, бағасы жоғары әдеби мұра. 

 

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan