Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Төлеген Жанғалиев. Таң бозынан тағы да тұрып алдым...

27.01.2020 6079

Төлеген Жанғалиев. Таң бозынан тағы да тұрып алдым 12+

Төлеген Жанғалиев. Таң бозынан тағы да тұрып алдым - adebiportal.kz

Ақ бантик

Жылжып өткен жылдарға біз не дейік,

Бал жастықты баламыздан көрейік.

Ақ бантиктің орынында айнам-ау,

Ақ шаш қазір бара жатыр көбейіп...

Түрі қандай сұсты еді өзінің,

Селт еткізбес сері жанның сезімін.

Кеше ғана кекілді ұл мен едім,

Отыз жаста деп ойлайды сені кім?

Сен əлі де ажарлысың, мақпалсың,

Мақтағандай көріктісің достар шын.

Ақ бантикті лақтырғандай, ал бірақ,

Ақ шашыңды қалай жұлып тастарсың?

...Есіңде ме, бал татыған балалық,

Айна алдынан шықпайтынсың таранып.

Тек өзіңнен табылатын сұлулық,

Тек өзіңнен табылатын жаңалық.

Қос бұрымың иығыңнан төгіліп,

Сен келгенде кербез басып, керіліп,

Далбалақтап, қалбалақтап қалушы ек,

Кеудемізді керіп жүрек тебініп.

Бозбаланың ашылмай ма тез міні,

Көретінсің, сезетінсің сен мұны.

Бірақ, бірақ елеумеуші ең ешкімді,

Сұлу қыздың болады ғой өрлігі.

...Аса қызық болды оқиға бір күні,

Таңдаңтам деп, тамсантам деп құрбыны.

Шорт қиғызып бұрымыңды келдің сен,

Айып санап, ағат көрдік біз мұны.

Қара шашың келтесінен қиылған,

Шөмеледей болып қапты жиылған.

Дəл төбеңде алаулайды ақ бантик,

Көзбі арбап, көрінетін қиырдан.

Тосын жағдай, тоспаған бұл іс еді,

Күлді ұлдар түйілгенше ішегі.

«Ақ серке» деп ат та қойды біреуі,

Ауызға онда қай жақсы сөз түседі.

Қызғаныш па, жоқ болмаса, қалжың ба,

«Ақ серке» деп мазақтады бар қыз да.

Бір уыс боп бүрістің де тұрдың сен,

Қалып қойған адамдай боп жаңбырда.

Шыдамадың, бұдан əрі тоспадың,

Мініп алдың ашуыңа қас қағым.

«Барлығың да колхозник» дедің де,

Ақ бантикті жұлып алып тастадың.

Күлкі тоқтап, қалдық біздер күмілжіп,

Шалт ісіңді шапалақ деп ұғындық.

Көз ұшында бара жатты көлбеңдеп,

Аппақ бантик, аппақ сезім, сұлулық.

Сен əлі де ажарлысың, мақпалсың,

Мақтағандай көріктісің, достар шын.

Ақ бантикті лақтырғандай, ал бірақ,

Ақ шашыңды қалай жұлып тастарсың...

***

Таң бозынан тағы да тұрып алдым,
Ұрлығын аңдығандай ұры-қардың.
Ұлы бардың үйінің шамы өшпейді,
Иті үруін қоймайды қызы бардың.

Таласып, тармасқандай таң құсымен,
Ақ әтеш айқайлайды бар күшімен.
Үрген итке үн қосып қыз әкесі,
«Бұл кім, әй» деп қояды аула ішінен.

Шам сөндірмей шала ұйқы болған ана,
Сәбиіндей қарайды бозбалаға.
Аппақ таң ақ сәулесін сәукеле ғып,
Арай шашып келеді айналаға!

Шіркін, жастық-шілденің шіліңгірі,
Оттан да ыстық болып тұр бүгін, міні,
Қос ғашық құшағынан сығалайды,
Менен қашқан өмірдің сұлулығы.

Әнекей, көкжиектен күн көрінді,
Қос ғашық та қоштасып, үйге кірді.
Бойжеткеннің жүзінде шалқыған нұр,
Бозбалаға сүйсінтіп тұр көзімді!

Анаға ақталу

Тоқсан жасқа толып асыл Анасы,

Той жасады дүрілдетіп баласы.

Осы шығар аналардың бақыты,

Осы шығар кәріліктің дауасы.

Ойхой, шіркін, Ана – еңбектің жануы-ай,

Анамызды қалдық мүлде танымай.

Толқын-толқын ұрпағының қолында,

Толқып бір сәт бара жатты толық Ай...

Немерелер, шөберелер сап түзеп,

Әжесіне айтып жатыр ақ тілек.

Еркелейді жетпістегі тұңғыш ұл,

Анасының бауырына бас сүйеп!

Бірі – тұлпар, бірі көлік мінгізіп,

Бірі – сырға, бірі жүзік кигізіп.

Тоқсандағы анасына әйтеуір,

Жақсы әулеті жасап берді бір қызық.

Соны көріп, күрт бұзылды көңілім,

Ойға оралып өтіп кеткен өмірім.

Қайран ана, «кім» деп кеттің сен мені,

«Кім» деп қазір жүреді екен мені кім?!

Бақ іздедім, тақ іздедім жасымда,

Уақыт жоқ ананы ойлап жатуға.

Отырыппын жұмсақ диван үстінде,

Отырғызып қойып Сізді тақырға.

Үміт, сезім, арман, қиял жоғалмай,

Соның бәрін бірақ менен таба алмай.

Тұрушы едің төсегімнің басында,

Тұғырына жүрген құстай қона алмай.

Әттең-әттең соның бәрін кеш білдім,

Кеш білдім де өзімді – өзім төске ұрдым.

Елуіңді, алпысыңды тойламай,

Тойып ішкен тамағымды тоқ қылдым.

Алтын жүзік таға алмаппын қолыңа,

Сол қылығым батады әлі жаныма.

Құрым етік кигізе де алмаппын,

Құндыз ішік алып беріп жарыма.

Түгендеп ап әулетіңнің төрт көзін,

Алпыс жастан асқан кезде «Қош!» дедің,

Ұрпағыңнан бар алғаның сондағы,

Ұлы денең оранатын ақ кебін.

Еншіңе алған екі метр жер ғана,

Құлыптасқа жазып қойған сөз ғана.

Одан басқа алып кеткен түгің жоқ,

Ошағынан от үзбеген кейуана.

Соны ойласам, сорлы көзден жас шығып,

Жанарымды жауып алам, тас қылып.

Баласына өшпес таңба секілді,

Анасына жасап кеткен қаттылық.

«Балаларым – бақытым» деп жүруші ең,

Бақыттысың, жан Анашым, бүгін сен.

Ұл – қызыңның ұлағатын көрер ең,

Уақытша болса дағы тірілсең.

Таптың, бақтың кете бардың ортадан,

Қарызыңды қалай енді қайтарам?!

Түсіме де жиі енесің, түсімде,

Гүл уыстап беріп жүрем мен саған!

Анашым!

Шындығым

Жетпіске жеттік міне, жел ұшырып,

Өмір теріс айналды өңі сынық.

Алды-артыма қараймын алақ - жұлақ,

"Кемел жасқа келдім" деп не бітіріп.

Елу жылғы еңбектің несі мәнді,

Кесірткедей кесіліп басы қалды.

Шындық іздеп шырылдап шығып едім,

Шындық өзі шығарды рәсуәмді.

Ауызыма ораза ұстап содан,

Тірлігімді доғарып тіл тартпаған

Күлген болып жүремін өп өтіріп,

Өп өтірік боламын жыртақтаған.

Көрінгенге кетіріп, xал - қадірді,

Көпе-көрнеу білдім тек алдануды.

Атағымды басшылар арқа қылып,

Шапанымды жақсылар тойға киді.

Ал енді ше, түскенде ата-сақал,

Шал болдым шатып-бұтып, бата сатар.

Батаның да киесі бар деуші еді,

Бар болса бізді соның сапасы атар.

Көрінгендей мен үшін жердің шегі,

Көбейіп келе жатыр көздің шелі.

Құранымның басында "бісіміллә",

Құлағымның түбінде елдің сөзі.

Барар жер, басар тауым аз қалғандай,

Қол аяғым барады қорған болмай.

Үйдің маңын жүремін айналсоқтап,

Үйірінен адасып қалған малдай.

Достарым да сиреді қасымдағы,

Көр түбінде көміліп жатыр бәрі.

Байлары өліп, қалқиып қалған маған,

Қас жауындай қарайды қатындары.

Шындығым, шырақтарым, міне осындай,

Шындық та қартайғанда шығатындай.

Ажал да алқын-жұлқын кеп қала ма,

Азырақ демалдырып тұра тұрмай.

Немере келінімді көрсем деймін,

Шөбереме батамды берсем деймін.

Өмір сүргім келеді, өмір сүргім,

Өмір жалған дегенге мен сенбеймін!

Сақ, сақ, балам, сақ балам...

Сақ, сақ, балам, сақ балам,

Сақтансаң, Аллам сақтаған.

Күңірентіп кетер шайтан бар,

Күлімдеп кіріп қақпадан,

Сақ, сақ, балам, сақ балам.

Жалғанда мынау тас-қараң,

Жақсылық күтпе басқадан.

Жағаңа жауың жармасса,

Жаныңда жүрген дос та арам,

Сақ, сақ, балам, сақ балам.

Қорқа біл, балам, қорқа біл,

Атыңның басын тарта жүр.

Қолыңа кісен түссе егер,

Қорғайды сені қай Тәңір?!

Қорқа біл, балам, қорқа біл.

Адам боп жүрсең жер басып,

Алланы ғана арда тұт.

" Ақ таңға жетсем" деп тіле,

Ақшамда аман-сау жатып.

Анадан алғаш туғандай,

Алаңсыз жүрсең, сол бақыт!

***

Тіліме шоқ түсті,

Тілді едім, тісті едім.

Жүректе от бітті,

Жүрексіз нүктемін.

Қай көздің сұғы еді,

Қанжарша қадалған.

Қызыл тіл күйеді,

Қытығы жоғалған.

Жалтақсыз жан едім,

Жақпадым кімге осы?!

«Тіл» деген пәленің,

«Тілсіздер» түрмесі.

Оларға бәрібір,

Оңсың ба, солсың ба?

Жантықтар әлі жүр,

Жанымда онсыз да.

Бірінен қорқамын,

Бірдеме айтудан.

Қамшылап «айтағын»,

Қалмас деп артымнан.

Бірінен түңілем,

Бүрінен гүл атпас.

Құтылсам бірінен,

Бірі жүр қурақ бас!

Үндемей сондықтан,

Үйкүшік күн кешем.

Даусымды қарлыққан,

Даладан ізде сен...

«Қайнар»

«Қайнарға» жиі барам, қайынсақпын,

Қайын жұрттан көңілдің бабын таптым.

Ауызымнан әлі де дәмі кетпес,

Апам марқұм пісірген бауырсақтың.

«Жаман күйеу- қайынсақ» - десе, десін,

Ессіз сөзге несіне кетер есім?!

Ұлжан, Ділдә ананың ұлағаты ,

Ұлы Абайдың көгерткен көсегесін.

«Пайғамбар да сыйлаған күйеуін» деп,

Қайын жұртқа қаймықпай кіремін көп.

«Жезде» деп еркелесе балдыздарым,

Жер түбіне кетеді түнегім кеп.

«Қайнарым» қандай еді бір кездері,

Барған жанның байланған тіл, көздері.

Алыстан аспан тіреп тұрушы еді,

Алып тау, асқар шыңы қыз кеуделі.

Ал қазір арқар ауған «Мыржықтағы»,

Тау мен тас, өзен-көлдің жым-жырт бәрі.

Арқар ауған аймаққа ұқсайтындай,

Абыралы жұртының тұрмыс, халі.

Жұмақ өмір жұтаса не шара бар,

Жұртта қалған тек қана ата-аналар.

Атом жарған апанның ауызындай,

Аңырайды бос қалған босағалар.

Ел еңсесін көтерер жастары жоқ,

Көбі кеткен «күнкөріс» бас қамы боп.

Қара қазан қайнамас бұрынғыдай,

Қайнаса, қаймағы жоқ, қаспағы көп.

Күннің көзін түсірмей түндігіне,

Бір елдің балта шапқан тірлігіне.

«Қобыланды» тауы тұр қолын сілтеп,

Қоғамның қожыраған билігіне.

Қайран елім, арғымақ ат ұстаған,

Атомға да жігерін жасытпаған.

Қарным ашып қайтамын жағдайыңа,

Жағдайы жақсы өмірден қашып па адам?!

Сәлем бере барушы ем үлкендерге,

Ынтығып көрсем деуге, білсем деуге.

Олар да ой мен қырға жоқ болыпты,

Ойсырап қала жаққа жұрт өргенде.

Қариялар ауылда жоқтың қасы,

Қайда енді тірейін аттың басын?!

Саясаттың салқыны тиген елді,

Жаратқаным жарылқап жоқ қылмасын.

Еліміз де оңалар өсе келе,

Көңіл бөлсе, көгерер көсеге де.

«Қайнардың» «жаман жолын» жырмен жамап,

Қайтайын құран оқып ата-енеме.

****

Қайран, Төке, көшпейсің бе қалаға,

Деп сөгеді дос-жаран да, бала да.

Сол қалаға бара қалсам таң ата,

Қарауылға қайтып келем қонаға.

Туған жердің саф ауасы тұрғанда,

Түтін басқан қала ауасы, ауа ма?

Жусан иісі жұпар шашып мұрынға,

Жуа жусап өсетұғын қырында.

Туған жердің көктемі де сиқырлы,

Мың сан ойды оятатын миыңда,

Абай туған Шыңғыстауым тұрғанда,

Басқа таудың басы маған тұғыр ма?

Туған жерден бақытымды таппасам,

Басқа жұртқа барып қалай қақпа ашам.

Ең әуелі ел-жұртыңа жаға біл,

Ең алдымен, елді мақта, мақтасаң.

Ошақ басын оттан ыстық көрмесең,

Отанды да сүйе алмайсың ешқашан!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар