(Мағзом Сүндетов туралы ой)
Елдегі әжептеуір қызметімді, жиған-терген оны-мұнымды тастап Алматыға келіп орналастым. Жоқ, қызметке емес, қоныс тептім. Сонсоң барып жұмыс іздедім. Арқасүйерім – Мұхтар Мағауин мен Рымғали Нұрғалиев. Бірер жыл бұрын әңгімелер жинағым шыққан. Шағын ғана кітап. Беткеұстарым сол ғана.
Мұхтар қолымнан жетектеп Ілияс Есенберлиннің алдына алып барды. Ол кісі «Жазушы» баспасының директоры екен. Мұхтар – баспаның бас редакторының орынбасары. Мені таныстырып шықты.
– Ілеке, түнеугүнгі айтқан жігітім – осы жігіт. Мектептің оқу ісін басқарған, мектеп директоры болған. Әңгімелер жинағы шықты. Осы баспада қызмет істегісі келеді. Рымғали үшеуміз мектепте бірге оқығанбыз. – Менің де шашбауымды көтермелеген ниеті.
– Бірге оқысаңдар – сендерге есе жібере қоймас. Жігіттермен де тіл табысып кетер. Проза редакциясына апар да отырғыз. – Баспаның директоры басқа ештеңені түртпектеп сұрамады.
Бөлмеге алдымен Мұхтар өзі кірді. Мен соңындамын. Кең бөлме екен. Қойылған столдар тым тығыз. Алты-жеті жігіт отыр және екі келіншек бар.
Жігіттерді сырттай танимын. Бәрі де жазушылар. Қызметтері – баспадағы редакторлық.
– Төлек, бері кел. Саған өз қасымдағы столды ыңғайлап қойғанмын. – Сәбит Досанов. Бәрінен бұрынырақ жылыұшырап қасындағы столды көрсетті.
Басымды изеп, жымың ете түстім. Екеуміз КазГУ-де бірге оқығанбыз. Мына жазушылардың ішінен сыралғы біреуді кезіктіргеніме қуанып қалдым.
– Бәріңді де Төлек жақсы біледі. Сырттай таныс. Түгеліңнің де творчествоңды оқыған. Өзі де бірер кітап шығарған. Әңгімелер жинағы. Бір-біріңмен қауышып кетесіңдер. Әлеке, ендігі билік өз қолыңызда. – Мұхтар қысқа ғана тұжырымдады да шығып кетті.
«Әлеке» дегені – бөлім бастығы Амантай Байтанаев.
Сәбиттің қасындағы бос столға жайғастым.
Ақырын-ақырын барлап әрқайсысына қарағыштап қоямын. Әркімі әртүрлі ақыл-кеңестерін жапырлатып жатыр.
– Бұл ақыл-кеңестердің қайсыбірін миыңда сақтай берем дейсің. Ең абзалы – өз ерекшелігіңді табу. – Мағзом Сүндетов екенін айырдым. Даусын алғаш естуім. Сырбазданып қана қоңыр үнмен сөйледі. Ернін сәл жымырып, қасын да бияздана керді.
Сыпайылығын ұнаттым.
Сөйте-сөйте редакторлық қалпымды жетілдіре бердім. Қасымдағы басқа жігіттер де көмектен аянбайды, әрине.
Редакцияның бір басты кезеңі – редакциялық кеңестің өтуі. Автордың қатысуымен қолжазбаның кем-кетігі, жетістігі, автордың ерекшелігі мен табысы – бәрі-бәрі кең қамтылады, түбегейлі талданады. Міне, осындай сәттерде Мағзомның қамқорлық ықыласы анық танылатын.
Өзі қолжазбасын оқып, кітап қылып шығаруға дайындаған авторымен де жұмыс істеуге мұқият дайындалатын. Алдымен ескертпе, кемшіліктерін нөмірлеп тізіп шығады. Өшірмейді. Сызбайды. Тап-таза етіп анықтап жазады. Толғанып отырып, толқып ойланатын сияқты. Сірә, сөйлесетін авторымен алдын ала күй толғайтын сықылды. Жөн-жосықты қиыстырып жеткізудің амалын іздеу ме, әлде, алдында отырған жазушы автордың көңіліне тиіп алмайын деген елгезек жанашырлық па, әйтеуір, толқып отырған толғаныс күйі анық танылатын.
Тексеруіне алған қолжазбаны кесімді мерзімінде қарап, баспаға жіберу – әр редактордың міндеті. Және әрі мұқият, әрі сақтықпен қарау керек. Осындай мұқияттыққа да, сақтыққа да Мағзом ерекше тыңғылықты. Әр беттегі өз көкейіне күдікті тиген сөйлем, сөздердің тұсына қарындашпен ғана белгі қояды. Қысқартылуға тиісті жерлерді өз бетімен билеп-төстеп қысқарта салмайды. Автор екеуі ақылдаса отырып, бірігіп шешеді. Кейде бөлім бастығының алдынан өтіледі.
Бір қалт еткенде, сол әдетінің жөн-жосығын өзінен сұрадым. Қасына отырғызып алды. Ойлы жүзін бетіме тіктеді.
– Төлек, сен өзің де авторсың. Автордың әр шығармасы, тіпті, әр сөз, әр жолы – сол автордың жүрегін жарып шыққан перзенті. Ал біреудің көкірегінен шыққан сол перзентін жөнді-жөнсіз сылып тастауға бола ма? Әйтпесе, бір аяғын созып, бір аяғын қысқартып тезге сала қоюға бола ма?
Жауап күтпейді, мақұлдау тілейді.
Мен мақұлдаймын, әрине.
Қолжазбасын редакциялық кеңестен өткізіп баспадан жарық көруге ұсынудың жөні бір басқа да, облыс, аудандардан келіп жүретін авторлардың жөндері бір бөлек. Сондай авторлар көбіне-көп Мағзомға келеді. Жазушы авторларды айтам. Ал ақындар көп-ақ. Олардың келетін топтары біздерден басқа. Біз отырған бөлмедегі топтың ішіндегілерден қалаулысы, әсіресе, Мағзом. Сырттан келген авторлардың қалауларын таба қоюға тырысатын. Олардың әлі қайнауы бітпеген қолжазбаларын қарап беріп, сын-ескертпелерін жанашырлықпен айтып жүруші еді.
– Мәке, баспаның жұмысы бар, сырттан келіп-кетіп жүрген жаңа авторларға білдіретін ықыласты көмегіңіз бар… Соның бәріне ілтифатты көмегіңізді көрсетіп жүресіз. Сонда өз шығармаларыңызды жазуға уақытты қалай жеткізесіз? – деймін.
Сәл толғаныңқырап тұрып, жымиып өзіме қарайды.
– Ал өзің қайтесің? – Өзіме қарсы сұрақ қояды.
– Баспаның күнделікті редакциялық жұмысынан басқа шаруаға мойын бұра қоймаймын, – дедім.
– Мүмкіндігің келсе – ең дұрыс кесім сол. Бірақ бәріміз де пендеміз. Көңілжықпастығымыз және бар, соңынан ішің удай ашиды. Бірақ ертеңгісін сол тіршілікке қайта жегілеміз, – деді. Миығынан жымиған күлкісі енді сап-салқын.
Алғашқы шығармаларының қалай жазылу сыңайын сұрадым.
– Қай жазушының қалай жазатыны – бір-бір жұмбақ. Әрі жұмбақ, әрі шытырман дүние. Ал біздердің тіршілігіміз – нағыз ерліктің өзі. – Жазушыларға да, өзіне де сүйсінгенінен көрі өкініші бар сияқты.
Иә, құр жіберіп алған күндердің бәрі өкініш. Бірақ сол өкінішті ертең қайта қайталайтының одан да өкініш.
– Ақын-жазушылардың қайсы-қайсысына молшылық пен емін-еркіндік тиіп жатыр дейсің. Ширығасың. Жазуға талпынасың. Мүмкіндігің жоқ. Уақытың аз. Емін-еркін көсіліп отыратын столың да шамалы. Шіркін, кең кабинет, үлкен столға не жетсін! – Шындығында да, ширыға сөйледі.
Ақын-жазушылардың көбінің киген кебі. Алғашқы жылдары көретін құқайлары.
– Сондағы негізгі лажыңыз қандай? – деймін.
– Ас бөлме. Үлкендерді де, балаларды да ұйықтатып тастаймын. Әй, сонсоң емін-еркін кірісемін-ау! – Кәдуілгідей мақтанып айтады. – Менің ғана ойлап тапқан өнерім емес, көпшілігінің әрекеттері осы!
– Дос-жарандар туралы не айтасыз? – деймін. Өз көңілімдегі түйткілдерді басқалардан да анықтағым келеді.
Мағзом біраз уақыт толғанып отырады. Балалық шақтағы дос-жарандарын қимай есіне түсіреді. Ал, есейгендегі достары санаулы ғана екен. Өз табиғатының, жаратылыстың ерекшелігіне балайды.
– Әрине, шын ойнап-күлетін, шынайы аралас-құралас жүретін достарыңа не жетсін! Бар ғой ондай достар! Әрине, бар. Менің жан досым деп жаныма балайтын адамым – Сайын. Мұратбеков Сайын.
Бақылап көрсем, екеуінің сырт биязылықтары үйлесім табады екен. Екеуі де анайы қалжыңға көп бара бермейді. Жеңіл мысқылмен жеңіл ғана қағытып өтеді. Әзілді мысқылдарына өздері қарқылдап күле қоймайды. Олардың мысқылдарына басқалар күлсе, олар соған, кәдуілгідей, марқайып қалушы еді. Баламінезділіктері шығар.
Әлдебіреулер шамына тиіп жатса, бұлқан-талқан ашуланып қайтарым мінез көрсете бермейді. «Көрсете бермейді емес-ау», түйіліп қабақ шытып, еселей есе қайтаруға ұмтылмайды-ақ. Сірә, ондай жайсыздықты тезірек ұмытып кетуге, елемеген сыңай білдіруге шынайы құлық танытатын.
Рас, әлдеқалай бір, бас редактор немесе дирекцияның біреу-міреуі шақыртып, жөнсіздеу мінездерін көрсетсе, қабағы түйіліп, жайсызданып бітетін.
Жергілікті жерлерден келіп жүрген ақын-жазушылар басшыларға кіріп, арыз-шағымды жиірек жасайды. Жоспарға енбеген немесе жоспарға енді ғана еніп, редакцияның жұмысына әлі ілінбеген қолжазбаларының нәтижесін көре қоюға асығады. Дирекция тарапы сондай авторлардан оңай құтыла қоюдың жолын іздейді. Редакторлардың әлдебіреуін шақыртып алады да, арызданып жүрген жазушымен көздестіре қояды. Басшылардың емеурінінен дәме қылған сенгіш автор әлгі редактордың етегінен ұстайды. Сондай емексітуге іліне қалса, Мағзомның күйіп-пісетін әдеті. Өтірік емексітіп, сөзбұйдаға салып, сенделтіп жүргізіп қоя алмайды. Кесіп айтуға, дирекцияны арандатудың жөні тағы келмейді. «Іштен шыққан шұбар жылан», мына жүрген автордың көңіліне және қарайды. Сол себепті де, амалсыздың күйін кешіп, түйіліп отырғаны. «Әлдебір көмегіңді көрсетейін» десең, жасай қояр лажың жоқ. «Директор айтып еді ғой», «Бас редактор айтып еді ғой» деп, салбырап ол байғұс жүреді.
Мағзом екі ортасында шыжиды.
Буырқанған көңіліне арқау болсын деп, творчестволық кезеңдерін сұраймын. Ондайларын айтуды өзі де ұнатады. «Алғашқы әңгімелерім жеңіл жазылды. Балалық кез, жастық шақтағы өз басыңнан кешкендерің бар, көргендеріңнің бәрі оқиға. Әсершілсің, сезімталсың. Солардың көбін түйіндейсің де қағазға түсіресің. Творчествоның ауыртпалығын бірте-бірте барып сезінесің. Қиыншылық сол кезде көбейеді». Қабағы жадырап, сөйлеуге құштарлығы артады. Әсіресе, өзінің әр шығармасының жазылу кезеңдеріне көбірек тоқталады.
Мағзом шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі де, сүйектісі де «Қызыл ай» романы. Өзі де соны көбірек сөз ететін. Ерекшелігін дәріптемейді, әрине. Иә, жазушылар өз шығармасын даралап жүруге әуес болса, Мағзом шығармасындағы кейіпкерлерінің өмірде бар нұсқаларын дәріптеп жүруге ықтиятты еді. Ел-жұртындағы өзі білетін, көбін өзі кейіпкеріне айналдырған таныс бейнелерді әңгіме қылуды, солармен сырттай таныстыруды көңілі қалап тұратын. Сірә, ауыл адамдарына деген құмарлығы да, құштарлығы да бүкіл өмірі бойы тарқамады. «Мен өзі шығарманы онша көп жаза бермеймін. Бірақ күнкестемді (режим) бұзбауға-ақ тырысамын. Күнде сол мерзімді уақытымда алдыма ақ қағазымды жаямын. Қолыма қаламымды аламын. Сонсоң ой кешуге кірісемін»…
Иә, онысы рас. Көп жазбайды, бірақ сол күнкестесін күнделікті бұзбауға тырысады. Күндіз істейтін қоғамдық қызметі және бұзылмайды. Қай істің қай саласы болса да бабына келтіруге ұмтылады. Соның нәтижесі шығар, қызмет бабымен де біраз сатыларға биіктеді. Жай редакторлықтан бастап баспаның бас редакторлығына шейін көтерілді. Істеген қызметтерінің бәрін де тыңғылықты атқарды. Сонысына орай, қоғам да ол еңбегі жақсы марапатталды. Құрметті атақтар алды. Үкімет наградаларын иеленді.
Амал қайсы?! Өмірден ертерек озды қаламдас аға досымыз. Әйтпегенде бүгінгі сексенінің сеңгірін бірге тойлар едік. Бәрінен де, артында қалың оқырманы бар. Сол оқырмандардың сүйікті жазушыларының бірі болып қала бермек ол.
egemen.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.