Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Төлен ӘБДІКҰЛЫ: ТАЛАСБАЙ...

26.05.2016 2796

Төлен ӘБДІКҰЛЫ: ТАЛАСБАЙ

Төлен ӘБДІКҰЛЫ: ТАЛАСБАЙ - adebiportal.kz

Безымянный.png

Заман ауысқан кезде өткен билiк жүйесi тұсында жасалған қиянаттар екшелiп, зерделенiп, сан түрлi сараптан өтедi. Қанша адам жазықсыз сотталды, қаншасы атылды, қанша мал, қанша дүние-мүлiк зорлықпен тәркiлендi – бәрi, шамамен болса да, есептеледi. Есептелмейтiн тек рухани шығындар. Үйткенi адамның iшкi азабын есептейтiн тәсiл жоқ. Сенiң рухани сенiмiң, ұжданың көзге көрiнбегеннен кейiн аса маңызды нәрсе болып есептелмейдi. Алайда, барлық заманда да адамдар мал-мүлiк үшiн емес, ұжданы мен сенiмi үшiн бастарын өлiмге тiккенi мәлiм.

Көне аңыз-әңгiме, жыр-дастандардағы махаббат жолында құрбан болған жандардың тағдырлары да сенiм бостандығына тiкелей байланысты. Олардың махаббатқа деген сенiмдерi аяққа тапталды. Олар соған шыдай алмай өздерiнiң өлiмдерi арқылы жасалған зорлыққа қарсылықтарын бiлдiрдi.

Дiни сенiм де махаббаттың бiр түрi. Кеңестiк жүйе тұсында мыңдаған мешiт талқандалып, қожа-молдалар тұтқындалып, атылатындары атылып жатқанда дiни сенiмдi өмiрлерiнiң мәнi деп ұққан қанша мың адам рухани қасiреттi бастан кешкенiн санап беру мүмкiн емес.

Менiң анам Рәзия құранға жетiк бiлiмдар болмаса да, бiр құдайға күнде жiк-жапар болып сыйынып отыратын дiндар кiсi едi. Қуанса да, күйiнсе де, ақыр аяғы менi жақсы көрсе де сөзiнiң аяғы«Алла-тағала, бiр өзiң жалғызыма жар бола гөр, жаратқан ием!» деп дұға сөзiндей болып аяқталар едi.

Бiздiң балалық шағымыз атеизмнiң дәуiрлеп тұрған кезiне сәйкес келдi. Құдайдың жоқ екенi, дәлелдеудi қажет етпейтiн, өзiнен-өзi белгiлi нәрседей елестейтiн. Құдайға сену – надандықтың белгiсi дейдi бiзге мұғалiмдер. Ауадан да, судан да, шөптен де идеологияның исi аңқып тұрған кез.  Апамның зәресiнiң ұшқаны маған қызық болып көрiнiп: «Апа, құдай жоқ!» – деймiн жанына жетiп келiп. Апам елемеген адам болып, жылыстап, сыртқа шығып кетедi. «Апа, құдай жоқ!» –деймiн мен соңынан қуып жетiп. Апам түрi бұзылып, жалғыз ұлына ұрса алмай:«Қарағым, басқа бiр әңгiме айтшы», – дейтiн жалынып. Басқа әңгiме маған қызық емес. Әйтсе де, мен үшiн құдайдың бар-жоғының ақиқатынан гөрi, осы туралы айтыста үлкен кiсiлердiң өзiңе қарсы келе алмай, олардың алдында өзiңнiң үстемдiгiңдi сезiну маңыздырақ секiлдi. Қысқасы, бiздер де сол заманғы саяси жүйенiң кiшкентай жендеттерi болатынбыз. Бiз дiннiң өзiн апиын деп ұққаннан кейiн, дiн жолын қуғандарды жағымсыз адамдардың қатарына жатқызамыз. Бiрақ өмiр бар уақытта бiздiң осы түсiнiгiмiзге сәйкес келе бермейтiн.

Бiздiң ауылда Таласбай деген молда болды. Ел iшiнде сыйлы едi. Аппақ күмiстей сақалы белiне түскен еңгезердей тұлғалы кiсi. Ораза, жаназа, тағы басқа аят, дұға оқыр тұстарда оның ғажайып сазды, күңiренген үнiне таңғалар едiң. Рас, ауылда Мейрам деген тағы бiр молда бар. Оның да даусы ғажап.  Өзi дiмкәстау, басы селкiлдеп, жайшылықтың өзiнде әрең отыратын адам. Құран оқыған кезде басы онан сайын селкiлдеп, өзiнiң осы бiр айықпас дертiн  айтып, Жаратқанға мұңын шағып, жылап жатқандай сай-сүйегiңдi сырқыратады. Ышқына шыққан зарлы үнiнен     Алладан басқаға алданбайтын қасiреттi жан азабы сезiлгендей болады.

Ал Таласбайдың  үнiнен жалбарынудан гөрi әлдебiр мәңгiлiк ұғымның сабырлы салтанаты айқынырақ  сезiледi. Екi көзiн жұмып алып, бұдан гөрi мәндiрек те сәндiрек басқа бiр дүниеге енiп кеткендей, ендi содан шыққысы келмегендей, аят бiткеннен кейiн де көзiн ашпай, үнсiз отыратыны бар. Ол үшiн құран оқу әшейiн бiр дiни жоралғы емес,  өмiрлiк мұрат секiлдi.             «Таласбай молданың үнiнде бiр сиқырлы күш бар» деп әңгiме қылар едi тыңдаған жұрт.

Осы кiсi туралы кейiн, кiмнен екенi есiмде жоқ, мынандай бiр әңгiме естiдiм.

Кезiнде мешiт ұстаған белгiлi молда Таласбай әрiдегi қуғын-сүргiн кезiнде айдалып, әуелі Қазақстанда, кейін Колыма жағында лагерьде болған секiлдi. Қанша жыл отырғанын кiм бiлсiн, әйтеуiр, ол кезде 20-25 жылдан төменге сотталу сирек болған. Ел тұрмысының өте ауыр кезi. Сотталғандардың жағдайы одан да ауыр. Күндiз он шақты шақырымдай жердегi кен орнында жұмыс iстеп, ымырттатып лагерьге оралады. Надзирательдерi аса қатал адам. Өзiне ұнамаған адамдарды забойдың ең терең қауiптi жерлерiне жiбередi. Таласбай құдай берген мол қайраттың арқасында әзiрге бастықтардың қатты қаһарына iлiге қойған жоқ. Жұмысқа тыңғылықты, тiлалғыш, жұмсақ адамды олар да терiс көрмейтiн секiлдi.

Әлдеқалай забойда авария болып, лагерьдiң адамдары жұмыстан кешкiлiк ерте қайтып жүрдi. Осындай күннiң бiрiнде бұлар адам жерленiп жатқан зираттың тұсынан өттi. Аштық тауқыметiн бастан кешiп жатса да, ел өзiнiң кәде-жораларын ұмытқысы келмейтiн секiлдi. Бөрiк киген шоқша сақалды, ұзын бойлы кiсi даусын көтере сөйлеп, әлдекiмдерге ұрсып, жұртқа тапсырма берiп, шаруашылық жағын басқарып жүр. «Кәне, құран оқығанда берiлетiн садақаны орын-орнына қойыңдар», – деген сөзi анық естiледi.

Таласбай құлағына құран оқу деген сөз тигенде жүрегi өрекпiп кеткендей болды. Күңiренген аят түгiл, құран деген сөздiң өзiн естiмегелi қанша жыл? Әлдеқалай тынысы тарылғандай, терең күрсiне дем алып, надзирательдiң қасына келдi.

– Шырағым-ай, өлiк аттамайтын халық едiк. Мына бiр мұсылманның жаназасы шығарылып жатыр екен. Рұқсат берсең, барып бет сипап, кешiкпей арттарыңнан жетер едiм, – дедi жалынғандай бiр үнмен.

Надзиратель әлдебiр өз шаруасымен басы қатып келе жатты ма:

– Жарайды, бiрақ тым кешiкпе, – дедi бұған бұрылып та қарамастан.

Таласбай өз тобынан бөлiнiп, аяңдап қабiр басына келдi де, шеттеу жерге келiп орналасты.

Көнетоз түбiт тақиясы көзiне түскен арық шал естiлер-естiлмес үнмен «Құлхуалланы» оқып, қабiр шетiндегi орамалға түйiлген түйiншектi алды. Шамасы тиын-тебен садақа болуы керек. Одан кейiнгi көзi жыпылықтаған көселеу бiреуi даусын шығармай, аузын ғана жыбырлатып, оның қандай аят оқып отырғанын бiлу тiптi мүмкiн болмады. Садақа түйiншектер бiттi. Ендi әшейiн рәсiм үшiн ғана айтқандай, басқарып жүрген кiсi:

– Тағы да оқитындар бар ма? – дедi де, жауап күтпестен бұрылып, жерде жатқан сырт киiм секiлдi бiрдеңенi көтере бастады.

Таласбай осы арада көптен күткен арманын орындауға мүмкiндiктiң келгенiн, егер оны қазiр пайдаланып үлгермесе, мұндай сәттiң ендi кезiгуi неғайбыл екенiн анық сездi. Соны сезгеннен кейiн бiр нартәуекел иектеп, «Иасиндi» қирағаттап бастап ала жөнелдi. Бұл ұзақ сүренi молдалардың өздерi сирек оқитын. Бiрақ сөзiнiң айтылуы да, сазы да күрделi осы бiр сүренi  Таласбайдың сағынғаны сонша, күңiрентiп бастай жөнелгенде, көзiнен аққан жасты тежеуге шамасы жетпей қалды. Ұзақ жыл көрмеген жақынымен көрiскендей, армансыз бiр мауқын басу үшiн өзiнiң де, өзгенiң де жүйкесiн қалжырата аятты аңыратып алып жөнелдi. Манадан берi ұсақ-түйек күбiр-сыбырға селт етпей отырған қалым қорым дүр сiлкiнгендей болды. Көмейден шыққан зор дауыс барған сайын қайраттанып, барған сайын айбаттанып, жер-дүниенi күңiрентiп бара жатқандай.

Отырғандар не болғанына түсiне алмай, ауыздарын ашып аңтарылып қалаған. Кiсiнiң жан дүниесiн бiрден баурап, әлдебiр бақилық әлеммен тiлдескен осынау ғажайып сазды әуенге барлық адами мұң-зар, өкiнiш, арман, арыз, тiлек тегiс сыйып кеткен секiлдi. Әркiм әлгi әуеннен өз тағдырын сезгендей аят оқып отырған бейтаныс жанның жүзiнен көздерiн ала алмайды.

Таласбай бұрынғы әдетiмен екi көзiн тарс жұмып алған. Төзiмiн тауысуға айналған осы бiр  азапты өмiрдi бiр сәтке ұмытып, дүниеден озған мына жанға, сонымен  бiрге жылдар бойы өзiнен құран дәметiп жүрген аруақтардың бәрiне бағыштаған осы дұғасының бiткенiн тiптi де қаламай отырған секiлдi. Жан-тәнiмен берiле зарлап отырған осы бiр адам әркiмнiң жүрегiнде атын атап, түстеуге келмейтiн әлдебiр сәулелi сезiм отын тұтатқандай әсер еттi. Марқұмның алдыңғы жақта отырған туысқандары да үн-түнсiз көз жастарын тұншыға жұтумен болды. Мұсылман дәстүрiнде дұға оқып отырған кезде жылауға болмайды. Көз жасы ризашылықтың жоқтығының белгiсi. Пенде баласы құдайдың бұйрығын мойындау арқылы өмiрiне мағына табады. Құдайға бағышталған құлшылықтың қашанда арты қайыр. Қазақ құдайдан өлгенiмдi тiрiлтiп бер деп сұрамайды. Артының қайырын сұрайды. Отырған жұрттың көңiлiнде, шамамен, осы тәрiздi  ойлар тұруы мүмкiн едi.

Таласбай «Сұбыханды» аяқтаған кезде жұрттың бәрi қолдарын жайды. Таласбай кенет дұғасын бөлiп, алда отырған шалдар жаққа қарап:

– Марқұмның аты кiм? – дедi.

– Смайыл, – дедi әлдекiм ақырын ғана, қателесiп кетем бе деп қорыққандай.

– Әкесiнiң аты кiм? – дедi бұл жолы Таласбай ешкiмге қарамай.

– Иманбай, – дедi тағы бiреу.

Таласбай қолын жоғары көтеріп:

– Осы дұғаны марқұм Иманбай ұлы Смайылдың аруағына бағыштадық, – деді. – Жатқан жерi жарық, иманы саламат болсын! Алла-тағала кейiнгi ұрпағына тату-тәттi, саналы ғұмыр кешудi нәсiп қылсын! Иә ұлы Алла! – деді содан кейін күңірене жалбарынған бір үнмен. – Бұл дұғаны басқа да барша аруақтарға – пайғамбарлар мен сахабаларға, ел үшін шейіт болған ерлер мен әулие-әмбиелерге, кезінде жасаған, кейін артында ұрпақ қалмаған, бізден құран дәметіп жүрген жандардың рухына бағыштадық. Марқұмдардың жалғанда пендешілікпен жіберген қателері болса, кешірім жасап, қабір азабынан құтқара гөр! Марқұмдардың артта қалған ұрпақтарын, барша қазақ қауымын қызғаныш пен күншілдіктен, өзімшілдік пен кекшілдіктен, жалған жаладан, жазықсыз жазадан, қуғын-сүргіннен, аштық пен індеттен, табиғи апаттардан, мың бір пәледен, жүз бір қатерден сақтай гөр! – Таласбай аятын аяқтап, бетiн сипаған кезде жұрт әлi де алғашқы әсерден айыға алмай, тым-тырыс отырып қалған едi.

– Шырағым-ай, қырықтың бiрi қыдыр деушi едi. Қайдан жүрген жансың? Бұл төңiректе мынандай құран оқитын жан жоқ секiлдi едi ғой, – дедi ақсақалды қария Таласбайға таңырқай қарап.

– Дәм айдап, мәнәй себеппен келiп қалған жан едiк, – дедi Таласбай жауабы қиын сұраққа тап болғандай жерге қарап ойланып. – Отбасын, ағайын-туысты көрмей, елден жырақ жүргенiмiзге төрт-бес жылдың жүзi болды…

– Сотталып жүрсiң бе? – дедi ақсақал үрейлене.

Таласбай айтар-айтпасын бiлмегендей, үнсiз отырып қалды. Әлден соң сiлтiдей тынған тыныштықты бұзып:

– Иә, ақсақал, сондай бiр тауқыметтi тартып жүрген жайымыз бар… – дедi. – Ата-бабаларым құдай жолын қуған жандар едi. Өзiм де мешiт ұстаған молда едiм. Ақ жолды ұстағандарды ағаш атқа мiнгiздi. Заманның талқысына түстiк. Шынымды айтсам, қатын-баланың қайда жүргенiн өзiм де бiлмеймiн. Басына күн түссе, тұлпар жабыға, батыр қорқаққа айналады екен. Түзiкпен де, бұзықпен де тағдыр қосып, дос-жаран болдық. Қорлыққа да, зорлыққа да ет үйрендi. Үйрене алмайтының – жүректi қыжылдатқан бiр сағыныш. Құранның аяттарын, сүрелерiн сағындым. Кейде құран оқып отырған кездерiм түсiме кiредi. Жанымды қинап жүрген заттың бiрi осы едi. Бүгiн ретi келiп, аруақтың да сауабын алып, өзiмнiң де шерiмдi тарқатып отырмын.

– Апыр-ай, үнiң де, сөзiң де бөлек екен. Жаназамыз жетiм қыздың тойындай болып отырғанда, өзiңдi бiзге кезiктiрген бiр Алланың өзi шығар. Есiмiң кiм болады?

– Таласбай.

Шал бiр қолымен жер тiреп орнынан тұрды.

– Бiздiң ауыл мынау тұр, – дедi қолымен көрсетiп. – Дәм күтiп тұр. Ауыз тиiп кет. Қысылсаң, өзiмiз жеткiзiп салайық. Құралақан қоя беру алдымен өзiмiзге обал болар.

– Иә, иә, мынау тұр. Жап-жақын, – деген қоштау сөздердiң аяғы қолқаға айналды.

– Аруақты қадiрлеп, бұрылып келгенiңiздiң өзi бiзге үлкен мәртебе, – дедi жиынды басқарып жүрген бөрiктi кiсi. – Мына Әбекең елiмiздiң қадiрлi ақсақалы едi. Сөзiн жерге тастамай, дәм ауыз тиiп кетсеңiз, бәрiмiз де риза болар едiк.

– Иә, сүйт, шырағым.

Қанша асығып тұрса да, шыдай алмай, Таласбай елмен бiрге әудем жердегi ауылға келдi. Ауыл иелерi де түсiнiктi адамдар екен, «ондағы бастықтардың жайы белгiлi ғой, сыйлы қонағымызға обал болып жүрмесiн» деп асықтырып, дәмнiң бәрiн тездетiп, апыл-ғұпыл астан кейiн ең маңызды шаруа ендi келгендей, бәрi де дұға күтiп, Таласбайға қарады.

Таласбай бұл жолы аятты, манағыдай емес, сабырмен оқыды. Бiрақ таңғалу алғашқыдан кем болған жоқ. Бiреуi құран сөзiнiң айтылу ерекшелiгiне қайран қалып, екiншiсi мынандай әуездi,   зарлы үндi өмiрде естiмегендерiн айтып у-шу болған жұртты жиын басқарып жүрген адам әрең тоқтатты:

– Оу, ағайын, айттық қой жаңа Тәкеңнiң обалына қалмайық деп. Ондағы надзирательдерде не адамшылық бар деп отырсың. Онан да Әбекең қонаққа батасын берсiн, сосын тезiрек шығарып салайық.

Әбекең қолын жайды:

– Шырағым, құдай жолын қуған қасиеттi әулие, сенсiң қалың елге әке болатын адам. Жасым үлкен болған соң баламдай көрiп, бата берiп жатырмын. Басқа түскен мына бiр қиындықта бiр Алла өзiңе жар болсын, қарағым! Ғайып-ерен, қырық шiлтен шылауың да болсын! Iс түспесiн басыңа, қырғауылдай жорғалап, қыдыр келсiн қасыңа! Аруақтар қолдасын, жаманшылық болмасын! Басың аман, аяқ-қолың бүтiн болып, елiңмен, отбасыңмен табысуға жазсын! Әумин!

– Әумин! – деп шу еттi қоршаған жұрт.

Таласбайды көлiкпен жеткiзiп салатын болды. «Мен әрi қарай Тайсойғанға кетемiн, сiздi жолай тастай кетемiн» деп  жиынды басқарған қызыл бөрiктi кiсi екiншi атқа өзi отырды да, ауыл шетiнде әлдебiр бала ұстап тұрған серкенi шылбырына байлап, жетелеп алды.

Атты адамға жердiң қашықтығы жоқ деген осы – бұлар әңгiмелесiп отырып, лагерьдiң қасына қалай келiп қалғандарын да бiлмей қалды. Екеуi аттан түстi.

Қызыл бөрiктi кiсi екi қолын қабат ұсынып:

– Тәке, менiң атым Бейсенбай болады. Ел-жұртыңызбен аман-сау қауышуыңызға тiлектеспiн. Ал мына серкенi жаназаның құдайы садақасы деп қабылдаңыз, – дедi серке байланған шылбырды Таласбайдың қолына ұстатып жатып.

– Ойбай-ау, мұны мен не iстеймiн, өзiм айдауда жүрiп… – дедi Таласбай қолын жайып.

– Ештеңе етпейдi, Тәке, мұнда да бiр қауым ел ғой, құдайы садақадан дәм татсын. – Соны айтып, Бейсенбай қайтадан атқа отырып, екiншi атты жетектеп алды. – Қош! – дедi жүрiп бара жатып артына  бұрылып.

Серкемен қалған Таласбай аз-кем ыңғайсызданып тұрды да, «жарайды, болған iске ендi неменесiне қиналамын» деген оймен серкенi жетектеп, бараққа келдi. Серкенi сыртқа байлап,  барақтың iшiнде кезекшiге тапсырма берiп жатқан лагерь бастығының қасына келдi. Әңгiмелесiп тұрған адамның қасына неге келесiңдер дегендей бастық бұған ұнатыңқырамай қарады.

– Келгенiмдi бiлдiрейiн деп… – дедi Таласбай кiнәлiлеу үнмен.

– Кешiкпеймiн дегенiң қайда?!

– Кешiккенiме кешiрiм сұраймын, бастық. Мүмкiндiк болса сiзге бiрдеңе көрсетейiн деп едiм.

Бастық «бiрдеңе» дегеннен секем алып қалғандай бұған күдiктене қарады.

– Сыртта тұр, – дедi Таласбай.

Бастық тағы не боп қалды дегендей жүгiре басып, сыртқа шықты да, серкенi көрiп, ештеңеге түсiнбей, басын шайқап, Таласбайға қарады.

– Бастық, тек ашулана көрмеңiз, – дедi Таласбай оның түнере бастаған жүзiнен сескенiңкiреп. – Өзiңiз рұқсат бергеннен кейiн жергiлiктi халықтың сұрауымен өлiк жөнелтудiң рәсiмiн жасап, зират басында аруаққа дұға бағыштадым. Дәстүр бойынша дұға қылған адамға құдайы садақа бередi. Мынау серке – сол құдайы садақа. Сiздер құдайыдан дәм татсын деп әдейi ала келдiм.

– Сонда не iстеуiмiз керек, – дедi өзi қазақ болса да, орысша тәрбиеленген бастық әлде де түсiнiңкiремей.

– Мына серкенi сою керек, – дедi Таласбай күлiмсiреп.

Осы кезде қаһарлы бастықтың жүзi аяқастынан жұмсарып:

– Не дейді? – деп күлiп жiбердi. – Мынауың үлкен олжа ғой.

Айдаудағылар түгiл, надзирательдердiң өздерiнiң ет көрмегенiне қанша болғанын бiр құдайдың өзi бiлсiн.

– Ойбай-ау, сенi бұдан былай ондай жерге жiберiп тұру керек болды ғой. – Бастық бiржола жұмсарып, ет пен сүйектен жаралған адам қалпына келдi.

Сол күнi бүкiл барақта көңiлдi кеш болды. Серке сойылып, бастыққа жөнелтiлдi. Бастық рахымы түсiп, жалпы кухняға да азғантай ет жiберiптi.

Құдай жолын қуған Тәкең өстiп сотталып жүрiп те сол жақтың сыйлы адамына айналды.

Соғыстан кейiнгi жылдары Таласбай айдаудан оралып, заңды түрде өзiнiң молдалық iсiне қайта  кiрiстi. Адам санасын түнекке айналдырған апиын-дiннiң өкiлi жұртқа мазақ болудың орнына, неге елдiң сыйлы кiсiсi болып жүргенiне бiздiң де түсiнбей жүргенiмiз де осы кез болатын.

Кейiн сыртта жүрiп, ел өмiрiнен бейхабарлау жүрдiм. Естiгенiм Таласбай соқырішектен қайтыс болыпты. Соқырішекке екi күннiң бiрiнде операция жасалып, әрi кетсе бiр жетiден кейiн жұрттың бәрi тұрып кетiп жатқан заман едi. «Ажалым осыдан келiп тұрса – Алланың бұйрығы. Бүкiл тағдырын құдайдың қолына ұстатқан тақуа деушi едiк, мұның да жаны тәттi екен ғой деген сөзге қалар жайым жоқ. Абыройымнан садаға. Құдай өзi берген жанын өзi алса, оған несiне ренжимiз», – деп операция жасатпай, кетер-кеткенше өзiнiң отбасын жұбатумен болыпты.

Біреулер мұны надандыққа сайған шығар. Бірақ Тәкең уақыттың қыры мен сырынан бейхабар жан емес еді.

Кiм бiледi, қиянатшыл заманнан абыроймен құтылуды жөн көрдi ме екен…  Шын ақиқатын Алла біледі.


 

Төлен ӘБДІКҰЛЫ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар