Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Толқын Қабылша. «Естай-Қорлан» немесе  «Махаббат ...

09.10.2023 2057

Толқын Қабылша. «Естай-Қорлан» немесе  «Махаббат дастаны» 14+

Толқын Қабылша. «Естай-Қорлан» немесе  «Махаббат  дастаны» - adebiportal.kz

Поэма

Тарих па?

Тағылым ба, тағдыр  ма  бұл?

Естайдың ескерткіші  ән-жырда жүр.

Қорланның ескерткіші мұнартады,

Жасын  мұң. 

Найзағайлы  жаңбыр ма бұл?

 

Ғасырлар өтсін, мейлі, өтсін ай- күн,

Күнтізбем, кеше ме еді, 

бүгін  қай күн?

Аңыз боп  бізге  жеткен  «Қорлан»  әуен,

Кезің  жоқ  шертілмейтін, айтылмайтын.

 

Қазақтың  ең  бір сұлу дастанындай,

Керімсал, сонау  менің  аспанымдай.

Сол  сырды   мен өзімше  баяндайын,

Мәңгі  өлмес, менің  Мұзарт, асқарымдай.

 

Естай  ән, Естай  ақын, назы  бөлек, 

Шырқаса  самалы  мен  сазы бөлек. 

Күн  кешкен  өнер  дейтін  ұлы өлкеде,

Өміршең туындылар   жазып  ерек.

 

Ақкөлдың  ән  тербетіп  баурайынан,

Есті  әуен  үзілмейтін  таңдайынан

Сал-сері  ғұмырының  үзігіндей,

Ертістің  жыр  тулатып  шалғайынан.

 

Таланты оның Тәңірден жаралды ма? 

Текті  әуен  тумысынан нәр алды ма?

Естайдың  бөлек  еді  бар болмысы,

Тағылымы  биік  еді   ар  алдында.

Сүлеймен  бай  баласы  Шошанменен,

Бір күні   жолға шықты Маралдыға.

 

Сапарға  шықты  солай  мейман  болып,

Жанына жақсы-жайсаң  жиған  көрік, 

Естайдай  жолдасың бар,  «мәртебе» деп, 

Құрметпен алыс-жақын  иланды  еріп.

 

Маралды, марғасқа ел,  жайсаң  болмыс,

Алдыңнан кезігердей   бейне  хор қыз. 

Мекені  еді  ол Сұлтан,  бай- бағланның, 

Мекені еді  ол - Қорлан, қайран  сол  қыз.

 

Сол сапар, болды, бәлкім, шын, тағдырлы,

Өлмейтін  саф әуенмен   ән   салдырды.

Сол сапар, ғашық болды  ол  Қорлан  қызға,

Сол  сапар, мәңгі   ескерткіш  жыр  қалдырды. 

 

«Бір  мысқал» ән  боп туды  іңкәрлігі,

Көгінде қалықтады  сұңқар  жыры.

Хұсни  жыр,  «Қорлан» болып  әуеледі, 

Танытып  тағдырына  тұлпарлығын.

 

Көне  алмай,  бақ пен сордың  талабына,

Қыз  да  оның ғашық  болды  қабағына,

Сол күндер, бал-бұл  жанды  махаббаттан,

Бір  сұлу  сыр ұялап  жанарына.

 

Бақ пен сор, жазмышы ма  еншілеген?

Уағдаласып, дәулетті  көршіменен.

Айттырып қойған  еді  қызды ауылы,

Көңіл-ай, қалың малсыз  көншімеген.

 

Қос ғашық  қол ұстасты, сертін берді,

Сезімнің  алау  атқан өртін  көрді. 

Қорлан  қыз  ұсынды  да  алтын  жүзік,

-Естайым, бәрі  өзіңнің  еркің!,- деді.

 

Естай шат,  аттанды да ауылына,

Сүйінші  жеткізбекші  қауымына.

Кәдесін  әзірлемек  қолдан  келсе,

Тағдырдың  төтеп  беріп дауылына

 

Екеудің бұл  уәдесі болды  мәлім,

Аңдыған  қалдырсын ба  сені жауың.

Қыз әкесі  астыртын  сәлем жолдап,

«Алып кет!» деп құдаға, айтты сауын.

 

Бір түнде қалыңдықты аттандырды,

Өксіген  жүрегінде  дақ қалдырды.

Қорлан қыз, қош айта алмай  кете барды,

Арқалап  ақиқатты, батпан  мұңды.

 

 

Есітіп, Қорланынан айрылғанын,

Қанаты қапияда  қайрылғанын.

Ах ұрды  Естай ақын  өкініштен,

Жасырмай   өкінішін, қайғырғанын.

 

Қапыда  қалдың  қалай торға  түсіп?

Қолыма қона алмастан кеттің бе  ұшып?

Ақ тамақ, қарақат көз, Қорланым-ай!

Шашыңнан иіскемедім, толық  құшып.

 

Тағдыр-ай, екеумізді қоса  алмаған,

Тағдыр -ай, жүрегімді қоса  алдаған.

Тәнті боп, қалай  жүрмін, ғұмыр кешіп,

Жазмыш –ай, мені бір сәт  тоса алмаған? 

 

Жат жерде қалай жүрсің, қарағым-ай?

Үлбіреп  сұлу  жүзің, жамалым-ай!

Жат біреу құшады ма аш беліңнен,

Үзіліп кетті  ме екен  сағағың-ай...

 

Естайдың  мұңын  естіп, аңсап  әр күн,

Қыз  Қорлан, жүре  алмады  ашық-жарқын.

Қалыңмалмен  өлшенген  әз-ғұмырдың,

Жеткізді  жан шерімен  ащы  нарқын.

 

-Естайым, сені  ессіз  сүйе алмадым,

Маңдайға  қалай  сенсіз сыяр  бағым?

Саңқылдап  үнің  қалды  құлағымда,

Отыңа  жанып, бірге  күйе  алмадым.

 

Үніңе ғашық  едім, қайталанбас,

Тағдыр -ай, қу басымыз  қайда  бармас?

Өзің кеп  құша  алмайтын  жан-тәнімнің,

Өксігі  сенсіз  сірә,  жай  таба  алмас.

 

-Естай  мұң, Естай  арман, Естай   тұғыр!

Елес  боп қаласың ба, ескі ай, ғұмыр?!

Шарасыз шарқ ұрамын  сағыныштан,

Күн  туса,  қамытты үзіп  тастайтұғын. 

 

Айтылмай  құлағымда   әнің қалды,

Ақкөлде сені сүйген жаным қалды.

Қабағы бұлтқа ұқсаған  ардағым-ай,

Кеудемде  сені  аңсаған жалын  қалды... 

 

Қорланның  сезіп алыс  аңсар мұңын,

Арпалысын  күн түннің,  таңсәрінің.

Естай  ән,  күмбірледі  қос  ішекте,

Талайды  тегеуріні   тамсандырып.

 

Домбыра-ай, қолымдағы қайран серік!

Тағдырды шыр көбелек  айналса  ерік.

Жеткізші,  бар мұңымды  жан –қалқама,

Жат сүйген  қандай күйде  қайран  көрік?

 

Осылай  ғұмыр кешті  алыс- жақын,

Тағдырмен шара  болмай  алысатын.

Тек қана өлең шіркін, әуен , шіркін!

Жүйрікпен  «уақыт» дейтін  жарысатын.

 

Шіркін-ай, шіркін  арман! Ахау  арман!

Дариға,осы ма еді,  дүние  жалған?!

Соншалық ынтық  етіп дидарыңа,

Жүректі  мәңгі  өлмейтін  бейнең қалған!

 

Сүюдің  осы ма әлде  құдіреті?!

Жүректің жаныштадың   жұмыр етін. 

Кеудемнің  көшіп  алып  түкпіріне,

Жадымнан  өшпес  мәңгі  сүгіретің! 

 

Естай  жыр, осылайша  сыр  ақтарып,

Тағдырдың  әр  мезетін сұраққа  алып.

Ақкөл мен  Жайылмадай  шарқ  ұратын,

Естайдың  асуымен  жырақ  барып.

 

Ішінің   от-жалынын  сөндіре алмай.

Шындыққа  өзін, көзін  сендіре  алмай.

Қорланға  енді  қайтып  қосылу  жоқ,

Күрсініп, күн кешетін  көндіге  алмай.

 

Сандуғаш!  Әнім  болшы, үзілмейтін,

Қорланым, көз алдымда  жүзің, кейпің!

Мөлдіреп  қай мекенде  жүр  екенсің?

Жолдарға  қарап қойып,  түзілмейтін.

 

Жолдарға  қарап  қойып, қауышпайтын,

Тірліктің  күйбеңінен  ауыспайтын.

Ұл-қыздың  анасы боп  үлгердің бе?

Сәт сайын  ақылымен  алыстайтын.

 

Білемін, сендік сұлу тағылымды,

Білемін, сенің  әлі  жаның  мұңды.

Мен дағы  әке атандым  мына  жақта,

Тереңге  жайып   өркен- тамырымды.

 

Екеуміз  қос  тағдырды  иеленіп,

Байланды біздің  жолдар, шиеленіп.

Үзе алмас  арқанымды  мойныма  артып,

Тек  қана  елесіңді   сүйеді  ерін. 

 

Тек қана елесіңді  сүйеді  ерін,

Есімде иыққа   бас  сүйегенің. 

Күмілжіп  неге кеттім  сол сапардан,

Сен мендік  тағдыр ма  едің, кие ме едің?

 

Ұмытпай  ұлағатын  өткен  күннің,

Өн  бойдан  шыққан әуен, төккен  жырдың,

Күн кешіп  келесің  сен  еншісінде,

Ай, жылдар  сәулесіндей,  көкте  күннің. 

 

Маржандай бір сезімнің салтын түзіп,

Қолымда өзің  берген  алтын  жүзік, 

Жарқырап саусағыма  әр береді,

Ғұмырдай  сенен қалған жарқын, үзік.

 

Аңсарым-ай, алысым-ай!  «Бір мысқалым»

Сүйінген, сүйікті  еткен  тұңғыш хәлім. 

Сен мендік  сағынышсың  сарқылмайтын,

Сен мендік  алапатсың, түн  құштарым!

 

Махаббат, осылай ма, шын кескінің?

Іңкәрлік сен Тәңірмен үндес  пе едің? 

Жадымда жалт етеді  жанары  әлі,

Жалқы сәт, жарты ай күндер, тілдескенім.

 

Естайдың  мәңгі өлмейтін  әуені  боп,

Сүйген  сәт, сүйінген  мұң  сәлемі  боп.

Ән қалды тарихта аты «Құсни-Қорлан»,

Сезімнің шынайы  өшпес  мәнері  боп. 

 

Осылай  сүйіп  өтті  ол  Қорлан  қызды,

Ажал кеп,  жетпіс  төртте  көр  қазғызды.

Естайдың сүйіп  өткен Қорланы деп,

Махаббат дастанында  сөз қалғызды.

 

Тарих па, тағылым ба,  тағдыр ма бұл?

Жасын ба? Найзағай ма? Жаңбыр ма бұл?

Қорланның ескерткіші мұнартады,

Естайдың ескерткіші  ән-жырда  жүр.

 

Ескерткіш, сендегі сыр тым  сұрапыл,

Елеңдеп  өтті  ме екен, сыршыл  ақын?!

Бір әуен  естіледі   тым   алыстан,

Айтқандай Ертіс-Баян  сыңсып   атын.

 

Ендеше, осы емес пе, сұлу арман?!

Десе де, бәзбіреулер  ғұмыр  жалған.

Арман не, Естай сынды жырға  айналсаң,

Арман не, Қорлан сынды сырға  айналсаң,

Мәңгі  өмір  осы емес пе, тұғыр  болған.

                                                                Ертіс-Баян сапары. Ақкөл күндерінен.                                                   


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар