(Ертегі-әңгіме)
Ақсары бала әдеттегісінен кештеу оянған. Сағат тілі он бірге тақапты. «Күндегідей жетіде тұрып, ертеңгілік шайымды асығыс іше сала мектепке жүгіре жөнелуден құтылдым, - деп ойлады есінеп-құсынап. – Жазғы каникулдың басталғаны кеше. Алда үш ай демалыс бар. Қандай тамаша!..»
Нұржан төсек-орнын жинап, беті-қолдарын суық суға жуып еді, ұйқысы шайдай ашылды. Дене шынықтыру қимылдарын жасап жатқанда бұрыштағы сары телефон сайрап қоя бергені! Анасы екен.
- Ботақаным, оразаңды ашқан соң, келіскеніміздей күнделік-кестеңді қағазға түсір! Каникулда не істейтініңді рет-ретімен жаз, жарай ма?! Компьютерге телміріп отырып алма! Көз жанарыңды құртасың! Түскі асқа келіп қалармын.
Анасының нұсқауын іске асырмаса, миын шұқып қақсай береді. Әкесі ондай емес. Ешқашан дауыс көтеріп, айқайлағаны есінде жоқ. Нені болсын сабырмен, байыппен жеткізеді. Соның өзінде мысы басып тұратын сияқты. Ашуланғандағы әдеті, қабағын қарс жауып алады. Ондайда баланың берекесі қашып, әкесінің тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырысады-ақ...
Әбігер шешесінің мазасыздығы баланы ығыр қылады. Бірақ амал не? Адам туғанда әке-шешесін таңдай алмайды ғой. Әжесінің сөзімен айтар болсақ, ол - Алланың ісі. Бала біткен ата-анасының ақылын сөзсіз орындауы тиіс.
***
Ертеңгілік шайын ішіп болған бала ыдыс-аяқтарды жуып, жинады да, жазғы демалыс айларында не істеу керектігін рет-ретімен жаза бастаған. Негізгілерінің астын сызды, «оқитын кітаптарым» деген тұсқа жетіп, ойланыңқырап қалды. Қандай шығарма таңдайды? Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқысам деп оқталды да, іле қазақ ертегілеріне көңілі ауған. Бұл идеясы ұнағаны сондай, кітап сөрелеріндегі «Қазақ халық әдебиеті». «Ертегілер. Үшінші том» деген жинақты алып, парақтай бастады. «Ағаш ат туралы» ертегінің бас жағына көз жүгіртіп еді, жетелеп барады.
«Баяғы заманда атақты бір патша болыпты. Оның күндей сұлу үш қызы, айдан аппақ бір ұлы болыпты...»
«Тоқтай қал Нұржан. Күндей сұлу дегені жөн, айдан аппақ ұл бола ма?!. Айдан ап-пақ-қ! Айдан ап-пақ-қ! Айдың аппақ болғаны ма?! Олдағы жерге ұқсаған өзге планета ғой. Геогафия пәнінің мұғалімі Қалдыбек ағай солай айтқан! Иә-ә, картадан қарасаңыз, Жер де, Ай да дөңгелек...»
Аякөз қаласындағы қазақ орта мектебінің 7 сынып оқушысы Нұржан өз қатарластарынан озық, оқу үздігі болатын. Физика - математика және әдебиет пәндерін жақсы көреді. Кейде сыныптастарының арасында әлдебір тақырыпқа байланысты талас туғанда, өз көзқарас-пайымын жүйелеп, нақты мысалдармен әңгімелегенде достары ұйып тыңдайтын. Кейде қызды-қыздымен қиял пырағына мініп, аздап әсірелеп, әдемілеп, төндіріп, қиыстырып жіберетін. «Мен неге елден ерек сыншымын осы? Мынау неге былай, анау неге алай деген сауалға миымды қатыра бергенім дұрыс емес шығар әсілі, - деп ойға кетті ол ертегі кітабынан көзін алып. Ертегі болған соң, ертегі де!.. Соңына жетейін...»
« ... Күндердің күнінде патшаға өнерпаз үш жігіт келіпті, оның біреуі қолына тауыс (көркем түкті құс), біреуі мыстан істелген қоңырау, біреуі ағаштан соққан ат ұстап кіріпті ...»
«Қызық... Тауыс, мыстан жасалған қоңырау, ағаш ат. Һім-м! Қазақ тіліндегі осындай ертегілерді оқымаймыз да, таңдай қағамыз. Біздің сыныптағы оқушылардың есі кетіп, көріп жүрген Гарри Поттерден қай жері кем бұл ертегінің?! Ары қарай не болады?!.» – Кітап сөресінің қасында тұрған Нұржан, өз бөлмесіне келіп, столға жайғасты да оқуын жалғастырды.
« - ... Оларға патша:
- Бұл көтеріп жүргендерің немене? – деп сауал қойыпты.
Тауыс ұстаған жігіт:
- Тақсыр, сіз өз қатарыңыздағы патшалардан асқан ұлы патша болдыңыз. Біз сіздің заманыңызда оқып өнер тапқан кісілер едік. Сізге өнерімізбен істеген табысымызды әкеліп отырмыз. Мына менің қолымдағы тауыс жанды сағат. Ол әр сағат сайын шақырып, өткен мезгілді білдіріп отырады».
«Ғажап, - деді бала. – Қоңырау шеттен келген жауды біледі. Қақпаға іліп қойса, қастық оймен қамданған дұшпандарды сезіп қалып, күміс үні сыңғырлап дыбыс шығарады. Мемлекеттің қауіпсіздігі үшін арнайы соғылыпты. Ал ағаш атпен ұшып, діттеген жерге қас-қағым сәтте жетуге болады екен...»
Ағаш аттың кереметін көруге көпшілік қауым жиылды. Әркім атқа мініп, аяқтарын тебініп, тақымдап көрді. Ағаш ат міз бақпады. Орнынан қозғалмады. Патшаның баласы келіп атқа отырғанда, ағаш атты жасаған шебер бір тетікті қозғап жіберді. Ат біртін-біртін көкке көтерілді. Шаһардың сұлбасы бұлдырап, көзден тасаланған шақта, патшаның баласы «бұл мені жойғалы жасалған зат болар» деп қорықты. Ағаш аттың бүйірін сипап жүріп, оң жағынан бір, сол жағынан бір шағын тетік тапты. Оң жағын басқанда жоғары өрлеп, сол жағын қозғағанда төмен түсетінін білді. Сөйтіп ағаш атты игеріп, қалаған жағына ұшты. Жердегілер шаһзаданы қашан қайтып оралар екен деп күтіп қала берді.
« ... Патшаның баласы көкті сайрандап, талай қаланың төбесінен өтті. Бір мезетте көк ағашты, ағын сулы, бау-бақшалы қалаға көзі түсті. «Бұл қандай қала болды екен?.. Қай мемлекетке қарайтын жер екен?» деп ойлады. Қалаға қызыққаннан сонда түспекші болды. Қайда, бұлттың үстінде үш күншілік биікке ұшып жүрген ат жайлап жерге түскенше күн батып, қараңғы болып қалды. Шаһзада атын жайлап әкеліп бір керемет үйдің төбесіне түсірді...»
***
Балаға ертегі ерекше әсер етті. Қым-қиғаш қызықты оқиғалар көз алдына елестеді. Құдды кино көргендей. Кино демекші, бұның кішкентай кезінде, әжесі айықпас ауруға шалдыққан анасына шипа іздеген бала жайлы ертегі айтып еді.
***
Ертеде бір байдың жалғыз баласы болыпты. Ол ақылдылығымен жұрт көзіне ерте түседі. Әкесі ауырып, көп ұзамай көз жұмады. Анасы екеуі қалады. Отағасыдан қалған мұра мол. Үйір-үйір жылқы, қора-қора қойдың санында есеп жоқ. Үлкен сандық толы гауһар мен алтын-күміс.
Баланың қолы ашық, жомарт екен. Кембағал кедей мен жоқ-жітік адамдарға сұрағанын береді. Анасы да ұлының ізгі ниетін түсініп, жақ ашпайды.
Бір күні анасы қатты ауырып, жатып қалады. Бала уайымдап, анасының жазылуына ем іздеп, алыс-жақын жерлерден атақты дәрігерлерді алдырады. Жеті күн дегенде иман жүзді бір кәрия келіп, сырқат ананың тамырын ұстайды.
- Жаман дерт екен, - дейді басын шайқап.
- Не істеуім керек? Шипасы бар ма? – дейді бала қадалып.
- Таба алмайсың бәрібір.
- Анам үшін жаным садаға!
- Ауруды жіберген Алла, шипасын да жіберер!
- Тәуекел!
- Анаңа жаның ашиды екен. Ниетің түзу. – Аз-кем үнсіз отырған кәрия сөз бастады:
- Жазық және аласа таулы жерлерде, арық жағаларында, сайлардың дымқыл жерлерінде өсетін Мұжығын деген шөп болады.
Бұл – тік өсетін, көп жылдық, шөп тектес өсімдік. Биіктігі екі қарыстай. Жапырағы кезектесіп орналасады. Түп жағының жапырағы үлкен, ұзын сағақты, жоғарғы бөлігінің жапырағы кішкене, қысқа сағақты немесе сағақсыздау, кең қандауыр тәрізді, бүтін жиекті немесе болымсыз ара тісті келеді. Шоқ бас гүлі шашагүл шоғырын құрайды. Гүлі сары түсті, ернеуі тіл тәрізді келеді.
Осы шөпті тауып әкелсең, анаң ауруынан жазылады.
***
Бала жолға шығады. Алғашқы ет қызуымен тоқтамастан үш күн, үш түн жүреді. Мезгіл көктем болғанымен жер саз, жол ауыр. Ертеңінде ақшам уақытында арналы үлкен өзенге тап болып, белін жазып демалады. Төңірекке қарап отырса анадай жерде қарайған бір мақұлық тыпырлап жатыр. Бұл не деп тақау келсе, аяқтары аспанға қарап сазға батқан кәдімгі тасбақа! Баланың жаны ашып, жағаға алып шықты.
- Тұншығып өліп барады екенмін! Алғысым шексіз саған! – дейді тасбақа.
- Көріп тұрып құтқармасам, кім болғаным, - дейді бала шынын айтып.
- Осылай тыпырлап жатқаныма біраз болды. Кешеден бері қаншама адам өтті бұл жерден, ешкім назар аударған жоқ.
Тасбақаның көңілі босап, көзіне жас келді.
- Байқамаған шығар.
- Неге байқамасын?! Өзіңдей мейірімді жанмен жолықтырған Алла! Көрер жарығым бар екен.
- Қайда бет түзедің?
- Анам сырқаттанып, ұзақ сапарға шығып едім.
- Бір қажетіңе жарармын. Басыңа бір іс түссе, көзіңді тарс жұмып, мені есіңе ал, - дейді тасбақа.
- Жарайды, - деп бала жүріп кетеді.
Жүріп келеді, жүріп келеді. Бірде қырға, бірде тауға өрмелеген иір-қиыр дала жолы таусылар емес.
Күндердің бір күнінде, екінті ауған мезгілде, ну орманға енер тұста тізе бүгіп, демалып отырады да көзі ілініп кетеді. Құдды өңіндегідей анасымен қауышады түсінде! Жүзі жайнаған анасы жайдары! Үстіндегі киімдері шыттай жаңа! «Балам-ай, шалдығып-шаршадың-ау!.. Бір өтінішім бар! Қашан да жәрдем сұраған тіршілік иелеріне қамқор бол! Қолыңнан келсе жақсылық жаса! Үйткені, мейірім иесін Тәңірі жақсы көреді! Жебеп-желейді!..»
Аққу кейпіндегі анасы қанаттарын қағып-қағып, аспан әлеміне әуелей көтеріліп көрінбей кетті.
Бала оянып кетті. Бойы сергек, тың! Өн бойына қуат кіргендей қунап қалыпты! Жүрмек ниетпен тұра бергенде, шырылдап олай бір – былай бір ұшқан Ана-қарлығашқа көзі түсті. Аса масасыз, абыржулы! «Бұл жай емес» деп бала қарлығаштың соңынан ілесті. Діңі жуан ақ қайыңның түбіне келсе, айыр тілін сумаңдатып, алашұбар жылан сәмбі талдың ұшар басындағы қарлығаштың ұясына жетіп қалыпты. Қолындағы өткір қылышпен тартып қалды. Сол мезетте Ана-қарлығаштың қызыл шақа балапандары ұлардай шулап қоя берді.
- Алғысым шексіз саған, ей адам! – деді Ана-қарлығаш.
- Көріп тұрып құтқармасам кім болғаным, - деді бала.
- Әлгінде ғана салт атпен бір кісі өтті. Онда алашұбар жылан енді-енді өрмелеп бара жатқан. Араша сұрадым шырылдап. Қайырылып қараған да жоқ! – Жанары жасқа толы Ана-қарлығаш мұңын шақты.
- Байқамаған шығар. Сөкпе ешкімді.
- Қайда кетіп барасың?
- Анам қауіпті дертке ұшырап, жолға шығып едім.
- Қажет кезде мені есіңе ал, - деді Ана-қарлығаш қош айтып.
Күн соңынан күн өтті.
Ай соңынан ай өтті.
***
Тоқымдай құрақ көрпесін жерге жайып, азық-түлік салған қоржынын басына жастанып жата қалған. Көзі ілініп кетіпті. Ақ сақалды, ақ сәлделі, қолында ақ таяғы бар кәрия тақау келді:
- Анаңның сырқатына шипа іздегенің сауапты іс! Әмісе Тәңірі жарылқасын! Алған бетіңнен қайтпа! Көп ұзамай табарсың! - деді.
Бала көзін ашты. Апыр-ай, өңі ме, түсі ме? Ақсақал қайда?!.
- Көзіңді жұм!
Кірпіктері қамасып, беймәлім дүниеге енген. Ақ сәлделі ақсақал жымиып нұсқау берді:
- Аса қамқор, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын де!
- Аса қамқор, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын!
Қалықтап бара жатқанын сезді. Қандай ғажап, қандай қызық мына көрініс! Іп-ілезде іркес-тіркес, қабат-қабат сырғи жылжып, жүзіп бара жатқан ақ бұлттардың арасынан табылды. Бұлттар сондай жұп-жұмсақ! Бет-жүзін аялай сыйпайды! Ығысып жол ашады!
- Анасын ардақтаған перзент сендей-ақ болсын!
Қатарласа қалықтап аппақ бұлт еріп келеді.
- Рахмет! – деді бала жымиып.
- Жолың болсын жолаушым! – Аппақ бұлт біраз жерге дейін ұшып келді де, қоштасып қалып қойды.
Ғажап! Ақша бұлттар сонау-сонау төменде; бұл әлі ұшып келеді. Төңірегіне хош иіс шашқан гүлдердің иісін-ай! Сылдыраған кәусар бұлақ дыбысы қандай әуезді! Ұшар басын мұз басқан асқар таулар! Етегі сыңсыған орман! Құйқылжыта ән салған әнші құстар!
Алтынмен апталып, күміспен күптелген үйдің алдына келіп, ішке енді. Тоқымдай құрақ көрпесі кіре беріс бөлмеде қалды.
- Бұл сенің үйің, - деді ақсақал. - Қаласаң тұруыңа болады.
- Неге? –Түсінбей таң-тосын.
- Ол сауалыңа жауапты естірсің. Әзірше арала, көр.
Өзінің жалаң аяқ, жалаң бас екендігін сезді.
- Қорықпа! – деді ақсақал жымиып.
Тәй-тәй басқан сәбидей үркектей қарап алға аттаған. Қызылды-жасылды гүлдерді басуға аяншақтады. Жапырылып, тырбиған бақайларымның іздері қалып қояды-ау деп қорықты.
- Қысылма, жүре бер,- деді кәрия.
Біреу қуып келе жатқандай, алға озған адымдап.
- Артыңа бұрыл енді.
Жапырылып қалады-ау деген гүлдері бұрынғыдан да құлпыра түскен. Таңғажайып мекенді армансыз аралады.
- Шаршасаң, үйге кір, - деді кәрия.
Не деген көп бөлмелер! Бірімен бірі жалғас, салына берген – салына берген. Әр бөлменің қабырғасы, шаңырағы, тіпті босағасына дейін өсімдік. Әдемі сарайдың сыртқы қабырғасы толы жаңғақтар! Аршып, желімдеп қойған сияқты. Үй деп жүргені, кәдімгі киіз үй!
- Ата, жесем бола ма?
- Жей ғой, - деді кәрия.
Оң қолын созып еді, қабырғадағы жаңғақ дәні уысына топылдап толып кетті. Асады армансыз. Қарны сыздағанымен, көзі тоймайды.
- Кекірік атып, тым-тым ашқарақтанған жаман ғадет! – Жаңғақ дәнін аузына апара бергенде, ми қабыршығына ұқсас кішкентай түйір тіл қатты.
Бала қолын тартып алды.
- Ашқарақтықтың екінші аты не екенін білесің бе?
Алақандағы түйірдей дәннің төтесінен қойған сауалынан ұялды бала.
- Нәпсі дейді!
- Нәпсі?!
- Неге таңқаласың?
- Алғаш естіп тұрмын.
- Білмесең, тыңда!
- Айтыңыз.
- Әр нәрсенің орны бар. Ұйқының да, күлкінің де, тамақтың да... Нәпсі жәйлі мағлұмат білгің келсе, мен саған асықпай әңгімелейін.
- Тыңдайын, - деді бала.
Түйірдей дән сөзін сабақтады.
- Адамда екі рух бар. Біреуін рух-и хайуани дейді. Бұл Алла тағаланың құдірет сипатының араласуымен жаратылған. Екіншісі, рух-сұлтани. Ол да Алла тағаланың көркем сипатымен жаратылған. Денеде осы екі патшаның бір-бір уәзірі және адамның рухани басшысы бар.
- Қызық.
- Дене табиғатын осылар арқылы басқарады. Рух хайуанидың ақыл кеңесшісі – шайтан. Ол шайтандармен кеңеседі. Рух сұлтанидің уәзірі ақыл және періште. Ол солармен ақылдасады. Рух-хайуанидің зауқы – ішіп-жеу, киінуге ғана соғады. Яғни, сырттай адамға ләззат беретін не болса, солардың барлығынан күш тауып, рухи сұлтаниды жеңіп отырады. Рух – сұлтанидің қалайтыны – зікір, пікір, ғибадат және Алланың әміріне бағыну, жақсылық жасау, кісілікті болу, отаныңды сүю! Әрі Алланың тыйымдарынан қашу. Рух - сұлтани, міне, осыларды жасау арқылы рухи-хайуаниден басым түседі.
Бұлар денеде билік құрады. Біреуінің сипаты екіншісіне қайшы келгендіктен бір-бірімен үнемі қарсы келіп жатады. Рух-хайуанидің негізі, ерекше күшпен жамандықты әмір етеді. Оны – н ә п с і дейді. Әлгінде, сен қызығып жаңғақ дәнін тойғанша жедің. Қарның сыздаса да, көзің тоймады. Нәпсінің жетегіне ердің.
- Өзім де ұялып тұрмын.
- Бұдан былай нәпсіңді ауыздықта! Сабыр сақта!
- Қолымнан келе ме?
- Келеді, - деді түймедей дән баланың көздеріне тура қарап. – Оған мысал, қиын сапарға анаң үшін жалғыз шығуың үлкен адамгершілік! Үлкен ерлік! Ондай қажырлы адам өз нәпсісін де тежей алады.
- Бұл сөздерің жігерімді шыңдады! - деді бала.
- Әңгімем аяқталған жоқ.
- Жалғастыр, - деді бала.
- Рух – сұлтанидің негізігі сипаты – сәфиә. Оны адамшылықтың сипаты деп те атайды. Мұндай сипатқа ие болған кісі нағыз адам! Бұл - Алла тағаланың жақсы сипаты. Сондықтан осы екі сипат бір-біріне қарама-қарсы, адам ағзасында шайқасып жатады.
Яғни, рух-сұлтани рух-хайуаниді қараусыз қалдырмай, онымен ылғи күресіп отырса, онда қарсыласын өзіне тәуелді етеді. Әрбір бұйрығына бағындырып, илаһи әмірді орындаған болады. Түсіндің бе?!.
- Түсінгендеймін.
- Мынау дөңгеленген дүниедегі алуан түрлі соғыстар, қырқыстар, қиянаттар, қызғаныштар, көре алмаушылықтар тағы басқа толып жатқан тойымсыздықтар, әлгі рух-хайуанидің амал-әрекеттері! Обыр, жалмауыз нәпсіден! Әгәрәки адамзаттың жол бастаушы серігі рух-сұлтани болса, жайлы тіршілік орнайды жер бетінде! Сонау-сонау ықылым заманнан айтылып келе жатқан, ата-бабаларымыз аңсаған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын ө м і р дегеніміз сол!
- Ғажа-ап, - деді бейіс нұрына шомылғандай сезімдегі бала – Ға-жа-ап!
***
- Жә, балам, асқазаныңа ел қонды ма? Жайланды ма көңілің?!
Қарсы алдында кәрия тұр.
- Гүл жайнаған мекенді тамашалап жақсы дем алдым.
- Бәрекелді! – деді кәрия.
- Еліме қайтсам бола ма?
- Тоқымдай құрақ көрпеңді тапсаң рұқсат беремін, таба алмасаң осы жерде қаласың.
- Іздеп көрейін.
Бала бір-біріне ұқсас бөлмелерді ұзақ аралады. Бәрінің іші қызылды-жасылды шөп, түрлі-түрлі өсімдіктер! Басқан ізі байқалмайды. Аралап-аралап келіп, екінші есіктен далаға шықты. Бұл жерде құрма ағаштары жайқала өсіп тұр. Екеуін алды. Біреуі өзіне, екіншісі анасына. Екі-үш құрманы жеп көріп еді, ғажап, орнына құрмалар қайтадан өсіп шыға келді. Баланың басына тамаша ой келді. Бұрылып үйге енді де:
- Аса қамқор, ерекше рахымды Алланың атымен бастаймын!
Көздерін тарс жұмып, қолдарын алға созды: « Табыла көр, мен іздеген құрақ көрпе!» Алға аттап еді, бір бөлменің есігі сырылып ашылды. Көзін ашса, тоқымдай құрақ көрпесі жатыр алдында.
- Ата, ата, таптым!– деді қуанғаннан.
- Қайта ғой еліңе, рұқсат.
Ақ сәлделі ақсақал қолын бұлғап, қоштасу рәсімін жасады.
Бала тоқымдай құрақ көрпеге отыруы мұң екен, көзді ашып-жұмғанша, өзі келіп тоқтаған тау бөктеріне дік ете түсті.
Күн көкжиекке тақапты. Қараңғылық түскенше біраз жерді өндіртіп тастайын деп орнынан тұрды.
***
Бала қалжырап шаршағанына қарамастан көз ұшында көрінген шаһарға жүріп кетті. Аяқтарына тас байлап қойғандай, отыра кетсе тұруы неғайбыл. Діңкелеп шаршаған шақта аз уақыт аял жасады. Көкжиекке таяған шартабақ күнге қолын көлегейлеп ұз-а-а-қ қарады.
О, тоба! Шаһар үйлері шашыраңқы һәм жұпыны! Көшелері қисық, бұралаң! Қала халқы ауа көшкендей, өлі тыныштық үрей шақырады. Батыс жақта арналы өзен ағып жатыр. Су беті қап-қара! Тағы таң қалғаны, арналы өзеннің арғы жағы да қала! Қала болғанда қандай! Аршыған жұмыртқадай ақ шаңқан үйлер! Оқтай түзу көшелер! Аспанмен таласқан биік-биік сәмбі талдар! Көк желекке малынған гүлзарлар!
Осындайда кереғарлық болады екен-ау! Арналы дарияның екі жағындағы екі қала – екі әлем! Бірі, сүреңсіз-сұрқай, екіншісі – жәннатты жасыл баққа оранған! «Өңім емес, түсім шығар!» деп ойлады бала.
Мына қызықты қараңыз! Сәнді қаланың тұрғындары да ажарлы бірөңкей! Иман жүзді, ибалы адамдар жымия күліп, бірі-бірімен есендесіп өтіп жатыр. Не деген ізет-ілтипат! Бергі жағалаудағы шаһарда жан баласы көрінбейді. Іркес-тіркес, қалай болса солай салынған тоқал тамдардың тозығы жетіп, құлауға жақындапты.
Бала орнынан тұрды. Сұрқай шаһардың шетіндегі темір қақпадан ене бергенде бет-жүздері аңға ұқсаған, екі аяқты, мүйізді құбыжық алдын кес-кестеді.
- Қайда барасың?
- Жолаушымын.
Көзін шүберекпен таңып, қолына кісен салып айдап жөнелді. Дәліз бе, қора ма әйтеуір тарс-тұрс, тарс-тұрс ашылған кө-өп есіктерден өткенін біледі.
- Шеш көзін!
Төрдің төбесінде бет әлпеті бұжыр-бұжыр, қос мүйізді өңкиген дәу отыр.
- Мен осы елдің патшасымын!
Бойын үрей биледі. Қорыққанын сездірмеуі керек! Сабырлы кейіпке түсті де:
- Құзырыңызға құлдық тақсыр! – деді барынша салмақтануға тырысып.
- Сөйле!
- Жолаушымын. Төсек тартып жатқан аяулы анама емдік шөп іздеп шыққан едім.
- Жүрек жұтқан жанға ұқсайсың! Өміріңе қауіп төнгенін сезбейсің бе?! Біздің елге келген адам тірі қалмайды тегінде. Жоқ, әлде бәрін біліп, жорта аңқаусып тұрғаннан саумысың?!
- Өтірік айтып өлетін жайым жоқ! Жол сорабы сіздің елге алып келді...
- Жауабың ұтықты! Жөн-жобаны аңғарып тұрсың!.. Жә, еліңде қандай жаңалық. Айта отыр.
- Елдің жаңалығын асықпай айтармын. Бірер сауал қоюға рұқсат па?
- Сұрағын.
- Сіздің шаһарда халық тұра ма?
- Тұрмағанда ше?
- Неге көрінбейді?
- Жұртшылық күндіз ұйықтайды.
- Сонда түнде не істейді?
- Түнде тіршілік басталады.
- Ғажа-ап!
- Оған неге таңқаласың?
- Жұмыс істемей ме, жүріп- тұрмай ма?!
- Біздің елде тіршілік әуені мүлде бөлек! Адамдар күндіз ұйықтап, түнде тіршілік жасайды.
- Түсіндім-м, тақсыр.
- Тағы сауалың бар ма?
- Қала неге көңілсіз. Өзеннің арғы бетіндегі шаһарға қараңызшы! Таң-тамаша қалдым! Онда бәрі-бәрі сұлу, көркем!
- Доғар сөзді! Ақыл айтуға келдің бе?
Қаһарлы патша қолындағы аспабын сылдыр еткізген. Еңгезердей екі әскер жетіп келді.
- Мына пендені зынданға тастаңдар! Өлсін іріп-шіріп!
Аң бейнесіндегі құбыжықтар баланы дедектетіп ұзын дәлізбен жүріп-жүріп келді де, зілмауыр есіктегі қара құлыпты ашып, қараңғы бөлмеге итеріп жіберді.
Қанша жатқаны жадында жоқ. Тас қабырғаға басы соғылған ба, солқылдап барады. Көзін аша бергенде ышқына айқайлап жіберді. Жүзін әжім торлаған, шашы алба-жұлба мыстан кемпір төніп тұр.
- Қорықпа балам! – деді кейуана. Үні жұмсақ. Зәресі ұшып, жүрегі тоқтап қала жаздаған бала көзін ашқанда бет аузы мыж-мыж кемпір сөздерін жалғады.
- Бағы жанбаған бейбақпын. Осынау зынданды тұрақ еткеніме қанша болғанын да білмеймін. Көрер жарығым бар екен! Жүрегім соғып тұрғанмен, тірі аруақпын! Сөйлесерге қара таппай, зарығып жатқанда келгеніңді қарашы! Тас зынданда жолықтырған Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын! Кешегі түсім шуақты күндерден белгі бергендей еді! Бәсе-бәсе-е!
***
Таң алдында басын көтерді. Тыңайып қалғандай. Шекесіндегі ісігі де басылған. Жан-жағына сақтана қарады. Сығырайған шамның жарығы жөнді көрсетпейді. Алаң-құлаң сұлба шалынғандай. Қараңғы бұрышта бір уыстай бүгіліп, қос қолын жайып кемпір отыр. Соңғы сөздерін еміс-еміс құлағы шалған:
- Раббым Алла! Тілегімді қабылдап, бір пендеңді жібергеніңе рахмет! Енді осы баланың тезірек жазылуын нәсіп ет! Екеулеп әрекет жасап, жарық дүниеге шығуымызды жақын ет!
- Әмин! – деді бала жүрегі жарылардай қуанып.
- Сауықтың ба, балам! Беті-қолыңды шай! Әйтеуір суға тапшы емеспіз! Шүкір! Одан соң оразаңды ашып алғын!..
Белі бүгілген кейуана қолындағы барын жұпыны дастарханға қойды. Қатқан қара нан. Суып қалған көже.
Қарны ашқан екен. Бірін қалдырмай соғып алды.
- Өлер-өлмес ауқат қой! Қанағат қарын тойғызады демекші, бұған да көндіктім... Көндікпегенде не істеймін?! Сенің осында келетініңді, көп ұзамай жарық дүниеге шығарымды Тәңірім сездірген! Білдірген!
- Қайтіп?!
- Оның мәнісін түсіне қоймассың.
- Ықтиярыңыз білсін апа! Күпті көңілдің білмегі де мол. Шаһардағы адамдар аңға неғып айналған? Менімен тілдесіп, осы зынданға жіберген патша да құбыжық бейнесінде. Сөзі түзу сияқты, кәдімгі адам тілінде сайрап тұр... Мұндай халге неге ұшыраған? Айтыңызшы білсеңіз? Әлде, мен түс көріп жатырмын ба?!
- Түс емес, өңің балам.
Өрекпіген жүрегін басып, кәрияның әңгімесіне құлақ түрді бала.
- Бұл шаһар Жақұт аталатын мемлекеттің астанасы болатын, - деп бастады хикаясын кейуана. - Үлкен елдің тасы өрге домалап, жылдан-жылға дәулеті тасыды. Қарын қамынан басқаны аңсамаған халықтан береке-бірлік кете бастады. Былайша айтқанда, басқа қонған бақты тепті. Болмашы себепті сылтауратып, той тойлады. Арақ-шарапты суша сімірді. Қулық-сұмдық, мақтаншақтық, кісі ақысын жеу, аярлық асқынды. Жезөкшелік етек алды. Қара халық сондай болған соң, хан да ұзап қайда барсын! Ынсап кетті одан да! Патша сарайының қызметшілерін жағымпаздық, көлгірсу, тәкаппарлық, қызғаныш, қызылды-жасылды дүниеге деген ашкөздік жайлады. Әділетсіз басшылар орынтақтары үшін өзді-өзі қырық пышақ қырқысып жатты. Қысқасы, мейманасы тасып-шалқыған елді тәубесіне келтіру үшін Жаратушы жер сілкінтті. Оған да қыңбады қыңыр ел.
- Сұмдық қой! – Бала жағасын ұстады.
- Ақыр аяғы немен тынды дейсің ғой?!
- Ия.
- Жаратушысын ұмытқан ел оңушы ма еді?! Тәңірінің назасына ұшырап, құбыжыққа айналды!
- Бірде-бір кісі қалмады ма?
- Онда мен он үш жаста едім. Апаттың бәрі Алланың жазасы деп білдім. Сол үшін де, жатсам-тұрсам тілімді кәлимаға келтірдім... Мінәжат еттім Жаратушыға! Адам кейпінде қалғаным, бәлкім содан.
- Хикмет екен.
- Құбыжыққа айналғанын, әуелі патшаның өзі біледі! Айна алдына келіп үңілсе, қос мүйізді біреу бағжиып, бақырайып тұр дейді. Қақ маңдайында кере қарыс мүйіз! Бет-жүзін жүн басқан! Қорқып, қоңыраулатып уәзір-жандайшаптарын шақырмай ма! Уәзірлері де бірөңкей мүйізді құбыжықтар! Тіпті, бұрынғыдан да елгезек! Ылдым-жылдым!
- Дереу қала халқын жиыңдар! – дейді қаһарлы патша дауыс көтеріп.
Сағатқа жетпей хабар жетті:
- Тақсыр, ел-жұрттың төрт көзі түгел! Сарай алдына алаңға жинадық! Сіздің ғазиз жүзіңізді көруге ынтық! Тағатсызданып тұр! – Қос мүйізді бас уәзір иіліп-бүгіліп, жік-жаппар.
Есік алдына шыға бере басы айналып, құлап түсе жаздады патша ағзам. О, тоба! Қақ шекелерінде біздиген-біздиген кере қарыс мүйіздер! Көздері қызарған, жүздері бозарған адамдар бұқа көзденіп, тұра шабатындай; айбат шеге, мүйіздерін сұғып-сұғып алатындай!
- Тарасын... кетсін үйлеріне! – Қалшылдап-дірілдеген патша ұлы денесін әзер игерді.
- Бір ауыз лебіз айтпадыңыз ба? – Бас уәзір қиылып, патшаға тілек етті.
- Жоқ айтарым...
Қаһарлы патшадан қаймыққан уәзірлер қысқа-қысқа бұйрық беріп, халықты қуып жүргенде, өзі жас, өзі сұлу бойжеткенді көрді бас уәзір.
- Япыр-ай! Қайдан келген перизат?!
Аң-таң бас уәзір. Сөзге келместен патшаның алдына жеткізілді жас қыз.
- Кімсің?
- Көріп тұрсыз... екі аяқты пендемін...
- Қала халқының бәрі аңға... мүйізді құбыжыққа айналғанда, сен... сен... қалайша адам бейнесіндесің?!
Қыз қасқая қарап тұр!
- Оның мәнісі Жалғыз Жаратушыға ғана аян!
- Не дейді мына п е н д е?! Қалай-қалай құйқылжиды?!
- Тәңірі ерекше мейірімді болғанымен, қаһары да қатты... СІЗДІҢ ЕЛІҢІЗ ҚАҺАРҒА ҰШЫРАДЫ!
- МЕН ШЕ?!
- Сіз де, сіздің еліңіз де!
Емен есіктен енген жендеттер жетіп келді қыздың қасына.
Патша айқай салды:
- Зынданға апарыңдар, мына албастыны! Қалсын сонда.
***
- Сол қыз, мына мен едім. – деді кейуана. – Содан бері осында жатырмын... Ол енді өткен өмір. Жә, балам, жарық дүниеге шығудың амалын қарастырайық!
- Айтыңызшы апатай! Ана өзеннің ар жағындағы сәнді қаланың адамдары неліктен ажарлы! Көшелері неге түп-түзу! Сұлу шаһарға тамсанып, қарай бергің келеді.
- Оның мәнісі Жаратушы Аллаға сенім және имандылықта жатыр! Өзің айтып отырған елдің халқы қайырымды, кішіпейіл, мәдениетті һәм білімді! Әсілі, иманды елді жау алмайды! Аспаны ашық әманда! Іргесі шайқалмайды, білдің бе?!
- Түсіндім.
- Түсінсең сол! Жә, мына қамақтан құтылатын қандай амал бар?!
Бала жол-жөнекей жолыққан тасбақа мен Ана-қарлығашты есіне түсіруі мұң екен, екеуі де көп ұзамай зынданнан табылды.
- Мін арқама, - деді тасбақа.
Кейуана мен бала кезектесіп зынданнан шықты. Ана-қарлығаш шықылықтап жол бастады. Еш қиындықсыз арналы өзеннен де өтісті. Әсем шаһарға жеткен олардың алдарынан иман жүзді, сәнді киінген екі әскер жасағы шықты. Кейуана мен баланы салтанатты сарайдың қасындағы бір бөлмеге алып келіп, үстеріндегі шоқпыт-шоқпыт, ескі киімдерін шешіндіріп, моншаға түсірді. Жуынып, тазаланған соң жақсылап тамақтандырды. Үш күн алаңсыз демалған кәрия мен бала патша ағзамның сарайына жеткізілді.
Төрдегі тағында отырған патша меймандарын орнынан тұрып, құшақ жая қарсы алды.
- Жағдайларыңды біліп отырмын, - деді патша мейірімін төге сөйлеп. - Әйтсе де өз ауыздарыңнан естиін.
Бала басынан өткен жағдайды баян етті.
Ертеңінде патша жұмсаған адам Мұжығын шөбін алып келді. Тас зынданда кездескен кәрияны бала өзіне өкіл әже етіп қабылдады. Содан соң екеуін патшаның сенімді адамдары еліне жеткізді. Ал баланың анасы дертінен құлан таза айығыпты.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.