Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын тәуелсіз қазақ елінің болашағына бағыт-бағдар беретін аса маңызды құжат деп қабылдадым. Ұлт Көшбасшысы түбі - түркі, мінезі - жылқы, ұлты - қазақ, рухы - азат Ұлы дала ұрпақтарына қанмен берілген тектілік пен намыс атты қасиеттерді сақтай отырып, еңбек пен білімнің арқасында ғана жаңаруға жол ашылатынын нақты қадамдардың бағдарламасын ұсына отырып жеткізген. Елбасы ұлттық болмыс және халықтық мәдениет мәйегімен тыныс алатын ҰЛТТЫҚ КОД мәселесіне ерекше назар аударыпты. Ұлттық код дегеніміздің өзі туған тіл, салт –дәстүр, ел тарихы десек, осы рухани құндылықтарымызды жоғалтпау арқылы ғана өркениетке толыққанды жетуге мүмкіндігіміз бар екендігін айтқан Елбасының ел болашағына алаңдаушылығын да аңғару қиын емес. Мемлекет басшысының айтуынша, ұлттық сананың кемелденуі мен көкжиегін кеңейту үшін қазақи болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту арқылы ұлттық жаңғыруға қол жеткізуге болады. Бұл орайда көш басындағы алдыңғы қатарлы дамыған елдермен тереземіз тең болу жағына талпыну арқылы жаңа дәуірдің озық ойларын бойына сіңіретін ұрпақ тәрбиелеу мәселесіне жан-жақты көңіл бөлінуі қажеттігі де айтылып отыр. Жаңғыру дегеніміз - ұлттық мәдениетті жою емес, керісінше, замана соқпақтарынан сүрінбей өткен халықтың салт – дәстүрін жаңғырудың алғышарттарына айналдыру арқылы тереңнен тартқан тамырымыздан нәр алу екендігіне назар аударған.
Әрине, әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ішіндегі маңыздысы саналы, салауатты ұрпақ тәрбиелеу екендігі белгілі. Мақала осы ел болашағы білімді ұрпақты тәрбиелеу тақырыбына ерекше көңіл бөлінуімен де құнды. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді биік қоятын ұлт қана табыстарға жетеді»,- деген Елбасы тарапынан білім беру саласына жаңа міндеттер жүктелді. Латын әліпбиіне көшу, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», Ұлттық аударма бюросын құру сияқты тапсырмалардың білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде нәтижелі боларынан үміт көп.
Бұл құжатта біздерге, бұқаралық ақпарат құралдарына, жүктелген міндеттер де аз емес. Жаңа ақпараттық жобаларды қолға алу, заманауи Қазақстанды жасап жатқан тұлғаларды қоғамға таныту мақсатында ұсынған «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы құнды бастама дер едім. Біздерге, журналистер қауымына, жаңа заман талабына сай ақпараттық кеңістік қалыптастыру ісі тапсырылды.
«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекерге айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын»,- дегені жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде бүгінгі заман талабынан туындаған ұсыныс дер едім. Әсіресе шетелден жұмақ іздеп кетіп жатқан жастарға ой сала отырып, туған жер, Отан, ата-ана алдындағы парыз бен қарызды жастардың бойына сіңіріп, санасына сілкініс әкелетін қадам деп ойлаймын. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, бүгінгі ұрпағына аман-есен жеткізген атамекенге адалдық идеясы деп қабылдадым.
Осы ретте өзіме ерекше әсер еткен мына бір оқиғаны баяндай кеткім келіп тұр: Семейде туып, бұл күндері астаналық болып кеткен бір құрбым перзентханада туған немересінің кіндігін дәрігерден алдын ала тапсырып жүріп сұрап алып, нәресте дүние есігін ашқаннан кейін «Ұрпағымның кіндігі атажұртына байлаулы болсын, Отанын, туған жерін сүйіп өссін деген ырыммен ата-бабасы, ата-әжесі туған топыраққа көмуге беріп жібердім» дегенін естігенде, сүйсініп тұрып, атажұртқа адал болуды ананың сүтімен, әженің әлдиімен, бесіктің жырымен бойына сіңірген ұрпақтың туған жерінің туын жоғары ұстар адал перзенті боларына күмәнім жоқ деген едім.
Елбасымыз айтып отырған ҰЛТТЫҚ КОДТЫҢ негізі де осы болса керек.
Риза МОЛДАШЕВА,
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.