(ақын шығармашылығын талдау)
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да,
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззәттің бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,
Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.
Бой шымырлап талықсиды жүрегім,
Балқып денем, барам еріп деміңнен, -
деп кете беретін Мағжанның өлеңдерін оқи бастасам-ақ болды көз алдыма жастық шақтың ыстық та суық, ойлы да тойлы, керемет бір кездері елестеп, еске түсіп, жан дүниемді ғажайып бір күйге бөлеп, өзінше тербете жөнеледі...
Жастық шақта алған әсер адамның қиялын өмір бойы тербейді екен.
Мен ақындарды жақсы көремін. Әрине, бәрін бірдей емес. Ақындардың да ақыны бар. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демеп пе еді қазағым! Дұрыс айтқан. Сол жүзден де озып, мыңнан да ерекше дараланып тұратын, көш бойы көзге оттай басылар қазақ әдебиетінде шоқтығы биік бір ақын бар. Ол – Мағжан. Мағжанның ақындығы, Мағжанның лирикасы ерекше. Ол қазақ әдебиетінде өзіндік сара жол салып, өзіндік белестен асқан ақын. Өзіндік соқтықпалы-соқпақсыз жолы бар, өзіндік қолтаңбасы бар, өзіндік аруағы бар Арқалы ақын, Абзал ақын, Ардақты ақын.
Қазақ әдебиетінде Мағжанды Абайдан кейінгі күшті ақынымыз деп айту кейінгі кездерде етек алып жүр. Мүмкін, рас та шығар. Бірақ мен оған бір жағынан келіссем, бір жағынан келіспеймін. Неге? Рас, Абайдың ақындығын иісі қазақ түгел мойындап қойған. Сөзсіз, ол – ұлы ақын! Данышпан. Бірақ, ол – ақылдың ақыны. Көпті көріп көсем, сөйлей-сөйлей шешен болған, шынжыр балақ, шұбар төс ақын. Философ ақын. Ал Мағжанға терең ойлылық, көпті көрген көсемдік Абайша тән болмаса да, ол – нағыз ақын. Ол – ақынның ақыны. Сәбең айтқандай, Абай ақылдың ақыны болса, Мағжан – ақынның ақыны! Мағжандай сөзді игерген ақын, әй қайдам, жоқ та болар? Оның сөздерін, өлеңдерін оқып отырсаң, маңайыңның бәрі өлеңге айналып кеткендей болады. Бәрі де ән салып, өлең оқып тұрғандай...
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Қанымды қайнатты құрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді,
Құлпыра талқан боп сынғыр.
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Өзекті өртеді құрғыр.
Әдейі іргеден жүреді,
Сұлу қыз санада солғыр.
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Жүректі жандырды құрғыр.
Кеудені кернеді жалын,
Сәулем, періштем, тез кір!
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Есімнен аудырды құрғыр.
Лебізіңнен еріп барамын,
Жаным-ай, жақында, қол бер!
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Талдым, қалды сүлдер.
Сыбырға айналды сылдыр,
Сылдыр, сылдыр, сылдыр.
Неткен ғажап! Неткен ғажап суреттеу десеңізші, ә?! Өлеңді асықпай, баппен, әсіресе, «сылдыр» деген сөзге ерекше бір мән, екпін беріп, сәл созып барып оқығанда жаның кіргендей, қаның қызып шыға келетінін қайтерсің! Маңайыңның бәрі сылдырлап, сыр ұрлап, дүниенің бәрі сол «сылдырға» құлақ тосып, елтіп, мас болып, ынтығып кеткендей болады. Мағжанның «сылдыры» тағы да бір рет сылдыр ете қала ма екен деп, періште, сұлу қыз кіріп қала ма екен деп, ерекше бір мазасыз күйге түсесің. Міне, Мағжанның ақындық құдіреті, міне, пайғамбарлық! Міне, сұлулықтың сайтаны!
Қасиетті алты алаштың қасиетті Мағжаны! Қазақтың жаны! Ұлтжанды жүрегің мен жаның үшін, нәзік те ізгі, қайратты да қажырлы махаббатың үшін, яғни өз халқыңа деген махаббатың үшін мың тағзым!
Мағжанның өлеңдерін оқып отырғанда адам өңі ме, түсі ме белгісіз бір қою сағымға кіріп, сағым қуып, іштей мас болады...
...Кір қойныма қыпша белің бұралып,
Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.
Жаным! Жаным! Тезірек тисін төске төс,
Көз жұмулы жиі ыстық дем алып.
Шашың – қара, денең – ақ бұлт, жүзің – ай,
Тісің – меруерт, көзің, сәулем құралай.
Ләззат, рахат, бақыт – бәрі қойнымда,
Сұрамаймын енді жұмақ жақсы жәй.
Немесе:
Ыстық құшақ, отты сүйіс, балды тіл,
Бірдеңе деп күбірледі жібек жел.
Бұл – жастық қой, жасыра гөр, жібегім,
Айтып қойсаң, амал қанша... өзің біл!
Екі жастың махаббат отына өртеніп, шексіз сезімге бөленіп «иә, алла, енді алсаң да арман жоқ» дейтін кезеңі, сол кезеңде айтылатын, еркелейтін - өз емі! Бұл – Мағжанға тән жырлау. Мағжанға ғана тән сезім. Яғни, Мағжан ғана жеткізе алған сезім.
Абай ше? Абай бүй дейді:
Ғашықтық құмарлықпен - ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.
Немесе:
...Қайғың болар шермен тең,
Қара көңілім жермен тең.
Сенсіз маған жат төсек,
Болар бейне көрмен тең...
Көңілің түссе бізге ауып,
Шыныменен қозғалып,
Біз – Қырғауыл, сіз Тұйғын,
Тояттай бер кел де алып.
Тал жібектей оралып,
Гүл шыбықтай бұралып.
Салмағыңнан жаншылып,
Қалсын құмар бір қанып.
Бұл – Абайға тән жырлау. Бұл – Абай махаббаты. Абайға қашан да, тіпті махаббатқа мас болып, бас айналған сәтте де, ақылға жеңдіру, ақылға тоқтау тән. Ал Мағжан болса, ес-түсін білмей кетеді. Ол көзсіз көбелек:
Көрдім де келдім,
Қолымды бердім.
«Сүйем сені сұлу қыз.
Жүрегім жанып,
Сүюім анық, куә болсын көп жұлдыз!»
Дедім де тілден,
Құшақтап белден,
Қысып сүйе бастадым.
Жақындай бердің,
Қойныма кірдің,
«Кет!» демедің, қашпадың.
«Сүйем!» боп сөзің,
Мөлдіреп көзің,
Тақадың сен бетке –бет:
Айрылдың естен,
Күндізгі күштен,
Тиіп ыстық етке ет...
Ұшуға іңкәр,
Тұрар ма тұлпар,
Бір жерде ылғи шаң жұтып?!
Жел едім, ұштым,
Талайды құштым,
Кетіппін сені ұмытып.
Бүгін сен көріп,
Қолыңды беріп,
Қайғыменен қарайсың:
«Сендім мен жазған,
Сүйгенің жалған,
Алдадың!» - деп жылайсың.
Алдағаным жоқ,
Арбағаным жоқ,
Сен сөзіме, сұлу қыз!
Тап сол сағат,
Сүйгенім хақ,
Куә мына көп жұлдыз!
Немесе:
Хор сипатты қарындас,
Оттай сұлу, ыстық жас.
Құшақта да қойыныңды аш,
Бұғақтан бір сүйейін!
Мен көбелек, сен бір шам,
Өзі келген мен құрбан,
Шамға одан не зиян
Сүйейін де күйейін!
Сүйейін де күйейін, сүйем сені, жүрегім, жаным, құшақтап белден, қойныма кірдің, мөлдіреп көзің, айрылдың естен, тиіп ыстық етке-ет т.б. с.с. – Мағжан интимдері. Мағжанға тән құмарлық, Мағжанның көзсіз махаббаты, Мағжанның жүрегі, жаны, міне, осылар!
Қазақ поэзиясы деген поэзияда Мағжан поэзиясы Абай поэзиясымен тең, оның махаббат лирикасы көркемдігі жағынан, тіпті Абайдан да асып түсер, өзімен бәсекелескен қай ақынды болса да қағып түсер поэзия! Поэзия деп, міне, осыны айт! Мағжанға тән сиқыр сөз, көркем пішін, махаббатты жырлағанда ғана емес, табиғатты жырлағанда да өзінің биіктігін сақтап қалады, таң қалдырады. Мысалы: Мағжанның «Толқын» атты өлеңінен үзінді оқиықшы:
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі, толқын өледі, - деп толқынға жан бітіреді.
Біздің көзімізбен қарағандағы толқын бір басқа да, Мағжанның «толқыны» бір басқа. Мағжанның толқыны сылдырлайды, еркелеп, наздана күледі, бірін-бірі қуып, ойнақ салады, тіпті, жан дүниеңді қытықтап та жібереді. Сиқыр сурет! Романтикалық көрініс. Тіпті, Мағжанның поэзиясында көл бетіндегі толқындарға дейін сылқым болып кетеді. Маңайын сылдырлатып жібереді. Мағжанның өлеңдерінде бәрі де өзі сияқты. Сүйеді, күйеді, күйеді де өледі. Жарына бал береді. Береді де өледі. Өледі, өледі...
Неткен сылдырлаған сиқыр сұлулық! Қаталдық?! Әлде заңдылық болар?
Абайша:
Заман – үлкен көл,
Дүние – соққан жел.
Алдыңғы толқын – ағалар,
Кейінгі толқын – інілер,
Көлденең бөлінер,
Баяғыдай көрінер.
Мағжанша: Сұлулық! Абайша: Үлкен философиялық ой! Данышпандық!
Мағжанның махаббат тақырыбына жазған кейбір өлеңдеріне тәтті сезім дейміз бе, әлде еркелік дейміз бе, әлде, бәрін де өзімсіну дейміз бе, әйтеуір бір жасырын күш тән. Және ол күшті міне, мынау деп, дәл атап, қолынан ұстап бере алмайсың. Түйсікпен, сезіммен сезесің.
Жүсіпбек айтқандай: «Мағжан терең ойдың ақыны емес, нәзік сезімнің, тәтті қиялдың ақыны, ол кедейдің ақыны емес, ұлт ақыны».
«Мағжан – алдымен сыршыл ақын. Мағжан сөзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиетін «үлбіреген нәзік әуез қазақтың бұрынғы ақындарында болған емес. Ол жүректің қобызын шерте біледі, оның жүрегінен жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан не жазса да көркем, сырлы, сәнді жазады. Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмайсыз. Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта ма, ұран сала ма бәрінде де ақынның ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы, жанының күйзелуі, көңілінің кірбіңі көрініп тұрады. Қай өлеңін оқысаң да, не ақынмен, не өз жүрегіңмен, не ел жүрегімен сырласқандай боласың. Ақынның өзі көрінбейтін өлеңдерін оқысаңыз да, еріксіз бір сезім туғызады. Әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігерлендіреді».
Иә, Мағжанның ақын не ақын еместігі туралы біз қазір сөз қозғап жатқанымыз жоқ. Оның ақын екендігін ел-жұрт мойындаған. Біз мойындатайық деп те отырғанымыз жоқ. Біз Мағжанның махаббатына қайран қалып, сүйсініп, күрсініп отырмыз. Біз Мағжанның махаббатын жырлап отырмыз.
Мағжанға өз кезінде де, қазір де көптеген ақындар еліктеген. Бұл - әдебиеттегі заңды құбылыс. Кейінгілер бұрынғылардың, замандастарының жақсы жақтарына әрқашан да, әр уақытта да еліктеген. Мағжанға да еліктеген. Көп ақындар еліктеген. Оны өздері мойындамаса да Жүсіпбек айтқандай: «Мойындарына салып беру қиын емес».
Мағжаннан кейінгі қазақ әдебиетінде өзінің ақындығымен, өрен жырларымен Мағжаннан кейінгі белеске шыққан ақын бар. Ол – Мұқағали.
Мағжан мен Мұқағали. Мағжан ХХ – ғасырдың бас кезінде өмір кешіп, жырлап өтсе, Мұқағали поэзиясы ғасырдың ортасына тап келеді. Бірақ, бірақ Мұқағали өз заманына не ертерек, не кешірек келген ақын деп ойлаймын. Оны ешкім де түсінбеді. Сондықтан да болар дүниеден бөлектеніп, жалғыздыққа ұрынып, жабырқауға түскені?! «Біз деген досым, тағдыры қызық халықпыз», - деп тегін айтпаған-ау?!
Иә, Мұқағали аға! Біз де кейінгі кезде өзіңізге ұқсап, көңіліміз көп түсіп, жабырқаулыққа салынамыз ба, қалай? Айналаның бәрі қапырық па, өлі дүние ме, тас қорған ба?... Айтқандай-ақ:
Қапырық бәрі,
Көңілім де менің қапырық.
Емендер анау,
Жапырақтары шашылып,
Қайыңдар әне,
Бөксесін жерге батырып,
Аһ ұрып бәрі,
Аңсайды нөсер шақырып...
Қапырық бәрі:
Аспан да, жер де қапырық,
Ауыр бір тозаң,
Әлемді тұр-ау жапырып.
«Оңаша кетіп,
Айнабұлақта отырып,
Сыра ішсем бе екен,
Жұмекеңдерді шақырып»,- дедің-ау, Мұқа!
Жұмекең де жоқ, Мұқаң да жоқ, біз кімді шақырсақ екен?...
Мұқағали:
«Сен мені білесің бе, білесің бе,
Жаралмаған жан екем күресуге.
Жылай жүріп, өтірік күлесің де,
Жүресің де, қоясың жүресің де.
Бірі итеріп кеудеңнен, бірі шалып,
«Тастағысы келеді күресінге...»
«Тастағысы келеді күресінге...»
Қайран, ХХ ғасырдың қор болған, жазықсыз жапа шегіп, жөнсіз жазаға ұрынған ақындары-ай! Бұған кім кінәлі? Сендер ме? Заман ба?
Мағжан өзін қоршаған ортаға көңілі жарымаған, бәрінен де күдер үзген, уайым-қайғы, мұң-зарға салынған уайымшыл, мұңшыл, заршыл да ақын. Ол оны жырлауға келгенде арқасын кеңге салып, қызыққа, рахатқа, терең сезімге батады. Мысалы:
Жасаған, тез алатын, өлім жоқ па?
Қинама, тез өлейін, ұшыр оққа, - десе,
бір өлеңінде:
Не қылса да, ол өлімнің өз еркі,
Жындандырат мені сұлу нұр көркі.
Құшам, ішем, жынданамын, жылаймын,
Бүгінгі күн - өмір, өлім – менікі!, - деп торығады.
Өзіне өлім шақырады. өмірден безіп кетеді. «Мені де өлім, әлдиле», - дейді. Қажыдым. Күш бітті. Өлім күйі – тәтті күй. Балқиды жаным, бұл күйге. Жас қайың құлапты. Жанында жел жылапты. Балқиды жаным бұл күйге. Майданда ұлан қайтыпты. Жел иманын айтыпты. Бетінен алма қан тамған, Тілінен тәтті бал тамған, Күлкісі меруерт шашылған, Өзі – гүл жаңа ашылған. Дәл он бесте жасы бар, Сұлу көп жас төгіпті. Тұншығып жасқа өліпті. Балқиды жаным бұл күйге! Мені де өлім, әлдиле... Мені де өлім әлдиле...! Мен де тезірек өлейін, Әлі жаспын демейін. Келші өлім, тезірек, Балқиды жаным бұл күйге, Мені де өлім, әлдиле! – деп зарланады, мұңаяды. Мағжанның мұң-зары басталады...
Есіл ақын сонша неге аласұрып, өзіне өлім шақырды екен? Бұған әлде зар заман кінәлі ме? Әйтеуір, қазақ поэзиясында өлім тақырыбына мені де, өлім әлдиле деп, өлімге ұмтылып, мұң-зарға берілген жалғыз-ақ ақын, осы – Мағжан. Адам сүю, күю үшін, азап шегу үшін жаралады екен. Онда мұндай азапты өмірдің керегі не? Бәрі де опасыз. Бәрінің де баратын жері, аяқталатын кезі бар, ол - өлім. Олай болады екен, онда өмір сүрудің не керегі бар? Адам – хайуан, адам – опасыз, адам – жауыз, адам - аң, өмір - мағынасыз, қараңғы, болашақ бұлыңғыр, бұлдыр, сонда не істеу керек? Дүниеде адамдардың бәріне ортақ, ешқашан өзгермейтін бәріне арман, жанға сая, көңілге дауа не бар?- дейді де: Махаббат, сүйіспеншілік, жар, бала, ана бар дейді. Соларды жырлайды. Олар-мәңгілік. Олар өлмейді. Оларды бар заманның ақындары жырлап келеді. Бірақ әзір ешқайсысы да толық жырлап біткен жоқ. Әркім өзінше жырлайды. Бұл бәріне ортақ заң. Мағжан да бұл заңға бағынды. Соның тілін алды, соған ерді. Құлақ кесті құлы болды.
«Адамды адам қылатын, адам мен адамды табыстыратын, жалғыздықтан құтқаратын, жүрекке жылу салатын, көңілге қуаныш, жүрекке сезім құятын – махаббат», - дейді.
«Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар», - деген Абайды жақтаса, бірде:
Махаббат – бір тікенек,
Жүрекке барып қадалар.
Бақытсыз ғой бұл жүрек,
Тамшылап одан қан ағар, - деп махаббат азабынан да хабар бере кетеді.
Бірде:
Келші, көзім, күн бетіңді көрейін,
Сүйші, сәулем, тұншығып мен өлейін.
Жет, жұлдызым жылжып қана жібектей,
Жұлдызды – жүзік, айды – алқа ғып берейін,- деп өзін де, бәрін, бәрін сүйгенінің жолына құрбандыққа шалып жібереді. «Жұлдызды –жүзік, Айды – алқа ғып берейін» дейді. Бұндай мәрттік, мұндай тапқырлық ешқандай да ақында жоқ. О заман да, бұ заман, жұлдызды жүзік қып, айды алқа қып, сүйгенімізге сыйға тартайық деп кім ойлаған? Қай ақынжанды, қай ақын адамның ойына келген?! Дүниеде бұндай да теңеу бар екендігін кім білген? Ал Мағжан біліпті. Мағжан сезіпті.
Болса гүлсіз, бұлбұл үнсіз,
Үнсіз бұлбұл, бір сұр құс.
Үнсіз өмір – сөнген көмір,
Отсыз жүрек – бос қуыс...
Гүл, бұлбұл, өмір, қыз, махаббат, тікенек, у, жүрек, қан, жын, сайтан, сиқыр т.б. - өмір көркі. Гүл болмаса, бұлбұл сайрамайды. Бұлбұл сайрамаса, өмір – сұрқия, қызықсыз. Өмір сұрқия, қызықсыз болса, ақын жырламайды. Ақын жырламаса, жүрек – отсыз, отсыз жүрек – бос қуыс. Міне, Мағжан идеясы, ойы. Мағжан шын махаббат деп, нағыз сүюді, құлай сүюді санайды. Оған дәлел Мағжанның: «Махаббат не?», «Толқын», «Гүлсім ханымға», «Жас сұлуға», «Хор сипатты қарындас», «Сүйгенім анық», «Төгілген шашы», «Сүй, жан сәулем», «Жұлдызды –жүзік, Айды –алқа ғып берейін» және тағы да басқа өлеңдері.
Мағжанды оқи берсең таусылмайды. Әр оқыған сайын оны өзіңше тағы да бір қырынан танисың. Мен өз басым, қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдың бірінші жартысы кезеңіндегі ақындардың ішінде ең мықтысы, ең күштісі, нағыз ақын деп тек Мағжанды ғана танимын.
Мағжан рас, жарты ғасырдан астам уақыт бойы халқынан бөлініп қалды. Бірақ «Өткір пышақ қын түбінде жатпайды» дейді ғой. Міне, жарыққа шыққанына көп бола да қойған жоқ. Осы азғантай уақыттың ішінде ол өзін қалың оқырманға мойындатып та тастады.
Мағжанды басқа ақындар сияқты Революцияны, Октябрьді, Ленинді, Коммунистік партияны, тап күресін жырламады деп те осы күнге дейін оған кінә артатындар бар. Жырламаса ше? Жырлауға міндетті ме еді? Менің бір таң қалатын жәйім: расында да Мағжанның мол дүниесін қалай ақтарсаң да одан осы аталған тақырыптарға байланысты мардымды ештеңе де таба алмайсыз. Бұл деген ғажап нәрсе! Өзі өмір сүрген заман туралы, сол кезеңде болып жатқан оқиғалар туралы ең болмаса бірдеме демей кетуі жұмбақ! Не десек те Мағжанның заманға деген үлкен өкпесінің бар екеніне шек жоқ. Оны Алаш партиясы, Алашорда маңайынан, сол кездердегі болып жатқан оқиғаларға деген оппозициялық көзқарасынан іздеу керек сияқты. Мен 1917 жылы және одан кейіндері де орын алған оқиғаларды айтамын.
Мағжанның амалсыздан, өзін қоршаған күшіктердің шәу-шәу етіп үріп, балағына жабыса бергендіктен солардан құтылу үшін, әрі өз басына қауіп төнген соң, шарасы болмай, тап күресі тақырыбына, сол кездегі үстем идеологияға байланысты жазған бір елеулі шығармасы бар. Ол – соңғы өлеңдерінің бірі «Тоқсанның тобы».
Алдамшы өмір ылғи ғана у береді.
Өмір шіркін шамдай ақырын сөнеді.
Қара қайғы қалыңдады тым бүгін,
Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді...
Өлді үміт, мен де ұзамай өлемін,
Соққы жеген сорлы жүрек біледі», - деуі де тегін емес қой, қайран ақынның.
«Суретті, кестелі, көркем сөз Мағжаннан табылады. Мағжанды ақындық жағынан сөзсіз суретші деуге болады. Суретшілік жағынан Мағжанды Пушкинге теңеуге ауыз барады», - дейді Жүсіпбек Аймауытұлы.
Мағжанның табиғатты ана мен балаға, сүйген жарға теңеп жазғандары да тамаша шыққан. Табиғатқа жан берген. Қуандырады, күйіндіреді, сүйіндіреді, аймалатады, құшақтастырады. Ананы күнге теңейді. Мағжан лирикасына тән ерекше бір белгі бар, ол – қай өлеңінің болсын табиғатпен етене бірлестігі деп алдында айтқан болатынбыз. Қай уақиға, қай сезім сөз болсын табиғатпен жымдасып, қиюласып кеткен. Айыру мүмкін емес. Бұған ақынның дала баласы болғандығы, көшпендінің ұрпағы екендігі де әсер еткен, әрине. Мысалға, «Біраз Фетше» деген өлеңін алайық:
Жібек түн –
Бәрі тың.
Сайраған.
Жайнаған.
Екі жас –
Екі мас:
Жүрек мас,
Көзде жас!
Сүттей Ай,
Терең сай:
Бұлбұл,
Гүл-гүл,
Екі жан,
Ыстық қан,
Жан ессіз,
От сүйіс.
Орман.
Тынған.
Белдер –
Гүлдер
Күбір,
Сыбыр.
Тұман –
Таң, таң!...
Табиғат пен махаббат қалай шебер жымдасып кеткен. Жігін айыру мүмкін емес. Және бұл өлең ақынның қазақ өлеңінің өлшеміне қосқан жаңалығы болып та табылады.
«Ауыз толатын айбынды асқақ сөз Мағжаннан шығады. Оның сөздері жүректі қозғап қана қоймайды, түбімен суырып, мейіріңді қандырады. Еркін балуан қан майданда жарқ еткізіп шалып соққанда «Уа, сабаз-ай!» деп, отырған жұрттың айызы қанбай ма? Кейде Мағжан желдетіп, бір сөзінен бір сөзін асырып, түйдек-түйдегімен тастап кеткенде, сен де (әрине, көркем сөзден ләззат алатын болсаңыз) «уа, сабаз-ай!» дегің келеді», - деп Жүсіпбек ағамыз айтады. Өте дұрыс айтады.
Абайдың Мағжанға әсері. Мағжан мектебі. Мағжанның қазақ ақындарына әсері, Мағжанның махаббат лирикасы, өлім тақырыбы деген және т.б. толып жатқан зерттелмеген мол тақырып бар. Зерттеу керек. Зерттеуші керек.
Мағжандай ақыны бар халық - бақытты халық. Әттең, сұрқия заманның қыспағында, жазықсыздан жазықсыз, жолсыз жазаға дәл бір шығармашылық өрлеу уағында ұшырап кетті. Әйтпегенде, қазақ әдебиетіне әлі де талай інжу-маржандарды қосатыны анық еді.
Кейінгі кездерде ақынның түрмеде, айдауда жүріп жазған дүниелері бар сияқты деген жорамалдар айтылуда. Жорамал шындыққа айналса нұр үстіне нұр болар еді. Сөз жоқ, Мағжанның өрісінің тағы да өсе түскенінің куәсі боларымыз анық.
Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!», - деп зарлаған,
Алыстағы сорлы анамды сағындым, -
деп басталатын ақынның «Сағындым» өлеңі де анасына деген, ағайын-туғанға деген, достарға, Арқадағы айдын көлге деген, үлкен сағынышқа, махабатқа толы, жүрек тербетерлік жыр. Тағдырдың жазуы ма, әлде... өзі де сезді ме екен, Мағжан өлеңдеріндегі Мағжанның туған елге деген сағынышы, бір көрсем деген ынтықтығы әлі күнге басылған жоқ. Сорлы ақын, өзінің шетте, ел-жұрттан жырақта, сұраусыз, жоқтаусыз қалатынын сезді ме екен? Ақын көңілі сезімтал ғой, солай деп жазыпты да, солай деп жазғаны әлі күнге шейін шығармаларынан сезіліп, көзімізге оттай басылып тұрады.
Мағжан: «Мені қашан бұл абақтыдан құтқарасыңдар? Қашан туған жерге алып келіп, қасиетті даламның топырағын бір иіскетесіңдер, қашан, қашан?» деп, өзіне тән отты жырларымен, сұлу да сиқыр сөздерімен, түйдек-түйдек жыр жолдарымен есімізге қайта-қайта салып тұрғандай бола ма, қалай өзі?!...
Материалды көшіріп жариялау үшін
редакцияның
немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме
берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас
құқықтар
туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның
көзқарасын білдірмейді.