Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Тынымбай Нұрмағанбетовтiң “Перiштелер өлiмi” роман...

03.08.2016 10597

Тынымбай Нұрмағанбетовтiң “Перiштелер өлiмi” роман-хикаяттары жарық көрдi

Тынымбай Нұрмағанбетовтiң “Перiштелер өлiмi” роман-хикаяттары жарық көрдi - adebiportal.kz


perishteler_olimi.jpg



“Өлке” баспасынан “ХХI ға­сыр шығармалары” сериясымен көрнектi жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтiң “Перiштелер өлiмi” роман-хикаяттары жарық көрдi. Баспа мен қаламгердiң өзара келiсiмшарты бойынша жарық көрiп отырған бұл жаңа роман – талантты автордың ғана емес, соңғы жиырма бес жыл көлемiнде қазақ әдебиетiне келген елеулi құбылыс.


Бұған дейiн де ауыл өмiрiн өзiнiң шығармаларына арқау етiп келген Тынымбай Нұрмағанбетов мына жаңа роман-хикаяттарында бүгiнгi ауыл өмiрiне, қарапа­йым адамдарына суреткерлiк көзбен жаңаша қарай бiлген.

Оқырман бүгiнгi заман шындығындағы қарапайым адамның жантүршiгерлiк ауыр тағдырын көрсетумен бiрге, сол талайлы кейiпкерлердiң өмiрге құштарлығына, болашаққа балалық пәк көңiлмен риясыз сенетiндiгiне тәнтi болады. Автор шығармасында өмiрдiң боямасыз, ауыр кезеңiн шынайы суреттей келе, өзiнiң жеңiл жiбек юморы арқылы қалай десек те, өмiр өз ағысымен аға беретiнiн оқырманына әдемi жеткiзедi.

“Жыланның уы” деген 1-хикаятта елден алыста, жырақта жүрiп, туған-туыстарын өлердей сағынғанда, оларға жақсылықты үйiп-төгiп жасағысы келетiн кейiпкер Шертайдың аппақ арманы, шиеттей баласымен ауылда қалып, табыс табу қамымен кеткен күйеуiне деген Шырай сияқты қарапайым әйелдiң пәк сезiмi арқылы, жазушы шығарманың өн бойына тек ауыл ғана сақтап қалған адал да аңғал қазақ мiнезiн өредi.

Романда бәрiмiздi үрейлен­дiрiп, қорқытатын қазiргi заман кейiпкерi бар. Ол ештеңеге селт етпейдi, ешкiмдi аяп, мүсiрке­мейдi. Алайда алдына қойған алып мақсаты бар. Ол – жылан уын сату арқылы баю. Ал уды өндiрiп сату үшiн, қарапайым адамдарды құрбандыққа шалу қажет. Оқырман романда осы қара жүрек адам туралы оқи отырып, өз-өзiнен үрейленедi, шошиды. Бiрақ жұмбақ адамды танып-түсiну үшiн еш ықыластанбайды.

Ал “Сәмбiталдың мұңы” деген 2-хикаяттағы Алдияр ақсақалдың өмiр бойы жан дүниесiнде мәпелеп ұстаған ары мен ұятының осы заманның адамы –жиенi Жеткергеннiң (Женя) табанының астына тапталғанына шыдамай суға кетуiндегi астарлы ой, ешкiмдi жайбарақат қалдырмаса керек.
Бiр қарағанда бұл екi шығарманың сюжетi де, кейiпкерлерi де басқа. Бiрақ екеуiн жiпсiз байлап тұрған бiр құдiрет бар. Ол – бүгiнгi қазақ халқының тағдыры. Автор осы iргелi проблеманы суреткерлiкпен, аса терең шеберлiкпен бере бiлген.

Шығарма бiр демде оқылады. Өйткенi оқиғасы тартымды, тiлi шұрайлы.

Сонымен бiрге бұл жинаққа әр жылдарда, баспасөзде жария­ланып, оқырмандарынан лайықты бағасын алған “Тотықұс”, “Маскүнемнiң мал қорасы”, “Өлген жездесiмен әзiлдескен шал” деген әңгiмелер де енiп отыр.

Көркем шығармаға, соның iшiнде бүгiнгi күннiң тақырыбына арналған көркем шығармаларға сусап отырған көзiқарақты оқырманнан “Перiштелер өлiмi” деген роман-хикаяттардың дүние­ге келуiне орай сүйiншi сұрауға әбден болады.

Кiтаптың тұсаукесерi қыркү­йек айында Ұлттық кiтапханада өтедi. Жинақты “Өлке” баспасынан сатып алуларыңызға болады.


“Өлке” баспасынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар