Зуқа батырдың 150 жылдығына
Жаны бөлек,
Қаны бөлек Түркінің,
Жамамақ боп жаудан қалған жыртығын.
Алтай тауда жорттың ұзақ ақ түнде,
Ай түбінде бір айқаспай кірпігің.
Талай қыран ту түбінен ұшты ағат,
Қазақ рухын өр болмай кім ұстамақ?
Тоят алдың келген жаудың төсінен,
Жәнібектен қалған жұртқа сұқ қадап.
Дәлелдеген көкжалдығын таласта,
Қайсар ер ең,
Қайраты асқан,
Бағы асқан...
Жүрегіңе батып елдің шемені,
Қара қостан көз сап тұрдың Алашқа.
Аңдысқанға етек-жеңін аштырмай,
Айғыр мініп, ата жауын састырмай.
Сен сияқты өлу арман жігітке,
Қасиетті жерін жатқа бастырмай.
Бір көзі жоқ соқыр атан пішінде,
Тарих бұл –
У қайнаған ішінде,
Қаның жұққан Қаракөпір* үстінен,
Алаш көшін көріп қалам түсімде.
Алтай үшін алақанын қандаған,
Қандай қайсар, көкжал едің ер бабам!
Сен батыр боп қорғап кеткен Алтайдың
Ақын болып қалған отын мен жағам!
Көк пен жердің арасында өйткені,
Аманат боп сенен қалды Ел маған,
Аманат боп сенен қалды Жер маған!
Оңашада жалап жазып жарасын,
Аспан жаққа бой түзеді Алашым!
Көпірлер мен шекараларға шектелмей,
Көш өтуде жалғап таулар арасын.
Кесір күннің көрін терең қазғамын,
Кекке қайрап өткенімді жазғамын.
Ұшып шығып, Қаракөпір үстінен,
Қоныс қарап жүрген болар Әз жаның!
Әбжіл уақыт маңдайға сор құйғасын,
Аңыраған Алтай қалды,
Қимасым...
Атан қомдап,
ұстайды ұлым бір күні,
Сол көпірден өткен көштің бұйдасын...
Қаракөпір* – Зуқа батырды өлтірген соң қытайлар Зуқаның басын Алтай қаласындағы Қаракөпірге ілген.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.