Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұлт ақыны Ұлықбектің кеші өтті...

14.05.2016 5022

Ұлт ақыны Ұлықбектің кеші өтті

Ұлт ақыны Ұлықбектің кеші өтті - adebiportal.kz


Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының «Әдеби мейманжайында» белгілі ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулетпен «Киіз кітаптың киесі» атты кездесу кеші болып өтті.




Кешке ақынның қаламдас аға-інілері, әпке-қарындастары, атап айтар болсақ Тұрсын Жұртбай, Секен Тұрысбеков, Жолтай Әлмашұлы, Нұртөре Жүсіп, Шерубай Құрманбайұлы, Жанат Әскербекқызы, Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек Дәлейұлы, Қалқаман Сарин және басқа да ақын-жазушылар қатысты.




Кеш жүргізушісі белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы Ұлықбектің қазақ әдебиетіне қосқан үлесін айта келіп, ақынның жалпы шығармашылығына тоқталды.


«Киіз кітап» деген тамаша жыр жинағымен оқырман жүрегінен орын алған Ұлықбек ақын қазақ руханиятының қараша үйіне қаршадай бала боп кіріп, бүгінде, міне, қара шаңырақтың төрінде отыратын ақсақалымызға айналды», - деп атап өтті ол.


KZR_1587.JPG


Осыдан кейін сөз алған Ұлықбек ақын шараны ұйымдастырып отырған Ұлттық академиялық кітапханаға, жалпы көрерменге алғысын айта келіп, әдебиет туралы ойларымен бөлісті.


«Жалпы, әдебиет пен әдеп деген сөздің төркіні бір. Өйткені әдебиет бар жерде әдеп те болады. Халықтың, жұрттың, ұрпақтың тәрбиешісі – кітап. Соңғы жылдары осы кітапхана ақын-жазушылардың әдеби кештерін тұрақты түрде ұйымдастырып келе жатыр. Мұның өзі кітап ордасының әдебиетке деген қамқорлығы деп білеміз», - деді ақын.


Кезекті сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай ақынның ең алғашқы өлеңінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі шығармашылығына көз жүгіртіп, ақынның өмірінен бір үзік сыр шертті.


турсын.jpg


«Мен Ұлықбекті ақын ретінде шамамен 66-67 жылдары таныдым. Ол кезде "Лениншіл жаста" «Оқушылар творчествосынан» деген айдар бар болатын. Бір күні сол айдардан Ұлықбектің «Кеш» деген өлеңін оқып, қатты разы болдым. Содан бері 50 жылдай өтсе де, сол өлең көкейімде әлі де сайрап тұр. Бұл сол кезде 8-9 кластың баласы болу керек, ақындық аты содан бастап шықты. Іле шала Ұлықбектің баянды өте жақсы ойнайтын Бақыт деген ағасы дүние салды. Сол ағасын жоқтап жазған өлеңі де «Лениншіл жасқа» шықты. Сол өлеңдегі мұң мен зар, өлім туралы толғам екінің бірі жаза бермейтін қуаты күшті өлең еді. Тіпті кітаптары шыққан белгілі ақындардың өзі ол кезде өлім туралы соншалықты мықты өлең жазбаған болатын. Міне, осындай өлеңдер арқылы Ұлықбектің ұлы жолы басталған еді», - деп еске алды Тұрсын Жұртбай.


Осыдан кейін қазаққа аты мәлім күйші, сазгер Секен Тұрысбеков сахнаға шығып, жақында ғана Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазған өз әнін орындап беріп, «жігітке жетпіс өнер де аз» деген нақылды дәлелдеп, көрермендерді таң-тамаша қалдырды. Соңын ала он саусағынан күй төгілген өнер иесі күмбірлете күй төгіп, өнердегі, өмірдегі жан жолдасы Ұлықбек ақынға деген сыйластығын білдірді.




Қаламгердің қатарласы, белгілі жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлы да сахнаға шығып, көрерменге Ұлықбек ақын туралы әсерлі әңгімелер айтып берді.


«Өлең деген өте асау өнер ғой. Оған екінің бірі иелік ете бермейді. Ұлықбектің «Қыздардың махаббатын түсіну үшін қыз болып туу керек» деген өлең жолдары бар, сол сияқты өлеңді жазу үшін де ақын болып туылу керек деп ойлаймын. Сондықтан Ұлықбекті шын мәнінде қазақтың маңдайына біткен ақыны деп қабылдауға тиіспіз», - деп атап өтті жазушы.




Кеш барысында басқа да қызықты әңгімелер айтылып, кеш иесіне сұрақтар қойылды. Оларға тұщымды жауаптар да алынды. Арасында ақын өз өлеңдерін оқып, кейбір өлеңдерінің шығу тарихына тоқталып, тыңдарманға тамаша әсер сыйлай білді. Сондай-ақ, жуырда «Қарғалдақ» деген жаңа жыр жинағының шығатынымен де сүйіншілей өтті.


Жас ақындар бірінен соң бірі сахнаға шығып, ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқып, соңын ала өздерінің жырларын жолдап, әншілер ақынның сөздеріне жазылған әндерді тарту етті. 


Әбу-Асқар Мекешұлы




күй.jpg


акындар.jpg


акын.jpg


есдаулет.jpg


кеш.jpg


кешш.jpg


кмтап.jpg


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар