Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ұлттық музейде «Түркістан жауһарлары» көрмесі ашыл...

29.08.2018 6565

Ұлттық музейде «Түркістан жауһарлары» көрмесі ашылды

Ұлттық музейде «Түркістан жауһарлары» көрмесі ашылды - adebiportal.kz

Бүгін Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойына орай ҚР Ұлттық музейінде «Түркістан жауһарлары» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

«Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын негізге ала отырып, еліміздің Астана, Тараз және Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Бурса қалаларында көшпелі көрме өткізді. Аталған көрме 3 бөлімге топтастырылған.

Көрменің бірінші бөлімі Түркістан атырабында орналасқан тарихи қалалар жайында болды. Орталық Азияның батыс бөлігінде қатар аққан Әму мен Сыр бойында талай өркениет ошақтары қалыптасып, адамдар қарапайым шаруашылықтан дамыған мал шаруашылығы мен отырықшылық мәдениеттердің оазистерін дүниеге келтірді. Тарихта Силис, Канг, Яксарт, Сейхун, Сыр деген атаулармен белгілі ұлы өзеннің бойында да ежелгі және орта ғасырларда бір мезгілде Қауыншы, Отырар-Қаратау және Жетіасар атты отырықшы-қалалық мәдениеттің үш ошағын қалыптастырды. Қалалар мен қоныстардың көптігі сонша, бұл өлкеге ортағасырлық авторлар «қалалар елі» деген айдар тақты, аңызға айналдырды. Сондай Сыр суының бел ортасы мен қасиетті Қаратаудың арасына жайғасқан Түркістан Оазисіндегі көне және жаңа қалалардың тығыз орналасқандығы ел аузында «Саураннан шыққан мысық Сайрамға дейін дуалдың үстімен жорғалап барады» деген мәтелдің тууына негіз болды.

Қазақстанның ортағасырлық тарихында, оның ішінде Қазақ хандығының мемлекеті болып қалыптасуы және дамуы барысында ерекше орын алатын тарихи-географиялық аймақтар бар. Сол аймақтың біріне Сырдың орта ағысы бойында орналасқан және ХІІІ-ХVІ ғасырлардағы шығыс жазба деректерінің мәліметтері бойынша белгілі болған Түркістан өңірі жатады.

Түркістан – түркі дүниесінің ежелден келе жатқан рухани, мәдени орталығы. Аталмыш бөлімде Шауғар-Шөйтөбе, Қаратөбе-Сауран, Ясы-Күлтөбе, Ескі Түркістан және Хан ордасына жүргізілген археологиялық қазбадан табылған қола дәуір ескерткіштері, ортағасырда кең етек жайған керамикадан құйылған құман-құмыра, ыдыстар, нумизматикалық материалдар қамтылады.

Көрменің екінші бөлімінде әулиелердің Сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналды. Түркі халықтарының құрметпен тағзым етер алтын бесігі, қасиет пен кие дарыған мекені. Орта Азияға алғаш «ислам аша келген» Ысқақ бап, Әбдіжәлил бап, Әбдірейім баптардың Түркістан төңірегінде тоғысқаны тегін болмаса керек. Мұның барлығы Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-нама» қолжазбасында егжей-тегжейлі баяндалған. Бұл өңірдің ұлылығы мен қасиеттілігін дәріптеуге арналған басқа да көптеген қайнаркөздер жетерлік.

Бұл бөлімде Қожа Ахмет Ясауидің артында қалған баға жетпес мұралары «Диуани хикмет», «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Бустан ул-михиббин», «Насабнама» шежіресі, Әмір Темірдің пәрменімен салынып, басынан талай сын сағаттарды өткерген, күмбезі көкпен таласқан, исі түркі жұртының бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ондағы ХІV ғасырдан жеткен түпнұсқа кірпіштері, аспалы, айдаһар басты шырағдандары, Тайқазан, Лауһа, Қақпа есігінің көшірмелері экспозициядан орын алады.

Көрменің үшінші бөлімі Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар жайында болды.

Түркістан қаласы ХVІ ғасырдан бастап Есім ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы болып жарияланды. Онда қазақтың Жәңгір, Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Абылай секілді атақты хандары билік құрды. Алаштың игі жақсылары ұрпақтарына Түркістанға өздерін жерлеуді аманат етті. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қасиетті Түркістан жеріне келген сайын ерекше тебіренемін. Мұнда исі қазақтың елдігі мен ертеңін ойлап, тебінгісінен тер төгіп жүріп өмір кешкен хан да, би де, батыр мен бағлан да мәңгіге тыныстап жатыр. Олардың өшпес рухы, халық үшін атқарған қайрат-жігерге толы қызметінің қасиеті әрбірімізді жебеп-желегей дегім келеді» – деп Түркістанның қазақ тарихында алар орнын айшықтап берді.

Киелі шаһарда қазақтың атақты Жәңгір, Тәуке, Болат, Тұрсын, Сәмеке, Қайып, Сейіт, Сығай, Барақ, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Тоғай, Бөкей, Әликен сынды хандары билік құрды. Осы кезеңде алаштың игі жақсылары ұрпақтарына Түркістанға өздерін жерлеуді аманат етті. Сол кезеңнен бастап Түркістан исі қазақтың ұлттық пантеонына айналды. Аталмыш бөлімде Түркістанда жерленген Есім, Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай, Әбілфейіз, Барақ, Бөкей хандардың күміс жүзік бетіне түскен мөрлері, хандарға қатысты Ресей, Қытай мұрағаттарынан табылған құжаттар мен хаттардың көшірмелері (муляждары), сондай-ақ, Хан Ордасынан археологиялық қазба кезінде табылған қыш табақтар, құмыралар, қылыш, қанжар жәдігерлері экспозицияда көрініс тапқан.

Қорында 25 мыңға жуық жәдігері бар еліміздегі іргелі қорық-музейдің Елорда төрінде көрмені өткізудегі мақсаты – Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи жәдігерлерді насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.

Көрме 2018 жылдың 29 тамызынан 01 қазанына дейін жалғасады.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар