Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде еліміздің танымал дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері мен күйшілерін тоғыстыратын «Ұлы дала сазы» атты жаңа жобаның таныстырылымы өтті. Аталған жоба алдағы жексенбіден бастап «Qazaqstan» ұлттық телеарнасында экранға шығады.
Жаңа жобаның мақсаты – атадан балаға мұра болған дәстүрлі ән, жыр-термелер мен күйлерді одан әрі дамытып, өскелең ұрпаққа жеткізу. 17 концерттен тұратын жаңа музыкалық жоба ұлттық арна эфирінен 13 қаңтардан бастап апта сайын сағат 21:05-де көрсетіледі. Ұзақтығы – 1 сағат. Дәстүрлі өнер шарасы үстіміздегі жылдың тамыз айына дейін тұрақты жүргізіледі.
«Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлттық құндылықтарды заманауи тұрғыда дәріптеу мәселесі көтерілді. Біздің мақсатымыз – Елбасы мақаласындағы көтерілген идеяларды жүзеге асыру. Осы тұрғыда ұлттық арна төл өнерді жаңаша насихаттау мақсатында телевизиялық жоба жасады. Ұлттық арна бұған бөлек бірнеше жобаны жүзеге асырып келеді. Ал бұл жобаның мақсаты – дәстүрлі музыканы ұлықтаумен қатар, осы салада жүрген өнерпаздардың басын қосу. Концертте бүгінде ұмыт болған халық әндері мен қазақ композиторларының шығармалары орындалады», – деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрағасы Ерлан Қарин. Сонымен қатар, жобада орындалған шығармалардың барлығы ұлттық арнаның алтын қорына енетінін де атап өтті.
Ал дәстүрлі әнші Елан Рысқали болса: «Дәстүрлі ән-күйімізді адамзаттық брендке айналдыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Осы тұста бірігіп жұмыс істесек, өнерпаздар ән-күйді өз биігінен түсірмей орындап беруге әзір. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да осындай тың дүниелерге бастама болып отыр», - деген ойын білдірді.
«Ұлы дала сазы» жобасының түсірілімі өткен жылдың қараша айында басталып, онда 177 шығарма орындалды. Өнер шарасына барлығы 91 өнерпаз, оның ішінде 16 термеші, 34 күйші, 39 әнші және 2 жыршы қатысты.
Сондай-ақ, жобаға Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Қажыбек Бекбосынов, Біләл Ысқақов және тағы басқа елімізге танымал дәстүрлі өнер майталмандары қатысады.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.