Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Ұлықбек Есдәулет. Баламінез Дəуітəлі...

27.12.2018 6226

Ұлықбек Есдәулет. Баламінез Дəуітəлі

Ұлықбек Есдәулет. Баламінез Дəуітəлі - adebiportal.kz

Сəуегейлік

1972 жылдың күзі. ҚазМУ-дің алғашқы курсында оқу басталар-басталмас тұста үлкен поэзия кеші өтті. Ат шаптырым аудитория аузы-мұрнынан шығып, бөшкедегі балықтай сықасып, сығылысып отырмыз. Найзағайлы жаздай жарқылдап Жарасқан, іңкəр дүниедей Кеңшілік, қазақы Пушкиндей Шөмішбай, нартайлақтай найқалған Несіпбек, «қарагөздетіп-паровоздатып» көзі көкшиген Көпен, қалаға келе ауылын аңсаған Танабай, «елигайлатқан» ерке мақам-ды Ғабиден... бірінен кейін бірі күркіретіп өлең оқып жатыр. Бəрін де айтқызбай-ақ танып отырмын, кейбірінің кітаптарын, кейбірінің газет-журналдардан жырларын оқып, суреттерін көргенмін. Жүйке-жүйені жыр биледі. Біресе құлаққа ұрған танадай тыныштық. Біресе дүркіреген шапалақ. Маған бəрі таңсық. Кешті жүргізуші – əр сөзін мəнерлеп, мақамын қайыстай соза сөйлейтін көзəйнекті дөкей – университеттің М. Əуезов атындағы əдебиет үйірмесінің жетекшісі, доцент Сұлтанғали Садырбаев болып шықты.

– Келесі өлең оқитын Дəуітəлі Стамбеков! – деп хабарлады ол дауысын соза əндетіп. Əлдекімге еліктеуі ме, өз дағдысы ма, бірден білу қайда?

Мінбеге ұршықша үйірілген икемді қимылмен орта бойлы, қараторы жүзді, қиықша мұрты бар, екі көзі дөңгеленген əдемі жігіт шықты. Оны бұрын түрін көрмесем де бірден тани кеттім.

– Жақында мен «Жазушы» баспасының поэзия редакциясына барып едім – есігі тарс жабық екен. Əнеки, алдымдағы поэзияның есігі жабық! – деп ширақ бастады ол. – Тұтқасын ары тарттым, бері тарттым – ашылмайды. Мылқау есікті дүңкілдетіп ары қақтым, бері қақтым – ешкім ашпайды. Поэзияға мені ешкім кіргізер емес. Жолатқысы да келмейтін болуы керек. Содан, босқа келдім бе деп, сырттан темір лом əкеліп, поэзияның есігін бұзып кірсем – ішінде малдасын құрып Қадыр Мырзалиев отыр екен! – деп бір орағытты. Жұрт ду күліп, шапалақ ұрып жіберді. Сөзіне таңырқап қалдым. Дәукең ары қарай кетті:

– Менің байқауымша, бүгінгі поэзия екі түрлі бағытпен дамып келеді, бірі – азаматтық лирика, екіншісі – нəзік лирика. Азаматтық лириканың негізін салған – Маяковский, нəзік лириканың бастауы – Есенин. Біз осы екі жолдың қайсысын таңдауымыз керек? Меніңше, егер алда-жалда осы Совет өкіметі құлай қалса – Маяковский қоса құлайды. Осы қоғаммен бірге күні бітеді. Сондықтан оның жолы – уақытша. Ал Есениннің поэзиясы – мəңгілік. Өйткені қоғам өлгенмен табиғат өлмейді, махаббат өлмейді. Оны жырлаған поэзия да ешқашан өлмек емес. Мен осы бағытты таңдадым, – деп сілтеп барып, өлеңін оқып кетті. Жұрт сілтідей тынды. Оның қандай өлең оқығаны есімде жоқ, қаперіме кірмеген де болуы мүмкін, құлағымда «Егер алда-жалда Совет өкіметі құлай қалса...» деген сөзі саңқылдап тұрып қалды. Əйтеуiр, бұған дейін төрде падишадай болып отырған кешті жүргізуші Садырбаевтың салиқалы жүзінің кенеттен əлем-тапырық бұзылып кеткені анық көз алдымда. Ол Дəуітəліні тоқтатып үлгермек түгілі, естіген сөзінен есін жия алмай, есеңгіреп қалған болуы керек.

Дәуітәлі Стамбеков, Ұлықбек Есдәулет

«...Егер алда-жалда осы Совет өкіметі құлай қалса»... Оғаштық па? Барып-тұрған оғаштық! Өйткені бұл 1972 жыл болатын! Кеңес өкіметінің нағыз дəуірлеп тұрған шағы! КГБ мен цензураның қылышынан əлі қаны тамып тұрған тұсы! Біздің сəби-бала кезімізде, алпысыншы жылдардың ортасында ұстаздарымыз: «Сексенінші жылдары коммунизмге жетеміз», – деп миымызға құйып, сендіретұғын. «Коммунизм» дегеннің не екенін біз қайдан білейік? Бірде сол сұрағыма үлкендердің біреуі: «Коммунизм дегеніміз – рахатизм», – деп жауап берген. Тағы бірде «Балдырған» журналында өзіміз қатарлы бүлдіршіндердің суреттерін бірнеше бетке қаптата беріп, төбесіне: «Бұлар коммунизм тұсында өмір сүреді!» деп жазғанын оқығанда қатты қызыққанмын. Сол арман-коммунизмге мен емес, сол суреттері шыққан балалар ғана баратындай көрініп, үлкен тойдан қағылып, рахаттан құр қалғандай өкінішті əсерде көп жүргенім есімде. Сондай тəтті елес, қиялмен өскен санама Дəуітəлінің мына сөзі мұздай су құйғандай əсер етті.

«Егер алда-жалда Совет өкіметі құлай қалса»... Мəссаған!.. Бұл сөз сол кештен кейін-ақ журфак студенттері ортасында талқыға түсті. Көпшілік мырс-мырс күліп, бірауыздан: «Ақындар жынды ғой, жындылар не айтпайды, сандырақтай береді», – дегенге сайды. Түкпірімде «Дəуітəлінің сөзінің жаны бар ма?» деген ой жылт етіп, ұялап қалды. Кеңестік жүйенің құлар-құламасы туралы ойдың түбіне көзім жетпеді, құларына сенгем де жоқ, бірақ поэзияның қай бағытының өміршеңдігі туралы пікірі қисынды көрінді.

«...Егер алда-жалда Совет өкіметі құлай қалса»?!.

Келе-келе Дəуітəлінің ойының дұрыстығына көзім жетті. Бірақ, əттең, қаншама жылдан кейін... Сол кештен тұп-тура 12 жыл өткен соң Мəскеудің Əдебиет институтының қабырғасында профессор Куницынның кеңестік жүйенің іріп-шіри бастағаны туралы дəрістерін тыңдай жүріп, қырық елден келген курстас ақын-жазушыларға: «Біздің Дəуітəлі Стамбеков деген бір талантты ақынымыз солай деген», – деп айтқанымда отырғандар екіге жарылған: жартысы – «дұрыс», жартысы – «бұрыс» деп шықты. Біразы əзілге сайып тынды. Дегенмен, Дəуітəлінің сөзінің дұрыстығы дəлелденуі үшін тағы бір он шақты жыл керек еді. Сандырақ деп жүрген сөз соңыра сəуеге айналды. Ақын Дəуітəлі Стамбеков Кеңес өкіметінің құлағанын өз көзімен көріп, тəуелсіздіктің тоғыз жылын бастан кешіп, асқынған науқасына қарамастан «Жұмағым мен тамұғым» атты өлмейтін өлең кітабын жазып кетті. Ол өз денсаулығын құртқан сол жүйенің келешегіне 20 жыл бұрын күмəн келтірді. Бұл көріпкелдік емей немене?

Енді бүгін қараңыз – Маяковский бастап, бəріміз жапа-тармағай жырлаған сол қоғам əлдеқашан құлаған. Қираған жұртына тіпті қаулап шөп шығып кетті. Біз енді сол шөпті жырлап жүрміз.

Тынышбай Рахымов, Бейбіт Қойшыбай, Дәуітәлі Стамбеков

Шөліркеу

Жортып келеміз. Жортып келе жатқан сол баяғы Дəуітəлі екеуміз. Жортып келе жатқан себебіміз – Алматының көшесінен сыра іздеп жүрміз. Іздегенің қашан табыла қоюшы еді? Анда да жоқ, мұнда да жоқ. Желпілдеп қайда жетіп барсақ та, екпініміз тау жыққандай болып ентігіп қайда келсек те шіркіннің сырасы əлгінде ғана таусылған болып шығады. Түс ауғанмен қырық күн шілдедегі қала қайнап, ауа жанып, өртеніп тұр. Ыстық бізді қойып, шаһардың ішіне түсіп кеткен, асфальт тобарси балқып, қоңырси еріп жатыр. Жас баланың еңбегіндей, басқан сайын былқ-былқ етеді. Дем алсаң қолқаң күйердей қапырық, шөлдегеннен тіліміз аузымызға сыймай келеді.

– Дəуке, тұра тұршы, мынау автоматтан газды су ішіп алайын, – деймін шыдай алмай.

– Жоқ, болмайды, одан да мына құртты сор, – дейді ол шалбарының терең қалтасынан қоңырқай екі ежігей шығарып, біреуін сүйсіне жалап-жалап қойып.

– Əлі де əбден шөлдей түс. Адам əр нəрсеге еңбегін сіңіріп барып қолын жеткізуі керек. Оп-оңай кездесе кеткен сырада не дəм, не мəн болады? – дейді.

Дəуітəлінің сыра жөніндегі философиясы мығым. Қисынына тіс батпайды, ешбір дау айта алмайсың. Сөйтіп, мені дедектете ертіп келе жатып:

– Менің Сəулебек Жəмкенов досымның сыра жөнінде мынадай мақал-мəтелдері бар: «Сыраны сіміріп ішпе, сіңіріп іш», «Құстар жиналса – ұшайын дегені, достар жиналса – ішейін дегені», – деп күлдіріп қоятынын қайтерсің?..

Мен де қарап қалмай:

– Оспанхан ағамыздың: «Бір шөл бар. Шөл шөлмекпен жоғалмас па екен? Əй, осы бізді түбінде шөл алмас па екен?» дегенін де қосып қой, – деймін езуім күлуге жарамай келе жатып. Шын шөлдеген адамның аузы икемге келмей қалады екен.

Дәуітәлі Стамбеков

Бала мен жұмыртқа хикаясы

– Күн ұзақ. Үйге ерте жетіп барған қызық емес. Сендермен бірге отыра тұрайын, – деді. Ортамыз толып қалды. Бір кезде көрші үстелге Толмачев деген досымен Олжас Сүлейменов келіп қонжиды.

– Анау ағаңды танисың ба? – деді Дəуітəлі қасымызда біздің əңгімеде шаруасы жоқ, өзімен-өзі шиенің шиедей сөлін ішіп, қаннен-қаперсіз, монтиып отырған баласына.

– Ол – Олжас Сүлейменов аға! – деді ол бірден танып.

– Сен Олжас ағаңның қандай өлеңін жатқа білесің? – деп еді, ұлы да жанып тұр екен, бірден:

– Атың кім, айналайын? Кел, танысайық. Менің атым – Олжас, – деп гүрілдеп еді, бала:


– Менің атым – Расул! – деп тақ ете түсті. Олжекең өзі қатты сыйлайтын Ғамзатов сынды үлкен ақынның атын сəбидің аузынан естігенде (Расул деген Алланың да бір аты ғой!) селт етіп, басын жұлып алғандай болды. Мүмкін жай ғана елең еткен болар, маған бірақ солай көрінді.

Сол отырыстан тарқағанда Дəуітəлі мені əдеттегідей үйіне шақырды. «Қайдағы бір қуыстағы қуықтай пəтерде жападан-жалғыз өзің жатқанда не бітіресің, жүр біздің үйге, шүйіркелесіп, жантайып жатып, жеңгеңнің шайын бірге ішейік», – дейтін Дəукең жұмыстан шыққанда екі күннің бірінде. Өзі қала сыртында, жер түбіндегі Қарасу ауылында сыншы Кəдірбек Уəлиевтің коттеджінде тұрады. Барсаң қайту қиын. Қонып қалуға тура келеді. Сондықтан көбіне қашқалақтайтын едім. Ертеңгі күн демалыс болғасын осы жолы келісе кеттім. Көз байлана екеуміз Расулды екі қолынан жетелеп алып, көліктен көлік ауыстырып, ақыры 1-Алматы вокзалының түбінен Қарасудың автобусына отырдық. Күні бойғы сабылыстан ба, əлде бірер саптыаяқ сыраның салдары ма, қалжыраған екеуміз де қалғып кетіппіз. «Қарасуға келдіңіздер! Қарасу аялдамасы! Қарасу!» дегенді естіп оянып, орнынан жылжи бастаған көліктен секіріп-секіріп түсіп қалдық. Көшені басымызға көтере самбырлай сөйлесіп, салып ұрып Дəуітəлінің үйіне кірдік. Əншейінде жарқылдап қарсы алатын əйелі Фарида жеңгей бізге біртүрлі аңтарыла қарағандай болды. Бұрынғыдай емес, сəлемі де селқос көрінді. «Бұл қайдан жүр?» деп ойлап тұр ма деп, енді мен ыңғайсыздана бастадым. Көзімен үсті-басымызды түгел шолып шығып:


– Дəуітəлі-ау, бала қайда? Немене Расулды бақшадан алмағансың ба? – деді. Дəуітəлі маған, мен Дəуітəліге қуыстана қарап, состиып қалыппыз.


– Алғанмын, алғанмын. Жаңа ғана бала бар еді ғой? – деп Дəукең маған алақтап, шыр айналып, үсті-басын сипалай бастады.


– Не дейсіңдер?! Бала қайда?! Қайда кетті?! – деген жеңгейдің даусы ерсілеу шығып кетті.


«Бəсе, бала қайда?!.» Ұлды автобуста ұмытып кеткенімізді енді білдік. Дəуітəлі екеуі қатар отырған болатын.


Екеуміз үйден ытқып емес, атқып шықтық. Алыстағы аялдамаға бар күшімізбен жүгіріп келеміз. Құйындай ұштық. Реактивті самолет те бұлай зауламайтын шығар!


– Қалай ғана ұмытып кеттік? – деймін мен ырсылдап, ентігімді баса алмай...


– Əлгі автобус Николаевкадан қайтады. Соңғы аялдама сол. Қайтар жолда ұстап алу керек, – дейді Дəукең де екі иінінен зорға дем алып...


Түн ортасы. Соңғы автобустар қалаға, паркке қайтып жатыр. Автобус көрсек қол көтеріп, алдынан шығып, айғайлап тоқтатамыз. Аялдамаға тоқтай қалғанына секіріп мініп, ішін қараймыз. Бала үшті-күйлі жоқ! Көкке ұшып кеткендей зым- зия! Түн ортасынан ауа бастады. Үрейіміз ұшып кеткен. Түрімізден де адам шошитын болар. «Енді қайттік?!» деп, тыпырлап, күдеріміз үзіле бастағанда жарығы өлімсіреген бір автобус көрінді.

– Осы! Осы! – деп айғайлап жіберді Дəуітəлі сыртқы пошымынан тани кетіп. Салдырлап келіп тұра қалған көліктің ішіне секіріп кірсек – өзгеге өтірік, маған шын – Дəуітəлінің баласы бағанағы отырған орындығында пырылдап əлі ұйықтап жатыр! Ешкім орнынан қозғамаған! Ал автобустың ішінде шопырдан өзге жан жоқ, бәрі түсіп қалыпты. Бала дін-аман! Бізден бақытты адам болмады.


– Баламның табылғанын жуамыз! – деді Дəукең. Алақайлап, Берлиннен қайтқан солдаттай болып, дабырлап үйіне келдік. Фарида жеңгейдің қабағы бірден ашылды. Бұрынғыдай жадыраңқы, мамыражай күй қайта орнады. Енді баланың табылғанын жууға кірістік.


– Мама Фазыловна, – деді Дəукең өз балаларының мақамына салып, – бізге тамаққа дейін ішімізді майлау үшін екі шикі жұмыртқа əкеліп бере қойшы. Ішейік.


Дəуітəлі маған көзін қысып қойып, алдымызға келген шикі жұмыртқаның біреуін алып, маған көрсете отырып, екі сопақ жағын да инемен нығарлап, мұқият тесті. Тесіктің біріне ернін тақап, ішіндегі бүкіл уызын түк қалтырмай сорып алып, жұтып қойды. Сонсоң сол жұмыртқаны менің қолыма ұстатты. Сыртынан қарасам бүп-бүтін, кəдімгі жұмыртқа, бірақ іші бос қауақ! Лезде үрлеген шардай жеп-жеңіл болып қалыпты. Таңырқап қарай бердім. Кəдімгі болымсыз ине өткен болмашы, елеусіз тесіктен жұмыртқаның бүкіл ішіндегі ағы мен сарысын түк қалдырмай сорып алғанына бірден сене қалу да қиын еді.


«Ішіндегі сұйық су емес, қоп-қою нəрсе еді ғой? Бұл не сиқыр?» деп ойладым. Ол менің үнсіз сұрағымды көзімнен оқығандай, қуланып: «Физиканың заңдылығы!» – деп сұқ саусағын көкке шошайтты. Содан кейін екінші жұмыртқаны да дəл солай тесіп, ішіндегісін түгел маған сорғызды. Енді Дəукең: «Қарап тұр, қазір жеңгеңді қатырамын. Ол аңқау!» – деп маған сыбырлады да:


– Фарида, мына жұмыртқаның іші босап қалған сияқты ғой, бұзылып кеткен жоқ па, қарашы, – деді оған ұсынып. Жеңгей жұмыртқаны қолына ала салып, шайқап-шайқап жіберді. Ішінде уызы жоқ, жеп-жеңіл неме қайдан шайқала қойсын? Пышақпен аздап тесіп, шұқып, абайлап жарып көріп еді – іші бос болып шықты. Жеңгей таңырқап, өз көзіне өзі сенбей тұр. Ештеңеге түсінбей, айналдырып қарайды.


– Мұндайды бірінші көруім, – деді ол.


– Мə, онда мына екіншісін көрші, – деп Дəукеш басқасын ұстата қойды. Оны да шайқап көріп, қабығын жарғанда іші бос кеуек болып шықты. Жеңгеміз аң-таң, айран-асыр.


– Тауықтар да халтура туатын болған ба? – деді Дəуітəлі.


– Қайдан білейін, дүкеннен алдым ғой, мұндай да болады екен-ау, ə? – деп жеңгей таңдайын қағып жатыр.


– Мұның атын аборт дейді! – деді Дəукең. Екеуміз күлкіден шашалып, ішегіміз түйіліп, екі жаққа құладық.

Сөгіс

1977-1979 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде Дəуітəлі Стамбеков, Тынышбай Рахимов, Бейбіт Қойшыбаев, Сайлаубай Жұбатыров, Мəди Айымбетов, Серік Жанəбілов, Мереке Құлкенов, Гүлсім Мұқышева сияқты ақын-жазушылармен бірге қызмет істейтін едік. Біздің редакцияға Өтежаннан бастап көптеген қаламгерлер, түк жұмысы болмаса да, бас сұққанды тəуір көретін. Бастығымыз Фариза Оңғарсынованы қосқанда біздің ортамыз кішігірім Жазушылар одағы секілді əсер беретін.


Фариза апайдың мінезі қатал, тілі өткір. Айбынынан ығамыз. Телефонға «иə» деп жауап берсең де сөз естіп қаласың. «Алло» деп неге айтпайсың, өз үйіңде отырсың ба?» – деп түйреп тастайды. Алдынан есік аша қоймаған бір жігітімізге бола біздің бəрімізге: «Жігіттер, джентельмендіктерің жетіспейді екен!» – дегенде жерге кіріп кете жаздағанбыз. Бірде апай: «Іштеріңде кім-кімдер ішімдік ішеді?» – дегенде мойындамай, бəріміз бас шайқап, танып шыға келістік, тек қана Дəуітəлі: «Табылса неге ішпеске?» – деп ду күлдірген.


Апай кейбір отырыстарда бізге өлең оқытатын. Дəуітəлі небір тамаша өлеңдерін төгіп-төгіп жіберіп: «Шешін, қатын, Еркіндік те жалаңаш!» – деп жүзін құбылтып, көзін ойнақтатып, қолдарын көкке созып тұра қалып, жасанды əртістікпен аяқтайтын. Бала мінезі мен бүкіл ерке қылығы өзіне жарасып тұратын.


Оның үстіне Дəукеңнің бойына елде жоқ ғажап əншілік біткен. Ешкімде жоқ өте бір əдемі, мұңды бояуы бар аса биiк дауыс еді. Егер ол ақын болмағанда атақты əнші болар ма еді, кім білсін? Сол кезде аты жаңа шыға бастаған композитор Қыдырəлі Бақтыгереев екеуінің жас жұбайлар туралы əсем əні бар. Соны шырқайтын. Кейде ортаға шыға келіп, тамылжытып «Дудар-айға» басатын. Егер мейрамханада отырғанда əн сала қалса, «Орныңа орыс-қазақ таласып жүр» деген жолды: «орыс» деген жерінде көрші үстелде отырған бейтаныс орыстарға саусақ ұшымен сілтеме жасап, «қазақ» деген тұсында қазақтарды нұсқап қойып, шырқайтын еді. Əрине, жұртты күлдіру үшін.

Дəуітəлінің аузынан тастамайтын ақыны Қызыларайдан шыққан дара дарын Серік Ақсұңқарұлы болатын. Қашан болса да Серікті, оның өлеңдерін насихаттап, газет-журналдарға жариялатып жүргеніне куəмін. Ақсұңқарұлының «Клеопатра» дейтін поэмасы барын сол кезде-ақ Дəукеңнің аузынан естіп едім.


Бір жолы маған газеттің Жеңіс күніне арналған санын алдын ала дайындау тапсырылды. Бірақ мен 1-мамыр мерекесі қарсаңында елге кетіп, айналып қалып, жұмысқа бақандай үш күн кешігіп жеттім. Ол тұста балаларға арналған жаңа журнал ашылып, Фариза апай сонда ауысып кеткен еді, бас редактордың міндетін жауапты хатшы Бейсенбай Сүлейменов атқарып жүрген. Бірақ өзімізбен бірге екі күннің бірінде кешкілік преферанс ойнайтын мінезі жұмсақ Бейсенбайды өз қатарластары мен жасы үлкендер көп тыңдай бермейтін.


Мен жұмысқа шыққан күні Бейсенбай жиналыс өткізді. Күн тəртібінде – Дəуітəлі екеуміздің мəселеміз. Мəн-жай былай болыпты. Мерекеден соң бастық Бейсенбай Дəуітəліні шақырып алып:


– Анау Ұлықбек жолдан кешігіп жатыр. Сондықтан 9-мамырдың материалдарын дайындауды сен мойныңа ал, – деп маған берілген тапсырманы түгел соған жүктеген екен.


– Жақсы, – деп келісе кеткен Дəукең жеме-жемге келгенде бұл шаруаны ұмытып, ауылдан келген бір-екі курстасын қонақтатып кеткен көрінеді. Сөйтіп, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» дегендей, газеттің алдағы санына шығаратын материал табылмай, редакция түгел «күйіп, түтеп, жанып» жатқан үстіне түсіппін. Жұмыстан қалған кінəмді сезініп келген мен жиналыста тағылған айыпты бірден мойындадым. Ал Дəуітəлі болса:


– Бейсенбай, сенің есің дұрыс па? Анау Ұлықбек өз кінəсін мойындап отырған жоқ па? Менде нең бар? – деп дауласа кетті.


Қатал болуды көксеп жүрген Бейсенбай соған қарамастан:


– Стамбековке де сол тапсырма берілген болатын. Орындамады. Қайда қаңғып жүргенін білмеймін. Сондықтан тапсырманы орындамағаны үшін Есдəулетов пен Стамбеков екеуіне де бірдей қатаң сөгіс жарияланып, жеке карточкасына енгізілсін, – деген қаулы қабылдатып жіберді. Мен жұмыстан шығарылмағанымды місе тұтып, үндемей отырмын. Орнымда қалғаныма тіпті іштей мəзбін. Ал Дəуітəлі болса:


– Маған неге бостан-босқа сөгіс бересің?! Дұрыс емес! Ұлықбекке берсең бер. Маған берме! – деп бұрқан-талқан ашуланып шыға келді. Бейсенбай да қызынып:


– Стамбеков, сен дауласпа. Не десең де, саған қатаң сөгіс жарияланып қойды.Айыптысың! Естимісің? Саған қатаң сөгіс бердік! – деп қолын шошаңдатқанда, Дəуітəлі ашудан дірілдеп, орнынан ұшып тұрды:


– Берсең бере бер, бəрібір мен ол сөгісіңді алмаймын!


– Аласың!


– Алмаймын сөгісіңді!


– Аласың деген соң аласың! Алдырамын!


– Алмаймын дедім ғой, алмаймын!


Екеуі қызылкеңірдек болып қалды. Біз күлкіге тұншығып, сыртқа шыға жөнелдік.

Хатшының шкафы

1988 жыл. Жазушылар одағы басқармасына хатшы болып сайландым. Бірде кабинетіме Дəуітəлі кіріп келіп, құшақтай құттықтап:


– Мына орныңды жумайсың ба? – деп жымыңдады.


– Дəуке, қазір жиналысым бар, кешке таман болмаса... – дегеніме қояр емес.


– Сені пленумда сайлаған өзіміз. Сен мына біздің – жастардың жекеменшік секретарысың. Сондықтан біздің басымыз ауырып, балтырымыз сыздайтын болса ең алдымен сен жауап бересің. Мысал үшін, қазір менің басым болмай тұр. Оны түзеп беру – сенің басты міндетің, – деп әзіл-шыны аралас тақымдаған соң, қалтама қол салып:


– Дəуке, өзің барып біреулермен бас жаза қойшы, мен шыға алмаймын, жұмыстың аты - жұмыс... – деп, жетерлік пұлын беріп, əрең құтылдым. Бірақ «құтылдым» дегенім бекер екен, біраздан кейін Дəукем қызара бөртіп қайта жетіп келді.


– Бірге ішетін бір адам табылсашы. Бәрінің мұрнына су жетпей қалыпты. Мына жартыны жалғыз өзім еңсере алар түрім жоқ. Жүрмейді. Екеуміз көрейікші, – деп қойнынан аузы қағазбен тығындалған шөлмекті суырып алды.


– Ой, Дəуке, қазір менде жиналыс басталады, жұрт келе бастады. Маған болмайды! Болмайды! Жұмыс! – деп шыр ете түстім.


– Ə, онда жақсылап бір тартып алайын да кетейін, – деп, тілеуіңді бергір ағам түсініп, ыңғайға жығыла кетті. Тездетіп, су толы графиннің жанындағы стаканға мөлшерлеп құйып, төңкере бір тартты да қалтасынан домалақ құрт шығарып, таңдайына сап, тамсап аз тұрды. Сосын есік жақтағы киім ілетін шкафты ашып, əлгі орталанған шөлмекті апарып қойды.


– Бұл – сенің сыбағаң, – деді. – Ішкің келсе ішерсің.


– Жоқ, мен қойып жүрмін, алып кет! – деп азар-безер болдым.


– Ішпесең – ішпе, мен өзім келіп ішіп тұрамын. Осында қалсын, басқа біреулерге беріп қойып жүрме. Мына ыстықта арақ арқалап жүрем бе? – деп ол шыға жөнелді. Содан ол шөлмек естен шығып кетіпті.


Содан ол қайбір күні күтпеген жерден кіріп келіп:


– Орнында тұр ма? – деп сұрап, маған қарамай-ақ өзі ашып, өзі құйып, бір тартып жіберіп, тез шыға жөнелді. Шығып бара жатып, – Басқаларға берме,- деп тапсырып кетті.


Енді бірде бөлмеде ұйғыр əдебиеті секциясын жинап, бір мəселені талқылап отыр едік, есік ашылып, Дəуітəлі кіріп келді. Ішке кіріп, үн-түнсіз маған қарап, бас бармағы мен сұқ саусағын көлденең шошайтып, стаканның белгісін ишаралап көрсетті де, өз кеңірдегін шертіп қалып, шкафты ашып, теріс қарап күбіжіктеп тұрып, өзіне керек тірлігін тез-ақ атқарып, қайта сыртқа шыға жөнелді. Мен жұрт сезіп қалмасын деп, назар аудармаған болдым. Ол шыға жөнелгеннен кейін барып ұйғыр жазушысы драматург Шайым Шаваев акамыз байқап қалып, артына бұрылып, аңтарылып:


– Дəуіт мұнда не істеп жүр? – деп сұрады.


– Поэзия секциясының бір қағазына келген болар... – дедім мен. Ықыластары жиналыс жүргізіп отырған маған ауып, есікке теріс қарап отырған олар Дәукеңнің құпия "тірлігінен" бірдеңе сезді ме, жоқ па, маған әлі күнге дейін беймәлім...


Қайран, Дәуке!

«Әбілхаят» кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар