Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Үш қаламгер туған күн...

28.09.2024 409

Үш қаламгер туған күн 12+

Үш қаламгер туған күн - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінің жарқын тұлғалары Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің туған күніне орай А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтында ф.ғ.к., доцент Л. Ноғайбекқызының ұйымдастыруымен «Үш қаламгер туған күн» атты әдеби-сазды кеш өтті. Бұл кеш рухани байлықтың қайнар көзіндей әсер қалдырып, қатысушылар өткеннің терең қойнауына сапар шекті.

Шара барысында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері қазақ прозасының інжу-маржаны саналатын М. Әуезовтің «Абай жолы», Ш. Мұртазаның «Ай мен Айша», О. Бөкейдің «Жылымық» атты шығармаларынан сахналық көріністер қойып, сол шығармалардағы кейіпкерлердің терең тебіреністі монологтарын оқыды. Бұл шығармалар көркем әдебиетте терең із қалдырған, қазақ халқының өмірі мен рухани болмысын танытқан туындылар.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – қаламгерлердің өмір жолдарын бейнелейтін арнайы дайындалған видео-роликтердің көрсетілімі болды. Әр қаламгердің шығармашылық тағдыры мен өмірлік оқиғалары ерекше мәнерде баяндалып, олардың шығармаларына арқау болған өмірлік құбылыстар терең талданды. Сонымен қатар, шығармалар мен олардың түптұлғалары, шығармалардың жазылу тарихы және жазушылардың дара болмысы туралы қызықты деректер келтірілді. Жазушылардың сүйікті әндерінің орындалуы кешке ерекше нәзік әуен мен жүрекке жақын сезімдер сыйлады. 

Кеш соңында студенттер үшін арнайы викторина ұйымдастырылды, онда қаламгерлердің шығармалары бойынша сұрақтар қойылды. Викторинаның жеңімпаздарына Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің шығармалары сыйға тартылды.

Бұл кештің басты мақсаты – жастарды кітап оқуға қызықтыру, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындыларымен жақынырақ таныстыру, жазушылардың рухани әлеміне үңілу еді. Шараның маңыздылығы ерекше, өйткені мұндай рухани кештер жастарға тек қана әдеби білім беріп қана қоймай, оларды ойлануға, шабыттануға және өз мәдениетінің тереңдігін сезінуге жетелейді. Әдебиеттің құдіретін сезінген біздер рухани байлыққа шомып, кештен серпіліп қайттық.

 

Дариға Сакупова

А.Құсайынов атындағы 

Еуразия гуманитарлық 

институтының студенті

Астана қаласы

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар