Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Үш тағаны берік ақын...

25.04.2025 1253

Үш тағаны берік ақын

Үш тағаны берік ақын - adebiportal.kz

Кеше ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің доценті Оңайгүл Тұржанның жетпіс жасқа толу құрметіне орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде халықаралық конференция өтті. Университет ректоры Ерлан Сыдықов Оңайгүл апайға «Күлтегін» медалін, академик Бауыржан Омарұлы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Алғыс хатын және президенттік «Алтын барыс» төсбелгісін табыстады. Сондай-ақ Бауыржан Омарұлы танымдық және мазмұндық жағынан ерекше баяндама жасады. Бауыржан Омарұлының: «Шығармашылықтың жолына түскелі үш саланың тізгінін тең ұстады. Поэзия, ғылым және публицистика. Поэзиясы парасатты. Ғылымы ғибратты. Публицистикасы пәрменді. Яғни, өлеңі өрелі, зерттеуі зерделі, мақаласы маңызды. Демек, оның шығармашылығын шыңдайтын бұл үштағаны да берік», – деген бағасы артық-кемі жоқ баға. 

Одан бөлек алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісмақова, журналист-жазушы Шархан Қазығұл, PhD доктор Алма Сайлауқызы, профессор Нағбду Қамарова, Түркиядан аудармашы Ашур Өздемир, Испаниядан Клеопатра Филипс де Хорхе, т.б. азаматтар мерейтой иесіне арнап келісті сөз арнады. 

«Серікбол Қондыбайдың арғықазақ мифологиясын таныту» атты баяндамасында алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісмақова: «бұл кітаптың негізгі ерекшелігі – ғылыми негізді кітап болғандығында. Қазақ нені киелі санады, қазақ қандай ұлт, осының бәрін ашатын еңбек жазған Серікбол Қондыбайды таныту жолында, Серікбол Қондыбай не істеді дегенді айту үшін Оңайгүл ақындық түйсігі арқылы  еңбектенген» деп тілектестігін білдірді.   

«Оңайгүл поэзиясын абстракцияға жатқызуымыздың басты сыры адамның түсіне кірмейтін, өңіңде есіңнен тандыратын, ешкім бұған дейін қолданбаған эксклюзивті метафора мен теңеулердің адам баласын терең ойларға тарта жөнелетіндігінде жатыр. Ақынның таңдай қақтырар тіл оралымы, инстинкті оятатын ізгі иіндері мен иірімдері, поэзиядағы парасатты пәрмені мен Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы оқшау сөз қолданысы тосыннан айтылған ой сияқты санаңды жаулап алады», – деген Шархан Қазығұлдың ақын поэзиясындағы троп туралы айтқаны келесі тұжырымдарға жол ашып үйлесім тауып жатты.

«Шамасы адамның туған жері кішкентай кезінен көкейінде көркем сурет күйінде сақталып қалатын болу керек. Өлең жазған кезде соның бәрі өзіңнің негізгі ұстанымың сияқты әсер етеді. Сосын өлеңнің бәрі соның фонында жазылатын сияқты» дей келіп: 

Маңғыстау, көркіңе көз тоймағандай,

Құмдар әлі көшуін қоймаған ба, әй?

Тауларың бөлшек-бөлшек. Осы жерде,

Тас ғасыр тау лақтырып ойнағандай, 

– деп өлеңінен үзінді оқыған ақынның тойы туған жерінде жалғасатынын Маңғыстаудан келген басшы  інілері қуанышпен хабарлады. Айтпақшы, өз туған жерінен шыққан ақындарының өлеңін жатқа оқитын, шығармашылығын терең білетін әкім-қараларды көп көре бермейміз ғой, елден келген азаматтың өлең-сөзге құрметін көріп, бұл да өнеге екен дедік. 

 

Оңайгүл Тұржанның өлеңдері – дәстүр мен заманауилықтың тоғысында тұрған, образдық өрнегі айрықша өлеңдер. Өзімізге «Нарын құм» деген өлеңі ұнайды. Біздің даланың құмын жай құм емес, дүниетанымдық код ретінде танытатын өлең. Нарын құмы жақын болғаннан ба, әлде онтологиялық философиясы үшін бе... 

Ең соңғы жолдары қандай! 

«Ауыр денемен жеп-жеңіл көшіп жүретін,

Түсінбейді ешкім бұл құмның философиясын».

Шын ғой,  құм дегеніңіз бір қарасаң  ауыр, бірақ сапырсаң жеңіл. Өмірде де солай, сыртынан қарапайым көрінгеннің ішінде бір тереңдік болуы мүмкін. Біз ылғи да сыртқы формаға қараймыз. Ішкі мәнге үңілуге құлық болмайды. Ақын құмға үңіле алған. 

 

Нарын құм бұрқырап,

Дүниенi үптердей,

Өзiн өзi жүн етiп түткендей.

Кейде құйын боп түрегеледi,

Махамбеттен бiр хабар күткендей.

Тарамыс бұталарының,

Саусақтары сақ-сақ күлгендей.

Сол күлкiсiмен жiгерсiздiктi бүргендей.

Осы құмды бiр-бiрiне қосып, көбейтiп,

Кейде желге ұшырып, азайтып,

Дала есеп шығарып жүргендей.

Дала ненi есептейдi?

Оны ешкiмге айтқан емес.

Ал құмдары

айтқанынан қайтқан емес.

Көшем десе, көшедi,

Таудай боп өсем десе, өседi.

Жарты әлемдi ап жатам десе, жатады.

Кейде таулардан зор,

Бұл құмдардың атағы.

Құм арқалаған ана қыр,

Қазаққа пана-дүр.

Бабаның батихасымен,

Құмдардың математикасымен,

Өрiлген дала бұл.

Мәрттiктiң ұясы,

Аптапқа да кеппей жатқан

қанды жорықтың сиясы.

Бұл дала – қуаныш пен қайғының

Географиясы.

Тарихымның қапиясын,

Көзiмен көрген от-ұясын.

Ауыр денемен жеп-жеңiл көшiп жүретiн,

Түсiнбейдi ешкiм

бұл құмның философиясын.

 

Пай-пай! 

Байқасақ, құм бұл жерде тек жағрапиялық кеңістік емес, осы ұлт сезінген күйзелісті де, ішкі бұлқынысты да, тағдыр тәлкегін де бойына сіңірген образ. Керек болса, өзін өзі түтіп, өзін өзі азапқа салып, қайта туып отырған ұлттың рухани тазара білуінің бейнесі. Бұл  – экзистенциалды мазмұн: адам да, ұлт та қиындық, азап арқылы өседі, сынақтан кейін қайта жаңғырады. Құм және тарихи естеліктің тасымалдаушысы. Былайша айтқанда бәрін ішіне сақтайтын флеш-карт десе болады. Бір күні есіңе түсіп ашып қарағаныңша бәрін жадында ұстап жата береді. Және құмның әр түйірі тарихтың батырлықтың, қасіреттің, үнсіз төзімнің куәсі. Ақын құмды тарихи жадымен тірілтеді.

«Махамбеттен бір хабар  күткендей…» дейді. Махамбет жайлы еңбек жазған Оңайгүл апай үшін Махамбет – осы даланың рухы. Ия, ия, құм деген қазақтың өзі ғой, “көшем десе көшеді”.

 «Дала есеп шығарып жүргендей…» дейді. Қалай айтқан осыны! Құмның қозғалысы бар, ол анық, ақын оны сана мен парасатқа айналдырып отыр. 

***

Ақынның тағы бір өлеңі бар еді. Онда: «Мына желмая-заманда…», – дейді апай. 

Маңғыстаудың қызы заманды желмаяға теңейді. Осылай қазіргі уақытты көне миф пен аңыз кеңістігімен салыстырады. Ал негізі «Желмая» – Асан қайғының үміт пен ізденіс символы екенін білеміз ғой. Ал бұл метафорада замана – желден жүйрік, судан тұрақсыз, сонымен бірге үміт артылған сапар.

Мына желмая-заманда,

Стереотиптердің бәтеңкесі

тарлық етер деп қадамға,

Тікен кірмес деп біздегі түйе-табанға... 

«Стереотиптердің бәтеңкесі тарлық етер деп қадамға…». Шын ғой, бүгінгі қоғамдағы қалыптасқан көзқарастар мен тар ойлар – адамның еркін қозғалуына, жаңаша ойлауына кедергі. Ақын бұл тұста рухани кеңістіктің тарлығына назар аударады. «Кешір, Ұлылық!»  – жүректі біртүрлі шым еткізіп қозғайтын жол. Бұл – бүгінгі адам баласының әлсіздігін, ұлы дәуірлерден қалып қойғаныңды мойындау.

«Үнемшілдікті қасқырлардан үйрендік».

Бұл – бүгінгі ұрпақтың тіршілік философиясы.

«Келесі дәуір жылнамаларын құрар – біз».

«Күлерміз-дағы, жылармыз…»

Жазмыш пен жауапкершілік арасындағы адами тартыс – бұл поэтикалық сарынды ерекше етеді. Бұдан ақынның ерекше ойлау жүйесін, уақытпен үндесуін және ұлт рухының метафизикалық биіктігін поэтикалық тілмен жеткізе алғанын көреміз.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар