Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Туған жерінен күштеп көшірілгендер трагедиясы жайл...

25.04.2025 1011

Туған жерінен күштеп көшірілгендер трагедиясы жайлы кітап

Туған жерінен күштеп көшірілгендер трагедиясы жайлы кітап - adebiportal.kz

Бүгін «Astana Eurasian Book Fair – 2025» атты VIII Халықаралық кітап көрмесі-жәрмеңкесінде тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бақтылы Боранбаеваның «Капустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Еңбек «Фолиант» баспасынан жарық көріп отыр. Жиынға ғалымдар, өлке тарихына қызығатын жұртшылық келіп, біраз жайға қанық болды. 

Модераторлық еткен ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғиззатов «әскери адамдар бір түнде көшіріп әкетті деп әжем айтып отыратын еді» деген естелігін айта отырып, осыған дейін өзге ұлттардың біздің елге депортациясы жайында біліп келген болсақ, ғалым Бақтылы Боранбаеваның «Капустин Яр» полигоны мен ішкі депортация тақырыбына арналған бұл еңбегі – Қазақстан тарихының аз зерттелген, бірақ маңызды парақтарын ашатын құнды зерттеу екенін, ғалым бұл еңбекте Капустин Яр әскери сынақ полигонының салдарынан  Орда ауданы халқының мәжбүрлі түрде көшірілуі мен оның салдарын зерттеп, мұрағаттық деректер арқылы жан-жақты сипаттайтынын айтты.

Ғалым Бақтылы Боранбаева зерттеу еңбегінде Қазақстан мен Ресейдің мұрағаттарынан алынған ресми құжаттар мен сол кезеңнің куәгерлерінің естеліктеріне сүйене отырып, Орда өңірінен оңтүстікке көшіру процесі дұрыс ұйымдастырылмағандықтан, медициналық және әлеуметтік қолдау жеткіліксіз болғандықтан көптеген адамдардың жолда және жаңа қонысқа бейімделу кезінде қаза болғанын, осы ішкі депортацияның халыққа тигізген зардабын көрсетеді.

Автор Бақтылы Боранбаева кітапқа былайша қысқаша шолу жасап өтті:

–  Жалпы депортация кешегі кеңестік заманда жабық тақырып болды. Еліміздің тәуелсіздігі арқасында ғана ұлттық тарихты жаңа көзқараста пайымдап жазуға отандық тарихшыларға мүмкіндік берілді. 2020 жылы 24 қарашадағы президент  Қ. Тоқаевтың «саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы жарлығы бұған кең мүмкіндік берді. 2022 жылы шыққан бірінші кітабымыздан осы екінші кітаптың ерекшелігі –  Түркістан облыстық мемлекеттік, Жетісай аудандық мемлекеттік архивінен алынған құжаттар, 1952 жылы Жетісай аймағына көшіп барған ордалықтардың қиындық көріп, сәбилері жаппай шетінегенін дәлелдейтін құжаттар енгізілді. Үлкен алаңда төбе-төбе төбешік болып жатқан сәбилер зиратын көру өзіме ауыр болды. Өте көп аумақты алып жатқан балалар зиратында бір шұңқырда төртеу, бір шұңқырда бесеу жатыр. Өзіміз сөйлескен куәгерлер: «Айналайын, мен көп қиындықты да, аштықты да көрдім, бірақ, осы елден көшірілгендегі он жеті күндік ыстық әлі күнге менің санамнан кетпейді. Барған соң екі баламнан айрылдым. Бір үйден он бес баланың екеуі қалды, тоғыз баланың біреуі қалды, бір күнде төрт баласын жерлегендерді көрдік» деп айтқан еді. Бұны Қайрат Жұмағалиев ағамыздың естелігінен де білесіздер. Түркістан облыстық архивіндегі құжаттық деректерге қарағанда,  1952 жылы ордалықтардың өлімінен кейін бұл хабар орталық комитеттің бас хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың құлағына тиген, «сол көшіп келген елдімекен, колхоздардағы халықтың жағдайын біліп, маған анықтама беріңдер» деп, мемлекеттік комиссия он жеті колхозды аралап, жоғарыға анықтама жазған екен, сол анықтамада: «Мына жерде 18 мың адам өмір сүріп жатыр, төрт жарым-бес мың адам Батыс Қазақстаннан көшіп келген, олардың мың жарымы жертөледе өмір сүріп жатыр, қалғандары бір отбасында бірнеше отбасы болып тұрады, монша, жол жоқ, жол болмағасын азық-түлік жеткізілмейді, әйелдер үйде босанып жатыр, 38 бала қызылшадан, іш сүзегінен өлді», –  деп жазған. Және сонымен бірге «Батыс Қазақстанның Сарыөзен, Ленин колхозынан келген адамдар қатты қиналып отыр, олар тапқан табысын Жаңақала ауданына төлеп отыр, себебі Жаңақаладан көшіп келген колхозшылар сол жаққа қарыз екен»,  – депті.

Шәкәрім атындағы университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Мұхтарбек Қарпықұлы,  тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралина, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің  оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Жасқайыр Қарағойшин, Шафхат Өтемісов және т.б. азаматтар сөз алып, еңбектің маңызы турасында жылы лебіздерін білдірді.

 Ия, бұл шынымен де жүрекке ауыр тиетін тақырып. «Капустин Яр» әскери полигонының салдарынан туған жерінен күштеп көшірілген қазақтардың басынан өткергені – отарлық саясаттың бір көрінісі ғана емес, ұлттың жерге, ата мекенге, ұрпаққа, рухани байланысқа деген құқығының бұзылуы. Сол кездегі ресми саясат бұл мәжбүрлі көшіруді әскери қауіпсіздікпен, стратегиялық мақсатпен ақтап алуға тырысты. Алайда көшкен жұрт үшін бұл – туған жерінен айырылу,  қоныс аударған жерді жерсінбеу, мал-жаннан айрылу, бала-шағаның өлімі, рухани күйзеліс болды. Бірақ бұл адамдардың құқығы туралы ешкім сөз еткен жоқ. Олардың шағымын тыңдайтын мекеме де, жаны ашитын билік өкілі де болмады. Сол үнсіздікте Қайрат Жүмағалиев сияқты санаулы адамдар ғана өз естеліктері арқылы бұл зарды ұрпаққа жеткізді. Бұл –  өте маңызды моральдық ерлік. 

Жас ұрпақ бұл тарихты әділеттілік үшін білуі керек. Өйткені ақиқат айтылмаса – әділет орнамайды. Өткеннің жарасын мойындау – қоғамның рухани сауығуының шарты. Өткен ұрпақтың қандай зұлматты көргенін, неден өткенін білуі – бүгінгі ұрпақтың жерге деген көзқарасын, ұлттық бірегейлікті терең түсінуіне жол ашады. Үндемей өткерген зұлматтар бір уақыттарда қайталануы мүмкін. Сондықтан бұл — ескерту. Зорлық-зомбылықты, адам құқығын таптауды ұлттың санасынан өшіруге болмайды.

         Шындап келгенде сол полигонның кесірінен туған жерден қуылған, баласынан айырылған аналардың көз жасы – бүгінгі азаттықтың үнсіз қойылған іргетасы да. Жас ұрпақ сол іргетасты ұмытса, ертең елдігін де жоғалтуы мүмкін. Егер біз осы тарихты тек архивте сақтап, естеліктерде қалдырсақ, ол біртіндеп көмескіленіп кетуі мүмкін. Ал бұл жайлы мектеп оқулықтарында, деректі фильмдерде, көркем шығармалар мен пьесаларда, естелік экспозициялар мен музей жобаларында айтылмаса, онда ол келешекке жетпейді. «Капустин Яр» — бұл жағрапиялық немесе жай полигон атауы емес. Бұл – халықтың зары, өз құқығынан айырылу трагедиясы. Осы тұрғыдан келгенде Бақтылы Боранбаеваның бұл еңбегін құнды еңбек деуге болады. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар