Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 5...

02.04.2019 5167

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 5

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 5 - adebiportal.kz

V

“Азат ету” бірден басталып кетті және “еңбекші бұқараның” өздерін кімнен және неден азат етуге шешім қабылданғанын, сондай-ақ өздерінің бұл бостандыққа қаншалықты мұқтаж екендіктерін түсіне қойғандары екіталай болғанына қарамастан, тоқтаусыз күш жинап, ілгері жылжыды.

...Ал жергілікті газеттер қалай әзілдеуге болатынын әлі толық жаттап үлгермеген еді, сондықтан олар “Бұзақылық жарасы күйдірілуі тиіс” немесе “Көбірек қаталдық, азырақ қайырымдылық” түріндегі қабағы қатқан тақырыптармен қатар, аты-жөні көрсетілмеген бастықтарды әшкерелейтін төмендегідей бағандарға өз бетінен орын ұсынуға жол берді:

“ЖҰМЫСШЫ ӨМІРІ

Аттың хаты

...Күндіз де, түнде де жоқ тыным

Әрі де, бері де қуады...

Ал айтшы, мұндайды кім көрген?

Жоқ па әлде бейнеттің сұрауы?!

...Қожаңдап бағады көшір де,

Маңдайға жазғандай бұл бір күй:

Түнім де азаппен өтуде,

Ал артық жұмыс па? Ни-ни-ни.

Жазамын сондықтан газетке

Ол үшін және өзім үшін де.

Жолдаймын атсәлем.

Кінә етпе, Иго-го-го.

Ат тілінен газет тіліне аударған НИКОЛА”. Қызылорданың мемлекеттік театрында А.В.Луначарскийдің жаңа “У” (“Яд”) пьесасынан кейін, іле-шала цыган хорының қатысуымен В.Е.Черноблердің қойылымында Н.Лернердің тарихи пьесасы “Орыс әйел билеушісі” (“Правительница руси”) жүрді.

Оқырмандардың қуанышына орай, ауыл-селолық жұмысшы тілшілердің қатары көбейді және енді №14-партиялық тілшілермен бірге Шплинт, Молот, Янус, Нетрэль, Красный, №1093, Зуда, Паровоз, Днестровский, Трактор және Хмурый хабар-ошар жазып тұрды. Бірінші бағандар “Қазақ әйелі әлі күң” деген тақырыппен шықты және барлық азаматтарды “Қалыңмалды жою күнін” өткізудің дайындығына шақырды. Сонымен бір қатарда Шығыстың құлдықтағы әйелдерінің Дубкова есімді күңдіктен азат серігі газетке арнап, сол күннің көкейкесті күлдіргі өлеңін (частушка) шығарды:

“Құдайды пешке лақтырып,

Кітапқа төндім, міне, енді.

Мектепке дедек қақтырып,

Жігітімді жібердім.

Клуб – қоңыз ол тұрған

От шаша бір жарқырар.

Қорықпаймын попыңнан

Шайтанменен қорқытар.

Барып оқу үйіне,

Газет қарап отырдым.

Одан кулак туралы

Жаман хабар оқыдым.

Ей, кедей-шаруалар,

Үңіл кітап, қағазға.

Барлық кулак түседі

Кеңестік шаштаразға”.

Сол күндердегі “Советская степь” газетінің беттеріне үңілгенде, Қызылорда қаласы, тіпті бүкіл әлем қайнаған оқиғаға толы екенін көруге болады: “Ташкент” серіктестігінің орыс-азиаттық асханасы келушілерді “ащы ішімдіктермен” еліктірді; Жетісуға шегірткелер қауіп төндіруде; егде әйел Муссолиниді тұмсығынан ұрып, алтыатарындағы оқты алып тастады; Ленинградтық “Гигиена” бірлестігі “ең жақсы берік резинадан” жасалған бесінші өлшемді мүшеқаптарды жарнамалады; шариғат тұтқыны 8 наурызға “Паранжыны комсомол қыздың қызыл орамал шыты ауыстырсын!” деген ұран көтеріп келді және Қазақстан астанасы тұрғындарының бірі өзінің “Көктемгі өксік” деп аталған хабарламасында “...көше кезген иттер көрсетілмеген орындарда өліп жатыр. Олардың денелері көрінген жерде жиналмай шашылып қалуда” дегенді баяндай отырып, “Үндемей қала алмаймын!” деп, ашумен толстойша айқай салды. (Арада тағы бір алты-жеті жыл өткен кезде, жаңа астана Алматыны қоса алғандағы басқа да қалалардың көшелеріндегі секілді Қызылорданың да дәл сол көшелерінде, бақытсыздыққа қарай, “көрсетілмеген орындарда” өлген адам мәйіттері шашылып жататын болады, бірақ бұл туралы газеттен бір жол да табылмайды, бәлкім, мұндай хабарламаны ешкім жазбаған да шығар және олар бұл арқылы өзі үшін “Үндемей қала аламын” деп, толстойша емес жаңалық ашқан болуы да мүмкін.)

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 4

Бұл екі арада өсек-жаланың көзге әрең шалынатын ұсақ шаңының жеңіл бұлты ауылға қарай жақындап келе жатты...

1926 жылдың 20 қаңтарында республикалық газеттер “Отырықтанушы қазақ шаруашылықтарына көмек” деген бас мақала басты. Қазақтарды дерліктей барлық өзен жағалауларындағы шұрайлы шабындықтарынан, таңдаулы қыстаулары мен жайлауларынан айырған даланы отарлау саясатын мансұқтай отырып, автор жуықта ғана болып өткен партия конференциясының қорытындысын қайталайды: қазақтың мал шаруашылығы апатты жағдайда, бұл дағдарыстан шығу мүмкін емес. Бұған қарағанда, көшпенділерге олардан алынып қойылған жерлерін қайтарып беріп, сол арқылы мал шаруашылығындағы (кейіннен тез қалпына келтірілген Столыпин реформасындағыға қарағанда әскери коммунизм мен Азамат соғысы кезінде зардабы әлдеқайда ауыр болған) қиындықтарды түзету керек секілденеді, алайда басшылықтың пікірі бойынша, қауіп басқада: “Конференция отырықшыландыру үдерісін бөгелместен жедел бастауды ұсынады!”

Ғасырлар бойы көшіп жүрген адамдарға бір демде өмір салтын өзгертіп, отырықшылыққа көшу керек.

Қазақтарды егін шаруашылығына тарту үшін РСФСР Халком кеңесі көшпенді және жартылай көшпенді шаруашылықтарды бес жылға дейін бір реткі ауылшаруашылық салығынан босатты.

“Бұл заңдық акт туралы ертең бүкіл дала – әрбір қыстақ, әрбір көшіп жүрген ауыл білетін болады” деп айғайға басты газеттер.

“Қазақ халқы отырықшылық жағдайға көшуі тиіс және көшеді дегенді кім ойлап тапты және қандай негізге сүйеніп? – деп жазды Тұрар Рысқұлов 19 сәуірде сол газетте. – Дамудың бұл бағыты болмайды емес, бірақ ол алыс болашақта аяқталады, ал қазіргі табиғи жағдай мен дамудың мүмкіндігі басқаша сөйлейді. Малшылықтан (барша қазақ атаулы түгелімен малшылықпен шұғылданады деп ойлап) егіншілікке өту туралы жалпылама айту – бұл дегеніңіз қазіргі қазақтың жағдайын мүлде білмейтіндігін көрсету болып табылады”.

Филипп Исаевич Голощекинді мұндай көзқарас қанағаттандырмады – бұл оның түсінігінен тысқары жайт еді. Көп ұзамай ол “қыңырларға” қарсы ашық соғыс жариялады. Ол кезде Т.Рысқұлов Мәскеуде, РСФСР Халком кеңесі төрағасының орынбасары болып істейтіндіктен, ал екінші ірі қарсылас С.Қожанов “ұлтшыл-жікшіл” ретінде бұған дейін-ақ “талқандалғандықтан”, басты соққы шамамен осындай көзқарастағы адамға, Смағұл Сәдуақасовқа (С.Сәдуақасовтың фамилиясы бұл жерде және бұдан кейін сол кездегі жазылуымен емес, қазіргі жазылып жүргеніндей берілді. – ауд.) тиісті болды.

Қазақ өлкелік комитетінің 1926 жылғы қараша айының соңында өткен ІІІ пленумында Голощекин былай деді:

“Біздің, Сәдуақасов жолдаспен, атап айтқанда, Октябрь мәселесінде арамыз ажырайды. Мен біздің ауылға кіші Октябрь керек деп тұжырымдаймын, ал Сіз қандай да болсын Октябрьге қарсысыз. Сонда қалай, әлде біздің қазіргі кезде жүргізіп отырған жер реформамыз Октябрь емес пе?”

“Мен жер реформасына қарсы болдым ба?” – деп сөзге араласты С.Сәдуақасов. Голощекин бұған көңіл аударған жоқ, ол іс жүзінде біреуге жауап беруге әдеттенбеген және біреудің өзін ойынан жаңылдыруына жол бермейтін.

“Ауылдағы экономикалық жағдайды өзгерту керек, – деп тұжырды ол. – Біз мынадай көзқарастың жағындамыз: қазірдің өзінде бар, туып келе жатқан, даму үстіндегі таптық қарым-қатынастарды жоюдың қажеті жоқ, қайта байларға қарсы таптық күресте кедейлерге көмек көрсету керек, егер бұл азамат соғысы болса, біз соның жағындамыз”.

Басқа – басқа, ал азамат соғысы Голощекинге ұнады, бұған күмәнданбауға болады. Онда сөз жарысын өрістетудің қажеті жоқ болды, онда бәрін “жолдас маузер” шешті. Филипп Исаевич кеңес тарихшыларының көз алдында ірі әскери қызметкер ретінде қалды. Және шынымен де оның еңбегі бар: Екатеринбургте ол “жұмысшылар отрядтарын іріктеді” және оларды атаман Дутовтың ақ отрядтарына қарсы бағыттады, кейінірек партизан қозғалысына басшылық етті. Рас, Филипп Исаевичтің өзінің ұрыстарға тікелей қатысуына тура келген жоқ, ұйымдастыру жұмыстары өте көп болды. Осы олқылықты анық сезінгендей-ақ, ол 1920 жылы ОК-ге: “Мен өзіме жауапты қызмет ұсынылмауын, менің қатардағы қызыл әскер ретінде майданға баруыма мүмкіндік берілуін сұрадым” деп жазды.

Оның үстіне, азамат соғысы аяқталуға таяу қалған және 44 жастағы ұйымдастырушыға, амал нешік (қап, әттеген-ай!), мұндай мүмкіндік бермей, кезекті жауапты қызмет ұсынды. Осылайша ұрысқа қатысуға тура келмеді...

Сөйтіп, өлкелік комитеттің бірінші хатшысы қажет болған жағдайда байларға қарсы тап күресін азамат соғысына айналдыруға кетәрі болған жоқ. Пікірталасын шегіне жеткенше шиеленістіре отырып, ақыр аяғында, ол 1926 жылдың мамыр айындағы өлкелік комитеттің ІІ пленумында шаруалар­ мәселесіндегі “ұран азамат соғысы емес, азаматтық бейбітшілік болуы тиіс” деп айтқан және “мұнсыз біз өз шаруашылығымызды күйретеміз” деп ескерткен С.Сәдуақасовқа осылайша жауап берді.

* * *

Бесінші конференцияда-ақ Смағұл Сәдуақасовты, ағарту халкомын “ұлтшыл-жікшіл” деп айыптады. Ал бұдан кейін партиялық сынның соққылары, атап айтқанда, дәл осы қайраткердің төбесіне жаудырылды.

“Сәдуақасовшылдық” термині газет беттерінен бес жыл бойы түскен жоқ, тіпті одан кейін Сәдуақасов Қазақстаннан кетуге мәжбүр болып, Мәскеуде өлгенге дейін де оның есімін қаралау тоқтатылмады.

...Енді біздің тарихымыз кеңестік тарихшылардың өңін өзгерткен жалған боямаларынан арылып, барлық шындығымен және толық түрде алдымызда ашылған кезде мемлекеттің өзі тұтатып, өршіткен шаруаларға қарсы көп жылдық азамат соғысы әкелген қасірет-қайғылар айдай анық болып көзге көрінеді. Көптеген деректердің көрсеткеніндей, 1918-1921 жылдардағы әскери қимылдарға қарағанда, әскери коммунизм тәжірибесінің ауыл-селолардағы шаруашылықты талқандап, елде бұрын-соңды көз көрмеген аштық тудырған лаңы әлдеқайда асып түсті. 1918 жылдың маусымында Ресейде кедейлер комитеті (комбедтер) құрылып, соның сойылымен бай шаруалардан 50 миллион гектар жер, яғни сол кездегі ауыл шаруашылығына жарамды алқаптың шамамен үштен бір бөлігі тартып алынды.

Іс жүзінде сол кезде-ақ ең алғашқы лениндік ұжымдастыру уақытында (жиырмасыншы-отызыншы жылдар шегінде емес), “кулак шаруашылығы” деп аталатын материалдық негіз талқандалды және кулактық (байшылдық – ауд.) “жойылды”. Тұрақты әскери бөлімдер шаруалар көтерілістерін басып-жаншып, бар күшін салып шайқасты. Көтерілісші шаруалар қозғалысының кең өріс алғаны сонша, Тамбов губерниясында тұрғындардың үштен бірі дерліктей Антоновтың армиясына барып қосылып, жақсы қаруланған 18 полк құрады. Тухачевскийдің әскері қанды ұрыс жүргізе отырып, олардың қарсылығын үлкен қиындықпен басты.

“1922 жылғы Ресей – бұл 1972 жылғы Бангладеш”, – деп жазды 1975 жылы француз тарихшысы Ж.Элленштейн. 1921-1922 жылдары аштықтан 25 миллион адам күйзеліске ұшырады. Адамдар емен жаңғағын, шөп пен ағаш тамырларын, өлексені жеді, қатыгездік пен рақымсыздық, адамжегіштік жағдайлары да аз болған жоқ. Кеңестер елінің ақыл-есінен айырылған миллиондаған аш азаматтары жол жағалап, ел кезіп кетті. Әртүрлі деректер бойынша, елде аштықтан 5-тен 8 миллионға дейін адам өлген. Қайыршылық пен ашқұрсақтықтан сүзек және тырысқақ жұқпалы аурулары таралды. 1917 жылдан 1922 жылға дейін сүзекпен аурудың 22 миллион жағдайы тіркелген, 2 миллион адам өмірмен қоштасқан. Бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан ресейліктер саны 2,5 миллион адам болды, азамат соғысы жылдары 1 миллион, әртүрлі жұқпалы аурулардан 3 миллион адам өлген. 1918-1922 жылдары ел тұрғындары, жуық мәліметтер бойынша, 15 миллионнан артық адамға кеміді. Егер бұдан революциядан кейін Ресейден кетіп қалған 2 миллион адамды шығарып тастасақ, онда қалған 13 миллион адам аштықтың, аурудың және өздерінің бауырларынан (сонымен бірге, бәлкім, жүз мыңдаған “интернационалистердің” әлдебіреулерінен немесе өздеріне бағынышты елді жазалау үшін большевиктер пайдаланған бүкіл дүниежүзінің қашқан-пысқандары мен қағылған-соғылғандарынан) алған оқтың құрбандары болып шығады.

“Ұлтшыл-жікшіл” Смағұл Сәдуақасовтың 1925 жылы қазақ ауылындағы азаматтық бейбітшілікті жақтап сөйлегені соншалықты таңғаларлық па еді? Бәлкім, оған крестьяндық Ресейге әскери коммунизм саясаты азамат соғысымен бірге не бергені ап-айқын белгілі болған болар. Басқасын былай қойғанда, оның осы жылдары Түркістанда және республиканың солтүстігі мен батысында қырғынға ұшыраған миллионнан астам қазақтарды есінде жақсы сақтағаны сөзсіз... Бұл кезде Голощекин бейне бір революцияны түсінбеген және кедейлер комитеттерінің қайырымдылық істерін сезінбеген көшпенділер Қазан төңкерісі ауылды қамтыды деп айтуға ешқандай да құқықты емес деп тұжырымдады.

Смағұл Сәдуақасов қазақ ауылдары, негізінен, орташалар деп санады және кеңінен алғанда, бүкіл қазақ халқы туралы айта отырып, ең алдымен орташалар үшін алаңдады. (Оныкі дұрыс болып шықты: 1925 жылғы РСФСР Халком кеңесі арнаулы комиссиясының есептеуі бойынша, селолық жерлерде 64,7 пайыз орташалар, 24 пайыз кедейлер және 6,9 пайыз кулактар бары анықталды. Қазақстанға қатысты мәліметтердің бұл мәліметтерден көп алшақ бола қоюы екіталай.)

Бірақ, егер, шынында да С.Сәдуақасов байларды экспроприациядан (бір топтың жекеменшігінен, бұрынғы әлеуметтік артық­ шылығынан айырылуы.ауд.) қорғаған болса, онда тұрған не бар? Бұл мәселеге біз кейінірек көңіл аударамыз, ал әзірше сол кездің саяси тартыс-таластары туралы әңгімемізді жалғастырайық.

Голощекиннің Сәдуақасовпен пікірталасы қызған өлкелік комитеттің Үшінші пленумында, ауылдың негізі батырақтар мен кедейлер деп санаған баяндамашы – Қазақ халком кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақов шамамен Сәдуақасовтың пайымдауларындағыдай пікір айтты:

“Кейбір жолдастардың ойынша... ауылдағы жағдай өте ауыр немесе одан шығудың тек бір ғана жолы бар: ...байлар шаруашылығын экспроприациялау керек. Ал мен, жолдастар, басқаша ойлаймын: Қазақстанда Совет өкіметі орнағанына он жылдан асып отырған кезде, қолымызда пролетарлық мемлекеттің барлық басқару құралдары тұрғанда, біздің Октябрь революциясының алғашқы күндеріндегі өкімет билігі үшін күрес кезеңінде партиямыз қолдануға мәжбүр болған әдіс-тәсілдерге жүгінбей-ақ, ауыл байларына басқа жолдармен ықпал етуге жеткілікті күшіміз бар”.

Нұрмақов салық саясаты арқылы кооперацияны дамыту және басқа тәсілдерді қолданып байдың күшін әлсіретуді ұсынды, алайда қолдау таппады.

Семейлік делегат Мусин “байлар құрылысын талқандауды” ұсынды. Қайыпназаров Голощекиннің бұдан бір жыл бұрынғы ауылда Кеңес өкіметі жоқ деген ойын қайталады; Жандосов кешіктірместен дереу экспроприацияны бастауды талап етті. Әйтсе де бұл талап көптеген қарсылықтар тудырды. Мұндай асыра сілтеу шаралары “толықтай анархизмге” алып баруы мүмкін, онсыз да көптеген губернияларда “феодалдар” қалған жоқ десті.

“Жандосовтың “ауыл кедейлері байларды өлердей жек көреді” деген пікірі де дұрыс емес, – деді Тоғжанов. – Бұл олай емес. Егер жағдай осындай болған болса, онда бізге жергілікті жерлерде партиялық-советтік органдарды ұйымдастыру мұншалықты қиындық тудырмаған болар еді.

Ақыр аяғында, бізде, қазақ жолдастардың арасында, Октябрь революциясы ауылға келген жоқ, ауыл революцияға дейінгі күйінде қалды деген кеңінен таралған бір пікір бар. Бұл, меніңше, теориялық тұрғыдан да, практикалық жағынан да дұрыс емес”.

Голощекин пікір таластырушылар арасында орталық позицияны иеленді және тіпті Жандосовты солшылдығы үшін аздап қысып та алды: дей тұрғанмен, біз байға қарсы күрестен бас тартпаймыз және егер қажет болса, онда оны сотқа да береміз, тіпті мәжбүрлік туғанда қан төгуден де қорықпаймыз (әрине, байдың қанын). Жандосов болса, “ауылдарды революциямен аралап шығуды” ұсынады (осыдан аз уақыт бұрын ғана мұны Филипп Исаевичтің өзі ұсынып еді ғой), бірақ “революция оны бірнеше “р” арқылы айтумен ғана күшті болып кетпейді”.

Голощекин әлі асуы алынбаған кезеңдерден “секіріп” өтпеуді, керісінше, ең алдымен жағдайды өзгертетін “субъективті органды” жасау, яғни сенімді ауылдық бастауыш ұйымдарды, ячейкаларды құруды ұсынды.

Ауылдағы рулық байланыстың күштілігі сонша, оны бірден жойып жіберу қиынға соғатынын, алдағы уақыттағы нұсқауларды іске асыруда сүйеніш ететін ауыл коммунистерін тәрбиелеу керек екенін Голощекин жақсы түсінді. Өлкелік комитеттің Екінші пленумында-ақ ол ауыл коммунисі туралы осы “айғайлап тұрған мәселені” көтерген болатын:

“Мен мұнымен шұғылдандым... сонда менің алдымнан мейлінше сұрқай сурет ашылды. Ауыл коммунисі партияға өтерде нені басшылыққа алды? Бір бастауыш ұйымда... ондағы жолдастар партия мүшелігіне жазылғандардың бәріне мемлекет тұқым несиесімен көмектеседі... дегенді естігендерін айтты. Семей губерниясында ауылға келген комиссияның: “Партияға жазылғысы келетіндер бар ма?”– деген сұрағына бай біразырақ беретін секілді деп жауап берген”.

– Мүшелікке өтудің сипаты мен себептерінің өзі барынша күмәнді жағдайда, – деді Филипп Исаевич, – жарнаны ешкім төлемейді, коммунистер 90 пайызға сауатсыз. Құжаттардың тұтас қатары көрсетіп отырғанындай, таптық күресті түсінушілік жоқ және партия мүддесі түгелдей партиялық-рулық мүддеге бағынған, – деп қорытынды шығарды ол.

Жергілікті жерлердегі большевиктер туралы Үшінші пленумның делегаттары да осыған ұқсас бір нәрселерді айтты. Ауыл коммунисінен: “Айтыңызшы, Коминтерн деген не?” – деп сұраса, “Үлкен комиссар”, – деп жауап береді. Саясат деген не? – Қулық. ОАТКОМ, ХАЛКОМ деген не? Калинин кім? Мыңбаев ше? Білмейді. (Жалпы алғанда, дұрыс жауап берді; ал бүкілодақтық және жергілікті старостаның аты-жөніне келер болсақ, әлде соның бәрі есте сақтала бере ме!)

Ең басты мәселені түсінбестен бір-бірімен қызыл кеңірдек болып айтысқан шешендердің сөздерін Голощекин қалт жібермей тыңдады: қазақ ауылдарына құйын болып тию үшін бұл ауылды, ең алдымен, экономикалық және рухани жағынан жік-жікке ажыратып, бөлшектеу керек, онда тап күресін өршіту, яғни кедейлерді топтастырып, оларды ауқатты адамдарға қарсы қою қажет.

Осы кезде мәжіліс үстінде Голощекин сөз алды: “...Үшінші тоқталайын дегенім, әзірге ауылдағы негізгі әлеуметтік-экономикалық және басқа жағдайлар өзгермей тұрған кезде біз ауылдық бастауыш ұяларды құра алмаймыз деген Мусин жолдас қозғаған мәселе туралы. Сырттай қарағанда, бұл логикалық тұрғыдан қисынды ой секілді, бірақ дұрыс емес. Пролетариат диктатурасы жағдайында біз алдымен соларды өзгертетін... субъективті органды құрамыз. Біз Қазақстанда ауылды басқа арнаға түсіретін еңбекшілер кеңесін құрамыз, коммунистік партияны құрамыз...”

Осы бір айқын дәлелді айғаққа назар аударайық. Голощекин Қазақстанға қандай мақсатпен және нендей міндеттермен келгені туралы тағы да өз сөзі арқылы айқын түсінік береді. Ол революция жасау үшін келді. Оның сенімі бойынша, мұнда, орталықпен қатынас жолдары арқылы байланыспаған, сондықтан да басқарылуы соншама қиын болатын ұлан-байтақ аймаққа, Қазан төңкерісінің иісі де жетпеген. Елде тоғыз жылдан бері пролетариат диктатурасы әрекет етуде, ал мұнда, Голощекинше, пролетариат та, диктатура да жоқ. Бәрін басынан, нөлден бастау керек. Еңбекшілер кеңесін, коммунистік партияны құру қажет.

Ауылды кеңестендіру дегеніміз – шын мәнінде, Қазақстанды кеңестендіру. Сондықтан “қазақ кедейлерін ұйымдастырмай тұрып, біз өз жұмысымыздың барлық салалары бойынша ілгері жылжи алмаймыз”, – деді Голощекин Екінші пленумда.


Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар