Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Халық әндері – көкпардың көк лағы емес...

05.01.2017 10029

Халық әндері – көкпардың көк лағы емес

Халық әндері – көкпардың көк лағы емес - adebiportal.kz

 

Қазақ халқының бүгінгі күнге аман-есен жеткізген бірегей рухани қазынасы – ұшан теңіздей шалқыған ұлттық сазы ғой. Жүздеген, мыңдаған әндер мен күйлердің орындаушысы белгісізін «халықтық» дейміз, кейде ебін тауып анаған-мынаған теліп қоятынымыз да бар. «Өз ішіміздегі дүние ғой, жарайды, оны да қойшы!», - дейсің мұндайда. Алайда...

Алайда ата-бабадан жеткен сан ғасырлық рухани қазынамызды сақтау, иелі болдырып іске жарату бір басқа да, оны бояуымен тым қоюлатпай да, солғындатпай орындап, халық жадында жаңғырту екібасқа, аса жауапкершілікті дүние ғой. Бізге дейін сарыны, сөзі мен әуезі жымдасып, бұзылмай келген күйлер мен әндерді әркім өз білермендігімен ту-талақай бүлдіре берсе, ертеңгі ұрпаққа не қалдырамыз? Әсіресе, қазақтың халық әндері мен әнші ақындардың авторлық әндері кейінгі екі ғасыр жүзінде толассыз зардап шегіп келе жатқандығына ондаған, жүздеген мысалдарды келтіруімізге болады, қажет болса. Әрі біз сияқты арнайы муызкалық білімі жоқ, қарапайым тыңдарманның құлағына түрпідей тиіп отырса, шын жанашыр кәсіби мамандардың шыр-пыры қандай деңгейде болмақ дейміз де.

Толығымен ұрланған, жарым-жартылай жырымдалып жырланған жат әуенге өзіміздің төл сарынның иірімдерін араластырып, компьютерде бірер сәттік ғұмырлы музыкалық «туынды құрастырып» жүрген «сазгерліктің» соңы ақыры «мынау қазақтың төл әуені еді» дегенді ажырату мүмкін болмайтын заманға әкеле жатпаса не қылсын!

Жарайды, әннің иірімі мен мәтініне қайта оралайық. Жалпы қазақтың кез келген әнінде халқымыздың дүниетанымы, әдебі, салты, дәстүрі, өмір сүрген табиғаты, қуанышы мен қайғысы қатар өрілген тарихы жатыр. Оған авторлық әндегі сол туындының шығуына түрткі болған, шығармашыл тұлға бастан өткерген тағдыр күйін қосыңыз. Кейбір әншілеріміз: «Халық әні – халықтың әні ғой, онда тұрған не қиындық бар?», - деп дауысының әлеуетіне сеніп қана орындайтындай көрінеді, кейде. Ән барша қазаққа ортақ дегенімізбен, әр өңірдің өзіне тән ән айту дәстүрі, яғни ырғағы мен мақамы және бар.

Әуені мен мәтініні «вирусқа шалдыққан» халықтық, авторлық әндерді кез келген демей-ақ қояйық, үш әншінің бірінен табарыңыз анық. Енді нақты мысалға көшейік.

«Керім-ау айдай» - қапияда айрылған қос мұңлықтың қапалы тағдырынан сыр шертетін шерлі ән еді. Эстрадалық жанрдағы әншілеріміздің орындауында бұл бір ойнақы ән болды да шықты. Мұны да жарайды делік.

«Жылқы ішінде ала жүрдің» мәні мен мазмұнын ақын, елтанушы Ұларбек Нұрғалым жеріне жнткізе жақсы жазды. Ғаламтор бетінде тұрған дүниені қайталап жатпайық.

Әйгілі Бүркітбай батырдың Алтайдың төрт тарабына мәлім «Ой, Ғайша-ай», халықтық «Жетіарал жерім-ай» т.б. көптеген әндерді әр жерде сөзін өзгертіп, иірімдерін бұрып айтушылар осы ісімен сол әнді таңып берген тұлғасы мен өлкесінің жақсы атын шығарушы емес, ұрлап масқаралаушы екенін неге ескермейді екен деп таңданбасқа амал жоқ. Жоғарыда тілге тиек еткен «өз ішіміздегі «зәбірсіз» ұрлық» деген осы. Жә, мұны да қояйық. Шынына бір тоқтар. «Тектіні тезге, темір ноқтаны басқа салған» заманның теперішін көріп, солақай қамшысы тиген, сол жарақатынан айыға алмай жүрген әндер қаншама! Енді соларға мысал іздейік.

«Коммунистік тең құқылы қоғамда феодалдық салт-дәстүрдің құрбаны болып сорлаған қазақ қыздарының аянышты тағдырын шынайы көрсету, әйел теңдігін дәріптеу» дейтін сүргін науқанының құрбандығына шалынған әндердің бірі – Ақан серінің «Балқадишасы» еді.

Сол тұста тарихи тірі куәлардың барына қарамастан, әдейі «күйеуің сексен бесте шал Қадиша» деп бұрмаланып кеткен ән мәтініндегі жаңсақтықты өткен ғасырдың 80-жылдары композитор, жазушы Ілия Жақанов Зеренді-Сандықтау өңіріне арнайы барып, індете зерттеп, фактімен түзетіп, сол сапардан түйгендерін кітап етіп шығарған еді.

Бірақ, өкінішке қарай, композитордың бұл зерттеуін елеп-ескеріп, қаперіне ілушілердің қарасы тым аз сияқты. Қазіргі күні «Балқадишаны» орындаушы жеке әншілер мен топтардың пәруайсыз мәтіндерінен осылай қорытынды жасамасқа амал жоқ. Мысал үшін, ана бір ән клипінде өрімдей жас Балқадиша тілі жылтыңдаған қызыл иек кәрі шалдың жетегінде жылап барады. Қандай трагедия! Бірақ бұл бейнеклипті коммунистік кезеңде емес, тәуелсіздік еліміздегі танымал топтың бірі «Жігіттер» түсіріп, орындап жүр.

 

 

Бейнебаян өз алдына, «ғашығым», «жарығым», «жанарым» деп «еңірегенімен» қоймай, шумақтары мен қайырмасын автордың концепциясы мен мәтінінен мүлде алыстатып жәбірген. Қомақты қаржы төгіп жасаған соң, есті азаматтар неге ескермеді екен? Әнді осы жалған, арзан конфликтісіз де жарқыратып алып шығуға болатын еді дейміз де. Кейінгі көптеген орындаушылар, соның ішінде дәл көкшелік жастардың өзі дәл солардың ізімен дүмбілездетіп, қайран әнді қор қылып жүр. Мұны өнерге, тарихқа, ұлттық танымға жасалған қиянат, жауапсыздық дегеннен басқа ештеңе емес.

«Ғашықтық» демекші, қазіргі күні әбден мәні мен дәмі кеткен ұғымдардың қатарынан берік орын алған осы бір сөздің ұлттық танымнан тыс қолданысын 3 қаңтар күні телеарналардың бірінен берілген жұлдызды жұп Тоқтар мен Бейбіттің концертінен естідік. Бұған дейін тамаша әндерімен тамсандырған жұп пен өзге әншілердің орындауындағы туындыларды сүйсіне тыңдап отырған едік, Бейбіт қарындасымыздың халық әні «Сырғалы жеңгейді» орындауы көңілді нілдей бұзғаны.

Аулым көшіп барады Керме көлге

Алыс дейді Керме көл көрмегенге! -

деп басталғаннан-ақ секем алған едік. Себебі, бала кезден құлағымызға сіңістісі «Көлме көл» еді. Әрі «Көлме көлдің» әуезі басқа сияқты еді. «Жарайды, қойшы, халық әндерінің орныққан мәтіні болушы ма еді, тәйірі!», - деуге де болар еді. Алайда, қара әуездің мақамына салып айта беретін өлеңдер болмаса, әндердің әрқайсысының өзіне тән мәтіні бар екенін тағы белгілі. Соның бірі – осы «Сырғалы жеңгей» еді. Әннің жалпы мазмұны «ел мақтаған аяулы жеңеше, мынау аз күндік жалғанда жарқылдап, жайнап өмір сүрейік өнеріңді көрсет!», - дегенге саюшы емес пе еді? «Қарағайлы ендеше, қарағайлы», «теркіскейлі ендеше, теріскейлі» деп басталатын шумақтары ойнақы қайырмамен өрнектелетін тамаша ән.

Сырғалы жеңгей сыртыңнан,

Таныс едім былтырдан,

Тамашаңа таң қалып,

Талай адам ұмтылған

(екінші қайырмасында «көкірегімнен жыр туған»), -

Құйып қойған қымызың,

Сызып қойған сызуың,

Ұзын арқан кең тұсау,

Аман болсын ұл-қызың, -

деп келетін еді. Ал Бейбіт қарындасымыздың орындауындағы:

Сырғалы жеңгей сыртыңнан,

Ғашық едім былтырдан.

Тамашаңа таңғалам-ай,

Талай адам ұмтылған.

Құйып қойған қымызым,

Сызып қойған сызығым

Күннен күнге көрейік,

Балалардың қызығын, -

деген еш мағынасыз жолдарды мүлде қабылдай алмаймыз. Себебі, біреудің некелі жарына, оның ішінде жеңгесін жақсы көрсе көретін шығар, бірақ қай есі дұрыс қазақ «саған былтырдан бері ғашықпын» деп, аға алдында әдепсіздік көрсетуші еді. Мұндай менталитетке құдайға шүкір, әлі де жете қойған жоқпыз ғой. Сырғалы жеңгейдің тамаша сипатын, өнеріне сырттай таң өзгелер көруге құмар болып ұмтылғанын «таңғалам» деудің жөні бар ма?

 

 

9c99a465a6eab88043101e2eefb759cb.jpg

 

 

 

Бұл әнді мағынасына қарасаңыз негізі ер адам шығарғанын сезінген әнші болса «құйып қойған қымызым, сызып қойған сызығым» деп ешқашан айтпаса керек-ті.

Құйып қойған қымызың,

Сызып қойған сызуың, -

деу арқылы сымбатты сырғалы жеңгейдің әзірлеген асы бапты, қолы іске епті адам екенін танытып, мақтауын асырып отыр емес пе! «Сызу сызу» деп тұскиіз , тақия т.б. кестелеп тігетін матаның бетіне үлгі салуды айтушы еді.

Ал ұзын арқан, кең тұсау – нағыз тұспалды фраза. Бұл да сырғалы жеңгейді мінездеудің тамаша көрінісі. Яғни, орынсыз қызғаншақ емес, күйеуінің еркелігін көтеретін, бірақ шегін де білетін әйел екендігін «ұзын арқан, кең тұсау» арқылы аңдатып тұр. «Ұл-қызың аман болсын!» деген ізгі тілекпен аяқталатын, әуені мен сөзі сүттей ұйыған тәп-тәуір халық әнін былайша «іркіттей ірітуге» ешкімнің де қақысы жоқ болуы тиіс қой. Әуені дегеніміз – «ахоу» болмаса, «әй, угай-ай» мүлде келмейді.

Бір әнді осылай мысалға ала отырып, шұқшиғанымыз – әншілеріміз, әсіресе ел бетіне қараған танымал әншілеріміз халықтық немесе өткен ғасырлардағы авторлық әндерді репертуарына енгізерде мәтінімен, шығу тарихымен, өзіне дейінгі орындаушылармен мұқиятқа уақыты болмаса, аздап болса танысып алуы тиіс дегенді айтпағымыз еді. Кітапхана, фонотекаларға отырмай-ақ, көбіне мәліметті ғаламтор арқылы да табуға болады емес пе!

Ұзын сөзің қысқасы, «қазақтың халық әндері, өткен ғасырларда ұлтының рухани қазынасына олжа салған сал-серілердің төл туындыларын көкпардың көк лағындай жұлмалап, өзгертуге ешкімнің де қақысы жоқ, бұл аспандағы жұлдызға да, жердегі құндызға да халықтың атынан бірдей қойылатын талап!», - дегіміз келеді.

Тұманың бетін шөп-шалам басып, тұнығын лайланбауына бәріміз де жауаптымыз. Өйткені, ол ертеңгі ұрпақтың елдігі үшін керек.

Асылбек Байтанұлы

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар